27.11.2021
  134


Автор: Қуаныш Жиенбай

Жұмыртқаның сары уызы

— Сіз осы... шынымен маған ғашық боп қалғаннан саусыз ба? Асай-мүсейлеріңізді арқалап, күнде келесіз сонша жерден салпақтап. Келесіз де, менің тұла бойымды көзбен тінткілеп, өстіп сүмірейіп тұрасыз да қоясыз. Және жөні түзу әңгіме де айтпайсыз. Бір түрлі қызықсыз ғой өзіңіз... — Зибагүл тақтай сәкіде жүрелеп отырған күйі мырс етіп күліп жіберді. Күлді де, артынша әлденеге қабағын шытты. Кәдімгідей ренжіді. Өзгеге емес, өзіне. Тарамыс саусақтарымен оң иығына құлаған оқтаудай бұрымын арқасына қарай сілкіп лақтырды. Ашулы. Ой-хой, ұртын томпайтып, әлгі тіркестерді тауып айттым деп тұр-ау, ә?! Айт жоқ, той жоқ айдалаға лаққанына жол болсын. Жөн білетін адамның тірлігі ме мұнысы?! «Жә, мені жақтырмасаңыз жөнімді табайын ендеше» деп келген жағына қарай тайып тұрса, мына жігітті қайдан табады. Екеуінің арасында көзге көрінбейтін ибалық па, сыйластық па, сондайлық жылы-жылы сезім ұшқыны аңғарылса екен-ау ең құрыса...


Жұмамұраттың әлденеден құр қалғандай, ұйқыдан тұрысымен ауылдың теңіз жақ беткейіне қоныстанған Зибагүлдердің үйіне салып ұрып жетіп келетіндігіне қуанбай ма одан да. Оу, әділдігіне жүгінгенде Зибагүлді мұнан басқа біреулер іздеп, ойға-қырға сұрау салып жатса сөз бар ма. Дұрысы, қамыстан тұрғызылған шартақтың сықырлауық есігі ертелі-кеш бір-ақ мәрте ашылып-жабылады. Шешесі биыл алтыншы сыныпқа барған сіңлісін ертіп, таң азаннан мектептегі жұмысына кетеді; содан шаршап-шалдығып қас қарая бір-ақ оралады. Сол аралықтағы адам төзгісіз ұзақ-ұзақ уақытты жападан-жалғыз өткізу — ата жауыңа тілемейтін азап. Басқа салғасын амал бар ма, сол азапты үн-түнсіз бірге көтеріп келе жатыр Зибагүл. Жасырып қайтеді, мұнан екі жыл бұрын: «Менікі осы не тыртыңбай, оттан, судан, автомобиль апатынан мені сұлу көркімен он орап алатын арулар да ажал құшып жатқан жоқ па. Шешеме масыл болғанша...» деп әлдекімге міндет артпастан, тіпті бір бет қағаз да жазып қалдырмастан, мына дүниемен қоштасудың жай-жапсарын жұптап қойған. Ол бір бас ауыртатындай қиын шаруаға ұқсамайды. Мінекей, өстіп отырған күйі күннен, жауын-шашыннан қорған болсын деп тұрғызылған сәкінің белағашына жуан арқанды шиыршықтап-шиыршықтап лақтырасың да бір ұшын мойынға мықтап байлап, төмен қарай бір саты сырғып түсесің. Бітті. Одан кейінгі қым-қуыт оқиғаға Зибагүлдің қатысы шамалы... Ойпыр-ай, мына дүниеде ана жүрегінен асқан сезімтал құдірет болсашы?! Жиырма жасар мүгедек қызының күндердің күнінде өз-өзіне қол жұмсамасына кім кепіл. Саңырау болғыр құлағы соңғы кездері сондай-сондай сұмдықтарды жиі еститін болып жүр ғой. Ернін тістелеп ішінен тынады. Өздеріне қол жұмсайтындардың дені осы Зибагүлдің жасындағылар. Айтатын уәждеріне де артың ұялады: «Мені сүймеді», «Басқа қызбен қыдырып кетті», «Жүкті боп қалған соң, елге көрінуге жүзім шыдамады»... Ылғи осы. «Басқа қызбен қыдырып кетсе жолы болсын, өзге жігіт құрып қалып па, табылар бір бөрік киген, тәңір алғыр!»


