Кайф
Шегебай — үлкен қаланың шеткері мөлтек ауданындағы биік үйлердің бір жертөлесіне орналасқан аядай ғана дүңгіршек иесі, яғни етікші. Иә, етікші. Оған несіне елең ете қалдыңыз. Сірә, көз алдыңыздан көпке белгілі таныс сурет көлбеңдеп өте шықпаса не қылсын. Солай, тура, адасқан жоқсыз. Бәрі де сіз ойлағандай. Ертеңгілік бұл маңай әдеттегі қалыпты тіршіліктен сәл қиыстау, абыр - сабыр күй кешеді. Кіреберістің темір есіктеріне де бір тыным жоқ, ашылып-жабылып, майланбаған топсасы «ойбайын» салып, миыңды кеміреді. Әрине, дөкейлердің нелері кетер дейсіз, қызметтік мәшинелері күтіп тұрады. Олар әсте асықпайды, қақырынып-түкірініп, талтаңдап үйлерінен әрең шығады. Ал қатардағы қызметкерлер иек астындағы аялдамаға тоқтайтын автобусқа ілігу үшін сырт киімдерінің түймелерін жолай түймелеп, тұра жүгіреді. Жас жұбайлардың үйреншікті «драмасы» белгілі ғой қашаннан: «балабақшаға баланы сен апарасың, жоқ сен апарасынмен» біраз уақытты текке өлтіреді. Мұндай қақпақылға тірі жан көне қоя ма, әке-шешесінің ит тірліктеріне ыза болғаны соншалық, дауысын әдейі күшейтіп, жер тепкілеп бақырып жылайды. Қала адамдары осындайда бір-біріне көмектесіп жіберсе, кәнекей?! Керісінше сендерге сол керек деп табалап бара ма қалай. Әйтпесе, жастарды жолынан қалдырмай, әрі бір бағытта болған соң мына тұрған балабақшаға әлгі жүгірмекті ілестіре кетсе нелері кетеді?!
Міне, осы тұста тұйық көшенің арғы бұрышынан жылт етіп көрінген ескі «Москвич» жайлап келеді де, дүңгіршектің алдына дік етіп тоқтайды. Апырмай, ағысқа қарсы жүзген көксеркеден аусайшы! Адам деген былай, ортаға бейімделер болмас па. Жұрт аяғы басылып, төңірек тынышталған соң-ақ келуіне болады ғой Шегебайдың, немесе Шегебай етікшінің. Қай жұмысынан қалып барады. Шегебайдың орнын тартып алғысы келіп, сыртынан бақылап, бақталасып жүрген біреу бар ма. Шлагбаумнан жүрдек пойызды белгіленген минутында, секундында өткізіп жіберетін кәнігі теміржолшыдай Шегебай дәл таңғы тоғызда осы маңнан табылады. Және күнде осы. Оу, жұмыр басты пендеңіз токқа қосылса бітті, зыр қағып жүйтки жөнелетін ойыншық мәшине емес қой. Басы ауырады, балтыры сыздайды. Тіпті думанды кештен көңілдірек оралып, артық ішілген «сомапалдың» әсерінен айыға алмай, түстен кейін, не жұмысқа шықпай қалса да Шегебайды шарқ ұрып іздейтін кім бар?! Жөндеуге берген аяқ киімдер иелеріне бүгін тапсырылмаса, ертең-ақ үлгірер. Кеңірдектен алатындай ол не қылған асығыстық?
«Таң азаннан дірдектеп нем бар. Шіркін Шегебай болсам жатар едім шалжиып, төбеге шырт-шырт түкіріп. Ай-хай, дүние-ай!»—Балкондарынан еңкейіп төмен қараған екі-үш қартаң кісі Шегебайдың қызыл «Москвичін» көргенде амандық-саулықтан бұрын: «Дұрыс, дәл уақытында. Жұмыстан кешіккен жоқ, үстеме жалақыңызды дайындай беріңіз» дегендей бір-біріне көз қысысып, жымың-жымың күледі. Одан әріге тереңдеу, бір түрлі олар үшін де ұят әм қылмыс. Кешегі «коммунизм елесінен» әзер құтылса да бүгінгі коммерциялық капитализм әлеуетіне «бір кірпіш боп» қалана алмай, өздерін құдды қос мекенді тірлік иесіндей сезінетін мына биік балкондағы кісілер Шегебайды жақсы таниды. Бес саусақтай біледі. Оның сол аяғының жуан саннан не үшін кесілгендігін, Ауған соғысынан тапқан кесел еместігін еске түсіру дегенің бергі жағы ғой әншейін; Шегебайдың етікшіліктен түсетін табысына қоса ұн-жарма комбинатынан бір айлық жәрдем ақша алатыны, үш бірдей қыз тәрбиелеп отырғаны, алдының институтта оқитыны, отбасымен ынтымақты өмір сүретіні, әйелінің ең болмаса бір ұл туып бере алмадым-ау деп Шегебайдың алдында кінәлі кісідей қысылатыны, жастары біразға келіп қалса да шаңыраққа ие болатын перзент сүюден әлі де үміттері барлығы, ерлі-зайыптылардың есепсіз дүние шашпайтын мәттақандығы, тіпті гипс жаңалау үшін Шегебайдың бес жылда бір рет Германияға барып қайтатыны... бәрі-бәрі көз алдарында жазулы хаттай сайрап тұр.
