26.11.2021
  639


Автор: Дулат Исабеков

Бонапарттың үйленуі

Балаға ат қоюға келгенде қазақтан өткен «нахал» ешкім жоқ. Олар дүниежүзілік есімдердің қожасындай оның төбесіне шығып отырып алады да, «мынау ананыкі екен, мынау мынаныкі екен» деп бас қатырып жатпай, қайсысы аузына түссе сонысын алып баласына жапсыра салады. Ол есім жақсы ма, жаман ба, қазақ топырағына үйлесе ме, үйлеспей ме, үйлесе қалған күнде дәл соның баласына келісе ме, келіспей ме — онымен ісі де болмайды. Тіпті, сол өзі құрметтеп отырған адам кім болған, не істеген, ұлты қайсы, қазаққа оның қатысы болып па еді, болмап па еді, оны да ойлап бас қатырып жатпайды. Ат па — ат, сондай біреу болды ма — болды, бола ма — болады, басқасының оған керегі шамалы. Тіпті, әлгі адам бүкіл өмірін қазаққа қарсы жұмсап жүріп сарып етсе де ол оның атын баласына қоюдан тайынбайды. Егер он миллион қазақты аралап шыға алсаңыз дүниежүзіндегі барлық ұлттар мен тайпалардың аттарын түп-түгел кездестіре алатыныңызға кәміл сенемін. Қазақтар үшін дүниежүзілік есімдерді емін-еркін иемдену ХХ ғасырдың 30-60 жылдары аралығында ерекше дамыды. Американың алғашқы президентінен бастап Қараспандағы базарком Оқапқа дейінгі аттар Қазақстанда тың жерлерді игеру науқанындай кең ауқымда емін-еркін игерілді. Дүниежүзілік есімдерді иемдену науқаны барлық үлкен жаңалықтар секілді әр жерде әртүрлі жүрді де, кейбір алыс түпкірлерге тым кеш жетіп, кеш аяқталды. Сол кездегі саяси оқиғалардың тірі көрсеткішіндей Октябрь, Социал, Аврора, Потемкин, Рева, Люция, Коммуна, Стахан, Чапай, Шорс, Роман, Роллан, Максим, Маркс, Энгельс есімді балалар көше-көшелерде құлындай шауып жүрді. Тіпті, бүтін бір мемлекеттер мен астаналардың атына ие боп қалған қара домалақ балалар да аз кездеспейді. Бүкіл республика шетелдік аттарға біршама тояттап, басын астаудан көтеріп, күйіс қайырып тұрған шақта «Жиделі» колхозына бұл науқан енді ғана жетіп еді. Жалпы, бұл ауылға жаңалық біткен жұрттың ең соңынан жететін әдеті, тіпті, совет үкіметі де Сырдан кешіп өтіп, Алланың уысындағы алыс ауылды табамын дегенше де екі жыл жүрген. Совет үкіметі дегенді бұл ауыл кенеттен естіді. Бес қанат қара үйдің алдында қатпа қара кемпір жайбарақат жабағы жазып отырған, екі атты жерден шыққандай табан асты сау ете қалды. Сау ете қалды да ал кеп бұның аты-жөнін, әкесінің атын, қайдан шыққанын, кімнен туғанын, кіммен тұратынын, саяси көзқарасын, бала-шағасын түп-түгел сұрап шықты. Сұрап болған соң: «енді сіз совет адамы боласыз» деді де, аттарына отырып басқа үйлерге кетті. Қара кемпір түкке түсінбей қалды. Феодализм кезінде түткен жүнін социализм кезінде де жалғастырып, қаннен-қаперсіз отыра берді. Бүтін бір дәуірден бүтін бір дәуірге жүн түтіп отырып-ақ аттап кеткенін ол ойлаған да жоқ. Ертесіне де ойламады, өйткені ойланатындай ештеңе де өзгермеді: сол ауыл, сол адамдар, сол үй, сол жүн, сол тіршілік, сол күлкі, сол мұң. Тек бір жарым айдан соң ғана бір қараша үй қызыл отау деп аталып, маңдайшасында:


«Жолсы билер жасын кедлер» деген ешкімге түсініксіз бір жазу мен орысша боқтай алатын «көзі ашық» мұртты қазақ пайда болды. Әлгі қызыл полатнайда қандай сөз жазулы тұрғанын ол үш күннен соң кешке қарай он шақты қиқы-жиқы адамды жинап алып түсіндіріп берді. Сөйтсе, ол ұран екен. Ұран болғанда да кісінің зәре иманын ұшыратын ұран боп шықты. «Жойылсын байлар, жасасын кедейлер!» Міне, гәп қайда! Ал бұлар осындай үзілді-кесілді саяси ұранның астында үш күн бойы (!) мамыражай өмір сүріп келген!


Жұрт жұмылып іске кірісті де кетті.


Алты күннің ішінде бай жойылып, кедейлер ғана қалды.


Келесі айда ұранның «Жолсы билар» деген жартысы өшіріліп, «жасын кедлер» деген екінші жартысы ғана қалды.


