30.11.2021
138
ЕНДІ МАҒАН...
Анашымның мейірімі, қуанышы,
Әрқашан да тұрады жетпей маған.
Т.Молдағалиев
Десек те ұрпақ жалғап өмір өлмес,
Көңілім қуаныштың көбіне ермес.
Енді маған ешкім де ешқашан да,
«Садағаң кетейін» деп еміренбес.
Шаттықтың жапырағын тонап қайғы,
Санаға сән мен әнді жолатпайды.
Енді маған ешкім де ешқашан да,
«Түріңнен айналайын» деп айтпайды.
Жегі мұң жан жүйемді тұмшалайды,
Шыңымды қара желін бұлт орайды.
Көрпемді қымтап жауып таң алдында,
Енді ешкім маңдайымнан сипамайды.
Тұз-дәмімнің жүретін батасы боп,
Сынығыма жүретін оташы боп,
Құшағына мені ешкім алмайды енді,
«Құдайдың бере салған ботасы» деп.
Қуарды бір-ақ сәтте көңіл бағы,
Мені ешкім еркелетпес ендігәрі.
Бейішке бетін түзеп кете барды,
«Жар болсын жаратқан иең» деді дағы...