22.11.2021
  285


Автор: Фариза Амангелдіқызы

Біз неге кедейміз ,апа?

Екі көзін есіктен алмай, "Апам қашан келеді екен?" деп кешке дейін жатқан Асан, бетін терезеге бұрды. Күн де Асанның беймаза күйіне алаңдаулы кейіпте қимай ұясына батып барады.

Білмеймін неге екенін, Асан күнді осылай елестетті. Маған жаны ашып, қызараңдап батып бара жатыр деп ойлады іштей. Осы кезде есіктің тұтқасын арғы жағынан біреу ұстағандай болды. Елең ете қалған Асан орнынан атып тұрды. Жоқ, апасы емес екен. Әпкесі мектептен қайтыпты.
- Әпке, неге кешіктің?
- Асан, қуанышты хабарым бар. Мен  сабақтан соң, мектеп жанындағы дүкеннен жұмыс таптым. Кешке дейін үйде не бітіремін? Сол жердің еденін екі рет жуып, суын тасып, ертеңге дейін дүкен ішін тазалап беремін. Есесіне, үйге күнделікті азық-түлік беріп тұратын болды,- деді әпкесі көзі жайнап. Асан да қуанышы қойнына сыймай үй ішінде асыр салып жүгіре бастады. Бір мезет кілт тоқтай қалды.
- Әпке, сонда азық-түлік берсе, әлгі не ғой... балалар мектепте жейтін бутербурод сұрасақ та бере ме?- деді сұраулы жүзбен әпкесіне қарап. Аз ойланып қалған Әсел інісінің көңілін бұзғысы келмеді ме, басын изеп күлімсіреді. Асан қатты қуанып, ойша көз алдына бутербуродты елестете бастады. Күнде балалар үзілісте мектеп асханасынан барып көздің жауын алатын, қарағанда қарныңды шұрқыратып жіберетін бутербродты ертең мен де жеймін деп күлімсіреді. Әсел бұл жылы 10-сыныпта, інісі 4-шіде оқиды. Арасында тағы бір ұл болған. Қазір өмірде көзі тірі болғанда 7-сынып оқып жүретін еді...
 

Бұл отбасының тағдыры қазір өте аянышты. Басында бәрі керемет болды. Әкелері тірі, 4 көздері түгел, ойнап-қунап жүретін балалары алдында, бақытты отбасы болатын. Жандар мен Дәмет шаңырақ көтергенде Жандардың отбасы біраз қарсылық білдірді. Себебі Дәметкен жетімдер үйінде өскен, тегін білмейтін қыз еді. Жас кезінде хас сұлудың өзі болды. Ақылына көркі сай қызды кім де болса ұнатпауы мүмкін емес. Жандар да Дәметкеннің артынан қалмай жүріп үйленді. Алдымен қаусаған болса да, шаңырақтың билігін бермейтін әжесі қарсы болды.

Одан кейін анасы жылап-сықтап баласын кешірмейтінін айтты. Әкесі:
- Ел-жұрт құдаң кәні дегенде кімді көрсетем? Жалғыз ұлым жетімнен қыз алды деймін бе? Менің де қуаныштан той жасағым келеді. Сонда өзімнің ағайынымнан басқа кім болады тойда?- деді ашулы жүзбен. Бірақ Жандар ешкімді тыңдамады. Жалғыз ұлдың әманда айтқаны айтқан, дегені деген емес пе? Көңілсіз той да өтті.

Дәмет осындай жағдайдың орын алатынын іштей сезіп, 2 жыл Жандарға қарсы болып еді. Менің де теңім табылар, өзім секілді жетімдер үйінен шыққан біреу бар шығар дейтін. Тағдырдың жазғанын көрмейсіз бе? Бәрібір шыр айналдырып әкеліп, Жандардың тағдырына тұсаулап қойды. Алғашқы жыл өте ауыр өтті. Үй іші тегіс Дәметті сөгетін. Тірлікке икемі жоқ, анасыз өскен соң кім үйретеді деп сексендегі қаусаған кемпір сөзбен түйреп өтсе, өзінің туған енесі қабағы бір ашылмай, Дәметті қағып соғып жүретін еді. Бұл үйде Дәметті бағалайтын, жақсы көретін екі ғана адам бар. Біреуі жан жары Жандар болса, екіншісі өзінен екі -үш жас кіші қайынсіңлісі Жайна. Жеңге деп жанынан бір елі қалмайды. Үй тірлігіне көмектесіп, білмегенін сұрап, аузы тыным таппайды. Жастайынан кім жылы сөйлесе соны өзіне жылы тартып үйренген Дәмет қайынсіңлісін жанындай жақсы көрді.

 

Тіпті сырлас құрбыға айналды. Осылайша үйдегілердің  қас-қабағымен алысып жүріп 1 жыл уақыт та сырғып өте шықты. Өмірге Әсел есімді ханшайым келді. Содан кейін ғана енесінің қабағы жыли бастады. Ал кәрі әжесі сол жылы өмірден озды. Бірақ сол күйі Дәметке іші жылымай кетті.  Үй ішінде сәби иісі аңқып, былдырлаған тілі қуаныш әкеліп, атасы мен әжесінің көз қуанышына айналды. Дәмет Аллаға шүкіршілігін айтып, ары қарай бақытты күндерін жалғастыра берді. Қайынсіңлісін ұзатты. Жақсы келін, аяулы ана, адал жар болды. Араға тағы үш жыл салып шекесі торсықтай ұлды өмірге әкелді. Есімін Батырхан қойды. Тағы үш жылда Асанды өмірге әкелді. Дәмет бақытты еді. Кезінде Жандардың жетегінде осы үйге келгеніне өкініп жылайтын. Ал қазір шүкірін тоқтатқан емес. Қайынсіңлісі де бір ұлымен анда-санда төркіндетіп келіп тұрады. Келгеннен-ақ жеңгесімен сырласып, ауыздары жабылмайды. Енесі қызғанып та қалады.

