28.11.2021
  201


Автор: Аслан Ғафуров

ҚАН СОНАР!


Көбік қар басып көзімді аштырмай жұмып,
Көк аспан көктен төкті нұр жатсынбай күліп.
Қансонар түсіп қанымды қоздырды таңнан,
Тәбетің түскір түнімен қасқырдай ұлып.

Жықпылдан аңдып жайменен жырақтың тасын,
Бойлай бір өрлеп баяғы бұлақтың қасын.
Ұмсынып көңіл таңменен таласа тұрдық,
Құс салып барып шолуға қыраттың басын.

Аппақ қар жатыр ақ шыңға әріден қонып,
Қансонар осы аң көстің бәріне жорық.
Аттарды ерттеп айылын айыра тартып,
Аттандық аңға із кесіп әбігер болып.

Жадағай сылап жүйріктің жалына асыққан,
Көз салмас аңшы етекке малын жосытқан.
Тазысын ертіп тау-тасты таңнан кезетін,
Қансонар осы қазақтың қанын тасытқан.

Қайда екен шіркін құмай сап құйғытқан заман,
Арғымақ мініп адырда ширықан бабам.
Құмай жоқ қазір қудырып түлкіге салар,
Жігітте қазір азайды жүйрік баптаған.

Мидай жазыққа құмайды босатқан ашық,
Мазасын алар қояндар масақтан қашып.
Қарғыбаулының дәметіп ортақ олжасын,
Қарыштап суыт келеміз қасат қар басып.





Пікір жазу