28.11.2021
  367


Автор: Заря Жұманова

Иесіз қалған сандықтар

Төркініне жыл он екі айда бір келетін, ауылынан айшылық алыс жерге ұзатылған жанның сағынышы ұшқан ұясына келер-келместен, қайдан сап басыла қойсын. Елден шалғай, салты да, табиғаты да мүлде басқа қаладан келген соң ба, бала күннен көзтаныс, бірақ онша елеп, мән бермегенің бәрі-бәрі басқа қырынан, көңілге ыстық көрінеді екен-ау... Тіпті анау терезеге сырт-сырт соғылған түнгі көбелектер мен құлаққа кіруден тайынбайтын титімдей тас қоңыздар да көзге жылыұшырайды. Өлген-тірілгендеріне қарамай, іштегі самаладай жарық сәулеге жанталаса ұмтылатындарын қайтерсің?!.Түн түнегінен жүректері жарыла қорқатын сияқты бейшаралар...“Қара қыз жолдан шаршап келген шығар, жатып демалсын. Қалған әңгімені ай бойы айтып тауысарсыңдар, ”- деп әңгімеге апам араласпағанда, әлі қанша уақыт отырарымызды кім біледі?!.


Жылдағы дағды бойынша, біздің үй биыл да қыстаудан таяқ тастам жердегі жаздық сарайдан тамақтанып, салқын сая үлкен үйге көз байлана бас сұғады екен. Көктемде ақталғанымен, сыртын жазғы нөсер айғыздап кеткен, іші аршыған жұмыртқадай аппақ, ұядай ғана сарайдан жұрттың бәрі дүркірей көтеріліп, жатар орынға кетті. Сәл суый бастаған самаурының ішіндегі суды шұңғыл, сырлы табаққа құйып ап, басымды жудым. Әкемнің сақал қырғанда қарайтын кішкене айнасы күңгірт тарта бастаған ба, әлде шаршағанның әсері ме, жүзім бозғылт тартып, бір түрлі мұнартып көрінді. Ойнақылықтан гөрі, ойлылыққа ойысыңқыраған таныс бейнеге үнсіз қарап отырып, апамның қалай келгенін аңғармай қалыппын.


Бала кезім есіме түсіп кетті де, омырауына еркелей басымды қойып, жып-жылы, жұп-жұмсақ, көк тамырлары бадырая көрініп тұрған қолдарын ақырын сипаладым. Сағынышы ернеуінен аса шүпілдей толған мейірімді жанарына қарасам, жылап жібертінімді анық сездім. Екеуміз де бір сәт бір-бірімізді тас қып құшақтай тым-тырыс отырып қалдық. Терезені кіп-кішкентай жылтырақ қоңыздар сырт-сырт шертуде...


— Апа-ау, ұйқтай бермедің бе, ертең таң атар-атпастан сиыр саууға, мал өргізуге тұрасың ғой,- дедім үнсіздікті әзер бұзып.


— Жалғыз өзің қорқасың ғой...Айкенжан түнде осы сарайға жалғыз кірмейді.


— Кісі өз үйінен өзі қорқа ма екен?!.


— Бұрын ештеңе ойламастан, біз қонаққа кеткенде жалғыз өзі үйде қала беретін. Айман шешең қайтыс болғалы, “Қорқамын. Бәріміз кетісімен, Айман шешем келіп, тірісіндегідей сарайдағы сандықтарын ашып, заттарын түгелдейтін сияқтанады да тұрады” дейді...Апамның сөзін тыңдап отырып, көне сандықтарға сескене көз тастадым. Қабырғаға іргелете бірінің үстіне бірін жинап қойыпты. Студент кезімде демалысқа келген сайын, Айман шешемнің өзімен бірге талай рет ақтарысқан сандықтары. Кейін соншама үрейлі, соншама құпия сыр бүккен тылсым бір заттай көрінер деп кім ойлаған сонда?!. Ішіндегілері де әлі жадымда: біркиер “дұшпанкөз” киімдері, кебіндік ақ матасы, өзіне ғана баға жетпес қымбат, кезінде ұстап-тұтынған ыдыс-ақтары, сосын марқұм шалы — Мұқан атамыздан қалған қара дүрбі болатын...


