22.11.2021
247
Жар сөзі
Оның күйеуі бейтаныс әйелмен бірге машина ішінде уланып жатты...
Қайтемін мен, сен үшін жылаймын ба,
қатар жүзген аққу ек бір айдында.
Басқа жері жоқ па еді, неге ғана
кездестірді біздерді құдай мұнда?!
Алданғаным үшін бе?!
сол үшін бе?
Қара мысық тырнайды мені ішімде.
Тірі болсаң қайырылмай кетер едім,
келтірмек пе бізді ажал келісімге..?!
Кешіккенде талай түн алаңдап ем,
жаман ойға бірақ та бара алмап ем.
Сені енді кешірмеймін дегенменен,
махаббатымды ұмыта алам ба мен?!
Сен үшін бе — жақсылық, сый істесем?
Кетсе-дағы ләззәтті сүйісте есем.
Тұрмайсың ба сен менің көз алдымда
сәбиіңнің самайын иіскесем,
Шарасыз күйге салып жөнедің бе?
Қайтем енді?!
Бәріне көнемін де...
Деп ойлап: ағаттығын түсінді ғой,
кешірім өтінді деп өлерінде...
Гүлжауһар Сейітжан Гүлжауһар Сейітжан өлеңдері Гүлжауһар Сейітжан шығармашылығы жар сөзі қоштасу улану