28.11.2021
  354


Автор: Нұрғали Ораз

Сақалды қыз

Шынымды айтсам, мен оның салған суреттерiне бәлендей бiр мән берiп, қызығушылық танытып, ойлана қараған кiсi емеспiн. Сондықтан да суретшi досымның бейнелеу өнерiндегi өзiндiк орнын да, өмiр бойы тынымсыз салып өткен картиналарының шынайы бағасын да бiлмеймiн.


Ағымнан жарылсам, астаналық жазушы ретiнде перифериядағы талапкердiң iзденiс-ұмтылыстарына биiктен, астамси қараған, көзге iлмеген кездерiм де болған. Облыс орталығындағы ескi вокзалдың перронына табаным тиер-тиместе қол жүгiме жармасып, содан қашан жолсапарымның мерзiмi аяқталып, келген жағыма қайтып кеткенге дейiн қандай қызметiме болса да әзiр тұратын ақ көңiл, адал достың кiршiксiз ақ пейiлiн бiр-екi ауыз болса да жылы лебiз дәметкен жарамсақтыққа жорыған шақтарымды да ендi жасырғым келмейдi...


“Бiреудi қожам десең, ол сенi құлым дейдiнiң” кебi ме, жылдар өте келе оның со дос көңiлi мен адал қызметiне бойым үйренiп, ежелден солай болуға тиiстi нәрседей қабылдай беруге дағдыланғанмын. Оның үстiне менiң әр нәрсеге кiнәмшiл, кiрпияз паңдығым мен оның анау-мынауды елең қыла қоймайтын салдыр-салақ, кең қолтық мiнезi бетпе-бет ұшыраса қалғанда, кейiнгiсi алғашқысына жол берiп, қолындағы сөмкесiн алып, аңқалаңдап артынан ерiп жүре беретiндей көрiнушi едi.


Ол өзiнiң үстi-басының, киiм-кешегiнiң тазалығына да аса мән бере қоймайтын. Қай кезде жолыға қалсақ та сақал-шашы өсiп, жаға-жеңi кiрлеп жүретiн. Кейде бiр қызмет бабына қарай осы облыстағы лауазымды қызметкерлердiң қабылдауына бара қалғанымда мен оны сыртта, есiк алдында қалдырып кететiнмiн. Ол оған титт?й де ренжiмейтiн. Қайта иығынан бiр ауыр жүк түскендей қуанып, кеудесiн кере жеңiл тыныстап қалағандай болатын.


Анығында мен оның олпы-солпы түрiнен iштей жиiркенiп, өзiмнен алыс ұстауға тырысушы едiм. Тарақ атаулының тiсi батпайтын қайратты бұйра шашы егiстiкке шыққан түйеқарындай қауқиып, қалың қара қастарының астынан сығырайып әрең көрiнетiн қысық көздерiн бар салмағымен жаншып жатқандай көңiлiмде бiр аяныш сезiмiн туғызатын да, көзiмдi тез тайдырып әкетуге асығатынмын. Таңырайған келте танауы... әсiресе, талай-талай дастарқандарда бiрге отырып тамақ iшкен сәттерiмiзде өзiнен өзi терлеп-тепшiп, мұрнын қайта-қайта пысылдатып тарта беретiн жаман әдетi тiптi ұнамайтын-ды.


Кейiнгi жылдары кiтаптарым жиi жарық көрiп, тұрмыс-тiршiлiгiм едәуiр түзелген соң, су жаңа машина сатып алдым да, бұдан былайғы жерде жолсапарларға өз көлiгiммен шығатын болдым. Өткен жазда осы облыс орталығында жолыға қалғанымызда, бұл жаққа келе жатқаныңызды неге айтпадыңыз, өзiм күтiп алатын едiм ғой деп өкпе-назын бiлдiргенi де есiмде.


Бiрде ол менiң уақытымның тығыз екендiгiне қарамай, қиыла өтiнiп, қолымнан сүйрегендей боп өзiнiң шеберханасына алып барды. Қазiр анық есiмде жоқ, институттың ба, әлде колледждiң бе қоймасы болып саналатын ескi сарайдың бiр бұрышындағы қуықтай бөлме екен. Ол iште емiн-еркiн жүрiп көруге мүмкiндiктiң жоқ екенiн айтып, арзанқол рамалармен жиектелген картиналарын бiр-бiрлеп сыртқа шығарды да, iргесiн су шайып, қызыл кiрпiштерi мүжiле бастаған қабырғаға қаз-қатар сүйеп қоя бастады.


Жаймашуақ көктем едi. Табиғат өзiнiң бар бояуын жарқырата көрсетiп, өзге бояуларды менсiнбей, мұрнын шүйiре қарап тұрған шақ-тын. Соның әсерi ме, суретшi досымның картиналары табиғат картинасының алдында солғын тартып, күлiмдеген күн көзiнен “ұялғандай” сиықсыз көрiнген. Менде анық бiр кесiмдi пiкiрiмдi айта алмай, бiрiнен соң бiрiне көзiмдi алып қашып, күмiлжи бергенмiн.


Ол көкпенбек көк шалғынның үстiнде аяқ-қолын тарбайтып, тыр жалаңаш жатқан балпанақтай сәбидiң бейнесi кескiнделген картинасын қолымен нұсқап:


— Мiне, мына суреттен не көрiп тұрсыз? — дедi мен бiлмейтiн бiр құпия сырды iшiне бүгiп тұрғандай екi көзi ұшқын атып. — Бұл — ғарыш перзентi! Әне, оның әкесi... Әкесiнiң қос жанары сәбидiң әр қимылынан көз жазбай, бақылап тұр!..


Ол картинадағы көгiлдiр аспан төсiндегi таңғы көштен қалып қойған қос жұлдыздай сығырайған қос таңбаны көрсеттi. Мен өзiмнiң кәсiпқой сыншы емес екенiмдi, сондықтан да көркем өнер сырларына тереңдеп үңiле алмайтынымды айтып, ақталғандай болдым.


— Жоқ, — дедi ол басын шайқап, үзiлдi-кесiлдi келiспейтiндiгін бiлдiрiп, — түсiнуге тиiстiсiз! Өйткенi сiз де, мына мен де, жалпы, жер басып жүрген пенделердiң барлығы да ғарыш перзентi!


— Демек, мына картина да солай аталатын болғаны ғой...


— Дәл таптыңыз! — дедi ол екi көзi шоқтай жайнап. — Солай аталады. Бұған одан басқа ат тауып қою мүмкiн емес!..


