22.11.2021
  353


Автор: Фариза Амангелдіқызы

Әке ұрмашы... (2 бөлім )

Айдынды көтеріп Қалима үйге кірді. Мөлдір де бетіне сүйіп қайта-қайта құшақтап жатыр.
- Неге тоғай жаққа кетіп қалғансың балам? Түнде жалғыз қалып кетсең не болар еді?
- Апа, ол мені ұрды.
- Жарайды балам, байқамай қалған ғой...
- Жоқ, ол әпкемді ұрды, кейін мені итерді,- деді кішкентай Айдын қорқақтап. Мөлдір жылап жіберді:
- Апа, кетейікші бұл үйден. Қалаға кетейікші. Ол жақта да жұмыс көп қой. Мен сабақтан шыққан соң жұмыс жасайм. Нағашы әпкемнен ақылы пәтер сұрап көреміз. Мұнда бәрібір жақсы өмір сүрмейміз ғой апа.
- Қалаға барып қалай күн көреміз қызым? Пәтер мен азық-түлікке менің ақшам жетпейді ғой.
- Апа, мейлі. Жақсы пәтер болмаса да тұра береміз. Мен анау-мынау әпер деп айтпаймын. Тек кетейікші бұл үйден, апа кетейікші!
  Осы кезде тәлтіректеп үйге келген Досан бәрін есітіп үлгерген еді:
- Өй әкең... Қалада біреу сені күтіп отыр ма? Ойнасың ба? Қазір мен саған көрсетейін... қалаға кетем дейді ғой ... деп Қалиманың шашына жабысты.
- Ешқайда кетейін деп жатқан жоқпыз Досан , жіберші. Айдын қорқады ғой. Ұрыс шығармашы, Досан.
- Айдыным менің,- деген әкесі Қалиманы жайына жіберді де баласын іздей бастады. Айдын үйдің бұрышына тығылып қарап тұр. Әкесіне баруға қорқып тұр. Қанша шақырса да басын шайқап бармады.
- Міне, сен үйреткенсің. Әкең жаман деп үйретіп қойдың ба? Сосын келмей тұр да иә? Әлде, менің балам емес пе? Тоқта, тоқта, тоқ-тааа... қазір мен оның өзінен...
- Кімнің баласысың е шешең....
  Айдын қорыққанынан анасының етегіне тығылды. Қалима Досанға енді бетін бұрып сөйлейін деп жатқанда дёу жұдырық құлақ шекеге тарс ете қалды.
- Менің балам емес мынау! Салдақы! Ана қан...ң да да менің қызым емес! Кімнен тудың а? Айт тез!-деген Досан Қалиманың шашынан ұстап жерге сүйреп құлатты. Тағы да күнделікті айқай-шу, ұру-соғу... Анасына болысам деген Мөлдірді бір теуіп құлатты. Айдын тағы да сыртқа қашып кетті. Мөлдір орнынан ұшып тұрды да тағы да әкесінің қолына жармасты.


