22.11.2021
  499


Автор: Фариза Амангелдіқызы

Жексұрын жеңге

Жанат қарапайым қыз. Үйінің кенжесі. Әжесінің қызы болып өсті. Алдында екі әпкесі және жалғыз ағасы бар. Жастайынан өте білімді болып өсті. Кітаптан бас алмайтын, сәл уақыты бола қалса әжесінің жанына жүгіріп келеді.

Жәмилә әжей 15 жылдан бері көзі көрмей төсекке таңылған. Келіні Айнакүл(Жанаттың анасы) қарт ананың қас-қабағын бағып, көңіліне кірбің түсіргісі келмей осы уақыт аралығында бір ауыз артық сөз айтпай бағып-қақты. Қария кісі әсіресе аурушаң болса жас балаша болып қалады емес пе? Барлық қажетін орындап, күн жылыда сыртқа шығарып, аты-үстіне түсіп немерелері де бәйек болатын. Әсіресе Жанат әжесін ерекше жақсы көрді. Себебі, әжесі келінін қатты жақсы көретін. Үнемі:
- Өзің секілді адал келін бұйырсын саған,- деп батасын беріп отырады. Айнакүл ананың жалғыз ұлы болғандықтан, іштей «әумин» деп қуанып қалады. Бірақ арманындағы келін бұйырмайтыны оған беймәлім еді...
  4 - перзенті үшін аянбай еңбек еткен Сағындық аға(Жанаттың әкесі) мен Айнакүл жеңгей  қарапайым тұратын. Отағасы такси айдап, жеңгей дүкенде сатушы болды. 3 баланы оқытты, қажетін өтеді. Үйдің кенжесі Жанат та мектепті аяқтап, оқуға түсуді армандады. Бірақ, ҰБТ балы жетпей ауылда қалып қойды. 1 жыл ауылда қалып әжесіне қарады, сол жылы әкесі қатты ауырып пышаққа түсіп қалды. Қыстай отын тасып, қуығына суық тиіпті. Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады деп, анасы да сиыр сүтінен бруцеллез ауруына шалдығып, ауруханадан бір-ақ шықты. Сонымен, үйдің бар ауыртпалығы, малға қарау, отын жарып, от жағу, 95-тегі қарт әжейге қарау бәрі, бәрі Жанаттың мойнына түсті. Әпкелері тұрмыста, ағасы оқуда. Осы уақытта бүкіл ауылда сыбыр-күбір тарай бастады. Сағындық та, Айнакүл де ауырып жатыр, бар ауыртпалық қаршадай қызға түсті ау, одан да құдай кәрі кемпірді ала салмады ма деген әңгімелер гу-гу есті…

 Жанат мойымай, үй тірлігін де, сырттағы жұмыстарды да, ата-анасына, әжесіне де қарауды ұмытпады. Одан сәл қолы қалт етсе кітапқа жармасады. Қалайда биыл оқуға түсуім керек деп. Бірақ, бұл жылы да оның бағы шаппады. Математикадан ақсап, тағы грант иегері атана алмады. Тамағына ащы өксік тығылып, еңіреп қоя берді. Неге құдай маған көп көрді екен деп налыды. Бұл кезде ағасы қалада жұмыс жасап үйге қаражат жіберіп тұратын. Ата-анасының жағдайы түзеліп, беті бері қараған соң, Жанат қалаға ағасының жанына жұмыс жасауға кетті. Ақша тауып, ақылы болса да оқимын деп шешті. Әжесінің батасын алып, қалаға келді.  Ағасымен бірге көкөніс сатып  ақша топтады. Ағасы Санат өте жуас жігіт. Тірлігін істеп үнсіз күліп қойып жүре береді. Мінезі ауыр болғандықтан бүкіл ауыл оны жақсы көретін. Жақсы жар кездесуін тілейтіндердің қарасы көп. Ақыры сауданың арқасында Жанат та оқуға түсті(бір жылдан соң ақысыз оқуға ауысты), ағасының да жұмысы дөңгеленіп күннен-күнге жақсара берді. Алғашында пәтер жалдап тұрды, сосын жер алып, үй соғып бастады. Барлығын Жанат екеуі бірге жүріп істеген соң ба, ағалы-қарындас екеуі өте мейірімді болды. Ата-анасына да қаржылай көмек берді. Енді Жанаттың тек бір ғана арманы, ағасына керемет келіншек жолығып, сырлас жеңге табылса екен дейтін. Әжесі өмірден өтіп, ауылдағы қой-ешкіні қасқыр талаған соң, соңғы қара малды сатқызып, ата-анасын қалаға көшіріп алды. Үйдің құрылысы аяқталмаған соң барлығы пәтер жалдап тұрды. Жанат оқуды аяқтап, қаладағы мектепке тарих пәнінен мұғалім болып орналасты. Осы уақытқа дейін не жігітке қарамапты, не қыдырмапты. Үй аяқталып, енді бәрі Жанатты ортаға алып тұрмыс құруын айтып құлақ етін жей бастады.
- Бірінші ағам үйленсін, жеңгемді көріп, сырласып біраз жүрейін,- деген Жанатқа ағасы:
- Қарындасым, осы уақытқа дейін көмек бердің, өзіңді ойламадың, сенің жолың жіңішке, тұрмысқа шық,- деп рұқсатын берді.
  Жанат тұрмысқа шыққан соң, анасы келін алуды армандап Санатқа жар іздей бастады.

