Уақыт
Уақыт жайлы көп ойладым бас қатып,
қызықтым ба қайсар, жүйрік қалпына?
Жүрмесе де табаныма тас батып,
қалып барам, қайырылмады ол артына.
Білем...
білем, жеткізбейді ол тіпті де,
мұраты оның оза беру алқынып.
Сен сияқты ол ізгіні көп күтті ме,
іздеді ме тірлікке мән шарқ ұрып.
Сен сияқты бір қуанып, бір налып,
қайғырды ма жерге беріп жақынды.
Жасып қалып, одан қайта шыңдалып,
көрді ме екен алты бөліп ақылды.
Білем...
білем, жеткізбес ол жанға да,
өйткені ол мақрұм қалған жүректен.
Сол себепті ойран болса сән қала
қиналмайды ол, адам қолы гүл еккен
Қантөгістен болса да әлем сан ығыр,
селт етпейді уақыт шіркін бұған да.
Аспан құлап, Жер қозғалса — бәрібір,
салмайды да алдап түлкі-бұлаңға,
Түк білместей жылжиды, тек ілгері,
түк сезбестей аумайды бір қалыптан.
«Жер-ананың жараланған күндері,
адамдардың қиын шағы тарыққан.
Бәрібір ғой кір шалса да Айды аппақ,
Опат болсын қандай арман самғамақ —
тарих қана атын беріп, айғақтап,
мәңгілікке сол тастайды таңбалап,
...Иығыңда, қылшылдаған қырық бір,
Әлде өмірдің шын болмысын қате ұқтым!?
Самайыңда аппақ бояу тұнып тұр,
шаңы ма екен зулап өткен уақыттың...