Ескі «Москвичтің» әм аяқ киім жөндейтін «Алтын таға» дүңгіршек иесін ал мықты болсаңыз кемсітіп көріңіз! Мүгедек, мүгедектігін кімнен жасырады. Өмірбаяны әлгідей. Жалпақ табанымен талтаңдап жер басып жүргендердің де қырып тастағаны белгілі ғой. Шегебайдың жанында олардың бір де біреуі жіп есе алмайды. Шегебайдың кез келген тірлігі атқан оқтай. Үнемі ондыққа дөп тиеді. Дүңгіршектің іші де құстың ұясындай, жып-жылы. Осындайда ескі түсінікті жымысқы ойлар алдымен омыраулайды-ай. Бірақ оны Шегебайға тели көрмеңіз, түптің түбінде өзіңіз абыройсыздыққа қаласыз. Сіз түгілі кезінде әжептәуір қызмет істеген мына балкондағы әтібірлі азаматтар да Шегебайға бір түрлі қызғанышпен қызыға қарайды. Іштей ұнатады. Бір-бірінің үйлеріне барып, бірін-бірі қонаққа шақырысып, жайма шуақ отырған сәттерінде де: «Бізге не көрінген, сірә, қартаяйын дедік-ау! Шегебайдан басқа әңгіме түгесілсе біткен екенбіз!» деп бірін-бірі қажап, әжуалаған да емес.
Етікшілер туралы ел не демейді. «Таныс сурет көз алдыңыздан көлбеңдеп өте шықты-ау» деп тықақтап сұраған себебіміз де осы еді. Біздің қалада да солай, етікшілердің дені мүгедек кісілер не мылқаулар. Әрине, бәрін бір ұғымның қауызына сиғызуға болмас. Дегенмен дені ішеді. Кешқұрым дүңгіршек жабыларда көпшілігінің бастары бұлғақтап, бір нәрсе сұрайын десең бетіңе қарап ыржалақтап, басқа әлем, басқа әуенің ырғағына түсіп, өздерінше рақатты күй кешеді. Мейлі ғой, мұндайға көпшіліктің көзі үйренген. Мәселен, осы мөлтек аудандағы бір етікші қара жерге төрттағандап тік тұрғызбаған тағдырына налып, өзін өзгелерден кем санап, осыларға келгенде тым кеңпейілдік танытатын құдайды да қарғап-сілеп, қазір өліп кетсе де өкінбейтіндігін айтып, бірде жуан дауысымен барылдап, бірде жылап-сықтап, шолтақ аяғына киген ағаш гипсі бір бұрышта, өзі тар көшеде көлденең түсіп жатып алса да тірі жан үндемейді. Елемейді, елең қылмайды. Қу арақтың уы ғой дейді ары кеткенде. Аяушылық сезімдер тұс-тұстан төпелейді. Түнемелікке қалатындай болса әлдекімдер қолтықтан демеп, шаңдақ киімдерін реттеп, дүңгіршек алдындағы жайдақ орындыққа әкеп жайғастырады.
— Әйеліңізге хабарлайық, телефонын айтыңыз, алып кетсін.
Манадан бері айтылған мың-сан ақылдың бірде-біріне құлақ аспаған етікші «әйел» дегенде ток соққандай тітіркеніп, былшықтанған жанарымен төңірегіне тіктеліп қарайды:—Атамаңыз, әйелі құрысын!
