27.11.2021
  178


Автор: Франсуа Мориак

Терезаның қонақ үйдегі хикаясы

1933 жылғы 31 тамыз.


Дүниеде сырымды ақтара алатын тірі жан табылса, бүгін таңертең және кеше кешке мен тұрған қонақ үйде өзіммен әрі осы бір бозбаламен арамызда болған жайды оған қонымды түсіндіріп бере алар ма едім, біз осынау уақытта бақ ішінде тіпті катар жүрсек те, бір-бірімізге көз тоқтатпай өзара сөйлестік.


Мен өзімнің жеке басымның қылықтарына тұтылып қаламын. Өз тірліктерімнен тосыламын. Иә, өз әрекеттеріме шалынамын. Бір кезде не істегенім: шыныаяққа, ұстағанға күн сайын бірнеше тамшы у тамызып жүргенім, тіпті түнде де есімнен шықпайды... Сол сұмдық бастан өткелі міне он жыл; соншалықты ішіп-жеу мүмкін болмаса да тірі қалған Бернар ғұмыр кешуде, бірақ оның бойын жайлап алған ажалға көп қалған жоқ; алайда боласыны болдырта қоюға мен енді оның жанында емеспін. Енді оның жанында сабырмен ақысын аңдыр ешкім жоқ, төк мейіл әрі өзіне-өзі мәз ол қушық кеудені жер бетінен құртуға құштар ниетті ешкім жоқ... Ал мен өзімнің нәтижесіз қылмысымның тақсыретін тартып. осылай өмір сүріп келемін. Аман-сауымда құрбандыққа айналып, отбасынан сыртқа қуылған пақырмын. Дүниедегі ең беймаз әрі ең керексіз пендемін.


* * *


Өзім туралы жазғанымды қайталап оқып отырмын: әрине, Терезаның мұндай бейнесі мені қанағаттандыра алмайды. Мүмкін мен өзіме таңылған кейіптің шылауында жүрген болармын? Сұмпайы кейіпкер. Мүмкін мені одан бір кезде жасалған қылмыс айырып тұрған, басқа, шынайы Тереза бар шығар? Және әйдік мінез, әйгілі қылық, салтаң жүріс-тұрыс маған мен жеріне жеткізе қоймаған сол қылмыспен танылған болар?


Осы қажыған тән мен нысапсыздықтан өлермен болған осы жүректі қайда апарсам да қылығым соңымнан қалмай қойды...


Жан ұшырған кес-кестеу! Жо-жоқ, кедергі емес, тор шыбықтары барған сайын тығыз өріле түскен жанды құрсау.


...Сенімен болсам, менің көңілім жабырқамайды. Әуестік мүмкін менің адамшылдыққа ең жат қасиетім шығар. Еске алып, алаңдап жатпау көп адамға алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік береді. Олардың өмірінде бастан кешкеннің бәрі жадынан шығып кетеді. Мұндай зердесіздік әсіресе әйелдерге тән, бұл оларға талай сұмдықты басынан өткерсе де, ештеңе болмағандай, дүниеге балаң көзбен қарауына септігін тигізеді: бұл әйелдер көздерінен олардың жасағанынан ештеңе аңғарыла қоймайды. Бірақ нақ осы тұрғыдан мен басқаларға еш ұқсамаймын. Мысалы, басқа әйел болса: "Фили өзін-өзі өлтіргеннен кейін мен осы Кап Ферра қонақ үйінде өз қайғыммен оңаша қалып, жапа шегу үшін тығылып жаттым" дер еді. Ал мен: "Ол бозбаланың мені сондай қапаландырған өзін-өзі өлтіруі (мен оған деген өз махаббатымды оның менде туғыза алған сол жан азабымен өлшеймін) мені аман алып қалды" деп айтар едім. Оның өлгені туралы хабарды алып, мен бірден тыныш таптым, қуанып та кеттім. Өзімнің құлай беріле кеткен махаббатым әкелген сол азаптан құтылып қана қоймай, тіптен болымсыз үрейден де арылдым. Чекпен жасаған әрекеті үшін оны жауапқа тартуы мүмкін екенін естіп, тергеу оның қандай қаражатқа өмір сүргенін анықтай бастайтынын және мені өте тез тауып алатынын түсіндім. Мұндай оқиғалардың ішінде журналистерді сол баяғы бір күлдібадам құйқылжымаға шабыттандыратын әлдебір жасамыс әйел міндетті түрде жүреді. Жексұрын әрі байғұс ол кемпір қашан да бәрі үшін күйеді, бірақ бұл жолы сол әйел мен боламын — ширек сағаттық алаңсыз аяласу үшін өмірін қиюға бар және еш уақытта басқа ештеңені қаламас сол Тереза мен боламын!


Менің өркөкіректігім Филидің өлімі өзімді құтқарып кеткен масқаралықты көтере алмас еді. Мені басқа нәрсе де: тіпті куә ретінде болса да мені тергеушінің тергеуі де қорқытқанын мойындаймын... Ол менің өмірімді қазбалар еді, бір кезде тергеуде болғанымды табар еді... Тіпті мен іздерді шатастырып жібере алғанның өзінде, осыдан он жыл бұрынғыдай әрбір сұрағы құрулы қақпан адамның алдында отыруға тиістіліктің өзі... Жо-жоқ, мен көтере алмаған болар едім; төзе алмас едім.


Бірақ, Тереза, егер сен өзіңде махаббат сезімін туғызған адамның сұмдық өлімін қуана құптайтын болсаң, онда сен соншалықты мақтаныш еткен махаббатың неге тұрғаны? Сұрқия! Сен өзіңнің махаббатым деп атайтын нәрсең қолына түсетін адамды тапқанша сусыз жерлерде қаңғып жүретін және оны бас салатын албастының рухынан басқа ештеңе емес. Ал ол адамның көзі жойылған кезде сенің махаббатыңның албасты рухы азат сезімге елігіп, қайтадан қаңғуға түседі әрі сонан соң жаңа адамды іздеп тауып, оны да құйыға бас салуға бұйыратын өз заңыма бағынады.


