27.11.2021
  178


Автор: Франсуа Мориак

Тереза дәрігер болғанда

— Жоқ, жоқ, бикеш, мен сізге айттым ғой, доктор бүгін енді жұмыс істемейді. Кете беруіңізге болады.


Катриннің бұл сөздерін естіген доктор Элизе Шварц бөлмеден басын шығарып және әйеліне көз салмастан хатшысына сөйледі:


— Бір минуттан соң сізді шақырамын. Және есіңізде болсын, бұл жерде сіз тек менің әмірімді ғана орындайсыз.


Парпен бикештің оқты көзбен қарағанына шыдап, Катрин Шварц жымиды да қолына кітап алып, балконның есігіне келді. Терезе қақпағы айқара ашық еді; су бұлардың жетінші қабаттағы пәтерінің кең балконы арқылы жылжып ағып жатты; доктордың кабинетін жарқыратып тұрған люстраның жарығы жылтырап жатқан жаңбыр жылғаға түсті. Катриннің көздері бір сәт сопақша жарық даққа — қара түнек мүлгіген зауыттардың арасында созылып жатқан алыс Гренель көшесіндегі қос қатар шамдарға түсті. Міне, тағы да, кейінгі бүкіл жиырма жыл бойғыдай, Элизе бұған орнын нұсқап, төмендетуден ләззат алуынан бас тартпады, — деп ойлады бұл. — Әйтсе де, бүгін ол сазайын тартады: Парпен бикешке не айтып жаздыра алар дейсің? Әрі кеткенде үш-төрт бет... "Блез Паскальдің жынысқойлығы туралы" жұмысы алға баспай қойған: әйгілі психиатор әдебиет тарихында өз ізін қалдырмақ болып құлшынғалы бері күн өткен сайын оның бастаған жұмысты жалғастыруы қиындай түскен-ді.


Хатшы бастықтың есігінің алдында қаққан қазықтай қақиып тұрып қалды; оның көздері адал иттің көздеріндей еді. Катрин кітапты ашты, оқымак болды. Бірақ шам жаңа сәндегі өте бәкене үстел үстінде тұр еді, диван да тіптен аласа болғанымен, мәтінді анық көру үшін бұл кілемге түсіп отырды. Жоғарғы қабатта тұратын қыз фортепианодан сабақ алып жатты, бірақ бұл Шварц ханымға басқыш алаңындағы көршіден естіліп жатқан радионың хабарын тыңдауға кедергі келтіре қоймады. "Изольданың өлімі" деген хабар күрт үзілді де, француз сауық-сайран әніне ауысты. Төмендегі жас жұбайлар шаң-шұң етеді, есіктері тарс жабылды.


Мүмкін нақ осы сәтте Катрин бір кезде өзінің ата-анасы тұрған Бабилон көшесіндегі оңаша үйде, оның төңірегінде аулада және бақта қандай тып-тыныш болатынын есіне алған шығар-ау. Онда дәл соғыстың алдында шығу тегі жартылай еврей жас дәрігерге күйеуге тигенде Катрин де Боррешті еліктірген осы адамның сол кезде бұған мүлтіксіз көрінген парасат тартымдылығы емес-ті, қайрат қарымы — енді жиырма жыл өткен соң да осынау өктем күші емес-ті, науқастардың қисапсыз көптігі иліктірген еді. Жоқ, 1910 және 1913 жылдар арасында барон де Боррештің қызы өз отбасының дегеніне көнбей қасарысты; оған түрі ұсқынсыз, әлдебір күнәкардай құбыжық әкесі жиренішті еді (міне осы бетбақ қуыршаққа ағзасындағы әлдебір босаған бұрандаларын нығайту үшін аптасына екі рет доктор Элизе Шварцқа келіп тұратын). Бұл шектеулі, бір сарынды өмір сүріп жатқан анасын да сондай жек көре қарады. Ол кезде мұның төңірегіндегі қыздар үшін мұндай көзқарас бейне бір, мысалы, әдебиет бойынша лицейге немесе Сорбоннаға оқуға түсу үшін тырысып оқу сияқты көрінетін. Бұл Шварцты асығыс таңғы ас үстінде жылт етіп көріп қалатын, ал мерекелік түскі ас ішу кезінде үстелдің анау басынан жететін оның сыңғырлаған үнінің құбылысына құлақ түретін. Балауса Катриннің көзіне ол озық ойдың, қасиетті ғылымның бейнесіндей көрінетін-ді. Бұл осы некені өзінің және өзі сырт айналған дүниенің арасындағы қабырғадай сезінді. Расын айтқанда, сол кездің өзінде танымал ғалым, Адам құқықтары лигасының хатшысы Элизе Шварц бітімгершілік міндетті өзіне құлшына алған болатын: Катринді отбасымен татуластырып, ол де Боррештің әйдік үйіне әрдайым алдыңғы есігін шалқайта ашып кіре алар еді; оның бұған қолы жетуге сәл-ақ қалған-ды. Ол өз жоспарын тәсілқойлықпен іске асырып жатты және одан тек қалыңдық мұның пиғылын аңғарып қойған соң ғана бас тартты. Сөйтіп, алғашқы күннен олардың арасында комедия ойыны басталып кетті: өзінен Катриннің көз алмайтынын сезген Шварц өзінің менмен ниетімен алқымнан алуға кірісті де, озық ойлы ғалым кейпіне қайта енді.


Ол есесін кейін қайтарды, бұған жүрдім-бардым қарады, үнемі, әсіресе, жұрттың көзінше дөрекілік көрсетті. Реті келсе болды мұны кемсіту жиырма жыл бірге тұрған өмір ішінде оның дағдысына айналды: бұл үйреншікті іс болып кеткені сондай, бүгінгі кештегі сияқты бұған есепсіз, қараптан-қарап талай рет тиісті.


Өзінің елу жасында ол қою ақ шаш басқан ізгі басын асқақ ұстайды. Оның күрең жұмсақ жүзінде шырай ойнайды. Мұндай түр басқа түрлерден гөрі ұзағырақ сақталады. Оның бет терісі жап-жас болып үлпілдеп тұр, ауызы үлкен-ақ. "Катринді ұстап тұрған осы", — дейтін жұртшылық күмәнданбай (бір кезде бұл қашқақтаған адамдар мұны бәрібір тапқан еді: енді оларға мұның солшыл көзқарастары тартымды-тын). Тіпті "бұған тоқпақ ұнайды" дейтін олар. Бірақ мұның анасы баронесса де Боррешті білетіндер Катрин ырым-жырымнан ада еркіндігі үшін, бұны өзі аңғармаса да, нақ анасына тартқан деп санайтын, бұл қасиеттер бұған оның біршама алаңсыздығымен, кең пейілдігімен және сәннің қандай да бір жаңалықтарын ескере қоймайтын киім киісіндегі өзгермейтін қатаң мәнерімен бірге бойына сіңген еді.


