29.11.2021
  140


Карапетянның өмірлік қағидасы, міне, осындай

Шығыс Қазақстан облысында 1 мыңға жуық армян жер­гілікті ұлт өкілдерімен ын­тымақтастықта өмір сүріп жатыр. Мұнда оларға өздерінің ұлттық мәдениеті мен дәстүрін сақтауға қолайлы жағдай жасалған. Осы мақсатта бір Өскемен қаласының өзінде 3 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Қаладағы этно­ауылды аралап көрген адамдар армяндардың салт-дәстүрлерімен таныса алады. Сондай-ақ, «Возрождение» аталатын мектеп жұмыс істеп тұр. Аталған жексенбілік мектепте армян тілі мен мәдениеті оқытылады. Осыдан біраз жыл бұрын Өскемен қаласында ұлттар достығын насихаттауға арналған Достық үйі елімізде алғаш болып ашылған болатын. Достық үйінде қаладағы көптеген ұлт өкілдері бас қосып, ұлттар достығына үндейтін шараларды тұрақты түрде өткізіп отырады. Осы Достық үйінің қасынан армяндардың «Арарат» деп аталатын шығармашылық ұжымы жұмыс істейді. Еліміздегі армяндардың қоғамдық бірлестігі ең ал­ғаш 1991 жылы Алматыда құрыл­ған екен. Содан бері бұл ұйым қанатын кеңге жайып, қазіргі күндері еліміздің әрбір өңірінде қызмет етіп келеді. Бұл жағдай олардың өз тілдері мен дәстүрлерін сақтауға жағымды ықпал жасауда. Сондай белсенді бірлестіктердің бірі Шығыс Қазақстан облысында құрылған ұйым болып табылады. Осы ұйым аясында армяндар өздерінің ұлттық мерекелерін атап өтуді дәстүрге енгізген. Соның ішінде тұрақты түрде қолға алынып келе жатқан «Джангулюм» (гүл мейрамы), 7 сәуір күні атап өтілетін Ана мен сұлулық мерекесі, «Вартевар» және басқаларды айтуға болады. Армяндар, әсіресе, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шараларын, сондай-ақ, жер сілкінісі құрбандарын еске алу күнін (бұл еске алу Армениядағы Спитак қала­сында 7 желтоқсандағы қайғы­лы оқиғаға орайлас ұйым­дастырылады) құр жібермейді. Бізге осы жайдың бәрін Өс­ке­мен қаласындағы облыстық Достық үйінің қызметкері Армен Карапетян айтып берді. Армен Карапетян – облыста халық достығын насихаттайтын шараларға белсене қатысып келе жатқан жастардың бірі. Қазіргі күні ол «Ынтымақ – Содружество» жастардың қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде көптеген істерді ұйымдастыруға атсалысып жүр. Оның айтуынша, университет қабырғасында білім алып жүрген кезінде ол аталған бағыттағы шараларға қатысуға ықыласын  оятқан. Бұған елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы және оның қызметінің ел өңірлеріне кеңінен таралуы үлкен ықпал еткен. Арменнің өзі интер­на­цио­налдық отбасында дүниеге келген екен. Сондықтан ол өзі­нің туған тілімен қатар, орыс және қазақ тілдерін жетік мең­герген. Бұл жағдай оның рухани тұрғыдан жетілуіне, кең көзқарастағы азамат болып қалыптасуына мүмкіндік берген. – Облысымызда Қазақстан халқы Ассамблеясының қыз­метіне және жастар өміріне қатысты шаралар өтсе, мен оларды құр жібермеуге тырысамын. Мен үш тілді де жақсы білгендіктен, маған көбінесе сол шараларда жүргізуші болу міндеті жүктеледі. Бұл міндетті атқару менің өзіме де ұнайды, – дейді ол. Армен Карапетян бізге өзі белсенді түрде қатысатын осындай шаралар туралы көптеген әңгімелер айтып берді. Соның біріне тоқтала кеткенді жөн көрдік. Өткен жылдың соңында Өскемен қаласында Тұңғыш Президент күніне арналып, мемлекеттік тілді жақсы білетін әр ұлт өкілдері жастарының облыстық форумы өткізіледі. Оған облыста ынтымақты өмір сүріп жатқан көптеген ұлт өкілдері қатысады. Соның бірі – Армен Карапетян. – Біз бұл форумнан көп ой түйіп, рухани тұрғыдан жетіліп қайттық. Жалпы, көп тілді білудің, соның ішінде жергілікті ұлт өкілдерінің тілін біліп, құрметтеудің пайдасы зор. Мұндай адам ұлы Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», деп айтқанындай, халық достығын құрметтеуге, ішкі мәдениетін жетілдіруге бейім тұрады. Менің ойымша, осының нәтижесінде ондай адамдардың, әсіресе, жастардың өмірде жолы да жарқын болады, – дейді ол. Жас та болса, өмірге дұрыс көзқарас қалыптастырып, сан ұлттан құралған еліміздің та­тулық жолында қызмет етіп келе жатқан Армен Карапетянның бұл сөзіне біз де қосыламыз. 


Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы





Пікір жазу