Түлкі заман
Сыйлап заман жаңалықтың түр-түрін,
бір күніме ұқсамады бір күнім.
Аңтарылам айтар сөзді таба алмай...
ертеңдерім қадай қалса кірпігін.
Бәрі жаңа — ойым, санам, ісім де,
қайшылықтар қайнап жатыр ішімде.
Бар ұққаным — талай «жаман» «жақсы» боп,
түлкі заман қалың қойды күшінде.
Шырқын бұзып өмір-өзен сәнді аққан,
айырылды байып пенен салмақтан.
Алаяқтар шаң жұқтырмай табанға,
алыпсатар самсап шықты жан-жақтан.
Қатты тіптен қазағымның серпіні,
елеңдетпей немеренің ерке үні,
арқаланып арақ сатты көшеде;
мұсылман боп намаз оқыр, кемпірі.
Жүрегіне ұяламай шырайлы ән,
қажыса да қайтар емес райдан.
жұртты алдап су сатса да бәрібір,
пенде болып қорықпады Құдайдан.
Күні туып азғындықпен ұрпақтың,
сатқын болды табынатын бір «мықтым»,
Ұл мен қыздан безіп шықты жарынан
қызығы үшін азғантай күн тірліктің.
Қара бастың қамын әркім күйттеді,
атақ керек, байлық керек өйткені.
Шабаланып шалғайыма жармасты
ауылымның абалаған иттері.
Адам біткен бәрі көсем, ақылды-ақ,
жас балалар сөз бермейді тақылдап.
Құдайларын ұмытпаған - санаулы-ақ,
ақырзаман қалды ма шын жақындап...