Сөйтіп, бұл өңірде жаңа өмір — кедейлер өмірі басталды.


Сол қатпа қара кемпірдің бүгінгі ұрпағы Әбдәшім қазір осы ауылда падашы. Оның он бір баласы бар, бесеуі қыз, алтауы ұл. Соның алтыншы ұлы, яғни, ұлдан кенжесі туылғанда бүкіл ауыл боп оның атын бір ауыздан Бонапарт қойды. Баяғы осы ауылда алғаш пайда болған орысша боқтай алатын мұртты қазақтың бүгінгі ұрпағы бұл баланы осылай атаса өте дұрыс болады деп шешті. Бонапарттың кім екенін біліңкіремей бір топ қиқы-жиқы қазақ дағдарып қалды. «Бонапарт — француз деген елдің патшасы. Олардың күшті әскері болған, бұл соның командирі,— деп дәлелдеді ол ойын. — Немене, балаң Бонапарттай болса тақияңа тарлық қыла ма?»


Баланың әкесі Әбдәшім:


— Тарлық қылмайды ғой, — деп күмілжіді. — Бірақ, тым шетел екен. Осы өзіміздің совет мәмләкәтінен сол сияқты ешкім жоқ па?


— Бар,— деді осы ауылға алғаш орысша боқтауды үйреткен қазақтың тұқымы. — Котовски бар, Шорс бар, Чапай бар. Бірақ олардың бәрі қойылып жүр. Біз ешкімде жоқ жаңасын алайық. Өскесін балаң да бәрімізге риза боп жүрсін.


— Тым шетел екен-ау...


— Несі бар шетел болса! Ұлттық тар шеңберде қалмай кеңірек, биігірек ойлау керек. Олар да біздің аттарымызды алып жатыр ғой.


— Қандай аттарды?


— Бүкіл әмірика мен неміс елін алып қараңдаршы, Конрад деген фамилиядан аяқ алып жүре алмайсың.


— Конрад?


— Иә, Конрад! Ол кәдімгі сіз бен біздің руымыз!


— Қоңырат па?


— Енді қалай? Қоңырат! Қиядағы бір елдер бізді сыйлап, руымызды фамилия қылып алып жатқанда біздің томаға тұйық жатқанымыз ұят емес пе? Олар да ел, олар да мәмләкәт. Бонапарт та бір елдің азаматы. Есіте қалса ұрпағы қуанар, естімесе әруағы разы болар.


Мұртты қазақтың бүгінгі ұрпағы логикалық жағынан жұртты жеңіп кетті де, Әбдәшімнің баласы Бонапарт деп аталды.


Той тойланды, азан шақырылды, ат қойылып, ресми бекіп кетті.


Әбдәшімнің сол кенже ұлы үйленетін бопты деген хабар шыққан кезде шағын ауылдың жігіттері бір дүрлігіп қалды. Дүрліккенде, үйленген адамды көрмей жүргендіктен немесе Бонапарттың жігіт болғанына керемет қуанғандықтан емес, просто тойдың арақсыз өтпейтінін ойлап қуанысты.


Жаушы жіберу, құда болу, бетке ұн жағысу, қызға белгі салу т.с.с. толып жатқан жоралғылар артта қалып, той күні белгіленді. Ерігіп жүрген ешкім жоқ, жұрттың бәрінің шаруасы бар, сондықтан той болатын күнді жұртқа күні бұрын хабарлау қажет болды.


Сөйтіп, аттай бір айдан соң Бонапарт келіншегін алып келу керек боп шешілді.


Тойға аттай бір ай қалғанда, кешке қарай Әбдәшімнің үйі кенет абыр-сабыр болды да қалды. Әйелдер сыбырлай сөйлесіп, ауладан балалар аласталып, иттер ұясына қуып тығылды.


Айрықша күтпеген оқиға кезінде жиналатын ауылдың бес-алты шал-шауқаны мен көзқарақты төрт-бес еркегі Әбдәшімнің түпкі үйіне кіріп алып, ұзақ кеңесті.


— Қырсық! — деді әлден соң орта жастағы Дөржан ашық тұрған терезеден жартылай шегілген папиросын шиыра лақтырып.


— Туғаннан қырсық еді, әлі қырсығып келеді.


— Масқара! — деді қәлпе шал көзін жұмып.


— Енді ел-жұртқа не дейміз! — деді Дөржан терісіне сыймай. Дөржан — бұларға екі атадан барып қосылатын ағайын, яғни Бонапарттың немере ағасы боп келеді. Жас жағынан алғанда ол Әбдәшімнен бес жас кіші, бірақ, әкесі Әбдәшімнің әкесінен үлкен, сондықтан ол бұлардан өзін биік ұстауға, ақыл-кеңес беруге, керек жерінде дауыс көтеруге, тіпті, азаматтық право жағынан төмен тұрған бұлардың кейбір шектен шығыңқырап бара жатқан тентектеріне ауық-ауық қол жұмсап қоюына, тіпті, шешелерінен боқтауға да қақысы бар.