«Сен өйтпе, сен бүйт пе» деп Зибагүлге де тіс жармайды. Жүйкеге тиетін «ақылды» бекерге жүк қылғысы келмейді. Беті аулақ. Сосын мектепке барарда Зибагүлді айналып-толғанып жүреді де, көзге түсетін оғаш заттардың бәрін қамыс сарайдың қараңғы түкпіріне тығып кетеді. Арқан, жіп, пышақ атаулыны сұмдық жек көреді. Бір үйдің бар тауқыметі бір басына түскен соң не сұрайсың. Күйеуі көрші облыста, вахталық әдіспен қара жұмыс істейді. Айлығын сирек көресің. Оның үстіне Зибагүлге сатып алатын дәрі-дәрмегі және бар. Мүгедектігіне беретін үкіметтің жәрдем ақшасына ауыз жарымайды. Сосын амалы қанша, декретке кеткен, не сырқаттанып қалған әріптестерінің қосымша сабақтарын да өзі өткізеді. Өткізгені бар болсын, қалта телефонына қоңырау түскен сайын зәресі зәр түбіне кетеді. Қоңырау шалынбаса тым алақай. Өзекті жан келер күндерден үмітті ғой қашанда. Бір құдіреттің күшімен Зибагүл ертең, не одан арғы күні өз аяғына мініп, есік алдында өзін күтіп тұратын секілді елестейді; сосын екеуі жалаң аяқ, жалаң бас кенересі толған Кіші теңіздің құмдауыт жағалауымен алыс қиырларға алып-ұшып жүгіріп бара жатқан секілді елестейді. Қайда барады, кімнен қашады, неге қашады? Белгісіз. Белгілісі — Зибагүл екеуінің бір кездері әл-дәрмендері құрып, аяқтарын ілгері басуға да шамалары келмей титықтап, етпеттерінен құм шағылға тұмсық тірей құлағаны... Одан соңғыларының бәріне көнер еді, кісі бойынан асатын жайын балық теңіз түбіндегі балдырлардың арасына сүйреп әкетсе де өкінбес еді. Себебі, ұлы теңіздің біртіндеп қалыпқа түсе бастауы төңірегіндегі «трактат» — Зибагүлге шипа боларлықтай табылған тәсіл. Бұған келгенде жағрапиядан сабақ беретін анасының алдына түсетін адам жоқ. Қиял-ғажайып ертегілерді осы заман құбылыстарымен жымдастырып жібергенде бар ма, не аңызын, не шындығын ұстай алмай дал боласың...


Қолынан келсе Зибагүл сыртқы дүниемен байланысын мүлдем үзсе екен дейді. Қатар-құрбыларының хал-ақуал сұрап келгендерін де құп көрмейді. «Әне, тартылған теңізді қайтадан қалпына келеді деп кім ойлаған, кім үміттенген. Сол теңізге ара-тұра өзің барып та, шомылып қайтасың». «Өз аяғыңмен» дегенді айтқысы келіп, қанша тырысса да тілін тістеп үлгереді. Ондай да Зибагүлдің қолына іліккен кесе-шәйнекті, оны-мұны ыдыстарды жан-жаққа лақтырып, қыстығып жылап жібермесіне кім кепіл; «мені мазақ қылып отырсыз» деп екі-үш тәулікке дейін нәр татпастан теріс қарап жатып алмасына кім кепіл. Сондықтан анасы өзі түгілі келімді-кетімді кісілердің де Зибагүлмен барынша байыпты, барынша сыпайы сөйлескендерін қалайды.


«Жа-рай-ды, теңіз жайлы толғаныстың мән-жайын түсіндік. Сіздің-ақ дегеніңіз болсын, ал мына дүниеге артық адам екендігіңді сезінсең, одан құтылу аса қымбатқа түсе қоймайтын секілді ғой» деп сол арқан, сол жіп сақтайтын қамыс сарайға қарамауға тырысқан...


— Менің айтқандарыма өкпелеп қалған жоқпысыз?! Жә, от ала келгендей болмай аяғыңызды шешіп, жоғары шықсаңызшы. Сізге арнап қазан көтергеніміз жоқ. Барға — базар.


Ағаш сәкіні сықырлатып, Жұмамұрат Зибагүлдің жанына келіп тізе бүкті: — Құдай салмасын, сірә бүгін қырық градустан асып жығылар. Әлден күйіп тұр, түске тақау не болмақ? — Көлдей орамалымен жүн-жүн кеудесін сүрткіледі. Самайдағы шүпірлеген тер тамшыларын қолының сыртымен сылып тастады. Төбеге қарады. Брезент жапқыштың біраз жерін шақырайған күн шұрқ-шұрқ тесіп тастапты. Сол тесіктен саулай құйылған өткір сәуле Зибагүлдің алдындағы алтын жалатқан потносқа шағылысады. Шай суып қалған тәрізді. Әлде қаталап шөлдеп келгендікі ме, алғаш құйылған екі-үш кесені кідіріссіз бірінен соң бірін жөнелтті. Тер бұрқ ете түсті артынша. Жұмамұрат бұған пәлендей қысылған жоқ. Көптен ұстара тимеген сақал-мұртын алақанымен бір сипап, сосын жанындағы жастыққа жантайып, аяқ-қолын емін-еркін созғылады. Зибагүл қолтарлық жасамаса шайды да ұзағырақ сораптайтын түрі бар. Шыны керек, Зибагүлдің шайы бал татиды, іше бергің, іше бергің келеді. Ал осындағы өзі жататын үйдің әйелі сәл салақтау, әлде қонақ күтуге сәл олақтау кісі ме, әйтеуір, құйған шайынан титтей ләззат ала алмайсың. Құдды тұз қосылған керек дәмі бар жағымсыз асты байқаусыз ұрттап қойғандай, ұялғаннан әзер жұтасың.