Фили жерленді (Бордодан шыққан бұл бозбаланың тастап кеткен әйелі оның мәйітін алып кетуге келді; ол қандай өксіді! Ол неге бұдан сұрамаған, бұл оған барлық қажетті ақшаны бере алар еді ғой. "Одан да өлгенім жақсы!" — дейтін ол маған), Фили жерленді, ал мен сол қонақ үйге қайғыға батқан ашынасы ретінде емес, сауыққан науқас сияқты келдім — менің тояттаған, ештеңемен ісі жоқ жалмауызым келесі құрбандығын іздеп әлдеқалай осы маңды кезіп жүргендіктен, жан-жағыма көз тіге әрі өлердей ынтыға келдім.


* * *


Шынын айтқанда, мені әлдебір қылықтарды жасағаным емес, қайта басқа көп нәрсені жасай қоймағаным таңдандырады. Бірде-бір адам ешқашан аласталып көрмегендей, менің жүрегіммен, менің болмысыммен аласталудан күйзеліп, қалайша барған сайын тұңғиыққа, былайша айтқанда, ең шыңырауға құлдилап кетпегенмін?.. Сен ақылдысың, Тереза, деген жауапты анық естіп тұрмын. Өте ақылдымын деп, сен мұны өзіңе-өзің ғана айта аласың. Ал сен кейде түні бойы Елисей алқабында немесе Булон тоғайында әлде дәмхана бастырмасында мылжыңдаскан маскүнем еркектер ақымақ жандар еді. Бізге ақыл ерлерге қарағанда көбірек керек. Отбасы және имандылык қалай тежеуін тоқтатады, ақымақ әйелдер солай хайуанға айналып шыға келеді.


Иә, ақыл-парасатың сені кемшіліктен ада етпегенімен, өзің айтып отырған құлдырауға жібермеуге жетеді. Сенің жасағаның өз отбасыңның әйелдерінің зәресін алып, өздерін жан ұшыра қорғануға мәжбүр еткенін жақсы білесің... Егер мен кейде ойыма келіп кетер осынау әлдеқалай алдарқатуға берілсем әрі, ақырында, шаршаудан қажып, ұзақ жүруден табаным тілім-тілім болып, дымым құрып, бейтаныс шіркеу орындығына отыра кетер едім және біріне жалғыз адам кіріп жауып алатын, ал екіншісінде тормен оқшауланған жан әлгі адамға құлағын тосатын сол дүңгіршіктердің біреуіне енер едім; егер мен ең сорақы қылықтарға толы өзімнің болмысымды ағынан ақтару қажеттігіне берілсем, онда олардың қисынсыздығы сондай, сыртқа олардың ұшығын ғана шығара алған болар едім. Талай жылғы сырын ақтаратындар ештеңені қалт жібермей, бәрін қалай есіне түсіреді? Олардың орнында менде тек бір ғана ұмыт қалған күнәнің өзі бүкіл жуып-шайғаныңды әдіре етеді деген сондай сезім пайда болар еді, сөйтіп бір ғана болмашы қылықты барша болмысымнан бөліп алсам болды-ақ, менің бүкіл оңбағандығым соған қайта телінер еді.


Бірақ, дегенмен, мен аттап өтпеген әлдебір шек бар ғой... Менің күлкілі көрінуім мүмкін, сонда да айтайын: жүрегімнің мені құртуы да, құтқаруы да бір мезет. Ол мені ұнамсыз оқиғаларға жетелеп, құрдымға итермелейді, бірақ ол тәніме қорек іздеп жалғыз жортуға жол бермей, мені құтқарады. Айтшы, Тереза, сен не нәрсеге өзіңді сендіргің келеді? Кез келген басқа пенде сияқты, жамандық жасау қолыңнан келмей ме? Әрине, келеді. Бірақ ертеңіне соның бәрі есіме түскенде мені қалған күллі нәрседен — рақаттан, ұяттан, жүрек айнудан асып түсетін үрей билеп алады...


Сүрініп құлағандарыңды, іс жүзінде, саусақпен санауға да болады... Аялау барлық уақытта дерлік сенің жүрегің жауап қатқан, құйтырқы шым-шытырыққа арбаған алдамшы еді. Нақ сол аялы шақыру және жолы бесенеден белгілі болса да бір үміт сенің бетіңнен қайтпауың, ұйыққа да секіріп кетуің үшін қажет болды...


Аһ! Филидің өзіне-өзі қол салуына менің сұмдық селқостығым мұндай арандатуларға қатыса тұра, мен әуел бастан мұның бәрі алдамшы, ал кезекті еркек не бәрі сылтау екендігін анық білуіммен түсіндірілетіні күмәнсіз... Иә, нақ солай: олар менің жүрегім кездейсоқ дерлік еліге кеткен желеу ғана. Кездейсоқ дерлік! Менің жүрегім әлгі көрсоқыр хайуан — көртышкан сияқты. Аяулы жанға кезігу кездейсоқ бола қалатындай! Жалпы, бұл дүниеде аяулы жан бар ма екен өзі? Біз, әйелдер мен еркектер, өзіміз сүйген кезде емірене кетеміз де, ал бізді сүйгенде шалқая қаламыз.


Мына балақанмен екеуміздің арамызда болған нәрсе де... Бірақ ештеңе болған жоқ қой! Өйткені менің осы уақытқа дейін сезініп келгенім және сезініп жүргенім бейне көрген түс секілді... Алғашқы күні мен қонақ үйдің мейрамханасына бойым жеңілденген, байыз тапқан сезіммен барғанмын. Сірә, мұнда пасха демалысына келген барша отбасы төңірегінде ешкімі болмағандықтан дұғасын таңғы ас үстінде оқып жүрген жалғыз басты әйел мені мүсіркеді білем. Аңызаққа көндігіп қалған мен үшін қонақ үйдегі бұл өмір бас сауғалар аңсар мекен екенін, өздерінің осында болуларымен біршама адамдық жылу бергендерін және әлдебір адамдардың жай ғана жүзін тану мен үшін соншалықты ғанибет екенін олар қайдан біле қойсын.