⠀- Ойпырмай, жұрттың қыздары шешесін сағынып келуші еді. Біздің қыз келгеннен жеңгесінің жанынан шықпайды,- деп ренжитін. Дәмет пен Жайна күліп қойып әңгімесін жалғайды. Солай бақытты күндер өтіп жатты. Асан 1 жасқа толғанда Жандар қалаға көшуді жоспарлады. Бірақ үй іші оны қолдамады. Қаласы несі деп әуелі анасы тыйып тастады. Ауылда да жаман болып отқан жоқсың деді ашуланып. Бірақ Жандар ешкімді тыңдамады. Тіпті әкесін де. Ақыры баласының райынан қайтпайтынын білген анасы:
- Қатының ба көшеміз деген? Сол айтса жаныңды салып істейсің ғой әйтеуір,- деді.
- Апа, Дәметтің не қатысы бар? Ол әлі естіген де жоқ,- деп ақталды Жандар.
- Қайдам, соңғы кезде ауылда тұрғысы келмей қисайып жүр ғой.
- Қазір өзінен сұрайық. Дәмееет!- деп шақырды Жандар.
- Ау, деп Асанды көтеріп бөлмесінен шықты.
- Сен ауылдан көшкің келіп жүр ме?
- Көшкені нес? Қайда көшеміз?
- Апам сені ауылда тұрғысы келмей жүр бұл үйде дейді ғой. Қалаға кеткің келіпті.
- Жоқ мен олай деген жоқпын, оны қайдан шығардыңыз апа? Тіпті үш ұйықтасам түсіме кірген емес,- деді Дәмет түсініңкіремей.
- Өтірік көлгірсімеңдер. Осы айтпаса сен қайдан шығарасың қаланы. Ауылда туып, ауылда өсіп, аяқ астынан қалаға кетеміз деп бірден ой түйе қалыпсың жүдә? Мен ешқайда бармаймын, кетсеңдер кете беріңдер!- деп енесі бөлмесіне кіріп, есікті тарс жапты.
- Жандар апамды түсінбедім. Қайдағы қала?
- Мен қаладан жер алмақшымын. Үй тұрғызып қалаға көшеміз. Болашақтың бәрі қалада Дәмет!- де көзі жайнап сала берді күйеуі.
- Оның не? Алдымен ата-ападан рұқсат алмайсың ба?
- Көнеді. Көнбей қайда барады. Жалғыз ұлы қайда болса, сонда барады ғой.
Осымен әңгіме аяқсыз қалды. Дәмет өзін кінәлі сезініп қала берді. Енесінен қымсынған сайын енесі күдіктеніп, "бәсе, бәленің бәрі осыдан, болмаса қысылып-қымтырылатындай не көрінді" деп ойлады ішінен. Тағы да ене мен келін арасына кірбің түсіп,  үн-түнсіз күндер басталды. Ақыры дегеніне жеткен Жандар ешкіммен ақылдаспастан өзінің облыс орталығындағы қаланың шетінен 10соток жер алды. Үйге қуанышы қойнына сыймай кіріп келді.
- Көке, жер алдым. Ертең барып көріп қайтайық.
- Қатының ақыры дегенін істетті ме?- деді анасы.

 

Ешкімді тыңдамаған Жандар ақыры әкесін көндіріп, анасының қарсылығына қарамастан ертеңіне жеңіл көлікпен қалаға аттанды. Бірінші перзенті қыз болғандықтан үнемі әжесінің жанында жүретін. Ер бала ғой деп екіншісін бірге ала кетті. Ұлы Батырханды алып әкесі көліктің артына жайғасқан. Көліктің тізгінінде Жандардың өзі. Жүйткіп келеді. Алған жер телімін көрсетіп әкесін қуантуға асығып келеді. Межеге жоспардан ертерек келді. Әкесінің көңілі толып, бір марқайып қалды. Аузы жабылмай Жандар жүр.
- Мына жерге үлкен үй түседі. Мұнда гараж. Ал мұнда сарай болады. Үйдің алдына тапчан орнатам...
  Ұлының жүзіне күлімсірей қараған әкесі:
- Иншалла балам, болады. Бұйырса бәрі де болады. Тек сол күнді көруге жазсын Алла,- деді.
- Әрине болады. Қазір ақшаң болса болмайтын дүние жоқ көке!- деген Жандар дәл қазір алдында не күтіп тұрғанынан бейхабар еді.
  Аз-маз уақыттан соң базарға кіріп оны-мұны алып, ауылға қайтты. Қайтарда алдыңғыдай емес, көлік баяу келе жатыр. Жандардың есіл-дерті үйдің сызба-нұсқасында. Ойша сызып келеді. Мына жері мұндай болады, ана жері анадай... Асығыс еді, өте асығыс еді. Сол үйді аяқтап көшіп келмейінше тыным таппайтынын өзі де біліп тұр. Ойланып кетіпті.
- Көзіңе қара Жандаааар!- деген әкесінің ащы дауысынан селк етті. Алдындағы ұзына бойы жол ешқандай көліксіз жаңа ғана сағым секілді жылтырап жатыр еді. Дәл қарсы алдында үлкен жүк көлігі тұр. Жандардың көзі бұлдырап жүк көлігінің не тоқтап, не жүріп бара жатқанын айыра алмай қалды. Аяғын тежегішке қойып үлгергені сол еді, тарс ете қалған дыбыс шықты. Ары қарай ештеңе есінде жоқ. Жүк көлігінің астына кіріп кеткен екен.
  Жандар көзін ауруханада ашты. Жанында ешкім жоқ. Жан сақтау бөлімі болғандықтан ешкімді кіргізбепті. Басын бұрып жан -жағына қарайын десе, мойнына бірдеңе кигізіп қойыпты, бұра алар емес. Неге мұнда жатырмын? Маған не болып еді? Үйдегілер қайда? Еміс-еміс есіне түсіп жатыр. Әкем, Батырхан ұлым... Сөйлейін десе сөйлей алмай жатыр. Тұрайын десе қимылдай алар емес. Осы мезетте ақ халат киген медбике кіріп келді. Жандардың көзін ашқанын көріп асыға басып шығып кетті.