— Ойпыр-ай, сіздің ауылдың адамдары сірә, темірден жаралған білем,— Жұмамұраттың түк көрмегендей дастарқанға еміне түскенім жарамас деп, өзінше бірдеме айтқансыған түрі, — Мынадай ыстықта... үйтіліп тұрған от. Дарияның жағасына қостанып жатып, шөп шабады екен тағы да. Алтын берсе де мен мәселен, оған шыдамас едім.


— Шыдамайсыз, шыдамақ түгілі, олардың қарасын да көре алмайсыз. Бір есептен, соны мойындағандығыңыздың өзі ерлік. Қойыңызшы, ерлік атаулыдан садаға кетіңіз. Тілге оңай оралған тіркес қой, әншейін. Жақсы ма, жаман ба, ұнатасыз ба, ұнатпайсыз ба, біздің елдің күнкөрісі осылай. Ал сіздер жаһандану, өркениет, робот жайлы өңшең пафостан тұратын шежіре шертесіздер. Шөп шабады дейсіз, оны жинап, қораға тасып алғанды айтсаңшы. Мың өліп, мың тірілу — әне сол! «Шыдамаймын!» Иә-иә, менің жерлестерім де мұнан артық жайлы өмірге шыдамас еді. Бейнетке жаралған ғой шеттерінен.


— Айтпаңыз...


— Әңгіме бұзау емізер, шайды қайта демдейін, — Зибагүл қос қолын тіреп, сәкінің ернеуіне қарай жылжыды. Сәл еңкейгенде оқтаудай бұрымы оң иығына тағы құлады. Оны ашусыз, ренішсіз арқасына қарай ысыра салды.


— Мен, мен-ақ... — Обалы нешік, бәрі менің кесірімнен болды-ау дегендей Жұмамұраттың көздері жыпылықтап, орнынан ұшып түрегелгені сол еді, көз ілеспес жылдамдықпен Зибагүл бұл кезде арбасына мініп үлгерген-ді.


— Отырыңыз, күнде істеп жүрген тірлік қой. Ертең сіз кеткен соң маған біреу шай қайнатып бере ме? — Зибагүлдің дауысы бір түрлі қатқылдау естілді. Қоларбаны қалайша меңгеріп алған! Тура иесінің иек қағысын күткен арғымақтай, екі қапталдағы қолмен демейтін қос дөңгелек әлдебір жаратылыстың күшімен саусақ ұшын тигізсең бітті, өздігінен жүгіре жөнелетін мәшинедей елестеді. Зыр-зыр. Ауланың дәл ортасындағы қазандыққа бара жатқан тұста қоларбаның жылдамдығын тежеместен сал болып, сүйретіліп келе жатқан екі аяқты сол қолымен демеді де, арбаның төменгі тепшігіне дік еткізді. Ошақтың іргесіне жиналған екі-үш қадақ сексеуіл томарын тізесіне қойды да, артынша оттың көмейіне бір-ақ жытырды. Онсыз да күйіп тұрған оттың қызуына сексеуіл шоғының ыстығы қосылған соң не оңсын, жеңіл көйлегінің арқалығы жауырынға желімдене бастады. Маңдайы жіпсіді. Ошақ көмейіндегі қыз-қыз қайнаған темір шәйнекті қалай алар екен деп, Жұмамұраттың таңданыспен аузының ашылып қалғаны рас. Әбден әдісін алған әккі аңшыдай арбасын олай бір, былай бір бұлғақтатып келді де, темір шәйнекті лезде іліп әкетті. Тамшыдай су төгілсе не дейсіз. «Неткен шеберлік әм неткен төзімділік?!» — деп таңдай қақты Жұмамұрат.


Атшаптырым ауланы асфальттап берген әкімшілікке рақмет. Ал табалдырықтан әрі аттасымен кәдімгі қызыл құмның «жыры» басталады. Айнала ысылдаған қызыл құм. Бұл өңір жасыл-желек атаулыдан мақұрым. Тал, теректі әуре боп ауызға алмаған ләзім. Зибагүлдің бәлкім, ауладан қарыс сүйем алыс аттап шыға алмайтындығы содан шығар. Өкшеден кері тартып, сау адамның адымын аштырмайтын мына ысылдаған қызыл құм-аждаһа Зибагүлдің қоларбасына рақым түсіре қояр ма?!


Алтын потносқа темір шәйнектен басқа жұмыртқаның сары уызын қуырып әкеле жатқан қоларбадағы Зибагүл Жұмамұратқа айтатыны жоқ хор қызындай елестеді. Бұл елде жоқ әдемі сюжет еді.


