26.11.2021
  321


Автор: Жаңабек Шағатай

Сағындық сені, көке!


Сәбилер өлмес болсайшы...


Автор



Тым-тым тұнжыраңқы сол бiр жазғытұрым — бадбақыт Жұман ойда жоқта әрi аса жұмбақ жағдайда бақилық болған қаралы күндер, көңiлi жақын кiсiлер беймезгiл ауыр азадан теңселiп, күңiренген кезден бiр жарым жыл өткеннен кейiн Зүбәржатты кездейсоқ жолықтырдым. Баршамыз бейiттiң басында еш аяуды бiлмейтiн өлiмнiң қаралы қанатының ауадағы суық лебiн санадан тыс сонда сезiнiп, тұла бой тiтiренген едi. Дәп iргесiнде мәңгiлiк аза мен тойымсыз тұл ажалдың мекенi — Кеңсай секiлдi қабiрстаны бар қала жұртының пәни тiршiлiк пен жалған қызықты қуалап қана өмiрден өтетiнi алғаш рет шынымен шошындырсын. Уай, түптiң түбiнде өлiм барын бiр сәтке де әрi ешқашан ұмытуға болмайды екен ғой:


бiздiң құрбы-құрдастардың арасын аса мейiрiмсiз, мезгiлiнен бұрын тым асыққан обыр ажал үйiрiлiп аралай бастағаны үрейлi-ақ; жамандық атаулы қашан да жылдам, жалт еткен жасындай ұшқыр, ал менiң құрдастарым өмiрден аңсай күтуге әдеттенген iзгiлiк, жақсылық пен қуаныш шобыр аттай тым шабан, қанша тырбанса да тасбақа iспеттi аяғын санап басқан жүрiсi өнбейдi.


Желбуаз пенде атаулының бiр күндiк жарық, жалт етiп сусыған сәулеге мәз болып күн кешуi де, тiптi барша өмiрi де мән-мағынасыз нәсте, адамның қуаныш-қайғысы, әлденеге ұмтылысы мен әлсiз талпыныстары түгелiмен жалған, кешкi мұнардай алдамшы көзбояу ғана . Өлiм ғана мәңгiлiк. Тiршiлiк атаулының ақыры — ажал!


Аяусыздығы, еш шарасыздығымен кiсiнi сормаңдай күйге бөлеп, кергiге салғандай тыпыр еткiзбейтiн тосын бұл жаңалықты ең әуелi кiм ашқанын қайдам, тiптен он сегiз мың ғалам — кең дүние алғаш жаралған қадым замандардан бұлжымай қалған шығар-ау. Iргедегi орыстар «эффект бабочки» деп астарлайтын, ал қазақы жалпақ тiлмен «жынды көбелектiң кесапаты» деуге келетiн құбылыс, сiрә, қалай аталса да қисынсыздығы, санаға симайтын ерсiлiгiмен ерiктен тыс тiксiнтер әрi iштей шарасыз мойындауға мәжбүрлейтiн үрейлi заңдылық. Әлемнiң әлдеқандай қиян түкпiрi, адам аяғы баспаған құла түз, қу медиенде байқаусыз ұшқан әлдебiр құйтақандай көбелектiң үлбiрек қанаттары дiрiлдесе, әлгi кездейсоқ дiрiлден басқа бiр өңiрлерде қуатты дүрiл зор апаттар туындауы ықтимал: Жер-ана алғаш жаралғандағыдай дүр сiлкiнiп, аспаннан отты тастар толассыз жаумақ-дүр, заңғар-заңғар таулар орнынан түп көтерiле қозғалып, айпара сулар арнасынан асып төгiледi; шексiз мұхиттарда асау толқындар буырқана аспанға атылса әлгi көбелек кiнәлi-дүр.


Құдай-ау, бейкүнә пенденiң өмiрi, бүкiл тағдыры өзi ешқашан көрiп-бiлмейтiн сол титiмдей көбелек қанатының кездейсоқ дiрiлiне ғана байланысты болуы қандай қорқынышты?! Солай деп ойлаудың өзi және осылай екенiн айқын бiлу неткен бақытсыздық!.. Жұман марқұм соңғы кездесуiмiзде осыларды айтқан. Ендi, мiнеки, әуелгiде Зүбәржат көзiме соншалық жылыұшырағанмен, арада өткен азғантай уақытта әлдеқалай өзгерiп кеткендiгi кеудемдi қылп еткiзiп, жүрегiм аңдаусызда майдың тортасын iшкендей кiлкiсiн. Бәлкiм, өткен уақыт мен үшiн ғана шолақ жiптiң үзiгiндей тым қысқа, қара үзген жүйрiктей ұшқыр шығар, ал жас әйел - сылаң қаққан сұлу келiншектерге ұзақ ғұмырдың тұтас, таусылмайтын бөлiгiндей сезiлер. Еркектiң құшағынсыз өткен әр күнi ғасырға бергiсiз шығар, кiм бiлiптi?! Және құмарлықтары мен зинаһорлығын «сүю», «кеш оянған махаббат» дейтiн жалған сөздермен нәжiсiн көмген арамза мысықтай жасырып-жабар, бүркемелеп бағар ә?! Әйтеуiр әйел жаны жұмбақ әлем, сыры ашылмаған құпия. Дүниенiң барша жұмбағын шешсе де, мұқым адамзат әйел жанының құпияларын толық ашуға қабiлетсiз. Өйткенi, ақылы шолақтықтан түзiлiп, ақымақтықтан туындайтын тосын жұмбақтарды шешу жұмыр басты пенденiң қолынан келмейтұғын харекет. Сондықтан да атамыз қазақ баяғыда-ақ «Әйелдiң шашы ұзын, ақылы қысқа» деп бiржола қолын сiлтеген. Әрi өкiнген, әрi қауқарсыздығын амалсыз мойындаған.


Кеудемдi қас-қағымда өзiм де мәнiсiне жетпеген, жете де алмайтын мүлдем жұмбақ әрi сондайлық өрескел; орынсыз қызғаныш па, бәлкiм жөн-жосықсыз күдiк-күмән ба екен, әйтеуiр түсiнiксiз бiр сезiм аяусыз жайлап барады. Жүрегiм алау-далау. Осыған дейiн етене жақын санап келген жанның бойындағы бұрын елеусiз көрiнетiн күтпеген өзгерiстердi алғаш аңғарғанда кiсiнiң әлденеге iштей әбiржiп, амалсыз тосырқап, әлдебiр қимас асылын ойда жоқта жоғалтып алғандай бейуаз күй кешетiнi бар. Өзiн әлденеге кiнәлi сезiне ме, қалай?!


Сол ыңғайсыз күйдi бiр пәсте мен де басымнан кештiм. «Жесiр келiншек» деп ауыр шындықты мойындауға ерiк-жiгерiм де жетпейдi - бiр кездерi арагiдiк дәм-тұздас болған Жұман бейбаққа асқан қиянат жасайтын сияқтымын, арыстай азаматтың аруағы көрiнде аунап түсердей көрiнедi...


Бiрақ, бұл расымен мүлдем басқа әйел, бiз бiлмейтiн Зүбәржат едi. Тал бойында бұрын болып көрмеген, әсiлi, осыған дейiн бұлайша бадырайып айқын аңғарылмай, бұғынып жатқан әлдеқандай тартымдылық, соншалық сүйкiмдiлiкпен құлпыра түскен секiлдi. Әлде қиындығы мен азабы таусылмайтын тұрмыс жасынан бұрын қажытып, қарақат көздерiнiң алдына уақытынан тым ерте түскен майда әжiм жүзiн соншалық мұңды әрi орынсыз жасқаншақ етiп көрсететiн бiртоға, арықша келiншектiң қабағына мәңгi қонақтағандай сезiлетiн суық сыз сүйкiмдiлiгi мен сымбатын сыртқы сұқтан жасырып-жауып келдi ме?! Бәлкiм, сұлулық атаулы, әсiресе, жас келiншектер шөлейтте елеусiз өсiп, жүз жылда күтпеген сәтте гүш шашып, айрықша құлпыратын өткiр тiкендi кактустердей өзiнiң киелi сәтiн күтетiн шығар...


Бәлкiм, қыс бойғы құрсаған қалың мұзды жарып шығып, былдырлап ағатын бұлақтай төзiм мен шыдамдылықтың өтеуi жесiр келiншектерге сұлулық болып қайтып оралатын болар.


Әсте олай да емес, бұл бүгiн ғана құлпырған келiншекке ұқсамайды, талайдан берi iштей түлеген, сұлулығын өзi де жақсы бiлiп, бұрынғыдан өзгеше өмiр сүрудiң дәмiн татқан жан.


«Мен бәрiн қайдан бiлейiн, еһе-һе!..»


Бiр белгiлiсi — жесiр келiншектiң көбiсi табан асты сұлуланып кететiнi. Өмiрде хас сұлудың бәрi дерлiк жесiр болатыны. Сұлулықтың өзi жесiр, жалғыз екендiгi!


Зүбәржатты аса сұрықсыз, ебедейсiз дөңкиген «Балалар әлемi» дүкенiнiң қарсы алдынан байқадым. Онсыз да сұрқай қаладағы талғамсыздықтың ең сорақы үлгiсi секiлдi, үш қабатты болса да келушiлердiң еңсесiн езгендей мейлiнше жер бауырлап, жатағанданып көрiнетiн кеспiрсiз, сұрқай ғимараттың нелiктен балалардың еншiсiне тигенi де ешкiм түсiнбейтiн жұмбақ. Бiрақ, қаладағы көрнектi, iлiп алуға татитын зәулiм үйлер түгелдей жеке адамдардың еншiсiне әлдеқашан кеткен, қоғам бүлдiршiндердi емес, бiр күндiк тамағын ғана ойлайтын тоғышарларға толы. Қайда аяқ бассаң да қалайда баюдың амалын, қалтаның қамын ғана ойлаған жұрт. Аз ғана жылда адамдар бiр-бiрiнiң етiн жұлып жеуге даяр аждаһаға айналған iспеттi. Мына ұзын кезектегiлер де дүкен сөрелерiндегi заттарды түгел сыпырып кетедi әлтаман. Тек дәу әрi ауыр есiктiң ашылуын күтуде тағатсызданып. Қолы жеткенiн таңдап-талғамай, түпсiз терең қапшықтарына тоғытар жапатармағай. Сiрә, бұлар қошқардың керсендей құйрығы үзiлiп түсетiнiн тосқан аңыздағы ақымақ қасқырдан да әрмен. Әйтеуiр тойымсыз, айрықша ашкөз топ. Жолдағысын жалмайтын қорқынышты тажал.


Ол дүкен алдындағы буын-буын шылаушын құрттай шұбалаңдана созылған кезектiң ортасында тұрған-ды. Жанындағы сүрмелi қалың қастарын секiрте тастап, барлық саудагерлердiң әдетiнше ауыз-ауыздарына жұқпай, жыпылдап сөйлейтiн қос келiншекпен қызбалана әңгiмелесiп, жайраңдай күлiп қояды. Қаймыжықтай ерiндерiн қан қызыл далаппен орашолақ боямалаған бiрi қараторы, екiншiсi арықша келген, шұбалта киген алабажақ гүлдi көйлегiнен иық сүйектерi айқынданып байқалатын қара сұр келiншек. Екеуi де күнсiген ұзын қара шаштарын алабажақ шаршымен шарт буып, иықтарына қобыратып бос тастапты. Әлгiлер әңгiме қызығымен дүкендi де, тiптi дүниенiң бәрiн де ұмытқан, ал Зүбәржат олардан әрмен. Сырттай мүлдем бейқам, шер-мұңсыз, сол бейқамдық пен мұңсыздық өзiн ерекше сүйкiмдi ететiнiн iштей сезетiн де сияқты. Әйтеуiр мiгiрсiз тiрлiктiң күйбеңi мен таусылмайтын қам-қарекетi шаршаңқы жүздерiне әбiржу мен лажсыздықтың мөрiн әбден тереңдеп, мүлдем өшпестей етiп басқан жұрттан ерекшелеп менмұндалайды. Қазiр әжептәуiр толысып, тал бойы жұмырланып алған ба деймiн; денесiне жабысқан жұқа, үлбiрек қызғылтым кеудеше, жұмыр да етi тығыз санын елеусiз ғана бiлдiретiн, соынмен бiрге әдейiлеп айқындай түскен тiзеден сәл жоғары жұқа ақшыл юбка құлын мүшелерiнiң бар сұлулығын сырт көздердi сұқтандыра әйгiлеп, әдейi киiлгендей. Қабағы томпақтау, қиықша қара көздерiнде әлсiн-әлсiн сиқырлы сәуле ұшқындары ойнақшып, әрi жанарының түбiне әлдебiр жұмбақ сыр бүккендей тұңғиықтана күлiмкөзденiп алған. Ақша маңдайына құлай беретiн кекiл шашын әсем қимылмен керi қайырғанда дөңгелектенген қос анары дiрiл қағады көз құртына айналып. Жұмыр сандал ағашынан түзу шабылғандай тоқ балтыры да шiлденiң шiлiңгiрiнде тотығыңқырапты, ендi бiрөңкей шоколад түспен жанарды ерiксiз сүйреп, тамаққа кiлегей түйiн тiрелте арбап, сұқтандыра ынтық қылады сырт көздердi. Беу, сұлулық атаулыда құпия түнек, басқаға жұмбақ сыр бар, әсiлi! ..


Қалай екенiн қайдам, әйтеуiр бұрынғыдан гөрi әлденеге күмпие үлкейiп, жұқа кеудешенi керген, дерте түскен қос анары да сәл қимылға дiр ете жанарды арбап, дүкеннiң ашылуын тағатсыздана тосқан, шынылы ауыр есiк ашылған заматта анталай бас салуға тастүйiн даярланып, iштей аңдысып тұрғандардың қақ ортасында сұқ көздердiң қызыл құртына айналғаны кәмiл. Қарақұрым топтағы көп еркектiң сүзiле көз тастап, кеберсiген ерiндерiн айрықша ашкөз құмарлықпен жаламалап, бейдауа күйде әрегiдiк қылғына жұтынғаны байқалып тұр: көбiнiң жұтқыншақтары жоғары-төмен жүгiредi кеп, жүгiредi кеп тынымсыз. О-о, бiр сәттiк нәпсiнiң, құмарлықтың жетегiне ойсыз құлаған еркектерден қорқынышты аң, жыртқыш жоқ. Тойымсыз нәпсiнiң шақыруына берiлмесiн де оларды...


Өмiрде кейбiр кiсiмен кездейсоқ жолығу жүректi ерекше өрекпiтiп, тұнық қарасудай еш ағын-ағыс, тулаған толқынсыз, селт еткiзер ерекше қимылсыз тұнып, талайдан тұмаланып жатқан тыншу көңiлдi ойран-топыр ететiнi бар. Қоламталанып сөне бастаған естелiктер көкiректе алағай да бұлағай сапырылысып, жанын беймәлiм мазасыздық пен мәнi түсiнiксiз мұң жайлағанын мұндайда аңдап та үлгермейдi адам...


Тонның iшкi бауындай болмағанмен, көзi тiрiде қатарлас жүрген қайран арыстың айрылысып кеткен әйелiн... бұрын шын сүйген, бәлкiм, өле-өлгенше iштей сүйiп өткен аяулы жарын ойда жоқта жолықтыру, сол жесiр келiншектiң ендi соншалық сұлуланып кеткенiне көңiл сенбегенмен, бiржола көзiң жету - бейопа тiршiлiктiң шынымен-ақ тым-тым алдамшы әрi аса қатыгез екенiн ерiксiз мойындатқандай.


«Жарқыным-ау, бұл әлгi.... иә-иә, баяғы Зүбәржат қой. Қайтсе де мынау қайғы-шерден жүнжiп кеткен мұңлық емес, керiсiнше тотыдайын таранған сұлу боп, алтайыдай түлеп апты-ау, әсте, — деп ойладым бiр сәтте-ақ әлденеге жүрегiм уiлжи үнсiз қамығып. — Құдайым-ау, шынымен ... шынымен қайран арыстың жамбасы қара жерге тиiсiмен-ақ етегiне жабысқан шоңайнаны жұлып тастағандай жылдам ұмытып кеткенi ме? Расымен адам баласы, әсiресе, жас әйелдер өткенiн жылдам ұмытатын болғаны да. «Қатынның қайғысы етекте» деген сұмдық сөз дәл айтылған екен-ау. Бiрақ, бұлай болуы мүмкiн емес қой. Тым құрыса асықтай екi баласының әкесi, адал жары емес пе едi?! О, опасыз жалған-ай!» Осынау жағымсыз ойдың шырмауынан құтыла алмай тұрғаныма өзіңмнің де ызам келе бастағандай.


— Сәлеметсiң бе, Зүбәржат! — дедiм әу бастағы батылсыздығымды күшпен жеңiп, жанына ақырын таяп келгенiмде.


Iлкiде жыға танымады ма, әуелде мұны қайдан көрдiм деген таңданыстан көз шарасы үлкейiңкiрей, томпақтау әрi қиықша келген қара көздерi дөңгелене түстi де жүзiне лыпып қан тепкiдi. Елеусiз ғана селк ете түсiп, қас-қағымда алабұртқан дидары тұла бойындағы барша өзгерiстерге кереғар секiлдi: әлi де iштей әлденеге толғанатын, әлденеден үрейленiп, сескенетiн сияқты ма, қалай?! Iзiнше сәл бұйралана иығына төгiлген мақпал шашын ерке қимылмен сiлкiп жiберген күйi:


— Ә-ә, Мұқанбысың? Сәлем! — деп ерекше бiр назды қимылмен қолын ұсынды да, табан астында жанары тұңғиықтана күлiм қағып, жайраңдаған қалпы кезекте тұрғандардың арасынан сытылып шыға бастаған. Қолымнан мықтап ұстап, қыпша белi бұраң қаға еркiн, жүдә кербез қимылдайды. Салалы саусақтары, мамықтай жұмсақ алақаны жүрекке ерiктен тыс шоқ тамызардай ып-ыссы. Бұрынғыдай емес, ерiндерiне де ерекше бiр нәр, тәттi шырын толғандай алқызылдана албырайды. Күйеусiз келiншектердiң дөңгеленген қос анары мен бұлғақтаған бөксесi, құлын мүшелерi түгiлi, ерiнi екеш ерiндерi де нәрге толып, жұмырлана түсе ме, қалай?! Пiл сүйек тiстерi бұрынғысынша маржандай тiзiлiп тұр, тек оңтүстiк әйелдерiнiң жөнсiз әдетiмен сол кiршiксiз тiстерiнiң екi-үшеуiн алтынмен аптап қойған. Бiр езулей жымиған шағында қиялай төгiлген күн сәулесiне шағылысып, шұғыласы көздi қарықтырсын. Көз үйренгенше әрi ерсi, әрi табиғат берген сұлулыққа жөнсiз қол сұққандай.


«... Құдайым-ау, ойнақшыған мынау қатын расымен баяғы Зүбәржат па? Өз көзiме өзiм сенейiн бе, сенбейiн бе?» — деп ойладым тағы да жүрегiм әлденеге сыздап. Кеудемде қайтадан бой көтерген таңданыс аралас түсiнiксiз сезiмдерден еңсем түсiп кеткенi. Әлде күтпеген кездесудiң тосындығы мен жатырқаудан арыла алмай тұрмын ба әлi де.


— Мұқан-ай, сенi де көретiн күн бар екен ғой. Осы Алматыға үнемi күн аралатып келiп-кетемiн, бiрақ бұрынғы таныстардан ешкiмдi жолықтырған емеспiн, — дедi ол бастырмалата. — Ал, айтшы, хәлдерiң қалай? Келiншегiң ше? ..


— Шүкiр, Зүбәржат, бәрi де бiр қалыпты, — дедiм әуелгi ыңғайсыз күйден арыла алмаған қалпы қипақтап. — Расымен де бiз көрiспегелi көп болды ғой. Балаларың ...өй ...кешiршi, iһiм...ұлың дәу жiгiт болған шығар?


— Бәрi дұрыс. Мiнеки, өзiмше бизнеспен шұғылданамыз деп... — Ол ұзын, қайқалау кiрпiктерiнiң салаларын төмен салып, қабағын шытына көңiлсiз үнмен салғырт, енжарлана айтты: қуаты мол түстiк күнiнiң әлi қайтпаған аптабы ма, әлде құйрық-жалына қол тигiзбей заулаған ұшқыр уақыттың пенде ырқынан тыс әсерi кiсiнi мүлдем өзгерте ме, әйтеуiр, табан асты бұрынғыдан әрмен қарасұрланып, қуқыл тартқан әлпетiнде жөнсiз естиярлық... жо-жоқ... осы кезге дейiн ешкiм аңғармай келген жұмбақ бейәдептiк жүлгеленсiн. Жүзiнде көптi көрген әйелге жарасар аярлық пен дуайпаттық аңғарылды да, бұғынып жатқан долылық қылаңытты. Қалай десем де, өзiм пәруайынан бұрынғы пәрузалықты, жамалынан ерте жоғалған тазалықты iздеп әуреге түстiм. Әлде мен тым күмәншiл, орынсыз күдiкшiл боп кеткенмiн бе, немене?! Тек бiр сәтке, қас-қағым қысқа сәтке ажарына бұрынғыша жұқалтаң қызыл арай тепкiп шығып, заматында қайтадан тұманша ыдырап, елеусiздене жоғалып кеткенi. — Сол жетiмектi асыраймын деп арқа етiм арша, борбай етiм борша боп жүрмiн. Қанша шарқ ұрсам да, шөлкиiм жамалатын сұры жоқ. Мына өмiрден тұттай жалаңаш өтетiн секiлдiмiн...


Күтпеген ауыр сөздерден жүрегiм шым ете түскенi. Қарау ниет қатыгез әлдекiм аңдаусызда жүрегiмдi оттай iстiкпен аяусыз, қасақана iскектеген сияқты. Көкiрегiм бұрынғыдан әрмен сыздап сала бердi. Қатты ауыртып, шыдатпай шымырлаған. Бұрынғы ұяң, бiртоға Зүбәржатты бiржола жоғалтқанымды, ендi қайта табу мүмкiн емес екенiн, мен үшiн де, басқалар үшiн де мүлдем жат, кездейсоқ жолыққан аса бiр кербез келiншек әрi баяғы, әрi соншалық бөтен, аз жылда өзге жанға айналған Зүбәржат екенiн еркiмнен тыс пайымдадым жүрегiме тотияйын тамшылап тұрып. У тамшылаған көкiрегiм шыдатпай күйдiрiп, жаным езiлiп, зiлден жаншылып барады. Мынау қатал, жақсылығы кемшiн өмiрде бәрi өткiншi, барлығы да жалт етiп сөнген сәуле ғана, көзбояған алдамшы!


... Беу, бұл келiншек бiз сыйлаған, марқұм Жұман сүйген Зүбәржат емес. Кiсi танымастай, анадан қайта туғандай өзгерген жан бұл. Бiрақ дәл осы аңдаусыз өзгерiске еш амал, дауа жоқ. Қарсы дәрмен де қыла алмайсың. Қолыңнан бар келерi — ырықтан тыс мойындау, сосын iшкi бiр түсiнiксiз ыза мен ашудан арыла алмау ғана. «Сонда... сонда адам атаулының барлығы өмiрде маска киiп жүргенi ме? Шынымен-ақ өмiр — театр, адамдар — әртiс пе? Жылдар бойы өзiнiң, маңайдағы өзгелердiң де көңiлiне ұнамды нықап киiп, көлгiрсiп жүрiп, жылдар жылжып, сәтi келгенде тағдырдың, тұрмыстың итермелеуiмен басқа бетпердеге ауысатын болғаны ғой. О, өмiр қандай жалған. Пенделер неткен екiжүздi!?»


— Ендi ... Орынды ғой. - Дауысым еркiмнен тыс күмiлжи, құмығып естiлсiн. — Жұмыр басты бейшара пенде тұрмақ, аспандағы азат құстарға да жейтiн жем, iшетiн су керек. Бiрақ... мүлдем өзгерiпсiң, Зүбәржат! Адам жылдардың еркiне бағынып, өмiрдiң ырқына амалсыз берiлетiнiн бiлемiн, дегенмен өзiм жақсы танитын Зүбәржатты жоғалтып алған сияқтымын...


— Жоғалғанды iздеп әуреге түспе, Мұқан. Бұрынғы күндер қайта айналып келмейдi, тiптi бiржола ұмытқаның жөн. Қатыгез өмiр, қу тiршiлiк кiм-кiмдi де аямай илектейдi, ал әлсiз әйел — менiң кешкен күнiм мен қиналыстарымды еш адамның пешенесiне жазбай-ақ қойсын. Мейлi, өттi-кеттi бәрi, ендi құр өкiнерiм жоқ, — дедi ол жүзi сазарып. Ағы мол қара көздерiне ашу кiлкiп, астыңғы ернiн тiстелеген, томпақтау қызыл ерiнiнде қатары мiнсiз майда, маржандай тiстерiнiң бозғылт тарта iзi қалды бiлiнер-бiлiнбес болып. — Өз жағдайыңды айтшы. Жазған-сызғандарыңды ара-тұра әр жерден көзiм шалып қалады.


— «Жазған-сызғаныңды» дешi ... — Мырс етiп күлiп, қолымды керенау ғана сiлтедiм. Не ашуланарымды, не күлерiмдi бiле алмай абдыраймын. — Жетiскен жағдай жоқ. Тар дүниенiң қауызына сыя алмай шарқ ұрып солықтайсың. Шөп жесең қақалатын, ұрлық қылсаң өлетiн кер заман ғой, әсiлi.


— Ән-нi, солай! — Бiр демде көңiлi пәс тартып, iшкi жұмбақ өкiнiштiң табы ақ сұр жүзiне лыпып ойнап шығып, мори күрсiнген Заүбәржатқа таңдана қарадым. Көңiлiндегi алаңның сырын ұқсамшы. Табан асты мың құбылатыны да жұмбақ. — Жазушы атың бар ғой, ендiгi Алматыдан әйдiк пәтер алған шығарсың?! Келiншегiң екi қолын жылы суға мал-е-еп отырған болар, сiрә.


— Қайда-ан... Бiздiң маңдайға жазғаны ылғи бөтен жұрттың жапырайған итарқасы-ау деймiн. Тетелес үш тентектi жетелеп, қаланың мүйiзi көрiнген пәтерлерiн адақтап жүрiп жатырмыз әзiрге. Бұрын үй алуға азды-кем үмiт болатын, ал қазiр... Айтпақшы, өз ұлдарың... iһiм... ұлың есейген шығар ендiгi. — Жұманның ұлдары деуге әлденеге батылым жетпеген, сонда да iле- шала өкiнiштен тiлiмдi тiстей қойдым. Қарақотырланған жараның аузын абайсызда аямай тырнап, жанын ауырта жаздаған көрмәдiктiгiме опындым сол мәурiтте. Өн-бойымды сұп-суық, жылбысқы тер буған күйi iштей қипақтаймын.


— Шүкiр, Санат төртiншi сыныпқа көштi биыл жазда, ал Арман... уһ- һ... -Зүбәржат кiлт күмiлжiп, қарлығаштың қанатындай қиылған қастары түйiлген күйде көкiрегi қақырай, өкпе-бауыры суырыла терең күрсiнсiн. Жүзi күңiрете қарақошқылданды да, әдемi иегi әлсiз, кемсеңдеп сала бердi. Шерге тұнған күрсiнiсiнде өмiрге нала, аяусыз тағдырға айтылған лағынет жатқаны сөзсiз. Әйткенмен аса бiр дәтi берiктiк, жiгермен бойын жиып, қысқа сәтке кiрпiгiне мөлтеңдеп iлiнген көз жасын байқатпай жiбердi. О-ей, бүйткенше еңiреп тұрып жылағаны, ағыл-тегiл жас төккенi жақсы едi-ау... Iштей тынғанынша, әйелге тән әлсiздiктiң ырқына берiлгенi дұрыс едi.


— Құдай үшiн кешiршi, Зүбәржат! Жаныңды, жүрегiңдi ауыртайын деген жоқпын. Әттең-ай! .. Ендi... Арманның артының қайырын берсiн, алды —пейiш, арты — кенiш болсын... — Қапылыста айтар сөз таппай, тағы да ыңғайсыздана тосылып қалдым.


«Бейшараны бағанадан берi неге жазғырып тұрмын, а?! Бiр жылда күйеуiнен, қаршадай ұлынан айрылған әйелдiң, аңырап қалған ананың жанын түсiне аламын ба мен? Оны кiм түсiнедi!? О, Құдайым-ай, бәрiнен де қаршадай сәбилер қапияда өлмес болсайшы!..» Кеудем қиян даладағы қойшының ыбырсыған күзгi жұртында, а йдалада жапа-жалғыз қалған жетiм күшiктей ұлысын кеп. Еңсемдi бұрынғыдан бетер езе түскен жайсыздық пен зiлдей үнсiздiктi жеңе алмастан iштей жанталасудамын. Охо-хо, жер бетiндегi жұмыр басты әрбiр пенде сәт сайын ауыр жүк тиелген сегiз «КамАЗ» - дың салмағына тең атмосфералық ауырлықты мойнымен көтерiп жүретiн көрiнедi. Дана ғалымдар солай дейдi. Шарасыз үнсiздiктер мен тылсым тыныштықтардың салмағы одан да ауыр шығар, сiрә?!