 

Көп өтпей жаңағы медбике және келді
Жанында дәрігер бар. Бұл кезде Жандар қайта талықсып бара жатқан еді. Осылайша Жандар бір жеті есін жимай жатты. Дәрігелер жансақтау бөлімінен шығара алмады. Ал әкесі мен ұлы Батырхан оқиға орнында көз жұмып, үй іші екеуін жер қойнауына тапсырған болатын.

 

Бір жетіден соң Жандар да көзін ашпастан әкесі мен ұлының соңынан кете барды. Үйдің екі арыстай азаматтарынан, тіреуіштерінен айрылған қос ана бастарын тасқа ұрып ботадай боздап қала берді. Әсіресе Дәмет қайта-қайта талықсып, өзіне келе алмады. Біресе атасын, біресе күйеуін, біресе бауыр етін айтып солқылдап жылайды. Осылайша қаралы күндер өтіп жатты. Адам аяғы басылып, абыр-сабыр тоқтаған бір сәтте енесі жылап отырған жерінен сап тыйылды да, орнынан атып тұрып Дәметтің шашына жабысты.
- Сен қаншық бәрінің түбіне жеттің. Сенің кесіріңнен айырылдым азаматтарымнан. Сен қалаға көшеміз деп миын уладың баламның!
- Апау, мен емес қой. Өзі солай жасады. Маған бірауыз айтпады ғой.
- Өтірігіңді барып басқаға айт салдақы!
- Рас айтам апа, менің жазығым жоқ,- деген Дәмет еңіреп жылап жіберді.
  Арада бір ай өткенде үш ердің қырқын берді. Содан жүзі, жылы... Қонақ астары үзілмеді. Бір жылдан соң енесі Дәметті әй-шәй жоқ үйден қуып шықты. Ештеңеге түсінбей біраз тұрған Дәмет Асанды көтеріп, Әселді жетектеп қақпадан қайта кірді.
- Жоғал тайлы-тұяғыңмен! Сені көрсем буындырып өлтіргім келеді. Көзіме көрінбе!- деген енесі үй маңына жолатпады.
  Осылайша жетім өскен жесір ана екі баласын жетектеп дала кезіп кетті. Жандардың туыстары енесінен бата алмай Дәметке қол ұшын соза алмады. Осылайша қалаға келіп күндерін көріп жүрген беттері осы еді...
  Бүгін де қарны аш Әсел мен Асан аналарын күтіп есікке телміріп отыр. Анасы бір асхананың ыдыс-аяғы мен еденін жуады. Ал Асан кейде мектептен демалыс күндері қоқыс арасынан темір іздеп, жинап өткізеді. Бірде бар, бірде жоқ. Ақша тапқан күннің өзінде анасына болысайын деп, үйге азық-түлік алады. Ал анасының алатын аз ғана жалақысы пәтердің жалақысына әрең жетеді. Соған қарамастан Әсел де, Асан да сабақты жақсы оқыды.


Бүгін анасы өте кеш келді. Асханада шу шығып, касса толық емес, ақша ұрланған деп жұмысшыларды түнге дейін ұстапты.

Құдай оңдағанда Дәмет кассаға мүлде жоламайды. Қолы қалт етсе жұмысшылар бөлмесінен шықпайды. Тығылып тоқыма тоқиды. Онысы тоқыма нәски, жәкет, қалпақтар. Кейде сұрап тапсырыс  беретіндер де бар. Шүкір осы өміріме дейді. Бірақ алда қандай қиындықтар күтіп тұрғанынан бейхабар жесір, жалғыз басты ана барынша еңбектеніп алға ұмтылып келеді. Енді міне, асхана иесі барлық жұмысшыларды жұмыстан босатамын деп отыр. Ертең мәселе шешілетін болды деп түн ортасында қайтарды. Үйіне келсе Әсел мен Асан анасын күтіп әлі отыр екен.
- Жандарым менің, неге ұйықтай бермедіңдер?
- Апа, сіз бұлай кешікпеуші едіңіз ғой? Қорықтық.
- Жаным сол, қарындарың ашты ма? Сендерге тәтті алып келдім, - деп асханада қоқысқа тастайтын қалған тамақтардың тазасын теріп салып келген көк дорбасын үстел үстіне қойды. Көздері жайнап кеткен Асан қолын сумаң еткізіп көк дорбаны қомағайлана ашты. Қанша дегенмен қыз баласы Әсел ішегі шұрқырап тұрса да, салмақты үнмен:
- Асан, қоя  тұрсаңшы. Апам жуынып келсін. Бәріміз отырып шәй ішейік,- деді. Деуін дегенмен екі көзін дорбадан алар емес. Мұны байқаған Дәмет қызының басынан сипап тамағына тіреліп қалған ащы өксікті бір жұтынып итерді де, көзіне келіп қалған мөлдір тамшыны білінер-білінбес қолымен сырғытты да:
- Мен сол жақтан тамақанып келдім құлыным, жей беріңдер, шаршадым, дем алайын,- деп бұрыштағы сықырлаған кереуетке жайғасты. Әсел мен Асан қарындары тойғанша ішіп-жеп масайрап қалды. Сондағы жеп жатқандары: тістелген тәтті тоқаш, жартысы үзілген шұжық, басқа тағаммен араласып кеткен езілген картоп, бәрі- бәрі асханаға тамақтануға келген адамдардан қалған тамақтар еді...
  Ертеңіне таңертең ұлы мен қызын мектепке жіберген Дәмет ақырын аяңдап жұмысына келді. Бастығы есік алдында тұр. Дәметті көңілсіз қарсы алды.
- Апай, біз жұмысшыларды қысқарттық. Жаңа жұмысшылар іздеп жатырмыз. Мынау осы айдың кешеге дейін істеген жалақыңыз. Разы болыңыз.
- …

