28.11.2021
  165


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҚАЙРАТТЫҢ ҚАЗАСЫНА

Шырағыңның шынымен сөнгені ме.
Қош айта алмай кеттің-ау шерлі еліңе.
Қайрат дос-ай, қалайша түсіп қалдың
Шеңгелдіде ажалдың шеңгеліне?!
Жанардағы өзі ең ғой қарашықтың,
Жүруші едің ортаңа жарасып тым.
Беретінің халқыңа мол еді ғой,
Қайратжан-ай, со жаққа неге асықтың?
Қазақы жыр қанаттан қайырылды,
Ел тағы да бір Ұлдан айырылды.
Жұмағаңды жоқтаумен жүргеніңде
«Ағыс алып кетті ме қайығыңды?»
Алаңдамай алдамшы алыс баққа,
Арманыңмен жүр едің табыспаққа.
Бір қарамай артыңа кеткенің бе,
Көп жақсылар бет алған ғарыш жаққа?
Удай ашып жүректе жара сызы,
Қабырғаны күйретті қаза сыны.
Жоқтайды енді Өзіңді мына Алматың,
Жоқтайды енді ҚазМУ-дің қалашығы.
Ерте кетем деп бәлкім ақын болдың,
Ақын болдың – халқыңа жақын
болдың.
Елің-жұртың ешқашан ұмытпайды –
Бақұл болғын, жан досым,
бақұл болғын!..





Пікір жазу