Олар қызғаныш туғызбай, менің жанымды жылытты; бір үстелдің басына жиналған әкесіне, анасына және балаларына қарап, мен Бернар қарсы алдыма отырып алып тамақ шайнаған, ернін сүрткен, өзінің әлдебір айрықша әдісімен ішкен кезде тітіркендіретіні сондай, бірде ол көзіме күн түседі деп оң жағыма отырғанда, мен мұны азаптан құтылғандай сезінген өмірімнің сонау бір шағын есіме алдым... Және кім білген? Егер ол сол орнында қала бергенде, егер ол ешқашан қайтып маған қарама-қарсы отырмағанда, мүмкін анау ой басыма тіптен келмеген де болар еді-ау... Бірақ бұған ылғи қайта-қайта орала берудің қажеті не, не керегі бар?


* * *


Көрші үстел басындағы отбасыда — анасы, әжесі, қарындасы; үшеуі де бір-бірінен аумайды, әжесінен немересіне айнымай көшкен өңдері тәкаппар да кіршіксіз; және ол...


Ол қаншада болды екен? Он сегізде? Жиырмада? Ол сұлу емес-ті, бұл анық. Оның бәлкім басқалар байқай қоймаған сүйкімділігі, сонысын ешкім аңғармаған сияқты, мені тартып әкетті. Қандай тартымдылық еді? Қоспасыз балаң бейне, пәк күйіндегі жастық шақ. Алаңдау, толқу әлі шарпи қоймаған осынау дидарды таң шапағы аялап тұрды. Мен оны айтарлықтай селқос бақылап отырдым. Менің қатысым жоқ сияқты еді... Филиге деген іңкәрлігім мені күйдіріп жатпағандай! Тыншыған сәтімде әрдайым қауқарсыз қаламын: жүрегім орнына түсті деп өзімді-өзім алдарқатамын, ал шын мәнінде ол тек аңысын аңдып жатыр еді. Ынтыға елігудің ара-арасында, қасымда әзірше ешкім жоқ кезде көзімді кім жаба қойсын, өзімді айнадан шын мәніндегіден әлдеқайда кәрі, қажулы, әлжуаз, керексіз кейіпте көремін. Әрі бұл ақиқат әлдеқалай менің аптығымды басады. Ол маған: жанталас бітті және махаббат деп аталатын әлгі лас нәрсенің енді қайтып маған қатысы болмайды деген сенім ұялатады.


Мен басқа жандардың өмірін және өзімнің өткенімді әлдебір аяқ жетпес биік терезеден ойша шоламын. Өзімнің есім кететін махаббат машақаттарымның ара-арасында бастан кешетін осынау орнықты, алаңсыз бей-жай сезімді ештеңе есіме салмайды. Әрбір жаңа ғашықтық мен үшін ылғи соңғысы көрінетін. Бұдан өткен қисынды не бар? Әрбір хикаяның басталуында міндетті түрде ерік-жігер жатады. Мен өз еркіммен шатақты шептен өтіп бара жатқан сол минутымды анық білемін. Және неліктен расында да соншалықты ақылсыз болып, күйіктен жазылмаған жарақатыммен, өз еркіммен қайтадан отқа қойып кетемін деп қиялдай аламын? Бұл мүмкін емес... Және бұған сенбеймін. Сондықтан мен көрікті бейтанысқа әдемі өсімдікке қарағандай қарадым.


Сірә, емтихандар оны қатты қажытып жіберсе керек; оның қалай дәрілер жұтқанын, оны тамақтанып болған соң тынығып жатуға қалай зорлағандарын көріп жүрдім. Ол бұл қамқорлықтан ығыр болған сияқты, анасы мен әжесіне еркелей бұрқылдап, оларға біршама тиісіп қояды. Кеп оқиды, әсіресе журналдарды және олар мұқабасынан бірден біле қоятындардан емес еді. Тіпті кешкі ас уағында да шыдап отыра алмайтын, қалтасынан әлдебір журналды алып оқуға кіріседі. Оны дереу тәртіпке шақырады. Ол күрсіне мойынсынып, маңдайына түсе беретін кекілін басының әнтек қимылымен қайырып тастап отырды.


Бұл жай мені еліктіріп жіберді, сөйтіп мен адамдарды оларға білдірмей сыртынан бақылап үйренген ұсынақтығыммен бажайлап отырдым. Менде "Чаттерлей сылқымның көңілдесі" деген кітап болатын, сөйтіп мен тамақ әкелгенше арадағы үзілістерде жас көршіні көзден таса қылмай, кітап оқыған болдым. Әйтсе де ол маған титтей де назар аударған жоқ. Рас, бірде таңертең оның кіреберіс дәлізде мен үстелге тастай салған Лоуренстің романын парақтап тұрғанының үстінен шықтым. Мен жақындаған кезде ол кітапты шапшаң орнына қоя қойды және оның әлі балаң жүзі қып-қызыл болып қызарып кетті. Ол маған қарамауға тырысып, бірден жылыстай берді.


Келесі күні менің көзім ендігі үйреніп қалуға тиіс болса да, дағдының әсері қапы қалдыра қоймаған, сөйте тұра, әрі қайран қалдырған нәрсе болды: егер мұндай жайт қайталанса, мен сөз жоқ сондай әрі-сәрі күйді бастан өткеретін едім...


Таңғы ас үстінде мен жайбарақат тамақ ішіп, бос кеңістікке көз тіккен бозбаланы бақылап отырдым. Кейбір жас адамдар бастан кешетін, олардың жүзінен аңғарылып тұратын өзін-өзі ұмытқан — мен мұнда емеспін, әлдебір қиял шырқауындамын деген алабұртқан сезімнен ғажап не бар. Менің қарсы алдымда отырған жанның қиянда өзімен-өзі болып, қиялға шомып кеткендей көрінгені сондай, мен оны сан түрлі қулыққа бармай-ақ ашық бақылауға болады деп ұйғардым. Және, міне, оның көзқарасының қимылсыздығы мені біршама таң қалдырды. Ол не нәрсеге тесіле қалды екен? Бозбала айналардың орналасуын пайдаланып, (мейрамхана залы айналы еді) маған қарап отырғанын және бар зейінімен көз тігіп отырғанын аңғарғанымда, таң-тамаша қалғаным сондай, бұл көзқарастан бүкіл жан дүнием төңкеріліп кетті! Өзінің қулығы ашылып қалғанын ол білмесін деп, мен дереу көзімді түсіре қойдым. Ол мені қас қағым сәт те көзінен таса қылмады және оның көздері әрі ұстамды, әрі құштарлана қарап тұрды.