Ештеңе айта алмастан Дәмет кері қайтты. Ерді не істейді? Қайта жұмыс іздеу керек. Торланған қара жүзі мен, ескі киіміне қарап көп жер жұмысқа алудан бас тартты. Кешке дейін табанынан тозып жұмыс таппай үйіне қайтты. Үйдің жалақысы да бар. Басы қатқан бишара ана екі баласын құшақтап ұзақ отырды. Ертең қайта жұмыс іздеп шықпасам болмайды деп түйді...
  Осылайша күндер өте берді. Баяғы қиыншылық қиыншылық па? Қазір мүлде жүдеп кеткен. Жұмыс жоқ. Жұмысқа алса да екі күн тегін істетіп жарамайсың деп қайта шығарып жібереді. Ақыры соңында қаланың қақ ортасындағы үлкен көпірдің астынан орын тапты. Өткен-кеткенге қол жайып тиын-тебен сұрайды. Күніне тапқан аз ғана ақшаны талғажау етіп отырады. Бір үйдің ескі гаражын тегін паналаған. Соған қарамастан Әсел мен Асан өте таза болды. Мектепке тап-тұйнақтай болып барып келеді. Қыста гараж ішіне үй иесі кішкентей пеш жасап берді. Өзі қуыстай бөлме болғандықтан қатты ысып кетеді. Тіпті жағатын отынды да үй иесі тегін берді. Аллаға шүкіршілігін айтып, сол үйдің тілеуін тілеп күндер өте берді. Таңнан қара кешке дейін көпірдің астында отырады. Кешке үйге келіп таңға дейін тоқыма тоқиды. Кейде әдемі шыққан жұмысын өзімен бірге ала кетеді. Отырған жеріне қойып сатады. Алушылар да бар. Кезекті бір күні нәскилерін жайып, жанына тиын сұрайтын қалтасын қойып ойланып отыр еді:
- Апай!- деген дауыс селк еткізді. Жалт қарады.
- Сәлеметсіз бе! Сіздің көп күннен бері осында отырғаныңызды байқаймын. Мына тоқымаларды өзіңіз тоқисыз ба?
- Иә,- деді баяу үнмен.
- Менің әкемнің осындай тоқыма шығаратын кішігірім цехы бар. Мүмкін сонда жұмыс істерсіз? Қалай қарайсыз?
- Ау? Жұмыс? Мен бе? Мені алады ма? - деді көздері жайнап.
- Иә, айтып көрейін. Заттарыңыз әдемі шығыпты. Біреуін сатып алайын. Әкеме көрсетемін. Ертең тағы келемін апай,- деп бір нәскиді алды да жөніне кетті.
  Ойланып қалған Дәмет үміттене де алмады, қуана да алмады. Тәтті өмірден үмітін үзгелі қашан. Мейлі, бір мәнісі болар, деп қолын бір сілтеді де отыра берді. Кешке үйіне қайтты. Әсел бұл күнде бойжетіп қалған. Биыл мектепті аяқтайды. Асан 6-сыныпта.

 Дәмет ертеңіне жұмысқа асықты. Үмітсіз шайтан. Қатты арманға берілгісі келмесе де, тәтті бір сағым жетелеп қоймайды. Мүмкін расымен жұмысқа алса ше? Алладан күдер үзбеу керек, деп өзін-өзі қайрап қойды. Балалар мектепке кетті. Бишаралар кіп-кішкентай болып, сонау алыс мектепке жаяу барады. Қол жайып тапқан ақшасынан Дәмет балаларына жол ақы мен жүрек жалғауға күнделікті беріп тұрады. Бірақ екеуі тиындарын жинап жүр. Аяқ астынан үйге керек болып қалар деп. Бүгін де анасынан тығылып жаяу кетті. Дәмет балалар кеткен соң өзінің күнделікті шаруасына кірісті. Көпірдің астына келіп жайғасты. Түске дейін отырды. Кешегі үміт отын жағып кеткен қыз көрінбейді. Бәсе, деді Дәмет. Қайдағы батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?- деп ернін бір сылп еткізді де ұзақтан көрінген тауға қарап отыра берді. Түс ауып, кеш батқалы жатыр. Дәмет енді аз отырса қайтуға ыңғайланады. Кешегі кеткен қыздың жолына қарап-қарап қояды. Бірақ ешкім көрінер емес. Ішкі реніш жеңді ме, әйтеуір көз алдына келіп қалған жасты да байқамай қалды. Солқылдап жылап жіберді. Кімге ренжиді? Мойнына артып қойғандай ол қыз кімі еді? Әкесі ше? Түптеп келгенде бұған көмектесуге міндетті де емес қой. Біраз көз жасына ерік берген бишара ана қатпарланған қолымен жүзін сүртті де, орнынан тұрды. Ертерек кетпесе кешкісін мына жерге ішкен-шеккендер жиналып жын-ойнақ қылады. Астындағы картон қағазын алып қолтығына қысты. Тоқымаларын орап целлофанға сала бергені сол еді, жалтыраған үлкен қара көлік келіп тура алдына тоқтады. Абдырап түсінбей қалған Дәмет:
- Кетем, кетем. Міне кеттім,- деп ақтала жөнелді. Әдетте милициялар көрсе, осылай мазасын алушы еді. Солар екен деп ойлады.
Көлік артынан кешегі қыз түсті.
- Апай қорықпаңыз, мен ғой. Кеше келіп едім ұмытып қалмадыңыз ба?
  Дәмет бірден таныды.
- Иә, қызым. Таныдым. Мен әлгі милиция деп ойлап...- деп өзінің әрекетінен ұялып қалды. Машинаның алдыңғы орындығынан үлкендеу, көкшіл көзді сары бір кісі түсті.
- Сәлеметсіз бе! Кеше қызым сіз туралы айтып еді. Қайда барасыз. Үйіңізге жеткізіп салайын. Жолда сөйлесіп барармыз.
- Мен осында жақын маңда тұрамын. Негізі жаяу барсам да болады,- деп көлікке мінуге қымсынды.

