24.11.2021
  591


Автор: Бексұлтан Нұржекеев

Інжу-маржан секілді

Жердің әсемдігін қаншалық жанат деп мақтағанмен, оның өмірлік даңқын шығаратын да; аялап, сүйіспеншілікпен сәндендіретін де ел мен жердің өз перзенті — адамдар. Жердің шын қазына, ең қымбат інжу-маржаны да сол адамдар. Жетісу жерінің даңқы өнерпаз ұл-қыздарының арқасында ежелден асқақ.


Қазақтың қадірлі ұлдарының бірі Шоқан Уәлихановтың өмірінің соңы осы өлкеде өтті. Қазақтың бар-жоғы отыз жыл ғана өмір сүрген ғұлама оқымыстысы Жетісу жерінің табиғатын, онда өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының әдет-ғұрпын, әдебиеті мен мәдениетін зерттеп, талай-талай құнды пікірлер жазып қалдырды.


1864 жылы көктемде Шоқанның генерал Черняевтің әскери экспедициясына шақырылғандығы тарихтан мәлім. Ал экспедицияның негізгі мақсаты Қазақстанның Оңтүстігін Россияға бағындыру болғаны тағы белгілі. Шоқанның ойынша, елді бағындыру келіссөз арқылы бейбіт жолмен шешілуге тиіс еді, алайда Әулиеата қаласын аларда қатыгез генерал Черняев отаршыл мінезбен қару жұмсап, жазықсыз жандарды қырғынға ұшыратты. Оның ол әрекеті қазақ Шоқан тұрмақ, Россиянин, озық ойлы адамдарының өзін қатты тіксіндірді. Черняев секілді қатыгез отаршылдың қол астында Шоқан қызмет істей алмады, 1864 жылдың жазында ол қатыгез генералдың қылығына қарсы болған бір топ офицермен бірге Верный қаласына қайтады. Аурудан, жағдайдың қиыншылығынан әбден қалжыраған Шоқан өзінің туған жері Омбыға барғысы келмейді. Сөйтіп, албандардың аға сұлтаны Тезек төренің аулында қалуды ұйғарады. Сонда барып Тезек төренің қарындасы Айсарыға үйленеді. Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерде Тезектің аулында 1865 жылдың апрелінде Шоқан отыз жасында ауыр науқастан қаза табады. Ол ара қазіргі Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына қарайды.


Шоқан өлетініне көзі жеткен соң әкесіне хат жазып, әйелі Айсарыны Жетісудан елге алып кетуді өтінеді. Оның сол соңғы өтінішін орындау мақсатымен жазда Көкшетаудан Алтынемелге арнайы адамдар келеді. Олар Шоқанның басына күйген кірпіштен күмбез тұрғызады. Ол күмбездің фотосуреті және Потаниннің қарындашпен салған суреті сақталған, ал бірақ күмбездің өзі сақталмаған, кейін мүжіліп біткен.


1881 жылы Шоқанның ғылыми еңбектерін бағалаған Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның тілегімен оның басына Колпаковский мәрмәрдан құлпытас қояды. Құлпытасқа қазақша және орысша жазулар жазады. Ол жазудың тексін Кауфманның өзі құрастырыпты да, оны И. Ибрагимов деген кісі аударыпты. Құлпытастың мәрмәрін Екатеринбургтен алдырыпты, одан Омбыға жеткізіп, содан Семей арқылы Алтынемелге әкеліпті. Ол құлпытастың да біраз өзіндік тарихы бар. Соның бәрін 1978 жылы «Жалын» альманағында (№ 1) басылған «Шоқан Уәлиханов және Жетісу» атты мақаласында Әріпбай Алыбаев жолдас нақты мысалдармен келтіреді. Ол мақалада Алтынемел баурайындағы ел-жұрттың Шоқан бейітін қалай күткені, басына қорған тұрғызғаны, ақырында республика басшыларының араласуымен қазіргі ескерткіштің орнау тарихы жан-жақты баяндалады. 1958 жылы орнатылған ескерткіштің түбінен Колпаковский қойған жазулы мәрмәр тас та орын алған. Шоқан өмірінің соңы өткен Алтынемел баурайында қазір Шоқан атында колхоз, онда оқымыстының өмірі мен творчествосына арналған музей бар.


Шоқан өмірі жайында академик жазушы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романын, «Шоқан Уәлиханов» пьесасын жазғаны белгілі. Жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің «Қоянкөзге құлаған жұлдыз», «Мен сізді сүйемін» атты повестері де Шоқан өмірінің әр кезеңдеріне арналған. Орыс жазушысы С. Марков Шоқан өміріне арнап «Биікке беталғандар» атты роман, жазушы Сапарғали Бегалин «Шоқан асулары» атты повесть, ал Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Жарылғап Бейсенбаев «Шоқан ізімен» атты деректі очерктер жазды. И. Стрелкова 1975 жылы орыс тілінде «Достым менің, баурым менің» атты повесть-хроника; ал 1983 жылы «Тамаша адамдардың өмірі» атты серия бойынша «Уәлиханов» деген кітабын Москвадан басып шығарды. Ал Шоқанның өмірі мен творчествосына арналған ғылыми зерттеулер мен мақалалар қаншама десеңші?! 1961 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясы Шоқан шығармалар жинағының бес томдығын академик Ә. Марғұланның зерттеу мақаласымен орыс тілінде шығарған-ды. Республика жұртшылығы Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 жыл толу мерекесін атап өту қарсаңында қызу әзірліктер жүргізуде.


Шоқанның Жетісу жерінде болу және Жетісу жерін жазу тарихы — үлкен зерттеуге лайықты нәрсе. Шоқанның өмір тарихын шола қарағанның өзінде-ақ Жетісуға байланысты біраз маңызды дерек байқауға болады. Бұл өлкеге оның әлденеше рет жолы түскен. Алғаш Шоқанның Жетісуға аяқ басуы — 1855 жылы. Генерал Гасфортпен бірге ол бұл сапарында Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Тарбағатайды аралайды. Оның оқымыстылық қабілеті де осы жолы біраз адамдардың көзіне шалынады, әсіресе Гасфорт қатты риза болып, оған әскери атақ беруге ұсыныс жасайды.


1856 жылдың май айында Шоқан М. Хоментовскийдің әскери-ғылыми экспедициясымен бірге саяхатқа шығады. Сол сапарында Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі аралықтағы Жетісу жерін тағы мұқият аралайды. «Ыстықкөл сапарының күнделігі» атты шығармасында Шоқан осы жолда алған өз әсерін, жер мен суға байланысты ойларын, пікірлерін ғылыми негізде жазып қалдырған. Сол жылдың август айында Шоқан Құлжа қаласына барады. Ол сапардың барлық саяси, географиялық маңызын қазіргі оқырман ойдағыдай білуге тиіс, өйткені оның бәрін Құлжа өлкесі жайындағы шығармаларында Шоқан егжей-тегжейлі жазған-ды. Ал бізге ең керегі — бұл жолы Шоқанның қазіргі Кербұлақ, Гвардия. Панфилов аудандарының территориясы арқылы өткендігі. «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты күнделік жазбаларында Шоқан қазіргі Панфилов ауданының Белжайлауы, Жаркент қаласы жайында құнды-құнды пікірлер айтады.


1857 жылы Шоқан Жетісу өлкесіне тағы оралады, қырғыз елін аралайды. Содан қашан Қашқарияға аттанғанынша ол Жетісу жерінде болады. Ал 1858 жылдың 28 июнінен 1859 жылдың 12 апреліне дейін — 10 ай 14 күн бойы — өзінің әйгілі Қашқарияға сапарын ойдағыдай орындап шығады.


Шоқан бұдан кейін 1861 жылы да Алматыда болды деген дерек бар (Ә. Алыбаев). Ал одан кейінгі Жетісу жеріне біржола оралуы, жоғарыда айтқанымыздай, 1864 жылдың көктемі. Осында Шоқан Тезек төренің қарындасы Айсарыға үйленеді. Ел аузынан естіген әңгімелеріне сүйеніп, Ә. Алыбаев жолдас Шоқанның әйелінің аты Айсары емес, Айсара болуы керек деген жорамал айтады, алайда ол пікірдің анық-қанығына жету қосымша зерттеулерді қажет етеді.


Шоқан өміріне, сондай-ақ Жетісу жерінің тарихына біраз байланысы бар адамның бірі — Тезек төре. Ол — Әділ сұлтанның баласы Сүйік Абылайхановтан туған, арғы атасы — хан Абылай. Әділдің екі баласы болған: бірі — Ералы, екіншісі — Нұралы. Қолайлы қоныс іздеп көп көшіп-қонғандықтан, сан рет жұрт жаңалағандықтан, ел Нұралыны Көшен деп, Ералыны Тезек деп атап кетіпті (Ә. Алыбаев). Шоқанның әйелі — Тезектің ағасы Нұралының қызы.


Тезек төре ептеп өлең шығаратын, қалай болғанда да қазақтың өнерлі адамдарына ерекше ілтипат жасаған, керек жерінде оларды сыйлаған, енді бір жағдайларда олардан қорыққан да адам сияқты. Қазақ әдебиетінің тарихы Тезек жайында тәп-тәуір деректер сақтаған.


Тезек, жалпы, өз кезіндегі ақылды, замана ағымын дұрыс аңғара білген болса керек. Ол орыстың саяхатшы оқымыстысы П. П. Семенов-Тяньшанскиймен таныс болған, жақсы сыйласқан кісі екен. Семеновпен, Шоқанмен тікелей араласуы, сөз жоқ, Тезекке белгілі дәрежеде игі ықпал етті деп ойлаймыз.


Жыр алыбы атанған Жамбылдың ұстазы ақын Сүйінбаймен, айтыстың асқан шебері Бақтыбай ақынмен, әйгілі Түбекпен қақтығысулары Тезектің біраз қырларын ашады. Бақтыбайдан жеңілгеннен кейін, қасында отырған Қожбанбет биге: «Қожбанбет, мен сияқтанған төре туады, сен сияқтанған би туады. Қайтпай-қажымай, ойындағы сөзінен жаңылмай айтатұғын Бақтыбайдай ақын тумайды»,— деуі; Сүйінбайды:


«Жақсы ақын үйге келсе, қыдыр — ырыс,
Айтқаны Сүйінбайдың бәрі дұрыс.
Көргенді не де болса бетке айтатын,
Адамнан сирек туар мұндай туыс», —


деп бағалауы Тезектің де көкірегі ояу екендігін аңғартады. Әйткенмен оның қанаушы таптың өкілі болғандығын, ұрлық-қарлыққа, зорлық-зомбылыққа жол бергендігін біз ұмытпауға тиіспіз.


Кезінде Тезектен ықпай, оның мінін бетіне батыл айтқан Бақтыбай мен Түбек ақын да қазіргі Талдықорған облысының территориясында өмір сүрген. Екі ақынның да өмірі мен творчествосы әзірге аз зерттелген. Қаратал өңірінде өмір сүрген Бақтыбай атақты ақын Әсетпен де айтысыпты, оның басқа да шығармалары соңғы кездерде белгілі бола бастап отыр. Ал Түбек ақынның Тезек төремен қалай жолыққанын, қалай қақтығысқанын талдықорғандық қарт ақын Мұқаш Байбатыров толық жырлайды, өкінішке орай, ол кісінің жырлау нұсқасы зерттеушілердің назарына әзірге іліге қойған жоқ.


