30.11.2021
145
ҚЫЗЫЛАҒАШ ҚАСІРЕТІНЕН КЕЙІН ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР
Бөгеттерді саттық біз, суды саттық,
Ормандарды саттық біз, құмды саттық.
Жанармайдың бекеті, дүкендерге
Маңдайшаға ілер сөз – «Нұрды» саттық.
Бөгет енді біреудің еншісінде,
Меншіктенді жер, суды көрші сіңбе.
Үрерге иті, сығарға биті де жоқ
Тек қазақтың малшысы, кеншісінде.
Тықпалады қоғамға нарық құлдық,
Қанағаттың шекесін жарып тындық.
Тоспа суды сатам деп топастықпен,
Топансуға ауылды қарық қылдық.
Алла берген су елдің байлығы еді,
(Су сатқандар пиғылын әйгіледі.)
Тосын келген тоғышар апатынан,
Қан жұтуда қазақтың қайғылы елі.
Жас толтырып сұрайын жанарыма,
Қанағат бер, Тәңірім, саналыға.
Сатар ма екен осылай жүре берсек,
Ертең біздің үкімет ауаны да?!