22.11.2021
  439


Автор: Фариза Амангелдіқызы

Өгей

Жұлдызай кіп-кішкентай қыз болса да, оны өмір ерте есейтті. Жасы 4-ке енді ғана толысқанымен, ойлау қабілеті мектеп жасындағы қыз сияқты.


Бүгін тағы да жайсыз түс көріп оянды. Әкесі тағы да ішіп келіп үйдің берекесін алып жатыр екен. Анасының етегіне тығылған қыз қорыққанынан тіпті  емін-еркін тыныстай алмай тұр екен. Жүрегі қысылып, терлеп кеткен кезде шошып оянды. Үсті-басы шылқа су. Малмандай боп терлепті. Жанында ешкім жоқ. Жарық сөніп тұр.
- Апаааа, -деп атып тұрды да, есікке қарай тұра жүгірді.
- Не болды қызым, қорықпа, үйдемін. Асханада отыр едім,- деп анасы алдынан шықты.
- Сізді үйде жоқ екен десем... Әкем келмеді ме?
- Жоқ әлі келмеді. Қорықпа қызым, жүр жатып ұйықтайық, әкең келмейді бүгін,- дей бергенде есікті қатты жұлқылаған дауыс естілді. Жұлдызай аяқ-қолы дірілдеп бөмесіне кірді де, кереуеттің астына кіріп кетті.
- Неге ашпайсың есікті? Әлде басқа біреуді күттің ба сен қатын?- деп жұдырығын түйіп дүрсе қоя берген күйеуі тәлтіректеп барып өз балағына өзі сүрініп етбетінен сұлап түсті. Ыңыранып жатып есік аузында ұйықтап қалды. Анадай жерде үстелде отырып күйеуіне ұзақ қарап отырған Ажар өткенді есіне алды.
  ...Тіпті көп те уақыт өткен жоқ қой. Екеуі қыз-жігіт болып бар-жоғы 2 ай ғана жүрді де отау құрып кете барды. Соңы міне, неге әкеліп соқтырды. Ажар тіпті күйеуін дұрыс танып та білмеген еді. Қой аузынан шөп алмас момын жігіт рөлін сомдаған күйеуінің арақсыз өмір сүре алмайтынын үйленген соң бір-ақ білді. Амал жоқ, өз қолын өзі кесе ме? Алғашында үлкендерді ортаға салып, бөлек шығып кетсе де ата-енеден қайыр күткен келін олардан қайран жоғын білген соң, бертін келе оларға күйеуі туралы жақ ашпайтын болды. Төркінге де кете алмады. Не деп барады? Өзі таңдады, өзі тұрмысқа шықты, ешкім қыстап қос қолдап әкеп тастаған жоқ. Осылайша өмір сүруді жалғастыра берді. Бір қызды дүниеге әкелді, күйеуі сонда да арағын тастай алмады. Тіпті, қолтықтап жүруді әдетке айналдыра бастады.


Соңы жақсы болмайтынын түсінген Ажар осы қыздан соң құрсақ көтергісі де келмеді. Кім біледі, алдымызда не тұрғанын деп ұзақ ойлана келе осы шешімге келіп еді. Арадан аттай 4 жыл өтіпті. Алқаш күйеумен 4 жыл арпалысқан келіншек қазір міне, кезіндегі сүйдім деп қосылған жарына көңілі жылымайды. Тіпті, жиіркене қарап отыр. Жоқ, мұным болмайды! Жас өмірімді қор қылып, осының таяғынан ерте өмірден өтетін жағдайым жоқ. Қызым үшін мұндай өмірден бас тартуым керек. Жастайынан қызымның өмірін қорқыныш пен үрейге толтырғым келмейді деп ойлаған Ажар орнынан тұрды да терең күрсінді. Не болса ол болсын деп қолын бір сілтеп, заттарын жинап сол күні-ақ төркініне кетіп тынды.
  Ақыр соңында бәрібір қайтып келетінін іштей сезіп жүрген анасы қызы мен жиен немересін көңілсіз қарсы алды. Ләм-мим деп екеуі де жақ ашпады. Не айтады?  Онсыз да, бәрі тайға таңба басқандай ап-анық білініп тұр. Үлкен-үлкен жол сөмкелерімен келген қызына қалай кет дейді. Барар жер, басар тауы жоқ бейшараның күйін кешіп келіп тұр.
  Осылайша "қайтып келген" деген атақ мойнына шынжырмен шешілместей бекітіліп, Ажар төркінінде қалып қойды. Келгеніне 3 айдан асса да мұны ешкім іздеп келмеді. Өзін мейлі іздемесін, өз қандарынан жаратылған қыздарын іздемеген қайын жұртына Ажар өте өкпелі еді. Балаларынның жағдайын білетін ата-анасы келіні мен немересін іздеп келуге ұяты жібермеді ме кім білсін... Кезінде ара түсіп шаңырақтарының шайқалмауына себепші болып ақылын айтпаған олар енді не деп келеміз деген шығар бәлкім...
  3 айдан соң Ажар заңға жүгініп, ажырасуға арыз жазды. Алиментті де сұрамайтын болып шешті. Сот болатын күні күйеу сымақ келмеді де. Үйіне барған ажырасу қағазына араққа сылқия тойып отырып қол қойды да жіберді. Ажырасқаннан кейін Ажар төркінінде ұзақ бөгеле алмады. Себебі, мұнда да бір отбасы бар. Інісі мен келіні бала-шағасымен қара шаңырақта. Әпкесінің тағдыры жанына батқан інісі қанша жаны ашып, осы үйдің бір адамы болып жүре бер дегенімен әпкесі көне қоймады. Келіні де әпкесінің үйде жүре бергенін құп көрді. Бірақ, салмақ салғым келмейді деген Ажар қызын нағашыларына уақытша тастап, өзі жұмысқа шығуға бел буды.