- Балам, бір күн ауру, бір күн саумын, білесің. Қашанғы соқа басың сопайып жүресің? Үйің бар, жұмысың бар,  енді мен де келіннің рақатын көріп, немере бағып отырайын,-деп күнде айтатын болды.
  Содан Санат ауылдың қызын жар етіп, бір-ақ күнде бойдақ күнмен қоштасты. Өзінен 13 жас кіші сұп-сұлу келіншегіне қарап, сүйсініп қояды. Алғашқы күндер жақсы өтіп жатты. Жас келін болған соң, майда-шүйде олақ тірлігіне енесі көз жұма қарады. Өзі жуас кісі, келін келген соң мүлде тұйықталып кетті.

Санаттың мінезі анасына тартқан болатын. Келіншегі бастапқыда үндемейтін, бертін келе "неге сонша мінезі ауыр, неге үндемейсің, тілің бар ғой айтсай, неге сонша сүмелексің" деп жайлы мінезін басқаға жорып тиісіп жүрді. Әле жас қой деп Санат та үндемейді. Оқуын аяқтап, дипломын алып берді. Екі балалы болғандықтан жұмысқа тұратындай болмады. Балалары әле кішкентай. 3 жылдан аса отырды үйде болды.
- Үйде отырып жалықтың ғой, балаларға өзім қараймын. Жұмысқа тұрып, бір мезгіл сыртта болып кел,- деп енесі келініне қолдау білдірді. Жақын жердегі мектептің басшылығымен сөйлесіп, жұмысқа тұрғызды. Басында бәрі әдемі еді. Бір күні ойламаған жерден жұмыстан шығып келді. Үйдегілер сұраса тіс жармайды. Бар айтатын жауабы:
- Істегім келмейді !- дейді. Қайынатасы мән-жайды білу үшін мектепке келді. Басшылыққа жазылған ол, жиналыстың аяқталуын күтіп отыр. Бір кезде директордың бөлмесінен топырлап мұғалімдер шыға бастады. Орнынан көтерілген Сағындық аға кіруге беттеді. Алдынан шығып үлгерген директор мұны көрді де:
- А сіз ба? Келіңіз,- деп бөлмесіне қайта кірді.
- Айналайын балам, менің келген себебім... Келінім осында оқытушы болып жұмысқа тұрып еді. Көп болмады. Таңертең  күнде жұмысқа бармайм деп жатып алады. Себебін сұрасақ айтпайды. Мектепте бір жағдай болды ма?- деді сұраулы жүзбен.
- Келініңіз жұмыстан шығарылды. Ауданнан сондай бұйрық келді. Өзі неге айтпады екен, хабары бар еді ғой. Ата-аналардың бірі шағым түсіріпті. Егер маған шағымданғанда шешіп беретін едім, істі насырға шапқызбай. Бірақ ол ата-ана тікелей ауданға шығыпты. Айтуынша, баласына қол көтерген көрінеді. Оны келініңіз де растап отыр.
Аңтарылып қалған Сағындық аға үнсіз есіктен шығып кетті. Үйге келгенше дәрмені құрып, аяқтары дірілдеп әрең жетті. Келді де бөлмесіне барып жатып қалды. Кешкі ас үстінде ақырын әңгіме бастады:
- Келін, шырағым. Мектеп директорына барып жолықтым. Айтқандары рас па?- деді сабырлы үнмен.
- Рас,- деп діңк етті келіні. Ішер асына түйіліп қалған қайын атасы ары қарай не айтарын да білмеді. Келіні сөзді өзі жалғады:
- Ұрмай, енді құдайдың ұлы ма еді? Тыңдамай миды ашытады. Ұрдым,- деді ашулы үнмен.
- Не жағдай болып жатыр?- деп сөзге енесі Айнакүл араласты.
- Өткенде бір балаға қол көтергем, сумаңдап жетіп барыпты ғой ата-анасы арыз жазып,-деді де болдым деп бетін сипап дастарханнан тұрып кетті.
- Масқара болдық көрші-қолаңға,- деп енесі бетін шымшыды.
  Осы оқиғадан кейін келіні үйде отырмаймын, жұмыс жасаймын деп ызыңдай бастады. Бір-екі мектепке барып еді, еңбек кітапшасындағы жазуларды көріп қабылбамай қайтарып жібереді. Амалсыз мемлекеттік жұмысқа қабылдамаған соң пельмен цехына жұмысқа тұрды. Ұрыс-жанжалдың барлығы осы жұмысқа тұрған соң басталды. Күйеуі Санат тым жуас. Келіншегіне артық-ауыз сөзі жоқ. Тіпті қайда барасың, қайдан келесің де те сұрамайды. Осы мінезін біліп алған жас келін бір жерге баратынын ескертуді де жөн санамайды. Бірте-бірте күйеуіне де суық қарайтын болды. Жанына да жақындатқысы келмей тыжырынып шыға келеді. Жұмысқа асығып ерте кетеді, кеш келеді. Келгенге дейін Айнакүл апа үй тірлігін тындырып қояды. Тіпті тамағына дейін дайындайды. Көрші-қолаң сөз ете бастады:
- Келін алып қолың да ұзармады-ау, өзің келін боп зыр жүгіресің,- деп ренжиді. Ондайда Айнакүл апа:
- Қайтем енді, байғұс жұмыстан шаршап келеді, бір жағынан болысайын да мен де, құры үйде отыра бергенше,- деп құтылады. Еріндерін сылп еткізген көрші кемпірлер өзің біл дегендей иығын қиқаң еткізіп кетуге асығады. Күндер өтіп жатты. Келіннің жұмысы қауырт. Күннен-күнге тым кеш келетін болды. Ата-енеге жақпайды әрине.

