22.11.2021
  192


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Менің күпір ойларымды кешіре гөр

Менің күпір ойларымды кешіре гөр,
Тәңірім,
Кешір-дағы,
Тыңда жайын ананың мұң-зарының.
Рас болса егер мені жаратқаның адам ғып,
Сауықтыра гөр баламды,
Суалмасын тамырым...
Сырқат балам төсегінен тұрсын-дағы,
Күлсін кеп
Ана, саған жараспайды қиналу мен күрсінбек,
Мен, мінеки, сауықтым ғой,
Алаңым жоқ ешқандай,
Неге ендеше күндіз – түні сен жылаумен жүрсің, – деп.
Мен айтайын,
Құлыным-ау, қуанғаннан жылаймын,
Сенің жаның қиналды- ау деп,
Соған ғана мұңайдым...
Сосын...сосын...
Шүкіршілік етемін де пенде боп,
Сені маған екінші рет бергеніне құдайдың...
Сонда балам,
Күліп тұрып,
Түсер еді егеске,
Дер еді ол.
Айтшы өзің қабырғаңмен кеңес те,
Маған алғаш өмір берген сен едің ғой,
Анашым,
Ал қайтарып берген оны дәрігерлер емес пе...
Сол бір шақта өмір заңы елес беріп көзіме,
Мен бірақ та теңдік бермес едім оның сөзіне.
– Балашым-ау,
Құдай деген әділет қой жердегі,
Оған мен де бағынамын,
Дәрігердің өзі де...
Өмір берем деп бекерге қиналды ма жан мына,
Жеткізем деп ұзақ жолға,
Қарым бекер талды ма...
Бала өмірі керек ылғи анадан,
Тілегімді бер, әділет,
Келіп тұрмын алдыңа...





Пікір жазу