22.11.2021
  232


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Алтын

Жоғалса алтын — жоғалмай ма еңбегің,
алаңдатпас жай бұл десе— сенбедім.
Жылдарыңа алмастырған құны бар
ащы термен келген әрбір теңгенің.
Теңеледі ол ылғи асыл пішінге,
жақсылыққа жорыр көрген түсін де.
Ас болмайды, бірақ байлық тұтқасы,
алтын керек көз қуанту үшін де.
Алтын...
Алтын— тазалықтың өлшемі,
дей алмассың ол ездікпен көрші еді;
Оған құмар болу жаман десең де,
самарқаулық ете алмайды еңселі.
Алтын дейміз зерделі сөз асылын,
алтыным деу дәстүрлі ғой ғашығын.
Нұрлы Айды балап жүрміз біз оған,
теңгерілмес оныменен лас ұғым.
Ол жақтан бір мәңгі самал бар ескен,
көз арбаған шықпайды оның сәні естен.
Алтын деген мөлдірліктің туы ғой,
алтын деген қойныңдағы нәрестең.
Ол болмаса қымбаттық та жарты ұғым,
адам үшін бірі ізгілік шартының.
Қастерлі бол...
салмақты бол қашан да
дәл осылай ардақты бол, алтыным...





Пікір жазу