Жетісу жерінің мәдени тарихынан үлкен орын алатын адамның бірі — ақын, композитор, әнші Әсет Найманбаев. Әсет басқа жақта туғанмен, оның ес білген балалық өмірі де, жігіттік, азаматтық шағы да Жетісудың Лепсі уезінде өтеді. Оның көп аралаған, тұрақтаған жері — қазіргі Талдықорған облысының Үшарал, Андреев, Лепсі; Семей облысының Мақаншы аудандары.


Елу бес жасқа келіп қайтыс болған Әсет (1867-1922) соңына бай әдеби және мәдени мұра қалдырған адам. Оны қазақтың ежелгі өнері ақындар айтысының әйгілі классигі деуге болады. Әсет творчествосын өмірбаянының қызғылықтылығына, шытырмандығына баса назар аудармай-ақ, шығармаларының көркемдік мәніне қарап та жете танып білуге болады. Оның өлеңдерін, айтыстары мен қиссаларын өмірі, өмір тарихы деп тану ләзім. «Әсет өйткен», «Әсет бүйткен» деген сан алуан алып қашты сөздердің төрелігін де, шындығын да бүкпесіз ашып беретін ең сенімді қазы — оның өз өлеңдері.


Әсет оқыған, өз кезеңі үшін әжептәуір көзі ашық, білімді ақын болған. Оның ой өрісі, білім дәрежесі айтыс кезінде айтқан пікірлерінен де, келтірген мысалдарынан да аңғарылады. Орыс халқының ұлы ақыны Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасын қазақша қисса етіп жырлауы, шығыс халықтарының, атап айтқанда, араб және парсы әдебиетінің кейбір үлгілерін қазақша қиссаға айналдыруы; қазақ арасынан шыққан Кешубай атты үлгілі азаматтың өмірін дастан етуі — соның бәрі Әсеттің творчестволық диапазонының кеңдігін дәлелдейді.


Әсет, әрине, тап қайшылығын ғылыми тұрғыда түсінбеді, тап күресіне тікелей ісімен араласпады, алайда сөзімен де, ісімен де әділдікті жақтады, төрелердің, байлардың елге зиянды әрекеттерін әшкереледі. Әділдікті жақтау, адамгершілікті уағыздау Әсет творчествосының өмір өзегі болды. Ол тіпті осы мақсат үшін діни сюжеттерді де кеңінен пайдаланды.


Әсеттің әншілігі ме, композиторлығы ма әлде ақындығы ма — қайсы қыры басым дегенде кесіп жауап бере алмайсың, мүмкін де емес, Оның әншілігіне төрелік айту, әрине, қиын, өйткені өз құлағыңмен естімеген дауысқа қалайша баға берерсің. Бірақ оның өлеңдеріндегі «Арындап ән сала ма дарымаған», «Ән салсаң, Әсеттей сал әсемдетіп», «Айғайға қайран даусым ерінбеген» тәрізді өз сөздеріне, көз көргендердің куәлендіруіне қарап, зор дауысты әнші болғандығын болжаймыз, Әндерінің жоғары дауыспен шырқауды қажет ететіндігі де оның өз даусынан хабар бергендей.


Әсеттің «Інжу-маржан» әні — Естайдың «Қорланы» сияқты махаббат гимніндей ән. Әуендік құрылысының күрделігілі де, әуезділігі де «Қорланға» ұқсайды. Бұл әнге байланысты бір күдік — қазіргі айтылып жүрген өлеңі әуен мәніне, әннің мақсатына үйлеспейді, соған қарағанда, бұл сөздер «Інжу-маржанның» өзінікі емес. Өйткені ғашықтық әніне «Әуелетіп ән салса әнші Әсет» деу де, ««Әсеттей сал, ән салсаң аңыратып» деу де жарасып, жымдасып тұрған жоқ. Әр екі жолдан кейін алмасып келетін «Еркем, сені сағындым», «Сағынбасқа не шара» секілді қайырма тіркестер де, «Сейпілмәлік — Жамалдай бейнетіңе көнсем-ай, Қозы Көрпеш — Баяндай бір молада өлсем-ай» дейтін негізгі қайырма да біз айтып жүрген ән тексінің мәнінен мүлде алшақ. Ал «Інжу-маржанның» өз сөзін табу мүмкін бе, жоқ па деген мәселе — аса шешуі қиын мәселе, бірақ үміт үзуге тиісті емеспіз.


«Інжу-маржан» Әсеттің жас кезінде шығарған алғашқы әндерінің бірі болса керек. Себебі махаббат жайындағы ән де, өлең де адамның жастық шағында тууға тиіс. Оның үстіне Әсеттің «Қозы Көрпеш — Баяндай» деген сөзді айтуы да бекерден-бекер болмаса керек. Оның жігіттік дәурені Лепсі уезінде өткені, ал Қозы мен Баянның бейіті де сол өлкеде екендігі белгілі. Қозы мен Баянның күмбезін көрген жас жігіт адал махаббат жайында қиялдамады, олар жайындағы жырды естіп тебіренбеді дейсіз бе? «Сейпілмәлік — Жамалдай» деуіне қарағанда, ол әнді шығарған кез Әсеттің медреседе оқып жүрген немесе оны оқып кеткен кезі де болар. Әйгілі «Мың бір түнде» айтылатын махаббат хикаясы жас ақынның құлағына сол медреседегі оқу арқылы жеткені шүбәсіз секілді.


Әсеттің «Қисмет» әні де өз сөзімен айтылып жүрген жоқ және ол әнді Әсеттің өзі де әуел бастан белгілі бір тұрақты сөзбен айтпаған секілді. Өзінің ұзақ өлеңдерін, қиссаларын ол әр кез осы әнмен орындап отырған болу керек, сондықтан Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі Дәнеш Рақышевтің айтып жүрген тексін осы әнге тұрақтандыру әбден дұрыс деп білеміз. Ал «Қисмет» сөзінің мәні көптен бері белгісіз болып келген еді, оны қазақы мағынаға жақындатқымыз кеп, әркім әр түрлі жорамалдап келдік. Жорамалдан шындыққа шығуымызға 1983 жылы Москваның саяси баспасы шығарған «Атеистік сөздік» кітабы себеп болды. Онда «Қисмет» (Кисмет) сөзі түрік сөзі деп көрсетілген (222-бет). Ал ол ислам дінінде жер бетіндегі барлық әрекет, адам тағдыры алланың алдын ала шешімі бойынша болады дегенді білдіреді екен. Қазақшалағанда, шамамен, «жазмыш», «пешене» деген мағынаға жақындайды.


Қазір әншілер халық әні деп жүрген «Смет» атты ән бар. Оның сөзі ақын Иса Байзақовтікі, әнін біліп, өлеңін ешкім есінде сақтамаған соң, Иса оған жаңа текст шығарған. Ал енді «Смет» сөзінің мағынасын іздеген кейбіреулер оны «Цветмет» дегенмен яғни «түсті металлургия» сөзімен байланыстырып жүр. Отызыншы жылдарда «цветмет» сөзі қазіргідей кең қолданылмаған еді және қазіргі көнекөз қарттар ол сөздің бұл әнге еш қатысы жоқтығын айтады. «Смет» әні — отызыншы жылдардан бұрын да бар ән. Біздіңше, осы «Смет» те, Әсеттің «Қисметі» де бір әннің өзгертіліп айтылып жүрген екі нұсқасы. Оған екі әнді салыстыра тыңдап отырып оңай көз жеткізуге болады. Екі әннің екпіндете айтылатын басталу кезі де, үзіп-үзіп айтылатын қайырмасы да өте ұқсас. Айырмашылықтың өзі екпінге, созылымдылығына ғана байланысты. Ондай-ондай өзгешеліктеріне бола бірнеше нұсқада айтылып, тартылып жүрген әндер мен күйлер қазақта аз емес. Мәселен, «Қосбасардың», «Қос алқаның», «Бұлбұл» мен «Байжұманың» бірнеше нұсқалары бар. «Назқоңыр», «Жиырма бес», «Бурылтай», «Қорлан» әндері де бірнеше нұсқада айтылып жүр. Осы тұрғыдан келгенде, «Смет» деген де «Қисмет» сөзінің айтыла кеп өзгерген түрі, ал ән де Әсет әнінің өзгере орындалып жүрген бір нұсқасы деп білген жөн сияқты.


Әсет — көп айтысқан ақын. Оның Бақтыбаймен, Рысжанмен, Мәлике қызбен, Сәмет төремен, Арап ақынмен, Кәрібаймен айтысқаны белгілі, Сәмет төре қазіргі Алакөл ауданының Қызылащы деген жерін мекендеген, оның әкесі Малай төре деген кісі болған. Қызылащы деген жер — қазір Киров атындағы совхоздың орталығы. Ал Арап ақынның мекені осы ауданға қарасты Белқұдық деген жер болыпты. Араптың әкесі Әмір, оныкі Андас деген кісі екен. «Әмір тамы» деген жер Алакөлде әлі де бар.


Бір-екі ауыз сөзбен Әсет қақтығысқан адамдар өте көп, оның бәрін іздеп тауып, асыл мұраны қағазға түсіріп қалу — бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Оның өміріне, творчествосына байланысты даулы мәселелер де толып жатыр. Семей қаласындағы Абай музейінде Әсет пен Әріп те айтысқан деген дерек жазулы тұр, ол айтыстан бір-екі шумақ үзінді де келтірілген. Абай, Әсет және Әріп үшеуі бір жерде қолма-қол жарыса өлең шығарған деген де әңгіме айтушылар бар. Оның бәрі — болашақ зерттеуді, дәлелдеуді күтетін мәселелер.


Әсет жазған дастандар мен қиссалар бір төбе. Алакөл ауданы «Көктұма» совхозының «Ақши» фермасында тұратын Сүлеймен Әбділдаев деген ақсақал Әсет айтыстары мен қиссаларын түгелдей дерлік білуші еді, 1984 жылдың қысында қайтыс болды. 1983 жылы 17-18 ноябрь күндері Сүлеймен ақсақал бізге Әсеттің Ырысжанмен айтысын, «Кешубай» атты дастанын, «Француз», «Үш жетім қыз» («Сәмсая»), «Шеризат», «Барат қыз» қиссаларын жырлап берді. Әсеттің бұлардан өзге «Сәлиқа — Сәмен» дастаны, «Ағаш ат», «Евгений Онегин» қиссалары бар екені де белгілі. Әсет А. Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аудармаған, оның мазмұнын негізге ала отырып қисса етіп қазақша жырлаған.


Әсет ақынның фотосуреті сақталған, оны 1977 жылы жазушы Сапарғали Бегалин «Мәдениет және тұрмыс» журналында жариялады, ақынды фотосуретке Шынжаң өлкесінде Мұқаметжан Юсупов деген кісі түсірген.


Әсет айтыса жүріп көп ақынды жеңген, Бақтыбай мен Кәрібайдан ғана жеңілген. Оның Кәрібаймен айтысының екі нұсқасы белгілі. Бірінде айтыс үшінші жақта баяндалады, ал екіншісінде Кәрібайдың өз аузынан қисса етіп жырланады. Айтысты қисса етіп жырлау қазақ дәстүрінде өте кең тараған. Біржан мен Сараның, Әсет пен Ырысжанның айтыстары ел аузында қисса болып сақталған.


Көне көз қарттардың әңгімесіне қарағанда, Әсет ақын кезінде айтыстың басқа түрлеріне де қатысқан. Мәселен, Шыңжаң өлкесіндегі қазақтар арасында «тау айтыс», «су айтыс» сияқты айтыс түрі болған. Ол айтыс бойынша әр ақын өзінің тауын немесе суын өлеңге қосқан, кім жақсы жырласа, тапқырлық танытса, сол жеңген. Ақындардың нені жырлауына байланысты айтыстың аты да шартты түрде «жайлау айтыс», «қыстау айтыс» болып аталған. Бұл — қазіргі белгілі тақырып бойынша қолма-қол өлең шығаруға өте жақын әдіс. Әсет ондай айтыстарға да қатысқан деген сөз бар.