— Бәрiне де шыдап үйрендiм, — деп тiстене кекiл шашын сiлкiп қалған Зүбәржат кiлт дегбiрсiздендi. — Мен ылғи осы қалаға келiп, тауар әкетiп тұрамын. Көбiне осы дүкеннен аламын. Балалардың киiмдерi, керек- жарақтары өтiмдi ғой. Жұрт таласып алады. Бiрақ, осы уақытқа дейiн кездеспегенiмiз, бiр жолықпағанымыз қалай?


— Сiрә, өзiң ешкiмдi, бұрынғы таныстарды iздемейтiн боларсың. Оның үстiне қала тым үлкен ғой. Ал, мына сұлуларың кiм? — дедiм әлгi ауыр үнсiздiктiң шымылдығы сәл серпiлгенiне, ыңғайсыз күйден арыла бастағаныма iштей жадырап. Бiрақ, әлгiден бiзге жалтақтай жосықсыз ыржыңдаса күлiп қарап, қаймыжықтай ерiндерi бiр-бiрiне жұқпай сыбырласқан қос келiншекке әлденеге ызам келсiн. Тiптi, кеудемде Зүбәржаттың осы бiр жасанды еркелiгi, ойда жоқтағы ойнақылығына да әлдеқандай наразылық, жасырын қарсылық туындап келедi бiрсiн-бiрсiн. Бiрi кем дүниенiң сұлулығы мен былғанышы қаз-қатар жүредi екен ғой, әсiлi.


— Ой, айтпашы, Мұқан, оны неге сұрадың? — деп iлкiде сыңғырлай, еш қамсыз-мұңсыз күлген Зүбәржат күдiктi ерке наз, тосын өзiмсiнумен iштарта иығымнан ұстай алғаны. Мақпалдай жұмсақ алақанының ыстық табы әп- сәтте жаздық жұқа жейдемнен өтiп, денемдi күйдiре жөнелген. Мұндай от, сыртқа тепкен қызу алғаш рет сүйiскен бойжеткенде болушы едi әдетте. —Бiрге сауда жасап жүрген құрбыларым ғой. Шынымен танысқың келiп тұр ма? Басыңды шайқамай-ақ қой, мен бiлем ғой, қазiргi еркектердiң бәрi желiк құмар, сондай ынтыққыш. Әсiресе, ақшаны судай шашқан қазақтар! Қазiр мына дүкеннен тауар сатып алайық, сосын қаласаң ресторанға ма, оңаша отыратын бiр жерге шақыр бiздi...


«Ойпырм-ай, жесiр келiншектердiң арда емген ерке құлындай құбажонданып, бұлықсып кететiн не пәлесi бар осы. Алтайы түлкiдей құлпырады-ау қас-қағымда. Назымен, нәзiк ишараттарымен дымыңды құртып, дегбiрiңнен айырады ғой, пәтшағарлар», — деп назаландым Зүбәржаттың әлдебiр тұспалмен айтқан лебiзi тағы да жүрегiмдi ерiксiз шымырлатып.


— Ойбой, ондай мол ақша табу, сыланған үш келiншектiң көңiлiнен шығу үшiн қауқарың тым құрығанда әйдiк коммерсанттан кем болмауы керек шығар. Дөңгеленiп айналған жердiң кiндiгi қазiр алыпсатарлар болып тұр емес пе? - Үнiм кекесiндi естiлгенiн аңдап, табан асты ашулана ма деп едiм, Зүбәржат жұлып алғандай:


— Ә-ә, жазғыштарда қашан ақша болушы едi? Ала қағазды шимайлап, әлiмұлыққа жетемiн деп жүрмiсiңдер? — дедi де сыңғырлай, тоқтаусыз күлдi мәз-мажыра қалыпта. Әлi де көзiме ерсi көрiнiп тұрған алтын тiстерiнде күн сәулесi шұғылалана секiрiп ойнап, жанарымды ұялтсын. — Еш алаңдама, өзiмiз де ақша қосамыз ғой. Тiптi, керек десең, соның бәрiн бiз-ақ мойнымызға алайықшы. Әй, еркектер-ай, ала қағазда не құндарың қалып едi, мына заманда өзiң айтқандай «коммерсант» болып- болып кетпейсiңдер ме? Олар да ешкiмнен қор емес, бiле-бiлсең iшiп- жегендерi алдында, ешкiмге бас ұрып, алақан жаймайды. Тәуелсiз. Ал, жазғышы бар, басқасы бар, өнер адамдары бiр бейшара ғой. Ренжи көрме, бiрақ олардың көбi тәуекелi жоқ, қолдарынан ештеңе келмейтiн ынжық секiлдi...


— А-а... — Осынау аса зiлдi, жiгердi мұқалтып, намысқа тиген сөздер жүрегiмдi ауырта шабақтасын. Әсiресе, жас келiншектiң аузынан естiлгенi сұмдық, әйткенмен онсыз да жаны жаралы жесiрге өкпелей де алмаймын. Тек жауыз әлдекiм жүрегiмдi қатыгез саусақтарымен аяусыз бүрiп жiбергендей көзiм тұмантып, көкiрегiм бұлқан-талқан. — Алла коммерсанттардың алдынан жарылқасын! Сен айтқан өнер адамдары елмен бiрге көредi де маңдайына жазғанын. Бiрде көл, бiрде шөл мынау жалғанда әркiмнiң өз нәсiп-несiбесi бар шығар.


— I-i... Дегенмен, адам бәрiбiр өмiрге қызық көру, жақсылық пен қуаныштың дәмiн тату үшiн келедi, — деп ол анары дiрiлдей жеңiл күрсiнiп, қабағы лезде кiрбiң тартқан. Өмiрдiң баянсыздығына өкiну ме, тұрлауы, түйiнi қиындығына опынып, қамығу ма, әлде... өзгеге беймәлiм әлдененi аңсау ма ... әйтеуiр, демi өрт болып сезiлдi маған. — Құр қиял, ұшығы жеткiзбес арманға елти, елтiге беретiн емес, өмiр тым қысқа. Шолақ! Ендеше, адам барша жақсылық, қызықты әлi бойындағы қызуы қайтпаған жастық шағында көруге тиiс. Ал, басқасының бәрi құрғақ философия, қолынан түк келмейтiн әлсiз адамдардың ойдан шығарғандары. Солай емес пе, Мұқан?!


— Солай шығар, бiрақ әлгi «жақсылық, қызықты» әркiм өзiнше түсiнедi ғой. Мәнiсi де әртүрлi. — Манадан бойымды буған ыза жуыр маңда басылатын түрi жоқ. Көңiлге түскен сызат тарқаудың орнына бiрте-бiрте өршiп бара жатқан секiлдi. Қалтамның тым жұқалығына қорландым, өкпесi тесiк өзiме, алдан еш жақсылық күтпейтiн, күте-күте әбден қажыған «Аттың аяғын тағаласаң, есек аяғын көтерген» өзiм сияқты қалам ұстағандарға жаным ашыды, әлденеге күлiмкөзденiп кеткен мынау Зүбәржатқа ызаланамын iштей. Оның жалт-жұлт еткен алтын тiстерiн, мәнсiз ыржаңдасып тұрған анау екi келiншектi де, ащы iшектей шұбатылған кезектегi қарақұрым жұртты да суқаным сүймей тұр. Қалам ұстағандардың қаймана жұртқа оңбай мазақ болуға айналғанына арландым. — Сендер... сен... Кеңсайға, бейiтiнiң басына барасың ба?


Тау жаққа ерiксiз көзiм түссiн: қапталдағы зәулiм үйлер, ауа ағынымен әлсiз теңселген ұшарлығы шарбы бұлттардың бауырын қытықтаған биiк үйеңкi мен бұжыр-бұжыр емендер өлiлердiң бақилық мекенi — қаралы Кеңсайды көзден тасалап, бүркемелей көлегейлеп тұр. Ал түске таман Талғар шыңының басына үйiрiлген қара сұр бұлт сәт сайын түнерiп, қатулана тұнжырайды. Пәруадигар, бүгiн жаңбыр жауатын сиқы бар: Алматы — талай күннен берi шiлiңгiр ыстықтан таңдайы кеуiп талықсыған, тұншығып жатқан қапас қаланың жұрты тасаттық жасамай-ақ құятын рахман нұрынан бой-бой боп елжiреп, бастаңғы жасар, сiрә?!


Қайтадан керi бұрылғанымда томпақтау астыңғы ерiнiн ызақорлана қырши тiстеген Зүбәржаттың көзiндегi шексiз ашу, мейлiнше жеккөру және түсiнiксiз өшпендiлiк өшiп үлгермеген екен. Ол ол ма, әлемтапырық әлпетiндегi әлдеқандай көгiс, ызақор долылықтың дүлей бояуы да тарқай қоймағанын аңдап үлгердiм. «Құдайым-ау, сонша неге ашуланды? Тұлан тұтқаны несi, а?!»


— Жоқ, Бармаймын! — Сәл бұйраланған кекiлiн желп еткiзе басын шайқап, кiжiне кесiп айтты. — Онда барғанда не iстеймiн? Гүл қойып, көз жасымды көл қылып төгемiн бе? — Тағы да басын шайқады. — Мақұл, мен кетейiн... Аналар да шыдамсыздана дызалақтап тұр. Мұқан, көрiскенше қош бол! ..


Тұлан тұтып, бойын буған әлдеқандай ашу-ызаның сызын қалдырып кеттi қасымнан. Жұмыр, тоқ балтырлары елеусiз дiр-дiр етiп, дөңгеленген бөксесi бұлтыңдап ойнақ салған Зүбәржат құмырсқаның илеуiндей құжынаған, толқыған жұрттың арасына еркiн сұғына енiп бара жатыр. Кеудемде еш күмән қалған жоқ; бұл шынымен басқа, мүлдем өзгерген Зүбәржат едi расында...


«Жаратқаным-ау, Жұманды шынымен тез-ақ ұмытып кеткенi ғой. Ойға да алғысы, еске де түсiргiсi келмейтiн жанның тiрлiгi бұл. Сонда... сонда қалай болғаны?! Бейсауат, туажат бiреу болса мейлi. Iңкәрлiк, сағыныш, адалдық дейтiннiң бәрi өмiрдегi босбелбеу, ынжық пенделердiң жоқтан тудырған, қолдан жасаған еш мәнсiз сөздерi, құрғақ қиялдан сомдаған кеуек ұғымдары ма?! О-о, алдамшы, опасыз өмiрдiң сұмдығы-ай! Әсiлi, адамдар бiрiн- бiрi жақсы көру, шын сүю үшiн арадағы қаншама алыс қашықтықтар, өткелсiз асуларды саналы, табанды ұмтылыс, нәзiк iңкәрлiк, төзiмдiлiктерiмен көктеп өтiп, тосын кедергiлер мен қиындықтарды ерiк- жiгер, қайсарлықтарымен жеңедi. Сонда аппақ көңiл, берiк сүйiспеншiлiктерi шамшырақ. Ағысы арынды уақытпен арпалыста адал махаббаттың еш қайталанбас дәнiн тауысып, шырынынан қанбай iшедi емес пе?! Бақыттан басы айналып, дүние мың сан бояумен құлпырады. Соның бәрi қалай ғана тез ұмытылады, а?! Ал, бiрiн-бiрi шын сүйгендер кездейсоқ қабақ шытысқанда шиеленiскен оқиғалар тiзбегi жаздың бұлтсыз кешiнде алыс көкжиекте жасынның тосыннан жарқ еткенiндей болып, кiрпiк қаққанша зуылдайды екен-ау. Пенде байғұс оңды-солын аңдап, iштей жинақталып та үлгермес. Сосын өкпелесу, кiнә арту ... өштесiп қоштасу! Айналып келгенде бәрi де жалған, көктемгi соқыр жауындай тым өткiншi болғаны да», деп ойладым тағы да еңсемдi ерiксiз езген зiл салмақ, ауыртпалықтан қос табаным жер тартып. Әлгiден қаумалаған тым сүреңсiз, ауыр ойлар шыдатпай, шеке тамырым солқылдасын. Дүк-дүк! ..


Сары тiс ұзын темекiнi өшiм кеткендей құшырлана, құмыға сорамын үстi-үстiне: әудем жер ұзай түстiм де, еркiмнен тыс тоқтай қалып, жәймен ғана керi бұрылдым. Зүбәржатқа аса маңызды әлдене айтқым келетiн сияқтымын. Бiрақ, не айтарымды өзiм де әлi екшеп алған жоқпын. Ал «Балалар әлемiне» жұрттың ұсынған қолы жетпей, талайдан мысын құртып жүрген заттар түскен-ау, сiрә, бiрақ барлық нәрсе қат дүниеге айналған шақта адамдар қай-қай нәрсеге де қырық пышақ болуға даяр емес пе, әйтеуiр кезектегiлер бiр-бiрiнiң үстiне құмырсқаша үймелесiп, езiп-жаншып, таптап-таласып, өлермендене құжынасып жатыр екен. Жұлқынған, жұлмаласқан дәу құмырсқалардың, екi аяқты термиттердiң илеуi... Жо-жоқ, мүлдем олай емес... табиғат өлшеп берген азды-кем несiбесiн адал еңбегiмен айыратын қасиеттi жәндiктерден садаға кетсiн, бұл бар болғаны әсiре ашкөз, туа бiттi тойымсыз, обыр пенделердiң топыр-топалаңы ғана. Асқан арсыздықтың аянышты әрi жиренiштi айқасы!


Жолдың оң қапталындағы биiк үйеңкiнiң жалпақ жапырақтары ауадағы әлсiз ағынмен ақырын қимылдап қояды. Әрегiдiк үдей соққан самалмен жанталаса жұлқынып, сыбдыр қағады тынымсыз. Әлi алыс болғанмен, мысық табандап келе жатқан күздiң әлсiз белгiлерi жұқа сарғыш реңк болып, жиегiне бiлiнер-бiлiнбес жағылған жапырақтар көктемдегiдей көңiлдi үнмен еркелеп сусылдамайды, еркiнен тыс әрi көңiлсiз ғана желпiлдейдi, желкек қағып. Сол жапырақтар арасында жасыл қанат, кiшкентай екi сарғыш шымшық тынымсыз шықылықтап, мазасыздана ұшып-қонып жүр. Еркiн құстар да айналадағы адамдардың ашкөздiгiн мазақтап, ерiксiз шықылықтайтын сияқты. «Ә-әй, менiң кiмге күлгендей, өзгелердi айыптарлық жайым бар? Кiсiлердi күстәналайтындай кiмнiң шiкiрәсiмiн, ә?! Қатал уақыт, ойда жоқта күрт өзгерген замана баршаны осыған әкеп тiредi. Өткелi белгiсiз асау, қанды өзен секiлдi қиын кедергi. Ебiн тапқан арғы жағалауға өтпекшi, ал ебiн таппағандар қатал тағдырын қарғап-сiлеп қала берер...


Тәңiрiм-ау, жаңбыр жауғызшы, ел-сел етiп! Мынау қорқау, тойымсыз шаһар жеркенiштi, сасық тәнiндегi барша лас-күсiнен арылсын да. Дүние қайтадан жаралғандай тазарсын, жаңа туған нәрестедей пәк, бәкiзе күйге енсiншi... Сосын... сосын көкжиектен көз жетер көкжиекке дейiн жайнатып, сан бояулы кемпiрқосағыңды кершi бiр!..»


Шын тiлемедiм бе, әлде жұмыр басты пенденiң әлсiз тiлегi есепке алынбай ма, бiлмеймiн, бiрақ жаңбыр бүгiн жаумады. Қуықтай төргi бөлмедегi ортасы түсiп, iшiндегi ширатылған сымы бөксеге бiлiнетiн ескi диванның астындағы шаң басқан дәу қара шабаданды әрең деп суырдым: көптен берi мұқияттап жинап, көздiң қарашығындай сақтап жүрген әралуан қағаздар — пенде байғұс жарық дүниеге еш қағазсыз iңгәлап келгенмен, одан соң өле-өлгенше қыр соңынан қалмайтын әрi ешқашан таусылмайтын түрлi құжаттардың түпнұсқалары мен сансыз көшiрмелерi. Ең аяғы, тәнiң қара жерге қойыларда да мөр басылған тiлдей құжат керек. Онсыз ешкiмдi қара жердiң қойнына табыстамайды бұл күнде. Пенде байғұстың көмусiз қалғаны да осы. Тiптен, пайғамбар Абай да қатты қателескен-сынды. «Өлеңменен жер қойнына кiрер денең» дейдi ол. О-ей, өлеңiн қайдам, әлдеқандай меңiреу, мешеу шенеунiк тiлдей қағазға баттитып мөр баспаса, адам байғұсқа қара жердiң қойнынан да орын жоқ. Түрлi газет-журналдардың қиындылары, айбақ-сайбақ жазылған қолжазбалар! Бұл шабадан — менiң мазасыз ойларымның ескi, әбден шаң басқан қоймасы. Өткенiм, бүгiнiм және белгiсiз болашағым бұл менiң!


Мiнеки, көгiлдiр папкiге бөлек салынған, әлден сарғая бастаған қағаздар. Маржандай жазулар. Бұл —Жұманның соңында қалған жұқа, жалғыз архивi. Бейшара қайтыс боларының алдында ғана түн iшiнде әкеп табыстаған едi маған. Қашанғысындай қатты қызу, әжептәуiр масаң көрiнедi. Үстiнен соншалық жағымсыз, тер араласқан қолаңса иiс мұрынды жара шығып, тумысынан аялы, мұңды көздерiнiң асты шалбарланып кеткен. Аққұбаша сүйкiмдi жүзi есепсiз iшiлген шараптың әсерiнен қарақошқылданып, түтiге көгiстенiп тұр. Көптен су тимеген толқынды шаштары да әбден сабалақтанып, қайызғағы шыққан екен, тiкенек сақалы да ұстара тiлегендей. Кiлегейленген жанарының түбiндегi от өшiп, еш сезiмсiз сығыраяды өлмеусiреп. Қолындағы жұқа, көгiлдiр папканы ту сыртына жасырды ыңғайсызданып.


«Байғұс-ай, құр сүлдерiң қалыпты ғой», — деп ойлағанмын әуелде. Ел жатар уақытта есiк дүсiрлеген сәтте-ақ жүрегiм су ете қалған. Ең қиыны, мас достардың қонаға үйге келуi. Мас адам қашан да өкпешiл. Ал екi кештiң ортасында олардың көңiлiн табу қиынның қиыны. Бiрақ өзгелердiң үйiне мас күйiнде бас сұқпайтын Жұманды көргенiмде өзiмдi iштей жұбаттым. «Адам құлдырайын десе, терiс жолға түсем десе оп-оңай екен-ау. Қандай жайсаң азамат едi, жүнжiп бiтiптi ғой». Әйелiм түнгi қонақты жақтырмағанын сызды қабағымен танытып, төргi бөлмеге енiп кеткелi бас шығарған жоқ әлi.


Қараңғылық әлдеқашан тас қымтаған қала мият ұйқыға кiруге дайын. Көршi үйлердiң көбiнiң терезесiндегi жарық мана сөнген. Бейуақта сабылып жүргенiне қысылғандай төменшiктеп жымиды жүзi мұңға тұнып.


— Көзге түртсе көргiсiз қараңғы түнде әккi қарақшы мен жүрегiн ән тербеген бозбала ғашықтар ғана жүрушi едi. Екеуiне де қатысың жоқ шығар, Жұман, — деп әзiлдедiм үн-түнсiз селтиiп тұрғанымды жуып-шаймақ болып, бiрақ ол селт еткен жоқ. Қайта мажыққан, әлемтапырақ жүзiнен әбден торыққаны андағайлап қоя берсін.


— Өмiрден өз орнын таппаған бейбақтар да осындай сарсаңға түседi, Мұқан, — деп демiнен от шаша терең күрсiнген. — Айып ете көрме, аз ғана уақытыңды аламын! Бақыт туралы тым жеңiл ойлап келiппiн, Мұқан, - дедi ол сықырлауық ескi орындықта әлсiз теңселiп отырып. - Тым шолақ, үстiрт ой түйiппiн. Есiңде ме, бiздiң жазушылардың бәрi бұрын бақыт дегенiмiз адал еңбек, тату-тәттi отбасы, мықты денсаулық деп сықпырта жазатын. Қазiр де солай сойдақтатын шығар.


- Несi бар, адамзат осы күнге дейiн бақытқа бұдан артық анықтама таба алған жоқ, -деп күлдiм бала күнiмнен бергi оқыған кiтаптарым ойға оралып. Шынында да, бiр-бiрiнен ыждағаттап көшiргендей барлығында дерлiк осылай жазылғаны таңданарлық-ақ.


- Бiр өкiнiштiсi, олай ғана емес екен. Әлгi айтылғандар да керек, бiрақ бақыттың мәнi одан гөрi күрделi, мүлдем терең көрiнедi. Байлық па? Ол да адамды бақытты ете алмайды. Қытайлардың «Үйдi сатып салуға болады, бақытты сатып ала алмайсың, кереуеттi сатып алуға болады, ұйқыны сатып ала алмайсың» дейтiнi бар. Ең ауыры сол, шынайы бақыт үшiн тағы не жетiспейтiнiн тап басып айтып бере де алмаймын мен. Тек... тағы-тағы бiрдеңелердiң қажет екенiн жүрегiм сезедi.


- Бәлкiм... мүмкiн өмiр сүрудiң өзi бақыт шығар?! - Жұман маған тесiле қараған күйi жүзiн төмен салып, екi бетiн алақанымен уқалап, бiр сәт үнсiз қалды да, сосын терең күрсiндi, көкiрегi от- жалынға толы күйде.


- Ол да мүмкiн-ау. Бiлемiсiң, Мұқан, мен бос арман, құрғақ қиял жетегiнде ұзақ адасып жүрдiм. Қазiр де сондай шығармын. Өйткенi, ендi өзгере де алмаспын. Бiр өкiнiштiсi сол, адамның өзi, жеке басы орындалуына күш салмаған, жүзеге асыру жолында айқаспаған бос, құрғақ қиял ең жексұрын нәрсе екен. Осыған көзiм тым кеш жеттi. Бұл бiр менiң ғана емес, жалпы қазақтың басты мiнi. Туралап айтсам, қиялшылдықтың өзi аса қауiптi, емi жоқ кесел!


- Бекер олай дейсiң, Жұман, - деп ерiксiз қарсылық таныттым ежелгi жазылмаған заңды бұзып. Әдетте масаң адамның айтқанына келiспеу, қарсылық бiлдiру кез келген отырыстың аяғын дау-шар, кикiлжiңге ұластыратынын әркiм-ақ жақсы бiледi, бiрақ көпе-көрнеу қиянатқа илiге беру де оңай емес. - Қатты күйзелiп жүрген шығарсың, сосын қиял байғұсты бас- көзге төпелеп отырсың ғой. Әйтпесе, сол еркiн қиял, романтика болмаса, адамзат әлi күнге баяғы үңгiрлерiнде күн кешiп, жабайы өмiр сүрiп жүрер едi. Прогресстi қозғайтын құдiреттi күш-еркiн қиял, асқақ арман!


- Әй,Мұқан-ай, романтика мен құрғақ қиялшылдықты шатастырмасайшы... Екеуi екi басқа дүние ғой. Тiптен сен айтқан романтиканың да шынайы өмiрде түкке қажетi жоқ. Ешкiмге де керек емес. Нақты, қатал тiршiлiк, қатыгез өмiр романтиктердiң баршасын жүндей түтiп, тулақ ететiнi ежелден қалыптасқан әдет, бұзылмайтын заңдылық, - деп басын ақырын шайқаған ол жұдырығымен екi тiзесiн соғып-соғып жiбердi. Әп-сәтте екi көзi қанталап кеткен. - Қазiр жатсам да, тұрсам да баламның романтик болмай ержетуiн тiлеймiн тағдырдан!


- Соншама торығардай не болды, Жұман? Өмiр тоқтаусыз өтедi, жас балалар жылдам-ақ ержетiп, жетiледi. Әрбiрiнiң өз жолы, алдан күткен тағдыры бар.


- Мiне, мiне, «алдан күткен тағдыры бар». Гәптiң бәрi сол тағдырыңды таңдауда. Мен де жазушы болғым келдi. «Жазушы» деген мен үшiн сиқырлы сөз едi. Кеудем ылғи әлдеқандай әсем әуен, ғажайып үнге толып жүретiн. Жүрегiмдi сиқырлы саз әлдилейтiн. Ендi түк те қалған жоқ. Дүние сүреңсiз, тiптен жиренiштi. Бос қуыс, көрдей қорқынышты түнек қана бар...


- Жұман, сен мықты жазушысың. Оған ешкім шүбә келтiрмейдi. Тек өзiң... Өзiңдi аямайсың ғой, - дедiм күмiлжiп. Не айтарымды, қалай жұбатарымды бiле алар емеспiн. Iштей мүжiлiп отырмын.


- Дарыныңды араққа айырбастадың демексiң ғой, ол - рас. Ендi маған бәрiбiр. Бәрiне де тойып бiттiм, қажыдым. Мүлдем жерiндiм! Өмiрде еш жарқын сәуле, нәзiк үмiт жоқтығына көзiм бiржола жеттi. - Тағы да терең күрсiндi.


- Әбден торығыпсың, сен. Басқалар өмiрдi осы қалпында қабылдап, тiрлiк кешiп жүр емес пе?!


- Оның да жөн. Көп адам еш толқу-торығусыз-ақ өмiр сүруде. Жұрт менi азғантай мақтауды көтере алмағандықтан iшiп кеттi деп ойлайды. Бәлкiм, сен де солай ойлайтын шығарсың, Мұқан?


- Жо-жоқ, олай деме. Адам өзгелер мақтағанға бола арақ iшпейдi. Әркiмнiң өз себебi бар...


- Иә, дұрыс айтасың, - деп жымиып күлдi Жұман. Екi бетiнiң ұшындағы титiмдей ойық ажарын сүйкiмдi етiп көрсетедi екен. Өңiндегi әлгi бiр жиренiштi көгiс бояу бiртiндеп тарап, ептеп айыққаны аңғарылған. - «Семiздiктi қой ғана көтередi» дегенмен, азғантай мақтауға қолп ету тым тайыздықтың нышаны. Шыңғысхан ұлы адам ғой, оның өзi де қоластындағыларға айына бiр рет мас болуларына рұқсат еткен. Тiптi екi рет мас болғандарды да аздап айыптап, жазғырған көрiнедi. Есесiне, айына үш рет мас болғандарды аямай өлiм жазасына кескен екен. Ондайларды жорыққа, жауынгерлiк күзетке жарамайды деп санаған ғой. Қаһарлы қаһан елiнiң, халқының болашағын ойлағаны сөзсiз. Сол бiр қиын кезеңдерде, алыс-жұлыстың заманында ой-санасын арақ меңдеген адамдардың ұлы мақсатқа қол жеткiзе алмайтынын бiлген шығар. Қазiр Шыңғысхан тiрiлiп келсе, менi, мен сияқтыларды әлдеқашан-ақ өлiмге кескен болар едi. Асау жылқының құйрығына байлап, сайын далаға айдап жiберетiн шығар, ә?!


Сәт сайын қызылшырайланып, қан жүгiрiп келе жатқан жүзiне тiктеп көз жүгiрттiм. Ғажап, өмiрде қанша шарап iшсе де әлдебiр сүйкiмдi қалпын бұзбай сақтап қалатын кiсiлер бар, әдетте ондайларды мас болғаны үшiн жазғырып, айыптай да алмайсың. Қайта iштей жақын тартып, жақсылап сөйлескiң, түрлi жайтта әңгiмелескiң келедi ерiксiз. Мен бiлгелi берi Жұман да сондай жiгiттердiң бiрi. Алайда... бойдағы талантты шарапқа айырбастаудан өткен бақытсыздық жоқ. Жер бетiндегi қылмыстың ең үлкенi мейiрiмдi, шарапатты табиғат берген ерекше қасиеттi, бойдағы дархан дарынды азын-аулаққа айырбастау, арақ әзәзiлдiң қанжығасына байлау. Онсыз да сұрқайлар қаптаған өмiрде одан асқан сатқындық болмайды.


Бiрақ... осының бәрiн оған қалай айтамын? Түн iшiнде өзiммен сыр бөлiсiп отырған, менi iштартып келген нарқасқа азаматтың онсыз да жабырқау көңiлiне қалай ғана қаяу түсiрмекшiмiн? Шiркiн, жарты жармадай жарылмайтын, ағы - ақ, қарасы - қара, еш қиын дилеммасыз өмiр сүрiп, еркiн күн кешетiн құт мекен қайда бар! Жоқ-ау, ешкiм оны таба алмас...