Менің бастан кешкен сезімімді немен салыстыруға болады? Нөсер жауыннан кейін қайта көктеген көгалдай... Иә, міне сол: кездейсоқ, ессіз көктем... Мен өлді деп есептегеннің бәрі қаулай өсіп, бүршік жарды; бұрынғы бойкүйездік сезім келмеске кетті.


Мен аяқ астынан өз тәнімді тіптен ұмытып кеттім. Осы бір бейтаныстың маған зейін қоюы (мен өз көзіме өзім сенбей тұра алмаймын ғой) маған жастық шағымды және жоғалтып алған тартымдылығымды қайтарды. Көңіл түкпірінде пайда болған: "Бұл мүмкін емес екенін жақсы білесің ғой" деген әлсіз қарсылыққа жауап ретінде жасы менен әлдеқайда үлкен болса да төңірегі айналсоқтаған әспеттеушілерге толы жүретін әйелдер сол заматта-ақ есіме келді. Жалпы, бұл бозбала мені жарыққа қарсы отырғанымда көрді, өйткені оңтүстіктің шағырмақ күні тура менің жүзіме түсіп тұр еді... Жо-жоқ, мен қалай болған болсам, сондай кейіпте едім, менде оны баурап алған, меңгеріп кеткен ерекше бірдеңе болды, өзіме де түсініксіз әлдебір тылсым күшті, оның ықпалын өзімнің Париждегі өмірімнің алғашқы жылдарында талай байқағанмын.


Сөйтіп, тағы да бәрін көріп алуға дайын болу үшін осы бір көз салу жеткілікті болған еді. Сондай болмашы ғана нәрсе — ал мен өзімді бақытты сезіне бастадым. Ақысын төлеуге және көп ұзамай төлеуге тура келетінін білемін. Бірақ бұл ойды өзімнен қудым. Кейін не болғанына қарамастан, жанасушылардың бастапқы жымиысы, олардың арасындағы алғашқы тіл катысу — әуелгіде бақыт. Мен өзімді басып келе жатқан сезімнен алқына бастаған едім.


Оған қарап, осы бойкүйез балақан әйел адамға соншалықты көп көңіл бөле алады деп кім ойлаған? Бірақ құштарлық расында да оның жүзін шарпып тұр еді. Тым шүңірек кездері талмаусырап жанып тұрды. Ол күлген кезде оның үлкен де әдемі аузы көз қарытар аппақ тістерімен жарқырап көрінді. Қайта-қайта маңдайына түсе беретін кекілі осы өңнің нәпсісін жасырып тұрды.


Мейрамханадан кетіп бара жатып ол мені жеңіл жанап өтті, бірақ көз қиығын салмады. Сондай сұңғақ бойлы екен! Ол түрінен гөрі денесі жылдам өсетін, балаңдық белгілері кетпеген еркектер санатынан еді. Оның соңынан ілесе шығуға өзімді әзер ұстадым. Мен кіреберіс дәлізге кіргенімде ол таңғы астан кейін мұның барып жатуын талап еткен әжесімен дауласып тұр екен (отбасының қалған мүшелері автомобильмен қыдыруға жиналыпты). Бұл қалай? Қонақ үйде қалу және менімен әңгімеге ілінісу сәтін тосу мүмкіндігіне ол қалайша қуанбайды? Иә, мен енді алаңдай бастадым. Күдік пен үрей бастырмалап кетті. Ол сезімдер анталап шыға келді! Бірақ ол менің кіреберіс дәлізде кідіретінімді қайдан білмек? Оның үстіне менде ондай дағды болмаған-ды... Дегенмен, мен таяу үстелше жанына жайғасқанымда, оның кенет отбасының ырқына көне кеткені кездейсоқ сәйкестік емес-ау? Мені қуаныш қайта кернеп кетті, ауыз күйдіретін кофені майдалап ұрттап отырдым.


Ол көнетоз үлкен кебіс, түсіп кеткен шұлық, белінде жеңіл салақтаған арзанқол сұр шалбар киіпті. Мен кітап оқып отырған кейіп көрсеттім. Енді оған айна жәрдемдесе алмайтын еді, бірақ мен оның жаңа амалдарына кедергі жасамадым. Әйтседе көзімді көтерудің қажеті жоқ еді: мен өзімнің жүзімнен оның көзқарасын сезіп тұрдым. Бірақ уақыт өтіп жатса да, ештеңе бола қоймады. Оның демалуы бір сағаттан аспайтынын білемін. Жоғалтқан әрбір минут азапқа айнала бастады. Онымен шүйіркелесіп кету үшін қандай сылтау ойлап тапқан жөн? Мен ештеңе ойлап таба алмадым да, бұл дегбірімді кетірді. Бүгін ауа райы қандай, жауын жауып тұр ма деп сұрасам ба екен? Басқа ыңғайлы ештеңе ойыма келмей қойды. Азапты ынтызарлық көзімді тұндырып жіберді. Бір сағат өтті, ал біз әлі тіл қатысқан да жоқпыз. Ақыры ол орнынан тұрып, өзінің бүкіл ұзын денесімен қозғалды, ұзын тұра болғаны сондай, басы тым кішкентай, сопақ сүйекті қушық бас көрінді. Ол кетіп бара жатты. Мен темекіні тастай сала: "Мырза, кешіріңіз..." деп тіл қаттым.