Сол кеште Катрин кілемге отырды, бұл оның "мәнеріне" түбірімен қайшы еді. Мұның қысқа шашының кей жері ағарған, шашы тыриған желкесін жалаңаштап тұр. Бұның шағын беті ергежейлінің жиырылған бір уыс тұмсығы іспетті, жанары жалт-жұлт етеді әрі тік қарайды. Тықылдап сөйлегенде оймақтай аузы қисайып, әлдекім оны мазақ етіп күліп тұр деп жаңылыс қабылдауы мүмкін еді.


Парпен бикеш докторға келушілердің саусақ іздері қалған бүктелген суретті журналды түрегеп парақтап тұрды. Осы семіз мықырға белдеу таяныш артықтық етпес еді. Телефон қоңырауы оны ауыз бөлмеге шақырғанда, ол есікті мән бере тығыз жапты: бұл қимылы Шварц ханымға телефон әңгімесі мұның құлақ салуы үшін еместігін аңғарту еді. Бекер тыраштанады: мұнда бір бөлменің бар дыбысы екіншісіне кедергісіз өтеді; фортепианода ойнау сабақтары мен радиотелеграф көршілердің жынын келтіретін. Оның үстіне хатшы барған сайын даусын көтере түсті:


— Ханым, сізді қабылдауға жазайын ба? Докторды қазір, осындай уақытта көру? Бұл туралы ойламай-ақ қойыңыз! Жо-жоқ, ханым, сұрамаңыз... Бірақ, ханым, оның сізге уәде беруі мүмкін емес... Жоқ, сіз шатастырып тұрсыз, доктор Элизе Шварц түнгі сауықханаларға бармайды... Мен сізге тыйым сала алмаймын, бірақ ескертуге тиіспін, сіз бекер әуре боласыз...


Парпен бикеш доктордың кабинетіне ауыз бөлмеге апаратын есік арқылы кірді. Оның тықылдағанын есту үшін Катриннің тың тыңдауының қажеті жоқ еді:


— Мырза, әлдебір есуас әйел, сіз оны кез келген күні және сағатта қабылдаймын деп уәде берген еді дейді... Сіз онымен екі жыл бұрын шарапханада танысқан сияқтысыз... "Жерли?", "Жерни?": атын онша түсіне алмадым.


— Демек, сіз оған бас тарттыңыз ғой? — деп, гүж ете қалды доктор. — Кім сізге мұндай құқық берді? Сіз неге араласасыз?


Сағат он бірге таяды, сіз рұқсат етеді деп ойлағаным жоқ..., — деп бұл жуып-шайып жатты. Өзіңнің болжамдарыңмен аулақ жүр деп, доктор айғайға басты. Не қылған қаралушы екенін жақсы білемін: жағдайы өте ерекше... Міне, сен нақұрыстың кесірінен тағы да бір мүмкіндіктен айырылдым...


— Жоқ, мырза, ол жарты сағаттан кейін осында боламын деп айтты...


— А, ол дегенмен, келе ме?


Доктордың жыны қозған сияқты, бір сәт әрі-сәрі күйге түсіп, абыржып қалды...


— Онда жақсы, оны бірден маған ертіп келіңіз де метроңызға жүре беріңіз.


Осы кезде кабинетке Катрин кірді. Доктор ештеңе болмағандай жұмыс үстелінде отырған еді. Мұны көріп, орындығынан сәл көтерілді де көкіректене бұған не керектігін сұрады.


— Сен ол әйелді қабылдамайсың ғой, Әли?


Катрин оның алдында тығыз қоңыр мата көйлекте, қырлы қушық бөксесін бұлтита, желкесін кекжите нық тұрды. Люстраның өткір жарығынан кірпіксіз көздерін сығырайтты; ұзын да әдемі оң бұрымы төсінде жатты, саусақтары маржан алқаға ілініп қалды.


— Aha, сен тың тыңдаумен айналысады екенсің ғой?


Катрин өте жағымды нәрсе естігендей жымың ете қалды:


— Иә. Сен есіктерді киізбен қаптауға, қабырғаларды, төбені және еденді тығынмен тығындауға әмір бермейінше осылай болғаны болған... Қаншама байғұс келіп ағынан жарылатын бұл пәтерде мұндай естілу тіпті қызық та...


— Жарайды..., енді маған жұмыс істеуге мұрша бер.


Зулаған автобус Буленвилье көшесімен өтті. Енді Катрин тұтқаны ұстаған күйі артына бұрылып:


— Парпен бикеш, ол әйелге сен оны қабылдай алмайды деп айтар, әрине? — деді.


Доктор орындығынан тұрып, бұған жақын келді де қолын қалтасынан шығармай, салмақты иықтарымен меңзей: бұндай ой басыңа жиі келе ме? — деп сұрады. Сонан соң арзан темекісін тартып тұрып:


— Сен тым болмағанда әңгіме не туралы және кім туралы екенін білесің бе? — деп сұрады.


— Білемін және білгенде қандай, — деп жауап қатты Катрин жылытқышқа сүйеніп тұрып. — Ол кеш менің есімде: үш жыл бұрын, ақпанда ма әлде наурызда ма, сен ол кезде көпшілік ортасында жиі болатынсың; сен келген кезіңде маған бәрін айтып бергенсің; ол сені уәде беруге мәжбүр еткен сол өжет әйел ғой...


Доктор жауырынын күжірейтіп, кілемдегі өрнектерді мұқият зерделей бастады... Өзі ұялып қалған сияқты. Катрин доктор Элизе өзінің емен-жарқын әңгімелесу орны деп атаған диванға отырды. Мың сан байғұс өз өмірлерінің жан сырына бойлай әрі ол туралы ештеңе түсінбейтін кейіп білдіре отырып, өздері ойлап шығарғандарын тұтыға міңгірлер еді... Көрші пәтерден радиотелеграф дикторының Левихан дүкенінен жиһаз сатып алуға шақырған байсалды, бір ғажабы — топастау даусы естілді. Машиналар терезе түбіндегі қиылыста әлі гуілдеп, дүрілдеп жатты. Тыныштық түн ортасы аумай орнамайды, онда да, егер бұл үйде ешкім қонақ шақырмаған болса.