- Ол ендi... Шыңғысхан - Шыңғысхан ғой, - дедiм одан әрмен күмiлжи түсiп. - Ал арақ-шарап жайын қаһарлы қағансыз-ақ шешуге болады емес пе?! Бас алмай салыну бар да, ара-тұра сырлас достармен дәм татудың жөнi бөлек.


- Әй, ендi маған iшуден басқа не қалды? - Бұл ауыр сөздердi өз болашағынан баз кешкен үн, мейлiнше немкеттiлiкпен айтқаны сонша, ерiксiз жүрегiм суылдап, кеудем сыздай жөнелсiн. Оған ендi расында бәрiбiр екенiн сездiм және үгiттеп еш әбүйiр таппасым да белгiлi-тұғын. Жүрегi сызға, тiптi кесек мұзға айналған, нәзiк үмiтi үзiлген жанның осынау шарасыз кейпi тек аяныш тудырғандай. - Ал бәрiне өмiр жайлы қолдан тым таяз тұжырым жасап алғаным кiнәлi. Бақсам, өмiр мен ойлағаннан әлдеқайда күрделi, ең бастысы, тым қатыгез екен. Мейiрімге, нәзiктiкке өмiрде орын жоқ көрiнедi. Өзiн-өзi кiтаппен қоршап, сонымен ғана тәрбиеленген маған, мен сияқтыларға өмiр мүлдем қиын. Әрi түсiнiксiз, әрi ауыр азап. Бiз сияқты қиялшылдарға сау жүргеннен гөрi масаң болу әлдеқайда жеңіл, ыңғайлы. Еш нәрсеге жете мән бермейсiң, талша мойныңа ешқандай жауапкершiлiк артпайсың. Мiне, мәселе қайда! ..


- Iһ- м... - Ерiксiз мырс еттiм. Соқталдай азаматтың айтып отырғандары ойын баласының сөздерi ғана. - Адамның бәрi үнемi олай өмiр сүре алмайды ғой. Ересек адам, ақыл-есi бүтiн кiсi тiршiлiкте белгiлi бiр мiндеттердi мойнына артуға тиiс. Оларды шешу мойнындағы парыз, тым құрығанда шешуге талпынуы керек.


- Ән-нi, сол ғой менi қашанда үрейлендiретiн. Сондықтан да шама- шарқым жеткенше өз-өзiмдi арақпен алдауға тырысамын. Тiптi, олай да емес- ау, - Жұман бiр ғана сәтке үнсiз қалып, қабағын шытынған күйi ар жағына қараңғылық ұйыған кiшкене терезеге ойлана көз тастаған. Ағы мол қара көздерiне мөлтеңдеп жас толып бара ма, қалай?! - Менi үрейлендiретiнi адамдардың екiжүздiлiгi мен қорқаулығы. Қорқаулық -мiне, кейбiреулердiң өмiрiнiң мазмұны, туа бiттi философиясы осы ғана. Мен әдеби газеттегi тәп-тәуiр қызметтен неге кеттiм? Арақ iшкенiм үшiн бе?


- Әркiм әртүрлi айтып жүр ғой... Бiреу олай дейдi, бiреу былай. Ал жалпы қызмет деген қолдың кiрi ғана.


- Жоқ, мүлдем олай емес... Жақсы, өзiңе ұнайтын қызмет қолдың кiрi болмайды. Ол да адам бақытының бөлiнбейтiн бiр бөлшегi. Мұқан, осы уақытқа дейiн ешкiмге тiс жармаған едiм, құрсағымда тұншықтырғым келген-дi, бiрақ сенiң бiлiп жүргенiң дұрыс шығар. Өмiрде осындай жайт кезiксе қапы қалып жүрме. Тым құрығанда жалғаннан жерiнбейсiң, ащы, ауыр шындыққа iштей дайын боласың. «Я информирован, значить я вооружен» деушi ме едi?!


- Түсiнбедiм, Жұман. Жұмбақтамай, ашып айтшы ойыңды. Неге дайын болуым керек? ..


- Өтiнемiн, ойымды бөлмешi? - деген ол ақырын ғана басын шайқап, ұйпалақтаған шашын шалт қимылмен керi қарай қайырып тастады да орындықты сықырлата қайтадан алға еңкейiп, көзiме тiктеп қадалып қалды. Етi қызарыңқы жанарынан от ұшқындайтындай түйiлiп, тiстенiп алған. - Мас болу мен айығу... Қайсысы жөн, қайсысы бұрыс? Оны екшеп айыратын, әдiл төрелiк айтатын кiмдер? Айыққан кезде айналаңдағы өмiрден көретiнiң итшiлеген тiрмiзiк тiрлiк, аянбай ырылдасқан, бiрiнің етiн бiрi жеуге дайын жауыз адамдар. Түпкi арамза мақсат-мұраттарын көлгiрсумен бүркемелейтiн безбүйректер. Сол ма, опасыз жалғанның бар ұсынатыны?! Ал мен өмiрдi әдемi ертегi деп сенушi едiм. Қиялымдағы әдемi ертегiнi сүйетiнмiн. Мен жаныңды баурайтын сол әдемi ертегiнi жоғалтыппын... Қайта iздеп әуреге де түскiм келмейдi. Ендiгiнiң бәрi бекер, бәрi де жалған...


«Жүрегiм, мен зарлымын, жаралыға


Сұм өмiр абақты екен саналыға,


Қызыл тiл, қолым емес, кiсендеулi


Сондықтан жаным күйiп жанады да», -


деп күңiренген Мағжанның мұңлық күйi менің де ендiгi жан серiгiм.


- Бiлемiсiң, Мағжанның орны бөлек қой, - деп шамырқандым әлденеге тұла бойымды түсiнiксiз ашу-ыза кернеп. Жұманның орынсыз ақталуы, бойындағы барлық кемшiлiктерiне оңай әрi қисынды себептер тауып алғандығы қытығыма тие бастағаны кәмiл. Мықты себептердi табу қиын емес, бiрақ өз өмiрiңнiң барлық бұралаң-бұлтаңы, тіршілікте сөзсiз жолығатын кедергi атаулы үшiн өзге адамдарды кiнәлай, күстәналай беруге де болмайды ғой. - Қит етсе байғұс Мағжанға жүгiнемiз жапа-тармағай. Ал оның уақыты, заманы бөлек, өмiр сүрген ортасы басқа.


- Қатты қателесесiң, жолдас! - дедi ол одан әрмен тiстенiп. - Заманы, уақыты басқа болуы мүмкiн, бiрақ адамдардың пиғылы, құлқы бәзбаяғы. Еш өзгерген, жақсарған жоқ. Бiле бiлсең, ол өзгермейтiн, мәңгiлiк құбылыс. Айтшы, Құдай әу баста Адам- атаны жұмақтан неге қуып жiберген? Хауа- ана екеуiнiң бiр сәттiк құмарлыққа, ғажайып ләззатқа берiлгендiгi үшiн ғана осыншалық қатал үкiм кескен бе? Жоқ, Құдiрет ынтызарлық пен құштарлыққа бола жазаламайды, ынсапсыздық пен шектен шыққандық үшiн пенденiң көзiне көк шыбын үймелетедi. Азғындық пен зұлымдықты жазғырады.


- Ендi ... - Ерiксiз тосылып қалдым. Шынымен, Жаратқан өзiнiң қамқорлығындағы бейкүнә адамдарға нелiктен осыншама ауыр жаза қолданғанын осыған дейiн ойлап көрмеппiн. Расымен, неге?!. - Дiни аңыздарда солай дейдi ғой. Тыйым салған алманы жеп қойғандары үшiн жазғырған шығар...


- Ха- ха ... - Кенеттен орындықтың арқалығына шалқалай кетiп күлген Жұман бiрауқым сөзiн қайта жалғамастан басын шалқайтқан күйi терезеге қараумен болды. Жүзiне әлденеге асығыстық, iштей тыпыршу, сонымен бiрге әлдеқандай үрейленудiң табы үйiрiлген сынды табан асты. Бәлкiм, ол қараңғылықтан қорқатын шығар. Қазiр сол түнектiң қойнына қайта енуден жүрексiнетiн болар. - Алма! - дедi ол кiлт тағы да алға еңкейiп. - Алма әшейiн сылтау ғана. Шарапаты мол, аса мейiрiмдi Құдай, адамды шын сүйiп жаратқан Алла әлгі аңыздағы алма сияқты титiмдей нәрсеге көңiл аударушы ма едi?! Тiптi, ол тентек баланың орынсыз еркелiгiндей елеусiз ғана нәрсе ғой. Бүкiл ғалам, шексiз космосты жаратқан Құдiрет сондай титiмдей нәрсеге, әлгi жұмбақтағы алмаға бола бұлқан-талқан ашуланды, барша адамзатқа көңiлi қалды деудің өзі адасқандық. Жоқ, олай десек Құдiреттi қорлаған болар едiк. Ендеше гәп мүлдем басқада болғаны ғой... Адамның арамза ниетi, қорқау пиғылына осыған дейiн- ақ көзi жеткен Жаратушы екi аяқтыларға жұмақта орын жоқ екенiн де анық білген. Сосын адамдарды құт мекеннен тырқыратып, тыржалаңаш қуған.


- Қызық екен. Бiрақ, адамдар жерде де жаман өмiр сүрмейдi ғой. Ақырзаманға дейiн осылай өмiр сүре де берер...


Жұман қабағын шытынып, бетiн алақанымен тағы да уқалап- уқалап алды. Сосын үнсiз, аянышты кейiпте жымиған.


- Мұқан, жер бетiнде ақырзаман әлдеқашан басталып кеткен, - дедi ол жымиған қалпы тағы да терезеге секемдене көз тастап. Жүзi әп-сәтте қуқыл тартсын. - Әсiресе, бiздiң қалада ақырзаман тоқтаусыз жүріп жатыр. Әлгiнде айттым ғой, газеттен кеткенiм де соның кесiрi. Бiрақ қарау адамдардың көкiрек-көмбесiндегі ақырзаманнан қашып құтыла алмайсың ... Қайда барсаң да алдыңнан шығады. Есiңде ме, бiздiң редактор ғажайып кiсi едi ғой. Белгiлi, нағыз жазушы екендiгiн былай қойғанда, аса мейiрбан, iзгi адам. Газетке сол күндерде бiр топ дарынды жастар жиналды. Бәрiмiз де редакторды шын жақсы көремiз, ең бастысы, мейлiнше сыйлаймыз. Ал журналистер қауымының құрметiне ие болу оңай еместiгiн өзiң де жақсы бiлесiң. Ал бастығымыз алыс шетелде қайтыс болғаннан кейiн, мәйiтiн Кеңсайға қойған соң-ақ сұмдық басталды... Өмiрi ел естiп көрмеген сұмдық.


- Иә, - дедiм Жұманның жүзiндегi тосын құбылыстардың сырын ұға алмаған күйi. Басын төмен салып, екi иiнi салбыраған оның қазiргi қалпы мүлдем шарасыз, әрi қорқынышты естелiктерден құтыла алмайтын жанның бейбақ кейпi болатын. - Ол кiсiнi жұрттың бәрi жақсы көрушi едi ғой. Әттең, шынайы қаламгерлердiң ғұмыры тым қысқа, жалт еткен таңғы сәуледей шолақ болатыны өкiнiштi.


- ...Сұмдық басталды дедiм ғой. Өмiрде бұған дейiн мұндайды көрiп- бiлмеген байғұс басым маңайымдағылардан, жалпы адамдардан бiржола безiндiм. Айтшы, - дедi ол кенет селт ете тiксiнiп, - сен бас редакторлыққа қанша адамның таласқанын бiлесiң бе? Жұрт қайғы жұтып, азадан теңселген күндерi әлгiлердiң Жазушылар одағына бiрiнен соң бiрi зымыстанданып келгенiн, араға беделдi кiсiлер салғанын көрдiң бе? Олардың аса жиренiштi, зұлым астыртын әрекеттерiне куә болдың ба?


- Жоғ-а, құдай сақтасын! Бiрақ, естуiмше... шамасы он үш-он төрт адам таласыпты ғой, - дедiм сол бiр қаралы күндер қайта айналып келгендей бойым тiтiренiп. Өн бойымды суық толқын тiксiнте аралап өттi әп-сәтте. - Адамдар жақсы орынға құмар келедi емес пе, газеттiң беделiне бола қызыққан да. Оның үстiне астына мiнген атының ылғи тұлпар болуын тілейтін ежелгі қазақтығымыз бар.


- Әңгiме газеттiң бедел- седелiнде емес. Гәп марқұмның жетiсi өтпей жатып, топырағы кеппестен осы бақталастықтың басталғанында. Бiлесiң бе, «Өлдiң, Мамай, қор болдың» деген сол екен. Әлгi найсаптардың көбiсi тiрi күнiнде марқұммен iща й деспеген немелер, тiптi, тонның iшкi бауындай жақын сырлас болған жандар. Ол ол ма, өзiмiздiң редакциямыздан да үш-төрт адам бастық болуға жанталасты. Сен... сен қойшы ауылды көктемде болып көрiп пе едiң?


- Қызық екенсiң, - деп ерiксiз күлдiм оның тосын сауалына таңданып. - Бәрiмiз де ауылдан, қалың шеңгелден шыққан «шөпшектермiз» ғой.


- Қойлы ауылды бiлсең, онда талай көрген боларсың. Қойдың уыз сүтiне тойған қойшының қарадомалақтары таң азанында киiз үйдiң сыртын айнала етегiн түрiп тастап тiзiлiп, «Қойдың сүтi - қорғасын», қаталап қалған iштерiн босата алмай, күшенгеннен көздерi бақырайып, мықшиып отырушы едi ғой. Әлгi төртеуi де сол қарадомалақтардай тiзiлiп, «бiрiмiздi таңдаңдар!» деп мықшиып отырған сәтiн көрсең ғой... О-о, сен соны көрмедiң, Мұқан! Ал, менiң жаныма әсіресе батқаны жұртқа белгiлi ақынның да осындай арамза, лас әрекетке кiрiскенi.


- Ендi... мәртебелi қызметке құмарту, соған үміттену арамзалық деуге болмас...


- Сен солай ойлайсың, - деп Жұман көзiне қайта-қайта түсе берген ұйпалақтанған шашын шалт қимылмен тағы да керi қайырды. Бұрын онша байқамағанмын ба, ылғи тiстенiп, кiжiнiп сөйлеудi әдетке айналдырған сияқты. - Қызметке құмар болу қылмыс емес, ал сол үшiн жасалатын шектен тыс лас әрекеттер арамзалық, тiптi, зұлымдық! Әлгi ақын редакциядағы қыз- келiншектердi оңашалап алып, әрбiрiне: «Мен қалайда бас редактор боламын. Егер менi қолдап дауыс бермесеңдер, түбiнде редактор болғаннан кейiн сендердi жұмыстан шығарамын», - деп қоқан-лоққы жасап, қорқытыпты. Осылайша редакциямыз қорқыныш пен үрейге толды. Ең бастысы, бұл әдеттегi қалжыңы емес, шын сөзi. Түсiнемiсiң, шырқау, түпсiз көктегi қыран деп санайтын, өзiм iштей құрметтейтiн алдыңғы ағаларым осылайша өлексе тiлейтiн құзғынға айналды әп-сәтте. Осыдан соң торықпай көр! ..


Баз кешпей көр мынау опасыз, екiжүздi жалғаннан! Сол күнi үйге мас болып келiп, әй, өкiртiп арақ iштiм тағы да. - Ол қинала жұтынған. Көмейiне сол түнi iшiлген арақтың ащы дәмi келдi ме, әлде iштей күңiренгендiктен тотияйындай жас толды ма, ажырата алмадым. Тек қысқа ғана үнсiздiк тым ауыр екенiн, екеумiздiң де еңсемiздi зiл салмақпен езе түскенiн пайымдадым.


- Өлердей мас болып iштiм, - дедi ол кенеттен көзi мөлтеңдеген күйi бәсең үнмен. -Жылап отырып сiмiрдiм! Стакандағы шарапқа ащы көз жасымды араластырып жұттым зәһарды.


Өзiң ойлашы, ақын-жазушысы, зиялысы дейтiн кісілері осындай зымияндық еткен жұрт кiмге опа көрсетедi? Қыл аяғы өлген арысын, аруақты сыйламайтын, құрметтейтін жұрттан безiнбей қайтесiң, а?! Мұқан, сен айтшы, осындай жексұрын жұрттан жақсылық күтуге бола ма?


- Бiлмеймiн, Жұман. Не ойларымды, не айтарымды да бiлмей қалдым. Шынымен сұмдық оқиға екен. Тыңдашы, мыналарың әлдебiр шығармаға сұранып тұрған дайын сюжет қой. Арамзалықты аямай әшкерелейтiн ситуация! Адамдардың бойындағы зымияндық, жексұрындықты әшкерелемейсiң бе?


- Ән-нi, көрдiң бе, бұл сен үшiн де жәй ғана сюжет. Шынын айтсам, бұл менiң өкiнiштi тағдырым. Жиренемiн одан енді. Тiптi, қазiр қалам ұстауға да жеркенемiн, - дедi ол кенеттен көзiнен от шашып. - Лас, былғаныш дүниедегi зұлымдық пен аярлық, жалғандық бәрiбiр жоғалмайды. Жексұрындықты жеңу мүмкiн емес! Опасыз жалған тазарудан кеткен. Осынау жексұрын қалада әлдеқашан басталған ақырзаманды ендi ешкiм тоқтата алмайды. Түсiнесiң бе, ол мүмкiн емес!.. Оның үстiне көбелектiң нәзiк қанаты әлдеқашан дiрiлдеп қойған...


- Жөндеп түсiндiршi, Жұман, - дедiм абы-күбiм шығып. Сөзiнiң астарына миым жетер емес. - Есiңнен ауыстың ба, не айтып отырсың? Қайдағы көбелектiң қанаты? Тiптi, оның бiзге, саған қатысы қанша?


- Иә, сондай көбелек бар. Ол тым-тым алыста, жердегi ертегi сияқты ғажайып жақта және оның нәзiк қанатының дiрiлiн мен ғана сеземiн. Сен соны түсiнiмесiң, Мұқан?! Ендi оқиғалардың тiзбегiн ешкiм, ешқандай құдiрет тоқтата алмайды. Құдiреттiң өзi сол көбелектiң қанатының дiрiлiнде. - Ақырын ғана әрi ерекше жұмбақ астармен жымиған Жұман қолын оң қапталына созып, кiрген бетте өзi терезе алдына қойған жұқа папкiнi аялап ұстады да, терең күрсiнген. Тысына «Сағындық сенi, көке!» деп iрi әрiптермен мұқияттап жазған бумаға көзi жасаураған күйi ұзақ, зер сала үңiлсiн. Салалы саусақтары дiрiл қағып, үнсiз сипалап отырды да, кенеттен орнынан шешiмдi түрде түрегелiп:


- Мұқан, әзiрге сен сақтай тұршы мынаны, өз тiршiлiк- тұрмысымды бiр жүйеге келтiргенде қайтып алармын, - деп қиыла өтiндi. Еңсесi түсiп, жаны аса қиналып айтты осы үш-төрт ауыз сөздi. Иегi тынымсыз дiрiл қағып, қабағын қатты шытына әрең жұтынған. Сол сәтте жүрегiн қаншалықты зiлмауыр қайғы-мұң езiп тұрғанын, осыған дейiн-ақ ел естiмеген аса сұмдық шешiмге бiржола келгенiн сезсемшi. Әсiлi, ара-тұра ғана араласатын сәлемi түзу адам түгiлi, күнделiктi бiрге жүрген кiсiнi не толғандырып, қандай ауыр ойлар қамықтыратынын бiлу мүмкiн бе?! Қатар жүрген адамдар бiр-бiрiнiң құпия ойларын, құбыжық ниеттерi мен көкейiндегiсiн айтқызбай бiлетін болса, мынау өмiр тұтас қасiретке айналар. Құпиясыз, жұмбақсыз өмiрдiң несi қызық! Оның үстiне бейсауат өзгелердiң мұң-наласы, жүрегiн жаншыған ауыр шерiн үздiксiз бiлiп жүру бейшара пенденi бiржолата есеңгiретiп, тiрлiктен түбегейлi баз кештiрер, сiрә. Онсыз да көп бiлгеннiң қасiретi мол. Ал кәрi аттың құйрығындай қысқа ғұмырда төрт құбыласы түгел, қайғы-шерсiз кiм бар екен, тәйiрi?!


Жұман шешiмдi түрде қоштасып, түнгi қаланың қаратүнек қойнына сүңгiгенде ғана төргi бөлменiң есiгiнен ұйпа-тұйпа басын шығарған әйелiм:


- Арақ iшiп ләйлiгендер-ақ осы лашыққа құмар екен жүдә, - дедi бет-аузы бiр уыс бола тыржиып. - Оңбаған алқаштар жедел-жәрдемдi басқа жақтан iздесе қайтедi екен?!


- Үнiңдi өшiр!..


Арыс азаматты тойымсыз қара жердiң қойнына берген уақыттан берi де марқұмның осыған дейiн редакциялардың қоржынында қозғаусыз жатқан бiрталай әңгiмелерi, новелла, эсселерi әр жерде жарық көрдi. Тiптi, жұрт оны әлдеқандай өкінішке толы сағыныш, дарынды қаламынан туған дүниелерiне деген ризашылықпен еске де ала бастаған. Өлгендi ғана мақтайтын тобыр оның жеке басындағы кемшiлiктерiн, тiптi, бақытсыздығын да ойға алудан, енді еске түсiруден қашқақтайды ылғи. Тек мына бiр жазғаны... «Сағындық сенi, көке!» деген көгiлдiр бумадағы қолжазбалары қозғаусыз жатыр. Бұл - аяқталмай қалған, соңғы нүктесi қойылмаған шығарма ма, әлде бейбақ азаматтың өз жанын, жүрегiн күйзелткен барша шындықтар, өкiнiш, мұң-наласы, арман-мақсаты, үмiт-сенiмiн, сыздаған сағынышын бөлiскен күнделiгi мен жазған хаттары ма, оны да айта алмаймын, әсiлi, бәрi де аралас, тек марқұмның баға жетпес қымбаттысы, жүрегiне ең жақыны әрi ең құпиясы осы жазбалар екенiне сенiмiм кәмiл. Ешбiр шүбәм жоқ.


Ескi диванды сықырлата қисайта қозғап, бұрынғы орнына жылжытқан соң белiмдi жазып, төсекке жантая кетiп, тағы бiр рет Жұманның қолжазбасына толғаныспен әрi қинала көз жүгiрттiм. Кезектi рет ерiксiз у iшкендей көкiрегiме ащы запыран толып жатып оқыдым:


«- ...Зүбәржат, жүршi ендi, өз отырғышымызға барып тiзе бүгелiкшi. - Шарасыздық пен өкiнiшке, өтiнiшке толы даусым бiртүрлi құмығып, күңгiрттенiп естiлсiн. - Жөндеп, асықпай сөйлесейiк те.


- Сөйлесетiн не бар? - Зүбәржат маңдайын қыртыстандырып жиыра қабағын тыржың еткiзiп, әбден азып жүдегеннен соңғы кезде дақ-дақ болып секпiл жүгiре бастаған сұрша жүзiн басқа жаққа бұрып әкеттi. - Бiз екеумiз айтатындай сөз қалды ма? Ойлашы өзiң...


- Олай дей көрмешi. Өтiнемiн, жүршi ендi. - Көнетоз күртемнiң қалтасынан қолымды суырып, өкпелi келiншегiмнiң иығына салмақ болып едiм, бiлегiмдi ызалана әрi жиiркене сiлкiп жiберген ол бiрер адым шегiнiп, тiксiнiп тұрып қалғаны. - Жеп қоймаймын ғой сенi.


- Қызыл етiмдi жемесең де, құр сүлдерiмдi қалдырдың. Ендi бәрi бiттi!.. — Тағы да безеріп алсын.


Қайта томсырайысқан бiздер ақырын басып жазушылар үйiнiң қарсысындағы шағын баққа беттедiк: күтiмi жақсы түрлi ағашы қалың бақтың терең түкпiрiндегi сырт көзден тасалау, қоңырқай ұзын отырғыш студент күндерiмiзден-ақ бiздiң сүйiктi орнымыз болатын. Талай рет қолтықтасып отырып сыр бөлiскен қымбатты тұғырымыз бұл. Онда мен университеттiң төртiншi курсындамын, ал Зүбәржат қыздар институтының екiншi курсының көген көз шәкiртi. Алыс ауылдың момын қызы әлi қалаға толық бой үйретпеген, мүлдем ұяң. Екеумiз менiң курстасым, күлiмкөз Сырғаның туған күнiнде, қыздардың бөлмесiнде алғаш танысқанбыз: е-е, шiркiн, Сырға десе, нағыз алтын сырға едi-ау, әрқашан көңiлдi, қабақ шытуды бiлмейтiн бойжеткеннiң әсем күлкiсi жатақханада күмiс қоңыраудай сыңғырлайтын. Зүбәржат сол сырғаның ауылдас сiңiлiсi болып шыққан. Әуелде орта бойлы, арықша келген талдырмаш, ақ сұрша жүзiне әлсiн-әлсiн лыпып қызыл арай жүгiретiн жүдеулеу қызға тiктеп назар аударып, аса көңiл қойған жоқпын. Iһiм, қайдан назар аударайын?! Бiз дегенiң нағыз мықты, дүрмiз ғой. Шетiнен оттай жанғалы тұрған теңдессiз талант! Нәйетi бiр жылдан соң анау-мынау емес, елiмiздегi бiлдей әрi жалғыз журналистика факультетiн тәмамдаймыз, сосын... О-о, алда атақ-даңқ пен шексiз сәттiлiкке толы жылдардың тiзбегi тосып тұр. Жарқын болашақтың еш күрмелмеген, тосқауыл-кедергiсiз, бұдырсыз даңғылы созыле-еп жатыр алыс қиырларға қарай. Бұған ешқайсымыздың да титтей күмәнiмiз жоқ. Ал бiздiң курстастардың да iшiнде осалы, дарыннан құралақанын таба алмассыз. «Апырым-ай, сөйткен қыз-жiгiттердiң көбiсi қазiр қайда екен, а?!» Еңсесi езiлген, тұрмыстан қажыған адамның елес боп қалған қамсыз-мұңсыз күндерiн жоқтайтын әдетi емес пе, мен де кейiнгi уақытта студенттiк шағымызды жиi еске аламын, жүрегiм мұңға толып жоқтауға көшкенмiн.


Көңiлдi отырыстың соңына таман, түн ортасы ауа шарапқа қызған қағанағы қарқ, сағанағы сарқ жiгiттер жағы жүздерi қызара жайнап, елеусiз нәрсенi де ерен күлкiге айналдырған шақта Зүбәржатқа да құттықтау сөздiң кезегi тидi. Құрқылтайдың ұясындай бөлмеде бiр-бiрiне дес бермей, гуiлдесiп отырғандар бiр пәске үнсiз қалған сәтте орнынан үркектей көтерiлiп, айтарға сөз таппай тосылған, үлбiреген жұқа дастарқанның шетiн дiрiлдеген нәзiк саусақтарымен орашолақ шиыршықтап, томпақтау ернiн үрейлене тiстелеген әрi сұрша жүзiнен қан қашып, құп-қу болып кеткен қызға байқатпай ғана көз тастадым, жазмыш демеске амалым кәнi, шашыраған, бет-бетiне пышыраған ойларын бiр арнаға тоғыстырып, жинақтаған болар, осы сәтте бойжеткен де басын әнтек көтерген: сол мәурiтте, о тоба-ай, жанарымыз кездейсоқ түйiсiп қалсын; қыздың қиықшалау келген қарақат көзiне төбедегi шамның нұры шағылып, қас-қағымда жақұттай сәулеленiп кеттi де, iзiнше әлгi жайнаған әдемi сәуле, ғажайып нұрды қайқылау қалың, ұзын кiрпiктерiнiң тасасында жылдам сөндiрдi.


Күтпеген сәтте уыз сезiмге мелдектей толған жүрегiм әлденеге май iшкендей кiлкiп, кеудемнен ұшып кетердей дүк-дүк етiп өрекпи соқсын, соншалық тәттi бiр у сүйек-сүйегiмдi балқытып, тал бойымды жаймашуақ жып-жылы ағын тынымсыз шайған. Нәзiк жiбектей сусылдаған майда, жұп-жұмсақ лазымды толқын басымды айналдырып бара ма, қалай?!


Зүбәржат та қатты толқып, алаулаған жүзiн төмен салып, бiр сәтке өн- бойы жел өтiндегi желкектей, мысалы қорғансыз нәзiк гүлдей майысты. Оның иығынан құшақтай алған Сырға:


- Зүбәржат, қорықпа! Әдемi әнiңдi айтшы, - деп қой көздерi күлiм қақты одан әрмен сүйкiмдi бола түсiп. - Қайран сiңiлiмнiң қайталанбас әнiн естiсiншi мыналар. - Содан соң бәрiмiздi ынтық қылып сыңғырлай күлдi тағы да.