Ол бұрылып, маған жымиды. Оның көзқарасы өте жұмсақ еді, солай бола тұра, адам шыдай алмайтындай тесіле қарайды. Мен оның Лоуренстің романын қалай парақтап тұрғанын көргенімді және егер ол мұны оқығысы келсе, онда оған кітапты ризашылықпен бере алатынымды айттым. Жымиғаны кетіп, түрі қатайып шыға келді және маған оның көздерінде қапалану, былайша айтқанда, мұң пайда болғандай көрінді. Кеудемді кере тыныстадым: мен онымен сөйлестім, ал ол менің жанымда тұр еді. Ең қиыны артта қалды: біз сөйлесе бастадық. Мен осы алғашқы тіл қатысумен оның өміріне ендім, ол менің өміріме енді; ол өміріме бір ғана көз сүзуімен кірді. Ол әлі кері шығып кету оңай бола қоймайтынын білмейтін еді. Алғашқы жеңіс мені қуанышқа бөлеп, жаным жай тапқаны сондай, мен оның алғашқы сөздерін естіген де жоқпын. Енді не болса да, біздің хикаямыздың өрбуіне ешкім де кедергі келтіре алмайтын еді. Ол өзінің балаң да арсыз көзқарасымен мені ішіп-жеп бара жатты. Біз кіреберіс дәлізде екеуміз ғана едік. Қазір есіме түсіп тұр, ауа райы тамаша еді де, жұрттың бәрі көшеге шығып кеткен-ді. Ақыры мен оның қатқыл үнмен: "Сізді мұндай шығармаларды оқудан арылту үшін сын мақалалар жариялау қажет болар. Онда не туралы жазылғанын білу үшін маған ол кітапқа көз қиығымды салудың тіптен керегі де жоқ" деген сөздерін естідім.


Мен үнсіз қалмау үшін жөнел деме: бұл тамаша кітап, — деп жауап қаттым.


— Аһ! — деп леп шығарды ол. — Мен солай ойлап едім...


Оның дауысында жыны келуден гөрі алаңдаушылық бардай көрінді маған; әрі әлі де көзін алмай қарап тұрды. Міне, мен енді оған ұнамай қалдым, ол енді өкініп тұр. Әлде бірдеңеде оның күткенін ақтамай тұрмын. Мен оның көңілін бірден жай тапқызғым-ақ келді! Оның менен қандай әйелді көргісі келетінін әлі білмеймін ғой, бірақ көп ұзамай мұны біліп те аламын және оның тілегіне сай бола қалу маған еш қиын соқпайды. Ортақ тіл табысуға талпынған алғашқы абдырау — міне, маған ең қиыны осы көрінді.


Мен оның дыбырлауға ұласқандай тым жылдам сөйлегеніне ілесіп, не айтқанын ұғуға тырыстым:


— Тамаша кітап!.. Демек, сіз ешқандай да жиренбегеніңіз ғой?!


Мен оны әлдебір жұмбақ қызғаныштың шылауында тұр және мені екінші Чаттерлей ханым болып шықпасын дегендей, қорқып тұр-ау деп ұйғардым. Ішкі түйсік сезіміме бағынып, мен бір кездері өзім жүрген ортада анайы шығармалар туралы сөз бола қалғанда ылғи кәдеге асқан "әдістердің" біреуін бұған қолданып, тексеріп көрдім: егер мен арбайтын тартымды бірдеңе жасамақ болсам, қандай да бір кітапқа жүгініп жатпаймын, — деп оны иландырып бақтым...


— Сіз айтып тұрған нәрсе пасықтық, төменшіктеу ғой...


Өзінің сөздері мені біршама тықсырып жібергенін көрген ол:


— Бірақ мен сізге сенбеймін! — деп, үстемелей түсті.


Ол басын әнтек қимылдатып кекілін қайырып тастады да жалын атқан әрі мейір төккен жанарын (маған солай көрінді!) маған қадады. Нақ сол мезетте мен оны сондай сүйдім! Егер үстелді шайға дайындап жатқан даяшылар болмағанда, мен сірә беріле кетер ме едім. Толқып кеткенім сондай, не айтып тұрғанымды өзім де түсінгенім жоқ. Алайда, бұл жерде мәселе тек бір ғана толғаныста емес еді; мені расында да оның оқыс сөздері шатастырып жіберген-ді. Енді абай бола бастадым. Онда мен оятқан қызығушылық оның жүзінен, тіпті дауыс ырғағынан анық байқалып тұрды. Бірақ оның айтқандары осы алып-ұшқан ауанға сай келмейтін. Оған қарсы пікір білдіріп, онда мен туралы теріс түсінік туғанын тіптен қаламайтынымды айттым.


— Жоқ, менің ұғымымда сіз шын кейпіңізден асып кете қойған жоқсыз, — деді ол өзінің ыстық жанарымен мені арбай түсіп. — Менің тәжірибем сіз ойлағаннан гөрі көбірек. Адамның сырт келбеті мені алдай алмайды.


— Мен қай кезде де, әсіресе жасамыс жастағы адамдарға келгенде қателестім деп ойламаймын, — деді ол кәдімгі табиғи үнімен бастырмалата.


Ол мені сол санатқа қосады деп еш ойыма келген жоқ еді. Жүрегім қысылып кетті.


— Тұстастарыма алданып қалу оңайырақ. Әсіресе, періште өңді бозбалалар мен қыздардан сақтану керек. Бірақ мен мұндай тұрықтағы адамдарды айыруды үйрендім. Зымиян періштелер әркез әдемі келеді, рас па? Ең бастысы — осыны білу. Көпті көргендерге келетін болсақ...


Бұл жолы мен туралы айтып тұрғаны күмәнсіз еді.


— Кәртамыстар... — деп, мен жабырқаулы жымиыспен іліп әкеттім.


Жай көңіл аулаған жуып-шаю болатын шығар деп, мүләйімси күттім. Бірақ олай етпеді. Ол көздерін тайдырып әкетіп, жай ғана міңгірледі:


— Иә, тұтас адам өмірін аңдауға болады.