Доктор көздерін көтерді және жазу мәшеңкесі бар үстелше жанында тұрған Парпен бикешті көрді. Бұл оған ауыз бөлмеге баруды және әйелді сонда күтуді бұйырды. Ол шығып кеткен кезде Катрин бұйрықты дерлік үнмен:


— Сен оны қабылдамайсың! — деп талап етті.


— Біз оны әлі көрерміз.


— Сен оны қабылдамайсың, бұл қауіпті...


— Одан да қызғанамын деп турасын айтсайшы...


Элизе шын көңілімен әрі оқыс жадырай қарқылдап күлді.


— Аһ, жоқ, байғұс іркілдегім... Қайдағы қызғаныш...


Бір сәт өзінің мұны қызғанған көздерін мұңаюсыз ойша есіне алды. Кенет Катрин бейне тығыны ағытылып кеткендей лекіте жөнелді:


— Менен гөрі сенің тапаншадан екі оқ алғың келіп тұр ғой... Әлде бұлай болуы мүмкін емес дейсің бе? Поцциді есіңе түсір... Сен маған оны білмейсің, оны еш уақытта көрген емессің дерсің?.. Сол кеште сенің не айтқаныңның бәрі сөзбе-сөз есімде. Саған қатыстының бәрі менің жадымда жақсы сақталады. Егер сен менің көзімше бірдеңе айтсаң, еш нәрсе, бірде-бір дыбыс зая кетпейді. Мен оны еш уақытта көрмесем де, мен татар тұрпатты ол әйелді таныған болар едім; ол сенің жалаңаш арқалы сылқымдарыңның арасында елден ерекше жүреді: ол үстінде үнемі ағылшын костюмі, көзіне түсіре киген қалпақ бар... Сол кештің соңына қарай оның желігі ұстап, қысқа шаштарымен кең маңдайын жарқыратып шошаңдады емес пе... Сен мұның бәрін маған айтқан кезіңде көңілді едің... "Сондай ғажап, мұндалап тұратын ашаң маңдай..." — деп айтып қоймағансың. Осыны қоймай қайталағаныңды ұмыттың ба? Және айтқансың: "Қалмақ тұрпатты әйелдерге сенуге болмайды..." деп. Сен қазір де оларға сенбейсің, рас қой... Сенің қазіргі ең үлкен ниетің ол қатынды дәнеңесіз қайтару. Егер оны қабылдасаң — оңда да жалған ұяттан ғана...


Элизе мұны мұқатып жауап беріп жатпады. Еркектік көрсетуге тұрарлық жан емес деп білді. Оның тек бәсең ғана айтқаны: "Мен уәде беріп едім" болды.


Бұлар үйдің кіреберісіндегі тасыр-тұсырға құлақ түріп үнсіз қалды, ол дыбыс лифтінің жүргенін білдіретін еді. Доктор: "Бұның ол болуы мүмкін емес... Ол жарты сағатта депті ғой..." деп күбірледі. Жұбайлардың әрқайсысы өз ойларыма шомды, мүмкін доктор әйгілі сылқым Зизи Билодельдің ізінен қалмаған сол бір кезді есіне түсірген болар. Ол кезде мұның шынайы кейпі сыртына шыққан еді. "Саған бәрі күліп жүр", — деп Катрин күн сайын мүжитін. Бұл одан жасырып жеке өзі би үйренді, Зизи мен оның тобыры мұны еліктірген әрбір түні сауықханаларда алпамса денелі Шварцтың қандай ілкім әрі тыраштанған кейіпте беріле билейтініне жастардың күлкіден ішегі қататын. Бұл борша-борша болып терлеп, жағасын ауыстыру үшін әжетханаға жиі шығатын. Ол кезде суретші Билодель әлі Зизиге үйленбегенімен, қыз оның тегіне көшіп алған еді де әлі "басыбайлы" болмағандықтан, кейбір аса талап қоя бермейтін ақсүйек адамдармен қарым-қатынас жасап жүретін. "Өлетін жерін біледі" деген атақ алған сол тығыршықтай, сары шашты бикеш ақылды қыз атына толық лайықты: бейбастық өмір ортасында ол жүгенсіздікке ұрынбады, былайша айтқанда, солай көріне білді; бұл сияқты еті тірі емес басқа біреу өліп кететін жерлерде бұл алғыр шалымдылығының арқасында абырой-атаққа бөленіп жүрді. Өзі соңынан ерткен жандарды да қандай абыройсыздықтардан аман алып шықты десеңізші. Катрин сол кезде барлық жерде: доктор онда зерделеу үшін тамаша материал жинап жүр, сирек кездесетін тұрпаттағы жандармен жолығады, ғалым ол ырду-дырдудан өз пайдасын алып жатыр,— деп айтып жүрді... Оның осы әсіре сөзіне жұрт әдетте сенетін. Әйтсе де, Зизидің тобырындағы бір әйел мұны расында да қызықтырған-ды. Өзінің жас серіктерімен билеп жүрген Зизи Билодельдің көз алдынан докторды бұрып әкету тек соның ғана қолынан келген-ді.


Кенет докторға телефон шалған және әне-міне келіп қалады деп күтіп отырғандары нақ сол әйел еді.


Катрин оқып отырған кейіп көрсеткен күйеуіне жақын келді де қолын оның иығына салды:


— Тыңда, сен оны кез келген күні және сағатта қабылдауға уәде берген сол кеште оның саған не туралы ашық айтқаны есіңде ме; ол өз күйеуін уландыруға әрекеттеніпті, оны өлтірмек ниеті бойын билеп, меңдеп алыпты... Және бұл дүниеде ешқандай да жаза оны тоқтата алмаған... Міне, сондай әйелмен сен кешкі он бірде жалғыз қалмақсың!


— Бұнысы рас болса, ол маған онда ештеңе айтпаған болар еді. Ол жай мені алдаусыратты... Оның үстіне, жалпы қандай қауіп туралы соз болып отыр? Сен мені кім деп отырсың?


Катрин өзінің қулықсыз көздерін бұған тіктеп, даусын көтермей:


— Сен қорқып отырсың, Әли. Өзіңнің қолдарыңа қарашы, — деді.


Элизе қолдарын қалтасына салып жіберді де иығын қиқайтты, басын оңға қисайтып:


— Бар әрі және жылдам, таң атқанша сені мұнда көрмейтін болайын,— деді.