Бейтаныс бойжеткен әлi де сәл теңселе iштей толқып, жүзiн жерден көтермеген күйi кеудесiн кере терең дем алды да, ұзынша қайқылау кiрпiгiн баяу көтерiп Сырғаға көз тастады. Екi бетi бұрынғыдан әрмен албырап, басын ақырын изесiн. Сөйттi де тамағын кенеп алып, сызылтып әнге басты.


Әйбат едi-ау сол бiр ән! Қыз сызылтып салған ән жүрек қылымызды шерттi, әлгiнде ғана бiр-бiрiне дес бермей, дастарқан басында тоқтаусыз дабырласып отырғандардың бәрi де қас-қағымда демдерiн iшiнен алып, үнсiз қалған.


... Жүректердi нәзiк сағыныш, жұмбақ мұңға мелдектеткен сыршыл ән қалқыды, қалықтады сызылып.


...Түннiң қай уақ болғанын кiм бiлген,


Сөнiп жатты жұлдыз бiткен бiр-бiрден.


Сөнiп жатты үмiтiмнiң бәрi де,


Жаным ысып, жалын құшып тұрдым мен.


Беу, мынау жатақхананың аядай тар бөлмесi асыл әнге, әсем әуенге тарлық жасағаны кәмiл, мұндай сырбаз әндi жұлдыздар сиреген айлы кеште, қарабарқынданып жатқан жер-ананың кең төсiн жұмсақ мұнар, күмiс сәуле жапқан сиқырлы түнде тыңдасаң ғой. Ащы айқайы жоқ сырлы ән сәл ашық тұрған балконның есiгiнен сыртқа - түнгi қаланың түнегiне төгiлiп, жеңiл қанат қаққан күйi сырбаз қалқыды көмескi жұлдыздарды аралап.


... Екi-i жұлдыз - екi бақыт көктегi,


Тө- өбемiзде-е тұрып алды, кетпедi.


Бар аспаннан екi жұлдыз көрдiк бiз,


Бiздер де екеу едiк, жаным, өйткенi ...


Зүбәржат аяқ асты айтқан әнiн иығынан зiлмауыр жүк түскендей жеңiл күрсiнiспен аяқтады. Құс кеудесі өрекпи бiр көтерiлiп, бiр басылады. Әнге ерекше риза болғандар сатұр-сұтыр қол соғып жатыр. Кейбiреулер тағы бiр ән айтуын өтiнiп, өршелене дабырласуда...


Айқара ашық тұрған терезеге қараған күйi әлі үнсiз, тапжылмай отырмын. Бетiм бiр ысынып, бiр суынады. Әлгi әдемi әндегi қос жұлдыздың бiрi түнгi түпсiз кеңiстiктi қақ жара заулап өтiп, менiң өршелене дүсiрлеп соққан жүрегiме келiп қонған сияқты. Мәңгi өшпестей болып нәзiк, жарқын сәуле шашқанды кеудемдегі сол жұлдыз.


Адам жүрегiнiң кейде осылайша аңдаусызда әрi кездейсоқ нұр шашатыны кездеседi өмiрде. Осындайда пенде шiркiн айналаға мүлдем басқаша қарап, өмiрден тек жақсылық күтедi және өзi де барша жамандықты жеңуге қабiлеттi секiлденiп, үмiт, iңкәрлiктi ту етедi. Бiрақ, мұндай ғажайып сәт өмiрде мүлдем сирек болатыны өкiнiштi. Тiптi, қазiр таныстар арасында менi себепсiз аяушылардың көбейе түскенiн аңғарамын. Оны кей адамдардың менiмен жолыққанда ыңғайсыздана үнсiз қалуларынан, маңызды әлдене айтқысы келген секiлденiп iштей дайындалғандарынан, iзiнше әуелгi шешiмдерiнен айнып, кібіртіктеп күмілжіп қалуларынан да сезiледi... Жүздерiн бұрып әкетедi көбiсi... Орынсыз аяушылық - ойлы адамды өлтiретiн осы! Айналадағы кiсiлер өзiңдi аяй бастағанда саудам бiттi дей бер. Адамдардың аяушылығы кездейсоқ ұшырасқан тiленшiге жаны ашығандай алдамшы дүние. Пәни дүниеде адамдардың ешкiмге жаны ашымайды, бұл даусыз нәрсе, ал жаны ашығансудың астарында жасандылық қана бар.


«Бiрақ, бiр кездерi менiң де кеудемде жұлдыз жанған құдiреттi сәттер болғанын ұмыта алармын ба мен байғұс?!» .


Жылдамдата басқан күйi жол шетiне бiрiншi болып өтiп, соңымнан iлбiп басып келе жатқан Зүбәржатқа мойын бұрдым: соңғы кездерi бұрынғыдан да әрмен қуқылдана, қуара түскен сұрша жүзiн әдетiнше төмен салып, екi иiнi түсе, жiңiшке мойыны қылдырықтай салбырап келедi екен, бейшара. Әбден арығаннан қос жауырыны сырт киiмiн тесердей шодырайып, құныстана түскен секiлдi ме, қалай? Осыдан үш жыл бұрын етiк сатып алғанда соншалық қуанған едi-ау, ендi сол аяқ киiмiнiң де тұмсығы ақжемденiп, биiк өкшесi бiр жағына қисайып кеткенiн де аңладым. Күтпеген тұста iшiм алау-далау болып, тамағыма ыстық түйiн тiрелгенi. «Е-ей, жiбектi түте алмаған жүн етедi. Бұл бейшараны да өз ортасында ашылып сөйлеп, ақжарқындана күлуден айырыппын ғой. Неткен оңбаған едiм?» Жүрегiм суырыла терең, iшi-бауырым шерге толып күрсiндiм...


Дәп құлағымның түбiнен «Би-ип, би-ип» деген клаксонның бейқам аламның иманын ұшыратын ащы, созылыңқы үнi естiлген. Бағанадан бергi бей-жай күйден ендi ғана арылғандай Зүбәржат осы тұста ғана кенеттен селк еттi де, асығыс алға ұмтылды тапырақтап. Аспан түстес, көгiлдiр сүлiктей боп ытырылған «Мерседес» қазiр құр тобырға ғана айналған жаяуларды жаншып кетердей боп жанымыздан зу ете түскен-дi. Қымбат көлiктi аса бiр мақтанышпен жүргiзген аспан түстес көгiлдiр көздi, сабанға ұқсас сарғыш қалың шашын алдан соққан жел ұйпалақтай желбiреткен әдемi жас әйел қалың жаққан далаптан қып- қызыл ерiндерiн құлағында салпылдаған алтын сырғаларына жеткiзе ақсия күлiп, салалы сұқ саусағын бiзге безеген. Аса көңiлдi-ақ. «Әкеңнiң, тап мiнген машинаңның жетi ата-бабасын... Тәңiрдiң нағыз нақсүйерiндей болуын!..» Табан астында миымды найзағайдай аралап өткен ойдың мәнсiздiгiн пайымдауға да әддiм жоқ. Тек кеудемдi күйдiрген намыстан жарылардай боп ызалана, өшiге түкiрдiм табан астына.


Зүбәржат ендi ғана алға озды. Соңғы күндердегi жылылықтан жылбысқылана ерiген лас, қарақожалақ ұлпа қар жентектеле шылпылдап, қадам басқан сайын түйiр-түйiр күйде жан-жаққа ұшып жатыр. Тиiн терiсiнен тiгiлген тымағының жиек-жиегi өңезденiп қырқыла бастағанын да осы сәтте ғана алғаш аңғардым: ақайраңданған үлбiрек, жұқа терiнi сыртқы сұқтан өз әлiнше жасырып, көзден тасалау үшiн шашын қобыратыңқырап әлекке түскенiн де сездiм бір пәсте.


«Бейшара-ай, намыстан күйзелiп бiтiпсiң-ау», деп ойладым жүрегiм шым-шым етiп. Бойымды суық ызғар, өн бойды дiрiлдеткен сұмдық леп қарыды.


«Бейбағым-ай, ақылы да ақшасы да жоқ мен болмасам өзге әлдекiммен көңiл жарастырып, маңдайыңның бағы ашылар ма едi?! Әлгi орыс қатын құсап ел мiнбеген қымбат машина ызғытуың да ықтимал-ау. Бiрақ, пенде байғұс өзiнiң пешенесiне, тағдыр-таланына не жазылғанын қайдан бiлмекшi?»


Соңғы айлардағы тiрлiгiм ылғи терiсiнен келуде, таусылмайтын өкiнiштен теңселемiн тiрек қылар тиянақ таппай. Тiптi, қазiр де түкке түсiнбегенмен үлкен ауыртпалық, қабырға қайыстырар зiлмауыр салмақтың жанымды жаншып түсуге таяғанын кеудемнiң ана-оу терең түкпiрiмен қапысыз, аңдап, жүрегiм суылдаған. Төнгелi тұрған не? Неде ауыртпалық, қандай қайғы, ауыр мұң? Бiлмеймiн әлi, түкке де түсiне алар емеспiн. Тек осыдан төрт күн бұрын Зүбәржат балабақшадан екi баламды ертерек алып кеткелi, содан берi әлдебiр туыстарының үйiнде жасырынып жүргелi үрейден арыла алар емеспiн. Жалғыздықтан қорқамын, күптi көңiлiмдi шараппен алдағым да келген. Оңаша жатып өкiрiп жыладым да. Бiрақ бiздiң өмiрiмiздегi әлдененiң жүрiсiнен жаңылғанын, сыйластықпен салынған сұлу сарайдың iргетасы талқан болғанын сеземiн. Бiлiнбей өткен бақытты күндерiмiз бұрынғы қалпында қайта оралмайтынына да бiржола көзiм жеткендей. Қарғыс атқыр қала, адам атаулыны аяуды бiлмейдi, сiрә. Әсiлi, өз отбасын, жанұясын қорғай алмаған, бауыр етi балаларына бақыт сыйлай бiлмеген еркектен өткен сорлы жоқ жалғанжа. Мен сондай бейбақпын...


Үйреншiктi отырғышымыз ерiген қар суы, бақта үйiрiлiп ұшатын қарғалардың саңғырығымен сатал-сатал екен, қолтығымдағы бүктелген газеттiң жыртындысын төсеп, екеумiз қатарласа тiзе бүктiк, соның өзiнде де Зүбәржат әрменiрек сырылыңқырап, жүзiн терiс бұрып отырды.


Ешқашан ұмытпаймын, осы отырғышты алғаш иемденген де Зүбәржат болатын. Мен бесiншi курсты тәмамдап қалған жайсаң көктем едi, зады, жазғытұрым десе де болғандай. Мемлекеттiк екi емтиханды iлiнiп-салынып әрең тапсырдым, ә-әй, болашақ журналиске жаттанды бiлiмнiң де онша қажетi жоқ, қатал сынақтарда омақаса құламай, жұрт қатарлы диплом алсаң болғаны. Оның үстiне ғашық-қызға ғашық, алдағы қызықты күндерге ғашық жас үшiн бес жыл қасықтап жинаған бiлiмнiң құны бес тиын болар сәтi бар. Бұл сондай көктем! Ал мемлекеттiк емтихан тапсырған күндерiмде бiр шоқ қалампыр гүлiн ұстаған Зүбәржат қолындағы гүлдестеге ұқсап қызарып, осы отырғышта жалғыз күтiп алатын.


Қуана күлiмсiреген күйде асыға басып жақындаған маған қиықша көзiнiң астымен қымсына қарап, қысыла жұмсақ жымиып отырады, екi бетiнiң ұшы оймаланып. Тақаған сайын өзiмдi iштей тежеуiмдi ұмытып, арсалаңдап күлемiн әрi ентiккен қалпымда оны қапсыра құшақтай алып, орнынан тiк көтерiп әкетiп, шыр көбелек айналдырамын. Сонда ғана Зүбәржат барлық сабыр-салмақтылығын ысырып тастап, назды ашық дауыспен сыңғырлай күледi де:


— Өй-өй, жындыбас, белiмдi үздiң ғой, - деп еркелей үн қатады маржандай тiзiлген тiстерiне жасыл жапырақтардың арасынан қиялай себезгiлеген күн сәулесi жарқылдай шағылысып. — Емтихан-нан қа-қанша ал-алдың? ..


— Айнала бiзбен қосыла дөңгеленiп, шырқ үйiрiледi, төбемiзден мейiрiмдi шуағын аямай шашқан көктемгi күнмен бiрге осынау сауал да үзiк-үзiк күйде менi шыр айналып шығады. Маңайдағы барша ағаштар мен әсем иiлген бұталар, Зүбәржаттың қолындағы гүлдесте де қан көбелек айналады тоқтаусыз. Шыр айналған жұмыр жер, дөңгеленген дүние...


Зүбәржаттың сұрша жүзiне пышақ жүзiндей жұқалтаң қызғылт арай жүгiрiп, қуана сыңғырлап күледi назды үнмен; сол бiр сәтте қарашығына күннiң титiмдей бөлшегi, асыл сынығы қонақтаған көздерiнде әлдеқандай нұрлы от ойнайды жарқылдап...


Көзi сәулелi қарғашым менiң!..


Бұл сондай Зүбәржат едi-ау... Жанымды нәзiк жырға бөлеген ару-тұғын. —


Дәп диплом қорғаған күнi де ол менi үйренiскен отырғышта соншалық шыдымдылық, асқан төзiммен тосып алды. Бүгiн де дүние ерекше құлпырып, ауадан мәйек саулап тұр. Университеттiң жатаған, сұрқай ғимаратының алдындағы алып бақбақтың нәзiк үпелегiнен айнымайтын тұрбалапан жан-жаққа тоқтаусыз атқылаған кәусар су күмiстей жалтылдап әрi жiп-жiңiшке жiбек талшығындай болып елестейдi. Биiкке өзiне тән маңғаздық, ерекше баппен өрмелеп, асқар шыңның ұшарлығына шықса да, әлi апшыны қуырғандай ысып үлгермеген күннiң қиялай түскен сәулесiне шағылысып, ауада күмiс ұнтағындай жалт-жұлт еткен бұрқақтың үстiне әр түсi, әр бояуы соншалық айқын ерекше кемпiрқосақ тағалана иiлiп қалған. Осы әдемi көген сиыр сәскеде бұрқақ атқылай бастағаннан доғалана иiледi де, түн ортасына таман атқылаған су тоқтағанша жұртқа қызық: күндiз жарықтық күннiң сәулесiмен нұрлана, сам жамырай айналадан самаладай жарқыраған шамдарға шағылып көздiң жауын алады-ай. Айналада, таза ауада әлдеқандай жеңiлдiк сезiлiп, жанға жайлы жұмсақ леп, жұмбақ қуаныш қалқиды кеуденi нәзiк iңкәрлiк, сағынышқа меймiлдете. Дәпсол күнi, көктемнiң жазға ауысар тұсында Зүбәржатқа ару дүние мың-сан мәрте аударылып-төңкерiлген шығар-ау. Бiз үшiн кең дүние тек күлкiден ғана тұратын-ды сол күнi. Iшек-сiлем қата тоқтаусыз күлiп, буын-буыным босағаны соншалық, Зүбәржаттың жанына ерiксiз сылқ ете түсiп, ебедейсiз отыра кеттiм де, арықша иығынан абайлап құшақтадым.


«Айналайын, Тепеңкөк, кекiлiңе болайын, күлтеленген жiбектей, сауырыңа болайын, түбi түскен шелектей...»1. Қиялымдағы жүйрiк аттың шабысы еркелеткен сөз сарынына, екiнiң бiрi бiле бермейтiн әлдебiр күйдiң әуенiмен үйлесiп тапты-ау, әсiлi.


— Не деп ыңылдап отырсың, Жұман?-деп таңдана сұрады Зүбәржат басын қисайта бетiме үңiлiп. Осы бiр ерке әрi жан-тәнемен маған iштей берiлiп, мөлдiреп отырған қалпында ол жәутеңнен — түлкiнiң кiшкентай сүйкiмдi күшiгiнен аумайтын сияқты.


— Айтсаңшы, ол немене?!


Бiлмеймiн, — деп күлдiм әлденеге ыңғайсызданып әрi бетiме алабұрта қан теуiп. — Ұмыт болып бара жатқан «Тепеңкөк» деген ескi күй ғой. Бұрынғылар осы күйдiң әуенiне әртүрлi сөз сарынын салып тартатын болса керек...


- Қайталап айтшы, мен де тыңдайын. Өтiнемiн, естiртiп айтшы ендi...


- Неғыласың оны, әшейiн мәнсiз, мағынасыз сөздердiң жиынтығы ғой.


- Жо-жоқ, айтшы ендi. Менiң де үйренгiм келедi.


- Қоймадың ғой, жарайды. Бiрақ, сен ренжи көрме. Айналайын, Тепеңкөк, кекiлiңе болайын, күлтеленген жiбектей сауырыңа болайын, түбi түскен шелектей...


Қазақ халқының аса әсерлi, сыршыл «Тепеңкөк» күйiне байланысты әдемi аңыз сақталған. Ертеде бiр ханның жаугершiлiкте қолға түскен басытаз, ернi жалақ, көрген адам аяйтын бейшара қойшысы болыпты. Бiрде ханның жалғыз ұлы аң аулап келе жатып, әлгi қойшының өзен жағасында жылқының қу басын құшақтап: «Менi Толыбай сыншының баласы деп кiм айтады?» деп жылап отырғанын байқап қалса керек және осы оқиға жайын әкесiне айтып келедi. Мұны естiген хан қойшыны ордаға шақыртып алып: «Сен сыншы болсаң, менiң ең таңдаулы бес жүз жылқымның iшiнен шабатын хас тұлпар бар ма, айқындап бер», - дейдi. Қойшы ханның iрiктелген жылқыларын асықпай аралап, ешбiр жылқыға көңiлi толмай, қаһарлы ханға келiп: «Хан ием, сiздiң сайын даланы сайрандап, көк өзеннiң тұнығынан су iшкен жылқыңыздың бәрi сырты түктi, iшi боқты мәстек екен. Iшiнде шабатын тұлпар жоқ екен, тақсыр!» - дейдi.


Әуелде ашуға булығып, қаһарға мiнген хан көп ұзамай сабасына түсiп, қойшыға жеткiлiктi қаражат, алыс жолға қажеттi керек-жарағын берiп, қайдан болса да хас тұлпар тауып келуге пәрмен етедi.


Қойшы шаһардан-шаһар кезсе де, төңiректегi базарларды түгел адақтай аралап шыққанмен ешбiр тұлпар таба алмай, ең соңында өзiндей бейбақ қойшыдан қотыр тайды сатып алып келедi. Хан қойшыға: «Бiр айдан соң аламан бәйге болады. Осы атыраптағы жұрттың желмен жарысқан, аузымен құс тiстеген тұлпарлары жиналмақшы. Әкелген тайыңды осы бәйгеге қосасың», - деп қатаң бұйырады. Жарлықты орындаған қойшы әлгi тайды бiр үйiр жылқыға апарып қосады. Асқа он күн қалғанда ханның ұлы үйiрге барып қараса, әлi сол қалпындағы арық жауыр тайды баяғы қойшының мiнiп жүргенiн көрiп: «Хан иемнiң бәйгеге қосатын тұлпарын мiнiп жүргенiң қалай?» деп ашуланып сұраса, ол: «Ханның 500 жылқысының iшiнде осыдан басқа ұшығына шығатын жылқы көрмедiм», -дейдi. Арада көп күн өтпестен бәйге болып, әлгi жауыр тай бәрiнен озып келсе керек. Сонда қойшы тепең көктi: «Кекiлiңе болайын, күлтеленген жiбектей, сауырыңа болайын, түбi түскен шелектей деп еркелеткен екен».


Бiр сәт үнсiз қалдым. Әлi де өлеңнiң жалғасын тосқан Зүбәржат қолындағы гүлдестенiң күлтелерiн шымши жұлмалап отырған қалпы жүзiн маған таңдана бұрып:


— Бiттi ме? — деп сұрады әлден уақтан соң. — Бар болғаны осы-ақ па?


— Қайдан бiлейiн, менiң бiлетiнiм осы ғана. Тым ерте заманнан үзiгi ғана жеткен емес пе?!


— Соны айтамын. Аса әдемi екен. Бiр өкiнiштiсi, қазақтың небiр ғажайып жәдiгерлерi бiзге осылай үзiк-үзiк күйiнде ғана жеткен-ау.


Ендi мен Зүбәржаттың жүзiне аңтарыла қарадым. Әлi де қаршадай болса да ойы терең, сұңғыла екен ғой. Сосын құлпынай татитын қызыл ернiне қадалып, ұза-ақ... жан-тәнiммен берiле сүйдiм. «Құдайым-ау, сонда, сол күндерде Зүбәржаттың ернi неге құлпынай татитын едi, а?! Алғаш сүйiсе бастаған бойжеткен қыздардың ернi нелiктен ерекше тәттi!?»


Ұзын кiрпiктерiн ақырын қамастырып, басын кеудеме сүйеп отырған Зүбәржат кенеттен көзiн алаң еткiзiп ашып алды да, көздерi нұрлана бетiме жалт қарап:


— Тыңдашы, Жұман, адам айтса сенбейтiн ерекше бiрдеңе көрсетейiн бе? — деп сұрады наздана.


— Жәйшылық па? — дедiм ақша жүзiн алақаныммен нәзiк сипалап. Еш алаңсыз, қамсыз күйде еркелейтiнi iшi-бауырымды егiлте түсетiн iспеттi. Жаны нәзiк, тым сенгiш қызды еркелеткен де өмiрде бiр ғанибет-ау!..


— Қолы бар ағаш-ш... — Көз шарасы үлкейiп, ерекше әсерленiп айтты үш ауыз сөздi.


— Немене? — деп мырс еттiм бұра тартып. — Басқа ештеңесi жоқ па екен?


— Кетшi, ұятсыз! — Көмейiсде кептелiп қалған анайы сөздi ұқты айтқызбай. Бәлекет қыз қапысыз сезiп, тiптен әрiрек ығысып отырды ыңғайсыздана. Табан астында нарттай қызарып кеткен Зүбәржат сәл томпақтау ернiн бұртитып, қолымды иығынан сiлкiп тастамақ болып әуре. — Мен саған шын айтып отырсам...


— Кешiршi, жаным! Ендi қайта айтпаймын. — Әлi де өз қалжыңыма көңiлiм толып, сылқ-сылқ күле беремiн. — Қойдым деймiн ендi. Қолы бар ағашыңды көрсете қойшы, кiп-кiшкентай өкпешiлiм менiң! Жадырап күлшi ендi... Еш зiлi жоқ әзiл ғой әшейiн.


— Әне! — Ол әлгi ағашты сүйiр иегiмен нұсқады. Әлi ашуы тарқай қоймағаны томсырайған жүзiнен аңғарылып тұр. — Бiрақ, мен кiшкентай емеспiн...


— Әрине кiшкентай емессiң. Әшейiн еркелеткенiм ғой, — дедiм оның бұртиған қалпын одан әрмен қызық көрiп.


Зүбәржат иегiмен нұсқаған оң қапталымыздағы зәулiм, жуан бұтақтары ересен арбиған кәрi еменнiң қалың жапырағы Лениннiң биiк гранит тұғырдағы аса зор қола мүсiнiн көзден мүлдем тасалап, қалың жапырақтардың бiр шетiнен ғана қола мүсiннiң әлдеқайда алысқа, әлдебiр қияндарға қарай ентелей ұмтылып созған жуан қолы, ашық алақаны байқалып тұр. Тұғыр жоқ, қола мүсiн де мүлдем көрiнбейдi. Тек ауадағы ағынмен әлсiз сыбдырласқан жасыл жапырақтар және бос кеңiстiкке ғана iлiнiп қалған, көзге тосын әрi ерсi алып қол ғана. Шынымен-ақ мынау кәртайған еменнiң табиғат-анадан көмек сұрап созған қолы десең де кiсi сенерлiк. Осынау тосын көрiнiсте жүректi қобалжытатын, бойды ерiксiз тiтiркентер бөлекше бiр қорқыныш бар. Әлi жап-жасыл кәрi ағаш, ауаға ғана iлiнiп қалған иесiз әрi жансыз күңгiрт сұр түстi жуан бiлек, қола алақан... бәрi мүлдем сәйкессiз, көзге ерсi көрiнедi, жүдә. Анахронизм! Әлде есi дұрыс адамның ешбiрiне сызбалары түсiнiксiз абстракционисттердiң барша әлемнен iздеп таппай жүрген гармониясы осы ма? Әле ұлы жазушы Феодор Достоевскийдiң «бұл заманда жұрттан жарқыраған айқындық талап ету әсiрелiк болар едi» деген ұлағаты да ойыма оралып, кенеттен тағы да ерiксiз күлiп жiбердiм өз-өзiме ие бола алмай. Артта жылыстап қалған бала күнiмдегi ауылдағы география пәнi мұғалiмiнiң аузынан естiген тосын сөз есiме тьүстi ойда жоқта. «Ағай, сiз бiлесiз бе, — деп сұрап едiм бесiншi сыныпта оқып жүргенiмде, — Осы Ленинге неге ылғи оң қолын алға қарай созып тұрған ескерткiш орнатады?»


Сұлу мұрт ағай сәлi кiдiре күмiлжiп әрi жан-жағына алақтап барып: «Ә-ә, ол сүйiктi Ленин аталарыңның бар бәленi iргедегi Қытайдан көресiңдер деп тұрғаны ғой...» Мiне, ойлануға, күмәндануға мүмкiндiк қалдырмайтын ағайдың бұлжымайтын айқындығы осы! Өз-өзiмнен мәз болып, бар даусыммен күлдiм.


— Ха-ха!.. — Күлме деймiн, Жұман! Ленин атаның қолына күлме! — Зүбәржат гүлдестемен иығымнан еркелей ұрғылады. — Шегiң үзiлiп қалады...


... Биiк бiз өкшелерi тас жолдың шекесiне шеге қадағандай жиi тықылдап, қолтықтаса дәп қасымыздан бейқам өтiп бара жатқан қос құрбы аңдаусызда естiлген қатты күлкiден үргедек жүректерi жарыла шошынып: «Өлә! Соншама тарқылдағандары несi?!» — деп ыршып түскен. Жанары дөңгелене түсiп, бәр сәт жүзiме үнсiз таңдана қараған Зүбәржат та бейтаныс бойжеткендердiң осы шошынуынан соң қосыла сыңғырлап ала жөнелдi.


Бiр кездерi бұл сөйткен Зүбәржат едi ғой... Ендiгiсi не?! Кейiнгi iстеген қысастығы, балаларымды жасырын ұрлап әкеткенi несi, а?!


— Мен сенi түсiнбеймiн, — дедiм даусым үзiлiп-үзiлiп, — түкке түсiне алмай миым қатты. Айтшы, табан астында не боп қалды?! Айтшы, Зүбәржат, осынша бұлқан-талқан болатындай, балаларды менен жасырып, көрсетпей қоятындай не бүлдiрдiм?!


— Ештеңе-е... — Қыстыққан даусына өксiктi дiрiл араласып, бiр сәтте ғана қос жанары жасқа тола мөлтеңдеп шыға келген-дi, кiрпiк қақса моншақ-моншақ төгiлгелi тұр. Сыртқа шықпаған көз жасының күйiгi ауыр, iштей үгiтiлу, жүрекпен жылаудан асқан қайғы-шер жоқ. Ол маған көз жасын, нәзiк әйелге тән әлсiздiгiн көрсеткiсi келмедi ме, iле жүзiн басқа жаққа бұрып әкеттi. — Бiз жанұя болып жарытып тұра алмаймыз, Жұман! Ақтық өтiнiшiм болсын, балапандарымды әуре-сарсаңға салмай, титiмдей жүректерiн тiлгiлеп ауыртпастан айырылысайықшы. — Терiс қарап отырып, тiстенiп айтты осынау зiлмауыр сөздердi.


Дүние төңкерiлiп бара жатыр. Онсыз да сұрықсыз, кiр-қожалақ айналаны қалың қара тұман жапқан iспеттi. Түк көрмеймiн, ештеңе естiмедiм. Дем де ала алмай қалдым табан астында. Ер өлiп, Едiл бүлiнген сынды. Бiрақ бұл — мүмкiн емес! Жоқ, мүмкiн емес! Құлағымның жарғағын әлгi зiлдi өтiнiш тесiп өткендей құр күңгiрлейдi.


— Не?! — Шошынған, жанұшыра қатты шыққан даусымнан ол селк ете қалып, басын қайта әрiрек сырғып, етек-жеңiн жинақтай тас мүсiн боп отырған. — Не дедiң, Зүбәржат, қайталап айтшы!


Зүбәржат кенеттен бетiн екi алақанымен тарс жауып, басын жиiлете шайқаған күйi iшiнен қатты өксiп жiберсiн. «Шиқ» етуге ұқсайтын осынау ащы өксiкте барша нала, мұң, адамның қабырғасы күтiрлеп сынар шер мен ауыр аза жатты.