Әсеттің Кемпірбай ақынның көңілін сұрай барғандағы өлеңі де мұқият зерттеуді күтіп тұрған дүние. Ол өлең қазіргі біз білетін баспа жүзін көріп жүрген нұсқадан әлдеқайда көлемді. Сол көлемді нұсқа Б. Бейсебайұлының жаздыруында Ғылым Академиясында сақтаулы, бірақ, неге екенін, әзірге ғалымдар ол нұсқаны зерттеу нысанасына айналдырмай жүр. Бұл өлең Әсеттің адамдық, азаматтық қасиеттерін тануда көп қызмет атқара алады. Ақын ағаның ауру екенін естіп, көңіл сұрауға алыстан келуінің өзі Әсеттің үлкен адамгершілігін дәлелдейді. Ол Кемпірбайға: «Адамның бірі емессің әншейін жай. Жеті күн жолаушылап келіп тұрмын... Інілік сәлемімді беріп тұрмын»,— дейді. Осындай-осындай дерек беретін өлең жолдары арқылы да Әсет ақынның өмірбаянын толықтыра түсудің реті келетін тәрізді.


Осы өлеңнің әні де Әсеттікі деп ойлаймыз. Өйткені Кемпірбай екеуінің амандасып бақұлдасуының бәрін өлеңмен бізге жеткізіп отырған адамның өзі Әсет. Соны жұртқа әнге сап насихаттаушы Әсет болуға тиіс. Оның үстіне әнші Жәнібек Кәрменов айтып жүрген бұл әуен Әсет стиліне өте ұқсас. Сондықтан ән де Әсеттікі деуге қақылымыз Қалайда Әсет пен Кемпірбайдың арасында қимас араластық болған, Оған Кемпірбайдың мына сөзі де дәлел:


«Бек өмір еске түсіп жасымдағы,
Хал сұрап Әсетпісің қасымдағы.
Қарауытып қара көр келді білем,
Аласарт жастығымды басымдағы».


Әсет те ә деп амандасқанда, «Қосылып жүруші едік жасымызда,— дейді, соның бәрі жайдан-жай айтыла салған сөздер болмаса керек. Зерттеуші ғалымдарды осы тектес жарты ауыз сөз де құпия қоймаға жетелеп әкелуі әбден мүмкін.


Әсет ақынның мұрасын сақтаушылар ел арасында әлі де көп. Оның біраз шығармаларын ақсулық ақын Қуат Терібаев кезінде ел арасына көп насихаттаған екен. Жетісу жұртшылығы Әсет есімін әрдайым зор ілтипатпен атайды, үлкен ақынның өміріне байланысты елді мекендер мен азамат аттарын мақтанышпен есте сақтайды.


Жетісу жұртшылығы ғана емес, күллі қазақ халқы есімін зор мақтанышпен атайтын ақын Сара осы өлкеде 1878 жылы туып, 1916 жылы 38 жасында дүние салған. Оның әдеби мұрасы жиналып, 1980 жылы «Жазушы» баспасынан «Тордағы тоты» деген атпен жарық көрді. Ол жинаққа Сараның әйгілі Біржан салмен айтысы, басқа да ақындармен қақтығысы, сондай-ақ бір топ өлеңдері енген.


Ақын Сараның өмірі мен творчествосы жайлы кезінде М. Әуезов, С. Мұкаков, Ғ. Мүсірепов, Қ. Жұмалиев, Е. Ыслмаилов, М. Ғабдуллин, Б. Кенжебаев, І. Омаров, Ш. Ахметов, С. Қайнарбаевтар келелі-келелі пікірлер айтқан. Оның өмірбаяндық деректерін ғылыми негізге түсіріп, ел аузында сақталған өлеңдерін жинап жариялау жолында көп еңбек сіңірген адам — қазір Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров селосында тұратын Тәңірберген Қалилаханов ақсақал. Жоғарыда аталған «Тордағы тоты» кітабына алғысөз ретінде «Ақын Сара» атты мақала жазып, сол кітаптың жарық көруіне нақты еңбек сіңірген де сол кісі.


Қазақтың дүлдүл композиторы, асқақ әншісі Біржан сал ақын Сарамен 1895 жылы Ешкіөлмес тауының бауырында айтысқан. Біржан ол кезде 61 жаста болса, Сара бар-жоғы 17-де еді. Екі ақынның айтысын 1928 жылы қаза болған Шөпшекұлы Ахмет деген кісі өз көзімен көреді (І. Омаров). Бұл айтыстың екі нұсқасы сақталған. Бірінші нұсқасын 1898 жылы Қазанда «Қисса. Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» деген атпен Шайхұлисламов Жүсіпбек қожа бастырады. Ол нұсқаның ішінде: «Әлқисса, Жүсіпбек қожаға Сара қыздың Біржанмен айтысқанын қыздың өзі аузынан осылай деп бастан-аяқ баян қылғаны айтысқанның келер жылында»,— деген деректі мәлімет бар. Демек, Жүсіпбек қожа бұл айтысты Сараның өз аузынан жазып алған ғой. Біз кейде осындай жазба деректерге ден қоймай, қайдағы бір алып-қашты әңгімелерге әуестеніп кетеміз де, анық нәрсенің өзін тұмандатып жібереміз.


Айтыстың екінші нұсқасы да Қазанда 1899 жылы «Қисса. Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны» деген атпен басылып шығалы. Бұл нұсқаның көлемі біріншіге қарағанда сәл көбірек (173 жол). Сірә, Әріп ақынға байланысты қауесеттер сол қосымшаға байланысты өрбіген болар. Артық жолдардың иесі Әріп Тәңірбергенов болуы әбден ықтимал. Ал айтыстың негізгі тексі екі нұсқада да бірдей.


Сараның әкесі — Тастанбек, шешесі — Жаншөке деген кісі. Біржанмен айтысқан соң Жиенқұлға телінген басы азаттық алғанмен, Сара бәрібір сүйген жігіті Күсембайға тие алмайды, ақыры 1897 жылы Бекбай деген кісімен қосылады, ол күйеуі 1931 жылы 60 жасында қайтыс болыпты. Сонда, олар үйленгенде Сара 19 жаста, ал Бәкбай 26 жаста болған.


Ақын Сараның өмірі М. Телебаевтың «Біржан — Сара» операсына арқау болды, операның либреттосын ғалым-ақын Қажым Жұмалиев жазды. Жазушы Бек Тоғысбаев «Ақын Сара» атты пьеса жазып, ол облыстық театрда қойылды. Туыстарының, көзін көрген адамдардың айтуларына сүйеніп, ақын Сараның суретін Қазақ ССР халық суретшісі Әбілхан Қастеев салып шықты, ал оның ескерткішін СССР архитекторлар қоғамының мүшесі М. М. Ващенко жасады. Қапал ауданында Ешкіөлместің баурайында «Ақын Сара» атты совхоз бөлімшесі бар, Талдықорғандық ақын-қыздарлы жұртшылық құрметпен «Ақын Сараның сіңлілері» дейді, Сара есімін халық қатты қастерлейді.


Қазақ совет әдебиетінің классигі және негізін қалаушылардың бірі Ілияс Жансүгіров 1394 жылы қазіргі Талдықорған облысының Aқсу ауданында Қарағаш деген ауылда туған. 1984 жылы жазда оның 90 жылдығын бүкіл республика жұртшылығы салтанатпен атап өтті. Оның мұрасы тек қазақ емес, бүкіл совет әдебиетінің қазынасына қосылған асыл мұра болып есептеледі. Партия мен үкіметіміз Ілияс ақынның Отан алдында сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Қазақстанның бірсыпыра село, совхозы және мектептері Ілияс Жансүгіровтің есімімен аталады. Талдықорған қаласында I. Жансүгіров атындағы педагогикалық институт бар. 1973 жылы негізі қаланған бұл институтта қазір 5 факультет, 23 кафедра бар, онда 190 оқытушы жұмыс істейді, оның 41-інде ғылыми атақ бар. Институт жанында 1978 жылдан бері студенттердің «Жетісу» атты ән-би ансамблі жұмыс істейді, ол 1979 жылы көркемөнерпаздар коллективінің бүкілодақтық байқауында лауреат атанды. Сондай-ақ институтта студенттердің күшімен орыс халық аспаптары оркестрі құрылған. Көп жылдар бойы институт жанында I. Жансүгіров музейі жұмыс істеп келді, қазір ол музейдің қоры Талдықорған қаласында ашылған ақын музейіне берілді.


Талдықорған облыстық драма театрына, облыс орталығындағы Мәдениет сарайына Ілияс Жансүгіровтің аты берілген. Ақсу ауданының орталығы қала үлгісіндегі поселке «Жансүгіров» аталады Ақын өміріне арнап талдықорғандық драматург Құдаш Мұқашев «Дала дастаны» атты пьеса жазды, ол М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында қойылды Ілияс Жансүгіровтің бес томдық шығармалар жинағы 1960-1966 жылдарда басылып шықты.


Ілияс творчествосына басты ықпал еткен — халық ауыз әдебиеті мен Абай өлеңдері. Кейін, Москвадағы Коммунистік журналистика институтын бітірген соң, ол орыс әдебиетінен, сол арқылы дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілерінен өнімді үйрене бастады. Ілияс Жансүгіров ақын Әсетті көрді ме. жоқ па — белгісіз, бірақ белгілі дәрежеде оның творчествосына алғашқы кезде Әсет өлеңдерінің де әсер еткені байқалады «Әнші» деген атпен Әсет өлеңін Ілекеңнің өз өлеңдерімен бірге сақтап келуі де бекер eмec. Ал «Әншіге» аталатын Ілиястың алғашқы өлеңдерінің біріндегі:


«Қайғылы, мұңды, өнерлі, шерлі жанға
Ой салар, ойын түртер, жыбыршытар.
Елітер екілентер елбіретер —
Толғантар, толғақ салар толықсытар», —


— деген жолдар; «Бұлбұлға» атты өлеңіндегі:


«Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып,
Тамсандым тамағымның суын жұтып
Толқытып, толықсытып, емірентіп,
Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық»,—


деген лықсып төгілген тіркестер еріксіз Әсеттің:


«Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебені, дәсерлетіп.
Шырқатып шығандатып шалықтатып,
Шапшытып шүмектетіп, нөсерлетіп»,—


деген жолдарын еске түсіреді. Сөз жоқ, бұл ұқсастықтар — алғашқы үйренудің, ынтығудың әсері. Әсет ақын Ақсу, Қапал төңірегін көп аралаған, Бақтыбай ақынмен айтысқаннан кейін Маманның аулында бір айға жуық аялдапты деген де әңгіме бар. Соған қарағанда, Ілекеңе Әсет ақынның әсер етуі әбден мүмкін.


Ілияс ақынның қаламынан шыққан «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» поэмалары және «Гималай» өлеңі — тақырыптың-идеялығы жағынан да, көркемдік-суреткерлігі жағынан да қазақ совет әдебиетінің үздік үлгілері, классикасы. Бұл шығармаларындағы ой келісімі, төгілген сөз үйлесімі, көркем суреткерлік, табиғи жымдасқан ұйқас — барлығы да ана тіліміздің асқан құдіреттілігін көрсететін нәрселер. Сол құдіретті қолымен жасаған ақынды халық қалайша құрметтемесін?!