Ажар жұмысқа шыққалы жағдайы жақсарып, өз қолы өз аузына жететін жағдайға жетті. Бөлек үй алды. Жұлдызай анасы жұмыс істегелі нағашы әжесінің қолында. Тіпті, қатты бауыр басып кеткені соншалық әжесінің қойнына ұйықтап, күнімен қолтықтап жүреді. Нағашы көкесі мен жеңгесі де Жұлдызайды қатты жақсы көреді. Тәтті тіліне қызығып сұрақ қойып сөйлете береді. Жеңгесі оны-мұны әкелуге жұмсағанда аяғы жерге тимей жүгіре жөнеледі. Кішкенай болса да ақылды өзі. Ара-тұра анасының жанына да барып келеді. Ажар біраз қаражат жинап, қызын қолына алуды ойлады. Қанша дегенмен, біреудің қолына қаратқысы келмейді. Өз арбасын өзі сүйреп, жалғыз қызын жетілдіріп, соның қызығын көрсем бе деген арманы бар.
  Күндер осылай сырғып өте берді. Өмірі бір сарынды осылай өте берер ме еді, Ажардың жұмысына келген бөтен ер кісіні көрмегенде. Негізі, Ажар емес, сол кісінің көзі түсіп еді Ажарға. Түйіндемесі бастықтың көңілінен шықпаған соң Мейрамбек амалсыз басы салбырап шығып бара жатып Ажарды көзі шалып қалды.
- Сәлеметсіз бе?
- Сәлеметсіз бе? Кімге келіп едіңіз?
- Мен жұмыс іздеп келген едім.
- Аа түсінікті, бастықтың кабинеті... дей бергенде:
- Жоқ қажет емес, мен кіріп шықтым. Амал нешік, қабылданбадым,-деді әлгі кісі миығынан күліп.
- Кешіріңіз онда, өкінішті. Сау болыңыз!- деп жұмысына қайта кірісті. Мейрамбек артық бұл жерде тұрудың ретін таппай, басын қасып біраз тұрды да ақырын аяңдап сыртқа беттеді. Артына қайта-қайта бұрылып қарай берді. Соңғы бұрылғанда Ажардың да көз қиығымен қарағанын байқағандай болды. Сыртқа шығып таза ауаны рахаттана жұтты да, бір керіліп алды. Анадай жердегі орындыққа барып отырды.
  Ажар жұмыс уақыты аяқталып, сырт киімін киіп есікке беттеді. Өтіп бара жатып көзі шалып қалды, тұп-тура есіктің алдындағы орындықта әлгі кісі отыр. Түсінбей аз-кем тұрды да бұрылып бара жатыр еді:
- Кешіріңіз!- деп жанына әлгі кісі жетіп келді.
- Иә, тағы сіз бе? - деді Ажар күліп.
- Иә, мен...
- Не болды? Қайтпағаныңызға қарағанда жұмыстан үміт үзбеген сияқтысыз?
- Жұмыстан үзілген үмітім басқа нәрсеге жалғанды,- деді ол да күліп.


Екеуі жолай аялдамаға дейін әңгімелесіп барды. Түр әлпетіне қарасаң әлгі кісі үлкен кісіге ұқсайды. Ал Ажарға жасын айтқанда таңқалды. Бірақ, рас па деп сұрауға ұялды да, ештеңе деместен әңгімесін жалғап кете барды. Аялдамада екеуі екі қоғамдық көлікке отырды. Бірақ Мейрамбек өзіне сенімді кейіпте көлік орындығына жайғасты. Себебі, Ажардың телефон нөмірін алып үлгерген еді. Ажар да көлікке отырды. Ойланып қалды. Тап бір бірдеңені бүлдірген адамдай қысылып отыр. Мен не істеп жүрмін? Кім ол? Қайдан ғана тап болды? Неге жетісіп онымен сөйлестім? Телефон нөмірімді де алды. Қайдағы бір танымайтын кісіге сонша өрекпіп не болды маған? Құрысыншы, хабарласса да сөйлеспеймін. Осындай оймен отырғанда үйіне де жетіп қалды. Есіктен кірді де, сол бойы орындыққа отыра кетті. Күндегіден қатты шаршаған сияқты. Тіпті киімін ауыстыруға мойны жар бермеді. Төсегіне барды да сылқ түсті. Ештеңені сезбей қатып ұйықьап қалыпты. Оянса кеш батып, даланы қою қараңғылық басыпты. Сағат тілі 23-ті көрсетіп тұр. Қарны шұрылдап қоя берді. Орнынан тұрды да, ілби басып жуынатын бөлмеге келді. Шомылып, өз-өзіне келіп, асханаға кіріп оны-мұны шұқылап жегендей болды. Жалғыз болған соң ыстық тамақты да дұрыстап уақытылы жасамайды. Сырттан тамақтанып келіп, демалатын. Телефоны шырылдай жөнелді. Бөтен нөмір. Ажар дереу сезді де, сөйлесуге құлқы болмай кері қайтарып жіберді. Тағы шырылдады. Қайтарып жіберді. Тағы... Ажар телефонды мүлде өшіріп тастады. Теледидарды қосып кино қарап өзін сергітпекші. Мұным жарамайды, жалғыз өзім не істеймін мына үйде. Тамақ та батпайды. Жұлдызайымды әкеліп, адамша өмір сүрейін. Маған басқа ештеңе керек емес деп ойлады. Телефонын қосып қызына хабарласып жағдайын сұрады. Ертең алып кететінін айтты.
- Біржола сонда барамын ба мам?
- Иә, енді менің жанымда боласың.
- Әжем ше?
- Әжең жалғыз емес қой, немерелері бар. Мен ше қызым?
- Жарайды... деді Жұлдызай көңілсіз.
Ажар тұтқаны қойған соң телефонды тағы да сөндіріп тастады. Кино қарап жатып ұйықтап кетті.


 


Ертеңіне ерте тұрған Ажар біраз сергіп, жақсы демалғанын байқады. Таңғы асты көңілді жүріп дайындап, ішіп алды да, жұмысқа шықты. Аялдамаға дейін ойланып, бүгінге жоспар құрып келеді. Жұмыстан түскі асқа шыққанда базарға барып, одан заттарды үйге апарып үлгеруі керек. Тоңазытқышты толтырып қоймақшы, себебі Жұлдызайы келеді бүгін. Кешке жұмыстан тіке төркініне бет алады. Кешкі астан соң такси жалдап түнде болса да үйіне қайтпақшы. Келген көлікке мінді де, жұмысына кетті.


Жұлдызай осы жылы мектепке бару керек болған, бірақ Ажар бір жыл үйде болсын деп алып қалды. Келесі жылы өзі қолына алып, сол жаққа мектепке беретін болып шешкен. Әжесінің еркесі болып өскен Жұлдызай да мектепке баруға құмартқан жоқ. Келесі жылы осы жақтағы мектепке барамын деп жүргенде анасы хабарласып алып кететінін айтты.