Бастапқыда мен жазалаушы көзбен қараған осынау есейген баланың алдында абдырап, сірестім де қалдым. Сонан соң өзіме ұнаған жанды құпияға, хикаяға қарық қылуға емексітіп, жібермей еліктіретін талайдан қалыптасқан дағдыма бастым:


— Менің өмірім сізді қайран қалдырар еді; әңгімем сізді шошытар еді. Сіздің қиялыңыз қанша шарықтаса да...


Ол ешқандай да сыр ашуды қажет етпейтін нығырлай айтып, мені күрт үзіп жіберді. Және неліктен екенін қайдам, ол мені тыңдауға, "оның үстіне кешіруге" уәкілетті емеспін дегенді қосты. Соңғы сөздерді айтқанда даусы бәсең тартты.


Осы сәтте менде алғаш рет осынау қатулы да алаулы өңнің кейпін дұрыс түсінбеппін-ау деген ой жылт ете қалды. Бірақ оның маған ынтызар құштарлық білдіріп тұрғаны анық деп, өзімді-өзім жұбатып, ол ойды өрбітпедім. Мейлі, ол мені жасамыс жандар қатарына жатқыза берсін, мен ол үшін қандай кәртамыс болсам да, ол маған қай кезде де сұқталған көзқарастардың ішіндегі мүмкін ең ішіп-жеп бара жатқан жанарын менен алар емес қой.


— Сіз не істесеңіз де, — деп, бәсең үнмен жалғастырды ол, — мен сіздің жаныңызда өзімді еш уақытта алдамаған сол сезімді сезініп тұрғаным жоқ. Оны қалай анықтауға болар еді? Кейде кейбір еркектерді, әлдебір әйелдерді кездестіргенде мен олардың рухани өлік екенін жан-тәніммен сезінемін... Бұның не екенін түсінесіз бе? Былайша айтқанда, рух өлікке айналғандай іспетті. Енді міне... Кешіріңіз... менің ашық айтқаным үшін ғапу етіңіз (жалпы, мен қателесіп тұрған да болармын), бірақ мен сіздің жаныңыз өте ауру, қатты науқас, бірақ әлі тірі екеніне бәс тігуге бармын... Иә! Жай шалажансар ғана емес, қызу өмір үстінде. Міне, сізді барлай отырып, менің ойым үнемі сіздің бүгінгі күнге дейінгі және ендігі өміріңіз туралы әрі-сәрі... Мен сізді қайран қалдырып тұрмын ба, ханым? Сіз не, маған күліп отырсыз ба?


Ол мүдіріп қалды, менің күлкім оны ыңғайсыздандырды. Иә, мен күлген едім, бірақ мына мақауға емес, өзіме күлгенмін. Мен өзімнің бекер жаңылысуыма және сонымен қатар масқара бола жаздаудан құтылғаныма қуанғаннан күлдім. Өйткені әлі ештеңе бола қойған жоқ қой: мен ешқандай әдепсіз қылық жасағаным жоқ, оны қолынан ұстамадым... Мен тыныс шығардым. Кенет өзімді осы әңгүдіктің көзіне көрініп тұрғандай кейіпте — кәдімгі кемпір кейпінде көрдім. Ол менің күйімді дөп баса алар ма? Мен оған, әйел жаны туралы алаң ойлы жиырма жасар нақұрысқа, қарадым. Оны жек көріп кеттім...


Ол өз сұрағын қайталады:


— Сіз маған күліп тұрсыз ба?


Осы арада мен орын тақтан көтерілдім. Өзімнің өкінішімді басу үшін орнымнан тұруым, әрі-бері жүруім керектігін сезіндім. Оның үстіне, өзімді ұстай алмай, оған оны менен біржолата теріс айналдырар бірдеңе айтып қоярмын деп қорықтым. Ал менің бұл баладан айырылғым келмеді. Оған өзімнің расында да тірі екенімді және ол ойлағандай тұрғыда шалажансар емес тігімді дәлелдеуге тиіс едім. Сөйтіп, мен өзіме-өзім сүйсініп, шапшаңдата:


— Мырза, сіз өз жасыңызға қарағанда өте терең жан екенсіз. Мүмкін, сәл тік мінездеусіз, бірақ сұңғыла...


Ол аса сұңғыла болып көрінуге тырыспағанын айтты. Тік беттігімен келіседі. Асықпау, аптықпау қажет жерде кібіртіктей бермей, шапшаңдатқысы келіпті. Ешқандай сәтсіздік оған сабақ бола алмайтын еді. Ол менің ойымды аңдамақ болып, тағы да ғапулық өтінді. Бірақ мен оған ештеңемен септесе қоймадым.


— Қалай болғанда да, мырза, талпынысыңыз өзіңізге абырой.


Мен оған қолымды ұсындым. Оның алақанын бірнеше секунд ұстап тұрып, мен оның ылғал жанасуын сезіндім; енді ол маған ұнамсыз еді. Сонан соң өзіме ғашық етіп жіберетін сол әлгі сайқал жымиысқа салып.


— Сіз бүгін кешке менімен тағы да әңгімелескіңіз келмей ме? — деп қостым.


Және кетпес бұрын, жауабын күтпестен:


— Сіз мен үшін көп нәрсе істей аласыз, — деп салдым.


Көзімді сәл жұма, әлгі "көп" деген сөзге екпін түсіре айттым.


Ізгі жүректі жандарға айтатын сөздерді білемін ғой. Мұндайларды кездестіріп тұрғаным бұл бір емес, бірақ тап қазіргідей алданғаным алғаш рет.


Мен жалғыз қалуға асықтым, бұдан әрі өз сезімімді ұстай алмайтын едім. Кемежай жаққа қарай жылдамдата беттедім.