Күйеуі де қадағалап сұрамаған соң, жас келін өз дегенімен жүретін халге жетті. Бірте-бірте мінезі де өзгеріп сала берді. Кеш келсе кептелісті сылтаурататынды шығарды. Бір күні Сағындық аға келіні кешіккен соң сыртқа шығып көрді. Дала тас қараңғы. Анадайдан көліктің жарығы байқалды. Шеттегі дүкенге кіріп темекісін алып шыққаны сол, әлгі көліктен аяғын наздана басып келіні түсті. Сылқ-сылқ күліп қоштасқан ол, аялдамаға қарай жүрді. Өз көзіне өзі сенбеген Сағындық аға дереу үйіне беттеді. Тез-тез басып кірген ол жүзі сұрланып келінін күтіп отыр. Немересін ұйықтатып Айнакүл апа да бөлмесінен шықты. Есікті ашқан келіні ата-енесін көріп тыжырынып қалды. Жақтырмаған сыңай танытып бөлмесіне кіріп бара жатыр еді, қайынатасы тоқтатты:
- Келін, айналайын. Бүгін тым кеш келдің. Оның үстіне...
- Ия жолдың бәрі пробка ғой енді !- деді.
- Неге жұмысшылар таситын көлікпен келмедің? Әлгі мәшинедегі кісі кім?
- Бастығым. Көлік бұзылып жұмысшыларды өзінің көлігімен тасыды бүгін , енді бәріңізге отчёт тапсырмайтын шығармын!- деді ашуанып. Осы кезде Сағындық аға қатты ашуланып орнынан атып тұрды:
- Тапсырасың! Осы үйде тұрасың ба, демек бізге бәрін айтып отырасың!- деді қалшылдап. Пысқырып та қарамаған келіні бөлмесіне кіріп кетті. Жұмысынан шаршап келген Санат жемалып жатқан болатын. Оянып кетті.
- Сен не енді келгенсің бе?
- Бүгін бәрің келісіп алып мені тергеп жатсыңдар ма әдейі? Саған не көрінді?
- Ештеңе жатып демалайықшы,- деді Санат.
  Келінінің мына жүрісі ұнамаған Сағындық аға күдіктене бастады. Іштей тына алмады. Барып кемпіріне айтты.
- Ойбууу, мұның не шал-ау? Келінді аңдып жүрсің бе? Бұзылса бұзылған шығар мәшинесі. Құрсын, ешкім естімесін,- деген соң Сағындық аға да сабасына түсіп, үнсіз қалды. Бірақ күнде-күнде жеңіл көлікпен келуін қоймады. Соңында  шыдай алмай кетті.
- Келін, отырыңыз. Әңгіме бар.
- Айта беріңіз.