Осыдан соң ол өз картиналарындағы ойдың бәрi де ғарышпен байланысты екенiн, өйткенi суреткер санасына келiп қонып, қылқалам арқылы жарыққа шығуға ұмтылатын идеялардың барлығы да ғарыштан жететiнiн қызбалана айтып, мағ?н тереңiрек түсiндiруге тырысты.


“Идея дегенiмiз — ғарышта қалқып жүретiн материясыз сана. Онда олардың иесi де, таратушысы да жоқ. Бiрақ олар әлсiн-әлсiн жер бетiне қарай ұмтылып, қайсыбiр жандардың санасына қонып, бейнелеу, музыка немесе сөз өнерi арқылы таралады. Ал оларды таратушылар — суретшi, композитор, жазушы немесе философ атанып жатады.


Әрине, суреткер талантын, шығармашылық iзденiсiн ешкiм де жоққа шығара алмайды. Себебi, белгiлi бiр уақыт аралығында кезегiмен жер бетiне жақындап келетiн ғарыштық идеяларды дәл сол мезгiлде бiр емес, бiрнеше қабiлеттi адамдардың ми-локаторлары қабылдап үлгередi. Бiрақ дер кезiнде қабылдау бар да, оны қорытып, өңдеп, тарату тағы бар емес пе! Мiне, бiздiң — талант, iзденiс, жаңалық деп жүргендерiмiз де сол! Кiм елгезек, iзденiмпаз, ең бастысы, еңбеккер болса, сол ғарыштық идеяны өзгелерге қарағанда тезiрек тарата алады. Содан соң барып: “Әттеген-ай, сол ой менiң де басымда болып едi-ау!” дейтiндей iшкi таңданыс, өкiнiш, әрi-берiден кейiн қызғаныш та туады...”


Рас-ау,?деген ой келiп едi маған сонда. Бiрақ бұл жаңалық бiз дағдыланғандай күнделiктi баспасөз беттерiнен, радио-теледидардан жиi насихатталып, биiк мiнберлерден жиi айтылып жатпағандықтан, қайтып еске алмағанмын.


Олар тұратын облыс орталығына осы жолы келгенiмде өзiм таяуда ғана танысқан бiр дәулеттi кiсiнiң үйiнде, аста-төк мол дастарқанның басында отырып әңгiме арасында суретшi досымның бұдан бiр ай бұрын бақилық сапарға аттанғанын есiтiп, үнемi қасымда жүретiн жанашыр, аяулы, бейкүнә жан маған өкпелеп, бiр ауыз сөз де айтпай, барса келмеске кетiп қалғандай өзiмнен-өзiм қысылып, ыңғайсыз күй кештiм. Мен үшiн оның орны бөлек екенiн осы жолы алғаш сезiндiм, бiрақ ендi бәрi де кеш едi...


Ертеңiне марқұм суретшi досымның анасына көңiл айту үшiн қасыма бiр таныс кiсiнi алып, үйiне бардым. Бiрiнен бiрi аумайтын сұрғылт бетон-қораптардың бiрiнде, екi бөлмелi аядай ғана пәтерде тұратын анасы мен қарындасының сынық жүзi мен жүдеу тұрмысын көргенде, мен оның үйленбей, бұл өмiрден бойдақ күйiнде өткенiн есiме алдым. Неге өйттi екен?... Ол туралы бiздiң арамызда әңгiме де болмапты-ау тiптi. Сурет... сурет...Оның бар айтар әңгiмесi, iшiне бүккен сыры, бақыты мен соры — сол сурет едi-ау!.. Ақыры содан не опа тапты?..


Бiз оның кәрi шешесi мен өзiне ұқсайтын жалпақ бет, қысық көз қарындасына көңiл айтып, сыртқа шығуға беттегенiмiзде: “Егер сiздер қарсы болмасаңыздар, кез келген бiр суретiн естелiкке алайын деп едiм”, деген өтiнiшiмдi айттым. Анасы үнсiз қызына қараған. Ал ол маған жалт бұрылып: “Әрине, болады, — дедi қуанып. — Бiрақ ол үшiн көкемнiң шеберханасына баруымыз керек!” Мен басымды изедiм.


Бiз баяғы ескi сарайдың бiр бұрышындағы шағын шеберханаға келдiк. Есiкке салынған үлкен қара құлыпты ашып, суретшiнiң қарындасы менi iшке кiргiздi де: “Қалаған картинаңызды алыңыз, — дедi шын ықыласымен. — Көкем сiздi жақсы көрушi едi!.. Аузынан тастамай айтып отыратын.”


Мен iштей ыңғайсыз күй кешiп, марқұм досымның көзi тiрiсiнде қадiрiне жете алмағаныма өкiндiм. Шаң басқан картиналардың арасынан баяғы суретшiнiң өзi көрсеткен “Ғарыш перзентiн” таңдап алдым. Содан соң iшкi қалтамнан әмиянымды алып, әлгi қарындасқа қызылқұлақ бес мың теңгелiктi ұсындым. Ол менiң бетiме таң қала қарап тұрып: “Мұныңыз не?” дедi сыбырлай сөйлеп. “Бұл картинаның әлдеқайда қымбат тұратынын бiлемiн, — дедiм ойымды барынша сыпайы жеткiзуге тырысып, — бiрақ әзiрге..” “Жо-жоқ, — дедi ол сөзiмдi аяқтатпай кейiн шегiнiп. — Алмаймын! Сiз көкемнiң досы емессiз бе?!.” “Өнер туындылары сатылады ғой, айналайын. Мұның ешқандай сөкеттiгi жоқ”. “Бәрiбiр алмаймын. Қызық екенсiз...” Мен не iстерiмдi бiлмей тосылып қалдым. “Жарайды... жарайды,— дедiм қызды ренжiтiп аламайын деп. — Тек ренжи көрмешi, қалқам...” “Жо-оқ, о не дегенiңiз! Ренжiмеймiн ғой, — дедi ол қайтадан жайдары қалпына түсiп. — Түсiнемiн ғой сiздi. Бiрақ көкемнiң салған суреттерiн ешкiмге де сатпаймын!” “Сонда...” — дедiм мен бөлмедегi картиналарға қарап иегiмдi қағып. Ол менiң не демек болғанымды айтқызбай-ақ түсiндi де: “Рас, мына сарайдың иесi бөлменi босатыңдар, әйтпесе ақысын төлеңдер деп күн ара мiндетсiніп жатыр, — дедi. — Ендi мен бұл картиналардың бiразын көкемнiң оқыған мектебiне тарту етемiн, бiразын өзiңiз секiлдi достарына сыйлаймын, содан қалғанын үйге апарып қоямын”.