— Құдай тiлеуiңдi берсiн, Жұман, — дедi ол екi алақанын бетiнен алмастан, — ендi маған ештеңенiң қажетi жоқ. Төзiмiм таусылды, үмiтiм баяғыда үзiлдi. Айрылысқан адамдардың алды да, соңы да бiз емеспiз.


— Неге?! — Сайын даланың төсiндегi ерке, желдей азат ақбөкенге тұтқиылдан қорғасын оқ тигенде осылай жанұшырар. Бәлкiм, қыл бауыздамға қылпыған пышақ тақалып, аппақ жұлынға өткiр жүзi тигенде құрбандыққа шалынған бейкүнә жануар өстiп ышқынар! Мен де қапелiмде орнымнан қалай ыршып тұрғанымды аңдамай да қалдым. — Нелiктен бұлай болды, Зүбәржат?!


— Әбден шаршадым. Ендi мен үшiн бәрiбiр, — дедi ол аса мажығып. Ешқандай өкiнiш, толқу, сезiм атаулы сезiлмеген бәсең үнi де соншалық сүлесоқ, пәс. Ұзын кiрпiгiне iлiне берген моншақтай түйiр жасты саусақ ұшымен ызылана сiлкiп жiберiп, астыңғы ернiне көгiстеу iздер қалдыра қырши тiстелеп, сызды қабағын одан әрмен қасарыса түйiп отыр. Әбден сұрланып, қанын iшiне тартып алған. — Бiлесiң бе, мен қатты шаршадым.


— Сонда... сонда... — Әлi де аузыма жөндi сөз түсер емес. Адам абдырағанда ақыл-естен айрылады заматта. — Мен қайтемiн, Зүбәржат?!


Ол осыған дейiн бойында болып болып көрмеген ерiк-жiгер, әлдеқандай адуын ашумен барынша тiстенiп бағуда. Тiстенгенi соншалық, жағы жарылып кетердей...


— Сен!.. Ендi... — Бiр мәурiтке ғана күмiлжiп қалған ол қалтасынан әбден умаждалған көнетоз бет орамал суырып, жасаураған көзiне тақай берiп, ойына әлдене оралғандай қолын кiлт төмен түсiрiп, шетiн үстi-үстiне орашолақ умаждай бастаған. Iштей қатты күйзелiсiн бөтен iстермен елеусiз етуге тырысқан жанның жандалбаса әрекетi осы шығар. — Сен ер-азаматсың ғой, әйтеуiр бiр күнiңдi көрерсiң де. Бостандықты сүюшi едiң, еркiндiктi бәрiнен жоғары қояды емессiң бе, ендi жүген-ноқтаңды ешкiмге басыбайлы ұстатпай жүресiң де... Бұдан былай ешкiм саған «арақ iшпе», «үйге тым кеш келме!» деп айтпайтын болады. — Ерiндер әлсiз кемсеңдеп, қысыла әрi қолайсыздана жымиды. Әсiлi, жымиғансыды. Жоқ, бұл шынайы күлкi емес, жаны шыдатпай ауырған дәрменсiз адамның соншалық қиналған сәтiндегi бейшара, соншама мiскiн кейпi. — Әйтеуiр мен бұдан былай айтпайтын боламын...


— Мазақтамашы!. — Дауысым әрең шыққан. Жанталасып қалтамнан темекi суыруға тырыстым: қолым ырқыма бағынбай, дiр-дiр етедi, әтеңенәлет, қу шырпы да қайта-қайта сынып жатыр ерегiскендей. Жайшылықта жүйкенi тыншытатын темекiнiң дәмi де мұнша удай болар ма?! Тамағым құрғап, байқаусызда көмейiме қырғыш тiрелгендей әрең жұтындым. Құп-құрғақ боп кепкен тiлiм таңдайыма жабысып, жұтқыншағыма ыстық түйiн кептелсiн. Бiр жұтым ауаға зар болдым әп-сәтте. О-ей, адамдар бiр-бiрiмен кездеседi, қоштасады... ол — өмiр заңы — одан әрi қарай жа өмiр жалғасады дегенмен, ол оңай емес. Табысу оңай болса да, ойда жоқта қоштасу мүлдем қиын. Ең бастысы, екi қарғамнан айрылғалы тұрмын. Олар ендi тiрi жетiмге айналмақшы. Әркiмнiң түртпегiн көрмек, ауыздарынан ана сүтi кеппестен тағдырдың кермек дәмiн татпақшы.


— Ал, балалар ше? Мен оларсыз қайтiп өмiр сүрмекпiн, Зүбәржат!? Соны ойладың ба, қабырғаңмен кеңестiң бе, сен? Санат та, Арман да естияр тартып қалды, ертең олар менi жоқтамайды деймiсiң, Зүбәржат! Жаман болсам да арқа сүйейтiн әкелерiмiн ғой, менсiз қос бүлдiршiнiм жаутаңкөз боп өседi емес пе? — Балаларымды өзiммен бiрге ауылға алып кетемiн. — Жүрегiм табаныма түстi, өйткенi, ол «балаларымды» деп нығарлап, бөтен адамша ерекше мәнмен айтты. «Балаларымыз» деген жоқ, тiптi, «балалар» десе де үмiтiм үзiлмес-тi, алғаш рет оның аузынан «балаларым» деген сөздi есту ауыр едi. Мен мүлде бөтен, Санат пен Арманға еш қатысы жоқ адам секiлдiмiн. Мынау қатыгез әлемде бұдан былай жапа-жалғыз, қарақан басым ғана қалғанын үнсiз пайымдап, қараңғы түнде жалғызсырау, үмiтсiздiк пен iшкi торығудан тiлкем ойға мұңын шаға ұлыған жаралы көкжалдай iштей зарланып тұрмын. Күйген жүрек кеудемдi өртеп барады. Ал Зүбәржат осыған дейiн-ақ бәрiн кесiп-пiшiп, өзгерместей бiржола шешiп қойған сынды еш қиналмай сөйлеп отыр.


— «Шөлмек мың күн сынбайды, бiр күн сынады, Жұман. Менi қайта үгiттеп, алған бетiмнен қайтарамын деп бос әуре болмай-ақ қой, бәрiбiр осы шешiмiмнен қайтпаймын ендi. — Жарайды... — Дауысым өзiме әзер естiлiп, iшi-бауырым суырыла терең күрсiндiм. Жауыз әлдекiм жүрегiме өткiр тырнағын аямай, асқан өшпендiлiкпен батырсын кеп. — Мақұл! Егер бiр-бiрiмiздi түсiне алмасақ, түсiнiскiмiз келмесе, мен қайтейiн. Тек, Зүбәржат... балаларыма хат жазып, хабарласып тұруға мүмкiндiк бер. Олардың айтқандарын да маған жасырмай жазып тұршы. Менiң де соңғы өтiнiшiм болсын, осыған уәде бершi, Зүбәржат!


— Жақсы, бұған келiстiм. Солай еткенiмiз жөн шығар. Жұман, сау бол!


— Пойызға шығарып салайын да... Қос ұлымды көрiп қалайын.


— Жо-жоқ. Ендi керегi жоқ. Бәрiн бiр-ақ шорт кескен, бiржола жалтақтап бұрылмаған дұрыс шығар. Бәрiбiр өткен күндердi, өксiкпен өткiзген күндерiмдi керi қайтарғым келмейдi...


Жалаң басымды қос қолдап аямай қысып, шылқылдап су сiңген отырғышта теңселiп отырмын. Ақырын теңселемiн. Жүрегiмдi тырналаған жабайы мысық мияулағанын бiрте-бiрте күшейтiп, жанұшырған ойбайға көшкен-сынды. Айнала, бүкiл дүние қап-қараңғы, өлi түнек.


Қараңғы... Жарық сәуле, кiшкентай нұр болса, кәнеки?!»


...Тор көз дәптердiң парағына баланың ебедейсiз қолымен, бiрақ мейлiнше ыждағаттылықпен жазылған iрi әрiптер Санаттың сағынықша толы хаттары. Жұманның кiшi ұлы Арманның айтқандарын Зүбәржат маржандай етiп тiзiптi. Жұманға берген уәдесiн бұлжытпай орындаған екен. Бұл жазбаларды Жұман бей бақ мұқияттап бөлекше жинақтапты.


САНАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ ХАТЫ


«Көке, бiздiң жағдайымыз өте жақсы. Күнде ауылда Арман екеумiз емiн-еркiн ойнаймыз.


Көке, бiздi көп ойлап қамықпа, қарнымыз ашып жүрген жоқ, бiрақ көңiлсiзбiз. Бiзбен бiрге өзiң болмаған соң ойынның да, ауылдың да түк қызығы жоқ екен. Көңiлсiз ойындар бәрiмiз бiрге өткiзген бiр күнге де татымайды. Ешқандай балаларға қосылмай, бөлек ойнап жүргенiмiздi көрген үлкендер: «Е-е, бейшаралар-ай, «Жетiм қозы тасбауыр» деген, өзге қарадомалақтарға жоламай, жеке-дара ойнайтындарын айтсайшы титiмдей жүректерiн үлкен сағыныш сыздатады ғой деп сөйлеп қалады. Неге өйтедi, көке?! Ал жетiм қозы тасбауыр» дейтiндер несi? Бiз жетiм емеспiзбiз ғой. Мамамыз бар, бiздi жанындай жақсы көретiн айналайын көкемiз бар. Ал кейбiр кәрi шалдар, жаман шалдар: «Ә-ә, қанша асырасаң да орманға, жо-жоқ, ай сәулесiне бөккен айдала меңiреу елсiзге қарап есi кете ұлитын ұялас бөлтiрiктер ғой. Безбүйрек, қаныпезер бөлтiрiктер! өздерiндей балаларға қосылмай ойнауларын, ызақор шарақорлықтарын қарайсайшы. өмiрге көрсеткен қырлары ғой» дейдi. Бiлмейдi екен, Арманда қайдан бiлсiн, бiрақ бөлтiрiк дейтiн қасқырдың баласы екен. Бiз бұрын, қаладғы зоопарктегi көрген дәу қасқыр шен! Олар адамдардан әлдеқайда жақсы емес пе?! Олар ешкiмге тиiспей соқтықпай, өз жайларымен торды арлы-берлi кезiп жүретiн де қоятын. Ал осы ауылдың адамдары, әсiресе бiзден үлкендеу балалары ылғи тиiсуге құмар. Арман екеумiз олармен талай төбелестiк. Ұлкен кiсiлер ұнатпағаныңа, жеккөргенiңе қарамай маңдайымыздан сипап, қалталарындағы ерiп кеткен, кiр-кiр кәмпиттерiн қолыңа тықпалайды. Аузыңа сап, жеп қойғанымызды тосады тұрып ап. Олардың сыртқы кiр, қағазына қыл жабысқан кәмпитi кiмге керек?! Айтшы, көке, бөлтiрiк болуы жаман ба?!


Көке десе, қолым талып кеттi, мен әлi жазуды толық үйренгенiм жоқ қой. Ендi айтып отырмайтын, мамам, жазсын, мақұл ма!? Әлi айтатын көп...


САНАТТЫҢ АЙТҚАНЫ


«...Көке, Арман төсек салғанға шыдамай ұйықтап қалды. Ойыннан шаршаған ғой. Мен де қатты шаршадым, бiрақ айналайын көкемдi одан қатты сағындым. Арманның ақылы жоқ қой, ылғи төбесуге құмар. Әлi кiшкентай, сосын ақылы жоқ. Ол қазiр ауылдағы, көршi үйлердегi өзiмен жасты балалардың атаманы боп алды. Кейде төбелескен кезiнде одан өзiм де қорқып кетемiн. өйткенi, басқа балалар сөйлеп, тiптi кейбiр жылап жүрiп төбелеседi ғой, ал Арман тiстенiп алып, ештеңе деместен төбелесе бередi, төбелесе бередi.. Қашан жеңгенше түк сөйлемейдi. Кейiн екеумiз ғана қалсақ ауырған, көгерген жерiн сипалап, ешкiмге көрсетпей жылап алады. Мен оның иығынан құшақтап отырып, басынан сипап отырып жұбатамын. Ол әлi кiшкентай ғой, көке. Ол да өзiңдi қатты сағынып жүр, көке!


Бiрақ, әбден сотқар болып алды. Жоқ, ол өзi ешкiмге өзi бастап тиiспейдi, ал соқтыққан балаларды аямайды. Үлкен кiсiлердi де...


Әнекүнi есiктiң алдында ойнап жүрсек, үйден сүт алуға келген көршi апай бiлегiмiздi ұстап ап: «Үй, көргенкөз бейшаралар-ай тiрi жетiмек боп қайбiр жетiсiп жүрсiңдер екен. Әкелерiң жаман ғой», — дедi. Әрең шыдап тұрған Арман қолын жұлып алып, әлгi үлкен кiсiге «Былшылдамаңызшы!» деп салды. Сосын әлгi әйелмен мамам ұрсып қалды. Көке айтшы, сен ең жақсы адамсың ғой... Арақ iшпесеңiз... Қазiр сол жаман арақты iшпейтiн шығарсыз... Мамама ендi iшпеймiн деңiзшi сосынн бiз үйге қайтатын шығармыз.Мамам ернiн тiстеп, басын шайқап отыр. Үйге қайтқысы келмейтiн шығар, ал Арман екеумiздiң қайтқымыз, сiзбен бiрге, бәрiмiз бiрге болғымыз келедi. үлкен кiсiлердiң балаларды кiшкентай санайтыны, олардың ештеңе сұрамайтыны жаман ғой. Бiз өскенде ондай болмаймыз. Мен де, Арман да. Кiшкентай болғаның үшiн ғана ештеңе айта алмау ең жаман нәрсе екен.


Көке, мен Арманның қызығын айтып берейiн бе? айтып берейiншi, аха, әйтпесе ол ояу болса мұны маған айтқызбайды. Ал өзiң...өзiңiз: «Ауыр болса да әрқашан шындықты айта бiлу керек. Адам шындық арқылы ғана адам», — дейтiн едiңiз ғой. Бiрақ, Арман өзiңiң iстегендерiн өзгеге айтсам маған өкпелеп қалады. Ал басқа балалармен бiрден төбелеседi.


Бiз мақтаны өртеп жiбердiк. Мамамның ауылдағы кiсiлер мақта егедi ғой, сiз бiлетiн шығарсыз, сол мақта сұмдық жанды екен. өткенде мамамның ағасы Сұлтан көке трактордың тележкiсiне тиеп әкелiп, есiктiң алдына тең-тең аппақ мақталарды жинап қойды. Мақтаның үстiне шығып ойнаған тамаша. Әрi жұмсақ, әрi жып-жылы. Үстiнен төмен сырғанайсың, әрi-берi аунап, асыр салсаң да еш жерiң ауырмайды. Тек, биiктен құламасаң бiткенi.


өткенде Арман үйдегiлерден тығылып,қалтасына шақпақ салып алыпты. Жоқ, тығылып темекi тарту үшiн емес, көке, бiз темекi шеккен жоқпыз кейбiр жаман, бұзық балалар құсап. Арманд бiлесiз ғой, ол түрлi нәрсеге қызыққыш емес пе?! өзiңiз: «Осы сары балам зерттеуге құмар. Ойыншықтарын бұзып, iшiнде не барын бiлсем дейдi. Кейiн зерттеушi ғалым, әйтпесе мина қойып жаратын сапёр болды», — деушi едiңiз ғой. Сосын Арман маған: Мақтаны жағып көрейiкшi, — дедi әлгi шақпағын көрсетiп.


Мен үлкенмiн ғой бiрден қарсы болдым.


— Жоқ, өйтуге болмайды. бiлесiң бе бiзге көкемiз «отпен ойнамаңдар» деушi едi ғой, — дедiм.


— Сәл ғана, мына теңнiң титтей шетiн ғана жағып көрейiк, — деп көнбедi Арман. — Тiптi, бұл отқа жанбайтын да шығар...


Сосын мақтаны жақтық... Жоқ, жөндеп жағып үлгермедiк, арманның қолындағы жанған ши теңдердiң арасына түсiп кеттi байқаусызда. Бiр уақта ақырын түстiн шығып, Қып-қызыл жалынның тiлi көрiндi әлгi жерден. Ешкiмге айтпай әуелi әлгi мақтаның үстiне екеумiз кезектесiп шаптырдық, болмады, от өшпей қойды. Сосын жанталасып құм, топырақ шаштық. Сонда да сөнбей қойды. Сосын өрттi көрiп үйдегiлер, көршiлер бәрi жабылып сөндiрдi. Мамам: «Құлыншақтарым-ау, өздерiң өртенiп кетсеңдер қайтесiңдер?! Сонда менiң күнiм не болады?», деп бiздi құшақтап жылады. Қатты жылады әуелi, сосын құшақтап жылады. Қатты жылады әуелi , сосын бiзге қатты ұрысты.


Көке, сен бiзге ренжiмейсiң ғой, ә?! Әсiресе, Арманға ұрыспаңызшы... ол сол өрттен кейiн онсыз да қатты өзгерiп, бұрынғыдан ызақор, өте ашуланшақ болып кеттi. Ешкiмдi аямайды...


Сұлтан ағаның әйелi — Шырын тәте бiзге қатты ұрысып: «Қырылғырлар, бұл тiрi жетiмдер түбi бәрiмiздi тiрiдей өртеп тынады. Бүйте берсе, жерге көметiн сүйегiмiздi де таппай, күлiмiздi айдалаға шашар», — деп қарғап-сiледi. Әсiресе, Арманға қатты ұрысып, бетiнен шапалақпен ұрып-ұрып жiбердi. Арман жылаған жоқ, тек тiстенiп, көздерi тiкiрейiп алсын. Мен иығынан құшақтап, шашынан сипап едiм, менiң де қолымды қағып жiбердi.


Ол түстен кейiн үйден қашып кетiптi. Бәрiмiз түсте шәй iшiп отырғанда қалтасына екi тiлiм нан салып ап, тас жолды жағалап кете берiптi. Үйдегiлер, әсiресе мамам сабылып iздеп, кеш түсе әрең тауып әкелдi. Алыстағы көршi ауылға жетiп қалған екен. Жолай әбден жылап, шаршаған соң жолдың жиегiндегi жаңғылдың түбiне ұйықтап қапты. Мамамның жылағанын көрсеңiз ғой, көке! Оны алып келген соң екеумiз жалғыз қалып, оны құшақтап отырып мен де жыладым. Ол да. Бiрақ, ендi бiз жылағанымызды ешкiмге... ешкiмге көрсетпеймiз. Тек егер жыласаң осылай екеумiз жеке қалғанда ғана жылауға тиiспiз. Бiз күштi болуымыз керек қой, көке! Ал кешкiсiн Сұлтан аға әйелiн аямай ұрды, көке! Шырын тәте де жылады.


Арман бәрiбiр қашып кетемiн деп жүр. Алматыға қашамын дейдi. Мамам «қой, өйтпе, жолды бiлмейсiң, адасып кетесiң», десе, «Тас жолдың бәрi қалаға, Алматыға барады», — дейдi.


Көке, оны мен жалғыз қашырмаймын ғой. Ауылға келiп, бiздi өзiң алып кеткенiңiздi күтемiз, көке! Оған дейiн қалай да шыдаймыз. Тек, тезiрек келшi, көке! Бiз сенi қатты сағындық көке...


...Құдайым-ай, неткен бақытсыз бейбақ едiм мен?! Мынау төңкерiлген шараптың да зәһарын-ай... Барлық қайғы-мұңсыз, бақытты күндерiм құлаған бөтелкедей бiржола таусылғаны шығар. Көз жасына араласқан шараптың дәмi қандай жексұрын болса, бұдан былай мен iшкен су, жеген ас, жұтқан таза ауам да сондай жексұрын, арам. Құйтақандай балапанымның тәттi етiне алғаш рет ащы таяқ тиiптi. Бөтен әлдекiмнiң, әлдеқандай төмен етектi әйелдiң қолы тиiптi. Тiрi жетiм деп жерге тығыпты.


Сол ма едi iздегенiң, Зүбәржат?! Осы қалада да сенiң қолтығыңа су бүрiккендер алыс туысқандарың болатын. Әтеңе нәлет, бiз пәтерден пәтер жағалап екi баланы аман-есен өсiруге түн ұйқымыз төрт бөлiнген, жанымыз қиналған кезде солардың бiрi де қолын созған, қолтығымыздан демеген жоқ, ендi... иә-иә, қос құлыншағым өсiп балабақшаның ересектер тобына барғанда жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақтай табыла кеткен. «Ағайын бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды» дегендiғасырдан ғасырға, атадан балаға өткеннен бүгiнге жеткiзгендер оны төбеден алған жоқ. Көзiмен көрiп, жүрегiмен сезiп жеткiздi. Олар титтей шалыс басқаныңды кешiрмейдi «қайта су түбiне итерер. Ұйыққа батырғанды мәртебе көрiп, аяқтан шала түсер. табан асты табыла кеткен, сырын бiлмес туыстан құдаым сақтасын!


Табан асты бойымды түршiгiп, жанымды мылқау қорқыныш, қандай әрекет жасасам да жеңiлмейтiн, бой бермейтiн нағыз үрей жайласын. Менiң бұда ендiгi бар ғұмырымның бұдан былайғы сүреңсiз күндерiме осы меңiреу қорқыныш, иманыңды ұшыратын үрей ғана айырмас серiк. Сосын мына шарап... О-о, мен жалғыздықтан қорқамын! Атқан күлкiсi естiлмейтiн тыныш үйдiң мәңгiлiк үрейiн еңсемды езiп, жүрегiмдi жаншиды сәт сайын.


О-о мына стакандағы қою шарап қандайкрмек едi?! Таңдайым да бүкiл өмiрiм сияқты кермек татып бара ма? Бiлмеймiн...


Құдайым-ай, қос қарашығым әлден-ақ жетiмдiкiтң қорқынышты зардабын шегiп, көзтүрткi көре бастапты-ау. Адамдардың арасындағы өмiр қорғансыз балалар үшiн қиын боларын неге ұққың келмедi, Зүбәржат?!Жаралы қасқырдай еш үмiтсiз күнi кешу нәзiк жүректерiн мәңгi жаралайтын ұққың келмейтiнi қалай, жаным? Қайта оралсаңдаршы, құлдықтарың болайын! Зүбәржат мен сүйген, менi сүйген сұрша қыз, сен мүлдем басқа жан, елден ерекше жан едiң ғой. Ендiгiң не?! Бiрақ, менiң өзiм ше? Мен өзгерген жоқпын ба? Мынау күрт өзгерген дүние осыған дейiнгi менiң идеалдарымды күйретiп, табан тiрер тиек қалдырмаса қайтейiн?! Мен сенген жақсылық, адамдық, зiгiлiк атаулының күлi көкке ұшты күтпеген кезде. Осыған дейiн сенгендерiмнiң бәрiнен азғантай уақта айырылу әлсiз пенде үшiн оңай жайт па? Жүрегiм бос қуысқа айналды. Құдайым-ау, дiндарлар өзiңе пiр жасама демеушi ма едi, ал менiң пiрiм адамдық, бар жақсылық тааулы болатын. Мұндай пiрлерi жоқ кiсi жер басып қалай жүрмекшi. Бiрақ, азғантай күнде бұлардың ешкiмге қажетi болмай қалғанын қайтейiн.


Бұлғақ заман... Бұлғақ заманда өмiр сүру оңай болмайтыны адамзат тарихында тың жаңалық емес. «Өтеплi кезеңде өмiр сүрудi қас дұшпаныма тiлемеймiн», деушi едi ғой аузы дуалы данышпанның бiрi.


Зүбәржат, сен маған «маскүнемге, нағыз аузы кеппейтiн алқашқа айналып барасың», деп ренжушi ең ылғи. Жүрегiңде сезiм жоқ, сенiмнен айырылған адам қалай ғана қалыпты өмiр сүрмекшi.


Бәлiкiм, адамзат тарихындағы бұлғақ кезеңдерде өзiне-өзi қол жұмсап, жұмбақ жағдайда өлетiн ұлылардың осылай бар сенiмiнен жұрдай боп айырылып, жүрегi бос қара қуысқа ғана айналған байғұстар шығар. Қарапайым пенде табаны бүрсiз, дәтi әлсiз менен не күттiң?!


Мен сияқты бадбаққа өмiр жұмбақ әлденелердi және сол iздегiлерiн таппай аласұратын, тiршiлiктiң бар қызығынан безiнетiн мәңгiлiк адасқандар ғана сырласым. Олармен қараңғы түнде, үрейге толы қараңғы бөлмеде қарақан басым қалғанда кеңiстiк арқылы тiл табысамын.


«Адамның адасуы оңай, қайта шығр жол табуы азап. Шытырман шырғалаңнан көтерiп, лаухыл-махпұзға жазылғанға жүгiн», — дейдi мәңгiлiк жөйт.


«Жол iздемейтiн, жоқ iздемейтiн, жоғалғанымды қайтадан керi, қайыра алсам ғой, шiркiн! Өткен бақыт күндерiм шаттық пен қуанышты сәттерiм туған жерге қайта оралған жыл құсындай қайтып келсе. Өз бақытын бағалай бiлмеген аңдаусызда үркiтiп, уысынан ұшырып алған бейбаққа өмiр шiркiн тағы бiр мүмкiндiк берсе деймiн!


Ал қаратүнек кеңiстiкте ешқандай үн жоқ. өӨлi үнсiздiк өкпенi аямай сығындап, зiл салмақпен еңсенi езе түседi. Жым-жырт үрейлi Үнсiздiк, меңiреу қорқыныштан құтқара жалғыз серiгiм-бiртiндеп бойды жаулайтын , балбырауға бастайтын айналайын шарап қана... Қайғы арқалаған маңдай байбақтың жалғыздықтан басқа серiгi бар ма?!


Сонда да өос ұлының әр қылығы, шат-шадымнана күлкiлерi бiр сәт көз алдымнан кетпейдi. Жайшылықта елеусiз, жәй ғана нәрсе сияқты боп көрiнер жайттың бәрi жалғыздықтан елегiзiп, есiкке жалтақ-жалтақ қараған жан үшiн басқаша мәнге, мүлдем жаңа мағынаға ие болады екен-ау. Әрбiр сәттерi естен кетпес естелiк. Ұмытылып барып көз алдыма қайта оралған ғажайып суреттер менiң серiктерiм.


...Сол кеште ай шығыстан қып-қызыл болып нұрланып ерекше балқып туған. Бiрақ ызы-қиқу, көздi қарықтырған жарықтар таңғы дейiн бiр сөнбейтiн үлкен қалада ай дегенiң немене, бар болғаны көзге ерекшеленiп көрiнетiн белгiлi аспан денесi ғана. Ешкiмдi елең еткiзбейдi, жүректерге ерекше нәзiк сәуле құятын ғаайып қасиеттен жұрдай.Шiркiн мұндайда ауылда жүрсең ғой... Ақ Түнгi самалмен ақырын ғана тоқыған ақ селеулi даланы жапа-жалғыз кезiп, әлден саулап құйылған аппақ сәуле ерке қылықпен жүрегiңңдi түртiп оятып, тамшығындай уыз сәулелердi уыстап сiмiрсең шiркiн! Жанның мейiрi мен шарқатқа. iзгiлiк тоалды дейсiң бiр. Кең даланың төсiн аршындай басып, өн бойың әлдеқандай жұмбақ қуаныш пен ернеуiнен аса төгiлген шаттықа толы.


Мағынасыз тiршiлiктен iздеп босқа тыраштанудан өткен азап жоқ. Сор түртсе пенде байғұсты өзен үстiнегi сеңдей толқыннан толқын қақапақылдап, асау ағыс ойыншыққа айналдырады екен?! Айықпайтын сорға жолығарды адам шiркiн қақапанға түсуге тиiс түлкiдей тым көп сабылып жортақтап, құйрығы жер иiскемей, бiр мәурiт өзiне есеп бермей кетеiн кқрiнедi. Сор түрткен байғұс ендi қарақан қара басым жалғыздықтан жүрегiм аш қасықрдай зорлана ұлып, қауымалаған ауыр ойларға араша таланудамын.


Құр өткен күндердiң оты өлмеусiреп өшкен. Ендiгiсi ошақтағы жарқы-жылуы жоқ қоламта, жүректi, ыстын сезiмдi басқан бопыраған күл. Қапияда қолдан ұшырған, қосақана даңғойлық, тайыздық, өзiм бiлермендiк, қисық-қыңырлықтан үркiтiп лған бақытымды керi қайтарым ала алармын ба? Қайтып оралып соғар ма сол күндерiм!?


Мәнге толы әфсанадағы анасы күйiнетiн боладан өткен сормаңдаймын ғой мен деген. Уа, қалай едi өзi!...


Ерте-ерте ертеде, ешкi дүнi бөртеде. қырғауылы қызыл екен, құйрық жүнi ұзын екен... Тоқташы, қалам, длмәрсiнтiн, есiл ертегiнiң iзiне түсiп нем бар, сыздаған жүректiң жарссын жаз, сәт сайын өн-бойымды у боп жайлып бара атқан өкiнiштi айт!