Есіңе түсір, Тереза, сондағы кемежай сауықханасының бастырмасын есіңе алшы. Бейшара қыз-қырқындар кемеге жүзіп кеткелі тұрған қайыққа топырлай мінген ағылшын теңізшілеріне жамырай қарап тұрды. Кешіккендері жүгіріп келіп жатты. Олар футбол ойнаған-ды, олардың шолақ дамбалдары қанмен және топырақпен былғанышты шодырайған тізелерін әйгілеп тұрды. Қыз-қырқындар бұл тобырдан: "Әне, анау менікі... Ал менікі алдыңғы, сондай ірі, сары..." деп, өздерінің бірер сағаттық серіктерін тануға тырысып жатты. Мына ұрғашыларды мәңгілік деп пайымдаған, рух туралы толғанған бозбала жайлы ойладым! Ah, құртақандай діндарым, сені мына хайуандардың қолына берер ме еді! Жоқ, сен үшін анау ырбиған қатынды өзім таңдар едім... Ол әйел айғайлап тұр еді, өйткені "оның жігіті" өзінің саптыаяқ сырасын ішіп үлгермепті. Кенет ол қыз саптыаяқты қос қолдап ұстай алды да, басқалардың қыран-топан күлкісіне кенеліп, қайыққа келді, сөйтіп сыраны еркекке ұсынды, ол оны сіміріп салды.


* * *


Бұл тымырсық, айсыз кеш еді. Гүлдердің хош иісі көзге көрінбей тұрған теңіздің иісін басып тұрды. Кіреберіс дәлізден шыға бере мен оның ізімнен қарап тұрғанын сездім. Онша көп ұзамауға ұйғардым — ол мені таппай қалар деп қорықтым. Қонақ үйдің жарығы жанып тұрған терезелерінің астында қобалжи кезіп жүрдім. Егер ол мені сүйген болса, бұл күту қалай болар еді деп ойлауға өзіме тыйым сала алмадым. Кенет менде мүмкін мен оның сезімін оята алған болармын деген ой жылт ете қалды... Өз құдіретіңе сенуден қалу бізге қандай қиын! Пәк еркектер бар ма? Ондайлар бола ма екен? Жоқ әрине, жоқ! Немесе олардың көрінеу ізгілігінің астарында әлдебір сыр жатады... Мұның шындыққа жанаспайтынын біле тұра, мен осыны қайталай бердім. Мен болмысынан соншалықты байсалды өзімнің бозбала таныстарымды, оларға менің деңгейіме дейін түсуі үшін көп күш-жігер жұмсауы қажет болғанын еске алдым.


Бір уақытта ол есік алдына шықты. Оның үстінде нашар тігілген смокинг костюм, рабайсыз байлана салған галстук болды. Өзімнің тұрған жерімді білдіру үшін темекі тұтаттым. Ол жақындап келді, бірақ мен оның абыржығанына насаттана тіл қатпадым. Өзінің ибасыздығы үшін тағы да кешірім өтінді. Ол менің өңімнің құбылысын аңдап тұрғаны түсінікті еді: менің үнсіздігім оны қобалжытты. Мүмкін осы минутта ол менен сыртқа теуіп тұрған жеккөрушілікті бұлыңғыр сезінген болар. Егер ол менің жанымды қинағысы келсе, мен оны азырақ жеккөрер ме едім.


Бірақ маған әйел, оның үстіне өзінен ынтызар сезім күткен соншалықты ессіз әйел ретінде қарау ойы оның санасына тіпті жылт етіп болса да келмеген-ді; ең сұмдығы: ол жай-күйді тіпті бұлай ойламаған. Ол үшін мен біткен адам екенім сөзсіз еді. Иә, қылмысты ниет емес, қайта ниеттің жоқтығы туғызады. Егер ол маған зиян келтіруге немесе мені бірдеңемен жаралауға тырысса, мен мұны оның қаскөйлігі деп түсініп, бір жағына шыққан болар едім. Әйел өзін жеккөретін еркектен бәрін күтуге бар. Бірақ ыздиған сыпайыгершіліктен ештеңе күтпей-ақ қой. Ол өзі қаласын — қаламасын, маған өлік, яғни әйел ретінде күні өткені айдан анық деген куәлік берді.


Біз орындыққа отырдық. Неге екенін білмеймін, мен одан қанша жаста екенін сұрадым.


— Жиырма... Көп ұзамай жиырма бір болады...


Бейбақ! Егер мен, дегенмен, оның алаңдаушылығын, біржолата айырылу, орны толмас жоғалту сезімін оята алсам, есе қайыра алған болмас па едім? Өміріме енген бозбалалардың бәріне әр минут сайын өзінің өмірі өтіп барады деп сезінген сонау аңсай білуді бере алғанды. Олар мені жәбірлей алатын, тастап кете алатын, мен олардың қолына күні өтіп бара жатқан тіршілікті — өздерінің жастық шағын қалдырдым; олардың өмірдің тұрлаусыздығына көздері ашылды және олар үшін енді осы жан алқым арпалыстан басқа ештеңе қалмайтын.


* * *


Менің айтатын кезегім келді; ең қарапайым нәрселер туралы: көрінбей тұрған теңіз жайлы, гүлдердің иісі жөнінде, алыстан талып жеткен оркестр үні туралы сөз қылдым; міне, бақыт үшін қажеттің бәрі дедім мен, тек бір ғана нәрсе жетіспейді...


— Сіз мені көзіңізге ілмейсіз... Мені жас әйел деп көзіңізге елестетіңізші...


Мен бірер секунд үнсіз қалдым, бірақ ол менің жас көңіліме қанығу үшін өзіне түн қажет деген сияқтыны айтуды ойламады да. Ол театрда немесе кинода махаббатты бейнелеуде аяқ алып жүре алмайтын қиял-ғажайыптардың өмір шындығымен еш үйлеспейтінін ақ көңілмен айтып өтті. Және "қалаған жерінде, көбінесе теңіз жағасындағы бастырмадан гөрі аурухана немесе алапес палатасында бүршік жарып сала беретін махаббат" туралы едәуір кексінді бірсыпыра сөзбен бастырмалатып жіберді. Сол кезде мен оған біз махаббаттың әр түрі туралы айтып отырғанымызды сөз еттім... Жоқ, — деді ол, — махаббат тұтас, бір ғана махаббат бар, біз оны жай түрлі-түрлі құбылысқа телиміз. Бұл сөздердің бәрі ештеңе емес еді, олар біздің арамызда тұрған терең айырмашылықты еш қозғамаған-ды. Ақыры, мен оған сұрақты төтесінен қоюға тәуекел еттім: бүгін елемей отырған адамдық бақыт туралы кейін өкініп жүрмейсіз бе? Жіберіп алғам мүмкіндік туралы естелік ойыңыздан шықпай жүрмей ме?