Бiрге туған қарындасымдай менi бауыр тартып, бүкпесiз шындығын айтып тұрған қызға iштей риза болдым да: “Мен мына кiтаптарды да қарап көрсем қайтедi ә?!. — дедiм қабырғаға қағылған сөредегi бiраз кiтаптарға көзiм түсiп.” Әрине, көрiңiз, көрiңiз, — дедi ол марқұм ағасы сияқты шын пейiлiмен бәйек болып. — Сiз көкемнiң ең жақын досы емеспiз бе. Тек өмiрiнiң ақырғы күндерiнде қасында бола алмағаныңыз өкiнiштi-ақ. Бiрақ бәрi де күтпеген жерден болды ғой... Таңертеңгiсiн үйден шығып бара жатып‚ кенет бiр жағына қарай жантайып құлап қалды. Содан жедел жәрдем шақырып‚ ауруханаға апарғанда да есiн жиған жоқ. Дәрiгерлер миына қан құйылған дейдi...”


“Бiр адамның бүкiл өмiрiн сарп етiп салған мынау картиналары ендi кiмге керек‚ — деген ой келдi маған. — Ол өзiнiң ұлы суретшi бола алмайтынын бiлдi ғой. Бiрақ сонда да өнердi тастап кете алмады. Сұлу әйелдiң арбауына түсiп қалған ақымақ еркек сияқты салпақтап‚“азат басы құл болып”‚ бәрiне көнiп‚ бәрiне төзiп жүре бердi. Сонымен... ақыры не болды? Не болды?.. Не болғанын өзге түгiлi‚ өзi де сезбей кеткен жоқ па?..


Кенет бойымды қорқыныш билеп‚ денем қатты түршiгiп кеткендей болды...


Сөредегi кiтаптардаң көбiсi атақты суретшiлердiң альбомдары‚ ұлы тұлғалардың естелiктерi‚ аузымен құс тiстеген қайсыбiр қайраткерлердiң мемуарлары екен. Солардың арасынан қолыма бiр қалыңдау дәптер iлiктi. Iшiндегi маржандай тiзiлген көркем жазу марқұм суретшi досымның өз жазуы сияқты‚ көзiме оттай басылды. Алғашқы бетiндегi бiр-екi сөйлемiн оқығаннан-ақ лап етiп қызығушылығым тұтанып‚ оның көзi тiрiсiнде бiзге айта қоймаған сырлары осы дәптердiң iшiнде жасырынып жатқандай болды. “Мына дәптердi де әзiрге... ала тұрайын‚ бiр екi күннен соң қайтарамын‚” — дедiм досымның қарындасынан тағы да өтiнiп.


“Алыңыз‚ — дедi ол. — Бұл да көкемнiң бiр қымбат дүниесi шығар. Бiржола алам десеңiз де өзiңiз бiлiңiз. Мұнда қалғанмен‚ оның қадiріне жете алмаспыз‚ жазу-сызудың сыры сiзге жақсы мәлiм ғой...”


Сол күнi түнге қарай қонақ үйде жалғыз қалғанда кезде әлгi қоңыр дәптердегi жазбаларға үңiлдiм.


“1983 жлдың күзiнде Қарлытаудың бөктерiндегi Қамысты ауылына келдiм‚ — деп бастапты. — Бар ойым осындағы табиғат көрiнiстерiн кенепке түсiрiп алу. О-о бұл өлкенiң күзгi бояуы ғажа-ап болады. Әсiресе батар күннiң iлкi бiр мезетiнде жалт етiп көрiнiп қалып сөнетiн қызғылтсары-қоңыр түс — бақидан пәниге түскен жұмақ сәулесi секiлдi.


Бұл ауылға келуiмнiң өзi бiр жыр болды. Бұралаң-бұралаң тау жолымен ыңыранып‚ күшенiп‚ қайсыбiр тұстарда қаусаған сүйегi шашылып қалардай селкiлдеп-қалшылдап бесiн ауа әзер жеткен пұшық сары автобустан мольбертiмдi қолтықтап‚ сақал-шашым желбiреп түскен менiң пошымым көше-көшеде топтанып ойнап жүрген майда-пашақ балаларға қызық көрiндi бiлем‚ тұс-тұстан маған қарап саусақтарын шошайтып‚ күлiп жатқан сияқты.


Бiрақ бұл ауылдың басқаға таң қалса да‚ сақалға таң қалмайтынына сол күннiң ертеңiне-ақ көзiм жеттi.Себебi мұнда шоқша сақал‚ қаба сақал‚ ата сақал‚ күйек сақал дейсiң бе‚ әйтеуiр неше алуан сақалдар толып жатыр. Тiптi... Жо-жоқ... Айта алмаймын.


Күн сайын мольбертiмдi қолтықтап алып‚ тау бөктерiне барып сурет салып жүрдiм. Күзгi бояулардың кереметiн тiлмен айтып жеткiзу қиын. Ал кенепке түсiру мүлде мүмкiн емес. Есiңнен тандырады! Аяқ астынан мол қазынаға тап болған пақырдай не iстерiңдi‚ қалай көтерiп әкетерiңдi бiлмей‚ алақ-жұлақ етiп‚ асып-сасқаннан басқа түк келмейдi қолыңнан.


Бұл сiрә‚ сұлу табиғаттың қысқы өлiм алдындағы бой жазып‚ жасануы шығар, кiм бiлсiн. Мен сол сиқырлы бояулардың арасында адасып‚ әрқайсысына бiр алданып‚ сергелдеңге түсiп жүрдiм. Тағы да қанша жүрерiмдi кiм бiлсiн‚ егер де...


Иә‚ маған кенет мынау мың сан бояулардың iшiнен өз бояуымды табуым керек‚ мейлi‚ ол басқалардай соншалықты әдемi болмай-ақ қойсын‚ көздiң жауын алып жұтынып тұрмай ақ қойсын, бiрақ өз бояуым болуы керек деген ой түстi. Қалай дейсiз ғой. Әрине, ғарыштан! Қазiр ойласам‚ менiң осы ойым мен осыдан кейiнгi күтпеген кездесудiң арасында бiр құпия байланыс бар сияқты көрiндi.