- Неге көңілсізсің қызым,- деп әжесі басынан сипады.
- Ешетеңе...
- Мамаң келеді бүгін, қуансаңшы қайта.
- Иә, келеді. Әкетем деді...
- Қызым, сен үлкен қызсың, ақылың бар. Ол жақта анаң жалғыз өзі ғой. Үйге келіп тұрасың. Алыс емес. Бәріміз бір қаладамыз. Неге сонша көңіліңді түсіресің? Мен де барып тұрамын.
- ...
- Қане, бері қарашы. Сен жылап отырсың ба? - деп әжесі кішкентай Жұлдызайды бауырына басты. Әбден бауыр басып қалған қызға кет деп айтуға аузы бармаса да, тұспалдап жеткізді әйтеуір. Дегенмен, осы қызға іші жылып тұрады. Жақсы көреді.
  Түскі асқа шыққан Ажар дереу базарға аттанды. Жүгіре жүріп бар қажеттіні алды да, таксилетіп үйіне әкеліп тастады. Тәттілер мен жемістерді, Жұлдызайға деп қуыршақты да алуды ұмытпады. Жұмысқа кешіктім деп асыға басып шығып кетті. Бүгін ерекше көңілді.
- Ажар, бүгін туған күнің емес пе осы? Алып-ұшып жүрсің ғой,- деп қалжыңдап қояды әріптестері.
- Жоқ, қызым келеді бүгін,- деп күлімсіреді Ажар. Кешті әрең батырған ол сыртқа шықты. Дәл кешегі орындықта, дәл кешегі кісі тағы отыр. Мұны алғашында байқамаған Ажар асыға басып кетіп бара жатыр еді:
- Ажар!- деп тоқтатты Мейрамбек. Жалт бұрылған ол Мейрамбекті көрді де тосылып тұрып қалды.
- Кейін сөйлесейікші, қазір асығыспын!
- Тоқтай тұршы, Ажар!
- Неге мазамды ала бересіз? - деді ашулы жүзбен.


-Ажар, мазаңызды алсам кешірім сұраймын. Бірақ, кеше жап-жақсы сөйлесіп едік қой.
- Ол кеше еді. Таңым бар, қалайша жап-жақсы сөйлескеніме сол кезде.
- Телефонға да жауап бермейсіз...
- Себебі сөйлескім келмеді. Ал, жақсы сау болыңыз!
- Сау болыңыз...
- А, айтпақшы енді хабарласпасаңыз тіптен керемет болушы еді,- деп Мейрамбекті бастан-аяқ бір шолып шықты да, бұрылып кете барды.
- Сонда, мені мазақ етті ме? Кеше күліп, бүгін тырысып. Көрсетем әлі саған мені мазақ еткенді, - деп тістеніп тұрып қалған Мейірбек өз жөнімен кетті.
  Төркінге келіп қызын бауырына басып, құмары қанғанша сүйген Ажар Жұлдызайды жібергісі келер емес. Бір қалада тұрса да, қаланың екі шетінде болғандықтан көп келе бермейтін. Сағынып қалыпты. Кешкі астан соң кетуге жиналды.
- Түн ортасы болды ғой қайда барасың?- деді анасы.
- Үйге қайтайық біз апа.
- Ертең демалыс емес пе? Асықпай, қонып кетіңдер. О несі-әй. Келмей жатып кетем деп.
- Апа, ия ертең демалыс. Бірақ үйде демалайын дегем.
- Қой қарағым, бұл үйде демала алмайсың ба сонда, көп сөзді қой!-деді ашулы жүзбен анасы. Әжесінің мына сөздері Жұлдызайға  майдай жағып барады. Ең болмаса тағы бір күн әжесінің қойнында ұйықтайтын болды. Амалы құрыған Ажар ақыры төркінде қалды. Жұмыстан шаршағаны соншалық, дереу ұйықтап кетті. Таңға дейін қимылдамай ұйықтаған қызын көрген Сәлима әжей:
- Байғұс қызым, тағдырың қор болды-ау... Бір болмағыр еркектің етегінен ұстап қателестің. Енді жүрісің мынау, жападан-жалғыз. Жалғыз қызыңды ары да, бері де сүйреп... Тағдыр енді сүріндірмесе екен,- деп шашынан сипады. Анасының жылы алақанынан оянып кеткен Ажар күлімсіреп жатыр.
  Таңғы асты көңілді отырып ішкен үй іші, дастарханға бата жасалған соң әркім өз шаруасымен кетті.
- Бүгін де осында болыңыздар, қазанға ет саламын,- деді келіні.
- Жоқ жаным, үйге қайтамыз. Ертең жұмыс, дайындалуым керек. Оның үстіне Жұлдызайды да алып кетем. Енді менімен тұрады.
- Неге? Ол бізге үйреніп кеткен,  осы жақта жүргені жақсы еді...
- Ия, білем ғой. Бірақ, мен енді жалғыз тұрғым келмейді.
- ... үнсіз қалған келіні сыртқа шығып кетті.
  Ажар мен Жұлдызай өз үйлеріне келді.


Қызының заттарын, киім-кешектерін орны-орнына жайғастырып, екеуі отырып шәй ішті. Бүгінгі демалысты пайдаланып, саябаққа бармақшы. Қызына қарап отырып, өткенді ойлады.
- Қызыма көп көңіл бөлуім керек... деді ішінен.
  Екеуі шәйден соң жиналып сыртқа шықты. Ауа райы тамаша! Саябақта қыдырып, ыстық кофе ішті. Базарға барып Жұлдызайға киімдер алды. Үйге кешке бір-ақ қайтты.
  Бір қала болған соң Ажар қызының мектебін ауыстырмады. Шамалы алыстау болса да, оқи берсін деп шешті. Себебі, бастауыш сынып болғандықтан, оның үстіне мектебі де мықты болғандықтан ауыстыруды жөн санамады. Осылайша қызымен бірге Ажар бақытты күндерін өткізіп жатты. Басқа ештеңе де, ешкім де керек емес деп ойлады. Бірақ баяғы Мейрамбек Ажардың қыр соңынан қалмады. Жұмысқа барса да, аялдамаға келсе де артынан қалмай жүрді. Тіпті, үйін де біліп алды. Күнде алдыңнан шыға берсе де үйреніп кетеді екен адам. Ажарға да бұл үйреншікті жағдай болып қалды. Бір күн көрінбей қалса жан-жағына қарап абдырап қалады. Солай жүріп, Мейрамбекпен жақсы араласып кетті. Тек Жұлдызайға бұл кісі ұнамайтын еді. Түрі де, мінезі де, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы бәрі-бәрі қорқынышты көрінетін. Мамам қалай онымен қорықпай сөйлеседі деп ойлайтын ішінен. Сол кісіні көрсе баяғы ішкіш әкесі көз алдына келетін. Бірақ анасына ештеңе айта алмады. Ажар біраз сөйлесіп жүрді де, 1 жылдан соң Мейрамбек екеуі бас қосты. Үйленген соң Мейрамбек ауылға кетеміз деп еді, оған Ажардың жұмысы мен Жұлдызайдың сабағы болып осы қалада Ажардың үйінде тұратын болып келісті. Күндер өтіп жатты. Алғашында жақсы әке рөлін сомдап жүрген Мейрамбек бертін келе өзгере бастады. Тұрақты жұмысы болмаған соң, бір күн қара жұмысқа шықса, бір жеті үйде жатады. Ондай кезде Жұлдызай мектептен тіке қоғамдық көлікпен нағашы әжесінің үйіне тартып отырады. Ертеңіне немесе сол түні Ажар барып алып қайтады. Ажардың некелескенін төркіні әрине құптамады. Бірақ, өз бетімен бөлек тұратын келіншек ешкімді тыңдамады. Күндер зулап, айлар сырғып өтіп жатты. Үйдің керек-жарағы, өзіне де, күйеуіне де, қызына да керектің бәрі, қала берсе азық-түлік барлығы Ажардың мойнында.