«Күйші» поэмасындағы Қарашаш пен күйші жігіттің іштей арбасуы, хан Кененің қарындасына күйші жігіттің күймен сыр айтуы, ақырында бәрінен де безіп, бас бостандығын сұрап алуы — осының бәрінің психологиялық-драмалық көркемдікпен шешілуі — оқырманның сиынан өлмей кетпейтін суреттер. Өнерпаз күйшінің шеберлігі қандай, ол тартқан күйлердің құдіреті қандай?! Қарадан шыққан құл деп бағалай тұра бір сәт жігіт тартқан күй әсерімен ханша Қарашаш былай толқиды:


«Бұл сорлы Дулат па екен, Үйсін бе екен?
Күйшім боп өміріне жүрсін бе екен?
Сүйкімді жігіттің бұл бұлбұлы ғой
Қарашаш осыған-ақ тисін бе екен?» —


деп жанталасады.


Ілиястың «Күй» атты шығармасындағы «Қобызшы Молықбай шал Матайлағы» дейтін Молықбай қазіргі Ақсу ауданының «Қызыл таң» қой совхозы территориясында өмір сүріпті. Молықбайдың әкесі Байсақ та, оның әкесі Бұғыбай да асқан қобызшы адамдар болыпты. Молықбайдың қара қобызы әкесі Байсақтан қалған мұра көрінеді, атақты күйшінің ол қобызы қазір Талдықорған облыстың өлкетану музейінде сақтаулы. Кейбір деректерге қарағанда, Молықбай ақсақал ептеп өлең де шығарған көрінеді. Ол кісі 1924 жылы Талдықорған қаласында қайтыс болыпты.


Ілияс, жалпы, өнер адамдарын өте қастерлеген кісі. Әсетті, Молықбайды, Сарыүйсін күйшіні құрметтеуі, Ақансерідей ел ардағына арнап «Құлагер» атты поэма жазуы осыған дәлел.


«Тегінде, тегін бе екен Ақан сері,
Бұл да бір емес пе екен елдің ері?
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе
Ел, тегі, алсын қайдан кемеңгерді?!» -


деуі де тегін емес.


Ілияс «Жолдастар» атты роман, «Исатай-Махамбет», «Кек», «Түрксіб» драмаларын, көптеген фельетондар мен сатиралық әңгімелер де жазған, аудармалар жасаған. Ілияс халықтың әдеби мұрасын жинап, оны кітап етіп бастыруға да кеп көңіл бөлген. Оның жинауымен Ақан серінің өлеңдері, Шәкәрім Құдайбергенов жырлаған «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы, Сүйінбай Аронұлының, Албан Асан ақынның өлеңдері кезінде жеке-жеке кітап болып басылған-ды.


Ілияс туған Талдықорған облысы талантты ақын жазушыларға ежелден бай. Қазақ совет әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі марқұм Ғали Орманов, Қазақ ССР мемлекеттік, Қазақстан Ленин комсомолы және Джавахарлал Неру атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты Әнуар Әлімжанов, жазушылар Кәкімжан Қазыбаев, Сайын Мұратбеков, Кемел Тоқаев, ақындар Қастек Баянбаев, Сәкен Иманасов, Рахметолла Нұрпейісов, Тұрсынзада Есімжанов, Марфуға Айтхожина — осы облыста туып өскен таланттар. халық ақындары Қалқа Жапсарбаев, Темірғали Рүстембеков, Артық Жексенбектовтер де Талдықорған еңбекшілерінің жарқын өмірін жырлап өткен жандар.


Жетісу жерін атақты Біржан салдың ғана емес, Балуан Шолақ пен әнші Майраның да табаны басқан. Балуан Шолақ Жетісу жерінде шамамен 1913-1916 жылдар аралығында болған сияқты және үш-төрт жылдай аялдаған көрінеді. Өзінің туып-өскен Көкшетауына қайтар кезде ол:


«Аман бол, Шапырашты, Албан, Дулат,
Дертіме шипа болдың жүргенде улап.
Жалайыр, Қаңлы, Ошақты, жалпы Үйсінді.
Аралап сайрандадым аунап-қунап», —


деп қоштасу өлеңін де шығарыпты. Осы сапарында ол әнші бала Кененмен кездеседі, оған мейірі түсіп батасын береді.


Осы күнгі Ақсу ауданының Ш. Уәлиханов атындағы совхозына қарасты Қарағаш деген жерде 1910 жылы Мамания мектебі ашылғаны белгілі. Ол 200-ге тарта шәкірті бар сегіз кластық медресе болыпты. Қазақ халқының классик ақыны Ілияс Жансүгіров те сол мектептен сауат ашыпты. 1910 жылдың күзінде Ақсудағы осы мектепке директор болып Қарқаралы уезінен Мұстахым Малдыбаев деген жігіт семьясымен көшіп келеді. Ал оның әйелі әйгілі әнші Майра еді. Олар Мамания мектебінде бір жылдай болады, М. Малдыбаев кеткеннен кейін ол мектепке Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген Файзырахман Жиһандаров деген татар жігіт директор болыпты. Майра әнші бір жыл ішінде Ақсу, Қапал, Тасбекет, Баянжүрек, Күреңбел, Басқан, Алтынарық, Сағабүйен бойындағы елдерді аралап өз өнерін көрсетіпті. Майраны жүзбе-жүз көріп әнін естіген ақсулық Нұрсейіт Жақыпов, Молдабек Сүлейменов сынды ақсақалдар екен.


Жетісу жерінде Жанақ ақын да болған. Өзінің негізгі мекені Ұлытау жағы болғанмен, Жанақ Қамбарұлы Жетісу өлкесіне жиі ат ізін салып тұрған. Ол айтыста найманның Түбек бастаған он алты ақынын жеңген деген әңгіме бар. Айтыстың асқан шебері Жанақ өмірінде Сабырбай деген ақыннан ғана бөгелсе керек. Жанақ жайында Уәлиханов та, В. В. Радлов та жазған. Шоқан одан «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырын, ал Радлов «Жанақ пен бала ақынның айтысын» жазып алған. Жанақ ақынның өлеңдері ішіндегі бізге толығырақ жеткені де және ең мәндісі де оның Рүстем төреге айтқаны болу керек. Жанақтың ол өлеңі Шернияз ақынның Баймағамбет сұлтанға, Сүйінбай мен Бақтыбайдың Тезек төреге айтқандары сарындас. Жанақ өлең арнап отырған Рүстем — ақын Ілияс Жансүгіровтің «Рүстем қырғыны» атты поэмасына кейіпкер болған қаныпезер адам. Жанақ өлеңінің уыттылығымен, сөзінің шыншылдығымен сондай қаныпезерді де иілткен.


Талдықорған облысында туып-өскен тағы бір тума талант — Қазақ ССР халық суретшісі, республика мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбілхан Қастеев. Оның туғанына 80 жыл толуын жұртшылық 1984 жылдың қысында кеңінен атап өтті. Қазақ ССР Мемлекеттік көркемөнер музейіне Әбілхан Қастеевтің аты берілді. Қастеевтің творчествосы, өмірі жайлы Ф Дінисламов, Н. Оразбеков «Әбілхан Қастеев» (1964), Е. Вандовская «А. Кастеев» (1955), Е. Минкульская «А. Кастеев» (1956) атты кітапшалар жазды. Жазушы Әміртай Бериев «Өнер» баспасынан «Өнердегі өнегелі өмірлер» сериясы бойынша 1982 жылы Әбілхан ағаның өмірінен «Арманына жолыққан адам» деген атпен ғұмырнама кітап шығарды.


Егер менен: «Барынша адал, адамдарды танымай-білмей тұрып алаламайтын, тіпті кезінде өзіне қиянат жасаған адамдардың өзін де ел-жұрттың мүддесіне орай кешіре білетін; адамдардың әр ісіне елдік, халықтық тұрғыдан қарап қана баға беретін бір адамды өміріңде көрдің бе?»— деп сұраса, мен мақтанышпен: «Көрдім. Ол — Әбілхан аға!» — дер едім ойланбастан. Ондай адамды көру, онымен сөйлесіп пікірлесу творчество адамы үшін сирек кездесетін бақыт деп ойлаймын. Қай өнердің де болмасын темір өзегі адалдық емес пе, ал өміріңде адалдықтың идеалы боларлық бірде-бір адамға жолықпай тұрып адалдық жайында жазу қиын-ақ қой. Өмірде нағыз адал адамдардың болатынына көзі жетпеген, көңілі сенбеген кісілер қаншама талантты болғанмен де, түбінде әлдекімдерге орынсыз ықылас жасап, ұсақ пендешілікке орын беріп алады. Ондай осалдықтан, орынсыз бұрып, жөнсіз ықылас білдіруден Әбілхан аға ада еді. Үлкен-кіші оны алдымен сол адалдығы үшін сыйлайтын. Өзінің жағдайынан бұрын өзгенің жағдайын жасауды ойлайтын адам еді.


Әбілхан Қастеев — қазақ совет бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Ол ұзақ жылдар бойы, 1945 жылдан 1956 жылға дейін, Қазақ ССР Суретшілер одағы басқармасының председателі болып қызмет атқарды. Ол қазіргі Панфилов ауданына қарасты Киров колхозының Шежін деген ауылында 1904 жылдың 1 январында дүниеге келген, 1973 жылы 69 жасында Алматыда қайтыс болды. Жас кезінде әкеден айрылған бала байдың қойын бағады, қой баға жүріп тасқа қашап сурет салады, тастан қашап әр түрлі бейнелер жасайды. Кейін Түрксіб темір жолын салуға қатардағы жұмыскер ретінде қатысады. Сонда жүріп сурет салғыштығымен көзге түседі. 1929 жылы Алматыдағы Н. Г. Хлудовтың студиясына қабылданады. 1931-1934 жылдары Москвадағы Крупская атындағы көркемсурет студиясында оқиды.


«Мектепте», «Көгілдір киімді қазақ қызы», «Түрксіб», «Пішен шабу», «Колхоз тойы», «Ескі және жаңа тұрмыс», «Қазақстанда Қызыл Армияның ұйымдастырылуы» сияқты туындылары оған жұртшылық назарын қатты аударды. 1944 жылы Әбілхан Қастеевке республикада бірінші рет Қазақ ССР халық суретшісі деген құрметті атақ берілді.


Ә. Қастеев — республика шежіресін қылқаламмен жазып шыққан адам. Ол сурет арнамаған республика өміріндегі елеулі оқиғалар кемде-кем. Оның қылқаламынан мыңнан астам көркем туындылар шыққан, соның дені Советтік Қазақстанның мәдени және экономикалық жетістіктерін көрсетеді. Қастеев жаңалыққа өте елгезек қараған, елдің өміріндегі тарихи белестерге әрдайым бірінші болып үлес қосып отырған. «Түрксіб», «Қызыл отау», «Жайлаудағы радио», «Таудағы мұз айдыны», «Тың игеру», «Соколов-Сарыбай кені», «Бесжылдық құрылыстары», «Қазақстан байлығы», «Қапшағай су электр станциясы» сияқты туындылары бұл пікірімізге толық дәлел бола алады.


Ә. Қастеев портрет салудың асқан шебері саналады. Оның «Ана суреті» аталатын портретін дүние жүзілік шебер туындылардың қатарына жатқызуға болады. Қазақ әйелінің ойлы әрі өткір көзқарасын, әжім басқан мейірімді бет пішінін, салиқалы адамға лайық сабырлы отырысын суретші теңдессіз шеберлікпен бере алған. Әйелдің қымқырған ернінде, дөңгелек иегінде бірден байқалатын ұлттық мінез бар.


