22.11.2021
  173


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Бөбегім-ау

Бөбегім-ау,
Жатырсың ба балбырап...
Ұйқтағанша әлде жылап,
Қалжырап...
Сеземісің отырысын анаңның,
Қалып сенсіз бүкіл әлем,
Сән жырақ...
Мамаңды іздеп,
Бал ұйқыңды аштың ба...
Мамаңды ойлап жанарыңа жас тұнды, ә.
Жалғыз рет шомылуға зар болған,
Құртақандай кеудеңдегі тасқынға...
Тықыр шықса есік жаққа елеңдеп,
Ойнады ма сағыныш боп денеңде от...
Ақтар,
Ақтар, альбомдарды,
Құлыным,
Альбомдарда мамалар жоқ менен көп...
Ұнамай-ақ өзгелердің сый ісі,
Бұрынғыдай болмай жүр ме үй іші...
Күрсінді әкең
Қымбат болды, – деп, – иә,
Үйде қалған көйлегіңнің иісі...
Сәби жүрек сүйе алмаса жаңылыс,
Менде де жоқ сенен қымбат,
Жаным, еш...
Ұлы өмірге құлшындырып тұрған да,
Сенің құйттай кеудеңдегі сағыныш.
Сенің құрттай тіршілігің,
Барлығың,
Білдіртпейтін дүниенің кең,
Тарлығын.
Әрбір күнім сені ойлаудан басталып,
Аяқталар сені ойлаумен әр күнім...





Пікір жазу