Бұл бәлкім, үйреншікті, жүрдім-бардым айтыла беретін қалжыңы да болар. Етікшінің әйелі тап сіз ойлағандай жарымжан күйеуіне төбеден қарайтын, күн сайын мөлшерлі тиын-тебенді алақанға салып тұрмаса табан астынан ұрыс шығаратын тәкәппар кісі де болмауы мүмкін ғой. Жалпы мылқаулар мен мүгедектерді қандай жүрек жұтқан да жөнге саламын деп уәде бере алмас. Өжет қой шеттерінен. Бастарынан бір сөз асырмайды және бір сөзді кешіре алмайды. Қалың қамыс ішіндегі жолбарыстай үнемі атыла кетуге дайын тұрады. Әлім жете ме, жұдырықтасудың жеті атасын меңгерген біреу болса әкемді танытар, одан құйрығымды қысып тыныш отырайын деген сақтық, қорқу, үрейлену сезімдері мылқаулар мен мүгедектердің бойларынан көп ұшыраса бермейді. Мүлдем өліп қалған. Әлде... гуманистік, ізгілік, адамгершілік турасындағы заң атаулының бәрі жиналып келгенде солардың мүдделерін қорғайтын болған соң, соған арқа сүйей ме?! Әйтеуір, ақыл-есі бүтін адам жарымжандармен жағаласпайды. Иіледі, сынатын жерде сынады. Жазатайым ашуландырып алса да жазықты болғандай арқасынан қағып, жік-жақпар күй кешеді. Жанжал шықса жеңіске жететін солар. Ал іс шынымен насырға шапқандай болса, жүйкесі жұқалары аяғындағы гипсін жұлып алып, қақ маңдайдан қонжитады екен дегенді де естігеніміз бар.
Мұның бірде бірінің Шегебайға қатысы жоқ. Шегебайдың тұла бойынан ибалықтың иісі аңқиды. Клиенттерімен ылғи да күліп амандасады. Жұмыр басына пайдасы жоқ, бөстекі әңгімелерге араласпайды. Әкім-қаралардың жер-жебіріне жетіп жамандайтын, ішіп қойды мен жеп қойдының көрігін қыздыратын, саясаттан сала құлаш «толғау» соғатын, «жұрттың бәрі жаман да тек өздері ғана жақсыларды» Шегебай саналы түрде жанына жуытпайды. Болған талайлар. Ертелі-кеш аядай дүңгіршектен қарс сүйем аттамайтын, етік жамап, өкшелерге нәл қағып, күс-күс алақанынан қалақтай балғаның сабы ажырамайтын Шегебайды аяп, сырттай болса да зиялы қауымның ортасына тартқансып, етікшінің «сауатын» ашқысы келетін сұңқылдақтар «Алтын тағаны» төңіректеуін төңіректеген. Бірақ олардың бірде біріне Шегебай ыңғай танытпады. Ыңғай танытса ұтылады. Белінің қуаты, білегінің күші бола тұра жан қинап жұмыс істегісі келмейтін, одан гөрі базар жағалап, екі-үшеуі «сабраз» жасап, арзанқол шөлмекті ауыздан-ауызға жағалатып, бұрыш-бұрышты бұқпантайлап пана тұтатындар аздап жылынып алу үшін Шегебайдың дүңгіршегіне де әдейілеп соғар еді. Қырық жылғы құдасын көргендей құшақ жая ұмтылар еді. Ойдан-қырдан жүдемелетіп әңгіме соғар еді. Өзге етікшілердің өзім деген кісілерге қол ұшын беруге әзер тұратын жомарт мінездерін мысалға келтірер еді.
Темір төске балға шақ етіп тиеді. Шегебай германиялық гипс аяғын еркіндеу созып, бірнәрсе айтқысы келгендей тамағын кенейді. Жұтқыншағы жыбырлайды. Темір төске тиген балғаның дауысы шақар.
— Болдыңдар ма, бойларыңды жылытқан шығарсыңдар. Енді осы тойғандарыңа риза болыңдар! Шагом шарш!
— Оу, Шегебай-ау, үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығармаушы ма еді?
— Сен немене, неңе жетісіп әкіреңдейсің, а?!
— Әкіреңдеп тұрғаным жоқ, маған жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдер.
— Не?! Сенің қолыңнан балғаңды тартып ағалы жатқан біреу бар ма?!
— Балғаны тартып алу ма сендерге, арттарыңа қараңдар!
— Біз көппіз, — Көзі адырайған көксау Шегебайдың кеудесіне сұқ саусағын қадайды. — Аспандама, ақсақ!
— Шыр бітейін деген екен...