- Ол не дегеніңіз? Мен әдейі іздеп келдім емес пе сізді? Жалпы жұмыс жайлы сөйлесеміз. Сондықтан машинаға отырыңыз,- деді әлгі кісі.
- Иә, апай. Мен кеше сіздің тоқыма заттарыңызды әкеме көрсеткенмін. Жүріңіз деп қолынан ұстады.
Мұндай мейірімділікті көптен бері көрмеген Дәмет ыңғайсызданып көлікке отырды. Қымбат әрі ыңғайлы көлік үлкен жолда ақырын жүріп келеді. Бір дыбысы білінбейді. Жұмсақ қана қозғалады. Жол аяқталар жерден оңға бұрыңыз деген Дәмет екі үйден кейін үлкен үйді көрсетті. Алғашында үлкен үйді көріп неге онда қайыр сұрайды деп ойлаған әлгі қыз, үйдің артына салынған гаражға кіргенде барып жағдайды түсінді. Екі көздері төрт болып анасын күтіп отырған Әсел мен Асанды көрген әлгі кісі аяп кетті. Жұмысқа алуға шешім қабылдады.
- Ертеңнен бастап біздің цехқа жұмысқа келесіз. Бірақ цех қаланың арғы шетінде. Бұл жерден бару аздап қиындау. Жол кептелісі бар дегендей. Сондықтан қазір бізбен жүресіздер. Біздің үйдің алдында екі бөлмелі времянка бос тұр. Уақытша сонда болыңыздар. Кейін өзіңізге ыңғайлы пәтер табарсыз, солай ма Жәнел,- деп қызына қарады.
- Әрине. Жақсы болар еді,- деп қызы күлімсіреді.
  Аяқ астынан өмірлері өзгергелі тұрған Дәметтің қуанышында шек жоқ. Абдырап, қайта-қайта баласы мен қызын құшақтап бір жылап бір күліп тұр.
- Онда не тұрыс, жиналайық,- деген әлгі кісі көлігін от алдыруға кетті. Жәнел осында қалып үй ішіне көмектесті.
  Бұлар үй иесіне рақметін айтып, шығып кетті.
- Қонақ болып келіп тұрыңыздар,- деп шығарып салды.
  Көлік қайта жолға шықты. Қаланың арғы басына жеткенше 2 сағаттай уақыт өтті. Арада кептеліс бар. Көлік зәулім үйдің алдына келіп тоқтады. Өте үлкен болмаса да, Дәметке зәулім сарайдай көрінді. Қақпадан жасқана басып кірген үшеуі тұрып қалды. Әлгі айтқан времянкасы қайсы деп жан жағына жалтақтап тұр.
- Үйлеріңіз біздің үйдің арғы бетінде,-деп күлді әлгі кісі.
- Айтпақшы Есімім Аманжол. Қызымның есімі Жәнел. Үйде бізден бөлек екі ұл бар. Біздің үйдің ерке батырлары. Төртеуміз тұрамыз.
- Ал әйеліңіз ше?- дей жаздап тілін тістеп қалды.
Соны сезгендей Аманжол әңгімені өзі бастады.
- Иә, мен осы үш перзентіммен бірге тұрамын. Туған-туыс ауылда. Біз де кезінде ауылда тұрғанбыз. Жұмыс бабымен қалаға келіп, сол күйі қалып қойдық. Әйелімнің қайтқанына 3 жыл болды. Содан бері міне, жағдай осы. Есік алдында тұрып қалдық қой, үйге кірейік,- деді күліп. Алдымен өз үйінн кіргізді. Сонда отырып тамақтанып, времянканы көруге барды. Дәметке қатты ұнады. Әсел бой жетіп қалғандықтан ұялыңқырап жүр. Ал Асанда ес жоқ. Өте қуанышты.
- Апа, енді осы үйде тұрамыз ба?- деп сыбырлап қояды.
  Времянка деген аты ғана. Кіре беріс кухнясын қоса есептегенде үш бөлмелі даңғарадай үй. Бұлар жайғасып бітем дегенше кеш те батып кетті. Түн қараңғылығында жүріп үйін реттеп алды. Бір ыңғайсыз жері есікті ашса үлкен үйдің есігі алдында тұрады. Аралығы 20- қадым болғанымен бәрі көрініп тұрады екен. Бірақ Дәмет бала шағасымен қатты қуанды. Екі баласының мектебін ауыстырмады. Автобуспен бара береді деп. Себебі Әсел биыл мектеп аяқтайды. Мектеп ауыстыруға болмайды. Жалғыз Асанды ауыстырғысы келмеді. Осылайша Дәметтің отбасылық өмірі аяқ астынан өзгеріп кетті. Ертеңнен бастап цехқа жұмысқа шығады. Ол жерде тек тоқыма ғана емес, әр түрлі өнім шығарады. Бірақ жұмысшылар тоқып отырмайды. Тек аппарат жұмыс жасайды. Ал жұмысшылар қалай жасап жатқанын тексеріп жүреді. Түсінігі бойынша онша қиын шаруа емес сияқты. Демек жалақысы да аз болғаны ғой деп ойлады Дәмет. Оның ойын сезгендей Аманжол:
- Айлық жалақыңыздан уайымдамаңыз. Ешкімнің ақысын жеген адам емеспін. Сол жұмысшылармен қатар аласыз.
- Сонда ол жердегі жұмысшылардың жалақысы қанша?- деді баяу ғана.
- Әр жұмысшы 60мың(қазіргі бағамен 3есе) алады ай сайын. Және мереке күндері сыйақымыз да бар.
- Жақсы екен,- деді Дәмет қуанып. Еден жуып, ыдыс жуып табатын 10-15мыңға шүкіршілік айтатын Дәмет мынаны естігенде тіптен қуанып кетті.