Бір күн істеп келген ақшасын бір жетіге жеткізіп Мейрамбек жатады үйде. Ал, Жұлдызайдың өмірі біресе анасымен, біресе нағашы әжесінің үйінде өтіп жатты. Соңғы уақытта Жұлдызайға көзі көп түсіп жүрген өгей әкенің қылықтары тым оғаш әрі қорқынышты болып бара жатты. Мұны әрине, Ажар басында сезген жоқ. Бұл кезде Жұлдызай 4-сынып оқитын.
  Бір күні мектептен келсе анасы да жұмыстан ерте келіпті. Асханада тәтті тағамның иісі мұрынды жарып барады. Анасының жанына барып тәттіге бір қолын салып үлгерген қызының қылығына күле қараған анасы:
- Қызым, қазір тамақтанамыз, көкеңді оятшы,- деді.
- Өзің оятшы мама,- деп бойын үрей билей жөнелген кішкентай қыз жүгіріп бөлмесіне кіріп кетті. Бұл қызға не болған, мұндай әдеті жоқ еді ғой деп ойлаған Ажар бөлмесіне барып Мейрамбекті оятты. Шашы ұйпа-тұйпа болып орнынан тұрған ол тіпті жуынбастан қонақ бөлмеге өтті. Теледидарды қосты да диванға отыра кетті. Ажар асханаға шақырды, алдымен салқын душқа түсіп алуын сұрады. Күйеуі үнсіз душқа кетті. Осы кезде Жұлдызай теледидарға қызығып келді де, мультфильм көріп отыра кетті. Бала емес пе, қызығып ішіне кіріп кеткені сонша қарнының ашқанын да ұмытып кетті. Душтан шыққан Мейрамбек тырдай болып бөлмесіне өтіп бара жатып Жұлдызайға көзі түсті. Біраз қарап тұрды. Ойы бұзылды ма кім білсін, екі көзін алар емес. Ал Ажар асханадан айналшықтап шыға алар емес.
- Келіңдер, тамақ дайын!- деді асханадан дауыстап. Селк еткен Мейрамбек есін жиды да бөлмесіне кетті. Орнынан тұра беріп өгей әкесіне қарап қалған кішкентай қыз дереу теріс бұрылып қалды. Бетін басқан күйі жүгіріп асханаға кетті. Түк сезбеген адамша күйеуі де киініп келіп дастархан басына отырды. Бірақ ештеңесін білдірмей, өзін үстамды көрсеткен өгей әке 5минут алдыңғы ойын тіпті ұмытып кеткендей. Бұл жерде аузы жабылмай сөйлеп, бір күліп, бір сөйлеп отырған Ажар ғана. Қызы үнсіз тамағын ішіп отыр, ішінен ертең сабақтан кейін әжемнің үйіне кетем деп ойлап отыр. Өгей әкесін тіпті көргісі келмейді. Іштей сол кісіден қорқатын сияқты.


Әр кез осы өгей әкесін көрген сайын бала кезінде есінде қалып кеткен өзінің алқаш әкесі көз алдына келе қалады. Мамасының аяусыз таяқ жеп жерде жатқандары есіне түсіп, денесі дір ете қалатын. Қазір де тез-тез тамағын ішті де, орнынан тұрып кетті. Қонақ бөлмеге барып, мультфильм қарауын жалғастырды. Кешкі астарын ішіп бәрі орындарынан тұрып, әркім өз шаруасымен кетті. Мейрамбек қонақ бөлмеге өтті де диванға барып отырды. Ажар ыдыс-аяғын жуып асханада тағы қалып қойды. Жұлдызайдың ойында ештеңе жоқ, қорықса ол тек өгей әкесін ұрмаса екен деп қорқатын. Басқаша ойлайтындай да ол әлі бала емес пе? Ал, Мейрамбектің харам ойы мүлде басқаша екенін өзінен басқа ешкім білмейді. Өгей қызының артында диванда отырып өзінің ұятты жерін ұстап отыр.
- Жұлдызай, қызым,- деді ақырын ғана.
- Ау,- деді артына бұрылып Жұлдызай. Әкесініе ішкиімін жартылай шешіп отырғанын көрді де үндемей теледидарға қайта бұрылды.
- Ұстап көргің келе ме?- деді тағы да әкесі. Бұл жолы Жұлдызай артына бұрылмады. Екі көзі теледидарда болғанымен бойын қорқыныш билеп, ойының бәрі қалай шығып кетсем екен деп отыр.
- Жұлдыз!- деп анасы шақырып қалды. Дәл осыны күткендей орнынан атып тұрған ол асханаға жүгіре жөнелді. Ал, Мейрамбек дым болмағандай теледидарын қарап отыра берді.
- Қызым, сабағыңды оқыдың ба?
- Жоқ әле.
- Маған көмектесіп жіберсеңші дейін дегем.
- Ол не мама? Айта беріңіз.
- Жоқ ештеңе, барып сабағыңды оқи ғой. Сосын уақытылы жатып ұйықта жарай ма күнім?
- Жарайды,- деп мамасының бетінен сүйді де асыға басып, ештеңеге бұрылмастан бөлмесіне кіріп есікті іліп алды. Сабағын оқып, ұйықтап қалды. Таңертең таңғы аста күнде мамасы екеуі отырады. Мейрамбек түске таман оянады. Істеп жатқан жұмысы жоқ, тауып жатқан ақшасы жоқ, ұйықтамай қайтсін. Таңғы астан соң Ажар асығып жұмысқа кетеді. Дастарханды жинап, ыдыстарды жуу кішкентай Жұлбызға қалады. Анасы кеткен соң өгей әкесінің оянып кетпеуін тілеп, ақырын дыбысын шығармай тірліктерін аяқтап,  басталуына екі-үш сағат ерте болса да үйден шығып кетеді. Мектеп алдында кітап оқып отырып уақытын өткізеді. Басында күнде көретін мұғалімі онша мән бермейтін. Бүгін арнайы келіп сөйлескісі келді.