— Құдд-аның құдіреті!...— деді Рәт ақсақал өзімен-өзі ақылдасқандай аспанға қарап.


Жерге жайылған кең дастарқан төңірегіндегі адамдар тағы үнсіз қалды. Ауыр ойдан бәрінің еңселері түсіп, алдарына қойған кеседегі шайларының әлдеқашан суып қалғанына ешқайсысы да мән берген жоқ.


«Төтенше комиссия» Әбдәшімнің үйінде ерекше оқиғаны талқылап жатқан шақта бүкіл ауыл колхоздың басқарма мүшелерінен бастап мектептің педсоветіне дейін дүрлігіп, сол жақтан келетін хабарға құлақ түрумен болды. Ауылды аяғынан тік қойып, құлақ біткенді қалқайтып кеткен не еді соншалықты?


Мәселе...


Қысқасын айтқанда, бір айдан кейін келіншек әкелетін боп отырған Бонапарт сүндетке отырғызылмаған боп шықты.


Бұл күтпеген оқиға еді. Оның әсері төбеден жай түскеннен бір де бір кем болған жоқ.


— Қап!— деп тағы бір күрсінді Дөржан ішін өртеп бара жатқан күйікке шыдай алмай. — Қап! Айналдырған алты балаға жөндеп қарай алмай!.. Әй, адам алты бала емес, алдындағы алты жүз қойдың да қайсысы қалай екенін біліп жүреді ғой. Немене, алтыншы балаңа келгенде албасты басып қалды ма бәріңді!..


— Енді... тірлік, тірлік деп жүріп... Қалай ұмытып кеткенбіз... басым жетпейді, — деп күмілжіді Әбдәшім.


— Тіршілік бәрімізде де бар. Осы отырғандардың біреуі бос емес, — деп Дөржан отырғандарды қолымен сыпыра көрсетіп шықты.


— Ал, мына ақсақалдың тоғыз ұл, он алты немересі бар. Шаруасы сенен де көп. Бірақ ол бірде-бір баласын ұмытып сен секілді масқара болған жоқ. Солай ма, ақсақал?


— Құдай бетін аулақ қылсын,— деп шал сақалын ашулана сипады.


— Ал, сен ұмыттың... балалар ұмытты, ана қатының қайда қарап жүр?


— Ол да... Жұмыс... бала көп... Масқара боп.


— Масқара! Масқараның көкесі әлі алда!— деді бұларға ұрысуға да, кей сәтте қол жұмсауға да моральдық правосы бар Дөржан. — Бұл хабар ертең құдалардың құлағына шалынсын, масқараның көкесін сонда көреміз.


Бұлардың ашу-ызасы қанша қатты болғанымен осы кезге шейін өз іштерінде еді, Дөржан кеп қазанның қақпағын ашып қалғанда оның тұншыққан буы аспанға атылып, шудасы әп-сәттің арасында бұларға әләзір сын көзбен қарап отырған құдалар ауылына қарай шұбатылып жүре берді. Онсыз да тығырықтан жол таппай амалы құрып отырған дастарқан басындағылар мынадай келеңсіз әңгіменің құдалар ауылына жетпей тынбайтынын ойлағанда әрқайсысы отырған-отырған орнында қара жерге кіріп кете жаздады.


— Ал, енді не амал бар? — деді Дөржан отырғандарға түгел қарап шыққан соң «бәленің бәрі сенде» дегенді танытып Әбдәшімге қадала қарап: — Не айтасың?


— Не айтушы ем... Масқара болдық. Бір албасты басыпты...


Өлі тыныштық қайта орнады. Ол тым ұзаққа созылып, еңсені езіп бара жатыр еді, кенет Масақбайдың үні естілді.


— Осы уаққа шейін түк сезбей келіп-келіп, дәл бүгін қалай біле қойдыңдар?— деді ол жұрттың бәрін кінәлаған дауыспен


— Нені?— деді өз қиялымен өзі боп отырған Әбдәшім, әуелгіде түкке түсінбей.


— Нені болушы еді, әлгіні де! Балаңның бәлесін айтам! Жүріп-жүріп кеп дәл әйел алатын кезде!.. — Ол мырс етіп теріс айналды. — Ақыры ұмытқан екенсіңдер, сол бойы ұмытып жүре бермедіңдер ме? Енді кеп табан асты елді дүрліктіріп. Солай-ақ жүре берсе... балаларының аузы қисық болады деп пе едіңдер. Отыр ғой анау теміржолдың ар жағында бір қора орыс. Дау да жоқ, дамай да жоқ, балаларының бәрі балапандай сүп-сүйкімді. Ал, қыздары қандай сұлу, үріп ауызға...


— Әй, Масақбай, не оттап отырсың!— деп Дөржан оның сөзін бөліп жіберді. — Кімнің сұлу, кімнің албасты екенін сенен біреу сұрады ма?