— Тоқ-та, тоқтай тұршы, Зибаш...— Аяғына шалынысып сәкінің арғы басында жатқан фотоаппаратына әзер дегенде қол іліктірді. Жүрегі алқынып аузына тығылды. Саусақтары дірілдеп аппараты қайыс қорапшасынан әзер суырып алды: — Бір секунд...бітті, міне-міне, мұндай кадр қолға түсе бере ме?! Керемет! — Сартылдатып олай да түсірді, былай да түсірді. Зибагүл де соқталдай азаматтың бір өтінішін орындайын дегені болар әрі сол оңтайына келетін бір кадрге бола сонша уақытын шығындап, құм құрсауындағы ауылда сандалып жүрген Жұмамұратқа деген аяушылық сезімі оянды ма, әйтеуір, өзін-өзі қинағандай сәл езу тартып күлді де, қоларбасын жалма-жан ілгері жылжытты. Дұрыс, дұрыс-ақ, Зибагүлдің де біреуге аяушылық білдіретіндей мүмкіндігі болғаны ғой, ә?! Бұған дейін кім көрінгеннің аяушылық сезімдерін үнсіз қабылдаған. Ендігі кезек Зибагүлдікі.


— Шайды қайта қайнаттым. Асықпай қанып ішіңіз, сізді дастарқан жайып, өліп-өшіп күтіп отырған біреу бар ма?! Күн болса мынау. Айтқандай, аудан орталығына қашан жүресіз?


— Ан-2 ұшып келген күні. Келмей жатыр ғой табандап. — Жұмамұраттың манағыдай емес, шайға деген «шабыты» басылыңқырап қалыпты. Зибагүлді әуреге салғаны үшін ғана сүлесоқтау ұрттайды: — Рұқсат болса, бір нәрсе көрсетейін.


— Көрсет! — деді Зибагүл жұлып алғандай.


— Сіз үшін қанша пленка шығындағандығымды білсеңіз. Обьективте тек сіздің ғана бейнеңіз.


— ООН-нан тапсырма алған атақты фотосуретшісіз. Слайдтарыңызды дүние жүзінің жылтырақ журналдары жапатармағай жариялап жатады. Талғамыңыз да бізге қарағанда өзгеше ғой. Өзіңізге қалай?


— Нашар деп айта алмаймын.


Бір құшақ суретті асықпай, мұқият қарады Зибагүл. Кей тұстарына күлді, кей тұстарына болар-болмас қабағын шытты. Күллі тіршілігінің қағазға түскен көшірмесі ғой мынау. Иә, айтқандай мұның арасында Зибагүлден басқа тірі пенде көзге шалынса кәні! Сөз жоқ, өзі туралы көркем эпопея.


— Бәрі жақсы, тек бояудың түсі ғана келіспеген.


— Түсіне алмадық.


— Түсінбейтін несі бар, бояуы келіспеген дүние көзбояушылыққа ұрынады. Төңірегіңізге қараңызшы, дүние түгелімен сарғыш түске малып алғандай емес пе?! Көзіміз де сары түске үйренген. Сарғыш түсті жақсы көреміз бәріміз. Құм. Құм жұмыртқаның сары уызынан аумайды. Ал енді бізге не дейсіз?! Ал сіздің суреттеріңіз ақ пен қара. Бояуы келіссе суреттеріңіздің қолға тимейтін түрі бар. Осыған абай болыңыз...


— Жұмыртқаның сары уызы, сары уызы дейсіз, ә?! — Жұмамұрат апыл-ғұпыл тәрелкесіндегіні тауысып қойды.


ХХХ


Көрінген көкаттыға күллі өмірбаянын жариялап не басының іскені. Керек десеңіз, ООН-ның арнайы тапсырмасы еді дегендерге де өліп-өшетін жағдайы жоқ. Экологияның ауырлық нүктесіндегі бұл ауылға келіп-кетіп жатқандардың алғашқысы, не соңғысы бұл болмас. Артынып-тартынып талайлар келер әлі де. Келгендердің бәріне жалпақтай берсе, нелері қалады. Көрді, суретке түсірді, адамдармен тілдесті... соның өзі аз олжа ма Жұмамұрттар үшін. Енді осы тойғандарымен келген жақтарына тартып отырса да болар еді. Жоқ, әлі де бірнәрселерді түртінектеп іздейтін тәрізді ме қалай. Жұмамұратты айтады да... Зибагүлдің әрбір қимылынан көз айырмайды. Мүгедек қыздың тал бойынан не табады? Әлде тосын қылық шығарып, оны сол сәтінде аппаратына көшіре қойып, сенсацияға қарық болармын деп дәмелене ме?! Зибагүлдің бар болмысы осы. Қоларбасымен ауланың ана басы мен мына басын жол қылғаннан басқа не бітіреді. Сексеуілдің томарын майдалауға да, сәкінің көлеңкесін жамап-жасқауға да қауқары жетпейді. Дүкенге де бара алмайды. Жұмамұрат керегін осы төңіректен іздесін. Бәлкім, Зибагүлдің домбыраға қосылып, әуелетіп ән салғандығын тосып жүрген шығар. Кесте тіккені, ақ кенепке ою-өрнек салғаны керек пе? Ой-ой, қиюын келістірсе өтіріктің алмайтын қамалы бар ма. «Жарымжан қыз тағдыр тауқыметіне мойымай, өмірмен тайталасып күресе білді. Қатар-құрбыларынан кем қалғысы келмей, өз жағдайын өзі күйттеді...» Пах! «Кесте тігеді, киіз басады, сөйтіп шағын бизнесін ұршықтай дөңгелетіп отыр, әнекей!» деп нанға май жаққандай адамның жүзі шыдамайтын қайдағы-жоқты жылпылдатып жібермесе не қылсын! Бұлардан ондайларды да күтуге болады. Расы сол, кесте де тіге алмайды. Егер соны күтіп жүрген болса, онда Жұмамұраттікі бекерге жан қинау.