Бала күнімізде олардың тоқал үйінің төбесіне шығып, көгалда жатқан қозы-лақтарын сол қара дүрбімен таласа қарайтынбыз. Бүкіл Жалғызапанға ортақ шығырлы шыңырау құдықтың басына иіріліп кеп тұратын “қарасан келгірлерін”... “Е, айналайындар-ай, осыны Құспанжан сонау жер түбінен пәселкімен салып жібергенде, мал қарауға керек болатынын білген ғой,” — деп Мұқан атам, бала — бізден бетер, мәз болатын.


Марқұм, жатқан жері жайлы болғыр, бала сияқты, ақ көңіл, жақсы жан еді. Өз кіндігінен өрген баласы болмағанымен, кемпірінің алғашқы қосағынан қалған жалғыз тұяқ — Құспан дегенде шығарда жаны бөлек еді. Жалпақ елге тегіс келген нәубет жылдары жетім балалар үйіне өткізіліп, салиқалы жігіт ағасы болғанда, елін тапқан көкеміздің де ақсақалға деген ниетінде бөтендік жоқ еді. Тумаса да, туған әкесіндей көріп кеткен. Мұқан атам Гүлу, Шолпан үшеумізге алма-кезек хат жаздыратын. Қазақша жаздырса, орыс келіні өкпелеп қалар дей ме, соғыста үйренген азын-аулақ орысшасымен, өзі айтып отырады: “Дет жип-ыздароп, бабышкі жип-ыздароп, ыскот-душа жип-ыздароп”, — деп, өзінше “мал-жанымыз аман” дегені ғой...Өзімізді орысша керемет сауатты сезінеміз. Пайдаға жарағанымызға төбеміз көкке жеткендей.


Пенде шіркіннің көңілінде қанағат жетіспей ме, қалай... Айман шешем жалғыз ұлының әйелін қартайғанда жұмсап, қолын жылы суға малмағанына көп налитын. Әйтеуір бір кезде жарық дүниеге әкелгені болмаса, бағып-қағып, оқытып-шоқытып, бейнетін көрмесе де. “Бәлен жыл көз жазып қап, қайта тапқан қарғамның маңдайына қазақтың бір қара қызы бұйырмағанын қайтейін?!”- деп кей-кейде көзін бір сығып алатын.


Ақыры, ел-жұрттың сөзін елең қылмай, “Жасаған берген жалғызының” соңына еріп, сонау жердің шетіндегі Сахалин аралынан бір-ақ шықсын. Онда да шалы дүниеден қайтқасын. Кәрі қойдың жасындай өлшеулі ғұмыры қалғанда. Үй-жайын, бар малын сатып... Бір аяғы — көрде, бір — аяғы жерде тұрған адам, өңі түгілі түсінде көрмеген шалғайдағы қалаға қайдан тастай батып, судай сіңіп кетсін?!. Оның үстіне, Құспанжаны — алыс айдында айлап жүзетін алып кеменің капитаны. Үйдегісінен түздегісі көп. Келіні де, жалғыз немересі — Маратик те бұның тілін түсінбейді. Бұл да олардың бір сөзін ұқпайды-ау, ұқпайды. Шүйіркелесетін бір адам жоқ. Адам жанынан басқаның бәрі табылатын тас қамалға сыймағандай, бір ауық балконға шығып, жан-жағына көз тігеді.