- Қандай әңгіме?- деді келіні кірпідей жиырылып.
- Келін шырақ! Мені жақсылап тыңда! Бір емес, екі емес, неге күнде-күнде бастығыңмен келесің? Мәшине бұзылды дедің, ал, жарайды сендік. Жұмыстың көлігі болған соң дереу жөндеуі керек шығар? Басқа жұмысшыларды неге ала келмейді? Немене, бастығыңа ерекше адамсың ба?
- Не деп тұрсыз? Ұялмайсыз ба? Не айтып тұрғаныңызды білесіз бе өзі?
- Денім сау, басым жайында. Сол үшін не айтып отқанымды өте жақсы білемін! Ал, жауап бер, неге?
  Қапелінде бұлай жағамнан алады деп ойламаса керек, келіні өтірік шыңғырып, жанжалдасып, кінәсі жоқ адамның кейпіне түсіп жылап қоя берді. Араға енесі түсті:
- Шал-ау, қойшы енді. Жазықсыз кінә тақпайық та. Көзбен көрмеген соң...
- Нені көрмеген соң? Нені? Жастарыңыз 50-ден асты. Жап -жас келінге бұлай жала жапқанша өле қалмадыңыздар ма! Бір аяғыңыз көрде бола тұра, маған кінә тағып!-деп ашуланды келіні.
- Мен көзбен көрген соң сұрап жатырмын неге күнде бастығың әкеледі деп. Басқа сұрақ қойдым ба? Жала жаптым ба? Мен тек не үшін дедім? Ал, сен өзің жауап бере алмай жанжал шығарып отырсың.
Осы кезде өтірік ашуланып, бұл тақырыпты жаппақшы болды да, дастархан үстінде тұрған шәй ішетін кесені алды да, қайын атасына қарай лақтырып кеп жіберді. Қақ маңдайға тиген кесе шытынап кетті де, маңдайынан қан бұрқ ете қалды. Зәресі ұшқан кемпірі атып тұрып бинт әкеліп, йод әкеліп зыр жүгіріп жүр. Өз ісіне ұялмаған келіні бөлмесіне бара жатыр еді, атасы:
- Көргенсіз!- деді атасы көзі аларып.
- Кім көргенсіз? Маған жала жапқан сіз бе, әлде өзін-өзі қорғаған мен бе?- деді келіні.
- Болды, енді шыдай алмайды екем,- деп бөлмесіне жүгіріп кетті. Артынан енесі барды. Келіні заттарын жинап жатыр екен:
- Қызым-ау, мұның не? Атаңнан кешірім сұрамайсың ба? Неге заттарыңды жинап жатырсың?
  Ләм-мим деп жауап қатпаған келіні тез-тез басып шығып кетті. Қайда кетті? Кіммен кетті? Келе ме жоқ па? Бәрі белгісіз... Кешкісін күйеуі келген соң мән-жайға қанық болды да, үнсіз қалды.