 


- Жұлдызай, қалың қалай?
- Апай, сіз бе? Сәлеметсіз бе?
- Байқаймын, күнде ерте келесің. Тым ерте ғой. Әлде үйде ешкім жоқ па?
- Иә... мамам жұмысқа кеткен соң мен де шығамын ғйден. Жалғыз қорқамын.
- Әкең ше?



- Әкем бе? Әкем... ол да жұмыста болады...
- Түсінікті,- деген мұғалімі Жұлдызайдың анасымен сөйлесуді жөн көріп, артық мазасын алмайын деді де орнынан тұрды.
- Айтпақшы, сыныпқа кіріп отырсаң да болады, сынып бос.
- Жарайды,- деген Жұлдызай кітабын сөмкесіне сала бастады. Ұстазы мұғалімдер бөлмесіне кірсе ешкім жоқ, дереу телефонын алып оқушысының анасына хабарласты.
- Сәлеметсіз бе? Мен Жұлдызайдың мұғалімі едім.
- Иә таныдым. Тыныштық па? Айта беріңіз?
- Қолыңыз бос па?
- Жұмыста едім, бірақ айта беріңіз.
- Мен біраз уақыттан бері Жұлдызайды байқап жүрмін. Сабаққа тым ерте келеді. Тіпті таңғы уақытта. Үйде түске дейін ешкім болмайды ма қарайласатын?
- Әкесі болушы еді ғой...
- Сұрасам әкем де жұмыста дейді.
- Жарайды кешке барып сөйлесермін. Ескерткеніңізге рақмет, сау болыңыз!- деп тұтқаны қойды да ойланып қалды. Осы уақытқа дейін қызым жайлы ойланып көрмеппін. Тіпті бөтен біреуді әке еткенімде де. Мүмкін сол кезде қателестім бе екен? Неге қызым соңғы кезде тартыншақ болып кетті? Енді байқағандаймын. Кешке өзімен ашық сөйлесейін. Мазасын алып жүрген не нәрсе екенін білейін деп ойлады. Кешке дейін жұмыста ойынан қызы кетпей қойды. Қолы жұмысқа бармай, уақытты әрең өткізді. Кешке ерте жиналды да, аялдамаға келіп автобус күтпей такси тоқтатып үйіне қайтты. Сол күнделікті өзгермеген өмір. Талтайып диванда теледидар қарап Мейрамбек жатыр. Қызы әле келмепті. Сағатқа қарады. Келетін уақыты енді болыпты. Қазір кеп қалар деп киімін ауыстырып, асханаға барып кешкі астың қамына кірісті. Екі көзі біресе сағатта, біресе есікте. Жарты сағат өтті. Жұлдызайдың қарасы көрінер емес. Бір сағат өтті. Ажардың дегбірі қашайын деді. Мүмкін қосымща сабағы бар ма екен, деп мұғаліміне хабарласты:
- Кеш жарық! Сабақ аяқталды ма? Қызым әлі келмеді. Уайымдап тұрмын.
- Сәлеметсіз бе? Бүгін 4 ғана сабақ бар еді. Екі сағат алдын сабақ аяқталған. Оқушылардың барлығы аялдамада автобус күтіп тұрған еді.


- Жарайды, рақмет!- деп тұтқаны қойды. Енді шынымен алаңдай бастады.
- Мейрамбек! Жұлдызай сабаққа кетерде ештеңе айтпады ма? Әлі келген жоқ, мұғалімі екі сағат алдын сабақ аяқталған дейді.
- Мен қайдан білейін? Күнде мен ұйықтап жатқанда кетеді ғой. Оны тек кешке көріп жүрмін.
- Ештеңе демеген бе едің? Қайдан білейін, енді... ұрысқан жоқсың ба дегенім ғой...
- Кетшей әкең, сенің қызыңнан басқа шаруам жоқ па менің?
- Бұл қыз қайда жүр ендеше?- деп орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Осы кезде барып телефоны безек қақты.
- Алло, апа!
- Ажар, қалайсың қызым?
- Жақсымыз. Өздеріңіз қалайсыздар?
- Жақсы, жақсы аманбыз. Бүгін үйге Жұлдызай қызым келіп қуанып жатырмын. Ертең демалыс деп мектептен тіке осында тартыпты. Жол ұзақтау, келген беті осы, ешкімге айтпадым деген соң уайымдамаңдар деп ескерткенім ғой.
- Ой Алла өзіңе шүкір!
- Ау? Не дейсің?
- Ештеңе апа, ия ескерткеніңізге рақмет. Ертең мен де барып қалармын. Ал, жақсы,- деп тұтқаны тастай салды. "Уф" деп терең демалған Ажар енді көңілі орнына түсіп асханасына қайта бұрылды. Кешкі ас  үстінде қызының мұғалімімен сөйлескенін айтты. Мейрамбек салқын қабылдады.
- Мүмкін, үйде зерігетін шығар, сол үшін ерте кететін шығар. Қайдан білейін?
- Мүмкін. Дегенмен, ертең өзімен сөйлесіп көрейін... дей бергенде күйеуінің қолынан кесесі түсіп кетті. Қипақтап, сүрткілеп, байыз тауып отыра алмады. Өткендегі ісімді айтып жүрмесін кіп-кішкентай боп алып өсекшіленіп, деп ойлады ішінен. Тамақтанып болды да, жайлы орны теледидардың алдына барып жайғасты. Ертең демалыс болғандықтан Ажар оны-мұны тірліктерін істеп, кір жуып, кеш жатты. Ертеңіне де кештеу оянды. Таңғы астан соң тіке төркінге тартты. Байқаса көптен бері келмепті. Арқа-жарқа болып, бәрі мәз-мейрам. Түс ауа қайтуға жиналды. Жұлдызай кеткісі келмесе де, ертеңгі сабағын ойлап амалсыз, ілби басып заттарын жинады. Кешке үйге келіп сабағын қарап болды да, жарықты сөндіріп ұйқыға кеткелі жатқанда анасы бөлмесіне кірді.
- Қызым, сенімен сөйлесейін деп едім.
- Ертең мама, ертең. Ұйқым кеп тұр,- деді еркелеп.
- Жарайды күнім, жақсы демал,- деп жарықты қайта сөндірді де шығып кетті.