— Көзіңе көк шыбын үймелету түк емес біз үшін... Сен секілді талай ақсақтың асаулығын жөнге түсіргенбіз бір сәтте.
— Қолдарыңнан екі келсе бірін қылыңдар.
— Үстіңнен аудандық мәслихатқа арыз түсірсек ертең-ақ біздің алдымызда құрдай жорғаларсың!
— Ойбай-ау, аудандық мәслихатты қайтесіңдер, жаздың екен, маңдайды парламентке бір-ақ тіреңдер.
— Ал біз, кімге және не жазатындығымызды жақсы білеміз, ақыл үйретпе! Халыққа жөнді қызмет жасай алмайтын етікшінің керегі не?! Дөрекі...
— Арымызға тіл тигізді деңдер бір жерінде...
— Оны өзіміз білеміз.
— Мейлі, ал қазір дереу табандарыңды жалтыратыңдар!
— Егер жалтыратпасақ...
— Онда өз обалдырың өздеріңе!
Шегебайдың жарымжан аяғымен қалай орнынан ұшып тұрғандығын ешбірі байқамай қалды. «Дүлей ғой мына ақсағың!» Көк желкеден тиген гүрзідей жұдырық алғашқы екеуін қосақабат сыртқа атып жіберді. Үшіншісінің намысы оянып қарсы ұмтылмақшы еді, гипс аяқ тура оң бүйіріне қадалды. Қисалаңдап ол кетті. Төртіншісінің көзі жыпылықтап, тұтқыннан құтылғандай қос қолын төбесіне қойып, Шегебайдың арт жағымен мысық табандап жылжыды. Тысқа шыққан соң тісін қайрады: — Бұл бассыздығың үшін тиісті органдарға жауап бересің Шегебай, бұл—адам правасын таптау! Біз демократиялық елде өмір сүріп жатырмыз...
— Қолдарыңнан келсе кесіп алыңдар!
— Неңді кесеміз, екінші аяғыңды ма?!
Арыз бір адамның атынан жазылса келістіруге, бітістіруге, тіпті жауып тастауға да болар еді. «Алтын таға» дүңгіршек иесінің үстінен жазылған қаралау арыздың соңына анау-мынау емес, төрт азамат қол қойған. Төртеуі де азаматтық құқымыз жермен жексен болды деп зар илейді. Және жазулары қандай, мірдің оғындай! Сауатты. Заң-законның көзінен тізгенде академикті жаңылыстырар. Жауап күтеміз деп артын салмақтайды. Талап арыз екі-үш құзырлы мекемеге қатар жіберілген. Не істеу керек? Әкімдіктегілердің әбден бастары қатты.
* * *
Шегебайдың күндегісі осы, бір жағынан мұнысына да шүкіршілік. Ақсақтығын араға тықпалап, ертеңді-кеш ошақ бұтын күзетіп, үйден қарға адым шыға алмайтындай күйге ұшыраса, ішудің көкесін әне, сонда кезіктірер. Оу, бәрінен бұрын «қой, жұмысқа барайын» деп, есік жақтауындағы киімдерін киіп, темір гараждың ішінде күйбеңдеп жүретін тірлігіне не жетеді! Қызыл «Москвичі» жарап тұр әзірге. Қақаған қара суығыңа қарамай, кілтті бұрап кеп жіберген сәтте дар ете түседі. Шетелдік жұтынып тұрған жаңасын алуға бір түрлі көңілінің хошы жоқ. Қай бәйгеден қалып жатыр. Үй мен жұмыс арасына кідіріссіз қатынап тұрса жарамай ма. Және Шегебай ескі мәшиненің кем-құтығын өзі-ақ жөндеп алады. Ешкімге жалынбайды. Оның үстіне көз дегеннен көрді ғой көресіні. Ертеңгілік көршілері бірінің мәшинесін бірі сүйрелеп, от алдыра алмай әуреге түсіп жатқанда ақсақ Шегебай мұртынан күліп, шетелдік мәшинесімен жандарына зу ете шықса... Бәрекелді! Ондайда Шегебайдың осы кісілердің ұлтаны желімнен ажыраған аяқ киімдерін аса ыждағаттылықпен жамап беретіні, пұлын да көп алмайтыны әрі уәдесінде тұратыны ескерілмейді де, оның ақсақ аяғын сылтауратып, биік үйлердің арасына темір гараж қойғызып алғандығы—әрбірінің кеудесін аяусыз тырналар. Міне, жылы жерде тұрған Шегебайдың мәшинесі бірден гүр ете түспегенде қайтеді?! Оу, бұл Шегебайдікі не басыну, а?! Егер Ауған соғысынан мүгедек боп оралса әңгіме тәмәм. Жұрттың аузын жабуға сол жалғыз деректің өзі жетіп артылады. Бірақ олай емес қой, Шегебай бейбіт күннің мүгедегі. Турасына көшкенде ұн-жарма комбинатында техник боп жүріп, жүгері тартатын агрегаттың әлдебір ақауын жөндемек болғанда транспартерге аяғын шайнатып алған. Сол-ақ. Осындай кәкір-шүкірді сылтауратып, әркім әкиматтан рұқсат алып кез келген жерге қаптатып гараж қоя берсе, балалар ойнайтын алақандай алаңнан да айырылып қалар. Шегебайдың темір гаражын сүргізіп тастаса қалай болар еді. Әрине, мұндай арам ой әркімнің кеудесінде булығып жүрген де шығар-ау. Бірақ гуманистік тәрбиемен ауызданған кешегі кеңес заманының адамдары қалай дегенде де ізетті ғой. Мүгедекті іштей мүсіркейді.