Ертеде бiр бейшара кемпiр өлер адждында жақыдармен арыздасып-қоштасып жатады. құдай жалғыз ұл бергенмен, сол неменi намыссыз, ой-санасыз етiп берсе, ата-ана бейшара болмай, не болмақ?! Осы сәтте ардың-гүрдiң, әумесер ұлы сырттан «ойбайлап» жылап келiп, о дүниеге аттанғалы жатқан анасының тiзесiн құшақтай құлапты. өткен күндерiне кешiрiм сұрай жылапты. Сонда бойы тiксiнген ашулы ана әлсiз үнмен: «Ей, бейбақ, найза алып жауға бармадың, дырау қамшы алып дауға бармадың, жер айдап егiн екпедiң, құрық-ноқта ұстап малға кетпедiң, қан сасып бiр көрден шығып ең, боқ сасып бiр көрге көмерсiң. Мен сенiң неңе мақтанбақпын, мен сенiң неңдi кешiрмекпiн?» — деген екен. Әз ана баласының ынжық боп, қор боп қалып бара жатқанына соңғы демi бiткенше күйiнiп айтқан. Құдайым-ай, мұндай ауыр сөздi сүйегi шын асыл ұрпағын сүйген аналар ғана айта алады. Ана деген мейiрбан, кешiрiмдi ғана емес, шындап келгенде, аса қатал да. Беу мен де сол ардың-гүрдiң ұлдан аумаймын. Өмiрiмде не тындырдым? Не бiтiрдiм? Қол жеткiзбес қиялды қудым, сағымның соңынан сабылдым... күйде жылшып, сиқырлы мұнараға малына қарабарқынданып жатқан алыс жоталарды жаңғырта кұлсем дейсiң. Алыстан гүмп-гүмп үрген алыпсоқтардың ерiншек даусы түнгi әдемi симфонияның ерекше аккордтары. арагiдiк аулақтан шынжырлары тұсамыстан нәзiк үнмен сыңғыр етет секiрiп жайылған аттардың сұлбасы емiс-емiс қарауытады. Түнгi шексiз аспанның әр тұсынан елеусiз көрiнетiн сирек жұлдыздар да алыс ауылдардың оты әлi сөне қоймаған ошақтарындай әлсiз жылтырайды. Түнгi дала оттарында сиқыр бар. Ту алыстан әлсiз жылтырап қана көрiнген жұмбақ оттар адамды нелiктен арбайды, табан асты жаныңд жұмбақ мұңға бөлейтiнi несi, мұны ешкiм түсiндiрiп бере алмас.


Бәлiкiм, ең алғашқы адамдар, мылқау қорқыныш тұнған көзге түрткiсiз қараңғы түнде үрейлерi ұшқан, жан-жағынан жабайы жыртқыш аңдар анталаған әлсiз бейбақтар түнгi оттарға жансала ұмтлып, жандарын үрей мен үмiтсiздiк, қайғы-шер торлаған шығар-ау. Кiм бiлiптi... Жүздеген мың жылдар өткенмен адамдардың отты бiр жағынан мейрiбан дос тұртатыны бiр жағынан тiлсiз жау санайтыны сол жабайы кезiмiзден адамзат санасында ұмытылмастай жазылып қалған қорқынышты естелiктерге байланысты шығар. Оны да кiм бiлiптi?! Бәрi де күмән, жорамал ғана.


Таудың алыс аңғаларынана әрегiдiк лекiте соққан түнгi самал қаланы ерекше бiр мейiріммен аймалап, бар дененi, шашты жеңiл желпiп, күңгiрттене көрiнген зәулiм ағаштардың жапырақтарын сыбдырлата еркелеп ойнауда. Үлкен сарайдың сыртқы шамдары самалдай жарқырап тұрғанмен, маңындағы қараң-құраң кiсiлер сиреп қалыпты.


— Обуй, басталып кетiптi. Бiзсүйретiлiп жеткенше, күтiп тұрушы ма едi? — дедi Зүбәржат өкпелегендей үнмен. Қиықша көздерi ашулы отпен жым еттi. — Мыгналар да сүйретлiп болмайды ғой... Ендi кiре алсақ де.


— Қойсаңшы, балалардың жазығы не? Сәл кешiгiп көремiз, онда тұрған не бар!?


— Күйiнгенiмнен айтқаным ғой. Көп күткен концертке уақытында келiп, елмен бiрге кiрген де бiр ғанибет екен!


— Жә, концерттiң басы не, ортасы не, аяғы не бәрiбiр. Бiр тұсын көрсең, қалған бөлiгi де содан асып-тасып кете қоймайды. Белгiлi ғой...


— Әрине, саған бәрiбiр. Ешкiмдi менсiнбейсiң, жұрттың бәрi сен үшiн құр сүлде елеусiз жандар. Өйткенi, сен нағыз эгоиссiң!


— Тоқтай тұршы, Зүбәржат! Баламдардың көзiнше тым басасың деймiн...


— Қайтейiн ендi пәлен уақта сенiң аузың арақтан босап, бәрiмiз концерт көремiз дегенде... Оған де кешiгiп қалдық. Қазiр жұртты орнынан көтерiп, араларынан қысылып, — қымтырлып өтемiз.


— Ендi, айта бермекшi! — «Арақтан аузың босап» дегенi жүрегiмiздi шым еткiзген. Концертке көңiл көтеруге келдiк па десем, жүйкең дәкедей жұқаланып барады ғой, сенiң.


Ол ыңғайсыздана бiр езулей жымиып, жүзiн бұрып әкеттi. Сосын кiм бiзге бұрылып:


— Аяқтарыңды жылдам басыңдаршы. Тезiрек жетейiк те, — дедi әлгi қақтығыста уып-шайған болып.


Республика сарайының шынылы дарбазадай дәу есiгiнiң алды қыраң-құраңға толы екен. Ылғи жас балаларын жетектеген келiншектер мен әлi жас еркектер. Бәрi де қолдарындағы бiр жапырақ қағаз-билеттерiн шынылы есiктiң аузында екi қолын кең жайып, қабағын қарс жауып туға секпiл бет кеуделi келген жуантық сары қыздың бетiне тақап, жан-жақтан шуылдасуда. бетi көгiстене қызарған әлгi неме де берiсер емес. Басын шайқап, кеудесiн одан әрмен керiп, ақырғы өлiспей-берiспей шегiнбеуге ант берген жаужүрек сарбаздай тапжылмайды. өн-бойын ашу-ыза, шексiз долылық пен көкбеттiк айықпастай буын алған.


— Тоқтаңдар! — деген ащы дауысы құлақ жарғағын жарып жiберердей естiлсiн. — Бәрiң ентелемей, тоқтаңдар! Балалармен кiруге болмайды! Қазақтардың тiрлiгi осы, қайда барса да баласын шұбыртып ертiп жүрдi. Ал олар сосын шуылдап жұртқа концерт көрсетпейдi.


— Онда тұрған не бар? — дедi топтың ортасынан суырлып алға озған аң көйлектi, сұңғақ бойлы қара торы тiстенiп. — Балалар сүйiп тыңдамаған әнде қандай қасиет бар, жас балалар көрмеген концерт кiмге керек!? Бiз де, балалар да кiредi, кiруге тиiспiз...


— Жоқ, кiргiзбеймiн! Ешкiмдi де кiргiзбеймiн, — дп шәңк еттi билет тексерушi қыз. Мынаның ызғарлы ашу торлаған әрi секпiлдерi одан әрмен баттия түсiннен шошынған жас балалардың бiразы әке-шешесiнiң қолынан тартқылап, «Қайтайықшы», — деп қыңқылдай бастасын. Жалғыз көкбет адамның көптi ашуымен бейәдептiлiгiмен ығыстыратынын көрiп, таңдай бас шайқағаннмын. — Осы жерден менiң өлiгiмдi аттап өтпесеңдер. Бiрақ, сонда а өткiзбеймiн! Залдағы жұрт концерттi у-шусыз тамашалауға тиiс.


— Өй, не деп тұрсың өзi! Ол залыңа өңшең бедеу қатын, белi кеткен еркектер ғана жинлды ма? Олардың да балалары бар шығар, — дедi ақ көйлектi жiгiт сәл жымиып. Көзiнде қуақы ұшқындар жалтылдап ойнасын. — Тоқташы, өзiңнiң күйеуiң бар ма! Айтшы...


— Оны не қыласыңдар? айтпаймын, — деп одан әрi қызарақтап долыра түскен кеуделi қыз қысқа қидыған шашын желп-желп еткiзе басын шайқады. — Оның концертке еш қатысы жоқ.


— Жәй, күйеуiңе жаным ашып тұрғаны. Байғұстың төбесiне құманмен шәй қайнататын қалқам екенсiң. Долылытан жарылып өлмей қалай тірi жүресiң?!


— Шаруаң болмасын менде. Байымда жоқ, балам да жоқ. Оны қайтпекпiн? Бәрiбiр ешқайсыңды баламен кiргiзбеймiн!..


Қалың көптiң арасынан әлдебiр келiншектiң «О салдақы мыстан!» деп ашынған даусы ерiксiз қатты естiлген. Анталап тұрғандар ерiксiз жiбердi. Шарасыздық мынау есiктi керiп тұрған төмен етектi әйелдiң табан асты алынбайтын кедергi айналып, оны қалай жеңудi бiлмей тосылғандардың амалсыздық күлкiсi.


— Иә, мен мыстанмын! Кикимора! мен Горгонамын, — едi секпiл бет қыз екi иығы селкiлдеп.


Қайран Мұхаңның «Көп ит жеңе ме, көк ит жеңе ме!!» дейтiнi мынау билет тексерушiге жүрмейтiн, өтпейтiн болып шықты. Адамдар ашадылдық, зұлымдық алдында қорғансыз баладай екен.


— Жарайды, Зүбәржат, һ-дедiм мен де бұдан арғы тәжiкелесуi түк шешпейтiнiнiне көзiм бiржола жетiп, көңiлiм сенiп. —Сен өзiң концертке кiре бер. Мен, балалармен анау алаңда бiраз қыдырайын. Асықпай көре бер. Егер жалығып кетсе, балаларды үйге алып қайта беремiн...


— Шынымен сөйтесiңдер ме?! — Зүбәржат әулi iштей қуанып кеттi де, iзiнше томсырая қалды. Қап, бәрiмiз бiрге көргенде тамаша болатын едi. Бүйтетiндерiн, табан асты балаларды кiргiзбей қоятынын кiм бiлген? Бұрын келген кiсiлердiң бәрiн кiргiзе берушi едi ғой. Оңбағандар заңдарын күнде өзгерте ме, немене?!


— Жарайды, бара берсей. Ендi мұндай концертке бабалар есейгенде келемiз де...


Зүбәржат артына жалтақ-жалтақ қарап, шынылы есiктiң арғы жағына өтiп барады. Арықша иығын қайта-қайта қомдап, бiздiң есiк алдында иiрiлiп қалғанымызды өзiн кiнәлi сезiнгендей ыңғайсыздана күлiмсiрейдi. Топтың арасынан осылай бiртiндеп бiразы оның соңынан iлестi. Бәрi де арттарына жалтақ-жалтақ қарап, көзздерiне шарасыздықтың жасы мөлтiлдеп тұна күлiмсiрейдi.


Құдай-ау, кiшкентай сәбиiң болғандықтан жәй ғана концерттiң өзiне бас сұға алмайтын қандай бейбақ заман?! Ылғи қаракөз қазақтарды сол қазақтардың жиынына жолатпайтын сұмдық заң, қатал ереженi кiм, қандай қара жүрек ойлап шығарған десеңшi. Тағы да қазақтарды бiр кемсiтiп қалудың амалы, екiншi сортты екенiңдi ишаралап, тұспалдап ұқтыру...


Терең күрсiндiм де, екi ұлымның қолынан жетектеп, аппақ сәулеге малынған алаңның ортасына қарай аяңдадым. Кең алаңның арғы шетiнде маңына шаршылап тас тақта төселген ұлы Абайдың ескерткiшi.


Самаладай жарқыраған шам сәулелерiмен күндiзгiден де зорайып, ерекше мұңлы әрi ойлы қалыпта әнтек алға қарай ұмсынған ұлы бейне. Ақынның ескерткiшiне тап келгенiмiзде мойнын соза аспандай қараған Арман:


— Мәссаған! Мына кiсiнiң дәуiн-ай, — дедi iшегiн тарта таңқалып. — Жерге түссе Джеки Чанды да, Ван Даммды да бiр- ақ қолымен быт- шытын шығаратын шығар.


— Ақымақсың ғой, — деп жақында ғана түскен тiсiн алақанымен көлегейлей шиқылдап күлдi Санат. — Ол жерге түспейтiн ескерткiш қой. Өзiң ойлашы, ескерткiштiң бәрi жерге түсiп жүрiп кетсе қайда барады? Олар осылай бiз үлкейгенше тұра бередi емес пе, көке? Солай ғой...


— Иә, ескерткiштер жүрмейдi, — дедiм табан асты абдырап әрi тосылып. Шынында да, әлемдегi, тiптi, осы өзiмiздiң Алматыдағы ескерткiштер тас тұғырларын жайына тастап, жер бетiмен жүрiп кетсе тiрi адамдар қайтер екен?! Тырағайлап жан-жаққа безiп кете ме, әлде тiрiлiп келген туысқанын көргендей тас ескерткiштердi қуана құшақтай ма? Сiрә, тiрiлiп кеткен мүсiндi тас-талқан еткенше тыным таппас. — Абай аталарың тiрiлiп кетсе, Джеки Чан мен Ван Дамм ғана емес, жер басып жүрген талайымыздың быт-шытымызды шығарар едi.


— Көке, — дедi тағы да Санат әлi де алып мүсiннен көзiн айырмаған қалпы. -Ескерткiштi кiмге, не үшын қояды?


— Ендi ... ескерткiштi... — Аузыма қапелiмде сөз түспей қалсын. - Оны ендi өте жақсы адамдарға қояды ғой. Елге еңбегi сiңген адамдарға.


— Айтшы, көке, кейiн сiзге де осындай ескерткiш қоя ма? - деп сұрады Арман менiң бетiме қарап.


— ?! ..


Кiшкентай ұлымның сұрағын естiмегендей үн-түнсiз терiс айналып, жылдамдата жан қалтамнан суырған сары тiс темекiнi тұтатқансып тұрып қалдым. Маңдайымнан шып-шып шыққан тердi сүртуге де ыңғайсызданамын. «Ескерткiш қоятындай қай еңбегiм бар?!» Кенет Санат:


Тү- у, тiптен ақымақ екенсiң ғой, — дедi Арманның иығынан жұлқып қап. — Мұндай ескерткiштердi тек өлген адамдарға қояды емес пе?! Ал бiздiң көкемiз тiрi ғой... Ол ешқашан өлмейдi, бiлдiң бе?


Өн- бойымды суық тер жапсын. Баламның тiлегi түсiнiктi, жер бетiндегi әрбiр бала әкесiнiң тiрi болғанын қалайтыны заңды. Бiрақ, мынау өмiрде iздегенiн таба алмай, сүйретiлiп қана жүрген мен шынымен тiрiмiн бе?! Шын тiрiлер өмiрде қандай болады, а!?


Жүрегiм табаныма түсiп кеткен сиқтанды.


— Балаларыңыз қиын сұрақтармен тұйыққа тiредi ме? — Әлгiндегi ақ көйлектi жiгiт тетелес ұл мен қызын қолдарынан жетектеп, қасымызға тап келгенiн аңдамай да қалыппын. — Менiң балаларым да сөйтедi, — деп жылы жымиды. — Қазiр кiшкентай балалардың сұрағына жауап бергеннен қиын ештеңе жоқ. Қиналғаннан қара терге түсiп, қипақтауға, кейде жалтаруға мәжбүр боласың- ай. Өткенде ұлым «Адамды бомба тез өлтiре ме, пистолет пе?» деп сұрағаны. Ал жауап берiп көр...


— Иә, — дедiм көбiне ұлдарымның сансыз сауалдарына жауап таппай өзiмнiң де жандалбасалайтыным ойыма оралып. — Бәрi де шетiнен акселерад па, әйтеуiр адам ойына кiрiп- шықпайтын сұрақтарды төпелейдi ғой. Бәрi де жер-жаһандағы сұмдықтарды жинап- терiп көрсететiн қазiргi теледидардың кесiрi. Қай- қайдағыны көрiп алып, қиын сұрақтарды жаудыратындары рас, жiлiктеп түсiндiрмесең, сырғытпаларыңа еш қанағаттанбайды да.


— Әнi, бүгiнгi әкелердiң азабын бұрынғылар бастан кешпедi-ау. Айтпақшы, сiздiң әйелiңiз де концертке бiр өзi кiрген болды ғой. Сiз де балалармен қыдырып, уақыт өткiзiп жүрген шығарсыз?


— Иә, бұл заманда еркек болу, әке болудан қиын ештеңе жоқ, — деп күлдiм ашық-жарқын жiгiттiң жорамалын құптап. — Келiншектер көңiлдi концерт, ер- азаматтар азап көредi. Бәрi де бүгiнгi заманның заңдылығы.


— Әтеңенәлет, — дедi бейтаныс жiгiт табан асты түтiгiп. — Балалармен концертке кiргiзбейтiнi қорлық екен. Баяғыда ауылда тар клубқа кәрi- жас, бала- шаға демей тайлы-таяғымызбен жапатармағай барып, жабыла көрушi ек... Әдемi әсер алатынбыз. Қалада осындай қисынсыз тәртiп енгiзiптi қасақана.


— Дұрыс та шығар. Көңiл көтеруге келгендердiң мазасын алмасын дейдi да. Демалсын, еркiн тынықсын дегендерi ғой.


— Қойыңызшы, балалардың көңiлдi күлкiсiнен солардың сыңғырлаған дауыстарынан артық қазаққа қандай демалыс болады дейсiз. Әшейiн, орыстардан үйренген орынсыз әдеттерiмiз, - дедi ақ көйлектi жiгiт одан әрмен қызбаланып. — Нағыз оңбағандық! Оларға немене, көбi баяғыдан қалаларда тұрады, балаларын қалдырып кететiн кемпiр- шалдары қастарында. Ал бiз ... солардың титiмдей құжыраларын таласып- тармасып пәтерге жалдап жүрген бейшара қазақтар қайтпекшi?! Титiмдей балаларын кiмген сенiп қалдырсын, а!? Жөнсiз әдеттi тез жұқтырамыз, бiз. Кiм көрiнгеннiң айтағына ерiп, солардың салттарын қабылдауға тым құмармыз. Ұшқалақ емеспiз бе!?


Иығымды көтердiм. Бүгiнгi кеште мен жауап таба алмайтын қиын сұрақтардың қаптауын- ай.


Мен қайдан бiлейiн, ехе-һе! ..


— Уай, тоқтай қалыңыз, - дедi бейтаныс жiгiт бiлегiмнен шошына ұстай алып. — Балалар су бұрқақ жаққа жүгiрiп кетiптi ғой. Бiреу-мiреуi суға кетiп жүрмесiн...


Бiз бiрер ауыз тiл қатысқанымызша балалар тез-ақ тiл табысып үлгерген сыңайлы. Бiрiн-бiрi қуалап, жан-жағынан төгiлген шам сәулелерiмен сан алуан түске боялғандай болып атқылаған бұрқақтың маңына барып та үлгерiптi көздi ашып-жұмғанша. Шiркiн-ай, адамның жүрегi ең таза, ашық кезi осы шақ-балалық күндерi ғой. Бiрiн- бiрi жатырқауды, бөтенсiп сыртқа тебудi бiлмейтiнi содан. Ал бiр ерке баланың тынжысының өзi талайды әбiгерге салар, iштерiн тынжы тескен төрт баланың басы қосылса... ай асты, аспан асты ызы-қиқуға айналады да. Ал бұрқақтың маңайына жиналған жас балалар қарақұрым. Көбi әлгiнде концертке кiре алмай, тауаны шағылған өңшең қарадомалақтар. Құлақ жарған шуылдары түнгi қалаға күмiс нұрын төккен дөңгеленген жарық айдың қытығын келтiрiп, маңайды думанға малып тұр. Түрлi-түстi шамдардың сәулесiне шағылып, қызық, көк, жасыл, күлгiн ... күмiс түстес болып атқылаған су тамшыларына сүйсiне қарап, түнгi бұрқақты айнала қуаласпақ ойнауға кiрiсiптi көбi: Соңынан қуған Арманға жеткiзбей, құлдыраңдап безiп келе жатқан Санат қасымыздан зуылдап өте берiп:


— Көке, көке, қарашы, менiң шашыма қараңызшы... Желбiрейдi, — деп алдан соққан желдiң екпiнiмен желпiлдеген шашын сипалап, сықылықтай күлдi. Оның соңынан томпаңдап келе жатқан Арман жыларман күйде тамағына өксiк тығылып:


— Көке, Санатқа айтшы, тоқтасын да. Бетiме су шашты да, ендi өзiне шаштырмай қашып жүр. Оны ұстап берiңiзшi, көке! — дедi кiжiнiп.


— Балам-ау, мен ұстап берсем ол қатты өкпелейдi ғой, — деп күлдiм қолымдағы темекiмдi тастайтын қоқыс салғыш жәшiкке беттей берiп. Сыртына «Парижге барғым келедi» деп жазылған әудем жердегi темiр жәшiктiң маңында да екi-үш адам қараңдайды. Түнгi қаладағы осындай жәшiктерден тамақ терген үйсiз-күйсiз бейшаралар сияқты. «Бұндай байғұстарды қала ортасынан, жас балалар ойнайтын жерден аулаққа әкетсе қайтедi?! Жаппай ауру, iндет таратып жүрмесiн...» деген жиренiшке толы ой санамды найзағайдай осып өткен. Бiрақ, аумалы-төкпелi тағдырдың ауыр азабын тартып жүрген сормаңдайларды жазғыра да алмадым. - Өзiң қуалап ұстап алсайшы.


— Ұстатпайды ғой ол. Үлкендiгiн пайдаланады... Санат тоқта деймiн, — деп айқайлады ендi Арман су бұрқаққа қарай беттеп. — Тоқта деймiн, мен тиiспеймiн саған. Су да шашпаймын! - Кiшi ұлым сыры өзiне ғана мәлiм кiшкентай қулығына басуды ойлаған сияқты. — Тек тоқтасаң болды...


— Алдайсың ғой, — деп сыңғырлай сықылықтап күлген Санат тоқтамастан тағы да бұрқақты айналып жүгiре бастаған. — Қусың, ә, аямай бетiме су шашайын деп тұрсың ғой.


— Тоқтасайшы қорқақ, — дедi Арман ендi шындап жыламсырап. — Сен су шашқанда, немене, мен саған шашпаймын ба?! Тоқта деймiн, қашпа! Шын қазақ болсаң, қашпа, қорқақ!


Әлгiден әудем жерде ұлы мен қызын ойнатып, сәл бөлектенiп кеткен әлгi ақ көйлектi жiгiт балаларын таңқалдыра қарқылдап күлсiн. Көзiнiң алдын қолымның сыртымен сүрткен күйi берi таман сәл жақындап:


— Тетелестер ғой, ә, аға?! — дедi даусына мейiрiм, әлдеқандай iзет, кiшiлiк тұнып. — Әжем марқұм «Тетелес тентектердi тәрбиелегеннен, бiр отар қой баққан жеңiл», деушi едi. Бiз де ағам екеумiз үпiрлi-шүпiрлi, тетелес боп өскен екi ұл ек. Сiрә, сонда талай-талай тентектiк жасаған шығармыз бiз де... Сосын айтқаны болар, деймiн.


— Тоқтасайшы, қорқақ! — деп ащы дауыспен айқайлады Арман ағасына қуып жетуден бiржола күдерiн үзiп. — Санат десе, сен қазақ емессiң! Көкем «қазақ қорқақ болмауы керек, ештеңеден қашпауы тиiс» дейдi ғой. Ал сен қорқақ қашасың кеп...


Санат бұрқақ түбiнде кiлт тоқтай қалды. Әлдебiр iшкi ыза, түснiксiз толқудан өн-бойының әлсiз дiрiлдегенi байқалса да орнынан тапжылар емес. Төзiмдiлiк, әлдеқандай намысқойлықпен Арманды тосып, қимылдамай тұр. Асықпай жанына таяп келген Арман бұрқақ шетiнен кiшкене алақанымен су iлiп алып, үстiне шашқанда да селт еткен жоқ.


Жүрегiм уiлжiп, майдай ерiп барады. «Құдайым-ау, осы қос құлыншағымды менен көрi бақытты ете гөр! Аман-есен ержетәп, айтулы азаматтар болсын!» — деп күбiрледiм iштей езiлiп тұрып. Қасиеттi мiнәжаттай қайталадым үстi-үстiне.


— Тпә-тпә, тiл-көзiм тасқа! — дедi әлгi бейтаныс жiгiт те әлдеқандай толқыған үнмен. — Ұлдарыңыздың намысқойын-ай! «Қазақ қашпайды» дегенге кiлт тоқтағанын қараңызшы. Бұны өзiнiң бойына шақ әрi үлкен ерлiк-ау. Кiшiңiз де өжет екен!.. Айтқанын iстерiп, дегенiн орындады ғой, түптiң-түбiнде.


— Ә-ә, көбiне жанжалды өзi бастап, сосын өш алуға жаны құмар, — деп жымидым екi ұлымнан көз айырмай тұрып. Санаттың тағы да бұрқақтан су алуға еңкейе бергенiн назарым шалған бетте:


— Әй, Санат, сен үлкенсiң ғой. Ендi бiр-бiрiңмен татуласып ойнасаңдаршы керiсе бермей. Концертке келдiңдер емес пе, өздерiң ән айтыңдар ендеше, — дедiм бұрқаққа жақындай түсiп. — Онсыз да үстi-бастарың малмандай болыпты ғой.


Санатқа су шашқалы берi оның қасында үнсiз тұрып қалған. Арман әуелi ұлы Абайдың қаракөлеңкеде одан әрмен биiктей әрi сұстана түскен ескерткiшiне, содан соң дөңгеленген айға жалтақ-жалтақ қарап алып, кенет... жiңiшке дауыспен ән шырқай жөнелдi шырылдап. Оң қолын жүрек тұсына қойып, толқи тұрып, берiле шырқады, құлыншағым менiң! Әлi қатаймаған даусы... құлақ жарғандай. Ал сәулесi әлсiрей бастаған шамдардың жарығымен көмескiлеу иiлiп атылған бұрқақ суы да доғалана азайып барады. Биiк ернеу қоршаған бұрқақтың бiр қапталы мүлдем бетi жыбырламайды, тыншу тауыпты. Тек таудан соққан ерке самал су бетiн сәл ғана дiр еткiзiп, жылдам жүгiрiп өткен ұсақ толқын су бетiн қозғап, дiрiл қақтырып ойнағанын үдеткен сияқты.


«... Менiң елiм, менiң елiм,


Гүлiң болып егiлемiн,


Жырың болып төгелемiн, елiм,


Туған жерiм менiң, Қазақстаным!..»


Бұрқақ басында ойнап жүрген бiрөңкей қарадомалақтардың барлығы бiр сәтке ойындарын доғарып, еңселерiн көтере, қолдарын жүрек тұсына қойды да, ерекше бiр рух, балалық асқақтықпен осынау ұлы әндi шарықтата жөнелсiн.


«...Кең екен жер деген,


Жерге дән шықты ғой.


Намысын бермеген,


Қазағым мықты ғой».


Мына кiшкентай балалардың ешқайсысы әншi емес, бiрақ ешбiр әншi осылардай берiлiп, шын жүректен ән айтып көрген жоқ ешқашан. Айта да алмайды... Ай сәулесiнiң астында, түнгi қаланың аспанын тiлген кiшкентай балалардың дауысы сол күнi әлгi алаңда сәбилерiн ойнатқан кiсiлердiң жүрегiнде мәңгi жазылып қалғаны кәмiл. Оыс кездейсоқ концерттi көргендер, куә болңандар бақытты!..»


Бұдан кейiнгi екi-үш парақ қағаз балалардың — Санаттың бiрнеше сөйлем жазылған хаты мен Арманның айтқандары болып шықты.


Күйеуiнiң көңiлi бiржола суынып, тағдырдың салымына көнсiн дегенi ме, Зүбәржат барлық жай-жапсарды әйелге, жесiр келiншектерге тән қатыгез аяусыздықпен бiрiн де қалдырмай жазған екен. Неткен дәтi берiк, жүрегi тастан жаралғандай едi, Зүбәржат!? Құдайым-ау, жолынан адасқан Жұман бейшараның кемшiлiгi, қателiгi шашынан асар. Сөйтсе де, бiреудi әу баста шын сүйген адам оның барлық арман-қиялдарын, бойындағы жақсы қасиеттерiн, сонымен қатар барша кемшiлiктерiн де қоса сүюге тиiс емес пе? Олай болмаса, тiршiлiктiң бар ызғарына төтеп беруге жарайтын төзiмдiлiк пен шыдамдылық қоса жүрмейтiн махаббаттың, берiк емес сүйiспеншiлiктiң несi сән!? Кiм бiлсiн, бәрi де әйел жүрегiнiң құпиясы ғой. Бiрақ, бiрақ, сол нәзiк келiншектер көңiлi қалса қатал, қара тас боп кететiнi қалай? Сiрә, далалық данагөй аталарымыз «Атыңа сенбе — түгi бар, қатыныңа сенбе Э жiгi бар деп төмен етектi атаулыдан бекерден-бекер безiнбеген-ау. Ол аздай «Бұзылған қатын бұралқы итпен тең» деп және үстемелеген, ә!? Қой, ойбай, осы жерден тоқтайын, бұлай тереңдей, жалғастыра берсем өз келiншегiм төбеме ыстық су қайнатып жүрер...