Досан Қалиманы жіберді де Мөлдірге қарап жұдырығын ала жүгірді.
- Досан, қойсаңшы. Өз қызыңды өлтіретін болдың ғой,- деп Қалима күйеуіне жармасты. Қызын әрең босатып алды да есіктен шығып екеуі қаша жөнелді. Көшеге қашайын десе жұрттан ұят. Огород жаққа қашты. Бірақ Досан арттарынан қумады. Талға сүйеніп, тығылып біршама уақыт отырған аналы-қыз енді ғана естерін жинап Айдынды іздей бастады.
- Көршінің үйінде болар.
- Кешегідей тоғай жаққа кетсе ше?
- Қазір мен көрші үйді көріп келейін...
Көрші үйлердің бәрін көріп шыққан Мөлдір інісін көрдім-білдім деген адам ұшыратпады.
- Апа, ешкімнің үйінде жоқ,- деді дауысы дірілдеп.
Орнынан тұрған Қалима қызын ертіп тоғай жаққа бет алды. Арық жағалап келеді. Күн алакеуім болып, таяқ тастам жер көрінер көрінбес болып барады. Кенет Мөлдірдің көзі арыққа түсіп кетті. Ағараңдаған бірнәрсе қалқып жатыр. Адамның киіміне ұқсайды.
- Апа, мынау Айдынның футболкасы емес пе?
- А? Не дейді құдай? Қайда?
- Әне қараңызшы.
Қалима сілейіп тұрып қалды. Қолындағы иттерден қорғанам деп ұстап алған таяғымен әлгі ағараңдаған нәрсені түртіп көрді. Ауыр сияқты.
- Апааааа! Мынау Айдын ғой.
- Не? Не дейді? Қу құдай, енді осы да бар ма еді басымда. Баламның басын жалмаған сұм неме. Неге өзің өле қалмадың а? Неге өлмедің? -деп зар илеп Қалима арыққа өзі түсті. Сүйретіп жағаға алып шықты. Өлді деп ойлаған баласы шашала бастады. Қолдары дірілдеп Қалима түкке түсінбей тұр:
- Мөлдір, тірі ме? Қарашы? Даусы шығады, шашалып...
Мөлдір өкпесінен басып көріп еді, аузынан атқылап су шықты. Қатты тұншыққаны болмаса құдайдың құдіретімен Айдын тірі екен. Есін жиғанша біраз құшақтап отырды. Көзін ашқан соң барып аймалап, бетінен сүйіп, құшақтап Қалима еңіреп жылады.
- Осы айлығымды алсам сиырды сатамыз да кетеміз бұл үйден. Болмаса бәрімізді жалмап тынады мына хайуан! Тұрыңдар, үйге барайық!
- Апа, бармай-ақ қояйықшы. Дала жылы ғой, сыртта ұйықтай береміз,- деді Мөлдір жыламсырап.
- Уайымдама, қызым. Ол ұйықтап та қалған болар. Қарындарың да ашты ғой үйге барып бірдеңе жейік.
  Айдынды көтерген анасының соңынан еріп үйге қайтты.


Үйге келген бойда жуынып дастарханға жайғасты. Қалима балаларына пияз қуырып берді де өзі сүйсіне қарап отырды. Анадай жерде кереуетің аяқ жағында жерде Досан аунап ұйықтап жатыр. Қалима бір қарады да, мынадай жиіркенішті мақлұқпен қалай бірге тұрып келгенмін деп ойлады. Өткенді есіне алды. Тіпті танымаса да осы үйдің табалдырығын аттап еді. Үйде екі қыз ғана болатын. Еркек кіндік жоқ еді үйінде. Әкелері ертеректе қайтқан. Қарт анасы мен сіңлісі үшеуі тұратын. Зорлап алып қашып әкеліп еді осы үйге. Ата-енесі момын жандар болатын. Мөлдір туылған соң екеуі де жылма-жыл қайтыс болды. Содан бері көріп келе жатқан қорлығы осы. Тіпті қызының да соққыға еті өліп кеткен. Кішкентайынан әкесінен таяқ жеп келеді. Не үшін ұрады? Неге? Ешкім түсіндіріп бере алмайды. Үшеуі сәкіге барып жайғасты. Төсектерін салды да жатып қалды. Таңертең ерте тұрған олар бірі сиыр сауып, бірі шәй дайындап өз тірліктеріне кірісті...
Осылай күндер өте берді. Әні кетеміз, міні кетеміз деп жүріп оқу жылы да басталып қалды. Оқуды аяқтап жаз шыққанда кетейік деп тағы қалды. Уақыт шіркін зымырап, бір күн ұрыс болса, бір күн қашып тығылып жүіп те Мөлдірдің мектеп аяқтайтын уақыты келіпті. Биыл мектепті бітіреді. Осы жылы қалайда анасы мен інісін алып кетпекші. Баяғыдай емес, анасының да денсаулығы сыр беріп жүр. Жұмысқа әрең барып келеді. Досанның күйі сол баяғы, өзгеріссіз. Қазір тіпті көшеде жатып ішетін болған. Ешкім оны адам демейді. Кішкентай балалардың өзі аттап өтіп кете береді. Алғашында намыстанатын Мөлдір көшеден алдап сүйреп келетін. Қаршадай қыз қашанғы сүйресін? Қазір тіпті мән де бермейді. Бетінің сол жағына көзден төмен үлкен шрам түскен. Ол да әкесінің кесірі. Анасының мойнына пышақ кезенгенде ажыратып қаламын деп Мөлдірдің бетін осып кеткен. Мүмкін дереу ауруханаға барғанда тігіп беріп, із қалмайтын ба еді, кім білсін? Бірақ Мөлдір ешқайда бармады. Содан кейін Мөлдір әкесін адам екен демейді. Тіпті, өлсе де жыламайтын шығармын деп ойлайды ішінен. Тек анасы оны тоқтатып отырады.
- Қой, қызым. Күнәсін өзі арқалайды. Не де болса әкең. Қарғама, өлім тілеме. Құдай өзі бір жағына шығарады,- дейді үнемі.