Зибагүлдің де қайбір оңған қылығы бар. Бірде Жұмамұратты оңбай састырған. Оны естігенде Жұмамұраттың екі көзі жыпылықтап, тамағына тас тығылғандай үні шықпастан, дәп бір Зибагүлдің алдында кешірілмес күнә жасағандай, әбден әбігерге түсті.


— Білем ғой сіздерді... еркектерді... Жиырмадан асқан мүгедек қызбен оңаша кездескен сәтті неге бекерге өткізеді. Зибагүлдің де нәті әйел. Оның үстіне еркектің иісін сағынып, ындыны құрып жүрмесіне кім кепіл. Ыңғай білдірсең, құшаққа өзі-ақ келіп құлайды. Ләззаттың бір дәмін алған соң, тұла бойы күйіп-жанып, келесі жолы да соны тілер. Нең кетеді. Алда-жалда жүкті боп қалса да, құм құрсауындағы ауылдағы дімкәс қыз сені қайдан табады. Шөмелеге түскен ине секілдісің ол үшін. Кеше бар да, бүгін жоқ. Сенікі де ерсі емес, еркектік парызыңды өтедің. Көзі қарайып, өлуге келген байғұстың да сауабын алдың. Сосын Зибагүлді тырдай жалаңаш шешіндіріп, фотоға қалай түсіремін десеңіз де еркіңіз... Қос анарын қолаң шашымен тұмшалап.


— Қой, қойыңызшы, сіз тіпті тереңдеп барасыз ғой, жүдә!.. — Асай-мүсейлерін асынып, тез-тез жиналып, енді бұл үйдің қарасын көрмейтін кісіше асығыс шығып кеткен-ді. Содан екі-үш күнге дейін төбе көрсетпеді.


ХХХ


Жұмамұрат Зибагүлді экологияның әсерінен сал аруына шалдыққан мүскін деп пайымдайды. Әрбір қимылын қалт жібермей, тынымсыз фотоға түсіріп жүргендігі де содан. Тосын тақырып. БҰҰ-ның әлемдік экологиямен айналысатын департаментінің жыл сайын ақ пен қара түсті фотоларға бәйге жариялайтын дәстүрі бар. Бірінші, екінші орын түгілі, үшінші орынға іліксе де мұртын балта шаппайды. Қаражаты қомақты. Бірақ оның бәрін тәтпіштеп Зибагүлдің басын ауыртып не жыны бар. Жұмамұраттың ішінде де бір қулық жатуға тиіс қой. Одан жарылып өлмес. Ал бұған келгенде Зибагүлдің де есебі түгел. Жұмамұрат ескі түсінікке алданып жүре берсін. Экологиядан тапқан кесел. Жә, бопты. Бірақ шындық одан гөрі сәл өзгешелеу еді.