Ал Шегебайдың үш қыз тапқан әйелі етікшіге қарағанда сәл ақылдылау. Ойланып сөйлейді, алды-артын безбенге салады. Орынсыз жерге килікпейді, көбіне көп үнсіз қалады. Мәселен мына жағдайға бола Шегебайдың құлағын шулатудың қажеті не?! Аман-есен жүре берсін Шегебай! Құдай тілеуін беріп төртінші құрсақ көтереді екен, Шегебайдан сүйінші сұрауға асықпайды. Мән-жайды шегіне жеткенше зерттейді. Бір-екі айдан соң УЗИ аппаратына түседі. Ұл болса талай түнгі арман-мақсатының орындалғаны. Егер... жо-жоқ, о не дегеніңіз, Алла асылық айтқызбасын, көзге көрінген үш қызын бағып-қағып, құтты орындарына қондырса да жетер. Екі-үш күн ауруханаға жатып шығар азар болса...
— Сіз былай икемделсеңізші өмірге?!
— Не?! — Шегебай әлдекім жон арқасын осып жібергендей осқырынады,—Не айтпақсың мұнымен?!
— Тыңда, тыңдасаң—біздікі сізге болысу.
— Ал, ия...
— Елмен жағаласып... Жұрт аяғы басылған соң шықсаңыз да құр қалмассыз үлестен. Көзге түсіп... Артық әрекеттің қажеті не?
— Кімнің қорасына түсіппін?!
— Түспесеңіз де... Мәшинеңізді жылы гаражға қоясыз. Ешбір қиналмайсыз. Ал атан жілікті жігіттер...
— Немене, атан жілікті жігіттер керек болып жүр ме саған?!
— Ту...у, бас десе құлақ дейсіз. Қызба мінезің-ай! Егер қажет болса әйелдер о жағын да сізден сұрамайды.
— Иә, солай, солай екен-ау?!—Амалсыз шегіншектейді Шегебай: «Дұрыс, дұрыс айтады, әйелдің залымдығына таяу бойламас. Гараждың құжаттары түгел. Жер салығын төлегем. Оның үстіне әлгі сен айтқан атан жілікті жігіттердің алдынан талай өткем. Арым таза. Аккумуляторларын менің жылы гаражыма кіргізіп қойса бірнәрселері кете ме? Жалқау шеттерінен. Әлде мүгедек Шегебайға кіріптар болғысы келмейді. Не дейсің маған?! Ал мен тумысымнан жұмыскер боп жаратылған адаммын. Сондықтан денім сауда жұмыстан жарты сағат кешіккім келмейді. Мейлі, тау қопарып тастамасам да...»