— Енді... сұрамаса айтпау керек пе?


— Ал, құдаларға не дейміз? Соны ойласайық та.


— Е, оларға не деу керек? Ештеңе демейміз. Олардың... біздің ішкі шаруамызда несі бар? Тексереді дейсің бе?


Ол суып қалған шайын ұрттағаны сол еді, ойына қайдағы бір бәлелер түсіп пысқырып кеп жіберді. Бүркілген шай жамбастап жатқан Дөржан мен ең үлкен ақсақал Рәттің бетін жуды да кетті. Әлдене дегелі аузын аша берген Дөржан мен ауыл басына туған мынадай ауыр жағдайдан жол табу үшін дамылсыз сақалын салалап отырған Рәт суға түскен мысықтай пысқырынып, табан асты өздерімен өздері әлек болды да кетті. Рәт ақсақал жұқа шапанның ішкі қалтасынан шаршысын алып, көзін тарс жұмған бойы бет-аузын сүрте бастап еді, үй иесі Әбдәшім есік жаққа қарап өрт шыққандай айғай салды.


— Су, су әкеліңдер! Тез!


Күні бойы тек осы жарлықты ғана аңдып есік алдында тапжылмай отырғандай қағылез қара бала жез шылапшын мен жез құманды алып үйге жалаңдап кіріп келді. Оның шапшаң қимыл-әрекеті мен жарқ-жұрқ еткен көз жанарына қарап, қолға су құю үшін емес, біреу-міреудің кесілген басын алып кету үшін келген екен деп ойлап қалуға болар еді. Тым болмаса айыбымды осымен жуайын дегендей Масақбай да жалаңдап тұрған баланы Рәт пен Әбдәшімге қарай жалма-жан итере қойды.


Бетіне шай бүркілген екеуі кезек-кезек шайынып алды.


— Харамы тірлік! — деді Рәт ақсақал бетін орамалмен сүртіп жатып. — Бұл кәпірдің аузынан шашыраған шайдан харам судың иісі шығады дүр!..


— Бә-сс-се! — деп Дөржан Масақбайға ызбарлана қарады. — Неғып бұл табан асты лепіре қалды десем, бір бәленің доғы бар екен ғой. Таң атпай қайдан ішіп жүрсің ей, а?


Масақбай тас керең адамша мелшиіп отыра берді.


— Әй, айтсаңшы, таң атпай қайдан ішіп жүрсің? Бүкіл ауылда бір тамшы арақ жоқ еді ғой.


Ол жұмған аузын ашпады.


— Вот партизан! — деді Дөржан ызаланып. — Қайдан таптыңдар деймін! — Иә, қайдан іштің? — деп Әбдәшім де сұраққа араласты. — Түсіп пе? — Ол иегімен дүкен жақты мегзеді.


Масақбай басын болар-болмас изеді де:


— Жаңа ғана, — деді күбірлеп.


Рәт ақсақалдан басқа еркектердің бәрінде белгісіз бір шыдамсыздық пайда боп қозғалақтай бастады.


— Сөзбұйдаға сала бермей тез шешейік — деді Дөржан әлгі хабардан соң кенет жұртты асықтырып. — Көп езіп отыратын не бар, кессек кесейік, кеспесек осы бойы жүре берсін.


Сөйтіп, ауылдағы «төтенше комиссияның» шешімі бойынша Бонапарт сүндетке отырғызылатын болды. Ол көп ұзамауы тиіс, бүгін, лажы болса жұмыстан шақырып келіп түске шейін-ақ тындырып тастау керек деп шешілді. Мұндай асығыстық биылғы жылғы ауа райының аса қолайсыз боп, күннің тым ысып тұрғанына байланысты еді... «Төтенше комиссия» мүшелері осындай аптап кезінің өзінде де кесілген дененің ары кетсе он бір, он екі күнде жазылатынын, тым болмады дегенде Бонапарттың басқасын былай қойғанда жолға жүруге жарап қалатынын анық есептеп алып, асығыс бата жасады.


Рәт ақсақал өз шешімінің ләззатына шомып оңаша үйде шай ішуге қалды да, орта жастағылар Масақбайды алға сап колхоз дүкеніне қарай шұғыл аттанды.


Есік алдында тұрған үш аяқты екі мотоциклдің біреуі өрістен мал алып келуге, екіншісі Бонапартты әкелуге кетті.


Аула ішіндегі балалар жататын жаздық киіз үй түгел босатылып Бонапартқа берілді.


Арада екі сағаттай уақыт өткенде операция басталып кетті: киіз үйдің ішінде Рәт ақсақал Бонапартты сүндетке отырғызып, бастырма астында Масақбай мен Дөржан қара қошқардың терісін сыпырып жатты.