Санаттың хаты


«Сабағым жақсы, көке, «Бәрi» «бес!» Өткенде маманың туған күнiнде неге келмедiң, көке?! Бiз, Арман екеумiз сенi әбден күттiк. Қайта-қайта тас жолға қарадық. Жол созылып жатыр, ал көкемiз жоқ.


Сағындым! Сағындым!.. Сағындым ғой мен сенi, көке! Арман да әбден сағынды. Келшi, тезiрек! Келшi, жарай ма? Айналайын, көкетай, менi алып кетшi қасыңа. Әкетшi менi. Арманды да қоса ала кет.


Арман «мен айтайыншы, көкеме мен де айтайыншы» деп қыңқылдап отыр қасымда. «Қой» десем қоймайды. Айтсын, иә, көке. Мен оған ылғи жазу үйретiп жүрмiн, көкге хатты өзiң жазатын бол деймiн. Үйренгiсi келедi, бiрақ түк те үйрене алмайды, түк үйрене алмайды. Бiлмеймiн, миы жоқ па өзiнiң. Оған ендi мамам жазып бередi ғой. Менiң қолым қатты шаршап, талып кеттi, көке! Сағындым ғой, көкетайым менiң!..»


Құдайым-ау, осы сәтте көз алдыма кiшкентай Санатымның бұлдыр бейнесi келдi маңдайын жиырып, қызыл тiлiн бiр жағына шығара толғанып хат жазып отырған. Нәзiк саусақтары сынып кетердей майысып, қаршадай күнiнде сағынышқа толы ыстық сәлем жолдаған Санатым менiң!..


Жүрегiм жанға бата ауырта сыздап, алыстағы бейкүнә сәбиiмнiң сартап сағынышы iшi-бауырымды аяусыз өртеп бара жатыр. Көр кеудеме ауа, бiр жұтым дем жетер емес. Тiлiнiп түскен жүрегiм ащы тұзға аунатқандай ашиды.


Оңашада талай зар қақтырып, бебеулеткен қиналыс пен көкiректе шемен боп қатқан ащы шерден ышқына ыңырсыған даусымның ерiксiз шығып кеткенiн сезбей де қалдым мен зарлық. Құлаққа ұрғандай қаралы тар бөлме гөй-гөй ыңырсуға, ащы шердiң амалсыз өксiгiне толып, күңiренiп кеткен. Ұлымның әлсiз қолдарымен айбақ-сайбақ етiп жазған бiр жапырақ хатын сүйе бердiм, үстi-үстiне сүйе бердiм...


Мен бұдан былай бауыр етi балаларымның жұмсақ маңдайы мен томпақ беттерiнен ешқашан сүю жазбаған, тек осындай хаттарын ғана бауырыма басып өтетiн бейбақпын. Оларды көре алмайтын, көру маңдайыма жазбаған мүсәпiрмiн, мен! О, Құдай, қай қылған қысастығың, әлсiз менi салған талқың едi бұл?!


Арманның айтқаны


«Көке, әнеукүнi, анада деймiн, бiздiң үйге бөтен бiр кiсi келдi». (Осы тұста Зүбәржат толқып, сенiмсiз екiұдай күй кешкен бе, әйтеуiр маржандай жазулары қатарын бұза ақ парақтың сызықтарынан бұралаңдай шығып, қисайып кеткен көрiндi. Дегенмен, ақырына дейiн бiрiн қалдырмай жазуға бел буғаны байқалып тұр. Әрi-сәрi күйiн жеңiп, бойындағы бар қаталдықты уысына жиғаны аңғарылған. «О, әйелдер, әйелдер-ай, неткен қатыгез, аяусыз едiңдер, сендер!?» Тiптi танымайтын кiсi өзi. Ол бастық шығар: дәу-дәу гүлi бар қызыл галстук тағып алыпты мойнына шiкiрейтiп. Тiптен, жалтылдаған алтын тiстерi де бар. Аузын бақадай ашып, қарқылдап күлгенде көрдiм: аузы тола алтын екен. Мамам, Санат, әлгi кiсi бәрiмiз шәй iштiк. Дәу дипломатын сарт еткiзiп ашқан соң iшiнен жалтырақ қағазға оралған бөтелке суырып ап, үстелдiң үстiне абайлап қойды да, мамам екеуiнiң ыдысына бөлiп құйды. Өзiнше болып, «Сендерге осы нағыз болады деп Санат екеумiзге лимонад құйып бердi де, сосын орнынан түрекелiп: «Қымбатты да сүйiктi Зүбәржат (мамама қарап, алтын тiстерiн көрсетiп күлдi ыржыңдап), сенi туған күн тойыңмен шын жүректен құттықтаймын! Үш ұйқтасам түсiме кiрмегенде, ойда жоқта сенi жолықтырған жомарт тағдырыма мың да бiр рахмет», — дедi сызылып сөйлеп. Ыздиып қалыпты, крутой құсап. Сосын өзi қолындағы арағын iшiп салды, мамам да кiшкене кiштi, титiмдей ғана ауыз тидi. Мен ештеңе iшпей қойдым. Керегi жоқ оның лимонадының маған. Ешкiмнiң де лимонады керек емес. Сосын әлгi бөтен адам тағы да орнынан қайтадан ұшып тұрып: «Iшсеңшi, Зүбәржат! Өтiнемiн, осыны ғана тауысып iшiп қойшы», — деп жалынды қайта-қайта. Мамамның қарсы болып бас шайқағанына қараған да жоқ. Аяғында әдемi қоңыр топылиi, қып-қызыл нәскиi бар екен. Өзiнше орындыққа шалқайып отырғанда көрдiм ғой, мен. Санат төмен қарап, қозғалмастан отырып-отырып, сосын стакандағы толы лимонадын әлгi бөтен кiсiнiң аяғына әдейiлеп төге салды. Менiң күлкiм келдi. Ол болса шалбарының балағын қаққылап: «Өй, әкеңнiң аузын... Топас неме-ай, мұның не сенiң, әдейiлеп төккенiң қалай?» деп қатты ашуланды. Неге екенiн мен бiлмеймiн ғой, бiрақ ұялғанынан қып-қызыл болып кеткен мамам Санатты шапалақпен бетiнен бiр тартты. Аямай, сондай қатты ұрды. Санат тiптен орындықтан құлап қала жаздады деймiн, көке, сөйтсе де ол мықты ғой, бәрiбiр жылаған жоқ. Үлкен жiгiт болған соң жыламады ғой. Түк жыламай қойды, көке. Үндеген де жоқ. Тек төмен қараған күйi екi көзiнен домалақ-домалақ жас тоқтамай аға бердi, аға бердi. Ал менiң жылағым келiп кеттi, көке! Сосын үйдегi газдың түбiне барып, бар даусыммен бақырып-бақырып жыладым, көке! Сосын әлгi адам ашуланып кетiп қалды үйден. Ол кеткен соң мамам Санат екеумiздi бауырына қатты қысып алып, өксiп-өксiп жылады, көке. «Кiнәсiз балаларыма да қолым тидiэау, ақыры» деп дауыс сап жылады, көке! «Құлыным, кешiршi, кешiрiңдершi мен салдақыны!» деп жылады, көке, мойнымыздан тас қып құшақтап. Мен де қосылып тағы да тоқтамай жыладым. Ал өзiмiздiң Санат бәрiмiзден мықты екен, еш жылаған жоқ, түк үндемедi де, тек үңiрейiп кеткен көздерiнен домалақ-домалақ жас аға бердi, аға бердi...


Кейiн мамам бiзге кең етiп төсек салып бердi. Өзi де төсегiне сырт киiмiмен жатты, көке. Бiрақ түк ұйықтаған жоқ-ау деймiн. Тек көрпесiн бүркенiп алып, жылай бердi, жылай бердi. Санат та көрпенi басына бүркенiп, өксiп-өксiп жатты. Бiр түрлi қатты қорқып, зәрем қалмай кеттi, көке, сосын оның мойнынан құшақтап, қатты-е құшақтап жаттым. Менiң де көзiмнен жас өз-өзiнен тоқтамай аға бердi, аға бердi, тiптi, мәйкiмнiң бәрi шылқылдаған су болып қапты, көке! Бiлмеймiн, адамның көз жасы таусылмайды екен ғой, келе бередi тоқтамай, келе бередi.


Туған күн тойында өстiп жылай бере ме, көке? Сен бiрге болғанда бiз бүйтiп жыламаушы едiк қой, иә. Қуанып, бәрiмiз шаттанатын едiк, магнитофонға қосылып билейтiнбiз. Мамам екеуiң қосылып ән айтатын едiңдер. Сен бәрiмiзге әйбат тақпақ оқып берушi едiң. Ал бүгiн бiз неге жылай бердiк, а?! Мамамның туған күнiне неге келмедiң, көке, неге ғана келмедiң?


Бiз сенi сағындық, көке... Санат екеумiз де жүдә қатты сағындық. Күтiп жүрмiз, ылғи күтiп жүрмiз өзiң келедi деп. Сен бiзге қашан келесiң, көке!? Жай ғана хат келедi, тек хат келедi, ал өзiң жоқсың. Санат екеумiз келген хаттардың бәрiн мұқияттап жинап жүрмiз. Бiреуiн де жыртқан жоқпыз, далаға да тастаған емеспiз. Бәрi де Санаттың төсегiнiң астына тығулы жатыр. Ешкiмге де бермеймiз ол хаттарды. Мамам сенi алыста-а жүр дейдi. Бастықтары өте қатал, ашулы, бiзге жiбермейдi дейдi. Ал Санат оған сенбей жүр, көке. Жақсылып, әбден жалынып сұрансаң жiберетiн шығар, иә, көке! Осы хатымызды алған соң сұраншы бастығыңыздан. Санат пен Арман алыста сағынып жүр екен деп айтшы оған. Қалаға қайтқысы келедi екен дешi. Мен қазiр сағыздың көп-көп фантигiн жинап жүрмiн, әдемi фантиктер. Көршiлердiң балаларына да фантиктерiңдi тастамаңдар, маған әкеп берiңдер дедiм, көке. Соларымның бәрiн бастығыңызға берейiн. Тек өзiңдi бiзге бiр рет жiберсiншi. Келшi, көкетайым менiң, тез-тез келшi...»


Умаждалған жастығымды үнсiз құшақтап, ұзақ жаттым. Зiл тартқан басымды көтергiм келмейдi.


Тамағым удай ашысын. Ал алағай да бұлағай кеудем де запыранға, ащы өксiкке толы. Тамағыма оттай ыстық түйiн тiрелiп, жұтына да алар емеспiн. «Бәрiне де мен, тек қана өзiм кiнәлiмiн. Ол ауыр күнәмдi ендi ештеңемен де жуып кетiре алмаймын. Кешiрiңдер менi, кеше гөрiңдер, қос құлыншағым! Мен үшiн мына өмiрде, жалған дүниеде не мән-мағына қалды? Бұдан былайғы бос, қу медиен айдаладағы жалғыз ағаштай, бұтақсыз дарақ сынды итшiлеген тiршiлiктiң не қажетi бар?.. Мен кiмге керекпiн, сендер болмасаңдар, құлындарым!?»


Долы мiнез, шайпау әйелдей басымды қос қолыммен аямай тоқпақтап, уыстап шашымды жұлдым. Iштегi өрт, қорланғанымды бiлгеннен туған ащы өкiнiш, дауысы жоқ қызғаныш, жүректегi қанды жара жазылмайды ендi. Абайсызда күшәла жеген қаңғыбас иттей ұлып, қыстығып жыладым ағыл-тегiл. Ештеңе де көмектесер, зiлдей шер-шеменiм сейiлер емес. Күйген көкiректегi заһар-запыранды қайтiп басармын, ей, қатыгез тағдыр!? Жүрегiм күйген терiдей қап-қара жидiп, күл боп жанды, бiр шөкiм күл ғана қалды кеудемде. Жүрегi қайғы-қасiреттен жанып кеткен бадбақыт пенделер жер басып қалай жүрмекшi, ей, Жаратқан?! Ей, соншалық қатыгез, аяушылықты бiлмейтiн Құдай, ышқынған, сорға тұнған даусым керең құлағыңа жеттi ме, жетпедi ме?! Айтшы маған соны...


Ине жұтқандай iлмиiп, орнымнан әрең созалаңдап түрегелдiм де, көптен жиналмай, ыбырсып жатқан ауызғы бөлмеге беттедiм тәлтiректей басып. Қалт-құлт ете сүйретiлiп жүргенiм болмаса, едендi сезiнер емеспiн. Iшiп тауысқан шарап бөтелкелерi пырдай боп сулап жатыр әр жерде. Аяғым тиiп кетсе дөңгелей жөнелiп, бiр-бiрiне соғылады шылдырлап. Талайдан желдетiлiп, тазартылмаған бөлмеде арақтың, күлiмсi темекi, мен ащы тердiң қолаңса иiсi тұнып қалған. Жирене лоқсыдым. Соңғы ақтық шешiмiмнен менi ендi ешкiм де, ештеңе де қайтара алмайды. Шешiмiмдi өзгертпеймiн. Қайтуға қақым жоқ.


Ең соңғы ауыр әрi абзал борышымды адал атқаруға тиiспiн ғой. Балаларының алдындағы парызын адал, мейлiнше жауапкершiлiкпен атқара бiлмеген пақыр өзiнiң әдiл әрi қатал арының алдындағы қасиеттi борышын ақтық рет және орынды атқарудан қашпауға тиiс!.. Иә-иә, табанының бүрi жоқ, намысы қорланған жандар өзгелердiң көзiне күйiк, өсiп келе жатқан еш кiнәсiз балаларының бетiне қаралы таңба болып басылмағаны, қасиеттi жердiң бетiн тапталмағаны дұрыс. Жарық дүние, жер бетiнен өз орнын таппаған бейшара тездетiп бақилық дүниемен қауышқаны жөн.


Тоқта, қос құлыншағым, менiң қос қанатым ше?! Өзгелердiң бәрi бұл күнi безiнсе де, олар, менi жанындай жақсы көретiн қос құлыным қимайды ғой. Тоқташы, қалай болғанда да мен оларды бiр көруiм, ақтық рет маңдайлары мен беттерiнен сүюiм керек қой... Аялда, Жұман! Ауыр борышыңды атқаруды сәл кейiнге шегеруге тиiссiң. Өлiмнен, әр адамға ертелi-кеш келетiн ақиқат ажалдан қашқаным емес, мейлi, аяусыз өлiм келе берсiн, кiдiрмей есiгiмдi қақсын, бiрақ соңғы рет Санат пен Арманды көоуге тиiспiн. Сосын ... сосынғысын көре жатармын тағы да. Бiрақ, қалайда оларды бiр рет көруiм керек.


Алыс көкжиек елең-алаңдағы жұмсақ, нәзiк сәуленi құшты. Шығыстан таң құланиектенiп, аспан мен жердiң астасқан шебiнде бозалаң бiртiндеп қоюланып келедi. Айнала әлдебiр жұмсақ нұр, таңғы сәуленiң бояуымен әсте-әсте айқындана көрiнiп, түнi бойы дүниенi тұмшалаған қапас қараңғылық ақырындап сейiлiп бара жатқан ғажайып сәт. Қаракөлеңке атаулы күн батысқа қарай елеусiз ғана сырылып, түннiң етегi түрiлiп келе жатыр. Тек биiк ағаштардың түбiнде қою көлеңке ұйлығысып, тал-теректердiң бұжыр дiңдерi қараң-құраң көрiнгенмен, ағаштардың әлi таңғы самал ырқына берiлiп, сапырылысқан қозғалысқа түсе қоймаған, қимылсыз ғана қалқыған бұлттарға қарай созылған биiк ұшарлығы таң нұрына малынып, ашық жасыл түспен менмұндалай бастасын.


Оң жақ қапталда дөңгеленiп қалып бара жатқан тегiстiк те алып кеудесiн кере кең тыныстап, таңғы жарықпен шексiздене түскен секiлденген.


Таң атып келедi! Менiң алыс жолға аттанғандағы алғашқы таңым! Зүбәржаттың аулында менi не күтiп тұр, олар... әсiресе, балаларым қалай қарсы алмақ?! Тiптi, олар менiң осылай ойда-жоқта келе жатқанымды бiлмейдi де ғой... Үш ұйқтаса түстерiне кiре қоймас. Е-е, Зүбәржаттың үй-iшiндегiлер менi кiсiмiсiң десе жақсы-ау. Қайда-ан, кiсi өлтiрген қарақшыны, ауыр қылмыскердi көргеннен әрi шошынар. Томсыраяр! Қазақ белгiлi ғой, кешегi сыйлап, құрақ ұшқан адамын бiр айналымнан соң-ақ етi мүжiлген сүйектей күресiнге лақтыруға құмбыл. Еһе-хе, бара көремiн де... Бiле бiлсе, мен оларға емес, балаларыма керекпiн, соларды көруге келе жатырмын. Ал қалған қарақұрым адамдардың маған, менiң өмiрiме еш қатысы жоқ. Зүбәржат екеумiздiң тағдырымзға мұрын тыққысы, арамызға түскiсi келетiндер... мейлi, құдайым алдарынан жарылқасын, адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ!


Қапас қаланың сасық ауасы, қатал, қытымыр мiнезi мен әдеттерi әбден еңсемдi езiп, өзiм де ерiктi тұтқынға айналып кеткенiмдi ендi ғана сезiнiп келе жатқандаймын. Жалдап алған жеңiл машина алыс оңтүстiктегi қаланы бекте алып, жер танабын қуыра түскен сайын бойым жеңiлденiп, iштей рухтана түстiм. Кеудемдi әлдеқандай жеңiлдiк, сергектiк әлдилеп, қаумалаған сансыз ауыр ойлардан арыла да бастаған секiлдiмiн. Әйтеуiр, бойым бұған дейiн болып көрмегендей қунақ. Ғаламда осынау шетсiз-шексiз, қиырына көз жеткiзбейтiн сайын еркiндiкке толы кеңiстiк және көкiрегi мұң мен налаға толы бейшара пенде — мен ғана бармын. Бiрақ, осынау ұлан-ғайыр дала талайдан берi дауасыз дертке шалдыққан iштей арпалыс, қиналыстар мен өкiнiштерден арыла алмай жүрген балапанын — өзiмдi емдеп жазарына нық сенемiн. Ұлы Даладан асқан емшi жоқ әлемде! Жан жарасын жазатын жалғыз сол ғана.


Таңғы шуақ көңiлiмдi сергiтiп, бойымды осыған дейiн болып көрмеген, болса мен көптен берi жадымнан шығарып, бiржола ұмытқан ғажайып еркiндiк, үлпiлдек жеңiлдiк биледi. Ұмыт бола бастаған, талайдан берi ыңылдап айтып көрмеген тамаша әннiң әуенi келдi құлағыма. Сол әуенге қосылып, әлгi әндi шырқағым келдi-ай... Кенет дәл қарсы алдымыздан, оң жақ қапталға таяу тұстағы қалың бұта түбiнен екi кiшкентай құс — бозторғайлар ма, әлде, бұтаны паналап жатқан қос бұлдырық па, аспанға атылып, бiртiндеп биiкке зымырап ұшты. Сiрә, басқа құс секiлдi, әйтпесе, бозторғай бiрден шырқау көкке ұмтылып, әсем әнiн шырқаған қалпында түпсiз аспанда қара ноқаттай iлiнiп қалар едi, бұлдырық боса болмаса, белгiлi, олар бұлайша бiрлi-жарым емес, көбiне топтанып ұшады.


— Құстан ұйқысынан оянып жатыр, — дедi сол жағымдағы мосқал жүргiзушi түнi бойы бiр сәт мызғымағандықтан қызарыңқырап кеткен көздерiн әлгi құстардан айырмаған қалпы бәсең дауыспен. — Тағы бiр таң атты!


— Иә, өмiрдiң бұлжымайтын заңы солай, — дедiм мен де құстардың соңынан үздiге үңiлiп. — таң тоқтаусыз атады. Бiреулер әр таңның атуын асыға тосады, бiреулер... мәңгi таң атпаса екне деп тiлейдi.


— Оныңыз рас. Бiрақ Алланың бұлжымайтын етiп жазған заңына ешкiм қарсы тұра алмайды. Шығар күндi тоқтату мүмкiн емес! Айтқандай, ән салғыңыз келсе... қысылмай айта берiңiз.


— Неге, мен неге ән салуым керек? — Жүргiзушiнiң бетiне таңдана қарадым. Сабырлы кiсi селт еткен жоқ, тек сәл ғана үнсiз жымиып, жолға қарай иек қақты да:


— Әшейiн айтқаным ғой. Талай жолаушым осындай әдемi таңда ән салғандарына үйренiп кетiппiн. Рас айтсам, атқан таңның көкжиегiне көз жеткiзбейтiн даланың бiз бiлмейтiн бiр құдiретi бар ма, әйтеуiр, дәп осындай шақта көбiсi ән салады. Алғашқы кезде тосырқап, бiртүрлi ыңғайсызданып жүретiнмiн. Бiреудiң аса құпиясын бiлiп қойғандай күй кешетiнмiн. Қазiр үйренiп алыппын. Өзiм де осындай әдемi таңды, шыққан күндi әнмен қарсы алғым келедi, — деп ақырын күлiмсiредi. Қызараңқы қой көздерiнiң қиығына жылт үйiрiлiп, мейiрiмге тұнған сияқтанды. — Ақымақтық қой әшейiн!..


— Неге?! Қайта бұл ғажайып жайт екен. Тiптен сiз тым аңғарымпаз көрiнесiз, — дедiм алаулаған жүзiмдi сәл ғана ашық тұрған терезеге қарай бұрып. — Әлгiнде менiң де бiр ән айтқым келген едi қарадан-қарап. Бiрақ... әлгi құстар ойымды бөлiп кеттi емес пе!?


— Бәсе, iштей сәл ыңылдай бастаған секiлдi көрiнiп едiңiз. Шiркiн, ән айта бiлу де ғажайып өнер-ау! Жоқ, қазiргi замандағы жартылай жалаңаш қыздардың сахнада екi иығын жұлып жеп, жұлқынып тұрып айтатын бәлду-бәлдуiн айтып отырғаным жоқ... Нағыз әншiнi, ұмытылмайтын нағыз әндердi айтамын.


— Мен ән айта алмаймын, — дедiм қабағымды сәл шытынып. — тек есiмде үзiк-үзiк әуендер сақталыпты... Кейде соларды iштей ыңылдайтыным бар. Бiрақ, өмiрiмде дауыстап ән салмаппын, ал ән айтқан кiсiлердi тыңдағанды жақсы көремiн. Оны жасырмаймын.


— Ә-ә, жеңiл құтылдыңыз, ә! — деп күлдi жүргiзушi басын шайқап. — Оп-оңай жалтарып кеттiңiз. Мен де ... тыңдағаным болмаса... тек осы күнi бiр әуен құлағымның түбiнде ызыңдап тұрып алатын болды. Баяғыда-а... бала күнiмiзде айтқан жарапазан ылғи есiме түседi.


— мәссаған, сiз жарапазанды бiлесiз бе? Өтiнемiн, айтыңызшы, ағасы! Жарапазанды үзiк-үзiк күйде ара-тұра үлкен кiсiлерден еститiнмiн. Бiз бала болғанда жарапазан айту ұмытыла бастаған едi ғой. Ал толық нұсқасын ешқашан тыңдап көрмеппiн.


— Кәрi шал құтырыпты деп күлiп жүрмейсiң бе? Жасың кiшi ғой, «сенге көшкенiмдi айып етпе.


— Жо-жоқ, ол не дегенiңiз? «Сiз-бiз» деп сызылғаннан сол дұрыс болады. Шын айтамын, күлмеймiн. Ақыл-есi дұрыс адам жақсылық тiлейтiн жарапазанға күлмейтiн шығар? Күлмеуге тиiс. Ал мен неге күлмекпiн?!


— Жарайды, айтсам айтып көрейiншi. Қайта, осындай мiнәйi себеппен толықтай есiме түсiрiп те алармын. Тек сен күлме, жарай ма?


Мен үнсiз басымды изедiм келiскенiмдi бiлдiрiп. «Iһiм» деп тамағын қайта-қайта кенеп алған жүргiзушi кенет құлаққа жағымсыздау қырылдақ үнмен тосын әнге бассын...


«...Айтамын жарапазан жөнiңiзге,


Байлай бер парша орамал белiмiзге.


Байласаң парша орамал белiмiзге,


Барамыз мақтай-мақтай елiмiзге


Аха-ау,


Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан,


Меккеде, Мәдинеде тұрады азан.»


... Жүргiзушi қырылдаған даусынан өзi де ыңғайсызданып, шошыды ма, бiр пәсте баяу ыңылға көшсiн. Қазақ әнiнiң ғажайыптығы осы бiр жұмсақ әрi жүрекке жылы ыңылда. Сан ғасырдан бiзге өзгермей жеткен осынау ыңылда алыс жолға мiнген аттың тұяқ дыбысы, желмен сыңсыған шидiң мұңлы үнi, шексiз-шетсiз даланы кезген самалдың лебi тұнып тұрған сияқты. Сондықтан жүрекке жақын, сондықтан iшi пысса ыңылдайды бұл қазақ.


«...Мiнгенi пайғамбардың ақ атан-ды,


Әр үйде мұндай тұрсаң, таң атады.


Бұл үйдiң ұлы қайда, қызы қайда?


Кемпiр-шал ыңыранып көп жатады.


Аха-оу,


Мұхаммед айтты деген жарапазан,


Меккеде, Мәдинеде тұрады азан.


Ил-ла-лоу, әзiр мазан, сайра мазан,


Мұхаммед айтты деген жарапазан».


Иығынан ауыр жүк түскендей таңғы тосын әнiн терең күрсiнiспен аяқтаған мосқал жүргiзушi сәл қызарабөрткен жүзiн маған ақырын бұрып:


— Қалай, iнiшек, барылдаған дауысым құлағыңа жақпады-ау деймiн, — деп ыңғайсыздана жымиды. Оң қолымен желкесiн қасып: — Кейде масайғанда осылай ән айтқым келiп кетедi емес пе? Сонда үйдегi жеңгең шыр-пыр болып: «Айналайын, ағатай, өмiр бойы бар жиған-тергенiмдi сұрағаныңның бәрiн берейiн, тек бұдан былай ән сала көрмешi», — деп жалынатыны бар. Сондайда өзiн бақытсыз сезiнетiнiн қайтерсiң?! Ендi қайтейiн, әншi қылып тумаған әке-шешеме өкпелеймiн бе?


— Иә, жеңгейдiң айтқаны жөн, әншi емес екенсiз. Оған еш күмiн жоқ. Әйтсе де әншi еместер де өмiрде бақытты өмiр сүредi ғой. Шынайы махаббаттың өзi де бақыт емес пе?!


— Оның рас, iнiшек! Бiрақ еш махаббат мәңгiлiк бақыт сыйламайды, тек оған деген сенiмдiлiктi мықтап бекiтедi. Менiңше, бақыт дегенiңнiң өзi адамның солайша сезiнуi ғана, әйтпесе, сырттай адамдардың тiршiлiгiнде бiр-бiрiнен айырмашылық мүлдем аз. Бәрi де ұйықтайды, тамақ iшедi, қуанады, мұңаяды...


— Философ екенсiз, ағасы!


— Ә-ә, адам алыс жолда көп жүрген сайын түрлi ойларға жиi берiледi. Әртүрлi жағдай, қилы тағдырларға үнемi куә болады екен. Солардан өзiмше ой түйгенiм, жасаған қорытындым ғой.


Шығыстан қызарып көтерiлген күннiң бiр пұшпағы ақырын қылтиды да, дүние жарқын сәулеге малынып сала бердi. Сайын дала алтын жапқандай тiптен құлпырып, таңғы таза ауада алтын ұнтақтар қалықтаған сияқты. Сол сәт сол қапталдан қалың тоғай көзге шалынып, зуылдаған жеңiл машина соған жақындай түскен сайын ауаны жиденiң хош иiсi жайлап бара жатты. Көлiк салонында қызған май, резинаның жағымсыздау иiсi ақырындап сезiлiп тұрған едi, жиде тоғайы қапталдаса түскен сайын алтын сәуле астында алтын түстес сарғыш майда гүл шашқан жиделер қалыңдай бередi де, әлгi жұпар танауды жарып жiбере жаздасын-ай. Әр-әр тұстан омарталар көрiнедi шағын әсем үйлер сияқтанып.