Ертеңіне таңғы ас тағы да әдеттегідей ішілді. Екеуі ғана, анасы мен қызы. Мейрамбек қорылдап ұйықтап жатыр. Ажар шәй ішіп отырып қызын әңгімеге тартты.
- Қызым, сабағың қалай?
- Жақсы.
- Кеше неге ескертпей кетіп қалдың әжеңнің үйіне? Барғың келсе бірге барар едік қой. Үйінен қашқан адамға ұқсап кетіп қалыпсың.
- Мен жәй... әжемді сағынып... сіз бәрібір жұмысым көп деп бармайсыз ғой. Сосын...
- Жарайды, жарайды. Бірақ олай кетуші болма, сені қалай уайымдайтынымды білсең ғой, қызым...
- Жарайды...
- Кеше мұғалімің хабарласты,- дей беріп еді Жұлдызай жеп отырған тамағына түйіліп қалды.
- Ақырын, қызым, ақырын. Мұғалімің сені күнде таңертең келіп алады дейді. Рас па?
- Иә,- деді басын төмен салып.
-Неге ерте барып жүрсің?
-Үлгермей қалам ба деп.
- Мына сөзіңе сену қиын, сабаққа жақын қалғанда 1-2сағат алдын барсаң түсінер едім, бірақ сен таңғы оқушылармен қатар баратын көрінесің. Үйде болғың келмей ме? Неге? Бірдеңеден қорқасың ба?
- Жоқ...
- Онда неге? Қызым, ашылып айтшы күнім.
Үнсіз басын салбыратқан күйі қызы дастарханнан тұрып кетті. Ажар ойланып отырып қалды. Кешке Мейрамбекпен сөйлеспесем болмас деп түйді.  Тез-тез киініп жұмысқа шыққалы жатыр. Ол кетсе Жұлдызай да шықпақшы. Бүгінше ерте бара қойсын деп үндемеді. Жұмыста отырып та ойлана берді. Қызым неге үйден қаша береді? Мейрамбектен қорқады дейін десем, онымен бірге тұрып жатқанымызға көп болды ғой. Сол кезде-ақ сезер едім ғой. Меніңше, Мейрамбектің қатысы жоқ. Онда не үшін? Осы секілді сұрақтармен басын қатырып кешті де болғызды. Үйіне асығып келеді. Қайта-қайта сағатына қарағыштайды. Жұлдызацдың клеьін уақыты да болып қалды. Екеуі есік алдында кездесіп, үйге бірге кірді. Бір қызығы, талтайып теледидар алдында жататын Мейрамбек үйде жоқ. Жұлдызай қуанып кетті. Саңқылдап сөйлеп жүріп киімдерін ауыстырды. Кешкі тамаққа анасына көмектесті. Бірақ қуаныштары ұзаққа созыла қоймады. Кешкі асқа енді отыра бергенде араққа сылқия тойып алған Мейрамбек ықылық атып есіктен кіріп келді. Бүкіл өткен өмірі көз алдына лента болып келе қалған Жұлдызай зып етіп бөлмесіне кіріп кетті.


Кішкенай кезінде өзінің әкесінің бейнесі көз алдына келе қалды. Дәл осылай ықылық атып кіріп келуші еді. Төсегіне барып бүркеніп жатып қалды. Екі құлағын екі қолымен басып алды. Тым-тырыс ештеңе естілмейді. Ақырын көрпе астынан басын шығарды. Дәл осы мезетте асхана жақтан темір ыдыстың қатты дауысы шықты. Жан ұшыра жүгіріп барды. Ондағы ойы мамамды ұрды ма деген қорқыныш еді. Қорыққаны келді. Шәй ішетін үстел жанында сұлап жатқан анасы көрді де жанына жүгіріп барды.
- Мама, неге кіргіздің үйге бұл адамды?- деді алғаш рет.
  Тәлтіректеп сыртқа шығып бара жатқан Мейрамбек бұл сөзді естімеді де. Анал-қыз екеуі Жұлдызайдың бөлмесінде түнеді. Ажар қызының әлі кішкентай екенін алға тартып, ештеңені ашып айтпады. Бірақ іштей ой елегінен өткізді. Осы Мейрамбекке тұрмысқа шыққалы алғаш рет таяқ жеуі. Бұлай қатты ішіп те келмеп еді. Анда-санда сыралататыны барын біледі, бірақ араққа сылқия тойғанын бірінші рет көрді. Біріншісінен құтылып, екіншісіне тұтылғаным ба сонда деп іштей өзін жегідей жеді. Кім біледі, мүмкін бағана ұрысты өзі бастамағанда Мейрамбек қол көтермейтін бе еді дейді  бір ойы. Оның жымысқы әрекетін Ажар  қайдан білсін? Бағана Жұлдызай бөлмесіне кеткенде:
- Мейрамбек, Жұлдыз сенен қорқып жүрген сияқты.
- Неменеге қорқады. Мен не жан алғышпын ба? Әлде өгей деген әке бола алмай ма?
- Олай деп отырғаным жоқ. Мен түсінем, басқы түсінеді. Бірақ Жұлдызайдың өткен балалық шағын білесің, әу баста айтқанмын. Қызымды жақын тартып әкелік мейіріңді көрсетсең екен деймін...
- Мен не істеп жүрмін сонда? Өзі қаша берсе қайтейін? Тап бір соны зорлайтындай.
- Не деп отырсың өзің? Ол әлі бала ғой. Ондайды түсінбейбі де. Неге олай дейсің?
- Мен жәй... солай ойлап  қашып жүр ме дегенім ғой.
- Есің дұрыс па өзіңнің, қаршадай қыз қалай олай ойлайды? Сен өзің солай ойлап жүрген шығарсың?
- Не деп көкіп отырсың әкеңнің...- деп құлақ шекесінен жуан жұдырығымен салып қалып еді. Мұрттай ұшып түскен Ажар шыңылдап ештеңе естімей қалған құлағын ұстап жата берді. Ары қарай еміс-еміс есінде. Жұлдызай басын сүйеп жатқан.
  Түн жарымға дейін осы әңгіме есінен кетпеген Ажар таң ата көзі ілінді.