Күндер өтіп жатты. Мөлдір мектепті аяқтайтын уақыт та жетіп келді. Мына ауылдан, соры болған әкесінен алысқа, тым алысқа кетсем екен деп асығып жүр. Мөлдірді сырттай күнде көріп жүретін бір жігіт бар. Бұл қызды шынымен ұнатады ма, әлде жаны ашып уайымдағаннан ба күнде көргісі келеді де тұрады. Бірақ ол сыр болып жүрек түкпірінде жатыр. Мөлдір жайлы ешкімге айтқысы келмейді. Шындап келгенде, айтатын адамы да жоқ. Үйдегі көкбет өгей шеше мен  күнде түртпектеп мазақ етіп отыратын өгей бауырлары мұның жан сырын неғылсын? Сондықтан Арман күн ұзаққа малдың соңында жүргенде Мөлдірді есіне алады. Ішкі жан сырын айдалаға, жапандаладағы түзге, дым түсінбейтін төрт түлікке айтады. Құстармен сырласады. Кешкілік мал өрістен қайтар уақытты асыға күтеді. Себебі мұны бірінші болып Мөлдір күтіп тұрады. Қаннен-қаперсіз өз сиырын пададан айырып, үйіне айдап кетеді.
- Сәлем, Арман,- деп амандасқан жылы сөзін қайта-қайта тыңдағысы келеді. Сол үшін асығады. Бүгін де асығып келеді. Ацылға жақындады. Жүрегі дүрсілдеп Мөлдір бүгін тағы да  басқа сөздер айта ма екен деп үміттеніп келеді. Бірақ асығып жеткенде Мөлдір көшенің басынан көріне қоймады. Тіпті есік алдына дейін сиырын айдап барды. Қақпа жабық тұр. Мөлдір жоқ. Іштей уайымдап тұр. Әкесі ерте келіп шығармай қойды ма екен әлде... Атының басын бұра бергенде қақпа ашылып, бір көзі бұлаудай болып қанталап ісіп тұрған Қалима апайды көрді. Не айтарын білмей:
- Мөлдір күтіп алушы еді сиырды, көрінбеген соң... басқа үйге кіріп кетпесін деп...
- Рақмет айналайын. Мөлдір үйде еді,- деді де Қалима апай сиырын айдап үйіне кірді де, қақпаны жауып алды. Біраз тосылып тұрған Арман артқа қайтты. Жол-жөнекей Мөлдірді ойлап келеді. Не болды екен? Жағдайы дұрыс па екен? Тағы да таяқтың астында қалды ма? Ойланып кеткен Арман үйіне қалай жеткенін да байқамай қалды. Өгей шешенің шәңкілдеген дауысынан есін жиды.
  Мөлдір бүгін тағы да анасын арашалап қаламын деп әкесінен оңбай таяқ жеді. Үстел үстінде тұрған оқтау көзіне түскен әкесі адымдап барып Мөлдірден бірінші жетті де алып үлгерді.