Бiрде кеш бата шаршап-шалдығып таудан түсiп келе жатып‚ өзен жағасында шекем тас терiп ойнап жүрген үш-төрт қыз балаға кездесiп қалдым да‚ бұрын-соңды өңiм түгiлi‚ түсiмде көрмеген бiр сұмдықты көрiп‚ өз көзiме өзiм сене алмай қалшиып қаттым да қалдым. Шынымды айтсам‚ алғашқыда бойымды қатты қорқыныш биледi. Өзен жағасында алаңсыз ойнап жүрген әлгi жап-жас қыздардың самайынан бастап‚ иегiнiң астына дейiн жапқан қауқиған қаба сақалдары бар едi!?. Бұлар сiрә‚ адам емес‚ кешкi апақ-сапақта судан шыққан сайтандар болар деп ойладым. Көзiмдi бiр ашып, бiр жұмдым. Астапыралла‚ астапыралла деп‚ iшiмнен қайта-қайта қайталап‚ ауылға қарай тезiрек жүрейiн десем‚ екi аяғым жерге жабысып қалғандай тұрған орнымнан қозғала алмаймын.


Бiрте-бiрте есiмдi жиып‚ әлгi қыздардың бәрiнiң емес, бiреуiнiң ғана сақалы бар екенiн аңдадым. Бәлкiм күн батар шақта менiң көзiме қос көрiнген шығар‚ бұлардың мүлде сақалы жоқ‚ жай әшейiн өздерiмен өздерi ойнап жүрген осы ауылдың қыздары болар. Қазiр көзiмдi қайта жұмып-ашсам‚ бер жақтағы қыздың да қауқиған сақалы “түсiп” қалар... Жоқ. Сол қалпы. Әлi тұр. Осы кезде қыздардың да назары маған ауғанын байқап қалдым‚ орталарындағы бiреуi: “Өлә-ә‚ анау ағай бiзге тесiлiп қарап тұр!” дедi дауыстап. Содан соң бiрiн бiрi түртiп: “Кетейiк! Кетейiкшi тезiрек!” деп ауылға қарай асыға бастады.


Кешкiсiн өзiм құдайы қонақ боп келген үйдiң кемпiрiнен естiдiм: “Иә-ә‚ шырағым‚ бұл ауылда сондай бiр сақалды қыз бар. Шыр етiп дүниеге келгенде сөйтiп түктi болып туған. Кiм бiлсiн‚ ол да болса‚ Алла тағаланың бiзге көрсетейiн деген кереметтерiнiң бiрi шығар...


“Аты кiм?”


“Аты ма?.. — деп‚ кемпiр қапелiмде есiне түсiре алмай‚ тамның бүғатына қарап ойланып қалды. — Кiм едi-ай?.. — дедi содан соң менiң өзiмнен сұрағандай болып. — Тiлiмнiң ұшында тұрғанын қарашы. “Нышанды қыз”‚ “Сақалды қыз” деп‚ аузымыз соған әбден үйренiп кетiптi ғой қараңқалғыр! Е-е... иә‚ ендi есiме түстi‚ әп-әдемi аты бар‚ Үмiт деген!..”


“Дәрiгерге қаратқан ба?”


“Қаратқан! Қаратқанда қандай‚ лөктiрге де‚ тәуiпке де‚ бақсы-балгерге де алып барған әке-шешесi. Бiрақ солардың ешқайсысынан қайран болмады ғой...”


“Бұл жақтағылардың шамасы келмеген шығар емдеуге”.


“Басқа жаққа да көрсеткен! Тiптi‚ сонау Мәскеуден бiр прәпесiр де келген. Әрi қарап‚ берi қарап‚ қызды өзiмiзбен бiрге алып кетемiз дегенде‚ көнбей қойған әке-шешесiнiң өзi. Iштен шыққан перзент қой‚ қайтiп қисын... Е-е‚ құдай-ай‚ бұ да бiр тағдырдың тәш-пiшi де! Екi көзiн жәудiретiп‚ қалай жiберсiн алысқа...”


Сол күннен бастап әлгi сақалды қызды жақыннан бiр көруге аңсарым ауды да тұрды. Бiрақ жуық арада соның сәтi түсе қоймады. Менiң төбем көрiнгеннен ол қасқырдан үрiккен елiктiң лағындай алыстан зымырап қашатын болды. Кiмнiң шығарып жүргенiн бiлмеймiн‚ ауыл iшiнде: “Қаладан келген суретшi сақалды қыздың суретiн салмақшы екен‚” деген қаңқу сөз тарап кетiптi.


Ондай ой менiң басыма келмеген. Күлдiм де қойдым. Алайда сақалды қыздың түрiн жақыннан бiр көрсем деген аңғал әуестiгiм ауыл iшiнде алыпқашпа әңгiме туғызғанымен қоймай‚ онсыз да көлденең жұрттың көзi мен сөзiнен сескенiп әбден жүйкесi жұқарған бейшара қыздың жанын жаралағанға ұқсайды. Мен оны бiрақ‚ кейiн бiлдiм‚ кеш бiлдiм...


Ертең қайтпақ болып‚ жолға жиналған күнi кешкiлiк менi сол ауылда өтетiн бiр тойға шақырды. Қызық-думанға құмарлығым‚ қыз-қырқынға ебiм жоқ, ебедейсiз басым не iстерiмдi бiлмей ойланып тұрғанымда‚ үй иесiнiң кемпiрi: “Шырағым‚ ертелi-кеш ала қағазға үңiлемiн деп‚ өмiрдiң өзге де қызықтарынан құр қалма. Бас екеу болмай‚ мал екеу болмайды‚” деп бастырмалата сөйлеп‚ есiмдi шығарып жiбердi. Соған қарап‚ менi “тойға шақыру” да осы кемпiрдiң “идеясы” шығар деп ойладым.


Әйтсе де менiң сол тойда ауыл жастарымен әмпәй-жәмпей болып‚ көңiлiмнiң жарасып кете қойғаны шамалы. Жұртқа жұғымымның жоқ екенiн тағы да бiр дәлелдеп‚ ешбiр топқа қосыла алмай‚ ең соңында жалғыз өзiм сопайып бiр бұрышта қалдым. Сонсоң ескi бағана секiлдi ешкiмге керегiм болмай состиып тұра беруге ыңғайсызданып‚ ырду-дырду көпшiлiктiң iшiнен елеусiз ғана сытылып шығып‚ үйге қарай аяңдағанмын.


Кенет ауыл арасындағы тар көшенi жиектей созылған тал шарбақтың iшiнен бiреудiң: “Ағай!” — деген жасқаншақ‚ нәзiк даусын естiдiм. — Ағай дейiм‚ тоқтаңызшы!..” Мен қалт тұра қалдым.


— Ағай‚ — дедi әлгi жасқаншақ дауыс тағы да. — Сiзге бiрнәрсе айтайыншы деп едiм.


— А-а... Қайдасың-ң?..