Ертеңіне-ақ Дәмет жұмысқа кірісіп кетті. Әсел мен Асан күнделікті қала ішілік қоғамдық көлікпен мектепке барып келеді. Жолақысы мен азық-түлікке Аманжол азын-аулақ қаражат берді. Дәмет қажет емес деп бас тартып еді, айлық жалақыңыздан ұстап қаламын, қарызға беріп жатыр деп ойлаңыз деген соң амалсыз келісті. Әсел Жәнелмен бірге уақыт өткізеді. Құрбы болып кетті. Жастайынан көрген қиындықтың бәрін жылап отырып айтып береді. Жәнел оны жұбатып, анасыз өткен күндерін айтады. Екеуінің әңгімесі таусылған емес. Анасы қайтқалы біраз жасқа есейіп кеткен Жәнел үй шаруасының бәрін өз мойнына алған. Екі інісінің сабағы мен тәрбиесіне де өзі қарайды. Әкесі ерте кетіп кеш келеді. Әзірге екінші рет үйленуге құлқы жоқ. Балаларым есейді қажет емес деп ағайын-туыстың аузын жапты.
  Осылайша Дәметтердің жағдайы күннен-күнге жақсара бастады. Өткен қиындықтарды ұмытып жарқын болашаққа қарай сенімді аяқ басты. Әсел мектепті аяқтап жоғары оқу орнына түсті. Сол кезде Дәметтер өздері пәтер жалдап қаланың қақ ортасына көшті. Аманжолдың отбасымен туыстай болып кетті. Барыс-келіс жасап тұрды. Әрине халықтың көзі қырағы емес пе? Дәметтің осында тұрғанынан бері сыбыстар желдей есті. Біреуі "Аманжол үйіне нянка жалдапты, сонымен әмпей-жәмпей болып жүр екен" десе, бірі "Аманжол ешкімге айтпастан үйленіп алыпты екі балалы қатынға" деді. Енді бірі басу айтып "Нелерің бар осы, жәй көмектесіп жүрмін сауабы мол демеді ме?" деп жатты. Дәмет сол сөздерден де шаршады ма, белгісіз, тезірек бөлек пәтерге көшуді қалады. Асанның мектебіне жақын жерден пәтер жалдады. Жұмысқа баяғыдай жақын болмаса да, еркін жүріп тұрғанына қуанды. Көп болмаса да азын-аулақ қор жинады. Осылайша өмірлері бір сарында дөңгеленіп өте берді. Бір пәтерде 4 -жыл тұрды. Әсел оқуын аяқтап жұмысқа орналасты. Асан жоғары оқу орнына түсті. Баласы жоғары оқу орнында оқып жүргенде ойламаған жерден өмірлеріне тағы бір өзгеріс енді.

Асан жоғары оқу орнына өз күшімен түсті. Бұйырса болашақта инженер болып шығады. Мамандықты да өзі таңдады. Алғашқы оқу жылында пәтерден қатынап жүрді.