Негізі бұл үйде ондай қатты, ауыр, қауіпті заттарды тығып жүру әдетке айналғаны қашан... Кез-келген уақытта әкесінің қолына түссе лақтырып немесе ұрып жіберуі мүмкін. Талай таяқтың куәсі болған Мөлдір оны жақсы біледі. Сондай бір күні Мөлдір мектепті аяқтап, қалаға анам мен інімді әкетем деп жүргенде аяқ астынан өте қиын жағдай орын алды.
  Сабақты жақсы аяқтаған ол, оқуға түсуге де ынтасы болмай, құжаттарын анасына алғызды. Анасы сонымен қоса, жұмыстан шығуға да арыз жазып келді. Үйге келген бойда соңғы алған айлығын алдын жинап жүрген аз-маз қаражатына қосты да, буып-түйіп тығып қойды. Осы кезде тәлтіректеп үйге кірген Досан Қалиманың бірдеңе тықпыштап жатқанын көріп үлгерді.
- Не ол? Әкел бері! Әкеңнің... әкел. Не жасырып жатырсың дим саған салдақы!
- Ештеңе, киімдерді реттеп отырмын Досан.
- Алдама! Әкел бері!- деп жетіп келді. Қалима ары итеріп тықты да:
- Ештеңе! Ештеңе жоқ! Не тығам! Тығатын не бар үйде! Жарамды заттың бәрін құлқыныңа сатып құртқан жоқсың ба?- деп бірінші рет сөз қайтарды. Досан мұндай жауапты күтпесе керек, тосылып бірер минут тұрып қалды.
- Өй әкең... сен не деп мылжырап тұрсың,- деп қолындағы таусылуға жақын қалған шөлмегімен Қалиманың басынан салып қалды. Шөлмек шытынап бөлменің ішіне шашылып кетті. Үнсіз басын ұстап жерге отыра кеткен Қалима қолдары қалтырап басынан аққан қанды сипады. Мөлдір жүгіріп келді де басындағы орамалын шешіп лақтырып жіберді. Шкафтан басқа орамал алып анасының басын таңды.
- Тұр е, әкел жаңағыны. Не тықтың дедім?- деп Досан Қалиманы бір тепті. Бүйрегі солқ ете қалған Қалима күйініп кетті. Орнынан атып тұрды да Дсанды бар күшімен иьеріп жіберді:
- Е өліп тынбадың, е мені өлтірмедің хайуан!
- Ой әкең... көрсетейін саған өлгенді,- деп Досан орнынан тұрып, Қалиманы жұлқып далаға сүйреп шықты. Апыл-ғұпыл жан-жағына қарады да мал қораның жанында тұрған айырға көзі түсті. Тәлтіректеп тұрса да барып алып келді. Мөлдір қорыққанынан анасын тұрғызып қақпаға қарай сүйрей жөнелді. Артынан жетіп үлгерген Досан Қалиманың желкесінен сәл төмен тура жүрек тұсына айырды сұғып алды...


Мөлдір бұрылып үлгерген жоқ, Қалима сылқ түсті...
  Мөлдірдің анасы кеткелі бүгін бір жеті өтті. Анасысыз өмір тоқтап қалғандай. Інісін құшақтап жылағаннан басқа ештеңе істемеді. Ал Досан әйелін соңғы сапарға аттандырар уақытта да аузы арақтан босамады. Бір жеті өткен соң көршінің берген түсініктемесінен іс қозғалып, үйге милиция қызметкерлері келді. Мас күйіне қарамастан Досанның қолына темір кісен салынып, үйден алып кетті. Мөлдір бөлмесінен шыққан жоқ. Әкесінің темір торға тоғытылғанына не қуанбады, не жыламады. Ертеңіне-ақ қалаға нағашы әпкесінің үйіне жолға дайындалды. Анасының тыққан ақшасын алды да, ертеңіне  інісін алып автобус бекетіне келді. Алланың құдіретін көрмейсіз бе? Автобустың соңғы орнында Арман отыр. Мөлдір тап бір жақын адамын көргендей жылап жіберді. Апман да түсінбей орынан тұрып, Мөлдірге қарай жүрді.
- Сәлем, Мөлдір! Қалың қалай? Анаңның иманын берсін. Арты қайырлы болсын. Естісем де бара алмадым, менің жағдайымды өзің де білесің ғой.
- Рақмет. Иә, ренжімеймін ғой саған Арман!
- Иә, жол болсын!
- Қалаға. Нағашы әпкем шақырды. Енді мұнда не қалды дейсің. Анамның зиратынан басқа. Тек келіп құран бағыштап қана кете аламыз. Айдын екеуміз, мүмкін келмейтін де шығармыз енді.
- Үйлерің ше?
- Білмеймін... Айтпақшы, өзің қайда шықтың?
- Менің өмірім де жетісіп тұрған жоқ қой. Анамнан ерте айрылдым. Әкем қайта үйленді. Бірақ, мені өгейдің қолына қаратып ол да мені тастап кетті. Содан бері өзің көріп жүрсің ғой өмірімді. Құлша жұмсады. Енді өзінің балалары жетілгенде мені қажетсіз заттай сыртқа тепті. Ағайындар жиналып, үйлендіріп бөлек отау қыл деп еді, шешем(өгей анасы) артық шығын шығарғысы келмеді ме білмеймін, мені өтірік ұры қылып, үйінен қуып шықты.
- Қалай сонда? Ұрламасаң қалай ұры дейді?
- Үйінде ақша жоғалып, менің мойныма салып жіберді. Кейін білдім, ақша ұрланбаған, өзі тығып қойыпты. Менен құтылудың жолы.
- Не деген арсыздық...
- Ия... Солай. Қалаға өз күнімді өзім көруге кетіп барам. Мен де енді келмейтін шығармын мұнда.
  Мөлдір үнсіз қалды. Әр кім өз ойымен болып кетті. Тек автобус теңселіп орнынан қозғалғанда барып үшеуі де селк етіп бір-біріне қарады.


