22.11.2021
  187


Автор: Фариза Амангелдіқызы

МЕН ЖАЙЛЫ

Өмір дей ме?
Сүріп келем аяңдап,
Әр күнімді үтірменен баяндап.
Өлгеніңше өмір сүру заңдылық!
Заңдылықпен жүріп келем жаяулап...

Сезім дей ме?
Сезім қалды өткенде,
Жаным оған ашуланып кектенбе.
Бар бақытын сезімінен іздеген
Жастық дәурен неткен шіркін, от кеуде...

Достық дей ме?
Адал болам көр де тұр,
Адалдықпен қолын созса кімде-кім!
Досын сатып, күліп маған келгендер
Ертең мені сатпауына кім кепіл?

Махаббат па?
Махаббатым жанымда,
Сөнбеші тек, маздап, ұйытқып, жалында.
Жастық өтті, махаббатым айналды
Сыйластықтың әсем гүлзар бағына.

Батылдық па?
Кейде мені өжет дер,
Батылмын деп, шалыс бассам демеп көр.
Қанға сіңген қасиет қой мендегі,
Әке қаны, ана сүті себепкер!

Мейірімділік...
Міне, жұртқа керегі,
Мейірімдіге Алла нұрын төгеді.
Екіжүзбен сөйлемеймін бұл шыным-
Кеуде тұсым тоқтатқанда дүрсілін
Менде мейірім сонда ғана сөнеді!





Пікір жазу