Халықтық талантты, адал еңбегімен аты шыққан ұл-қыздарының портретін салуды Әбекең өмірлік принцибіне айналдырған. Қазақтың батыр ұлы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қолбасы Аманкелді Имановтың портретін Әбекеңнің қалай салғанын ел-жұрт әбден жақсы біледі. Қазақтың айтыскер ақынының бірі Сүйінбай Аронұлының суретін салу жолында да Әбекең ұзақ еңбектенеді. Бірде-бір суреті сақталмаған адамдардың бейнесін көз көрген кісілердің айтуымен жасап шығуы Әбекеңнің әрі еңбекқорлығын, әрі ізденімпаздығын, сонымен бipгe сөзден сурет көре білетін кемеңгерлігін аңғартса керек. Ол портретін жасаған Абай мен Жамбыл, Сәбит Мұқанов пен Кенен Әзірбаев, Нұрмолда Алдабергенов пен Нығмет Сауранбаев, Социалистік Еңбек Ерлері Т. Қадыров пен Мәриям Ниязова, қазақтың ардагер ұлдары Тоқаш Бокин мен Ғани Мұратбаев, тағы басқалары —қазақ халқының мәдени және экономикалық өсуіне өзіндік үлес қосқан, үлес қосып келе жатқан адамдар.


Ә. Қастеев — өзінен кейінгі жастарға мінезімен, өнерге деген адалдығымен ұстаз бола білген кісі. Қазіргі қазақ көркемөнерін өрге сүйреп келе жатқан талантты ұрпақтың біразы Әбекеңнің тәрбиесін, үлгісін көргендер. Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының председателі Ш. Ниязбеков; Қазақ ССР халық суретшісі, республика мемлекеттік сыйлығының лауреаты А. Ғалымбаева; Қазақ ССР халық суретшісі, СССР көркемсурет академиясының корреспондент мүшесі, республика мемлекеттік сыйлығының лауреаты К. Телжанов; Қазақ ССР халық суретшісі, республика мемлекеттік сыйлығының лауреаты X. Наурызбаев; Қазақ ССР еңбек сіңірген опера қайраткерлері М. Кенбаев, С. Мәмбеев; Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Ә. Хайдаров, Ү. Әжиев, тағы басқалары — Әбекеңнің тәлім-тәрбиесін алған суретшілер. Ал талантты жас суретші Анарбек Нақысбеков — Әбекеңнің ізін қуып келе жатқан Талдықорған облысының түлегі.


Талдықорғандық таланттарды ауызға алғанда, Күләш пен Қанабек Байсейітовтерге айрықша тоқталмай кету үлкен күнә болар еді. Қанабек Байсейітов 1905 жылы 15 мартта қазіргі Қаратал ауданының «Қалпе» совхозына қарасты Айдар деген жерде, ал Күләш (шын аты Гүлбаһрам) Жасынқызы 1912 жылы 2 майда Алматы қаласында туған. Қанабек қазақ музыкалық театрының негізін салушылардың және қазақтың ұлттық опера өнеріндегі тұңғыш режиссерлердің бірі болды, Қазақ ССР халық артисі атанды, республиканың мемлекеттік сыйлығын алды. Қ. Шаңғытбаевпен бірлесіп «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» пьесаларын, «Достық жолы» балетінің, «Айсұлу», «Алтын таулар» операларының либреттосын жазды. «Аманкелді», «Евгений Онегин», «Князь Игорь», «Дударай», «Алтыншаш», «Даиси» операларын сахнаға қойды; Төлегеннің, Абайдың, Тарғынның, Арыстанның, Сүгірдің сахнадағы бейнелерін жасады; «Аманкелді», «Ботакөз», «Өжет қыз», «Асау Ертіс жағасында» фильмдеріне қатысты. Ол өзінің өмірі мен творчествосы жайында «Құштар көңіл» атты мемуарлық кітап жазды.


Күләш әндері де Талдықорған облысымен тығыз байланысты. Қанағаңмен бірге де, жеке де ол сан рет мұнда болып, ел-жұрт алдында өз өнерін көрсетіп отырған. Қанабек Байсейітовтің ағайын інісі қазір «Қалпе» совхозында тұратын Мыржықов Қасымхан қарт: «Әкесі ауқатты адам болған деген арыздан қорқып, Қанағаң көп жылдар бойы ауылға келмей жүрді. Күләш екеуі алғаш рет 1943 жылы жазда келді, қастарында Құралай деген қыздары бар. Онда біз «Алға» колхозы аталамыз. Күләш басына ақ берет киген екен, ауылға келген соң, мұным-ауыл адамдарына ерсі көрінер, болмайды екен деп, шыт тартып алды»,— дейді. Мыржықов ақсақал Күләштің әкесі Жасынмен де жақсы таныс болыпты. «1944 жылы Алматыға бардым. Күләш Қырғызстанға кетіпті. Үйде қыздар мен Жасын құда бар екен. Жасын жақсы кісі еді, айғайлап ән айтып отыратын, сүйегі Тобықты»,— дейді.


Еңбек озаттарына награда тапсыруға байланысты үкімет адамдарымен бірге Күләш пен Қанабек Талдықорғанға 1948 жылы да келіп концерт қойыпты. Қасымхан ақсақалдың айтуына қарағанда, Қанекең жасында ешкімге өкпелемейтін, басы дәу, байсалды екен. Сонысына бола жеңгелері оны Зілбас атапты.


Күләш — қазақ халқында ұлы актриса деген атқа ие болған бірден-бір адам. Ол 24 жасында СССР халық артисі атанды. Екі рет СССР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ ССР халық артисі Рәбиға Есімжанова: «Сахнаға Күләштай Қыз Жібек оралмаса, Қанабектей Төлегенді іздеп табу қиын. Олар тек сахнада емес, өмірде де, семьяда да Қыз Жібек пен Төлегендей қол ұстасып өтті»,— деп жазды «Қазақ әдебиетінің» 1982 жылғы 8 октябрінде жарияланған «Сағыныш» атты мақаласында.


Қазақ совет сахнасының алыбы, СССР халық артисі Қалибек Қуанышбаев 1957 жылы Күләш қайтыс болғанда:


«Көп жүректің жаншылып,
Елжіреген кезі бұл.
Бір минутте үзілді-ау
Бақшадағы қызыл гүл.
Сұрғылт тартып бар аймақ,
Ортақтасты қайғыға,
Ел бұлбұлы Күләштің
Қалды артында бай мұра», —


деп ет жүрегі езіле жазса, академик-жазушы Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов 1972 жылы («Қазақ әдебиеті», 24 ноябрь): «Күләш жасаған бейнелердің даралығы, нанымдылығы сонша — әрбір жаңа спектакльден кейін Күләш көпке дейін Айман, Қыз Жібек, Баттерфляй, Ақжүніс, Қадиша, Ажар, Сара аталып жүруші еді»,— деп жазды, Туған халқы, оның ұл-қызы үнемі осылай Күләшті сағына еске алады. Жас жазушы Сара Ләтиева Күләштің өмірі мен творчествосы жайында «Бұлбұл» атты деректі кітап жазды. Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік Ленин орденді академиялық опера және балет театрының батыс жағындағы көше, Алматыдағы онжылдық музыка мектебі Күләш Байсейітованың есімімен аталады.


Аса көрнекті қазақ совет композиторы, СССР халық артисі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ ССР гимні авторларының бірі — Мұқан Төлебаевты талдықорғандықтар жерлесі ретінде зор мақтаныш тұтады. Мұқан Төлебаев 1913 жылы 13 мартта Бөрілітөбе ауданының Шұбартүбек аталатын жеріндегі Қарашыған деген мекенде «Үлгі» колхозында туды. Мұқанның өнер жолын қууына шешесі Тәжібала мен ағасы Апырбайдың көп ықпалы болған деседі. Шешесі Тәжібала аздаған ақындығы да бар, әнші кісі болыпты. Ал жақын ағасы Апырбай сол төңірекке белгілі ақын әрі күйші адам көрінеді. Апырбайдың әкесі Әуелбай мен Мұқанның әкесі Төлебай бір туысады екен. Апырбайдың зайыбы Зылиха деген кісі қазір Лепсі поселкесінде тұрады, жасы 85-те. Кейбір деректерде Апырбайды Мұқанның нағашы ағасы деп қате жазылып жүргеніне ол кісі қатты кейиді. Өйткені, қазақ жөнімен келгенде, аға-жеңгеліктерін былай қойғанда, Апырбай Мұқанға кіші әкесі, ал Зылиха кіші шешесі есепті.


Мұқанның аулында аталас ағайын Құл ақын деген өткен. Ол кісі 1916 жылы қайтыс болған көрінеді. Бөрілітөбе, Ақсу аудандарының көне тұрғындары Құл ақынға байланысты көптеген қызықты әңгімелер айтады. М. Төлебаев та Құл ақынның өмірі мен творчествосына қатты ден қойып, ол туралы естігендерін ерекше сезіммен айта жүріпті. Апырбайдың Зылихаға үйленуіне Құл ақын себеп болған деседі. Зылиханың әкесі Жақыппен Құл ақын жақсы сыйласқан екен. Зылиханы жас кезінде Құл ақын талай рет алдына алып та отырыпты. Өлеңге, өнерге ерекше ілтипаты бар Зылиханы — Құл ақын бала кезінен жақсы көріпті. Домбырасына шашақ тағып, өзінің үстіне сылдырмақ түймелер қадап жүретін, әшекейге әуес кісі болыпты Құл. Бір күні досы Жақыптікіне келіп, домбыра тартып отырса, оның қызы Зылиха ақынның әшекейлі түймесіне қызығып біреуін сұрапты. Баланың көңілін жықпай, Құл бір түймесін үзіп береді. Кейін, бойжетіп, өзі де өлең шығаратын халге жеткен кезінде, Зылиха Құл ақынға: «Жас кезімде түймеңізді қиып беріп едіңіз, енді өлеңіңізді беріңіз!» — дейді. Құл риза болып: «Қалқам, өлеңімді де бердім!» — деп батасын беріпті. Сөйтіп, Зылиха ауыл арасында белгілі өлеңші қыз атанады. Міне, осы тұста Құл ақын Зылиханы інісі Апырбайға алып бермек болады. Сөйтіп, қыз әкесі Жақыпқа өз ойын айтады. Жақып оған келіседі, бірақ сол екі арада Құл ақын қайтыс болып кетеді.


Зылиха 18-ден асқанда, Апырбайдың ағайын-туыстары құда болуға келеді. Оларды Жақып жылы қабақпен қарсы алады. Екі жақтың келісім әңгімесі кезінде қыз әкесі: «Маған қалың малдың қажеті жоқ. Апырбай мен Зылиха айтыссын, Апырбай жеңсе, қызымды қалың малсыз-ақ берейін»,— дейді. Жақыптың өйтіп айту себебі, сірә, Құл ақынға берген уәдесіне байланысты болу керек. Жақып әлгі сөзді айтқан кезде, оның інісі Жаңабай деген намыстаныпты: «Қалыңсыз қыз ұзата ма екен? Ата жолын қалай бұзамыз?» — дейді. Сонда Жақып інісіне ашуланып: «Жалғыз қызымды малға сата алмаймын. Апырбай өнерін асырсын да алсын»,— дейді.


Сөйтіп, Зылиха 19-ға толғанда, Саусақты деген жерде (қазіргі М. Горький атындағы совхоздың территориясында) қыз бен жігіт айтысады. Ол айтыстың рет-ретін Зылиха апай ұмытыңқырап қалған екен, дегенмен ойлана келіп кейбірін еске түсірді. Екеуі әуелі тау өлең айтысыпты. Әрқайсы өз жеріндегі тауды мақтап, қарсыласының өлеңге қосқан тауына мін таға сөйлейді. Сонан өтірік өлең айтысқа көшеді. Айтыса-айтыса келіп, бірде Зылиха.