Бірер-жарым сағат ұйықтап жұмысына қайта тұрды. Жанында қызы тәп-тәтті болып ұйықтап жатыр. Оны оятқысы келмеді. Бірақ тастап кетуге де қорқып тұр. Не істесем екен деген ол таңғы асын да ішпестен көрші келіншекке барып қызын әбден дайындап жұмысына кетті.
  Осы оқиғадан кейін біраз күн Ажар секем алып бәрін бақылап жүрді. Бірақ еш бір әбестік байқалмаған соң көңілі орнына түсіп, бұл оқиға ұмытылып бара жатты. Бірақ, Мейрамбектің ішкілікке салынуы тыйылмады. Ажарға қол көтеруі де жиілей бастады. Неге екені белгісіз тек Жұлдызайды көрсе ғана тынши қалады. Мұндай кезде Жұлдызай әжесінің үйіне тайып тұрады. Біресе сол үйде, біресе өз үйінде жүріп уақыт өтіп жатты. Артқа 2-3жылды тастап Жұлдызай бойжетіп келе жатыр. Бір күні әжесінің үйінде жүргенде анасы хабарласып, сағынғанын, үйде біраз күн жүріп кетуін сұрап хабарласты. Күйеуі ауылға кеткен екен. Ажар анасының жалғыз екенін біліп жанына баратын болып жинала бастады. Бұл кезде Жұлдызай 7-сынып оқып жүрген. Анасының үйіне келіп, бой сергітіп, жатып демалды. Ажар жалғыз болғандықтан үй іші де тып-тыныш. Әжесінің үйінде бала-шаға бар, у-шуға үйренген. Біраз күн осында болды. Емін-еркін жүріп-тұрып, тіпті анасына еркелеп те қояды. Бір күні сабақтан келсе анасы жұмыстан келмепті. Душқа түсіп алып кешкі асты дайындай берейін деп сүлгісін алып ванна бөлмеге кірді. Алаңсыз шомылып жатыр еді, бір мезетте сырттан біреу қарап тұрғандай сезініп кетті де есікке жалт қарады. Өз көзіне өзі сене алар емес. Өгей әкесі жартылай қиғаш тұрған есіктен қарап тұр. Дұрыс шайынып үлгермеген бишара қыз есікті тарс жапты да, дереу киіне бастады. Аяқ-қолы қалтырап дір-дір етеді. Миында тек бір ғана сұрақ: Қазір есікті ашып кіріп келсе не істеймін? Жыламсырап, ара-тұра көзінің жасын көпірік қолымен сүртіп қояды. Бірақ ешкім есікті ашпады. Дереу шығып, бөлмесіне өтіп бара жатып көзі шалып қалды. Анасы келген екен. Бәсе неге өгей әкесі тыныш болып қалды деп еді. Бөлмесіне барып, дұрыстап киініп, сырт киімін алды да анасына барды.
- Мам, мен әжем үйіне кеттім.
- Неге құлыным?
- Әжемді сағындым,- деген ол көз қиығымен өгей әкесіне қарап қойды.


 


Ештеңеден хабары жоқ адамша алдындағы асын қомағайлана жеп отырған өгей әкесін көрген Жұлдызай жиіркеніп кетті. Тіпті анасының өтінгеніне де қарамастан, тез-тез шығып кетті.


Әжесінің үйіне келіп марқайып қалды. Мұнда у-шу болғанымен жаны тыныш. Еркелетіп отыратын әжесі мен өө қызындай көретін жеңгесі, бауырымның бауыр еті деп бауырына басқан нағашы ағасы бәрі, бәрі Жұлдызайдың асты-үстіне түсіп жүреді.


Осы пейілдерін, қуаныш ы жүздерін жоғалтқысы келмейтін жиен қыз да өгей әкесінен көріп жүрген жат қылықтарды тіс жарып айта қоймады. Анасына да сездірмей келеді. Ақыры неге апарып соғарын білмесе де, қазіргі өмірі тыныш болғанына шүкір деп ешкімге сыр білдірмей келеді. Осылай жүргенде Ажардың аяғы ауырлады. Дәл Жұлдызай секілді сүп-сүйкімді қызды өмірне әкелді. Оның тәтті қылықтары Ажар мен Жұлдызайды бақытты еткенімен, арам ойлы Мейірбекті өзгерте алмады. Сәл жалғыз қалса Жұлдызайға көзін сүзуін тоқтатпады. Жұлдызай бойжетті. Оңды-солын  таниды. Енді жасырудың еш қажеті жоқ сияқты. Себебі, өз-өзі қорғай алады. Тек мына өзінің артынан ерген сіңлісін уайымдайды. Сол үшін анасымен ашық отырып сөйлесуді жөн көрді. Мейрамбектің осы үйге келгелі бергі қылықтарын бірін қалдырмай айтып берді. Онсыз да сезіктеніп жүрген Ажар үнсіз тыңдады. Қой, ондай емес деп күйеуін ақтап ала алмады. Себебі ішінде осындай бір үрей үнемі мазалайтын. Жұлдызаймен сөйлескен соң, Ажар оны біржола әжесінің үйіне жіберемін деп шешті. Өзі қазір бала күтімімен үйінде отыр. Алқаш күйеуі юір күн істеп бір апта жатады. Күн көріс қиындай бастады. Оның үстіне мына әңгәме де түрткі болды. Мектепке кезекті бір демалыста екі қызын алып төркінге келді. Анасы мен інісін жанына шақырып ұзақ сөйлесті. Әрине Жұлдызайдың әңгімесін тісінен шығарған жоқ. Бар айтқаны, Жұлдызай осында болуды қалайды деді. Жұлдызай онсыз да осы үйдің қызы емес пе деп інісі күліп сыртқа шығып кетті. Ал, анасы бір жасырын әңгіме барын іші сезгенімен сұрай алмады. Сонымен бұл тақырып жабылып, Жұлдызай әжесінің үйіне біржола көшіп келді.


Мектепке де осы жақтан қатынайды. Бір күні мектептен шығып аялдамаға жете бергенде артынан біреудің шақырғанын естіді. Жалт бұрылды. Бейтаныс ер кісі. Өте әбіржулі. Бомждарға ұқсайды. Жұлдызай танымады. Бірақ бұл кісі мені қайдан таниды деп ойлады. Атымды атап шақырды емес пе? Сөйлесуге жүрексініп тұр. Әлгі кісі жанына жақындап келді. Аялдамада екеуінен басқа ешкім жоқ.
- Жұлдызай, қызым... Сен қалай өсіп кеткенсің? Танымас едім, сыныптастарың айтты.
- Кешіріңіз, сізді танымаймын. Кімсіз? Мені қайдан танисыз?
- Мен сенің әкеңмін қызым.
  Жұлдызай енді ғана шырамытып тани бастады. Баяғы 4 жасар кезіндегі ықылық ата кіріп келетін әкесі... Ой Алла! Өз әкесі! Туған әкесі! Жақындап келіп амандасты. Еріксіз қолын созған қызы дереу қайта қолын тартып алды. Аузынан арақ иісі мүңкіп тұр. Неге екенін қайдам бірақ Жұлдызай Мейрамбек сияқты бұл кісіден қорықпады. Екеуі аялдама орындығында отырып сөйлесті. Әкесінің өмірі сол баяғы арақпен бірге екен. Бұдан кейін де отау құрған, бірақ ол да жараспаған көрінеді. Сөйлесіп отырып, уақыттың біраз жерге таяп қалғанын байқаған Жұлдызай үйіне кетуге жиналды. Әкесімен қоштасып қоғамдық көлікке отырып жүріп кетті. Содан кейін әкесінен еш хабар жоқ. Қайта іздеп келмеді. Жұлдызай да әкесін іздеп сағынбады. Кішкентай кезінде балалық шағына қорқыныш сыйлаған әкесіне деген өкпесі қара қазандай еді. Әжесімен ғана сырласатын қыз мұны да жасырмай айтып берді. Үнсіз тыңдаған әжесі не ақыл айтарын да білмеді. Енді тағы іздеп келсе көре жатармыз деді де қойды. Бірақ әкесі содан кейін ұшты күйлі жоқ, келмеді. Күндер сырғып, айлар өтіп жатты. Мектепті де тәмамдап Жұлдызай ЖОО-нында студент болды. Ал, анасы сол баяғы жұмысында, екінші күйеуі және қызы үшеуі тұрып жатты. Кейде төркініне келіп тұрады. Мейрамбек бұл кезде вахтаға орналасып, әжептәуір жұмыс жасап жүрген болатын. Анда-санда Жұлдызай анасының үйіне барып тұрады. Бойында баяғыдай өгей әкесінен қорқыныш жоқ. Ол да Жұлдызай келсе қипақтап, үйге сыймай сыртқа шығып кетеді.
- Мама, мынауыңыз адам бола бастапты ғой. Жұмысы қалай? Қол көтеруін, ішкілігін тыйды ма?