Көз жетер жердің бәрі — шеті мен шегі жоқ, телегей-теңіз. Шыңырау түбінде көз жасындай мөлдіреп жататын, қандай ыстық күннің өзінде ұрттасаң тіс жаратын құдық суынан басқаны көрмеген байғұс шошына шегін тартады. Құдай-ау, не деген көп су десеңші! Шаңқылдаған шағалалар...Ол да бұрын-соңды көрмеген құсы. Баяғыда-а-а, қара күзде ауыл үстінен моншақтай тізіліп, тыраулай ән салып құстар ұшатын. Үш бұрыш түзей. Сол қаз-тырналарыңның да қанаты талып, осынау шалғай шетке жете алмайды-ау, сірә!..Жазғытұрым “кө-кек, кө-кек” деп көңіл қуантатын қоңырқай құстан садаға кетсін, шағалалар! Көкек дегенің ерте көктемнің хабаршысы ғой. Бауыры жарқылдап, ауызына көлденең шөп тістеп алып, ерсілі-қарсылы ұшып, үй төбесіне жапсарлата ұя салумен әбігерленіп жүретін сүйір қанат, айыр құйрық қарлығаштардың да жөні тым бөлек емес пе еді! Биік өре үстіне қаз-қатар тізіп, кептіруге қойған майлы құрттарын аңдып отырмаса, шұқып тастайтын кішкентай қара торғайлар да көзден бұлбұл ұшты-ау! Беу, дүние-ай, алақанат сауысқан да ұшпайды екен бұл жақта. Тым құрыса, қысқы аязда “қарқ-қарқ” етіп жататын қарғалар көрінсеші көзіне...Бітеу қорадан тайраңдап шыға салып, шағырмақ күнмен шағылыса көз қарықтырған аппақ қар үстіне буын бұрқырата, үсті-үстіне тастаған сиыр-қашарлардың жып-жылы жапасына жапа-тармағай үймелеп жатушы еді-ау!..


Көз алдына сағымды дала елестеді. Шіліңгір шілденің ыстығында осынау көгілдір теңіздей боп көз арбай, мұң құбыла толқып жататын, дала жарықтық. Жолында кездескен қыз-қырқынның етегін басына түріп, шалдардың тақиясы мен қалпағын алып-қашатын даланың тентек құйыны да ерекше еді-ау. Бала біткен: “Түу, бәлекет, тазының үйіне кет!”деп, соңынан шуылдай тас лақтырып жататын шалдуар құйынды аңсаймын деп кім ойлаған?! Даланың ұшарын — жел, қонарын сай білетін, қалбаңдаған қаңбағын, апталап соғатын аптап желін бір көрер ме еді, шіркін!..


Белуарына дейін сусыма сап-сары құм басқан жатаған үйі көз алдынан кетпей қойды көлденеңдеп. Сырттан келген кісі әуелі бір-біріне іркес-тіркес салынаған мал қораларын басып өтіп барып, үйдің ішіне кіретін. Ішектей шұбатылған, түлкінің ініндей қуыс-қуыс сол құтты мекенін төбесі көк тіреген мынау зәулім үйге бекер ауыстырғаны ма... Баласының асты-үсті айнадай жарқыраған, бар қажеті іштен табылатын су жаңа пәтерінен гөрі, ескі үйі көңіліне соншама ыстық көрінетіні несі?!. Бар саналы ғұмыры түгел сонда өткен соң ба екен... Ауылдың қатын-қалаш, қыз-қырқыны үйінің сыртын көктемде — “1- май” мерекесі қарсаңында, күзде — “7 - нөябір” мейрамының алдында жабыла сылап беретін. Малдың жас тезегі қосылған қара балшықпен. Бар шаруаны тындырған соң: “Балаң салып жіберген үнді шайы мен тәтті-дәмдіңді шығар!” — деп сарықарын бәйбішелер бұның жанын алатын. Әлеңкідей жаланған Нәсіп, Күлән секілді жас келіншектер самауыр-самауыр шәй қайнатады. Қыстан қалған сүр ет қазанға тоғытылады. Ақ қағаздай жұп-жұқа іңкәл жайылады. Ақ бидай ұнынан. Қызыл шоқтанған отта, бүлк-бүлк баппен қайнап жататын еттің иісі қандай!. Қара жұмыстың өзін кішігірім тойға айналдырып жіберетін не деген берекелі ауыл десейші!..