Бонапарт, әрине, бос жүрген адам емес, ол да өзгелер секілді коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасауға белсене атсалысып, бөлімшенің шеберханасында мотористің көмекшісі қызметін атқарып жүрген. Бір емес екі күн қатарынан жұмысқа келмеген соң шеберхана меңгерушісі Испанәлі мен моторшы Вьетнамбек үшінші күні кешке қарай Әбдәшімнің үйіне келді. Екеуі аулаға кіргені сол екен Әбдәшім оларды күні бойы аңдып тұрғандай қақпа алдынан қағып алып, ай-шайға қарамай түпкі үйге кіргізіп жіберді.


Төрде дастарқан жаюлы тұр екен. Дастарқан үстінде ашылмаған екі бөтелке «пшеничная» мен грузин коньягін көріп, жұмыс бабымен келген екеуінің ресми жүзіндегі сұстылық табан асты сұйылып сала берді.


— Жата берсін, — деді түн жарым ауа аяғын шалыс басқан Испанәлі ауладан шығып бара жатып.


— Әбден жазылғанша жатсын, — деді Вьетнамбек Бонапарттың халін өз көзімен көріп тұрып. — Есейген кезде... бұл деген... қиын болады. Нишево! — Ол көзі балпиып жатқан Бонапарттың шашын ұйпалап қойды. — Менің... әйелімнің ағасы... үй... үйленген соң барып нетілген... оған қарағанда сен... сен қайда-а... енді үйленгелі ғана жатсың...


Ертесіне дәрігер Оскар (Асқар) келді. Ол да әйелімен таң ата кетті.


— Жата берсін, — деді ол да. — Қанша уақытқа болса да, бюллетень дайын, маған десе екі ай жатсын!


— Біреу-міреу тексеріп келе қалса ауруханадан бүгін әкелдік деңіздер, — деп әйелі де оларға ақыл-кеңес берді.


Сонан соң парторг, агроном, бас инженер келді.


Сонан соң колхоз бастығы келді.


Әбдәшім мен әйелі қонақ күтуден әбден қажып, жиған-терген қаражатын тойға дейін-ақ бітіруге айналды.


Келген қонақтардың бәріне ортақ бір-ақ нәрсе айтылды, ол — бұл оқиғаны жан адамға айтпау.


Бәрі де уәде берді.


Бонапарт бір жеті жатты — жазылмады, екі жеті жатты — жазылмады. Әбдәшімнің үй-іші әбіржи бастады. Дөржан болса құдайдың құтты күні жұмыстан келе салып Бонапарт жатқан қараша үйге кіреді де:


— Қалайсың? — дейді. Ол үндемейді, немере ағасына қарап есі ауысқан адамдай балпиып жатады да алады. Ертесіне тағы келіп.


— Қалай?— деді.


Ол иығын қозғады.


— Қалайсың ей? — деді екі күннен соң. Үшінші күні:


— Қалайсың ей, иттің баласы? — деді ашуланып. — Неге жазылмайды о бәлең!


— Қайдан білейін...


— Сен білмегенде кім біледі, айдалада жүрген мен білем бе?


— Енді қайт дейсің. Ойнап жатқан жоқпын ғой.


— Сен бәле жұмыстан қашып әдейі жатқан шығарсың. Ары кеткенде он күнде жазылып кететін нәрсе еді ғой.


— Сенбей тұрсың ба?


— Әрине. Дайын тамақ, салулы төсек. Ей, мынауың не?— Дөржан оның жастығының астынан аузы қылтиып тұрған бөтелкені суырып алды.


— Қайнаған су ғой... — деді Бонапарт күмілжіп.


— Қайдағы қайнаған су? Оның саған не керегі бар?


Бонапарт не дерін білмей күмілжіп қалды. Дөржан да қазымыр бәле екен, бөтелкенің тығынын ашып иіскеп көрді. Мұрнына сенбегендей тіліне бір-екі тамызды. Енді оның шын арақ екеніне көзін жеткізіп алмақ болғандай жұтып алды да:


— Арақ қой мынауың, — деді оған зекіп. — Мұның не?


— Жігіттер тез жазыласың деген соң...


Дөржан ойланып отырды да, бөтелкеден тағы да екі рет жұтты. Зоотехникпен таңға шейін ішкен Дөржанның арақсіңді денесі әлгі үш-төрт жұтымнан соң-ақ бойы қызып шыға келді.


— Ей, сенің мына жатысың жатыс емес, — деді оған төне сөйлеп. — Айтшы, не ойлап жатсың? Бір айдан соң... тойыс, он төрт күннен соң қалыңдығыңды алып келуге барасың... Ал сенің мына гәупек басыңа түк те кіріп-шығатын емес.


— Енді не дейсің маған. Өздерің ғой...


— Оңбаған, жатып ішер. Ей, баяғыда өзіміз, — ол тағы ұрттап алды, — үш-ақ күнде тұрып кеткенбіз, білдің бе?


— Ол баяғыда. Қазір басқа заман.


— Мына мисыздың айтып жатқанын қарашы ей, немене, заман өзгерді деп адамның жаратылысы да өзгереді деп пе ең? Терің жаман! Терісінің жамандығы нағашыларына тартып туар ма бұ бәленің.