 


Санат үнсіз біраз отырды да:
- Кетсе кетіпті да. Онсыз да күніміз өтер,- деді.
- Балам-ау, екі бала ше? Бізді іздейді ғой.
- Балаларды көріп тұрарсыздар анда-санда. Менің уже көңілім қалды. Әркімнен ол туралы есітіп жүргендерім де жетеді. Ал бүгінгі қылығы тым шектен шығып кетті. Рас, әйел кісіге қол көтермеймін. Соны пайдаланып жүр-ау шамасы. Мен енді онымен бірге тұрғым келмейді,- деген Санат шаршадым деп бөлмесіне кіріп кетті. Айнакүл апа екі ортада қалып езіліп жылады. Келініне барайын десе, не деп барады? Кешірім сұрайды ма? Қолын бір сілтейін десе, екі тәтті немересін қимайды. Олар да әбден ата-апасына үйренген. Кім білсін, олар қалай шыдап жүргенін...
  Осылай күндер өте берді. Келіннен бір хабар жоқ. Енесі Айнакүл немерелерін сағынып ішігіп, мазасы кетті. Бір кемпір емес, үй іші сағынып жүр. Іштей тынады... Сағындық ақсақал мен Санат жұмыста болып кішкене болсын көңілі бөлінеді, ал Айнакүл апаға өте қиын соқты. Күн ұзаққа көз жасына ерік беріп немерелерін іздейді. Ақыры шыдамаған ол, келініне емес, құданың әпкесіне хабарласты. Себебі, құда-құдағилары ертеректе қайтыс болып үйдің үлкені осы келіндері болып қалып еді. 80-ге келген әжесі бар(құданың анасы)Бірақ қауқарсыз қарияны кім тыңдасын? Оның сөзі тек келінге ғана емес, басқасына да өтпейді, әйтеуір үйдің бір бұрышын паналағанына шүкіршілік айтып отырады. Өзінен кейінгі бауырларына тәрбие берудің орнына жандарына барып қайтпай отырған келінінің үйге оралуын, атасынан кешірім сұрауын айту үшін жаңағы құдашаға(құданың әпкесіне) хабарласты:
- Құдаша, саламатсыз ба! - дей беріп еді, құдашасы дүрсе қоя берді.
- Жағдайымызды қайтейін деп едіңдер? Қаршадай қызымызды алып, жетім деп елемедіңдер де. Екі баласымен үйден қуып жібергендерің не? Ұят бар ма өзі?
- Сізге келінің қалай жеткізгенін білмеймін, бірақ...
- Өтірік көлгірсудің қажеті жоқ. Әңгіменің тоқ етері, қызымыды бөлек қойыңдар. Жас қой, өз күндерін өздері көреді. Бір келінге қарап қалмаған шығарсыңдар. Біздің қызымыз болмағанда да күндерің өтті ғой. О несі-әй, келін екен деп үй тірлігіне жегіп қою керек пе? Қажет пе өзің жаса, қызымызға бөлек отау құрып беріңдер!-деді ызғарлы үнмен.