Катрин еш саспастан ауыз бөлменің есігін ашты. Доктор ұрымтал сәтті пайдаланып, дәлізде ұзынша орындықта отырған хатшысына: әлгі әйел келген кезде оны ертіп кел де дереу кетіп қал,— деп дауыстады.


Есікті жапқан кезде Катрин мен Парпен бикеш екеуі бірер секунд қараңғыда қалды. Хатшы іле жарықты жақты.


— Ханым!


Катрин бөлмесіне апаратын басқышқа аяқ басқан еді. Бұл артына бұрылған кезде семіз әйелдің дымқыл бетін көрді.


— Ханым, кетпеңіз!


Оның дауысында батылдықтың ізі де қалмапты. Хатшы жалынды:


— Ол әйел бақылауда тұрғанын сезуі керек, көрші бөлмеде әлдекімнің бар екенін оның аңғарғаны қажет... Мүмкін мен де қалармын? — деп қосты ол кенет. — Екеуміз сүйеніш боламыз... Бірақ ол тыйым салды ғой...


— Мұны оған білдірмеу оңай...


Хатшы басын шайқап, күбірледі: "Бірдеңе болмаса жарар еді!.." Оған өзін жұмысынан қуу үшін мұны арандатып отырғандай көрінді. Шварц ханым оны жұбатты. Әйелдер тынши қалды: бұл жолы лифтіге соның өзі мінген сияқты. Катрин баяу ғана:


— Оны кабинетке ертіп апарыңыз да алаң болмай демалуға кете беріңіз. Бұл түні докторға ештеңе бола қоймайтыны кәміл. Міне, жиырма жыл оны мәпелеп келемін; мен сізге арқа сүйеген жоқпын ғой, бикеш.


Сөйтті де бұл басқыш қараңғылығына сіңіп кетті. Әйтсе де, алаңқайға дейін баруын барғанымен, бұл бірнеше тепкішек қайта төмен түсті, сөйтіп жақтаудан қарады.


Лифтінің есігі сартылдап, қоңырау қысқа шылдырлады... Бұл жерден, жоғары жақтан, Парпен бикеш алдынан ығысып жол берген әйелдің жүзі еш көрінбейтін еді. Жағымды дауыс доктор Шварц осында тұра ма деп сұрады. Бірақ сұрақ қойған әйел хатшы одан ылғал қолшатырымен бірге сөмкесін алмақ болғанда, бұған еш бергісі келмеді.


Катрин тепкішекке отырды. Парпен бикеш үрейлі түрмен бұған жүгіріп келіп, беймәлім әйелден виски ішімдігінің иісі аңқып тұрғанын сыбырлады. Бұлар құлақтарын түрді: тек доктордың ғана даусы шығып жатты. Катрин ол әйел не киген деп сұрады: тиін түбіт тәріздес жағасы бар айтарлықтай көнерген қара пальто киген екен.


— Білсеңіз, ханым, мені оның сөмкесі алаңдатып тұр; ол оны қолтығына қысып алған... Сөмкені алып қоюға тырысу керек пе еді... Мүмкін онда тапанша тығулы болар...


Бейтаныстың күлкісі естілді, сонан соң доктор қайта сөйлеп кетті. Катрин Парпен бикешті "абыржымауға, ақылға жеңдіруге" шақырды. Хатшы мұның қолынан ұстай алды және еріксіз "рахмет" айтып жіберді, бірақ іле-шала мұнысы күлкілі, ерсі шыққанын ұқты.


Басқышта тұрып жоғарыдан Катрин байғұс қыздың қалай айнаға қарағанын, қалпағын түзегенін және безеу басқан бетіне опа жаққанын ешқандай мүсіркеусіз бақылады. Ақыры ол кетіп қалды.


Парпен бикештің соңынан есіктің жабылғанын күтіп, Катрин қайтадан тепкішекке отырды. Мұның күйеуі мен әйелдің дауыстары алма кезек шығып жатты. Олар бейбіт, шаң-шұңсыз сөйлесті. Элиді сырттай тыңдау және оның көз алдында болмау қызық екен! Кеш келген қонақпен сөйлесіп отырған мына адам басқа біреу, сондай биязы және момақан, тіптен бейтаныс адам деп, бұл ант ішуге дайын еді. Күйеуінің келушілері бұған: "Ол сондай сүйкімді, білсеңіз ғой, сондай ілтипатты, сондай жұмсақ..." деп жиі неге қайта-қайта айтатынын енді түсінді.


Катрин қалағанындай, әйел дауыстаңқырап сөйлеп отырды. Мүмкін оны ішімдік қыздырып, әсер еткен болар? Мына нойыстау күлкі қауіптеніп отырған зайыптың қатерін оятты. Бұл жеңіл басып төмен түсті де қонақжайға жып етіп кіріп, жарықты жақпастан жайғасты.


Мұның алдында перделік матаның ар жағында жауын құйған балкон қол сияқты жалтырап жатты. Гренель көшесінің оттары жаңбырлы түнді әйгілеп тұрды. Доктор ізгі әңгімені жалғай отырып, Зизи Билодель туралы сөз қозғады, оның тобырының жай-күйін сұрастырды.


— Олар тіптен дерлік тарауға айналды, доктор... Менің түсіне бастағаным, "дырду тобырлар" тез тарап кетеді екен... Дегенмен, ойлап қарасам, онда уақытты жаман еткізбеппін... Ал өз иіріміне бірнеше апта сізді тартқан сол топтан доктор, тек Билодель және мен ғана қалдым. Палези, есіңізде ме, анау сылқым жігіт, ол сондай көп ішетін еді ғой (және бүкіл көңіл көтеруі осы таза ішімдік ішуге айналатын) — оның миы зақымданыпты, ол қазір Лангедокта туыстарында тұрады. Ал кішкентай сюрреалист, тіптен тұрпайы, әлгі басына майлық жамылып алып, қарақшыларды бейнелеп, балаларды қорқытқандай ылғи бізді қорқытпақ болып аласұратын ше (ол қасын жиырып, үнемі ұйпа-тұйпа шашымен жүретін, жанкештінің кейпін көрсететін және қанша тырысқанымен бәрібір шикі өкпе екені көрініп тұратын еді ғой)... Біз одан сенің өзіңді-өзің өлтіруің ертеңге белгіленгені рас па деп сұрайтынбыз.,.. Ал мен күлмейтінмін, өйткені анаша басқа есірткілердей емес, онымен әуестенудің аяғынан ылғи жаманшылық күте бер... Міне, өткен айда... Азеведо ойнап түн ортасында оның телефон нөмірін терген, өзін атамаған және Дора сылқымың Раймонмен көңілдес, сенің көзіңе шоп салып жүр деп бөскен. Бұл өтірік болатын... Мұндай қаңқу сөз бар-тын, бірақ оның жалған екенін бәрі білетін... Азеведо: "Мұның растығына сіз көміл сенімдісіз бе?" деген былжыр сұрақты және тарс еткен ащы дауысты естіген...