Тегін оқу болғандықтан жатақхана берілетінін айтып еді, бас тартты. Сонымен оқу жалғасып жатты. Инженер мамандығы болған соң группада 2 қыз ғана. Қалғаны кілең жігіттер. Барлығы жақсы араласып кетті. Арасында бір жігітпен жолдас болып алды. Өте қарапайым. Мінезі де момын. Есімі Әли. Күнде бірге отырады. Кітапхана болсын, асхана болсын бірге жүреді. Қыдырғанда да бірге қыдырады. Бір күні екеуі сабаққа дайындаламыз деп оқу орнының артындағы саябаққа келді. Аз-маз әңгімелесіп отырып, сабақтарына кірісті. Бір-біріне білгенін түсіндіріп, білмегенін сұрап ұзақ отырды. Кеш бата орындарынан тұрды. Әли жатақханаға, Асан үйіне қайтпақшы. Жолай тағы әңгімелесіп келеді.
- Осы сен қай ауылда тұрасың?- деді Асан.
- Қоянды деген ауылды естуің бар ма?
- Қоянды? Біз баяғыда сол ауылда тұрғанбыз. Үлкен ауыл болған дейді апам. Мен ес білмейтін кезде көшіп кеткенбіз,- деп сөзінің аяғын жұтып қойды. Ары қарай айтқысы келмеді.
- Мен негізі ол ауылдың баласы емеспін. Басқа жақтың тумасымын. Нағашы ауыл ғой.  Сонда тұрамыз қазір. Еее бұл ұзақ әңгіме,  кейін бірде айтып берермін. Қазір кеш болып кетті, үйіңе жетіп ал,- деп қоштасып қолын созды. Асан да үйіне жеткенше өткен өмірін еске алып келеді. Өзінің есінде бомаса да Әсел мен анасының айтып отыратын ауылдары, туған жері мен тума-туыстары туралы ойлады. Анасының айтуымен еміс-еміс есіне түседі. Ойланып жүріп үйіне де жетті. Кешкі ас үстінде жолдасы туралы сөз қозғады.
- Апа, біздің группада бір жігіт бар.  Екеуміз ылғи бірге жүреміз. Есімі Әли. Ең қызығы біздің бяғы ауылда тұрады екен.
  Мына сөзді естігенде Дәметтің қолынан қасығы түсіп кетті.
- Бірге оқимыз дейсің бе? Өзің жайлы айттың ба?
- Я бәрін айттым. Не болды?
- Жоқ, ештеңе. Жәй сұрадым. Жайна әпкеңді айтушы едім ғой естеріңде ме? Соның баласының есімі де Әли еді баяғыда. Нағашы ауылым дегенге ойланып қалдым,- деді Дәмет.
- Мен анасының есімін сұрамаппын апа.
- Мейлі, ештеңе жоқ. Расымен Жайнаның баласы болған күнде де біздің енді ол кісілерге қатысымыз жоқ қой, - деді түсін суытып.
- Неге олай дейсіз? Ол кісіні жақсы деуші едіңіз ғой.
- Қазір де жаман деп отырғаным жоқ балам. Бірақ... Басқа кісілер де бар оның да, менің де аяғымды тұсаулап қойған...
- Асан, болды, тамақ ішейік,- деді осы кезде сөзге араласпай үнсіз отырған Әсел.
  Сол күні үшеуі де көпке дейін ұйықтай алмады. Дәмет таңға дейін дөңбекшіп, өткенді есіне алып шықты. Жандарымды сағындым деп іштей бір жылап алды. Ал, Асан таңды атыра алар емес. Ертең-ақ, Әлиден барлығын сұрап алмақшы. Әсел үнсіз ғана тәтті балалығын ұрлаған әжесіне өкпесін ұмыта алмай, ойланып шықты.
  Таң атысымен қайта тіршілік жалғасты. Дәмет пен Әсел жұмыстарына. Асан оқуға жиналды. Университетке келе салып Әлиді іздеді. Әлі келе қоймапты. Тағатсыздана күтіп отыр. Әне, қарасы көрінді.  Күндегіше момын жігіт күлімсіреп кіріп келе жатыр. Алдынан атып шыққан Асан, амандаса сала, қолынан тартып соңғы партаға жайғасты.
- Әли, сенің анаңның аты кім?
- Жайна. Не болды?
- Ештеңе, -деген Асан Әлиге тесіле қарап қалды.
- Асан, не болды. Анамның атын не үшін сұрадың?
- Мен... Мен әлгі... - деп Асан жүгіріп сыртқа шығып кетті. Рас екен ғой. Менің жиенім. Әкемнің қарындасының баласы. Жиенім...
  Сабақ басталып кетті. Асан әлі жоқ. Әли уайымдап отыр. Не болды екен? Тыныштық па? Асан неге қашып кетті. Түсінсем бұйырмасын.
  Екінші сабаққа бір-ақ келген Асан үнсіз келіп Әлидің жанына жайғасты. Айтсам ба екен, әлде жоқ па деп ойланып отыр. Әли сұрақтарды жаудырып жатыр. Бірақ жауап жоқ.
- Әли, мен сенің нағашыңмын. Анаңның қайтыс болған ағасының баласымын,-деп бірден қойып қалды.
- Не дейсің? Жандар ағаның ба? Бәсе қатты ұқсатып едім сені суретіне. Бірақ қайдан, деп қоя салып едім.
- Сендерді көп іздедік қой Асан. Әсіресе әжем қатты іздеді. Кешірім сұрап үйге алып келмекші болды. Бірақ ізім-қайым жоқ болдыңдар. Ауылдан қалаға кеткен қай-қайсы адам болса да, әжем өтініш жасап сендерді көрсе айтуларын сұрайтын. Бірақ ешкім сендерді таппады.
- Біз осында болдық. Эххх, біздің басымыздан не өтпеді. Еді ғана аяққа тұрып, адам қатарына қосылдық. Кезінде ішерге ас, киерге киім таппай қатты қиналдық. Анамның шыдамдылығымен, еңбекқорлығымен, өжеттігімен осы күнге жеттік. Болмаса әлде қашан ит-құсқа жем болар едік қой... Өткенімді айтуға 100 күн де жетпес...- деген Асан ауыр күрсінді. Екеуі сабақ аяқталғанша сыбыр-күбірі тоқтамады. Сабақтан соң да саябаққа келіп әңгімелесті. Кеш бата қоштасқан екі туыс екі жаққа кетті. Әли жатақханаға келіп дереу анасына хабарласты. Ал, Асан анасын жұмыстан тағатсыздана тосты. Есік алдынан күтіп алған ол, дереу бәрін баяндап берді. Аяқ-қолы мұздап кеткен Дәмет столға отыра кетті. Ұзақ ойланып отырған ол, бір мезет есін жиып:
- Мейлі, жиен болса жиен болсын. Ертең үйге қонаққа шақыр. Әңгімелесейік,- деді. Асан қуанып кетті. Дереу Әлиге хабарласып ертең келуін сұрады. Себебі ертең демалыс болатын. Әсел де болған жағдайды есітіп, үнсіз қалды. Анасы мен қызының іштегі қатқан шері қанша ойланса да тарқар емес. Осы уақытқа дейін көрген қорлығы мен ащы азабы жеңіп тұрды. Тек Асан ғана туыстарын тапқанына қуанды. Себебі олар үйден кеткенде Асан әле толық есін білмейтін бала еді. Сол үшін де анасына кешіре салыңыз деп айтқысы келеді, бірақ айта алмады. Уақыт керек...
  Ертеңіне түске Әли үйге келді. Есік алдында ұзақ тұрды. Анасына хабарласып келгенін, ішке кіргелі тұрғанын айтты. Есіктің қоңырауын басты. Іштегілер қанша сездіргісі келмесе де тағатсыздана күтіп отыр еді.
Есікті ашқан Асан Әлиді ішке кіргізді. Жасқана басып кірген Әли алғашында состиып есік алдында тұрып қалды. Асханадан шыққан Дәмет Әлиді қонақ бөлмеге шақырды. Сол жерде амандасып, жағдай сұрасты. Кішігірім дастархан жайыпты. Тамақ желініп, шәй ішіліп болғанша ешкім ешқандай әңгіме қозғамады. Түс ауа дастарханды жинап болған соң :
- Иә, айта отыр. Үй іші аман ба? Жағдайлары қалай? Ауыл тыныш па?- деп бастады Дәмет.
- Жақсы. Әжем науқас. Қан қысымы көтеріліп кетіп аяқ астынан инсульт алған. Төсекте жатады. Анам сол кісіге қарайды. Менен соң тағы бір інім бар. Биыл оқуын аяқтайды ауылда мектепте.
- Жақсыыы. Анаң сол ауылда тұрады ма? Алдын басқа жақта тұрушы едіңдер ғой.
- Иә. Мен нағашы ауылында өстім. Сондықтан да шығар жасық болғаным,- деп бір күліп алды,- Сіздер ауылдан кеткенде мен кішкентай бала едім. Тіпті есімде еміс -еміс қалыпты. Біз ол кезде әкеммен бірге тұратынбыз. Бір- екі айдан соң нағашы әжем үйіне шақыра берді. Қайта-қайта келіп кету қиын болды. Соңында шешеңді жалғыз қалдырмақшысың ба дем ренжіп анам мен мені үйіне көшіріп алды. Алғашында әкем қарсы болып келмеді. Бізді де жібермеді. Бірақ нағашы әжем бәрібір дегенін жасады. Кейін әкем қайта-қайта келіп тұрды. Сосын әр кезде... Сосын мүлде келмей кетті. Мен мекепті аяқағанда келді, содан соң көрмедім. Тіпті хабарласпайды. Анама ренжулі, білемін. Ал анам нағашы әжемді тастап кете алмады. Өз балаларыңды неге қудың үйден, солардың қызығын қызықтап отырмадың ба, енді қызыңның да бағын байладың деп ағайын-туыс қатты сөкті. Ол кезде әжеміз бақуат болатын. Ешкімнің сөзін елемеді. Кейін уақыт келе өз қателігін түсініп сіздерді іздеді. Бірақ таба алмады. Қазір енді іздеуге де шамасы жоқ. Тек Алладан амандықтарыңызды тілеп жылаумен уақыты өтеді,- деп аяқтады Әли әңгімесін.
Бір де бір сөзін бөлмей тыңдаған Дәмет Әли әңгімесін аяқтаған соң көзінің жасын сүртті. Не үшін жылағанын өзі де түсінбейді. Кімге жаны ашыды? Өзіне ме? Әлиге ме? Әлде кезінде үйден бәле жабысқандай көріп қуып шыққан енесіне ме? Білмейді... Әйтеуір ішінде бір жылулық бар. Әлиді көңілді шығарып салды.
- Келіп тұр, балам. Бұл да сенің үйің. Асанды туысым деп ойла. Бөтен емеспіз. Ал, жақсы. Үйіңе сәлем айт... Соңғы сөздерді әрең айтты. Тілі келмесе де, өзін зорлап айтқызды. Кетерде маңдайынан сипап қалтасына көктен екі қағаз салып жіберді. Өте момын Әли не айтарын білмей қипақтап-қызарақтап рахметін айтып шығып кетті. Жатақханаға жеткенше анасымен сөйлесіп барды. Өте жақсы қарсы алғанын, тіпті жақсы шығарып салғанын да жасырмады.
- Неге ақша алдың балам-ау? Дәметтің алдында керісінше біз қарыздармыз ғой.
- Қоймай салып жіберді. Сіздерге сәлем айтты.
- Эххх... Өмір-ай. Дәметтің құдай деген адам екенін білетінмін...
  Жайна төсекте жаутаңдап жатқан анасына бар хабарды жеткізді. Іштей қан жылап жатқан қаусаған кемпір Аллаға шүкіршілігін айтып бетін ары қарай бұрып жатты.
  Дәмет пен Асан шәй ішіп отыр. Әсел де келіп дастархан басына жайғасты.
- Біз неге кедейміз, апа?- деді Асан ұзақ үнсіздіктен соң терезеден көзін алмай.
- Ол күндер артта қалды Асанжан,- деді Әсел.
Сөз төркінін Дәмет бірден түсінді. Тек Әсел аңғармай қалды.
- Еее қызым, бауырың ағайын-туысқа кедей екенін жеткізіп отыр ғой. Ертең бірің үйленсеңдер, бірің тұрмысқа кетесіңдер. Бәрібір ағайын керек...
- Оның не апа? Енді сол ауылға барып  ащы өткенімізді қайталамайтын шығармыз.
- Басқа түскен қиындықты қайталамаймыз қызым, бірақ, әжеңнің халін білмесек әкеңнің де жаны тынышталмайтынын ұмытпа.
  Әсел қанша ұмытып бәрін кешірейін десе, өткен күндері есіне түсіп жүрек түбінде қалған ащы өксік қайта қозғап өкпе-реніші арта түседі. Анасының көңіліне қарап,  әкесін ойлап ғана келіскендей болды.
  Арада бір айдай уақыт өткенде Әсел жұмыстан демалыс алып, Асан демалысқа шығып, барлығы ауылға жолға шықты. Жол басшы Әли. Барлығы бір көлік жалдаған. Ауылда тұрақты қалмаса да, бір аяғы көрде, бір аяғы жерде әжелерінің батасын алып қайтпақшы...


Соңы...






Пікір жазу