28.11.2021
189
АҚЫН МЕН ТАУ
Боп-бозғыл бастары мұнартқан,
«Аһ!» – десе кеудесі айрылар.
Шыңына, құзына мұң артқан
Тауларда мәңгілік қайғы бар.
М. Мақатаев
Күрсініп, сонан соң жырлайтын,
Жамбылға ұқсайды шыңдарым.
Бұлт басқан қабағы кімге айқын,
Кім білер қандай мұң, сыр барын?
Кеудесі – қазына, мол мұра,
Жамбылға ұқсайды тауларым.
Қолына ұстаса домбыра,
Кім білер қандай жыр сауларын?
Ақ күміс сақалы тербеліп,
Дауылдап, ал бірде жаңбырлап,
Қиналған еліне дем беріп,
Сөйлер ме тамағын сәл қырнап.
«Қазақта қашанда шыдам мол,
Ұшпаққа шығасың сен бір күн.
Бұл құқай құқай ма, бұдан зор
Күнді де көргенбіз», – дер мүмкін.
Дер мүмкін...
Сонан соң қайтадан,
Жантайып қалғиды қара шал.
Теңеуге (түсінер байқаған)
Ақын мен тау ғана жарасар!