Осылай үнсіз отырып таңата қалаға да жетті. Інісі Айдын бәрібір балалық қылады. Түн қараңғылығы қоюланғанда тамаққа тойып алды да, әпкесінің иығына басын қойып ұйықтап кетті. Содан тырп етпей қалаға жеткенше оянбады. Інісінің тәтті ұйқысын бұзғычы келмеді ме, Мөлдір де қалғып-мүлгігені болмаса қимылдамады. Тек Арман ғана көз ілмеді. Енді қалада еш бір танысы жоқ, ешкімі жоқ, қаражаты да тапшы, қайда барады? Қаланың жөн-жосығын, ойдым-қырдым жолын да білмейді. Ойланып отырып көзі Мөлдірге түсіп кетеді. Басқа жұрт бетіндегі үлкен шрамға қарап тіксініп қалса, Арман сол тыртығымен ұнататын. Тыртықты көрсе жүрегі елжіреп, Мөлдірге не жаны ашығанын, не ұнатқанын айыра алмай дал болады. Бірақ жүрегі дүрсілдеп, алып-ұшып кетеді. Қазір де тыртығына қарап отыр. Терезеден айдың сәулесі түсіп Мөлдірдің жүзі анық көрінеді. Шашы бетін жауып қалыпты. Ақырын келіп шашын артқа жіберді. Әбден қорқып үйренген Мөлдір селк ете қалды. Арманды көріп күлімсіреп, қайта ұйқыға кетті...
  Қалаға келген соң, Мөлдір нағашы әпкесінің күтіп тұрғанын көріп қуанып кетті. Ал Арман қипақтап не істерін білмей тұрып қалды.
- Әпкең жол сілтей алар ма екен? Жұмысты қайдан іздесем болады? Және арзандау пәтер болса...
- Қазір сұрап көрейін.
  Мөлдірдің әпкесі Арманды да үйіне алып кетті. Бүгін сонда болып, ертең күйеуінің қол астына жұмысшы етіп жібермекші.
  Осылайша әпкесінің ұлы мен қызын қолына алған Қалиманың сіңлісі біршама уақыт өткен соң ауылға барып Айдынның құжаттарын алып қайтты. Қаладағы мектепке жайғастырмақшы. Ал үйін сатуға қоймақшы еді, Досанның атында болғандықтан оның рұқсаты болмай сатылмайтынын білді де, үйді тастап қайтты. Мүмкін Айдын есейіп ауылда тұруды жөн көрсе қажет болар деп қойды. Ескі үй, қажет болып жатса бұзып, жаңасын соғар, ал щазірше әпкемнің алдындағы қарызымды өтейін деген сіңлісі Айдын мен Мөлдірге сондай қамқор болды. Жетісінде бір Арман келіп тұрады. Үйдің оны-мұны шаруасын жасап береді. Айналдырған 3 жылдың ішінде Мөлдір оқуға түсіп, Айдын гимназияда білім алып, Арман жағдайын түзеп үлгерді. Бәрі нағашы әпкесі мен жездесінің арқасында.