Ол аузын ашып аңырайып қалды: менің сөзім жанына тиіп кетті ме екен, әлде маған ойымды өрбітуге мүмкіндік бергісі келді ме екен. Оның үнсіз қалуы мені қанаттандырып жіберді. Ерте ме, кеш пе, жастық шақ етеді және аста-төк заманда мойын бұрмаған әрі бейберекет қылған молшылық өле-өлгенше бола бермейді деп, оны сендіріп бақтым. Бір кезде біз шақыруға бармасақ, шақыруға зар болып, енді еш уақытта ондайды ести алмайтын кез келеді; жөне кейде бүкіл өмір соның соңына түсуге кетеді. Аһ, бақытты кейінге қоя тұруға болады және ол әрдайым алда бір жерде тосып тұрады деп, кәміл сенетін жастық шақтың аңғалдығы-ай!


Мұның бәрі оны селт еткізе қоймағандай, ал мен жылап жібердім... Ол әлі солай үнсіз мені бақылап тұрды.


— Біз табан жолдан шығып кетіппіз, — деп міңгірледім. — Мен тіпті ештеңені көріп келе жатқаным жоқ.


Аяғым шөпке тайып кеткенде ол мені қолымнан демеп, табан жолға алып келді. Сөйтті де мен жеңіл қысып келе жатқан қолын бірден тартып ала қойды. Осы жерде мен шыдай алмай кеттім:


— Айтыңызшы! Бірдеңе деп жауап қатсаңшы...


— Сізге не жауап берейін? Сіз "махаббат", "бақыт" деген сөздердің не екенін әлі білмейді екенсіз...


— Ал сіз? Сіз бұны маған ұқтыра аламын деп ойлайсыз ба? Байғұс, балақай!


— Бұл жерде жаста тұрған ештеңе жоқ, — деді ол еш ашуланбастан. — Мұны туғаннан білетін адамдар бар, басқалары оны жиырма жасында, өзгелері талай жылғы азаптан кейін біледі, бірақ көпшілігі мұны өлер алдында ғана ұғады.


Мен айтып салдым:


— Мұның бәрі бос сөз!


— Және сізге..., — деп жалғастырды ол бейне мені естімегендей, — әлі талай нәрсені үйрену керек. Бөрі сіздің алдыңызда, сіз бұл туралы біліп тұрған жоқсыз.


— Мен өз аларымды алғанмын және егер мен өз басымнан кешкендердің бір кішкене бөлігін ғана жайып салсам, құлағыңызды тығындап алар едіңіз,— деп мәлімдедім айтарлықтай қатқыл үнмен.


— Байғұс балақайлар! Сіздердің орталарыңызда (мен оны жақсы білемін, мен сол ортадан шыққанмын) ауыр тағдыр деп айтатын нәрсе... Егер сіз пайымдай білсеңіз ғой...


Өткен кезең қандай ауыр болсын, менің қайтадан бала болуым үшін бірнеше тамшы көз жасы және маңдайымды сипау жеткілікті деп қарсыласты ол.


— Махаббат деген осы.


Оның соңғы сөздері әрең естілді. Мен қайтадан:


— Сөз ғана! — дедім.


Біз қонақ үйге жақындап келдік те, жарқырап шам жағылған кіреберісте оның алабұртқан жүзін көрдім. Иә, бұл бозбаланың әлдебір сұмдық өрекпіген ынтызарлық тұзағында тұрғаны немесе дәлірек айтқанда (сезінгенімді қалай жеткізсем екен), оны әлдебір құбылыс баурап алғаны күмәнсіз еді; ол мұның бойын кернеп кетті, мені шарпып өтті... Мен мұны қалай лақ еткізгенімді өзім де андамай қалдым, демімді сыртқа шығарып:


— Мен сізді жеккөремін.., — дедім.


Ол бәсең де анық етіп:


— Ал мен сізді сүйемін,— деп жауап қатты.


Мен сондай күткен әрі аңсаған бұл сөздер ақыры маған арналды-ау; бұл сол іңкәр сөздер еді, бірақ, өкінішке қарай енді жат сөздер еді! Мен бұл қорлықты созғым келмей:


— Бейбақ, ақымақ! — деп кесіп тастадым.


Есімде қалғаны, ол жауап ретінде маған да осындай есі кетуді тілейтінін және күн сайын мен үшін осыны Құдайдан сұрайтынын айтып жатты.


— Маған сіздің мүсіркеуіңіздің керегі жоқ! Бұл мен үшін қанша қымбатқа түссе де, мен сыбағамды алғанмын... мен сыбағамды алғанмын...


"Мен сыбағамды алғанмын" деп үшінші рет қайталадым, бірақ енді еңіреп тұр едім. Жоқ, мен өзімдікін ала алмадым, бәрі мен үшін басталмай жатып-ақ бітті. Беймәлім махаббаттан жастық шағымдағыдай күтер енді ештеңе жоқ. Мен оны аңсағаннан басқа ол туралы ештеңе де білмеймін. Осы аңсау кейде мені шырмап, көзімді тұндырып тастайды, мені барша құрдым жолға қаңғытып жіберді, қабырғаға соққылайды, ой-шұқырға сүрініп кетуге мәжбүр етеді, сөйтіп сілікпемді шығарып, лас толы шұқанаққа итере салады.


Ол енді жанымда жоқ еді. Мен қайтадан бақты бойлап кеттім және кейде жылап алатыным сияқты ағыл-тегіл көсілдім, көз жасым өзінен-өзі саулап, тіпті түрім жиырылған да жоқ. Бұл нөсердің аяғын түнгі самал өртенген жүзімді өпкенше ұзақ күттім".





Пікір жазу