Бейтаныс жеңіл деміге, жылдам сөйлеп отырды; Катрин доктордың не жауап айтқанын түсінбей қалды, өйткені мұны оның сондай қамқор әрі байсалды үні баурап алған-ды: ол еш уақытта мұнымен осылай сөйлескен емес. Қараңғы қонақжайда ылғал терезе әйнегінен осынау су саулап жатқан шатырларға, мынау сансыз шағылысқан жылтыраққа қарай отырып, бұл өзіне: мына адам тек маған ғана өзінің қаһарын төккен..., иә, тек маған ғана...,— деп қайталай берді.


— О, қысылмаңыз, Азеведо туралы маған айта беруіңізге болады, — деп сендіріп бақты әйел... — Енді менің оған пысқырғаным бар!


Жоқ, бекер... Ешқандай махаббат ізсіз кетпейді. Мен оны жеккөруге тиіс едім..., бірақ ол маған жамандық жасағанымен, әлі де менің кез алдымда әлдеқалай сүйкімді. Мен қазір оны ол шын мәнінде қандай болса, солай қабылдаймын: биржада және онда бәрінің де бағасы нақ өскен кезде ақша таба алатын жан; және ол — менің жан-тәнімдегі сондай ауырды жеңілдете алған адам. Ең талантты адамдар өздері билеп алған жандар үшін ұлы тұлғалар болып қала береді. Міне, сол малғұнның кесірінен мен соншалықты төменшіктедім, барған сайын тұңғиыққа батып, ең соңғы шекке дейін жеттім...


Доктор аялы үнмен:


— Біздің аяулы кішкентай ханым махаббат дертінен толық айыға алды ма екен? — деп сұрады.


Жауап орнына бейтаныстың қарқылдай күлгені сондай, Катрин селк ете қалды: қақ жарылған материяның құлақ тұндырған тарсылына ұқсаған осынау шаттық сілкінісі үйдің бүкіл сегіз қабатын көктей өтіп, тіпті жертөлеге дейін жеткен болар.


— Осы жерде мен сағат он бірде отырар ма едім!.. Сіз не, менің тұла бойым от болып жанып отырғанымды әлі сезген жоқсыз ба? Онда сіздің бүкіл ғылымыңыз не керек?


Доктор өзін ешқашан майрампаз деп таныстырмағанын жұмсақ әзілмен айтып өтті.


— Мен тек сіздің айтқаныңызды ғана қаперге аламын... Мен тек тыңдайтын ғана адаммын, бары сол ғана... Мен сізге түйінді шешуге көмектесемін...


— Адамдар өз қалауынша ғана ашылады ғой...


— Қандай жаңсақтық, ханым! Бұл кабинетте адамдар ең алдымен өздерінен-өздері жасыруға тырысқан сырларын ашады. Немесе, дұрысырақ айтқанда, мен олар жасырғысы келгенді және бәрібір оз ауыздарынан шығатын сырды аңдаймын, ал сонан соң мұны өздеріне көрсетемін әрі іштің бір жерінде тырналап жатқан кішкентай жыртқыштың атын атаймын; сөйтіп олар енді қорықпайтын болады...


— Сіз біздің сөзімізге бекер сенесіз... Махаббат бізде қандай жалғандық күшін оятады!.. Міне, тыңдаңызшы, мен Азеведомен қатынасты үзгенімде, ол маған менің хаттарымды қайтарып берді. Мен сол бумамен тұтас кеш отырдым: олар маған сондай жеңіл көрінді! Мен бұрын бұл хат-хабар тек шабаданға ғана сиятын шығар деп ойлайтынмын, сөйтсем үлкен конверт жеткілікті екен. Мен буманы алдыма қойдым. Бұл бума хаттар қаншама азапты бүгіп жатыр деген ой келді десем, сіз маған күлерсіз, мен өрекпіген құрмет пен сұмдық сезімді бастан кештім (міне, мен білдім ғой! Сіз күлесіз...) Бұл сезімнің күшті болғаны сондай, оқуға батылым бармады. Әйтсе де, мен дегенмен, ең үрейлі хатты ашуға бел байладым: мен оны тамызда Кап Феррада жазған сол күнге ойша оралдым; таза кездейсоқ жағдайдың арқасында мен өзіме-өзім қол салмадым... Енді міне, үш жыл өткенде, мен енді ақыры айығып кеткенде, менің дірілдеген саусақтарымда сол бір парақ қағаз қайтадан селкілдеп тұрды... Бұл не? Сенесіз бе, хат маған сондай сүреңсіз көрінді, мен қолыма басқа парақ түскен шығар деп ойладым... Жо-жоқ, бұл өлім аузында тұрғанда жазылған сол жолдардың өзі екені күмәнсіз еді; ол жолдарда мен өзімнің қатты қиналған өксігімді бүркемелеуге тырысқан бейшара шешімнен басқа оқи қоятын ештеңе жоқ-тын: сүйіктімнің жек көрушілігін де, мүсіркеуін де туғызбау үшін, ұялғаннан, тәнім жаралы болса да дәл солай еткен болар едім... Қызық емес пе, доктор? Бәрібір ештеңе бермейтін осы қулықтың бәрі... Meн өзімнің жорта селқостығыммен Азеведода қызғаныш туғызуды ойладым. Және басқа хаттардың бәрі де сондай мәнерде жазылған-ды... Ғашықтардың қылығына жетер табиғи, одан өткен дегбірсіз ештеңе жоқ қой... Жоқ, мен сізге ештеңе үйретіп отырған жоқпын, сіз бұл орайда сұңғыласыз; мұның бәрін ешкім де сіздей білмейді; сүйе отырып, мен үміттенуімді, амалдауымды, тамсануымды қоймаймын, бірақ бәрі бекершілік, тек осының өзі-ақ менің бүкіл үстірт айла-амалым арналған жанның жүрегін толқыта алар еді, бірақ бұл оның тек ызасын келтірді...