— «Жігіттің жақсылығы нағашыдан» деген.


— Жат тыныш, уәж айтады тағы да. Не бетіңмен мақалдатып жатсың.


— Енді менің не кінәм бар?


— Әкең де оңбаған, сен де оңбағансың! — Дөржан күйікке шыдай алмай арақтан молдау-молдау екі жұтты да, оны қайтадан жерге қоюдың керегі болмас дегендей бөтелкені қолынан шығармаған бойы әңкілдей сөйлеп кетті. — Бәрің оңбағансыңдар! Жүріп-жүріп кеп үйленуге бір ай қалғанда ойлауын! Болды, үндеме! — Ол әлдене дегелі келе жатқан! Бонапарттың аузын аштырмады. — Ертең тағы келем. Тырыссайшы. Жазылам деген ниет жоқ қой өзіңде. — Ол арақтың қалғанын қағып салды да, бөтелкені ешкім көрмесін деп омырау қалтасына салып қойды.


— Ішіңнен құдайға сиын! Бонапарт! Садаға кет сен Бонапарттан.


Ол кенет қарқылдай күлді. — Бонапарттарының «Жиделі» колхозында қандай халде жатқанын француз бейшаралар естісе қалай болар екен,ә! Естігенімен қоймай келіп көрсе!.. Ах-ха-ха! Бонапартқа да сол керек!


Ол есікке жете беріп кері бұрылды да:


— Ішпе арақты! Сені құртып жатқан сол! — деді де тәлтіректей басып шығып кетті.


Бонапарттың жайы ағайын-туысты шынымен әбігерге түсірді. Қалыңдыққа баруға он күн қалғанда ауылдағы баяғы «төтенше комиссия» Әбдәшімнің үйіне сәскеге жуық тағы жиналды.


«Комиссияның» шешімі бойынша Бонапарт молдаға қаралды, кешкілік ақ тауықпен аласталды, қара қой сойылып еті жұртқа таратылды, әулиенің басына түнетілді, үй сыртынан мылтық атылды. Бәрі зая кетті. Ағайын-туыстың амалы таусылып, енді не істерлерін білмей салдары суға кетіп отырғанда үйге Масақбай кіріп келді.


— Бір сағаттан соң орталық телевизиядан Кашпировскийдің сеансы беріледі. Ол деген нағыз әулие. Қырық жыл жатқан салды орнынан тұрғызып, таздарға шаш шығарып жатыр. Телевизорды Бонапарт жатқан үйге шығарайық.


— Онда розетка жоқ — деді Әбдәшімнің барлық жағдайдан жақсы хабардар кенже қызы тақ етіп.


— Жоқ болса о бәлені сүйемелдеп телевизор тұрған бөлмеге әкелу керек.


Дәл солай етілді... Сеанс басталуға он минут қалғанда Дөржан мен Масақбай Бонапартты телевизор алдына әкеп жатқызды да, осы сеансты баяғыдан көрмек боп жүрген бала-шаға мен қыз-қырқын, кемпір-кешек түгел көрші үйге көшірілді.


Сеанс басталды. Кашпировский әсер етті ме, әлде өздеріне ғана белгілі бір күйдің әлдиінен бе, әлден соң Масақбай мен Дөржан қалғып-мүлгуге кірісті. Сеанс сиқырына енген адам әдетте арнайы бұйрық алғанша оянбау керек еді, бірақ, бұл екеуі ауық-ауық селт етіп, Кашпировскийге бір, көзі балпиып жатқан Бонапартқа екі қарап қойып, ара-арасында сөйлеп отырды.


— Қалай? — деді Дөржан бір оянып кеткен кезінде немере інісіне қарап.


Бонапарт үндемеді.


— Әсері бар ма? — деді Масақбай жақсы жауап алуға зарыққан үнмен.


Ол тағы үндемеді.


Кашпировский сөзін жалғастырды: «Мен аурулардың атын атамаймын. Менің сөздерімдегі белгісіз құдірет ауру атаулының бәрін өзі тауып жатады. Адам организмінде біз білмейтін тылсым қуат бар. Мен соған сенемін. Ол күшті біз ешқашан анық айта алмаймыз. Менің сөздерімнен кейін сіздердің бойларыңыздағы сол ғажайып қуат оянады. Оянады да тәндегі кесел атаулымен өзі күреседі. Сеанс кезінде сіздер ештеңе ойламаңыздар, бойдағы кесел жайлы ұмытып кетуіңізге де болады. Сонда да сеанс құдіреті ауруды өзі іздеп табады. Мен жайлы не ойласаңыздар да еріктеріңізде. Мен оны көңіліме алмаймын. Өйткені мен сіздерге жақсылық қана тілеймін...»


— Сен неге ұйықтамайсың ей, — деді Дөржан тағы бір селт ете түскенде інісіне кейіп.


— Тұмшалап жауып апсың, ашып отыр, ашып отыршы, — деді Масақбай Бонапарттың үстіндегі жұқа көрпені төмен ысырып. — Ұялма. Еркектер ғана отырмыз ғой. Во, осылай...