Ал мында...жанын сыздатқан сарытап сағынышын сыртқа шығаруға тілін ұғар бір пенде жоқ. Кей-кейде шүйкедей боп есік алдына шығады. Өзі сияқты ауызы опырайған, кетік тіс кемпір-шалдар ұзынсонар әңгіме соғып, дуылдай күліп жатқаны. Одан қала берді, тиын-тебендерін ортаға салып, арақ-шарап ішеді. Сақал-шаштары ақ селеудей, қаусап тұрған қариялардың ішімдікке әуестенуін бір түрлі ерсі көреді. Алайда, сараң біреу құсап, көптен шет қалуға қысылады. “Керек емес, бұны қайда жұмсаймын?” — деп азар да безер болғанына қарамай, Құспанжаны қалтасына салған ақшаны шетінен уыстап алады да, бұрқыратып бере салады. Көп пе, аз ба деп бас қатырмастан. “Бәбішке, кәрөш, кәрөш!” — деп олар мәз...


Бір-бірінен аумайтын, белгі-бедері жоқ шұбатылған, өңкей біркелкі күндер. Ауылда жүрсе, бүйтіп үйкүшік болып, омалып үйде отыра ма: біреудің тұсаукесері, біреудің тоқымқағары, біреудің үйлену тойы, біреудің қыз ұзату тойы, құдалығы, біреу бала-келінінің еншісін бөліп, отау қып шығарса, біреу қоныс тойына шақырады. “Адам бар жерде қаза бар”. Біреудің жаназасы, біреудің үші, жетісі, қырқы, жүзі, жылы... Елде алаң болатындай ешкімі болмаса да кіндік кесіп, кір жуған ата қоныс ауызы жоқ бітеу жарадай күні-түні жанын солқылтады. Марқұм шалы да “Соры қайнаған-ау, сүйегің жат жерде қала ма?” — деп налитындай...


Құдай берген қу жалғызы қанша қимаса да, аңсап, бір көруге зар болған туған жерінің торқалы топырағына жетіп жығылды. Сонау бір жылғы ала сиыры құсап. Күзде етке тапсырылған байғұс малдың қасапшыдан қалай қашып құтылғанын кім білсін. Әйтеуір көктемге тақау арса-арсасы шыға азып-тозып, төңіректі басына көтере азан-қазан мөңіреп, өз қорасын тауып келген...


”Бізге не ауырлығы болсын?!. Оған бола, бөлек қазан көтермейміз, барды өзімізбен бірге бөліп ішер. Құдайға шүкір, көңіл жетсе, бәрі жетеді ғой,” — деп, әке-шешем үйдің бір бөлмесін босатып беріп, артық жүгін жаздық сарайға жинап қойған. Анасын елге әкеп салып, кейін кетерінде Құспан көкеміз қатты қиналды:


— Қолымнан келгеннің бәрін істеп бақтым. Мен жоқта зерікпесін деп, Алматыдан әдейі бірнеше күй табақ та алдырттым. Қазақтың батырлар жырын қашанғы тыңдасын. Бір күні ”Әңгімелесетін адам керек, қазақ тауып бер, ізде,”- деді. Қалаға келген адамдарды тіркейтін мекемені жағаладым. Қанша күн. Ақыры, “ұлты” деген жерге “қазақ” деп жазылған бір адамның дерегін таптым. Өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай қуанайын. Сол бойда алып-ұшып үйіне жетіп бардым. Жерден жеті қоян тапқандай. Көзі біздің әйелдікіндей көкпіңбек, толық сары әйел есік ашты. Іздеп келген бауырым үйінде жоқ екен. Мән-жайды айтып, қонаққа шақырдым...