Катрин Шварц қараңғыда отырып бір дыбысты да қалт жібермеді. Сөздер бұған тіркес ырғағы тіптен жоқ бір түрлі үзік-үзік түрде жетіп жатты; бейне бір айтушы дауысын құбылтып жіберетіндей. "Бұл неге Элиді таңдап алды? — деп сұрады өзінен Катрин. — Ол неге жан сырын бұған сенеді?" Бұның кабинет есігін айқара ашып, бейтанысқа: "Оның сізге берер ештеңесі жоқ, ол сізді әлгі ұйыққа одан әрі терең батыруды ғана біледі! Сіздің кімге жүгінетініңізді білмеймін, бірақ тек бұған емес, бұған емес!" — деп айғай салғысы келді.


— Басымды шайқаймын, сүйкімді ханым, егер сіз қайтадан махаббат торына түсіп қалмағаныңызда, ол туралы сондай тамаша айтпаған болар едіңіз... Мен дұрыс айттым ба?


Ол жұмсақ, әкелік қамкорлықпен, байыпты, ілтипатты сөйледі. Бірақ қонақ әйел оны күрт, дөрекі дерлік үзіп жіберді:


— Ал, қалай! Мұны тек соқыр ғана байқамас..., сондықтан менен сөз суыртпақтау үшін соншалықты қарабайырлаудың кажеті жоқ. Сіз не, бұл жерде маған шер тарқатудан басқа бірдеңе керек деп ойлайсыз ба? Егер сіз шығып кетсеңіз де менің әңгімелесушім мына үстел, мына қабырғалар болар еді...


Міне осы жерде Катрин кенет өзі қандай ауыр қылық жасап отырғанын анық түсінді: дәрігердің әйелі есіктің сыртында тың тыңдап, күйеуін сенім артқандардың жан сырларын жасырын біліп отыр... Оның екі беті дуылдап кетті. Бұл орнынан тұрды да ауызғы бөлмеге өтті, шағын басқышпен люстра жанып тұрған өз бөлмесіне көтерілді. Айнаға келді, өзінің осы кейпімен өмір сүріп жатқан сүреңсіз бет әлпетіне ұзақ қарады. Жарық, дағдылы заттар мұны сабасына түсірді. Бұл неден қорқады? Қандай қауіптен? Түптеп келгенде, бұл әйел алғаш кездесіп отырған жан емес қой...


Осы сәтте қатты шыққан дауыс мұны селк еткізді. Бөлменің есігі шамалы ашық тұрған-ды, бұл оны итере салды да бірнеше тепкішек төмен түсті — келуші нақ не деп айғайлап жатқанын (айғайлаған сол еді) түсіну үшін бұл әлі жеткіліксіз еді, тағы бірнеше тепкішек темен түсті, Катрин енді әрбір сөзді анық естіді. Кәсіптік құпия... Бірақ мүмкін Элидің өмірі қыл үстінде тұрған шығар... Катрин қайтадан алданышқа беріліп, алдыңғы бөлмедегі диванға отырды. Лифтінің тарсыл-гүрсілі бірер секунд бұған ештеңе естіртпей жіберді. Сонан соң қайтадан әйелдің даусы жетті:


— ...Сізге бұл түсінікті ме доктор? Маған еш уақытта ешкім де Фили сияқты керек болған жоқ еді, тіпті Азеведо да. Жанымда Фили болмаған кезде менің тынысым тарылып кететін. Мені алыстау ұстау үшін ол не ойлап таппады десеңізші: жұмыс бастылық, кездесулерден қол тимеушілік. Ал іс жүзінде оның бай қызға үйленгісі келді. Бірақ уақыт өтіп жатты... Оның үстіне ол енді ажырасқан, иә, жиырма төртте... Мен бұл уақытта кезіп жүрген едім. Өмірім неге айналғанын сізге жеткізіп айта алмаймын: мен оның хаттарын күтетінмін. Қай қалаға тап болайын, онда мені бір ғана нәрсе: талап ету поштасының көшесі қызықтырды. Сапарға шығу мен үшін әрдайым талап ету поштасын айналшықтауға айналып еді.


Катрин енді тек борыш сезімімен ғана, шабуыл бола қалған жағдайда күйеуіне көмекке ұмтылу үшін ғана тың тыңдап отырмағанын жақсы түсінді. Жоқ! Мұны — іждағатты, әсіре қарапайым Катринді бой бермес әуестік қинады. Мына бейтаныс дауыс оны арбап алған еді және сонымен қатар бұл осы бейбақты күтіп тұрған көңілі қалатыны туралы ойды да есінен шығара алмады. Эли оны түсінетін де, тіпті мүсіркейтін де күйде емес еді. Ол өзінің басқа құрбандықтары сияқты мұны да өзін-өзі алдарқатуға итермелейді. Жан-тәніңді қанағаттандыру арқылы рух еркіндігіне жету: міне, оның әдісінің неге әкелетіні. Ол ерлікті, қылмысты, қасиеттілікті, өзі өзінен бас тартуды түсіндіру үшін осы сұрқия әдісті пайдаланатын... Бұл бір сөзді де қалт жібермей тыңдап отырған кабинеттегі әңгімемен жарыса осындай бейберекет ойлар Катриннің басына келіп-кетіп жатты.


— ...Филидің хаттары ұзағырақ болып бара жатқанын, ол бұларды маған қамқорлықпен, мені жұбату, шат көңіл ету ниетімен жазатынын аңғарғанымда, таңырқағанымды көрсеңіз. Күз жақындаған сайын хат та жиілей түсті, көп ұзамай мен оларды күнде ала бастадым.


— Бұл жайт әр жылы мен қызыммен бірге өткізетін өткен аптада болды. Қызым қазір он бір жаста. Мұғалима оны мен алдын ала атайтын жерге алып келеді, бірақ ол жер кез келген жағдайда Бордодан кемінде бес шақырым болуы тиіс: күйеуімнің талабы осындай. Ауыр күндерді бастан кешемін: маған тағылған айып қызыма белгілі ме білмеймін, бірақ оны үрейлендіретінім күмәнсіз. Мұғалима барлық уақытта мен оларға су және басқа да сусындар құя алмайтындай етіп жайғастырады... Сіз, әрине, түсінерсіз: менің қолымнан бәрі келеді. Қасіретті күндер кезінде, менің ісім қысқартылған күнгі сол кеште күйеуім айтқан (құмдақта туып-өскен жанның ауыр сөйлеу мәнері қазір де құлағымда): "Сізге баланы қалдырады деп дәметпеген де боларсыз деп ойлаймын? Оны сіздің дәрі-дәрмектеріңізден сақтандыру керек. Егер сіз мені уландырып өлтіре алғаныңызда, жеріме басқа ешкім де емес, жиырма бір жасында қызым мұрагерлік етер еді... Ал сіз күйеуіңізден кейін баланы да нысанаға алар едіңіз! Сіз оның да көзін жоюдан тайынбас едіңіз!" Қалай болғанымен де, жыл сайын оны маған бір аптаға сеніп тапсырады; мен оны мейрамханаға, циркке апарамын... Бірақ, жалпы алғанда, гәп мұнда емес... Сізге айттым ғой, Филидің хаттары мені қатты қуантты, қайтып жабырқамайтын болдым. Ол біздің кездесуімізді күтіп жүре алмады; менен де гөрі сондайлық шыдамсыздық көрсетті; мен бақытты едім, алаңсыз едім... Сірә, бұл менің сырт кейпіме де әсер етсе керек; Мари менен бұрынғыға қарағанда онша қорықпайтын болды; бірде кешке Версальда Пти-Трианон жанында мен оның басынан сипадым... Байғұс мақау! Мен сеніп, үміттеніп жүрсем... Құдайға ризашылық етуге, өмір тілеуге дейін бардым...