Хош иiске елтiдiм бе, көзiмдi ерiксiз жұмып, осынау жұпарды құшырлана, асқан құмарлықпен үстiн-үстiн жұттым. Танауды кернеген әдемi иiс бойымдағы жеңiлдiк сергектiктi одан әрмен үдетiп, көңiлiме қанат бiткендей жеңiлдене түстiм.


— Паһ! — дедi жүргiзушi де тамсанып. — Қайран жиденiң жұпар иiсiн-ой« Ештеңемен шатастыра алмайсың ғой, мұны. Бiр қарағанда көзге сүреңсiз, арбиған көрiксiз ағаштардың осындай ғажап иiсi болады дегенге кiм сенедi!?


— Жиде гүлдегенде құлпырып кетедi, ә! — дедiм мен де қуаныш сезiмiмдi жасыра алмай. — Дүниеде сұлулық атаулының формасы мүлдем көп екен ғой. Жиде кештеу гүл шашқанмен, ол гүлдегенде одан асқан сұлу ағаш болмайтын сияқты.


— Бала күнiмiзде ауылдың iргесiнде қалың жиде тоғайы өсетiн. Ол кезде адам аз ба, әлде адамдардың бойындағы тойымсыздық аз ба, әйтеуiр одан ешкiм орынсыз отын шауып, балта сiлтемейтiн, — дедi мосқал жүргiзушi әлденеге қамыға көңiлi пәс тартып. — Қазiр соның жұрнағы ғана қалды. Бәрiн жұрт ту-талақай шауып, отқа жақты. Ешкiмдi де кiнәлағым келмейдi, жұрт қайтсiн, отын жоқ, газы да жоқ, күндiз-түнi тоқтаусыз келiп тұрған. Қыста суықтан қатып өлмейдi ғой ендi.


— Барлық жерде солай. Адамдар шарасыздықтан қалай да аман қалудың қолдан келген амалын iстеуге мәжбүр. Мың күнгi жұмақтан, бiр күнгi жарық дүниенi артық санайтын пенде байғұстың қолдан келерi сол ғана.


— Иә, мен де соны айтып отырмын. Айтайын дегенiм, осындай жиде гүлдегенде үлкен кiсiлер бiздердi, майда балаларды әлгi тоғайға аттап бастырмайтын.


«Жиде гүлi адамды ақырын мас қылып, есiнен тандырады, арасында ұйқтап қалған кiсi сол орнында тiл тартпай кетедi», — деп қорқытушы едi. Осы күнi ылғи ойлаймын, сол шынымен рас па екен?! Бұрын-соңды солай өлгенде болып па екен?


— Кiм бiлiптi, болса болар. Бәлкiм, гүлдеген ағаштарды сындыра бермесiн деп айтатын шығар!.. Қалай дегенмен бұл дүние жаралғалы берi бiздiң қазақтармен бiрге жасасып келе жатыр ғой Әулие деп, қасиеттi ағаш деп санайтыны да сондықтан шығар... Оның үстiне жиденiң қасиеттi құрмамен де құдандалығы бар ғой.


— Ол қандай құдандалық? Түсiнбедiм, iнiшек.


— Е, аздап ұқсайтындықтарын айтамын. Түптеп келгенде құрма дегенiңiз араб жерiнiң, оазистьерiнiң осыған ұқсас жидесi ғой.


— Ә-ә!..


Зүбәржаттың ауылы мен соңғы көргендегiмнен етегi қусырылып, әбден сұрқы қашыпты. Қазiр де кент аталғанмен бiратола жүнжiп, азып-тозғанын жасыра алмастан бүрiсiп жатыр. Күтiм көрмеген қораш, сыртқы сылағы шұбарланып түскен тамдарды жайлаған жоқшылық пен жетiмсiздiк жан-жақтан анталайды қазiр. Iргелерi сөгiлiп, терең жарықтардан үрей сығаласа, бiр кездергi биiк қабырғалары бiр жағына қарай қисайған иесiз үйлердiң әйнексiз терезелерiне қорқынышты, ызғарлы көлеңке ұйыған. Маңайларында бейсеует қыбырлаған жан жоқ. Күн көрiс қамымен бетi ауған жаққа амалсыз көшiп кеткендердiң бұрынғы құтханалары да өмiрдiң жалған, адам арманының алдамшы екенiн ерiксiз еске салғандай. Әйтпесе, осы үйлерде тұрған жандар кезiнде болашаққа талай әдемi жоспар құрып, талай рет мақсат-мұраттары туралы жақын адамдарымен сыр бөлiскен шығар-ау. Ендi құлаққа ұрғандай жым-жырттық пен үрейлi үнсiздiктi тамдардың морып, мүжiлген дуалына, бiр кездерi хош иiстi түтiн бұрқыраған пештердiң жартылай құлаған мұржасына әредiк-әредiк қонақтап, ұзын айдарларын желпуiштей ашып-жауып сұңқылдаған асасық көкектердiң мұңлы дауыстары ғана бұзуда. Егесiз қалған үйлердiң көбi аңғал-саңғал есiк-терезелерiнен еркiн кiрiп-шыққан жас төлдер, қарындары шермиген жетiм бұзаулар ғана көлеңкелейтiн орынға айналған. Қазақтың тiлеуi жаман құс дейтiнi рас, осындай қайғылы үйлерге сасық көкек құмар қашаннан.


Бұрын талай көрген аулым ғой, бiрақ мен соңғы көргеннен бергi аз ғана жылдар iшiнде осыншалық сұрқы қашып, бейшара күйге түскенi жүрегiмдi ерiксiз сыздатсын. Түгiн тартсаң мәйегi шыққан түстiктiң құтты жерiне орналасқан ауылдардың көбi де осындай шерменде күйде. Жерi соншалық бай өлкенiң ту-талақайы шығып, тозғанын көруден асқан азап жоқ. Осының бәрiне кiм кiнәлi? Уақыт па, қалыптасқан қағидалар, мәңгi бұзылмайтын сияқты көрiнетiн ережелер мен ұстанымдардың табан асты тас-талқаны шыққан замана ма, оны ешкiм дөп басып айтып бере алмайтын сияқты. Әйтеуiр, ел-жұрттың көпшiлiгi осынау елең-алаңда бiржола абдырап, қайда барарларын, не iстеу керек екендiгiн пайымдауға мүмкiндiгi таусылып, шығар жол тұйыққа тiрелген. Басар тау, бабар жерi жоқ сияқты. Ендi ауылды бейшара күйден құтқаратын ешкiм де жоқ.


Бақыт қасиеттi ошақ болса сенiмдiлiк пен шыдамдылық, үмiт соның үш тағаны, берiк тұғыры, ең өкiнiштiсi сол, басынан бақыт беймезгiл уақта үркiп ұшқан мынау бейшара ауылда төзiм мен шыдамдылық шектен асарлық болғанмен, ертеңгi күнге титтей үмiт жоқ, сенiмдiлiктен бiржола айрылған. Сыры да, сыны да кеткен ауылдарым-ай, сенiң жайыңа жаны ашып, қамқор болар кiм бар ендi мына жалғанда?! Ал жер бетiнде үмiтсiз өмiр сүруден асқан қасiрет жоқ, тiрлiктен көңiлi қалғандар пақырлар айтса, тiптен мүмкiн емес. Е-ей, бейшара, бейамал қазақтың қоңыр ауылдары —ай, заманның тәлкегiне, аса қиын сынағына Сiздер де, қазiр қамығып, құсадан қабырғамның көбесi сөгiлiп жүрген өзiм де төзе алмадық. Керегемiз қирап, шаңырағымыз ортамызға түстi-ау. Бiрақ, мен де әлi аздап болса да үмiт бар, о-о, Зүбәржат балаларды ертiп, күлiмсiреп үйге қайтып келсе... өмiрiмдi қайтадан, өткеннiң бәрiн бiржола өшiрiп, таза ақ парақтан қайта бастар едiм-ау. Осыған дейiн кеткен қателiгiмнiң бәрiн жөндер ем. Тек... тек, олар туған отан, қараормандарына қайтып келсе екен!..


Ей, ауыл, Сiзде сондай үмiт бар ма!? Атар таң, алдағы күндерден қандай үмiт, қандай жақсылық күтесiз, Сiз?! Үндемейсiз, ә, өйткенi алдан күтерiңiз қаратүнек уақыт, жылт етер сәуле ұшқыны байқалмайтын қиын күндер. Бiр құлаған, қираған нәрсенiң қайта қалпына келуi ... о-о, өте қиын!


... Бұрынғы әсем кенттiң ортасында жапа-жалғыз состиып тұрып, ауыр ойлардың тұңғиығына ерiксiз сүңгiгенiмдi сезбей де қалғандаймын. Мынау ауа, кеңiстiктiң өзiнде қайғы-мұң қалықтап жүргендей, қапас құшағына шым батырғаны. Қайда барсам да шер мен нала қыр соңымнан бiр елi қалмай, өкшемдi баса өңмендеп қуалайтын секiлдi. Кенет... еркiмнен тыс селт етiп, еңсемдi түзеп алдым. Құдайым-ау, бұл расымен сол ма?!


Сырты талғамсыз әлемiштенген, даңғарадай дүкеннiң алдына асыға басып жақындаған жас әйел, сылаңдаған сымбатты келiншек шынымен-ақ Зүбәржат па!? Менiң сүйген әйелiм... Шынымен бiз қоштасқан уақыттан берi осыншалық өзгерген бе?


Жат бауыр тартып, бiртiндеп ұмыта бастаған болармын мен де, әйтеуiр тап басып жыға тани алмай, әрi-сәрi күйге түскенмiн. Бiр ойым «сол» дейдi, жылт ете тсүкен кербақ бiр ойым: «Келе салған бетте онымен ұшыраса кету мүмкiн бе? Кездейсоқтық десең де, тым-тым сенiмсiз жайт. Жоқ, көңiлiңмен өше бастаған бейнесiн басқа бiреумен, бөтен әлдекiммен шатастырып тұрсың. Көп күткен арман еткен сәтiңдi ұшқыр қиялыңмен тым жылдамдатқың келедi...» деп ат-тонын ала қашуда.


Ақырындап әлгi дүкенге қарай жақындадым. Әу бастан-ақ балаларыма азды-көптi базарлық ала баруды жұптап қойғанмын. Ендi кiдiрудiң қажетi жоқ. Шаң тұтқан шынылы есiктiң салпыншақ қоңырауларын шылдыр еткiзiп ашып, табалдырықтан iшке аттағанымда, сөре түбiнде тұрған екi мосқал сатушы әйел жүзiме аңтарыла қарады.


Ал ар жақтағы кiшкене түкпiрден — Зүбәржат, жоғарылап өте берсейшi... Ойпыр-ай, осы бөлмеге алғаш аттап басқандай, ылғи состия қалатының-ай, — деген еркектiң мәймөңке әрi құмарлыққа толы сәл қарлығыңқы дауысы естiлген.


Көз алдымда кең дүние, сатушы екi әйел, оны-мұны заттар тiзiлген сөрелер шырқ үйiрiлiп айналып бара жатты...


Санаттың хаты


«Ө-ө, көке, бiр Арманнан айрылдық қой, көке! Ендi ол бiзге жоқ! Сiздi сонша сағынып, сағынған сөздерiн маған ғана сыбырлап айтумен өттi. Бiлмеймiн, бiз — сiз де, мен де, мамам да Құдайға не жаздық?! Мен күнде жылап жүрмiн, жылап жүрмiн, бiрақ ол ендi қайтып келмейдi бiзге. Үлкен кiсiлер солай деп жұбатады ылғи. Мамам да бұрынғыдан көп жылайтын боп алды. Қараңғы түндерде менi құшақтап, бауырына басып жатып жылай бередi, жылай бередi. Сосын мен де қосылып еңiреймiн!


Көке, бұл хатты жасырынып жазып жүрмiн. Ешкiмге көрсетпей, күнде аз-аздан жазамын. Әйтпесе, үлкендер тартып алады бұл хатты. Саған... Сiзге Арманның суға кетiп өлгенiн естiртпеймiз деп жүр бәрi. Барлығы да сiздi жек көредi. Неге екенiн бiлмеймiн, әйтеуiр сiз туралы ештеңе айтқылары келмейдi. Әсiресе, мамам!


Көке, анада ауылға жаман өсек тараған. Сiз осында, орталыққа жасырын келiпсiз ғой. Сосын...бiзге, Арман екеумiзге келмей керi қайтып кетiпсiз. Ешқайда соқпапсыз.


Көке, ол өтiрiк қой. Айтыңызшы, көке, ол нағыз өтiрiк емес пе?! Сiз ауылға жектен болсаңыз, мiндеттi түрде маған, Арманға келер едiңiз ғой. Ештеңеге, бұлардың жек көргенi, ұнатпағанына қарамайтын едiңiз, ә?! Өйткенi, бiз бұлардың емес, сiздiң балаларыңызбыз ғой. Бiздiң арамызға ешкiм тұра алмайды емес пе!? Бiз сiздi ұзақ күттiк, ендi мен өзiм күтетiн боламын, көке!


Көке, сiз ауылға келе алған жоқсыз, келе алмай жүрсiз ғой, иә. Арман да сiздiң келгенiңiзге, бiздi көрмей кеткенiңiзге еш сенген жоқ. Ол сiздi, айналайын көкемiздi ылғи күтумен жүрдi. Мұндағылардың ешқайсысына еркелеп күлген, олармен титтей ойнаған емес ешқашан. Бәрi оны «қасқырдың бөлтiрiгi» дейтiн. Тiптi, көршiлердiң барлық баласы Арманнан үрейлерi ұшатын, көке! Ол: «Бәрiбiр Алматыға, көкемнiң қасына кетемiн», — деп жиi айтатн маған.


Суға кетiп өлген күнi де маған Алматыға қашып кеткелi жүргенiн құпиялап айтты. Бiр таба нанды қорадағы шөптiң арасына тығып қойыпты. Соны көрсеттi. «Жолда қарным ашса, керек болады» деген. Мен оған сенген жоқпын. Өйткенi, ол әлi кiшкентай едi ғой. Биыл күзде ғана бiрiншi сыныпқа баруға тиiс болатын.


Көке, хатымды ылғи тығылып жазып жүргеннен кейiн түк аяқтай алмай қойдым. Бастап жазғаныма бiр аптадан асты... жо-жоқ, он күннен бұрын бастағанмын. Әйтпесе ендiгi сiзге салып жiберетiн едiм ғой.


Арман каналдағы суға кететiн күнi үйде екеумiз ғана қалғанбыз. Күн жел, аспан қап-қара бұлт болып тұрды. Менiң басым ауырып, төргi бөлмеде жатқанмын. Сiздi, өзiмiздi ойладым. Сағындым сондай, көке! Бiр уақта сырттан Арман жүгiрiп кiрдi де: «Жүр, каналға барып шомылайық», — дедi. Мен «бармасаңшы, жүзу бiлмейсiң ғой», дедiм. Ол ешкiмдi , ызаланса менi де тыңдамайды ғой. Қайтадан сыртқа кетiп қалған. Көршiлердiң өзiндей төрт баласын ертiп апты. Аналар желден қорқып, бармаймыз десе, «таспен ұрам» деп бәрiн алдына сап айдап кетiптi. Ол сондай батыл едi ғой, көке, ешкiмнен, ештеңеден қорықпайтын. «Арғы бетке жүзiп өтемiз», — дептi, көке! Арғы бетте не едi оған, қасында көпiр тұр ғой. Әйтеуiр арғы бетке жүзiп өткiсi келiптi де тұрыпты, келiптi де тұрыпты, көке... Сағынышы шығар суға түсiрген...


Сосын ағып жатқан судың жағасына барып, киiмдерiнiң бәрiн шешiптi. Тыр жалаңаш шешiнiптi, көке. Тiптi, өмiрi ешкiмге шешкiзбейтiн түрсиiн де шешiп тастапты.


Әуелi жұқа көйлегiн мұқияттап бүктеп, оның үстiне тәбiшкелерiн ең үстiне түрсиiн бүктеп қойыпты, көке. Аяқ киiмдерiн шешкенде үнемi әр жаққа лақтырып тастайтын Арман кiп-кiшкентай тәбiшкелерiн де тәртiптеп әдемiлеп қойып, оның үстiне мұқияттап жинап қойыпты, көке! Сосын шешiнбей тұрған балаларды шапалақпен бiр-бiр ұрып: «Нағыз қорқақ екенсiңдер, бүйтiп тұра берсек арғы бетке жүзiп өте алмаймыз», — деп өзi суға сүңгiп кетiптi, көке!


Айналайын көке, мұның бәрiн әлгi балалар айтты кейiн. Үлкендер «бой жасағаны ғой» дейдi өздерiнше бiлгiшсiнiп. Бiлмеймiн, ол не екенiн. Ал Арман арғы беттен не iздегенiн, нелiктен ол жаққа жүзiп өтуге құмар болғанын да бiлмеймiн. Әйтпесе, олар суға түскен жердiң қасында дәу көпiрден күнде өтемiз әрi-берi. Талай өткенбiз де.


Ендi мен iстеймiн, көке?! Армаынсыз қалай жалғыз жүремiн бұл ауылда?.. Көке-е, қашан келесiң маған!? Келшi... келшi, көке!»


Жұманның соңғы хаты


«О-о, жауыз Құдай, бүйткенше мен өлсем еттi! Қаршадай баланың өмiрiн қиғанша, бәр-бәрiне жазықты менiң қара басмыды жазаға тартсаң болмай ма! Болашағы, үмiтi алдағы қаршадай баланы қапияда алғанша, менi... ешкiмге керегi жоқ пақырды жазаласаiң, қаһарыңа ұшыратсаң қайтер едi?! Әлде... әлде, әбден қартайғанша бойында қауқар, жүрегiнде от қалмаған кәрi шал — сенiң күшiн бейкүнә балалар, қорғансыз сәбилерге ғана жете ме?


О, саған лағынет ауыз дүние! Ей, алдамшы жалған, қу тағдыр аяғымнан шалып, адастырайын десең, бар қаһарыңды, жазаңды өмiрден еш өкiнбей өтетiн маған, менің басыма аямай төкпедi бе, сен жауыз! Қаршадай баланың шырағын аяусыз сөндiрген үшiн саған лағынет! Ендi мен кiмге керекпiн!? Кiмдер үшiн жер басып жүрмекшiмiн, о-о , қу тағдыр!


Құлыншағым менiң, санаттың, бұл бәлкiм саған жазған ең соңғы, ақтық хатым шығар. Иә, солай! Бұдан кейiн ешқашан қолыма қалам ұстамаспын. Ұстай алмаспын. Сен үшiн, бейуақта бақилық болған арманым үшн үлiглi, атын мақтанышпен айтып жүретiн абзал әке бола алмағаным да ақиқат, әл-әзiр кiшкентай, тым жассың-ау, түсiне де қоймассың, бiрақ мен осы жақта, сендерден тым шалғайда жүрiп, арамызда қатыгездiк суықтықпен бөлiп жатқан тоқтаусыз уақыт, алыс кеңiстiк арқылы титiмдей жүректерiңе, әлi қайғы-шердi толық қалпында сезiне қоймайтын кiршксiз жүректерiңе өз бойымдағы бар жақсылығымды (егер де ондай қасиеттiң титтей бөлiгi менен табылса, әрине), қайталанбас сағынышым мен махаббатымды, адамдық пен пәктiгiмдi сiңiргiм келушi едi. (кейiн өзiң ойланшы, адам сағынышсыз мынау қатыгез дүниеде қалай өмiр сүрiп,ойнап-күлiп жүре алмақшы?!) Иә, сол ақ тiлегiмдi орындай алдым ба, жоқ па, бiлмеймiн. Ендi бiле алмайтыным да атқан таңдай, мынау жауыз қаланы қымтап келе жатқан қара ниет түндей ақиқат. Әйтеуiр өз әлiмше үмiттенгенiме хақ. уақыт ұшқыр, ертең-ақ тез ержетесiң ғой, балам, сонда менiң жанымды. Түсiнерсiң деп тiлеймiн тағдырдан. (Мен қазiр Құдаймен де жау боп алдым, сондықтан оған жалынып-жалбарынып алмаймын, мiнәжат ете алмаспын). Жүрегiңмен, жаныңмен түсiнген шағыңда қабiрстандағы көп бейiттiң арасынан жермен-жексен болып, аяққа тапталған елеусiз қабiрiмдi iздеп тауып алып, басыма екi ақ қайың отырғыз... қосбалапан сендердi есiме салып, таудан соққн желемiкпiн жапырақтар сыбдырлап. Егер құлпытас қойғың келсе, онда...Тiрi боп келдi, түк бiтiрмей кеттi» деп, жаза сал. Ал түсiнбесең... онда да өкiнбеймiн. Қуаныш пен өкiнiш дейтiн сезiмдер мен үшiн әлдеқашан оты өшкен. Маңдайыма екеуiңдi берген жомарт тағдырыма, шарапатты Құдайға мың мәрте шүкiршiлiк айтушы едiм iштей... Сан-миллион рет қйталағанмын. Ендi... ендi мынау жарық дүние, кең аспанның астында Арманым жоқ, шексiз аспаным шөкiмдей, шалқыған дүние болады тоқымдай болды, көңiлiм қараңғы көрге айналды. Құдайым-ау, ендi менi қураған дүниеге не байлайды, кiм ұстайды? Жоқ, ешкiм жоқ менiң қасымда. Ал... осынау әлсiздiгiм үшiн кешiр менi. Мұным су жүректiiк шығар, әсiлi. Мейлi, менi соңғы жылдары есалаң боп кеттi деп жүргендерiң де айтқаны болып айдарынан жел ессiншi бiр... Қашан да әлсiз, ерiк-жiгерсiз жандарға кешiрiмдi, кең бол, құлыгшағым менiң Соңғы демiм бiткенше санат деген атыңды қасиеттi сүредей сан қайталап жатырмын...


Зүбәржат, мен саған да мықты тiрек сүйiктi жар бола алмадым. Қайтейтiн, қатал тағдыр әу бастан оған жазбаған шығар, турасын айтсам, маңдайымызға оны жазбапты. Қатыгез Құдайдың тiрi адамға тумай жатып сызып берген кiтабы — Лаухыл-махпұзда мүлдем басқа жазулар таңбаланған екен. Бәлкiм, бұл өзiмдi осылай алдаусыратқаным шығар, рухы әлсiз адам әр iске себеп iздеуге шебер ғой әманда, ендi ештеңе деп ақталғым келмейдi. Ақтала алмасымды да бiлемiн. Жоқ, сенiң алдыңа емес өмiрге бақытсыз етiп әкелген қос баламның алдында кiнәлiмiн мен!.. мейлi, өз қайғы-мұңымды, қасiрет-шерiмдi өзiм мойныма артып, шерiмде күйде арқалап кетуге мiндеттiмiн ендi. Орындауға тиiс бiр ғана парызым күтiп тұр алдан және оны мүлтiксiз орындайтыным да адан анық.


Адам өз қолындағы бақытын бағалай бiлмей, бiр ұшырып алған соң, оның қайта айналып келуi мүмкiн емес. мұны жаппай бiлсек те, құрық-жүген тимеген аябырт асаудай етектен қашатынымыз да рас. Әсiлi, бақыт адамға бiр-ақ рет берiледi екен, ал соны бағалай алмаған соң, үркiтiп алғанан кейiн аямай бармақ шайнап өткен, өкiнiшпен өкiсiкке ғұмырдан не пайда?!


Сен балларды аулыңа алып кеткен күнi бауырым суырылды, ал туған күнiңде Санаттың бетiне аяусыз тиген шапалақ жүрегiме қанжар болып қадалған. Айтшы, Зүбәржат, бауыры, тоқтамай соғып тұрар жүрегi жоқ адам қайтiп өмiр сүрмекшi?! Ал құлыншағым Арман аққан суға жалғыз кеткен жоқ, менiң жанымды өзiмен бiрге мұздайөзенге қосып ала кеттi. Жер басып, мәңгi тыныштық таппайтын тiрi аруақтай болып жүргенiмше құлыным тым ерте, беймезгiм кетке қараңғы қапасқа көп кешiкпей мен де жетейiн. өзгелерге қарап өтiрiк күлiп өзiмiе қарап күңiрене жылап жер басып жүргенiмше руһым Арманның пәк руһымен неғұрлым тезiрек тоқайласын. Жер бетiнде сағысысып өткендер, ол дүнииеде сөзсiз ұшырасады десдi ғой дiндарлар. Бәлкiм, солардың сөзi шындыққа айналар деп тiлеймiн. Бәр-бәрiне өзiм ғана кiнәлiмiн ғой, егер мен басқаша, ел қатарлы ғұмыр кешкенiмде тағдырымсыз да мүлдем бөлекше болар ма едi?! Қайдан бiлейiн, қарғыбаудан босанып кеткен аласапыран, құтсыз уақыттың елеусiз құрбандары бiз шығармыз, әсiлi. Ең әуелi мен шығармын... Мейлi ендi өткен күндерiмдi керi қайтара алмайтынымыз даусыз. «Аһ» ұрып қр өкiнгенннен келер еш қайран жоқ екенiн де жақсы бiлемiн, бiрақ езiп тапқан қайғы- қасiреттi бұдан былай арқалап жүруге әл-дәрменiм жоқ, төзе алар емеспiн. Сондықтан да ең соңғы және бiрден-бiр дұрыс шешiмге бел будым. өмiрдiң тезiне, қиын сынағына қарсы тұра алмаған сужүрек болармын, бәлiкiм, содан да аса жеңiл әрi оңай жол, өрескел шешiмдi таңдап отырған болармын. Мейлi, менiң маңдайыма жазылғаны осы болды ақыры. Өлiм, арсыз, аяусыз ажал қорқынышты болады деушi едi, олай да емес екен ғой, мен титей де үрейленiп отырғаным жоқ. Қайта осынау қара шеңбер, саңылаусыз тұйықтан шығатын амал барына қуанатын сияқтымын.


Құлыным, бауыр етім Санат саған аманат!


Бiлемiн, саған да қиын, аса қиын болармын бiлемiн, жо-жоқ, менi жоғалтудың емес, Санатты жалғыз жетiлдiрудiң оңай еместiгiн айтып отырмын. О-о, мынау алмағайып ер-азаматтардың қабырғасы көк қамыстай майысқан қиын заманда ол есейiп, оң мен солын танығанша ,ер жеткенше қаншама уақыт пен төзiм керек десеңшi.


Тек менiң бiр ғана өтiнiшiм, оны адал азамат қылып тәрбиелешi Санаттың Адал адамның өмiрде жолы ауыр» деседi, мейлi, өмiрде олар болмаса, адамзаттың жер басып жүргенi де бекер. Ал мен... Ендi менiң қалыңдығым - қара түнектiң түпсiз қойны, шын сүйерiм-ақ сөңке сүйегi саудырап кәрi ажал, о-ей! Жүрегiмде талайдан берi берiш боп қатқан қанды айықпас дерттiң дегбiрiмдi алып сыздауын-ай.


Адам әдемi ғұмыр кешуi тиiс. Әдемi ән секiлдi. Ал әдемi ән көкiректе өшпес iз, мәңгi сағыныш, үмiт қалдырып тез аяқталуы керек. Одан өзгенiң бәрi пақыр пенденiң өзiн-өзi алдауы, пәни жалғанда қимаған су жүректгi ғана...


Мiнеки, ауызға үйден, ашық қалған газдан сәл күлiмсi иiс сыздықтап келiп тұр. Бұл ақиқат ажалдың иiсi! Басымның зiл тартып бара жатқаны несi?! О-ей, жатайыншы жастыққа... Сәл ғана мызғып алайын. Мен көп шарқ ұрдым, шаршадым. Әлiм бiтiп қалжырадым. Ұйқым келiп барады, ұйқым... Мәңгi аянбайтын тәттi ұйқы... Қош бол, құлыншағым! Санатым, сағындым сенi... Арманды да сағындым... Қош, қаралы күндер, мен қуанышы ке болған аянышты тағдырым! Қош бол, Зүб...әр...жат!..


«Дұры-ес... Беу, күлiмсi иiсi кеңсiрiкке жат болғанмен, бiлдiртпей ғана лазымды ұйқыға шақырып, әбжыландай тоқтаусыз ысылдауын қарашы-ей. Үздiксiз ысылдаған үннiң құлаққа жағымдысын қарай гөрi!..


Мынау мәңгiлiк өшпейтiн әуен, ажалдың әр адамы түбi естуге тиiс әдемi әнi емес пе, ыңсып салған. Дұрыс, ысылда, ысқыр, сала түс сұмдық әнiңдi. Бұл мен естiген соңғы ән, өзiм қосылып салған өлiмнiң құдiреттi әнi болсын!..»


Қашандағыдай мас күйiнде газды ашық қалдырып, төсекте ұйықтап қалған байғұс Жұманның көгерiп iсiнiп кеткен денесiн көршiлерi екi күннен кейiн ғана тауып алыпты. Тiршiлiкте татар дәмi аз болды ғой байғұстың...





Пікір жазу