— Мен... мен мұндамын.


Ендi байқадым‚ тал шарбақтың ар жағынан бiреу сығалап қарап тұрған сияқты. Бiр-екi қадам жақындап‚ не айтар екен деп құлағымды тостым. Ол бiр жақтан жүгiрiп келгендей демiн жиi алып‚ ентiгiп тұрған сияқты.


— Сен кiмсiң? — деп сұрадым даусымды ақырын ғана шығарып.


— Мен... мен Үмiтпiн...


“Ә-ә... Сақалды қыз?..” деп iштей таңырқап‚ сәл тосылып қалдым. Ол да үндемедi. Шамасы‚ маған әлгi “бiрнәрсенi” айта алмай‚ толқып тұрған сияқты.


— Иә‚ не айтасың? — дедiм сыбырлап.


— Ағай‚ сiз менiң суретiмдi салмаңызшы‚ жарай ма. Өтiнемiн. Салмай-ақ қойыңызшы...


— Жо-оқ... оны кiм айтып жүр саған?


— Осы ауылдағылардың бәрi де айтад...


— Мен сенiң суретiңдi салмаймын, — дедiм мен басымды шайқап. — Ондай ойым жоқ. Жалпы, мен... мұнда тек табиғат пейзаждарын жазу үшiн ғана келгенмiн.


— Қалай?..


— Кәдiмгiдей.


— Әрiптермен бе? — ол мырс етiп күлiп жiбергендей болды. Мен де езу тарттым.


— Жоқ. Бояумен жазамын, — дедiм оның күлгенiне қуанып. — Бiз, суретшiлер осылай сөйлегендi ұнатамыз. Өйткенi “сурет саламын” дегенге қарағанда, “картина жазамын” деген сөздiң мағынасы әлдеқайда терең. Түсiндiң бе?


— Иә. Ағай...


— Әу?


— Сiз менiң суретiмдi салмайсыз ғой, иә? Шын ғой...


— Жаңа айттым емес пе. Немене, маған сенбей тұрсың ба?


— Жо-оқ, сенем ғой... Бiрақ ауылдағылар айтад, сiз менiң суретiмдi салып, көрмеге апарып iлiп қоясыз дейт... Онда... онда адамдардың бәрi де көредi ғой...


Мен ендi не дерiмдi бiлмей, үнсiз қалдым. Ол тағы да сезiктенiп, маған үрейлене қарап тұрған секiлдi.


— Егер... егер, — дедi ол қайтадан булыға сөйлеп, — сiз менiң суретiмдi салатын болсаңыз бар ғой, онда... онда мен өлемiн!


Ол кемсеңдеп жылап қоя бердi. Мұны күтпеген мен мүлде сасқалақтап қалдым.


— Кiм... кiм... Үмiт, айналайын, сен жыламашы. Олар өтiрiк айтады. Мен сенiң суретiңдi ешқашан да салмаймын. Ондай ой менiң басыма келген емес. Сен бiлмеушi ме ең, кейде адамдардың осылай өтiрiк айтатын кездерi болады. Сен оларға сенбе! Бiлдiң бе, сенбе!..


Мен шарбақтың арасынан қолымды созып, оның басынан сипадым. Содан соң бейкүнә қыздың көз жасын сүртпек болғанымда, саусағымның ұшы сақалына тиiп кетiп, денем дiр ете қалды. Ол сездi... Сездi де, басын тез тартып ала қойды.


— Мен ертең қайтамын, — дедiм қолыммен шарбақтың талынан қыса ұстап тұрып, — сен ештеңенi де уайымдамай, сол баяғысынша достарыңмен ойнап-күлiп жүре бер, жарай ма. Мен ешқашан да, ешқашан да сенiң суретiңдi салмауға уәде беремiн. Әр суретшiнiң өзiнiң көңiлi қалаған тақырыбы, ойы, идеясы болады. Сурет арқылы адамдарға бiрнәрсенi айтып түсiндiргiсi келедi. Ондай ой сенде де болатын шығар-ау... Мүмкiн, Үмiт, сен де суретшi боларсың, а?..


— Жо-оқ, — дедi ол даусын таңдана созып. — Менiң оған икемiм жоқ қой, ағай. Сурет сала алмаймын ғой. Сiзге ғана айтайын, аhа, менiң... менiң дәрiгер болғым келедi. Ең алдымен өзiмдi-өзiм емдесем деймiн. Ағай... сiздiң әңгiмеңiз қызы-ық екен. Мен осылай, адамдармен түнде сөйлескендi жақсы көремiн. Бұрын сiзден қатты қорқып, алыста-ан қашып жүрушi едiм.


— Бiлем... Ендi қорықпа, жарай ма. Ұялудың да қажетi жоқ. Мiне, көрдiң бе, менiң де сақалым бар.


— Иә. Бiрақ сiз ер адамсыз ғой. Ер адамдарға ол... жарасады. Ал қыз балаларда болғаны — қорлық!.. Егер мен ер бала болғанымда бар ғой, онда бәрi де басқаша болар едi. Ешкiмнен ұялмай, балалар “шал” деп мазақтаса да қорланбай, бәрiмен ұрсып-төбелесiп жүре берер едiм. Кейде соны ойлап, түнiмен жылап шығамын.


— Оның не, Үмiт?! Сен жылама...


— Құдайдың өзi өстiп жылатып қойса, қайтемiн, ағай!..


Жүрегiм шым ете түстi. Жап-жас қыздың аузынан мұндай салмақты сөз естимiн деп ойламап едiм. Беу, тағдыр-ай, сенен шебер, сенен ұлы ұстаз жоқ, сен бәрiн де үйретесiң.


— Ал сау бол, Үмiт, — дедiм мен ертең жолға шығатынымды есiме алып. — Көрiскенше күн жақсы болсын! Қалаға келе қалсаң, хабарласуды ұмытпа. Суретшi Сағындықов десең, менi бәрi де бiледi.


— Сау болыңыз, ағай! — дедi ол шарбақтың ар жағынан басын шығарып.


Мен өз жөнiммен ұзай бердiм. Кенет:


— Ағай, — деп дауыстады ол арт жағымнан. — Сiз бiздiң ауылға тағы да келесiз бе?


— Бiлмеймiн, — дедiм мен иығымды қозғап. — Мүмкiн келiп те қалармын...


Бiрақ ол ауылға қайтып менiң жолым түскен жоқ. Сақалды қыз да бiрте-бiрте санамнан өшiп, көңiлiмдегi суретi көмескi тарта бердi...”