- Бәрі жақсы қызым, уайымдама!
- Сіңліме бас-көз болыңыз. Мұндай айуандар өз қызын да аямайды.
- Қойшы, о несі. Өз қызын олай қорламайды ғой. Құдай сақтасын.
- Мейлі сонда да, байқаңызшы әйтеуір,- деді Жұлдызай.
  Әр келіп кеткенінде сіңлісін уайымдап қалады. Студент болғалы Жұлдызай қатты өзгерген. Баяғы қамқоршысының қанатының астына тығылатын бейшара қыз емес. Тағдыр оны өте батыл етіп тәрбиеледі. Бойын тік ұстап, өзіне сенімді сөйлейтін нағыз ержүрек қыз болып өсті. Төрт жыл оқып, оқуын абыроймен аяқтап, жұрт көзіне іліге бастады. Келін қылатын-ақ қыз екен дейтін сыбыстар шыға бастады. Әжесінің тәрбиесін алған қыз жаман болсын ба? Деушілер де табылды. Ақыры Жұлдызай да өз бақытын тапты. Нағашы ағасы дүркіретіп тұрып той беріп ұзатты. Әжесі мен нағашы жеңгесі Ажардан бір тиын алмады. Қызыма жиғаным дегенін қағазға орап әкеліп еді, қайтарып берді. Нағашы жеңгесі:
- Ажар менің үлкен қызым, сондықтан тірлігін де өзім беремін. Уайымдамаңыз, жұрттан кем қылмай жасауын жасаймын,- деп әпкесінің бетінен сүйді. Көзінің жасын сығып, анасы мен келініне алғыстан басқа ештеңе айтпады.
- Сендер болмағанда кім білсін менің Жұлдызымның тағдыры қандай боларын. Келін, Алла екі дүниеде де разы болсын саған!- деп кемсеңдеді.
  Той дүркіреп өтті. Мейрамбек вахтаны сылтауратып келмеді. Қай бетімен келеді? Кезінде өрімдей қыздың тағдырына балта шабуға сәл қалды емес пе? Үнемі Құдай оңдап, есін тез жиып үлгеретін. Қазір есіне алса, денесі тітіркеніп өз ісінен өзі қорқып кетеді.
  Жұлдызай өз еліне барып, құтты орнына қонғалы 1 жылға жуықтады. Шүкір, бақытты. Ата-енесі мен күйеуі өте иманды жандар. Сол шаңыраққа барғалы намазға жығылған. Үй ішімен Алламен сырласады. Осы тағдырына риза. Шүкіршілік айтудан жалықпайды. Бір жыл дегенде төркініне келмекші. Әрине телефонда сөйлесіп тұрады. Сол кезде анасының дауысынан көңілсіз екенін байқайды. Сұраса айтпайды. Бәрі жақсы деп құтылады. Бірінші әжесінің үйіне бармақшы, сосын анасына.


Төркінге келіп, әжесінің мауқын басып, аунап-қунап екі күн жатты. Қызының келгенін есітіп, Ажар да құстай ұшып келді.
-Жаным, Жұлдызым, қызым,- деп бетінен сүйіп бір жылап, бір күліп мәре-сәре болып жатыр. Екі күннен соң Ажар үйіне қайтатын болды. Жұлдызай да анасымен бірге баруды жөн көрді. Әжесінен рұқсат алып, сіңлісі мен анасы үшеуі таксиге отырды. Таксиде:
- Күйеуіңіз қайда? - деп сұрады.
- ...
- Мам?
- Үйге барған соң сөйлесейік,- деді Ажар.
  Үйге келіп жуынып-шайынып дастархан басына отырды. Қызының келетінін білген соң, базарлап барлық тәттіні алып үлгеріпті. Дастарханды жайнатып қойды. Шәй үстінде әңгіменің шетін ағытты. Сіңлісі шаршаған болуы керек, ойын баласы төсекке басы тиген бойда ұйықтап кетті.
  Ажар мен Жұлдыз ұзақ сөйлесті.
- Сені тұрмысқа берген соң... деп бастады Ажар әңгімесін.
- Иә? - деді қызы ыстық шәйді сораптап қойып.
- Вахтаға кеткеннен соң Мейрамбек екі ай келмеді. Негізі 15күн үйде болса, 15 күн вахтада болатын білесің ғой. Екі ай хабар-ошарсыз кетті. Телефон соғып қызын да сұрамады. Екі айдан соң келді. Үнсіз келіп, киім-кешегін жинай бастады. Сұрасам тіл қатпайды. Кеткелі жатқанда асханаға шақырып әңгәмелесейік деді. Сіңлің ұйықтап жатқан болатын. "Ажар, мен бақытымды енді тапқандаймын. Бұл жерде де нашар өмір сүрген жоқпын, бірақ, шын ғашық болған адамым басқа екен. Оны енді жолықтырдым. Кешіре алсаң кешір, қызымды іздеп келіп тұрғанда, көрсетсең болды," деді де ұйықтап жатқан қызының бетінен сүйіп шығып кетті. Кетіп бара жатып "Сен бәрінен хабардарсың, білемін, сонда да мені қуып шықпадың. Кешір мені," деп шығып кетті. Содан кейін хабарсыз. Мен де хабарласпадым. Соңғы сөздері сен жайлы екенін білдім әрине. Мейлі, кетсе кетсін. Бақытын тапсын. Басында екінші тұрмыс құрып өте өрескел қателік жасағанымды түсіндім қызым. Кешірші мені! - деді анасы Жұлдызайдың басынан сипап.
Анасы мен қызы құшақтасып терезе алдында ұзақ тұрды.


Соңы...





Пікір жазу