Катрин орнынан қайта тұрып, өз бөлмесіне көтерілді; оның екі беті дуылдап кетті. Бұл өзін қылмыскер сезінді; мына есіктің ар жағында бұл ең масқара ұрлықты жасады. Эли өзінің аяғына жығылып, ішіндегісін ақтарып жатқан бұл байғұсқа не істер екен? Орнына отырып үлгермей жатып, бұл қайта көтерілді, басқыштағы өзінің тың тыңдау орнын тауып алды. Бейтаныс әңгімесін жалғастырып жатты:


— Ол мені таңғы сағат жетіде вокзалдың шығар аузында күтіп тұрды. Бұл қандай тамаша, тіпті тамаша болғанын ойласаңыз. Мен оның қасіретті кейпін көрдім; ол қажулы, мұқалулы көрінді. Біраз көрмей жүріп сүйіктіңді көргенде жалт етер бір сәт болады ғой... Осы сәтте ол көз алдыңызға біз есіміз кете таңған бейнеден арылып, өзінің шын кейпінде келеді. Рас па, доктор? Осы секундта біз жалған ынтызарлықты әшкерелей аламыз... Бірақ біз зарығудан арылудан гөрі өзіміздің ынтыға түскенімізді тым жақсы көреміз. Ол мені "Д’Орсе" дәмханасына алып барды. Біз әңгіме шертіп, бірден-бірге өтіп, бір-бірімізді қайта сезіндік. Ол менен қара май туралы, қарағайлар жайлы, шахталарға арналған тіреулер жөнінде сұрастырды (мен сол тұста өз иеліктерімнен кезекті кірісімді алуға тиіс болатынмын). Мен оған биыл белбеуді тарта буынып жүруге тура келеді деп күлдім. Қара майдың күні өтті! Американдар оны алмастыратын дегенді ойлап тауыпты. Енді орманды сата алмайсың: ағаш кесушілер поляк шыршаларын кесуде, сөйтіп екі қадам жерде өсіп тұрған қарағайларды тамырында тұрып шіруге қалдырып жатыр. Жалпы алғанда, бірыңғай кедейлену, бірақ қазір бүкіл әлемде солай... Мен айтып отырғанымда Фили көз алдымда куарып кетті. Ол қарағайларды арзан бағамен болса да сатуға бола ма деп ден қойды, мен оған бұл күйреу болар еді деп түсіндіре бастағанымда, оның ынтасы жоғалып бара жатқанын сезіндім. Аржелуз қарағайларымен бірге мен де құрдымға құладым. Түсінесіз бе, доктор? Мен жылағаным жоқ, күлдім, өзіме-өзім күлдім, білдіңіз бе. Ол енді менен мың шақырым алыста еді... Ол мені кайтып көрген жоқ... Мұның не екенін түсіну үшін бұл азапты бастан кешу керек. Сен үшін одан басқа ешкім жоқ адамға бар-жоғың бәрібір болу... Мен оны өзіме тарту үшін бәріне баруға дайын едім, абайлау туралы тіпті ұмытып кеттім... Менің не істегенімді еш уақытта ойлап таба алмайсыз, доктор...


— Аңдау қиын емес..., сіз оған өзіңіздің өткен өміріңіз туралы..., анау айыптау жайлы айттыңыз...


— Сіз қайдан білдіңіз? Иә, мен нақ солай істедім. Филиді әлдекім жүгендеп ұстап отырғаны, оны бопсалайтыны, полицияға ұстап беремін деп қорқытатыны менен жасырын болмай қалды (жалпы, мен сізге бұл туралы айтпауым керек еді). Сөйтіп, мен оған өз баянымды айтуға ұйғардым...


— Ол бұған ден қойды ма?


— Aha! Маған сенсеңіз, ол мені өте мұқият тыңдады... Мен өзімнен-өзім ыңғайсыздандым; мен оған жан сырымды аша отырып, елеулі қателік жасап жатқанымды сезіндім. Иә, мен енді қызықтырдым, бірақ тым қызықтырып жіберіппін, түсінесіз бе! Әуел баста ол мені бопсалайтын болар деп қорқып кеттім. Бірақ өйткен жоқ... Расында да, мені немен қармауға болады? Мен енді ештеңеден қорықпаймын, ісім жабылған. Жоқ, оған басқа ой келіпті; ол мені өзіне пайдасы тиеді деп ұйғарыпты...


— Пайдалы? Немен?


— Сіз не, ақымақсыз ба, доктор? Оның ойынша, өзінің батылы бара бермейтін тірлікті мен жасай алады екенмін... "Осы істі жайғастырасың, сол заматта-ақ үйленеміз, — деп ант ішті ол, — мәңгі бірге боламыз", өйткені мен оның уысында боламын, ал ол менің уысымда болады. Оның жоспары бар екен және оның сендіруінше, мен үшін қатер жоқ. Бір кезде жасағанымды мен тағы да істей алар едім. Сізге айтайын, Филидің дұшпаны, мұның түбіне жетуі мүмкін әлгі адам қаланың сыртында тұрады: ол ұсақ кәсіпкер, іс жүзінде шаруа, Оңтүстік-Батыста оның өз жүзімдігі бар. Мен шарап сатып алушы ретінде оның сеніміне кіріп алғанмын. Сіз білесіз ғой, қазіргі кезде әйелдер кез келген кәсіпті, оның ішінде комиссиялық ақы үшін іскерлік қызмет көрсетуді де меңгере алады: менің көмегіммен ол бірнеше тиімді мәміле жасады. Біз ол екеуміз ұраларын аралап, шарап дәмін татып көреміз... Аңғарасыз ба? Бір ұстағаннан ішеміз... Ол ішкіштігімен әйгілі адам... Оның бірнеше рет шамалы талмасы ұстағаны бар... Тағы бір мәрте батыңқырап ұстаса, ешкім де таңғалмас еді... Оның үстіне, өзіңіз білесіз, қаланың сыртында патологанатом тіптен жоқ; яғни ешқандай ішін ашу болмайды...