... Облыс орталығындағы пединституттың үшінші курсын бастаған жылы әдеттегідей студенттерді күзгі дала жұмыстарына алып барды. Алыстағы күріш ұжымшарының қырманында, егіс алқабында атқаратын шаруа жетерлік. Зибагүлдер комбайн шалғысынан қалыс қалған арық-атыздағы күрішті қол орақпен орып жүйелейді. Соның өзінен біраз өнім жиналмақшы. Түскі асты дала қосынан ішеді. Жастар жүрген жер көңілді. Күнде концерт, күнде би. Даладағы жұмыс қас-қарайғанша бір тынбайды. Соның өзінде тымырсық ауа тынысыңды тарылтады. Студенттер екіге жарылып, қыздар бір бөлек, жігіттер бір бөлек дария жиегіндегі көлге түседі. Суы лай, ластау болса да күйіп тұрған ыстықта суға түскеннен артық рақат қайда. Бірде өзен үстіне салынған көпірден өтіп бара жатқан тұста әлдекімнің төменнен «Құтқарыңдар, құтқарыңдар!» деп жан ұшыра айқайлағаны. Зибагүлдің ойлануға мұршасы болмады.Теңіз жағалауында өскен қыз суға жүзуден де алдына жан салмайтын. Көз ілеспес жылдамдықпен үш метрлік көпірден бір-ақ секіреді. Секіргені есінде... арғы жағы бұлдыр-бұлдыр... қараңдаған, көлбеңдеген бейнелер. «Жеңіл жәрдем» мәшинесімен облыстық ауруханаға жеткізілген бойда Зибагүлді операция үстөлі күтіп тұрды. Бар ойы «суға батқан бейбақты» құтқармақшы болған. Қатты екпінмен секіргенде басы су астындағы КамАЗ-дың шіріген доңғалағына тиген. Мойын омыртқасы сынып, жұлыны зақымданған. Жиырма тәулік бойы қосымша аппарат арқылы тыныс алды. Дәрігерлер Зибагүлдің беті бері қарамас деп бастарын шайқаған. Анасы көз жасын көлдетіп, талай-талай емен есіктерді тықылдатып, еті тірілігінің арқасында қызын Астанаға да, Алматыға да алып барды. Білікті мамандарға көрсетті. Амал не, арбаға танылудан басқа амал қалмады.


Жақын маңда тұратын «суға батқан бейбақ» он бірінші сыныптың бойжеткені екен. «Ойнап едім, ойнап едімнен» басқа орнықты дәлел тауып айта алмады. Кімді кінәлайсың? Көпірден секірген Зибагүлдің өзі. Бір жарым айдан соң есін жиып, қоларбаға қол созды.


ХХХ


Зибагүл айтпақшы, «жұмыртқаның сары уызынан аумайтын» өңір әсіресе, шақырайған күн астында балқыған болат сынды сап-сары боп, сағымға тұншығып жатар еді. Сарғыш құмды жалаң аяғыңмен бір басып, екі басып ілгері жылжуың мүмкін емес. Қызыл шоқтай қарып түседі. Мұндайда құм үстінен тірі жәндіктің ізін көруің де екі талай. Сірә, қара қарғаның миын шағатын алапат ыстық дегеніңіз осы болар. Құм құрсауындағы ауыл төңірегі тым-тырыс. Қамыстан тұрғызылған қора-жайлар сіріңке тисе лап етуге дайын тұр. Терезелер түгелге дерлік сарғыш газеттермен тұмшаланған. Осы өлі тірліктің өзегіне күн ыстығы қайтып, көлеңке кісі бойы ұзарған шақта барып, біртіндеп жан ене бастайды. Оған дейін сарғыш түстен бір түрлі жүрегің айниды.


Ал Зибагүл тірі пенде бас көтермейтін осынау шаңқай түсті зарыға тосады. Ақ матадан тігілген кең қолтық көйлекті иығына іле салады да, қоларбаны теңіз бетке қараған есіктің қыр көзіне туралап әкеледі. Ары қарай арбаның доңғалағы кірш етіп құмға кіреді де тоқтайды. Оны Зибагүлдің әлжуаз қолдары түгілі атан түйе тарта алмас. Және одан дәмеленген кім бар-ау! Зибагүлге ит әуреге түсіп арбаны орнынан қозғағаннан гөрі, бөксесімен сарғыш құмның үстіне мамық секілді қона кетіп, екі қолын таянып, жарымжан аяғын сүйреткен күйі алға жылжығаны әлдеқайда жеңіл, әлдеқайда ыңғайлы. Алғашында біреу-міреу шартақтың басынан мойнын созып, мүгедек қыз не істер екен, қайда барар екен дейтін қызығушылықпен қарап тұратын шығар деп қауіптенетін-ді. Қолынан анау айтқандай күрделі өзгеріс келе қоймаса да, қаңқу сөзден аулақ жүргенді жақсы көреді. Бір жағынан ауылдастарын да жазғыра алмайды, жұмыртқаның сары уызы секілді сарғыш құмнан басқа не көрді бұл байғұстар! Ал екі қолымен жер тіреп, аяғын сүйретіп, тасбақа тәрізді теңіз жағалауына қарай жылжыған Зибагүлді көрсе бірі қалмастан шу ете түспес пе?! Таңғалатындарын да, не Зибагүлдің шектен тыс қайсар мінезін құптағандарын да анық аңғара алмайды. Қалай десең олай де, әйтеуір жел сөзге тақырып табылды ғой. Қалған тұстарын жамап-жасқауды, Зибагүлге қатысты әрбір сөзді бірінің аузынан бірі іліп әкетіп, қиял-ғажайып ертегі кейіпкерін сомдау жағына келгенде де ешкімнен көмек сұрамас. Ал турасына көшкенде, мына ыстықта Зибагүлдің теңіз жағалауына барып, шомылып қайтатындығын бақылағанда не тұр, тәйірі?! Теңізге бара ма, одан әрі «Шағалалы» аралынан жұмыртқа теріп қайта ма, ол Зибагүлдің жеке шаруасы. Одан гөрі тақыр еденге су бүркіп, үйдің іші сәл салқындаған шақта аздап көз шырымын алса — ауылдастары үшін үлкен олжа сол. Бұдан Зибагүл де хабардар.