— Биік таудың шығатын қиясы бар,
Баурында қалың өскен миясы бар.
Мені қайтіп жеңесің, ақын жігіт,
Таңдайымда өлеңнің ұясы бар, —


деп сес көрсетеді. Апырбай да осал жауап қайтармайды, Екеуінің қақтығысы былай бітеді:


— Сағым-сағым ендеше, сағым-сағым,
Сағынғанда қайда едің солқылдағым.
Он ауызды болсаң да оралтармын,
Жолда түсіп қалмаса тіл мен жағым,—


дейді Апырбай. Сонда Зылиха былай дейді:


— Көшкенде жылқы айдаймын Шалбаспенен,
Ортан жілік бітеді жамбаспенен.
Осы жасқа келгенше әйел алмай,
Күнің өтіл кетіпті-ау далбаспенен.


Оған орай Апырбай да былай жауап қатады:


— Аулым көшіп барады Қоғалыға,
Бүркіт салған шығады жоғарыға.
Осы жасқа келгенше ерге бермей,
Әке-шешең қалыпты-ау обалыңа.


Сонымен қыз жеңіледі де, Апырбай оған қалың малсыз үйленеді. Зылиха келін боп түскеннен кейін, Төлебайдың да шешесінің аты Зылиха болғандықтан, жұрт енді Апырбайдың әйелін Нұриха деп атап кетеді. Жұрт та, ол кісінің өзі де әлі күнге Нұриха деген атты жатырқамайды.


Мұқан Төлебаев өле-өлгенінше аға-жеңгесі Апырбай мен Зылиханы қатты құрметтеп өтіпті. Апырбайдың әсерімен жас кезінен домбыра тартыпты, ән айтыпты. Апырбай 1934 жылы қайтыс болады, Мұқан ағасы өлгеннен кейін де жеңгесінің үйіне жиі келіп, одан әрдайым ән, өлең тыңдап отырған көрінеді.


Мамырхан баласы Құл ақын Апырбай мен Мұқанға туыс болып келеді екен. Мұқан Құл өлеңдерін сүйсіне тыңдап өседі, тіпті ол жайында опера жазсам ба деп те жүрген кездері болыпты. Жалпы, сол өңірде өнерді насихаттауда Құл ақынның кәдімгідей ролі болғандығы байқалады. Құл ақын шығарды деген бір-екі әнді айтушылар әлі де ел ішінде бар екен. Құл тілі ащы, бетің бар, жүзің бар демей тура айтатын адам болса керек. Бір жылы Құлман деген біреу болыстыққа таласады. Құлман пұшық кісі екен, оның болыс болғысы келіп жүргенін естіген Құл:


— Бәйгеге маңқа айғырды қосқан болдық,
Жолынан келе ме деп тосқан болдық.
Осы жолы маңқа айғыр ілінбесе,
Кенжебай мен Медетке бостан болдық, —


дейді. Оны естіген Құлман ақынның астындағы сары ала атын тартып алады. Құл енді қара ала ат сатып алады да, Құлманның аулына әдейі келіп, үй сыртынан сұрау салады. Үйден Құлман жүгіріп шыққанда өлеңдетіп қоя береді:


— Ана айда тартып алдың сары аланы,
Осы айда сатып алдым қара аланы
Мұрыныңды жеген құрт мен деп жүрсең,
Насыбайға қосып ат араланы.


Шайға шығарып ішетін мүсәтірдің бір түрін «арала» дейді екен. Осындай-осындай сөздеріне қарағанда, Құл ақынның өмірі мен творчествосында көңіл аударарлық жағдайлар бар сияқтанады. 1880 жылдар шамасында Құл ақын Омбыға барыпты, сол арада орыс өнерпаздарының оркестрмен музыка ойнағанын көріп, аулына келген соң, Сарыат деген жерде 5-6 домбырашының басын қосып домбыра оркестрін ұйымдастырады. Домбырашылардың бәрі киімдеріне сылдырмақты түйме тағады, біркелкі киінеді. Әрине, байлар Құлдың оркестріне осқырына қарайды, жақтырмайды. Ақырында оркестр тарап тынады. Сол кезде Құл «Мәукімсал» дейтін ән шығарып:


«Біраз күн сап атанып сайрандадым,
Халқымның құрметінде жайраңдадым.
Шапсам дүлдүл, сайрасам бұлбұл едім,
Кемем шығып саязға қайраңдадым»,—


деп қайғырған көрінеді.


Шешесі Тәжібаланың халық әндерін көп білетін әнші болуы, ағасы Апырбай мен жеңгесі Зылиханың өлеңші екендігі, Құл ақынның туыс болып келуі — бәрі де Мұқан Төлебаевтың өнерге бала жастан құштар болуына игі ықпал еткен орта. Мұқан өнерінің халықтық колоритпен, ұлттық нақыспен дамуына, сөз жоқ, өскен ортасы мен алған тәрбиесі әсер етті.


Мұқан Төлебаев жұртшылыққа алдымен әнші ретінде танылады. 1934 жылғы Алматы да еткен халық өнерпаздарының бүкілқазақстандық 1-съезіне әнші болып қатысады. Сол слетте көзге түскен ол 1936 жылы Москва консерваториясы жанынан ашылған Қазақ студиясына оқуға жіберіледі. Кейін, 1951 жылы, Москва консерваториясын бітіреді. Оның алғаш шығарған әндері жұртшылықтың көңіліне жылы ұялайды. Оның «Отан», «Кестелі орамал», «Тос мені, тос» сияқты әндері ел ішіне тез тарап, бірден көпшілік ықыласына бөленді. Мұқанның «Қазақстан» атты симфониялық поэмасы мен «Коммунизм оттары» кантатасы — қазақ совет музыкасының тарихында ерекше орны бар шығармалар. Алайда Мұқан творчествосының шыңы — «Біржан — Сара» операсы. Бұл опера — бір ғана Мұқанның немесе бүкіл қазақ өнерінің ғана емес, жалпы Совет Одағы өнерінің үздік табысының бірі. Ол жайында Қазақ ССР тарихында: «Бұл шығарма өзінің идеялық мазмұн-мағынасының тереңдігімен, музыкалық құрылысының өзіндік сонылығымен советтік және дүние жүзілік музыка өнерінің ең тамаша туындыларының қатарынан орын алады»,— деп әділ баға берілген.


«Біржан — Сара» операсы — қазақ өнерінің мақтанышы. Бұл опера ұлттың классикамызға жатады. Мұқан ол шығармасын 1946 жылы жазып бітірді. 1949 жылы операның авторы Мұқан Төлебаевқа, қоюшы режиссері Құрманбек Жандарбековке, Біржан ролін ойнаған Әнуарбек Үмбетбаев пен Байғали Досымжановқа, Сара болып ойнаған Күләш Байсейітова мен Шабал Бейсековаға, суретші Анатолий Ненашевқа СССР Мемлекеттік сыйлығы берілді.


Мұқан Төлебаев — болдым-толдым деп тоқмейілсуді білмеген талант, «Біржан — Сара» операсының дүниежүзілік табысы оны мастандыра алған жоқ. Ол өзін халыққа одан да зорды беруге тиіс адаммын деп есептеді. Сондықтан да ол «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» операсын жазуға отырды. Оның бұл операға баруында да біраз сыр бар сияқтанады.


Мұқан бала жасынан Қозы мен Баянның махаббат хикаясын естіп өскен болу керек. Өйткені Қозы мен Баянның махаббат күмбезі бұрынғы Лепсі уезіне қарасты Аякөздің қасында ғана ғой. Қодар қазған құдықтардың орны күні бүгінге дейін сақталып келеді екен. Сол арада «Қырық қудың» аталатын жер аты да сақталыпты. Қудың қазып шөлден аман шығарғаннан кейін Қарабайдың тоқсан мың жылқысын айдап әкеп Қодар Лепсі өзенінен суғарыпты-мыс. Сол 90 мыңның жүріп өткен жолы ой түсіп әлі күнге дейін сайлауыт болып жатыр екен. «Сол жол — мынау»,— деп Лепсінің азаматтары тас жолдан Аякөз жаққа қарай 8-9 шақырым жерден өтетін ұзыннан ұзақ жайдақ ойпаңды көрсетеді. Оның бәрін кезінде Мұқан көрмеді деймісіз, естімеді деймісіз. Оны көріп, оны естіген өнерпаз жан талайды ойлап, талайды қиялдаған болар-ау. Аңыздың оқиғасы өзінің туып-өскен жеріне тікелей байланысты Қозы мен Баянды Мұқан жазбағанда кім жазуға тиісті еді деген ойға еріксіз қаласың. Солай ету оның перзенттік парызы да ғой. Тек, амал не, қайран опера аяқталмай қалды. М. Төлебаевтың одан басқа аяқталмай қалған «Нияз бен Раушан» атты операсы да бар.


М. Төлебаев 1956 жылдан 1960 жылға дейінгі аралықта Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының председателі болып қызмет атқарды. Науқастан 1960 жылы 2 апрельде Алматыда қайтыс болды. Туған облысында оның атында совхоз, орта мектеп бар, астанамыз Алматының ең саялы көшесінің бірі талантты композитордың атымен аталады. Семейде М. Төлебаев атындағы музыкалық училище бар. «Өнер» баспасы 1983 жылы оның 70 жылдығы құрметіне «Нұрлы жүрек» атты естеліктер кітабын шығарды. Талдықорған облыстық тарихи-өлкетану музейінде Мұқан Төлебаевтың күйсандығы сақтаулы. Оның да кішігірім өзіндік тарихы бар.


1944 жылдың май айында Мұқан елдегі інісі Әбілмәжінге хат жазып, ауылға барып жұмыс істесем, ол жерден күйсандық табылар ма екен деп сұрайды. Аға тілегін орындау мақсатымен Әбілмәжін енді күйсандық іздестіре бастайды. Бұрын, аудан орталығы Бөрілітөбе болып тұрған кезде, Мәдениет үйінде бір күйсандық болыпты, оны 1935 жылы Мұқан көрген де екен. Кейін, аудан орталығы Лепсіге көшкен кезде, сол күйсандық сондағы орта мектепте қалдырылыпты. Енді Әбілмәжін сол күйсандықты «Үлгі» колхозындағы мектепке ауыстыруға рұқсат алады. Сонан соң ол күйсандықты Бөрілітөбеден түйелі арбамен пристаньға жеткізеді, ол арадан кеме арқылы Қарашығанға әкеледі. Ал Қарашыған мен «Үлгінің» арасы 16 шақырымдай жер. Ақырында мектептің өгіз арбасымен күйсандық «Үлгіге» де жетеді. Ұзақ жол жүріп (ол өзі әу баста Бөрілітөбеге Балхаш қаласынан әкелінген күйсандық екен), әр түрлі көлікке тап келген сол күйсандықпен М. Төлебаев «Біржан — Сара» операсының алғашқы нұсқаларын жазған екен. Қазақтың талантты ұлының көзіндей көріп, жұрт ол күйсандыққа әрдайым ыстық ықыласпен қарайды.