Осы бiр тұсқа жеткенде қоңыр дәптердiң екi-үш бетiн суретшiнiң өзi жыртып тастапты. Одан кейiн жалғасатын алғашқы абзацты да шимайлап өшiрiптi. Неге өйттi екен? Ол ендi, мәңгi жұмбақ...


Менiң қолымдағы суретшiнiң жазбалары ары қарай былай басталады:


“... Аh, оңбаған! Оңбаған! Фотожурналист болсаң қайтейiн, өзiң де бiр... ұят та, ар да жоқ екен!


Бүгiнгi газеттегi суреттi көргенде қаным басыма шапшып, ызаға булығып, терiме симай кеттiм. Масқара! Мына суреттiң шыққанын бiлсе, қорланып өлетiн болды-ау бейшара қыз!..


Сенсация аулаған газеттегi сақалды қыздың суретiн көргендердiң екi көзi шекесiне шығып, бiр-бiрiне саусақпен шұқып көрсетiп жатыр. Автобуста, көшеде келе жатқанда да мен солардың бiрнешеуiн байқадым.


Апыр-ай, адамдар осы қандай, ә?! Бiреудiң қасiретi бiреуге қызық болып көрiнетiнi несi?..


Оңбаған, жылпос! Қайтiп түсiрiп ала қойды екен?! Сiрә, байғұс қыздың безiлдеп қашқанына да қарамай, алды-артын орап, жанталасып жүрiп түсiрген ғой. Иә, ондай арсыздыққа барудан таймайды ол. Үмiт тiптi, бетiн басып та үлгере алмапты, қалың сақалы ұйысып, ап-анық көрiнiп қалыпты суретте.


Рас, мен оған берген уәдемнен айныған жоқпын. Әйтсе де әлгi арсыз журналистпен бiр қалада тұратындықтан, өзiмдi бiртүрлi кiнәлi сезiнемiн.


Осыдан соң әлгi тау бөктерiндегi ауылдан көпке дейiн бiр сұмдық үрейлi хабар күттiм. Тiптi, сол дерегi белгiсiз беймәлiм сұмдықтың алдын алу үшiн ол жаққа әдейi барып та қайтпақ болдым. Бiрақ әлденеге жүрексiнiп, өз жолымды өзiм бөгей бердiм. Бiр жақсысы, ол жақтан ешқандай жаманат хабар естiлмедi. Уақыт өткен сайын бұл оқиғаның да уыты қайтып, көңiлiме ұя салған күдiк ұшып кеттi. Тiптi, анау жылпос фотожурналистiң де дәмесiн ақтамай, көп ұзамай сенсация болудан қалды.


Бiр жағынан, осы бiр оғаш оқиғаның бiз әуелде байқамаған жылы лебi, оңды әсерi де болды ма деп ойлаймын кейде. Неге дейсiз бе? Әлгi оқиғадан соң мен әлемдегi сақалды әйелдер туралы қаншама адам таң қаларлықтай деректер, қызықты әңгiмелер естiдiм десеңiзшi. Олар тiптi, өз алдарына цирк ашып, дүние жүзiн аралап жүрiп өнер көрсетедi екен ғой. Сақалдарын әдейi ұзартып, әр нәрсеге әуес, қылт еткенге қызыққыш елдiң көңiлiн аулап, мәз қылғаны былай тұрсын, сол арқылы мол табыс тауып, байитын да көрiнедi.


Бiздiң қалада суретшiлерге ауадай қажет бояу, кенеп, қыл қалам, мольберт, палитра секiлдi асай-мүсейлердi орталықтағы бiр-ақ дүкенде сатады. Содан да болар, олардың бағасы удай қымбат. Алсаң — ал, алмасаң — қой, бәрiбiр қайта айналып бiзге келесiң дейтiн сияқты.


Бiрде сол дүкенге қалтамдағы бар теңгемдi қағып берiп, бояу-сояу алып шығып келе жатыр едiм, кенет арт жағымнан бiреу: “Ағай!” деп дауыстағандай болды. Жалт — қарасам, жап-жас бiр бойжеткен маған қарап күлiмсiреп тұр.


— Ағай, менi танымадыңыз ба? — дейдi.


Мұндайда қушыкеш жiгiттер сияқты аяқ астынан әзiл тауып айтып, оп-оңай үйiрiп ала қоятын мен бе, аңқау басым абдырап:


— Жоқ, - деп шынымды айттым.


Ол менiң көзiме тура қарап, жымиып тұрып:


— Сiз бұрын бiздiң ауылға сурет салуға келiп едiңiз ғой, — дедi.


“Апыр-ай, қай ауыл едi?.. Мен дегенiң мольбертiмдi қолтықтап, қай түкпiрге, қай қиянға бармадым десеңiзшi!..”


— Тау бөктерiндегi ауыл... есiңiзде ме? Сiзге мен суретiмдi салмай-ақ қойыңызшы деп жалынып едiм ғой.


— Ә-ә!


Аңғал басым байқамай, “әлгi сақалды қыз сен бе” едiң дегендей иегiмнiң астын бiр сипап, тағы да бiр әбес қылық жасап алдым. Мұным ендi, нағыз миғұланың әрекетi болды да шықты.


— Иә, — дедi ол екi бетiнiң ұшы ду етiп қызарып кетсе де басын изеп, күлiмсiреп тұрып. — Мен сiздiң танымай қалатыныңызды бiлгенмiн.


— Қайдан таниын, — дедiм мен ендi өз қателiгiмдi жуып-шаймақ болып, — ол кезде сен тұлымшағың желбiреген кiп-кiшкентай қыз едiң, ендi мiне!.. Бойжетiпсiң! Мектептi де бiтiрген шығарсың.


Ол басын изедi.


— Өткен жылы бiтiргенмiн, ағай. Қазiр осындағы медициналық колледжде оқып жүрмiн.


Кенет менiң құлағыма сол баяғы кiп-кiшкентай қыздың: “Сурет сала алмаймын, дәрiгер болуды армандаймын”, деген нәп-нәзiк үнi жеткендей болды. Бiрақ оның сақалы бар едi ғой?..


— Әлi де сол бұрынғыдай сурет салып жүрсiз бе?


Мен басымды қайта-қайта шұлғыдым. “Одан басқа менiң қолымнан не келушi едi?!”


Содан соң өзiмше әзiлдеген болып:


— Сен де сол баяғыдай суретiңдi салуға әлi де келiспейсiң бе? — дедiм.


Ол бiлмеймiн дегендей иығын қозғады. “Уақыт көп нәрсенi өзгертедi екен ғой, ағай!..”


