30.11.2021
  166


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ЛАШЫҚ

Көңілі тоқ қауыммен ұласып кіл,
Бара жатыр қалықтап қыр асып нұр.
Қайғысын да, мұңын да ішке бүгіп,
Жар астында жарбиып лашық тұр.
Артын ашып әлсізге, қырын ашып,
Күлер қоғам, тереді тірі нәсіп.
Көзге шыққан сүйелдей күн кешеді
Жар астында жарбиған бір лашық.
Уақыт емес қоятын еркелетіп,
Жұртты жұртқа жүгіртер ентелетіп.
Қоғам жүгін көтерер бір азамат
Лашықтан шығады ертелетіп.
Сәби сорып емшектен ұмсынып нәр.
Таңға жуық қыңқылдар қырсығып сәл.
Қыбыр-қыбыр қимылдар басталады,
Лашықта да өзіндік тіршілік бар.
Қоғам өңін бермейді – жыла-сықта,
Күле аласың әзірше – күн ашықта.
Зәулім үй боп бір зауал келе жатыр.
Жар астында жарбиған лашыққа!





Пікір жазу