Анама наз
Күндер зырлап,
Көктем келіп,
Күз келіп,
Ауылда өстік,
Ұяң болып, қыз болып.
Кештерге де барушы едік ұяла,
Шешелер көп бермейтұғын бізге ерік.
Сұрайтынбыз ұзақ-ұзақ жалынып,
Ашуланып,
Басылғанша арыны.
Жұмбақ тұнып әр кеш шыққан шуына,
Телміртетін тойлы үйдің жарығы.
Тыйымы көп қысастыққа біз көніп,
Өстік солай...
Өстік солай қыз болып...
Балауса шақ қызықтарын біз онда,
Көбінесе қиялдан тек іздедік.
Ұштық сосын,
Он сегізге жас толып,
Жүрдік сосын,
Жастық буға мас болып.
Кеттік сосын алыс-алыс тұстарға,
Бір-бір үйлік шаңыраққа бас болып.
Бірде ұрсып,
Енді бірде наз қылып,
Дейді анам енді мені жазғырып,
«Отауыңды неге жақын тікпедің,
Қандай сайтан кетті сені азғырып...
Ауылдық бір жанға неге шықпадың,
Алыс кеттің ,
Бар ма сонда ұтқаның?!»...
– дейді...дейді... дейді мені жазғырып,
ал мен оны былай ғана құптадым:
Рас,
Иә,
Алыс кеттім дәм айдап,
Маған қарсы шығып тұр ғой бар айғақ.
Әйтседағы ұмытпаймын сендерді,
Келем ылғи...
Жүрем ылғи қарайлап...
Қарайлаймын ауылдасқа, бауырға,
Сағынудың өзі кейде ауыр да.
Сәл жиірек жібергенде кештерге,
Мүмкін мен де жүрер ме едім ауылда...
Мен бәрін де өз сөзіңнен түймеп пе ем
Сөйтіп жүріп сан сезімді күйреткем.
Ауылдастың көңілде атын өшіріп,
Сен емес пе ең қаталдыққа үйреткен..?!
Келеді ғой...
Келеді ғой бізге әлің,
Сездірмеші сонда да ашу-ызғарын...
Мен сияқты көп қыспаққа алма енді,
Жақын жерде жүрсін десең қыздарың...