Бүгін Мөлдір Айдын екеуі ауылға жолға шықты. Ауылдан кеткеніне 7жыл болыпты. Осы 7 жыл ішінде анасының бейітіне барып, сырласып қайтуды армандаған олар, бүгін сәті түсіп келе жатыр. Мөлдір университетте мұғалім. Айдын сол оқу орнында студент. Арман өзінің жеке кәсібін ашқан. Нағашы әпкесінің де ұл-қыздары Мөлдірдің оқу орнында оқиды. Айдын екеуі бөлек пәтер жалдап тұрады. Арманмен жақсы араласып тұрады. Іштей қызды жақсы көргенімен, сезімін білдіріп айта алмайды. Ал Мөлдір, кішкентайынан әкеден таяқ жеп өскендіктен еркек атаулысына жуымайды. Бойын үрей билеп, кеткенше асығып тұрады. Ал Арманды бауыры ретінде көреді. Сондықтан Арман Мөлдірге өз сезімін ашып айтуға қорқады. Біржола көрмей кетемін бе деп уайымдайды...
  Жүйткіген көлік ескі үйдің қақпасының алдына келіп тоқтады. Үйден көзін алмай Айдын тесіле қарап тұр. Мөлдір күнде көріп жүрген үйі секілді мән бермеді. Көлік ақысын төледі де кішкене ғана жол сөмкесін алып үйге беттеді. Қақпада дәу қара құлып тұр. Айналып өтіп, огород жақпен кірді. Үй құлауға шақ тұр. Терезеден қарап еді, үйдің іші де, сырты да құзданып кетіпті. Есікті жай ғана сыммен орай салған. Айдын сымды шешіп, есікті ашты. Есіктің ішкі тұтқасына оралған анасының ақ орамалын көрген Мөлдірдің көзінен мөлдірдей тамшылар жұмсақ бетінен төмен қарай сырғи берді. Бұларды сырттай бақылап тұрған көрші кемпір жандарына келді.
- Мөлдір! Сенбісің қарағым?
- Иә, мен,- деп жалт қараған Мөлдір кемпірді жазбай таныды.
- Амансыз ба, апа? Қалыңыз қалай?
- Жарығым-ау, анаңнан аумай қалыпсың ғой. Келін болып келгенінде анаң дәл сен сияқты еді,-деп көзінің жасын орамалының ұшымен сүртті.
  Көрші кемпір екеуін үйіне алып кетті. Түске жақындап қалған уақыт, қарындары ашқан олар дасарханға отыра салып, ыстық тамақтан бас тарта алмады. Дастархан басында ұзақ әңгіме қылды. Досан түрмеге түскен соң екі жылдан кейін қайтыс болыпты. Ауыл ақсақалдары сүйегін алып келіп, ауыл шетіндегі зиратқа жерлепті. Әкесінің дүниеден өткенін естігенде Мөлдірде титтей де сезім байқалмады. Дәл бір, бөтен адам секілді ештеңені сезіне алмады.


Жүрегі тас боп қатып қалған қыздың бойында Досанның қаны ағып жатқаны сезілмейді...
  Әңгімемен болып түс өтіп қалғанын да байқамапты. Дастарханға бата жасалған соң Айдын мен Мөлдір анасының басына баруға жиналды. Ол жақта да біраз болып, қараусыз қалған зиратын тазалап, шөптерін жұлып, кешке дейін сонда болды. Іштей көктас қою керек деп ойлады Мөлдір. Қайтарда щырақшыға жолығып аз-маз қаражат тастап, қарайлап тұруын, тазалап тұруын өтінді. Енді келгенінде көктас орнататынын да айтты.
  Сол күні-ақ көлік шақыртып, қалаға жүріп кетті. Айдын мен Мөлдірдің келгенін естіген Арманның өгей бауырлары дереу үйіне барып анасына айтты. Қалада бұлардың  Арманмен жақсы араласып тұратынын естулері бар еді..  Оң аяқ-қолы жансызданып төсек тартып жатып қалған өгей шеше үнсіз тыңдады да, жүзін теріс бұрды. Көзінен аққан өкініш жасын сүртуге де икемі келмей кемсеңдей берді. Кезінде құлша жұмсап, иттей қуып шыққан, өгей деп өзегінен тепкен жас баланың бүгінде дәурені жүріп тұрғанын сырттай есітетін. Бірақ амал жоқ, қай бетімен барады? Не деп барады? Жатып ішер, оқымаған балаларын жұмысқа алшы деп барады ма? Әлде, жастай баласын үйлендіріп, ол келіннің жекіп берген қара суынан басқа үйде татып алар тамақ жоқ, көмектесші деп барады ма? Мүмкін кешірім сұрап барар ма еді? Әттең, орнынан тұра алмайды. Тек үнсіз өкінеді...
  Арада тағы бірер жыл өткенде Мөлдір мен Айдын аналарының да, әкелерінің де бастарына көктас қойды. Бүкіл ауылды жинап мешіт жанына, ашық аспан астында құран бағыштап, ас берді. Бұл жолы тек екеуі емес, Арман да күйеу баласы болып үлес қосты. Және, тек Мөлдірдің ата-анасына емес, Арманның ата-анасының да аты аталып, көктас қойылды.
  Екі күннен соң олар қалаға қайтуды жоспарлады. Бұл кезде бәрі қалада Арманның шаңырағында тұратын. Бүгін-ертең Айдын үйленіп бөлек отау құрып, жаңа өмір бастамақшы. Алдағы болашақтан үлкен үміт күтіп, жолға шықпақшы болып барлығы көлікке жайғасты. Ауылға үшеу болып келген олардың жанында қалаға қайтарда  мүгедек өгей ана да бар еді...
СОҢЫ.





Пікір жазу