28.11.2021
  260


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Абаймен әңгіме

(толғау)

"Кісіге қарап, сөз алма..." деп ең кемеңгер,
Ұға ма оны кеудесі бітеу кереңдер?
Көңілден өшпей, өмірден ерте көшті ғой,
Мағжан сынды, Шəкəрім сырлы тереңдер.
Естісі бітіп, ешкісі нұқып, кіжіндік,
Бұлтартпай бетті, тіл тартпай кетті, өнерлі ер...
Айдың аты да, Күннің сəті де ауысып,
Ұмытқан мүлдем тұлпары тұрған дереңді ел.

Былыққа жарып, ұлыққа жағып, құтырған,
Мұсажан сені тонатса, тосып Мұқырдан
Оның да қортық қолқардай езі қожаңдап,
Өсіп-өнетін ұлыңнан түгел құтылған...
Жаманға жаппай, заманға жауып жаласын,
Кінəлілері торайдай төмен тұқырған...

Айдатып ерді, байлатып елді тұсаған,
Кердеңдей басып, кекіріп жүрсе, ісі арам.
Шақырып келіп, сапырып беріп... аяғы,
Шоқынып өлді, өкініп өлді Мұсажан.
Бақсысы ойнап, басқасы тойлап жатқанмен,
Қарғысың тиіп, оңбады болыс құсадан...

Үйірсе, сойыл... Оразəлідей қас-жауың,
Бекер-ақ болған көрбала көзін ашқаның...
Белінен сынса, күміс кісеннің ілгегі,
Түнеріп түсің, төңкерілген-ау аспаның...
Сілесі қатса, сілемін айтқан заман-ай,
Қылмысын қымтап, сұмпайы, содыр, тазшаның.
Сабатып қырдан, қаматып тынған басыңды,
"Қитығын" қара, сиқырын қара, ақшаның?..
Өзіңді-өзің сілкілеп, алып шықпасаң,
Айдатпақ екен параға беріп, басбағын...
Кереңі соның "керегін" елден қымқырып,
"Өнерлі" атанды, маскасын киіп, басқаның...
Дарынсыздардан, қарымсыздардан қол жиып,
Көрсетпей келген, өнері өте асқанын...
Жауыздықтарға ауыздық қажет, əйтпесе,
Сұңғылалардың сөнуі - тіпті қас -қағым.

Тағдырдың таңдап тырақылықты жазуын...
Мысқылдар едің, көзіңмен көрсең залымын.
Сұмдыққа ғана, ұрлыққа дара құныққан,
Қақса да қоймай, қасқа тісін, азуын...
"Үретін иттің, күлетін" көлгір күшігі,
Он есе пысық тұқымынан тазының...
Түлкіге шаппай, Төкенге "шауып" талтүсте,
Сыбағасын "сыпырып" кеткен жауызың!
Озбырлығы да Оразəлінің өзіндей,
Жемтік көрді ме ашады оқыс ауызын...
Ырғалып келіп, сұрланып қайтса, тойыңнан
Солай да солай... тапқан ғой тағы азығын...

Ойласам, бəрін, көңілге көлдей толар мұң,
Қыстауын даулау - ойыншық екен Қодардың.
Отыз жыл аулап, қарсағындай сонардың,
Ұрынып қалды, қырылып қалды көп арлың.
Көсілген бейіт, кесілген орман кейіпті,
Тұнжырап тұлдыр, түбіріндей томардың,
Құныкер қонақ "Дегелең жақта" деседі,
Орыстың тілін болыстың түрін білуші ең.
Мəнісін айтшы, халысын айтшы солар кім?

Бөжейше оған ас беріп, ат та тұлдамай,
Өліп те жатты... көміп те жатты қулар-ай!
Аштықтың сұмдық сойқанын көрсең баяғы,
Қалшылдар едің қаңтардағы бурадай.
Түндігі жабық, жаназасыз қалған ауыл көп,
Осыны көріп ішіп те кеткен Дударай.
Қашқаны қашып, қалғаны шошып, қайран ел,
Торғайдай тозды-ау, көзінің жасы құрғамай!..
Орыстың тілін, ұлықтың бетін білуші ең,
Қазақта күн жоқ, қонақта үн жоқ, бұл қалай?..

Құн сұрау түгіл, сусырап адам, мал-дағы,
Тұрағұлыңша тура айтатындар қалмады.
"Сұмырай келіп, су құрып...", бəле тудырып...
Құдықтар қурап, өзендер өшті арналы...
Қамығып, қанша күрсінді екен, жарықтық,
Ішіңді өртеп, еліңнің мұрат-арманы?
Деміңнен тіпті көк жайлау күйіп кеткендей,
Далаға шауып, "сен ішкен удың" тармағы,
Кещелер үшін кешірім сұрап келдім сан,
Құнарлы ойдың құдіреті күшті тарланы!

Жалбақтап жүрмей, салмақтап жүрмін барлығын,
Ұйқымды шайдай ашатын еді зарлы үнің...
Сенетінің де, келетінің де болар ма ем,
Туылсам егер, өз ғасырымнан сəл бұрын.
Біреуі болдым "сөзіңді езден" қорғаштап,
Намысқа шабар, қарысса, шабар нəрлінің.
Тарқаса кегің, айқасар едім, ендігі
Ақын жолының кеңейту үшін тарлығын...
Тойыңды құдай қолдады білем, ұлан жаз
Қураған тұсқа күбірлеп, құйып жаңбырын.
Қонысын көктеп, қалпына келді байырғы
Жібітіп жындай Шыңғыстың кепкен тандырын.
Шаңқанбоз үйлер маңдаған аққу тобындай,
Пахидан соны жайнатып тұр ма жан-нұрың?!
Алты алаш түгіл, алты құрлық тамсанып,
Тамашалады жүз жасқа балап, əр күнің,
Аруағың аунап, солқ етті де жұмыр жер,
Қарауылыңнан... ғарышқа төте қарғыдың...

Қаскүнемдердің "мыңымен жалғыз алысса",
Желкелейтінін көзіммен көрдім арлының...
...Кесенең - мынау... кешегің-анау... Дүние,
Мойындап тұрды... ақында кие барлығын!..
Тоқтамыс елі тойтарып, бетке түкірді-ау,
Содырың сонау... сұқтанған шерміш, дəлдірін!..
Ақынды демеп, батырды елеп жатсақ та,
Босадым ойлап... перзенттеріңнің тағдырын...
Елағасына көріскім келді, сондықтан,
Перзенттеріме тұмар ғып, күллі жарлығын!..

Қажытай Ілиясұлы





Пікір жазу