Табалдырықтан әрірек ұзаған соң бойы бусанып, маңдайы шып-шып терлеп, рақат күй кешеді. Баяғы кірпік қаққанша зу етіп жетіп баратын жағалау — Зибагүлге дүниенің қиыр шетіндей елестейді бүгінде Себебі, күллі денесін әлжуаз екі білегіне асып қойған соң жүріс өне ме. Әрі сарғыш құмыңыз бес саусаққа тіреу болып та жарытпайды. Қол тиген жер сусып төмен лықсиды. Митың қимыл іркес-тіркес тағы қайталанады. Осы аралықтан Зибагүл лақша секіріп қанша мәрте өтті-ай десеңші! «Шаңқай түсте бастарыңнан күн өтеді, күйіп қаласыңдар» деп шешесі сіңлісі екеуін арғы бөлмеге қамап, шашау шығармаушы еді ғой. Бірақ ұлы теңіздің адамды өзіне қарай магнитше тартатын бір пәлесі бар. Майда толқындар жалаңаш денеге майдай жағады. Әлде жұп-жұмсақ алақан тұла бойыңа массаж жасап жатқан секілді ме қалай, бір есептен жаурын тұсты әлдекім қытықтағандай әсер етеді. Күннің қызуы да ғажап, ал бауырыңды төсеген қызыл құм одан бетер. Табаға пісірілген күлшеден аумайсың. Жә, онысын қойшы, сол күйі теңіздің тереңіне шым батып, демің жеткенше ақселеуше тербелген балдырлардың арасымен біраз-біраз жүзіп баратындығыңды айтсаңшы. Екі қол, екі аяғыңды тынымсыз қозғап, су перісінше одан әрі жүзе түскенге не жетсін. Майда шабақтар да сенен қорықпайды, күміс қанаттарын жалт еткізіп, ұстайын дегенше бұлт етіп, бағыт-бағдарын өзгертіп үлгереді. Зибагүлге жер бетінде мұнан артық тұнық теңіз жоқ-ты. Мөп-мөлдір. Сырғаң жоғалса да қиналыссыз тауып аласың. Жағаға шыққанда мына дүниенің кір-қоқысынан арылып, тап-таза әлеммен тілдескендей ерекше күй кешесің. Теңіз түбіндегі балдырлардың арасында балық секілді ғұмыр кешпеген соң пенде шіркіннің көрер жарығы белгілі ғой. Әлдекімнің өсек-аяңына, біреулердің-біреулерді көре алмайтын қысастығына, нақақтан қаралаған безбүйректігіне куәгер болатындығың өз алдына, кей кейде құдай ұрып, солардың ықпалына қалай еріп кеткендігіңді де аңғармай қаласың. Ал теңіз жарықтық сол кесапаттың барлығын қас пен көздің арасында сылып алушы еді ғой. Қайтіп шыдарсың. Анасы жастыққа бас қойды-ау дегенде аяқтарын ұшынан басып, тысқа шығып кететін. Содан табандарынан өткен ыстыққа да қарамай құстай ұшып, теңізге жеткенше арттарына бір бұрылмайтын.


Ал қазір қарға адым жер азап. Оның үстіне жансыз аяқ зілбатпан. Осындайда денені екіге бөліп тастайтын қандай құдірет бар екен деп те ойлайды. Ондай атты күн туса екі аяқты сұраусыз қалаған тұсқа қалдырып кетер еді. Сөйтіп кеудесі түскір кәдімгідей жеңілденіп қалар еді. Жә, әншейін елес-тағы, оның арғы-бергі жағына тереңдейтіндей шама қайда. Сәл аялдасаң күннің өткір сәулесі төбеңді тесіп шығатын тәрізді. Мұны жақсы білетін Зибагүл астыңғы ернін аяусыз тістелейді де, маңдайына түскен балапан шашты ыстық демімен үргілеп, бір адым болса да алға жылжығанды құп көреді. Самайдан аққан ащы тер жалаңаш иыққа тырс-тырс тамады. Оқтаудай бұрымы да бұлталақтап алқымына құлай береді. Ана жолы қидырып тастауға көзі қимаған. Соңындағы ирелеңдеген ізіне қарау өзі үшін сұмдық аянышты. Оны неге теңейтіндігін және түсінбеді. Итбалықтың құрлықтағы іс-әрекеті десе қалай болар еді. Бірақ олар Зибагүлдің қансорпасы шыққан мына тірлігіне мұрын шүйіріп те қарамас. Қол созым жердегі суға жетеді де шым батады. Арғы жағы рақат. Міне, сол рақатты өлердей аңсаған Зибагүлдің де сәлден соң асқақ арманы орындалады. Ол тек теңізде ғана өз-өзін жеңіл сезінеді, екі аяқтың ап-ауыр салмағын да елемейді. Емін-еркін, арлы-берлі қозғалып, шамасына қарай ақ бас толқындармен де жарысқа түсе алады. Озып кеткенде оған біреу бәйге даярлап тұр ма. Жаурынымен шалқалап жүзеді, құлаш ұрып бірталай тереңдікті бағындырады. Еркін... еркіндікке жететін не бар мына дүниеде!