Қазақ совет өнерін дамытуға белгілі дәрежеде үлес қосып келе жатқан Қазақ ССР халық артисі, республикалық мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақтың М. О. Әуезов атындағы мемлекеттік драма театрының актрисасы Бикен Римова да Талдықорған облысының Қаратал ауданындағы Оян деген жерде 1923 жылы 1 январьда туған. Ол Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері — Ақтоқты» трагедиясында Мәрзияның, Ғ. Мұстафиннің «Миллионерінде» парторг Жанаттың, М. Иманжановтың «Менің махаббатымында» жас ғалым Қамаштың, М. Әуезовтің «Еңлік — Кебегінде» Еңліктің, Ш. Айтматовтың «Ана — Жер анасында» Жер-ананың, Әуезов пен Соболевтің «Абайында» Зейнептің рөлін ойнап, көрермендер талабынан шыға білді. «Өжет қыз» кинофильмінде Баршагүлдің, «Ана туралы аңыз» фильмінде колхозшының ролінде ойнап, киноөнерінде де өз қабілетін танытты. М. Әуезовтің «Абай жолы» романдарының желісі бойынша ол жазған «Абай — Әйгерім» пьесасы жұртшылықтан жоғары баға алды.


Облыстағы өзгеше таланттың бірі — әнші, Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі Дәнеш Рақышев. Ол 1926 жылы қазіргі Панфилов ауданында туған. Бала кезінде әке-шешесі Шыңжаң өлкесіне өтіп кетіп, содан 1959 жылы ол өзінің туған еліне қайта оралды. Оның елге оралуы қазақ өнері үшін үлкен табыс болды. Ол табыстың ең бастысы сол халық композиторы Әсеттің әндерімен ел-жұрт қайта табысты. Дәнеш Рақышев өнер сахнасына шыққанға дейін Қазақстанда Әсет әндерінен тек «Інжу-маржан» ғана белгілі еді. Оның өзі күйтабақтарда, радиода «Әсет» деген атпен орындалатын. Сол бір әннің өзінен-ақ Әсеттің композиторлық, әншілік қуаты жақсы аңғарылатын. Ал Әсеттің «Қисмет» әнінің бір нұсқасына жататын «Смет» әнін әзірге жұрт Әсеттікі деп мойындай қойған жоқ. Ол әнді Қазақ ССР халық артисі Манарбек Ержанов та айтатын, Ғарифолла Құрманғалиев те айтады.


Бұрын тек аттарын ғана атап, бірақ ол әндердің қандай ән екенін білмей жүрген «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Мақпал», «Қаракөз», «Қисмет» сияқты Әсет әндерін өнер тарихында қайта тірілткен де Дәнеш Рақышев болды. Ол бұл әндерді ауыл сахналарында, облыстық және республикалық радио, теледидарда орындап, байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратты. Сөйтіп, халық композиторы Әсет Найманбаевтың творчествосын бірден-бір насихаттаушы болды. Қазір ол әндерді орындаушы таланттар республикамыздың қай қиырынан да табылады.


Әсет творчествосынан айрықша маңызды орын алатын оның «Ақырғы сөз» атты шығармасының толық тексін табуда да, әнін елге жеткізуде де Дәнеш еңбегі өте бағалы. Дәнешке дейін Әсеттің «Болжаусыз осы екен ғой өлім деген» деп басталатын бұл шығармасын әркім әр түрлі көлемде жазып келген болатын. Ақыры ол өлеңнің толық нұсқасы Дәнеш Рақышевтан шықты. Бұрын-соңды Әсетте ондай ән бар екенін білмеуші ек, оның өлер алдындағы елмен, жермен қоштасу әнін де Дәнеш өнер тарихына біржола қосты.


Дәнештің өз әншілігін, композиторлығын былай қойғанда, оның Әсет творчествосын насихаттау жолында сіңірген еңбегінің өзі-ақ өнер тарихынан лайықты орын алуына жеткілікті деп ойлаймыз.


Дәнештің алғаш ел құлағын елең еткізуі «Аңшының әніне» байланысты. Әннің құрылысы, сөзі, орындау мәнері аса ерекше еді. Бұл ән де қазақ әндерінде ұмытылды деп жорылған бір ән болатын. Ғылыми-фактілік салыстырулар арқылы бұл әннің әйгілі Ыбырай Сандыбайұлының әні екендігін «Жұлдыз» журналының 1976 жылғы 7-санында жарияланған «Жезтаңдай әнші» атты мақаласында алғаш дәлелдеген адам Қуаныш Сұлтанов болды. Атақты «Гәккуді» шығарған Ыбырайдың ұмытылып кетті деген тамаша әні ұзақ уақыттан кейін, сөйтіп, авторын қайта тапты. Ол табысқа да Дәнеш себеп болды.


Тағы бір тамаша әннің тағдыры Дәнешке байланысты. Ол ән — Шыңжаң қазақтарының ішінен шыққан талантты ақын Таңжарық Жолдыұлының әні «Амандасу». Әуені мұңды, ойлы әуезді бұл әннің сөзі де сағынышқа, ықыласқа толы. «Амандасу» әні де қазақ өнеріне қосылған құнды шығарма.


Әдебиетімізге, музыкалық мәдениетімізге осындай-осындай нақты үлес қосқан, оған құнды-құнды деректер мен толықтырулар енгізген Д. Рақышевтің еңбегі мадақтауға тұрарлық-ақ.


Ол өз репертуары арқылы қазақтың халық әндері қатарын да молайтты. «Қош, алма бел жарым», «Жан сәуле», «Жан ерке», «Қоңыр қаз», «Бөпем», «Баянауыл», «Аяулым», «Игай-ау» тәрізді әндердің қазақ музыка қорына қосылуына да Дәнештің тікелей қатысы бар.


Ал енді Дәнештің ән айту шеберлігінің айрықша екендігіне дау болмасқа керек. Оның осы ерекшелігіне алғаш көңіл аударған адамның бірі Мұхтар Әуезов екен. (С. Бақбергенов. «Алтынемелден асқанда», 1961 ж. 76-бет). Мақпал үнді әншінің дауыс ерекшелігіне, ән айту шеберлігіне атақты әнші Манарбек Ержанов та кезінде дән риза болыпты.


Дәнеш Рақышев өзі де ән шығарады. Оның «Саясында алманың», «Жер сұлуы — Жетісу», «Coғa кет», «Бақытым бол» сияқты әндерін республика өнерпаздары үлкен ілтипатпен айтып жүр. «Өнер» баспасы оның әндер жинағын 1984 жылы «Мақтанышым — елім» деген атпен жеке кітап етіп басып шығарды. Д. Рақышев қазір Талдықорған облыстық филармониясында қызмет істейді.


Талдықорған облысының Кербұлақ ауданында туған әнші Қазақ ССР Мемлекеттік және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлықтарының лауреаты, Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі Нұрғали Нүсіпжановтың ән айту шеберлігіне де республика жұртшылығы әбден қанық. Халық әндерін, халық композиторлары мен қазақ совет композиторларының озық туындыларын насихаттауда Н. Нүсіпжанов үнемі ел ризашылығына бөленіп келеді.


Туған ел мен өскен жерді өз өнерлеріне арқау етіп келе жатқан Қазақ ССР халық артисі Сара Тыныштығұлованы, әнші Зейнеп Қойшыбаеваны; ақындар Тоңбай Исабековті, Әбен Дәуренбеков пен Жұматай Жақыпбаевты, Зайда Елғондинованы; жазушы Ораз Ысмайыловты, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық конкурста бірінші орынды жеңіп алған жас әнші Мырзахмет Мұқамановты, талантты айтыскер ақын қыз Жұмаш Оспанбекованы, Елубаевтардың семьялық ансамблін талдықорғандықтар өнерпаз ұрпақ ретінде сыйлайды.


Жетісу жері ежелден өнерпаздарға бай және халықтың өнерге деген құштарлығы да айрықша. Осы игі дәстүр желісі үзбей жалғасып келеді.


Қазір Талдықорғанда облыстың драма театр (қазақ және орыс группалары бар), филармония, тарихи өлкетану музейі, он мың орындық стадион, алты кинотеатр бар. Облыстың қалалары мен селоларындағы еңбекшілерге қызмет көрсететін 330 клуб пен мәдениет үйі, 476 кітапхана, 64 кинотеатр, 123 автоклуб бар. Он тоғыз өнерпаз коллективке халықтық деген жоғары атаң берілген. Облыс бойынша көркемөнерпаздар үйірмесіне ғана 40 мыңға жуық адам қатысады. Осыншалық мәдени өсу қарқынын көргенде, есіңе еріксіз түсетін бір нәрсе — осы облыстағы алғашқы театрдың құрылуы. Ол театр әуелде Қаратал колхоз-совхоздарының, кейін Қаратал — Ақсу колхоз-совхоздарының театры аталып еді.


Театр алғашында Қараталда 1936 жылы құрылады, Оны құрушылардың бірі қазір Талдықорған қаласында тұратын 76 жастағы қарт өнерпаз — Кәден Балғынбаев.


— Ол кезде әнді де, күйді де патефоннан тыңдап үйренуші едік. Алғаш комиссияның қорытындысы бойынша театрға 13 кісі қабылдандық. Тұңғыш директорымыз Қанабек Байсейітовтің туысы Манасбаев Сайланбай деген керемет әнші кісі болды, режиссеріміз Әбіләкім Нартайлақов деген жігіт еді, кейін — соғыстан оралмады,— дейді Кәден ақсақал.


Театр 1936 жылы колхоздар мен МТС-терде концерт қойып жүреді де (ол жылдарда Қараталда 74 колхоз, 2 МТС бар екен), 1937 жылы мемлекеттік бюджетке өтеді. Енді театрда адам саны көбейеді. Олар киім-кешекке керекті материалды Ташкент қаласынан әкеліп, өздері тігіп алып жүреді, Театрдың алғаш қойған спектаклі Бейімбет Майлиннің «Талтақбайдың тәртібі» екен. Кейін, 1949 жылы, театр Ақсу театрымен қосылады. 1955 жылы Ақсу, Қаратал, Еңбекшіқазақ аудандарының театры негізінде облыстың театр құрылады. Ал 1960 жылы, облыс жабылған кезде, театр Қызылорда қаласына көшіріледі. Сол театрдың құрамында болған Шолпан Бакирова қазір Қазақ ССР халық артисі деген құрметті атаққа ие болып отыр. Қаратал театрының белгілі бір артисі болған әнші Ғалымбек Нұрғазинов қазір Ленин атындағы колхоздың халық театрында қызмет істеп жүр екен. Ал Шолпан Бакированың күйеуі талантты әнші Әбдіқұмар Кәнетов қайтыс болыпты. Кейінгі жылдарда театрдың бас режиссері болған Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі Жақып Әбілтаев та қайтыс болыпты.


Кәден ақсақал театр сахнасында жүріп Қодардың, Шегенің, Бекежанның, Тарғынның, Есеннің, Жалбырдың, Көтібардың рольдерінде ойнапты. Қарттың өзі шығарған күйлері де біршама екен.


Ақсу колхоз театрын ұйымдастырушылардың бірі Разбек Жалдыбеков ақсақал да театр тарихынан көп біледі екен.


— Театрды құруға нұсқау бергендер сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрпапа Өмірзақов пен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Әбдіғали Әміреев еді. Қазір Жансүгіров поселкесінің бір көшесі сол Нұрпапа Өмірзақовтың атымен аталады. Ал Әміреев кейін Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының секретары болды, содан кейін ұзақ жыл Панфилов аудандық атқару комитетінің председателі болды, содан пенсияға шығып қайтыс болыпты,— деді.