— Сабақтан босаған кезде уақыт тауып менiң шеберханама кел, екеумiз асықпай отырып әңгiмелесейiк, — дедiм мен оған.


Ол басын изеп, келемiн деп уәде бердi де, қол сөмкесiнен кiшкентай қойын дәптерiн алып маған ұсынды. Мен оған шеберханам орналасқан көшенiң атын, үйдiң рет санын жазып бердiм.


— Ой, жазуыңыз қандай әдемi, — дедi ол күлiмсiреп. — Маржандай екен!


— Бала кезiмде көркемжазу сабағын өте жақсы көретiнмiн.


— Қазiр мектептерде ондай сабақ өтпейдi, ағай.


— Өкiнiштi-ақ...


Сосын екеумiз қоштастық та, мен шеберханама қарай асықтым.


... Оның мұнда қалай келгенiн, қашаннан берi сыртымнан бақылап тұрғанын мүлде байқамаппын. Кенептiң бiр бұрышындағы таудан аққан лайсаңдай қоңыр қошқыл бояудың реңiн сәл аша түсу керек пе, жоқ па деп, мольберттен бiр-екi адым кейiн шегiнгенде көзiм шалды, ол босағада маған бiр, картинаға бiр қарап күлiмсiреп тұр екен.


— Иә, сен... келiп те қалған екенсiң ғой, — дедiм мен өзiмнiң не айтып тұрғанымды өзiм де түсiнбей.


— Сiз жаңа жұмыс iстеп жатқан кезде ән салдыңыз, — дедi ол. —Жай... ыңылдап қана...


— Мүмкiн. Ондай-ондай болады бiзде...


— Мен бұрын естiмеген ән екен. Аты не?..


— Бiлмеймiн, — дедiм мен желкемдi қасып. — Ол сiрә, саған ғана емес, жалпы, жұртқа беймәлiм, мұрын астынан мыңқылдап қана айтуға болатын ән болса керек. Оңашада адам не деп ыңылдамайды!..


Ол күмiс қоңыраудай сыңғыр етiп күлiп жiбердi. Содан соң аңқау жылы бiздiң ауылға барғанда салған суреттерiңiздi көрсетiңiзшi деп өтiндi. Қас қылғандай, сондағы жазған пейзаждарымды осындағы бiр iрi фирманың тұсаукесер тойына сыйлап жiберiп едiм. Тек жақтау ағашы көнелеу жалғыз этюдiм ғана қалған-ды. Сөреден алып, соны ұсындым.


Ол өзi туып-өскен тау бөктерiндегi ауылдың кiшкентай бiр бөлiгiн терезеден көрiп отырғандай, этюдтен көз алмай ұзақ үңiлдi. Мен оның бетiне қайта-қайта жалтақтап қарап, көкейiмде тұрған сауалдың жауабын iздегендей боламын. Самайынан төмен қарай түскен көкшiлдеу жолақ iз анық байқалды, ұстарамен қырынып жүр ме екен әлде...


Ол менiң неге тынышсызданып отырғанымды сездi бiлем, әлгi суреттен көз алмай отырып: “Қымба-а-ат бiр француз кремiн жағып жүрмiн. Бiрақ оның күшi екi-үш күнге ғана жетедi, содан соң қайтадан шыға бастайды...” дедi.


Үмiт содан кейiн бiр ай бойы шеберханаға үзбей келiп жүрдi де, кенет маған айтпай аулына кетiп қалғандай мүлде көрiнбей кеттi. Бiр күн, үш күн... бес күн өттi. Алтыншы күнге айналғанда барып маған ақыл кiрдi. “Апыр-ау, ә дегенде неғып ойыма келмеген десеңiзшi. Оның пайдаланып жүрген кремi таусылған ғой. Француз кремi, өте қымбат деп едi-ау!..”


Дереу киiнiп, шеберханадан шықтым да, орталықтағы бiр таныс дәрiгер жұмыс iстейтiн емханаға қарай тарттым. Әлгi крем расында да, өте қымбат болып шықты!..


Осыдан соң-ақ өтiмдi-ау деген картиналарымды арлы-берлi тасып, орталықтағы бай адамдардың офисiн жағалап, әр қайсысына өлердегi сөзiмдi айтып жалынып жүрiп жарты бағасына әзер өткiзiп, әлгi француздардың қымбат кремiн сатып алып, Үмiттiң жатақханасын қалай iздеп тапқанымды тәптiштеп айтпасам да болады.


Ол медреседегi дiндар қыздар секiлдi бетiн ғана көрсетiп, басын ақ жiбек орамалмен тұмшалап алыпты.


— Ой, бұл сiз бе едiңiз? — деп зорлана езу тартты ол менi көрген кезде. Бiрақ көздерi бұлтты күнгi көлдiң бетiндей тұнжырап, мұңайып тұр екен.


Шай дайындамақ болып едi, тамағым кеберсiп тұрса да қарсылық бiлдiрдiм.


— Сурет салып жүрсiз бе? — деп сұрады.


— Иә.


— Қандай суреттер?..


— Әр түрлi...


Әшейiнде сурет десе суырылып ала жөнелетiн әдетiмнен жаңылып, тiлiм күрмелiп, айтуға сөз таба алмай, күмiлжiдiм де қалдым. Қоштасарда қалтамдағы қымбат кремдi оған байқатпай үстелдiң үстiне қойып кеттiм...


Бүгiн бiр сәттi күн болды. Таңертеңгi сағат тоғыздың шамасында қалалық әкiмшiлiкте қызмет iстейтiн екi шенеунiк келiп, таяуда ғана жазып бiтiрген үлкен картинамды сатып алып кеттi. Менiмен тiптi, саудаласқан да жоқ, ескi сарайдың iшiндегi шеберханамды қомсынып, тезiрек кетуге асыққан сияқты. Өзара әңгiмелерiнен байқағаным, олар менiң картинамды Т. қаласының екi мың жылдық тойына келетiн шетелдiк қонақтарға сыйға тартпақ. Жаздық жейдесiнiң түймелерi ұшып түсердей тырсылдап тұрған мес қарын сары кiсi: “Оңай құтылатын болдық...” деп, ырқ-ырқ күлдi. Сiрә, менен емес, шетелдiк қонақтардан болар. Мейлi, кiм тарту етсе де, кiмге тарту етсе де өнер ел iшiне таралуы керек емес пе. Ерте ме, кеш пе, оны бағалайтындар табылады ғой.


Түске таяу Үмiт келдi. Мен бүгiн аяқ астынан қалай байып шыға кегенiмдi айтып мақтанып, кешкiлiк қала сыртындағы “Саялы бақ” кафесiне барайық деп ұсыныс жасадым. Ол күлiмсiреп тұрып басын изедi.