Шегебай «Москвичін» дүңгіршектің терезе тұсына әкеп тіреп қояды. Кабинадан алдымен оң аяғын, сосын сол аяғын шығарады. Маңдайшадағы кішкене айнаға қарап, қобыраған шашын тарайды. Жейдесінің жағасын түзейді. Үстіне иісмай бүркеді. Ақсаңдай басып екі жерден құлыпталатын темір есікті жайлап ашады. Әлденеден күдіктене ме қалай. Осы арадан желкелеп шығарып жіберген әлгі аяқ-қолдары балғадай төрт азамат Шегебайға әкімшілік тарапынан тиісті жаза қолданылмады деп жарапазан айтып жүрген көрінеді-міс; ол ақсақтың әлі сазайын тарттырамыз деп тістерін қайрап жүрген көрінеді-міс. Кім білсін, осы күні адамға сенуге бола ма. Автобекетке, вокзалға, концерт залдарына жарылғыш зат қойып, оларын күні бұрын құқық қорғау органдарына хабарлап, айдың-күннің аманында елді дүрліктіріп және одан ләззат алып, шырт-шырт түкіріп жүргендерден бір нәрсе күтуге бола ма. Олардың қасында Шегебайдың «Алтын тағасы» сіріңкінің бір тал шиі ғой әншейін. Жарқ еті де жоқ болды. Орнында бір уыс күл қалар.
Ішке кірген бойда бірден былғары алжапқышын беліне байлап, төс темірді дүңкілдете жөнелмейді. Алдымен гүлдерге су құяды. Қызыл пүлішпен қапталған диванның шаңын сүртеді. Керекті қағаздарын реттейді. Салық комитетіне, электр қуатына және сондайлық кәкір-шүкірге төленетін ақшаны сейфтің үстіңгі тепшегіне қаттайды. Қолына хош иісті крем жағады. Әйелінің әпенділігін күлкі қылғанымен ептеп іші жылиды. Шегебайдың олпы-солпы жүргендігін ол да қаламайды. Бойжетіп қалған қыздарының кейбір қылықтарына қарадай-қарап қарыны ашады, әлі бала. Әкелерінің күні бойы шаншылып, балға соққылағандығымен шаруалары жоқ, Шегебай табалдырықтан аттаса-ақ болды, мойнына асыла кетеді. Ой, бәрекелді! Сондайда күйеуінің үстінен жағымсыз иіс шығып жүрсе жақсы ма?! Қыздары түгіл оны өзі де ұнатпайды. Айтқанға көнсе Шегебайдың иығына қыл жұқтырғысы жоқ.
Ағаш сәкідегі қаз-қатар тізілген аяқ киімдер қатаң график бойынша кезегін күтеді. Айналып келгенде олар түгелімен Шегебайға бағынышты. Бірін-бірі басакөктеп, басып-жаншымайды. Ертеңгі күні осылар иесін тапқанда қалай-қалай ойнақтар еді, тіпті Шегебайды да басып озып, шаң қаптырып кетер еді. Аяғы саулармен жарысқа түсетіндей Шегебайдың шамасы қайда. Сондықтан әркім қолынан келетін шаруасына мәтіби. Мыналарды балғамен тұмсықтан бір-бір нұқып қойса да Шегебайдың қолын қағатын тірі жан жоқ.
Бірінші тұрған бұзаубас бәтеңке анау интеллигент шалдікі. Әрине, шал десеңіз шалқасынан түсер. Әлі күнге дейін сыптай боп әдемі киінеді. Өмір бойы креслодан түспеген кісі сәл көкіректеу, танымайтын адамдай кейде Шегебаймен де салқындау амандасады. Шегебайдың оған қарап қалған несі бар, жасы үлкен болған соң бас изейді. Одан бір нәрсе дәмете ме? Аяқ киімін жөндеуге әкеп жүрген кемпірі. Ой, оныкі баяғы оқтау жұтқандай сіресу. Бәтеңкені қолына алып тұрды да кері ысырды. Ықылас танытпады бір түрлі. Одан кейінгі кезек бастауыш мектеп мұғалімінің етігі. Бір баласы бар. Бұл ауланың тұрғындары Шегебайға бес саусақтай белгілі. Оның күйеуімен қол ұстасып қатар жүргенін көрмепті. Әлде байқамай алды ма. Ұзынқұлақтан естуінше әлгі есерсоқ күйеу біреудің тұрмысқа шықпаған қызымен байланысып жүкті ғып қойған тәрізді. Қыздың әкесі де әпербақан біреу білем, «қолыма түссең ажалың менен болады» дейтін көрінеді. Оу, айдалаға айбат шеккенше, одан да қызын тәрбиелеп алмас па?! Мұғалимамен хабарласа ма, хабарласпай ма, кім білсін, о жағына тереңдеп қайтеді. Ал шындығына келгенде Шегебайдың көкірегінен де бір түрлі аяушылық сезім оянады. Өзі де үріп ауызға салғандай әдемі. Оқтаудай балтырлары қандай! Сырмасы сынған етікті мұқият сүрткілейді. Қонышын қалыпқа кигізеді. Өткір бәкінің ұшымен сөгілген тұсты ойып алып, жаңадан былғары жапсырады. Бүгін кешке дейін дайын етеді бұйырса. Радиодан терме тыңдайды. Сыр сүлейлерінің ерекше маһаммен айтылатын терме-дастандарының дискісі түгелге дерлік осында. Бірінен соң бірін тыңдайды. Жалықпайды.