Әйел үнсіз қалды. Доктор ештеңе жауап қатпады. Мұнда қараңғы басқышта Катриннің жүрегі аласұрып қоя берді. Міне, бұл қайтадан бейтаныстың даусын естіді. Бірақ бұл басқа дауыс еді:


— Құтқарыңыз мені, доктор... Ол мені алқымдап барады... Түптеп келгенде, мен төтеп бере алмаймын, келісіп қоямын... Ол сұмдық жан, ал түріне қарасаң, сүйкімді балақай... Періште кейіпті жандарға қонатын бұл неткен күш?.. Олардың мектепке барғаны жаңа ғой... Сіз жәдігөйдің болатынына сенесіз бе, доктор? Зұлымдықтың бір нәрсе емес, әлдекім екеніне сенесіз бе?


Күйеуінің күлкісіне Катрин шыдай алмай кетті. Бұл өз бөлмесінің есігін іштен жапты да кереуеттің жанына барып тізерлеп құлай кетті, құлақтарын бітеді, сөйтіп осындай кейіпте әлдебір тұңғиыққа құлап түскендей, әл-дәрменсіз, ойсыз ұзақ қатып қалды... Кенет бұл үрейлі бажылдаған дауысты естіді және сол бажыл арасынан өзінің аты аталып, шақырып жатқанын айырды. Бұл атып тұрды да басқышпен зымырай ұшып, кабинетке жүгіріп кірді. Күйеуін бірден көре қоймады, оны өлтірген екен деп ойлады. Бірақ күйеуінің даусы шықты:


— Ол саған ұмтылмады ма... Бәрібір абайла... Дереу оның қаруын алып қой!.. Оның қаруы бар.


Катрин доктордың жазу үстелінің астына кіріп кеткенін түсінді. Бейтаныс қабырғаға сүйеніп тұр еді; ол сөмкесін сәл ашып, он қолын соның ішіне салыпты. Өзінің тура алдындағы бір нүктеге қадалып қалған. Катрин асықпай оның білегінен ұстай алды; әйел қарсыласқан жоқ, сөмкесі түсіп кетті, бірақ уысына тапаншаға тіптен ұқсамайтын бірдеңені қысып ұстап алған. Өліктей сұп-сұр болып кеткен доктор көрінді; ол жазу үстеліне ілініп қалған дірілдеген қолдарын жасыруды ұмытып кетті. Катрин әйелдің білегінен айырылмай, оның саусақтарын жазуға тырысты. Ақыры ақ қағазға ораулы бума кілемге түсіп кетті.


Бейтаныс Катринге көз салды. Ол тым кең маңдайын, кесілген, ұсқынсыз әрі сирек, кей жері ағарған шашын жалаңаштап, бас киімін шешті; оның арыған жүзінде, кезерген ернінде, шығыңқы бет сүйегінде опа да, далап та көрінбейді. Сарғыш терісі көздерінің астында қоңырқай рең тартқан. Катриннің еденнен буманы алып, бүктеудегі жазуды ажыратып оқуына кедергі жасамаққа саусағын да қимылдатпады: онысы кәдімгі дәріхана қағазы екен. Әйел қолынан қалпағын шығармай есікті ашты. Ол ауыз бөлмеде қолшатырым болған еді деді. Катрин жұмсақ үнмен:


— Қаласаңыз, телефонмен мәшине шақырайын ба? Нөсер жаңбыр жауып тұр, — деп ұсыныс айтты.


Ол өзінің кішкентай басын шайқады. Катрин басқыш алаңына алдымен шығып, жарық жақты.


— Сіз қалпағыңызды кимейсіз бе?


Ешқандай жауап күтпестен, Катрин қалпақты алды да бейтаныстың басына кигізді, оның пальтосын түймеледі, тиін түбіт тәрізді жағасын көтерді. Және оған жымиып, қолын иығына салуы керек пе еді... Катрин оның басқыш қойнауында ғайып болғанын көрді; бір сәт әрі-сәрі тұрып қалды да сонан соң пәтерге қайтып кірді.


Доктор қолын қалтасына салып, енді бөлменің ортасында тұр екен. Ол Катринге қараған жоқ.


— Сен дұрыс айтыпсың: ырыққа көнбейтін жындыпаш; енді мен абай боламын. Ол өзінде тапанша бардай кейіп көрсетті. Менің орнымда кез келген адам сенер еді. Қалай болғанын сен менен неге сұрамайсың? Міне былай: өзінің болмашы өмір тарихын баяндап, ол өзін емдеуімді талап етті... Мен оған ішіңдегіні ақтару мүмкіндігі болғанының өзі толық жеткілікті, енді өзіңе көп нәрсе түсінікті болды, өз айла-амалыңды одан әрі жалғастырып, әлгі мүләйімнен оның талаптарын ешқандай орындамай-ақ, қалағаныңа қол жеткізе аласың деп түсіндіруге тырысқанымда, ашуы шапшып шыға келгені... Оның қалай бақырғанын естідің бе? Ол мені көз бояушы деп келемеждеді: "Сіз жан дүниені емдеуге тырысқан боласыз, ал өзіңіз адам жанына сенбейсіз... Психиатор — жан дауасын дарытушы, ал сіз жан жоқ дейсіз..." Жалпы, білесің ғой, кәдімгі көкіме... Өзінің бүкіл былайғы тіршілігінің есесін ең тұрпайы рухқа табынушылықпен өтеуге бейімдік...


— Сен неге күліп тұрсың, Катрин? Мұның несі қызық?


Ол әйеліне таңырқай қарады. Еш уақытта оның мұндай жайдары, рақаттанған түрін көрген емес-ті. Әйелі ақыры қолдарын түсіріп, алақанын көйлегінен жеңіл әкетіп, былай деді:


— Маған жиырма жыл керек болыпты... Бірақ енді жетер, осымен бітті! Мен азатпын, Эли, мен енді сені сүймеймін.


Аударған Ақайдар Ысымұлы





Пікір жазу