1949 жылы Ақсу театрының Қараталға қосылу себебі Ақсуда клуб болмапты. Оның үстіне театрға қаржы бөлінбепті. Екі театр қосылды деген жай аты болмаса, Қараталға бар-жоғы 3-4-ақ түтін көшіп барыпты. Театр таратылғанмен, көркемөнерпаздар коллективі өз жұмысын жалғастыра беріпті. 1954 жылы облыста бірінші болып Ақсу халық театры құрылыпты.


Қаратал мен Ақсудың колхоз-совхоз театры облыс көлемінде үлкен мәдени қызмет атқарды. Олар қойған «Қозы көрпеш — Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Қыз Жібек», «Ақан сері — Ақтоқты» спектакльдері сан буын ұрпаққа эстетикалық тәрбие берді, олардың ұлттың өнерді танып-білудегі танымдық негізін қалады. Ол театрларға сондықтан да ел риза.


Бала кезімде Қаратал театрына алғаш тәнті болған кезім әлі есімде. Шамасы, 1949—1950 жылдардың бірі болуы керек. Ол кезде Ақжазықтағы біздің ауыл «Жамбыл» колхозы аталатын. Сол уақыттағы әдіспен салынған колхоздың ұзынша ғана бір қабат клубы болды. Сахна жағын 3-4 кірпішке көтере салған, еденнің өзі балшықтан еді. Сахнаға жақын тұсқа үпір-шүпір болып өңкей кішкене балалар жерге отыратынбыз да, бізден кейін үлкендер ұзын-ұзын сәкіге орналасатын. Сәкінің өзі барлық адамға жетпейтіндіктен, залдың арт жағында негізінен қыз-жігіттер түрегеп тұратын. Адамның шыдамында шек жоқ-ау, тегі, ойын біткенше отырмай қарап тұратындар көп болушы еді және солар бізге орын жетпей қалды деп ешкімге де қынжылмайтын, шатақ шығармайтын.


Артистер «Қозы көрпеш — Баян сұлуды» қойды. Халық жырларының ішінде менің ең жақсы білетінім де, ең жақсы көретінім де осы жыр еді, сондықтан оған деген ынтам айтып жеткізгісіз. Ол кезде бұл спектакль музыкалы еді, ән орындалатын тұстары өте көп болатын. Қозының ролін Ғалымбек Нұрғазинов орындады. Ән айтқанда, көзі күлімдеп, маңдайы қыртыстаныңқырап, қасқа тісі көрініп тұратын, Сол кезде көргеннен күні бүгінге дейін мен Нұрғазиновті сырттай әлі сағына жақсы көрем. Балалық кезімнің қымбат бір ескерткішіндей. Сан рет мен Нұрғазиновтың Қозы көрпешіне ұқсағым келіп, қасқа тісімді ашып, көзімді ежірейте ән салатынмын. Айнаның алдынан шықпай, қалайда өзімді Қозыға ұқсатқым келіп әуреленетінмін. Нұрғазинов ойнаған Қозы көрпеш менің қабылдауымда керемет көркем, сымбатты, сұмдық әнші еді. Оның үні көмейінен, әріден шығатын сияқтанатын, қанша айқайласа да, даусы құлақты кеспейтін, әнді жедемелдете, ойнақы салатын. Менің ұғымымда шын Қозы көрпеш пен Нұрғазиновтің арасында айырма жоқ еді. Спектакльдің ол кездегі нұсқасы бойынша Қозы көрпеш екі ай он күнге еліне қайтатын, аттанар сәт Баянмен ән айтып қоштасатын. Сол әндердің сарыны әлі күнге құлағымда ызыңдайды. Мен оларды балалығыммен бірге сағынам.


Баянды, сірә, Шолпан Бакирова ойнаған болу керек. Аппақ, әдемі еді. Жарқ етіп сахнаға Баян шыға келгенде үркітіп алармын дегендей, демімді Ішіме тартып ынтығып қарадым. Сұлудың сұлуы боп көрінді. Сол ақ жүзді Баян да әлі көз алдымда. Әні де, жүріс-тұрысы да, келбеті де — бәрі Баянға сай еді. Балалықпен біз де сондай Баянды аңсадық.


Спектакльден кейін артистер концерт қойды. Халық қол соғып қанша рет сұраса, сонша peт сахнаға қайта шықты. Артистер де, колхозшылар да тойдың тамашасына жиналғандай еді. Ойын бітіп, үйге қайтып келе жатқан бетімде, мен тұңғыш рет Шолпан жұлдызды көрдім. Көзім түскен бетте селк ете қалдым: шығыс тұстан бір қып-қызыл от тамып түсіп келе жатқандай көрінді. Қимылдайтын, тірі бір нәрседей әсер қалдырды. Үлкендердің: «Па-а, Шолпан туыпты ғой!»—дегендерінен барып, атын көп естіген жұлдызды тұңғыш көріп тұрғанымды түсіндім. Сол күнді ұмытпауыма ол да себеп шығар, кім біледі.


Қаратал театрының спектаклінен кейін біздің балалық ойынымызға да өзгеріс кірді. Ағаштан оюлап қанжар жасадық, қағаздан оюлап шалбарымызға өрнек жамадық. Мектептің қасындағы мал қораның ашық бір тұсын тауып алып, біріміз Қозы, екіншіміз Қодар болып, арамызда жоқ Баянға таласатынбыз, қылыштасатынбыз. Спектакльдің сөзі ойымызда қалмағанмен, оқиғаның ұзын ырғасына қарап өзіміз сөз құрастырып алатынбыз да, ал кеп өзімізше ойын қоятынбыз, Ойын қызығына түсіп кетіп, талай рет сабақтан да кешігіп қалып жүрдік. Бір күні мұғалімімізді ту сыртымыздан келіп: «Ой, мына менің қара батырларым қайтеді, ей?»— дегенде бір-ақ байқадық. Сөйтсек, біздің класс түгел бірінші сабаққа бармай қалыптық. Бос класқа кіріп келген мұғалім біраз аң-таң болып тұрады да, әлдеқалай ойын қызығымен аулада жүр ме деген оймен далаға шығады. Шықса, мектептің алдында адам жоқ. Ақырындап мектептің төңірегін айнала қарап келе жатса, мал қора жақтан ду-ду күлкі, әлдекімдердің саңқ-саңқ даусы естіледі. Білдірмей жақындап келіп, біраз уақыт ойынымызды ту сыртымыздан қарап тұрады да, өзі күліп жібереді. Класқа келген соң көресімізді көрсетер деп ек, әйтеуір, мұғаліміміз сол қылығымызды еш жазасыз қалдырды.


Одан кейін «Ер Тарғынды» көргенім де есімде. Тарғын болып Кәден Балғынбаев, оның батыр серіктерінің ролінде Ғалымбек Нұрғазинов пен Әбдіқұмар Кәнетов ойнады. Олардың ойынындағы басқа шеберліктерін қайдам, әйтеуір, бірінен бірі өте шырқаған әдемі әндері керемет сүйсінтті. Атағы бар ма, жоқ па, оған қарамастан сол артистер, сөз жоқ, өз ойындарымен белгілі дәрежеде мені тәрбиеледі, менің азаматтығыма үлес қосты деп ойлаймын. Ал облыс көлемінде мендейлер аз болмаса керек.


Өнердің эстетикалық әсерін, мәнін әңгіме еткенде, менің есіме ылғи Қаратал, Ақсу колхоз-совхоз театрының түсетіні осыдан.


Ақсулықтардың ежелден ойын-сауыққа, өнерге деген құштарлығы әлі де жалғасып келеді. Ақын Сара, Ілияс, Молықбай қалаған мәдени негіз әз іргесін кеңітіп, қазір де қалыпты халық дәстүріне айналып отыр.


— Экономикалық дамуды біз мәдени өсіп-жетілуден ешқашан бөле қараған емеспіз. Сауыққой, жаны сергек, көңілді, өмірге риза болып жүрген адамдар ғана еңбекте де ерлік істерге бара алады деп ойлаймыз. Және сол пікіріміздің дұрыстығын өмір өзі дәлелдеп келеді,— дейді Ақсу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғалым Тұрғанбаев жолдас.


Ақсу ауданындағы шаруашылың басшылары шетінен домбыра тартады, ән айтады. Халықтың көңілді демалуына, өнермен сусындауына алдымен басшылардың өзі мұрындық болады. Қазақстанның Россияға қосылуына 250 жыл толуы қарсаңында Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров селосында В. И. Ленинге ескерткіш орнатылады, оның ашылуына облыстың партия комитетінің бірінші секретары Ә. Тыныбаев жолдас қатысады. Бұл мерекеге ақсулықтар әбден тиянақты дайындалады. Олар қазақ халқының 2-3 ғасырлық тарихын көзге елестететіндей театрланған көрініс жасайды. Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бастап адамзаттың көсемі В. И. Ленин орнатқан жаңа заманның жарқын белестеріне дейін — бәрі де ақсулықтардың өз күштерімен театрланған көрініске айналып алаңнан өтеді. Мұның өзі ауыл өмірінде сирек кездесетін жаңа дәстүр еді. Ондай дәстүрдің жастар үшін тәрбиелік мәні де үлкен. Сол мереке күнгі көріністің фотосуретіне қарап отырып-ақ қатты әсерленесің, ал оны өз көзімен көргендердің қаншалық шаттанғанын айтып жеткізу қиын.


Балағы жыртылған, жеңі қырқылған жадап-жүдеген жас бала түйеге мінген анасы мен інісін жетектеп келеді, оның соңында ұбап-шұбаған жылау топ — бұл «Ақтабан шұбырындының» көрінісі.


Мінбеге шығып жалынды сөз сөйлеп тұрған көсем бейнесі де келісті жасалған. Бұл — қазақ даласына келген революцияны бейнелейтін көрініс.


Бір кезде алаңға саңлақ желіспен кіл салт аттылар шыға келеді: Аманкелді сарбаздары.


Ұлы Отан соғысына арналған бірнеше көрініс бірінен бірі өткен шыншыл. Әсіресе «Сүйінші!» аталатын көріністі тебіренбей көру мүмкін емес. Әскерден қайтқан бала мен күткен ананың, жардың кездесу сәттері қандай шынайы!


Тыңды игеру кезеңі де, тағы басқа ел тарихының белес-белесі өте нанымды көрсетіліпті. Сөз жоқ, соның бәрі — ақсулықтарды еңбек ерлігіне жігерлендіретін жақсы дәстүр. Он бірінші бесжылдықтың үшінші жылының еңбек қорытындысы бойынша ақсулықтардың КПСС Орталық Комитетінің, СССР Министрлер Советінің, СССР Жоғарғы Советі Президиумының, ВЦСПС пен ВЛКСМ Орталық Комитетінің ауыспалы туына ие болуы да тегін болмаса керек.


Елеп ескерсе, Талдықорған облысында өзгеге үлгі етер дәстүр де, ондай жақсы дәстүрді тудырған озық ойлы азаматтар да аз емес, айтып тауыса алмайсың. Отанымызды жаудан қорғауда баға жетпес қару болған Калашниковтың автоматын кім білмейді? Ал сол конструктор Калашников кезінде Матай станциясында токарь болып қызмет атқарыпты. Ол өзі жасаған қаруды Лепсінің құмына тығып алып атып сынайды екен. Михаил Тимофеевич Калашников 1919 жылы туған. Ол АК, АКМ маркалы автомат, ал РПК, ПК, ПКТ, тағы басқа маркалы автоматты пулеметтер жасады. Үкімет пен партия оның ол еңбегін жоғары бағалады. 1950—1954 жылдары ол СССР Жоғарғы Советіне депутат болды, 1958 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды. 1949 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығының, 1964 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты болды.


Елдің, жердің даңқын осындай жандар шығарады емес пе?!





Пікір жазу