Келісулі күнді Аймушка толқи күтті. (Құспан көкеміз егде тартқан қартаң шағында қауышқан анасын еркелете “Аймушка” деп атайтын.) Қонағымызды көргенше сан түрлі болжам да жасап тастады. “Ол байғұстың да шешесі мен құсап, анау бір жылдардағы алапат аштықта, ең болмаса, бір балам аман қалсын деп, баласын өкіметке өткізген біреу ме екен?!” — деп... Сонымен не керек, айтылған мерзімде сылыңғыр қара жігіт пен әнеугүні өзім көрген толық сары әйел табалдырығымыздан аттады. Жанымыз қалмай, төрге шығардық. Бар тәтті-дәмдімізді ауыздарына тостық. Қазаққа тән қонақжайлығымызды көрсетіп-ақ жатырмыз. Бірден: ”Бұнда не ғып жүрсің? Қайдан келген қазақсың? Қазақша сөйлей аласың ба?” — деп дүрсе қоя беру ыңғайсыз. Әуелі қайын жұртымыздың тілінде шүйіркелестік. Айтпағанымыз жоқ: ауа-райынан бастап, ішкі-сыртқы саясатты біраз жерге апарып тастадық. Сосын, сол кездері газет-журналдар жарыса жазып жатқан “ұшатын тәрелкелерге” ойыстық.


Екі әйел киім, дүние-мүлік, мода төңірегінде шүйіркелесіп, ас үйге кеткенде, “Бауырым, айналайын, мына үлкен кісімен қазақша сөйлесші,” — деп жалындым. Қонағым күмілжіп, “Потом, потом” — дейді де үсті-үстіне ұртын аспен толтыра береді. Бұлар қашан қазақ тілінде сөйлер екен дегендей, әрқайсымыздың ауызымызға жалтақ-жұлтақ қарап, екі көзі төрт болып, Аймушка отыр. Жетім бала құсап. Түрі адам аяғандай...Ұзын сөздің қысқасы, жарты тәулік бойы қонағымыздан қазақша жарты сөз ести алмай Аймушканың әбден діңкесі құрыды. Тамаққа да, араққа да сылқия тойғасын, қандас бауырым мүлде сөйлеуге шамасы келмей қалды.


Әйелімнің айтуынша, олардың бұл жаққа келгендеріне онша көп уақыт болмапты. Мол табыс табу үшін көшіп келсе керек. Сөйлемек түгілі, қазақ тілін мүлде түсінбейтін көрінеді. Елден жастай кетіп, жетімдер үйінде тәрбиеленіп, шет жерде жүрген менен жаман екен. Сол түні көрер таңды көз ілмей атырдым. Ақыры, қартайғанда Аймушканың жанын қинамайын деп ұйғардым. Өзім де пенсияға шығып, жұмыстан бір жола босағасын, елге оралармын. Алайда, тап осы аядай ауылға көшіп келемін деп, өтірік айта алмаймын. Қалың қазақтың қақ ортасына, теңіз жағалауындағы бір қалаға көшу ойымда бар. Ғұмыры жетсе, Аймушканы өз қолыма алып, бағамын,” — деген ағынан жарыла. Ол күнге байғұс Айман шешеміз жете алмай кетті.


...Сыры ұшып, өрнегі өшкен көне сандықтар жай ған мүлік емес, марқұмның ішінде кеткен арманы, жалғыз ұлына деген сағынышы, қызығынан қиындығы мол тылсым тағдыры тығылған сиқырлы дүниедей сезілді. Терезені кішкентай тас қоңыздар тырс-тырс шертеді. Жанталаса, жарыққа ұмтылған түнгі көбелектермен араласып, иесіз қалған сандықтарына асыққан Айман шешеміздің рухы жүрмегеніне кім кепіл?!.


Үнсіз ғана мені құшақтап, ой үстінде отырған апамның бауырына тығыла түстім...





Пікір жазу