...О-о, бiз бүгiн қандай бақыттымыз! Саялы бақтың төбесiнен төне қарап, тамылжып тұрған мейiрiмдi түн менiң шешем сияқты алқаракөк мақпал бешпент киiп алыпты. Алқаракөк мақпал бешпенттiң өңiрiне қадалған таналардай жарқылдаған аппақ жұлдыздар қандай тамаша!...


Апыр-ай, бақыт дегенiңiздiң өзi де адамның көңiлiне тәуелдi, адамның көңiлiне бағынышты нәрсе екен ғой. “Е-ей, бақыт, мен сенiң сырыңды ұғып, құпияңды ашып қойдым! Сен мынау жер бетiндегi адамдарсыз өмiр сүре алмайды екенсiң. Сенiң қадiрiңдi бiлетiн де, бiлмейтiн де, сенi биiкке көтеретiн де, көтермейтiн де осы жер бетiндегi мұңлықтар екен!” — дегiм келдi шаттанып.


...Мен Үмiттiң суретiн салып жүрмiн. Ол шеберханама күн сайын келедi. Ұзақ отырады. “Сурет салу да қиын болады екен ғой”, дейдi таңданып. Мен: “Бұл жай ғана сурет салу емес, өнер, бейнелеу өнерi, — деймiн. — Мұнда бояулар үн қатып, ән салып, би билеп тұруы керек!”


Содан соң мен оған киелi өнер туралы, жетi қат көктен келiп жететiн тылсым ойлар туралы айтып түсiндiргiм келедi. Сөйтiп, сөйлеген сайын қызынып, өзiмдi өзiм ұмытып кетемiн. Оны да ұмытамын...


Күннен күнге мен оған бауыр басып бара жатқан сияқтымын. Сәл кешiксе, көңiлiм алаңдап күтемiн. Келмей қалса, iздеп барамын. Ол менiң өмiрлiк сыңарыма, осыған дейiн қараусыз қалған айдаладағы ескi күмбездей құлазып келген жан дүниемнiң шырақшысына айналған секiлдi...


Бүгiн мiне, екiншi күн, Үмiт шеберханаға келген жоқ. Түске дейiн тықыршып күттiм де, тағы да келмеуге айналғаны ма деген ойдан дегбiрiм қашып, тез-тез киiнiп, автобус аялдамасына қарай асықтым. Бағытым белгiлi... Оның неге келмей кеткенiн де iштей сезiп келемiн.


Тағы да сол... Таусылған ғой! Ол неге сонша қымбат? Бiз үшiн... Әрине, бiз үшiн қымбат. Сондықтан да бiз: “Алла жазды, бiз көндiк”, деймiз. Ал байларға түк емес. Олар сонда Алланың жазуына да қарсы күресе алатын болғаны ма?.. О тоба, мен не деп кеттiм осы?..


Бiрақ ендi, қарыз сұрап баратын да ешкiмiм қалған жоқ. Осыған дейiн сұрай-сұрай достарымның да, таныстарымның да мазасын алып бiттiм, олар менi көрсе, терiс айналып кететiн болды.


Жатақханаға бардым. Үмiтке жолықтым. Ол тағы да басын орамалмен тұмшалап алыпты... Ендi не iстеймiн? Ешқайда бар?ға зауқым соқпай, шеберханадағы фанер тақтаның үстiне киiмшең қисая кеттiм.


Таңертеңгiлiк қатқан нан мен қара су iшiп отырып, соңғы бiр айда Үмiттiң портретiнен басқа ештеңе жазбағанымды ойладым. Ал ол портрет, әрине, сатуға арналмаған. Өзiм үшiн жазылған дүние. Әлi бiткен жоқ. Бiр нәрсе жетпейтiн сияқты. Бiрақ не жетпейтiнiн бiлмеймiн...


Мен Үмiттiң портретiнiң алдына барып, қадала қарап бiраз тұрдым. Кеше ғана көңiлiме нұр құйып, жүрегiмдi алтын бесiкке салып тербеткен сурет бүгiн мүлде ұнаған жоқ. Жансыз бейне... Сұлу да, сымбатты да емес. Бiр жасандылық бар... Иә, жасандылық! Жасандылық, жасандылық, жасандылық...


Жоқ. Мен оның бейнесiн осындай күйде көргiм келген. Бұл менiң — арманым, қиялым едi. Өнерiм едi!.. Бiрақ соның бәрi жасанды болып шықты. Ол басқа... Мүлде басқа. Құдай оны өзгеше етiп жаратқан. Ал мен болсам, оған қарсы болмақпын. Алла тағалаға да, адамдарға да қарсылық бiлдiрмекпiн. Жо-жоқ! Олай болуы мүмкiн емес. Мүмкiн емес...


Кенет менiң жан дүниемдi бұлт басып, күзгi дымқыл тұмандай салқын сезiм жүрегiмдi торлап, қылқаламға қарай қол создым. Сосын оны қап-қара бояуға малып алдым да, орталықтағы қымбат дүкендердiң шыны сөрелерiнен бедiрейiп қарап тұратын манекен-қуыршақтар секiлдi жансыз бейненiң самайынан иегiнiң астына дейiн баттастыра жағып тастадым.


Бiттi! Жаратылысқа ешкiм де қарсы тұра алмайды! Ешкiм де... Қарсылықтың бәрi де — қиял. Шайтанның ойыны.


Кенет арт жақтағы ашық есiктен түсiп тұрған күн сәулесiн әлдекiм көлегейлеп:


— Иә, ендi дұрыс болды, — дедi бәсең үн қатып. Мен селк ете түстiм. Босағада басын аппақ орамалмен тұмшалап алған Үмiт о дүниеден келген әруақтай кiрпiк қақпай қадала қарап тұр екен.


— Иә, ендi бәрi де қалпына келдi! — дедi ол тағы да. — Осылай боларын бiлгенмiн. Өйткенi сiз Құдай емессiз ғой!..


Содан соң басындағы орамалын шеше бастады...”


Қолыма кездейсоқ түскен қоңыр дәптердегi суретшiнiң жазбалары осылай аяқталады екен.


***


Қонақ үйдiң балконына шығып, түннiң беймезгiл уағы болса да қызық-думанға тоймай, сауық-сайран салып жатқан қаланың қызылды-жасылды шамдарына қарап: “Сақалды қыз, сен қайдасың қазiр? — деп ойладым iштей толқып. — Осы қалада тұрасың ба?..”





Пікір жазу