Дүңгіршек маңайынан от алмаған мәшиненің тұтыққан дауысын естіп қалды. Гипс аяғын тез игеріп, тысқа қалай атып шыққандығын өзі де аңғармады.
— Айналайын-ау, аясаңшы, темір тұлпарым бар дегенде ғой тұмсықтарыңмен аспан тірейсіңдер! Ауыздыға сөз бермейсіңдер! Мәпелесеңдер бұл бейшара да жөнге түседі. Тепкілейсіңдер келіп, тепкілейсіңдер! Свечаға май тұнып қалған. Кәне, былай тұр.—Шегебай капотын ашып, әлдебір тетікті кілтпен ағытып қайта салып еді, мәшине гүр ете түсті.
— Қанша аласыз?
— Не?! Мұныңды білгенде ме?! Қап, жылы орнымды суытып нем бар еді! Ай, Шегебай, Шегебай! — Етікші көздері жәудіреген жас қызға қарап, суық жымиды.
Мылқау әйелдің бір бөлмелі үйінде шалқасынан түсіп, шырт ұйқыда жатқан Биахмет жер асты дүмпуінен шошып оянғандай, жастықтан басын жұлып алды:—Мен... мен, қайда, қайдамын, а?!
«Сен, сен айдасың! — Келіншек сылқ-сылқ күліп саусақтарын ербеңдетті. Үстөл үстіндегі жартылай ішілген жартылықты нұсқады, — бас жазамысың?!»
— Кетші-ей! — Биахмет бет-аузын тыржитты. Бір стақанды тартып жіберсе де теріс болмас еді. Бірақ өз-өзін тежеуге тырысты. «Мынау қайдан тап болған тың бастамалар? Ішу ешқайда қашпас, ішті ғой мүйіз шықса. Апыр-ай, бір нәрсе көрінейін деп жүргеннен сау ма?! Шегебайдың түр-тұлғасынан-ақ құтыла алмай-ақ қойды. Көзін тастай жұмса-ақ болды, жүрер жолын кес-кестеп, талтайып Шегебай тұра қалады. Міне, менікін көрдің бе дегендей, балағын жуан санға дейін түріп, Германиядан жасатқан гипс аяғын көрсетеді. Ұрып қойыпты ондай аяқты! Өзіміздікімен-ақ Биахмет те қатардан қалып жатқан жоқ. Ешкімнен кем емес, бұйырса ертеңнен бастап Сарыағаш шипажайына барып, дем алып қайтпақшы.
Биахмет ақсақ та осы мөлтек ауданның ана басындағы аяқ киім жөндейтін дүңгіршек иесі. Мұныкі де Ауған соғысынан тапқан кеселден аулақ. Төбелес қоя баяғы. Біреулер пойыздың тамбурынан лақтырып жіберген. Жер-жерге түйіндемесін жіберіп, өзіне лайық қызмет іздеп еді. Техникум бітірген. Екі-үш дипломды мамандар қызмет таппай сандалып жүргенде Биахметтікі не аспандау. Мүгедектерге моральдық және асқан адамгершілік тұрғысынан қарайтын біздің қоғам қалай дегенде де адал ғой. Биахметке де әкелік қамқорлығын аямады. Екі-үш ай тегін оқытып, дүңгіршек ашып берді. Қалғаны Биахметке байланысты.
Жарағыр, көбірек сілтеп жіберген бе немене?! Төбе құйқасы қырық құмырсқа кеміріп жатқандай шымырлайды. Тамағы құрғайды. Мойны былқылдап, екі иығына алма кезек құлайды. Осы келіншектің не пәлесі барын қайдам, әлде арықтың ішіне дәрі қосып бере ме, әйтеуір үйіне келсең бітті, айналсоқтап тұзаққа түскендей маталасың да қаласың. Биахметті клиенттер күтіп жүрмесін ана жақта.
Көзі кіртиіп төңірегіне тіктеліп қарады. Өз шаруасымен арлы-берлі зырлаған мылқау келіншектің жуан бөксесін алақанымен сарт еткізді. Бұйымтайы енді еске түсті:—Бардың ба, Шегебайға?