«Шыда, шыда, Зибагүл! Бір қиналсаң жағаға да тұмсық тірейсің». Тасбақа жүрістен басқа не қайраны бар. Әсілі, аспан әлемінің әділетсіздігі де бір басына жетіп артылатын шығар-ау! Жаны қиналған жұмыр басты пенде айналып келгенде, қос қолын жайып, бар рақымды көктен тілейтіндігі несі екен, а?! Бірақ Зибагүл ақшыт аспаннан иненің жасуындай жақсылық көрсе, кәні! Апыр-ай, осындайда бір шөкім бұлт көлбеңдеп келіп, көлеңке түсірсе қайтер еді. Жым-жылас. Ең аяғы сарғыш құм да мазамды алдың-ау дегендей, Зибагүлдің қос қолымен жер тіреп, ілгері жылжығандығын жақтырмай қабағын шытады.


Әне, кесе-көлденеңдеген мына құм белден ары асса, ептеп бетінің бері қарайтындығы белгілі. Төмен қарай салмағымен ысырылып, болар-болмас әл жинайды. Бұрын-соңды мұндайды байқамаған. Жүрегінің атқақтап алқымға тығыла бергені несі? Жо-жоқ, тек алға. Құм белдің биігіне көтерілу қайдан оңай болсын. Көйлегі терден сығып алғандай. Теңіз самалын ауылға жеткізбейтін «ұлы Қытай қорғаны» осы. Төңірек алақандағыдай. Көлкіген ақ сағым болмаса, енді жағалау да алыс емес. Салмағымен төмен сырғыды, беткейдің толайым құмы көшкін тәрізді бірге жылжыды. Жағалауды ұрғылаған майда толқындар сылқ-сылқ күледі бар болғыр!


«Ұлы Қытай қорғаны» Жұмамұрат үшін де таптырмайтын бекініс еді. Сарғыш құмның бетіне түскен ирелеңдеген ізді бәлкім, жүз мәрте фотоаппаратқа айна-қатесіз көшірген болар. Оның бірнеше күннен бері іздеп жүргені де осы кадрлар еді. Бұл түптеп келгенде, бұрын-соңды еш жерден кезікпеген тың сюжет. Таза, қоспасыз, табиғи шығармашылық шешім. Теңізге асыққан жарымжан қыздың құмға түскен бұраң-бұраң іздері — бір адамның боямасыз тағдыры.


Жұмамұрат та шүмектеп терледі. Мұндай адам төзгісіз азаппен алғаш рет жүздесіп тұрғаны осы. Жауға атылатын арыстанша құмға бауырын төсеп жатып, Зибагүлдің теңізге түскен сәтіне бірнеше кадрды тағы арнады. Оған түк те қиналмады. Сартылдата берді, сартылдата берді. Тек жұмыртқаның сары уызы секілді сарғыш түске абай болғаны абзал.


Зибагүл тырдай жалаңаш шешінді де құйрығымен жылжып барып, теңізге қойып кетті. Сүңгіп, олай-былай құлаштай жүзіп, біразға дейін жағалаудан көрінбеді. Жиырма жастағы арудың құлын мүсіні, күнге шаншылған тіп-тік анар, сұлу мықын, қыпша бел...


Жұмамұрат фотоаппаратын қайыс қорабына салып, ыстықтан қаталаған көнтек ернін үсті-үстіне жалап, тер сасыған жейдесін шешіп тастады да теңізге қарай алқына жүгірді. Теңізге түсіп жан шақырмаса болмас, ыстықтан анық өлуге келген-ді.


— Оңбаған! — деді Зибагүл жалаңаш денесін қиыршақ құммен көміп жатып. Өкпелегенінен гөрі еркелегені басымырақ естілді.


ХХХ


Жұмамұраттың жарымжан қыздың сал аяғын сүйретіп, қос қолын тіреп, жан екпінмен алға жылжыған құмдағы ізі бейнеленген суреті дүниежүзілік бәйгеден бірінші орын алды.


Ал күзге тақау Зибагүл аяқтарына ептеп жан ене бастағандығын және жұмыртқаның сары уызына жеріктігін анасына қысылмай-қымтырылмай айтып берді.





Пікір жазу