Ол Бонапартты жалаңаштап қойды.


«Сеанс кезінде сіздер өз тірліктеріңізбен айналыса беріңіздер. Үйге көршілеріңіз келсе, немесе отта тұрған шәйнек қайнап кетсе, бала жыласа — телевизор, алдынан тұрып кете беруге болады. Сеанс құдіреті бәрібір сізді іздеп табады. Енді ояна бастаңыздар. Команда беремін. Онға шейін санаймын. Бір. Екі. Үш. Сіздердің ұйқы құшағына еніп, белгісіз бір құдіреттің әсерінде отырғандарыңыз— жақсылықтың нышаны. Төрт. Бес... Енді ояна бастаңыздар. Алты. Жеті...»


Сеанс біткен соң Дөржан мен Масақбай Бонапартты қараша үйге қайта апарып тастады.


— Енді жазыласың, — деді екеуі қосарлана сөйлеп.


Дөржан жастықтың астына қолын жүгіртіп көріп еді, іздеген нәрсесі жоқ боп шыққанына іштей налып қалды.


— Жоқ па, әлде тығып қойдың ба?— деді Дөржан, інісі төсекке жайғасып болған соң.


— Анау, керегеде ілулі тұрған грелканы ал...


— Маладес! — деді Масақбай әйелі ұл тапқандай қуанып.


— Алқаш,— деді Дөржан грелканың аузын ашып жатып. — Бүйте берсең өмірі жазылмайсың, арақ сіңген теріге бір емес он Кашпировский де түк істей алмайды, білдің бе?


Көршіге кеткен бала-шаға мен келін-кепшіктер шуылдап аулаға кіргенде, Дөржан мен Масақбай грелканы қойындарына тығып қараша үйден атып-атып шықты.


Әбдәшімдер әулеті келген қонақтардың бәрінен бұл оқиға туралы жан адамға тіс жарып айтпауын қанша қадағалап тапсырғанмен, ел құлағы елу, күйеу жігіттің мынадай масқара күйде жатқаны жайлы хабар сыздықтап отырып құдалар жағына да жеткен еді. Әуелгіде олар сенбеді. Қауесет ұлғайып бара жатқан соң қыз әкесі түнделетіп Әбдәшім аулына бір жансызын жөнелтті. Ертесіне ол қайтып келді. «Не болды? деп анталаған жұртқа ол:


— Масқара болдық, рас екен, — деді салы суға кетіп.


Әйелдер бетін шымшып, еркектер үнсіз күрсінумен болды. Қалыңдық түпкі үйге кіріп алып ағыл-тегіл жылады.


Сол күні түнде бұлардың да үйінде «төтенше комиссияның» жиналысы өтті.


Мынандай бұрын-соңды болмаған қорлыққа төзе алмаған қыз әкесі ет жақын ағайындарымен бір түнде Сырдың ар жағындағы жаңа ашылып жатқан совхозға көшті де кетті.


Бұл екі арада Бонапарттың да беті бері қарап, атқа отыруға жарап қалып еді. Әбдәшімнің үй-іші мен жақын туыстары Бонапарттың аман-есен жазылғанына қатты қуанып, Аллаға разылық білдіріп жұма намаз күні қара тоқты сойып той жасады. «Әуелі құдай, сонан соң Кашпировский! — деп Масақбай өзеуреп қоймады. — Оған телеграмма жолдамасаң адамгершіліктен айрыламыз».


Кашпировскийге телеграмма жолданды.


Дөржан мен Масақбай Бонапарттың жазылғанын жұртқа көрсету үшін кешқұрым оны тор атқа мінгізіп алды да, ауылды бір айналып шықты. Қайтар жолдарында совхоз кеңсесіне соғып, оның алдында тұрған Дзержинскийдің ескерткішіне гүл қойды. Бұлар ескерткіш қасына келгенде водовоз айдайтын Маркен ескерткіштің шаңын жуып болып, әлдекімді сыбап боқтап, шлангаларын жинап жатыр екен.


— Кімді боқтап жүрсің ей?— деді Дөржан оны қорқытпақ боп.


— Кімді болушы еді, әйтеуір сен емессің.


— Енді кімді?


— Бәрін.


— Онда мен де кеттім ғой.


— Кетсең кет, өзгелерден әулиемісің?


— Көппен көрген ұлы той, жарайды, кеттім, — деді Дөржан мынандай қуанышты күні дарқандық танытып.


— Атам заманғы милицияның бастығына ескерткіш қойып, — деп бұрқылдады су тасушы, — бұл біздің ауылға келген жоқ, біздің ауыл оны танымайды да, сөйтіп оған ескерткіш қояды. Қойса қойсын-ау, жууын айтсайшы. Өзін шинелімен қойыпты, қатпар-қатпарына тұрған шаңды кетіру құдайдың бір азабы.


— Оған нең кетті, суды шашасың да кетесің.