«Бардым». — Келіншек басын изеді.
— Мән-жайды түсіндірдің бе?
«Түсіндірдім».
— Не деді?
«Үн-түнсіз шығарып салды».
— Қалай, қалайша, жын қағып кеткеннен сау ма Шегебайды?! Оу, ол Германияға жүргелі жатқанда осы қаланың бар етікшісі жиналып, «орамал тон болмайды, жол боладының» ырымын жасап, ниетімізді білдірген жоқ па едік. Соның басы-қасында өзім жүргем. Германия болмағанмен Сарыағаш та...
Қабырғаға сүйеніп орнынан тұрды. Тәлтіректеп тысқа шықты. Бүрсеңдеп ішке қайта кірді. Әлденеге ашуланғандай қолдары дірілдеп, қырлы стақанға құйылған арзанқол арақты шіміркенбестен тартып жіберді:—А-ха-ха, сен, сен бар-ау, маладес! Сезесің бір нәрсені. А-ха-хау, бүгін менің кайф ұстайтын күнім екен ғой. Бүгін қасыңдамын бұйырса...
«Еркіңіз білсін!» дегендей келіншектің көздері күлімдеді.
Биахмет екі қолын тарақтап желкесіне қойып, темір кереует үстінде еркін көсілді. Мастығы тез тарқады. Көзін жұмса бітті Шегебайды көретін болған соң, одан құтылудың жолдарын тереңірек және жауапкершілікпен ойластырды: «Шегебайдың мұнысы адамгершілікке жата ма? Бес-он тиынын бермесе артына тықсын! Биахметке бұйырған несібе де тұрған шығар бір жерде. Кім-кімді асырап жүр? Оу, алысқа сапар шеккелі жатыр екен, «Биахметтің жолы болсын, жақсылап демалып қайтсын» демей ме ең болмаса. Үн-түнсіз шығарып салғаны қалай? Және Биахмет арнайы адам жіберіп тұрғанда...»
Көз алдынан аумалы-төкпелі дүниелер кино лентасындай тізбектеліп өтіп жатты. Қаладағы мылқаулар мен мүгедектер қауымдастығы бас қосу ұйымдастырса бітті, бәрі жабылып Шегебайды мақтайды. Мақтағанда да түбін түсіреді. Ақсақтығына қарамай шағын бизнесті дұрыс жолға қойған Шегебай... Тірі жанды сандалтпай, аудандық салық комитетіне уақытымен жарнасын төлеп тұратын да Шегебай... Халыққа қалтқысыз қызмет істеудің үлгісін Шегебайдан үйреніңдер... Шегебайдың тәжірибесін бүкіл қалаға таратамыз... Айына бір рет Шегебайдың лекциясын тыңдайық... Шегебай мастер-класс ұйымдастырсын... Оу, сонда бұл Шегебай баса-көктеп қайда барады?! Шегебайға тоқтам айтатын бір адам табыла ма, самародный сары алтын болды-ау сонда бұл Шегебай?!.. Шегебайдың иненің жасуындай қылмысы жоқ, тап-таза... Шегебай құдайдың тапа-тал түсінде төрт бірдей азаматты желкеден түйгіштеп, дүңгіршектен қуып шығады. Сонда да Шегебайдікі дұрыс. Мейлі, ит те болса сол төртеуі ғой, Биахметтің арғы-бергі жол шығынын көтеріп жүрген. Шегебай бүйтіп басқа секіре берсе, бір күні...
* * *
Шегебайдың дүңгіршегі түн жарымында от құшағына оранды. Оның қайдан келген кесел екендігін етікші жақсы түсінді. Ертеңінде асықпай киінді. Қайда асығады. Гипс аяғын сылап-сипап қайта киді. Тістері қышырлады, жағы жыбырлады. Сөйтті де мылқау келіншектің үйіне телефон соқты: —Биахмет, сен сондасың ғой, күт мені. Қазір барып, желкеңді қиямын, сау аяғыңды сындырамын!.. Әңгіме сол!..
— Келме, неге келесің! Сені шақырған біреу бар ма?! Кайфты бұзасың, бүгін кайф ұстайтын күнім...
Шегебайды есік алдынан әйелі күтіп алды: — УЗИ-ге түстім. УЗИ алдамайды. Құдай тілегімізді берді, төртіншіміз ұл екен, Шегебай...
Етікші не ілгері, не кейін жүрерін білмей қалт тұрып қалды.