22.11.2021
  156


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Дода

Жылы жерде бой күтіп, тәттіні ішіп
баптанбаған,
болмаған әккі, пысық,
Жапан түзде мал бағып біздің қазақ
қасқырменен үйренген қақтығысып.
Қойшы атанған кейде ынжық һәм жуассың:
«Бері тарт, — деп тағыға — қанды басың!»
Қақпан құрған сойылмен жекпе-жекте
қасқыр соғып майлаған қанжығасын.
Малды ауылды торласа менмен бөрі
басталғандай қиянат сергелдеңі.
Бас тіктірген ажалға сол тағыны
дода жасап мәз болған жеңгендері.
Жекпе-жектің бітіріп шартына рух,
құмарынан шығады әркім анық
қолға түскен бөріні бір-бірінен
дода-дода болғанша тартып алып.
Шежіре етіп айтса егер мұны талмай,
бірі ерлік деп, қағады бірі таңдай,
көкбар жасап есіне алады әлі
жекпе-жегін қазағым ұмыта алмай...





Пікір жазу