— Нем кетуші еді, уақытым кетеді. Бұл үшін совхоз директоры маған бір тиын да төлемейді. Ал мен бір рейсті кем жасаған боп шығам. — Ол сөздің аяғын орысша-қазақша боқтаумен бітірді де машинасына отырды.


— Маркен, біздің Бонапарт жазылды,— деді Масақбай ат үстінде қыздай сызылып отырған жігітке сүйсіне қарап.


— Жазылмайтын ол СПИД деп пе едің, әрине жазылады.


— Жүз грамға қалайсың?


— Жоқ. Тағы бір рейс жасауым керек. Мынаған кеткен уақытымды өтемесем болмайды, — деп ол Дзержинский ескерткішіне қарап қойды.


— Бүрсігүні құдалыққа барамыз, қаласаң бірге жүр.


— Қайдағы құдалық?


— Не, білмейтін бе ең?


— Білем, бірақ бармайсыңдар?


— Неге? Не деп тұрсың өзің?


— Сол, бармайсыңдар. Құдаларың көшіп кеткен. Алдыңгүні «үйленуге бір ай қалғанда сүндетке отырғызылып жатқан жындыға беретін қызымыз жоқ» деп олар әулетімен Сырдың ар жағына көшіп кетті.


Осыны айтты да Маркен есігін сарт жауып жүріп кетті.


Төбелерінен жай түскендей бұлар бір-біріне қарап сілейіп тұрды да қалды.


Сол күні түнде бұл хабардың рас-өтірігін анықтап білу үшін Әбдәшім құдалар ауылына бір жансызын аттандырды. Ертесіне ол қайтып келіп, анталап тұрған оларға:


— Масқара болдық, рас екен! — деді салы суға кетіп.


Ағайындар арасында дау-жанжал бұрқ ете қалды. Бәрі Әбдәшімді жерледі, «есек» деді, «шошқа» деді, «мисыз» деді, теңемеген жан-жануарлары қалмады. Оны біржола илеп болған соң баласына ауысты. Оны да «ит» деді, «шошқа» деді, «терің адамның терісі емес, доңыздың терісі» деп ұрысты. «Жалпы, біздің тұқымға тартпағансың» деп келіп, нағашы жұртына да тіл тигізіп өтті.


«Төтенше комиссия» түнделетіп тағы бас қосты. Сол комиссияның шешімі бойынша ел-жұртқа масқара боп отыра берудің енді орынсыз екені айтылып, Әбдәшім ең жақын туыстарымен бірге Созақтың мидай даласына жеті отар қой алып, өз бетінше арендалық әдіске көшіп тынды.


Көшкен кезде олар Бонапарт жатқан қараша үйді жұртқа тастап кетті, «барлық қырсық — осыдан» деп жорыды.


Бұл екі арада Кашпировскийдің кезекті сеансы телевизордан тағы берілді. Сеанс кезінде ризашылық білдірген көп телеграмманың бірі етіп ол Бонапарттан барған мағынасы жат, сөзі бұлдыр телеграмманы оқып өзі де таң қалды. Телеграмма мынандай түрде беріліп еді:


«Аса құрметті Анатолий Михайлович! Сіз— жер бетіндегі ең ұлы адамсыз. Сізге дүниежүзіндегі әрбір үй есігінің алдына бір-бір ескерткіш қоюлары керек. Мен, Бонапарт, әке-шешемнің салақтығынан үйленуге бір ай қалғанда сүндетке отырғызылып едім. Есебіміз бойынша ары кеткенде бір жарым жетіден соң жазылып, үйленуге жарап қалуым керек еді. Бірақ жағдай біз ойлағандай болмай шықты. Терім жаман ба, әлде Рәт ақсақалдың ұстарасы дезинфекцияланбаған ба, сүндетім үш жетіде де жазылмай қойды. Құдалар мен қалыңдығымның алдында енді масқара болғалы тұрған жерімде сіз мені құтқарып алдыңыз. Сіздің бір сеансыңыздан соң мен құлан-таза сауығып, атқа мініп шабатын болдым. Екі күннен соң қалыңдығымды әкелуге барамын. Сізге мың да бір рахмет. Қолыңыз тисе біздің ауылға келіңіз.


Сізге табынушы — Бонапарт»


Сеанс үстінде ештеңеге түсінбей Кашпировскийдің өзі де тұтығып қалды.


— Ғажап! — деді ол әлден соң барып. — Жер беті ғажайыпқа толы деген осы. Жолың болсын, Бонапарт! Үйленуге көмегім тигені үшін аса қуаныштымын.


Арада он күн өткен соң Әбдәшімнің жұртында қалған қараша үйдің сыртқы жағына қылжақбас жігіттер мынандай жазуы бар тақта іліп кетіпті:


«Бұл үйде 1989 жылы 8 июль мен 28 июль аралығында Бонапарт сүндетке отырғызылған».


Бұл жазуды көрген адам күлмей өтпейтін болды.


Қазақ боп өмір сүру қызық сияқты.





Пікір жазу