- Құдаша, келінді біз қумадық. Кесе лақтырып, атасының басын жарып өзі үйден кетті. Жүріс-тұрысы өзгерген соң тергегеніміз рас! Келін болған соң әдеп пен ибаны білу керек емес пе? Оның үстіне жастай бізге тапсырдыңыздар, ары қарай өзіміз тәрбиелеп аламыз деп едік.
- Қысқасы, бөлек шықсын, болмаса ажырассын. Екі баланы бағу қолымыздан келеді !
- Құдаша, ажырасқаны нес? Жаман ырым шақырмаңыз. Екі бала тұрғанда қайда барады?
- Енді екі бала деп өз өмірін қор қылмайтын шығар қызымыз! Ойланып жауабын айтарсыз, екі немереңізді ойласаңыз, бөлек шығарыңыз!
- Енді... Санат үйдің жалғызы, мына қара шаңырақты қалай тасап кетеді? Даңғарадай 7 бөлмеге сыймады деп жұрттар күледі емес пе...- деп жатқанда құдашасы телефон тұтқасын қоя салды.
  Айнакүл ападан маза кетті. Екі жақтың үлкендері болып екі жасты қосамыз деп ойлаған ойы быт-шыт болып шытынаған кеседей пара-парасы шықты. Амалсыз баласына келінді алып келуді сұрады. Бірақ Санат келісер емес.
- Әкеме қол көтерген, отбасымды адам құрлы көрмеген, сыйламаған әйелдің маған қажеті жоқ,- деп бірден бас тартты. Айнакүл апа кімге барып мұңын шағарын білмеді. Анда-санда келіп тұратын қыздарынан алғашында жасырып жүрді. Жұмыс басты олар телефон шалғанда немесе үйге келгенде  жеңгелерін төркінге қыдырып кетті деп ойлайтын. Бірақ қашанғы жасырсын. Қашанғы төркінге кетті деп алдайды. Сезіктенген кіші қызы мән-жайды білгенде бірінші болып ағасына жаны ашыды. Екі баласын ойлап жүнжіп кетіпті. Үйдің тірлгін бүкшеңдеп істеп жүрген анасын көріп көңілі босады. Кеткен қыз төркіндегі болып жатқан іске араласпайды деп үйреткен анасының өзі. Амалсыз, іштей тынады...
  Бір күні Айнакүл апа көңіл жазып қайтайын деп көрші кемпірге келді. Көрші кемпір салқын қарсы алды. Баяғыдай күлімдеп "әй кемпір ау" демеді де. Әңгімені арыдан бастады.
- Иә, халдерің жақсы ма?
- Жүрміз өлместің күнін кешіп...
- Келін хабарсыз кетті ғой.
- Сол жаныма батып жүр. Немерелерімді сағындым. Барып алып келе ғой десем, Санат та қырсығып отыр.
- Келіндеріңді өздерің күн көрсетпей қуып шығып, енді несіне көлгірсіп отырсың, қызық адам екенсің, -деп қойып қалды көрші кемпір.
- Не деп отырсың? Күн көрсетпегені нес? Оны кім айтып жүр?
- Келіннің өзі айтты. Бір-екі рет үйге келгенде қуып шығыпсың.
- Қашан келіпті? Шатасып отырсың ау. Мен сол келінді үйге келтіре алмай жатқан жоқпын ба?
- Өткен жолы есігіңнің алдынан көргенмін. Кеш қараңғысы қоюлана бере қақпа алдында тұр екен. Кірмейсің бе дегенімде үйге кіргізбей тұр деді өзі.
- Дәл қай күні екені есіңде ме?
- Әрине. Абысынның үйіне беташарға барып келген күні, өткен сенбіде.
  Айнакүл апа бірдеңе есіне түскендей орнынан атып тұрды. Жақсы рақмет шәйіңе, кейін келермін, деп асыға басып шығып кетті. Үйіне келіп мусор тастайтын шұқырға қарай адымдады. Жексенбі күні есігінің алдын, қақпаның жан жағын тазалағанда қиқымдалып қырқып тастаған бір ер адамның футболкасын тауып алып еді. Ойында ештеңе жоқ, мусорға тастай салған. Енді сол есінен кетер емес. Мусор тастайтын шұқырға келіп қараса ештеңе жоқ. Шалы бәрін өртеп тазалап тастапты. Үнсіз үйге қайтты. Есінен кетер емес. Неге қақпа алдында жатыр деп ойлап еді сол кезде, бірақ келіні туралы жаман ой мүлде ойламапты. Ертеңіне күн ұясына батарда келіні тағы келді. Және ешкім байқай қоймады. Осы кезде көрші кемпір тағы көшеге шықты. Келінді көріп жанына жетіп барды.
- Әй, шырағым-ау, үйге кіре алмай тұрсың ба? Айнакүл ондай қатал адам емес еді. Болмаса мен кіргізейін, жүре ғой.
- Жоқ, жоқ   қажет  емес. Егер
Қиын болмаса, мына затты қора жаққа  апарырып лақтыра салыңызшы...
-Бұл не?-деді көздері шарасынан шығып кемпір.
- Жәй әншейін. Сөмке мен  іш киімдер ғой. Осы үйдіңкілерін әкетіп қалыппын өткен жолы.
- Аа е жарайды онда,-  деп кемпір үйіне қайтты.

Үйге келген соң көрші кемпір біраз ойланып отырды. Сөмкені ашып көргісі келді, бір жағы ішкиімдер деген соң жиіркеніп қалармын деп те ойлады. Ертеңіне таңертең ерте тұрды да, үйдің артқы қорасына көрші үйге қаратып сөмкені іліп қоя салды.
  Арада 3-4 күн өткен соң Санаттың отбасы өзгере бастады. Біресе Санат, біресе әкесі қайта-қайта мазасы кетіп жұмысқа бара алмай жатып қала беретін болды. Кейде тіпті қатты ауырып қалатын. Сап-сау адам қалай аяқ астынан ауырады. Мүмкін суық тиді ме екен деп ойлаған Айнакүл апа жедел жәрдем шақырды. Олар еш кінәрат таппай, тек ағза әлсіреген деп бір-екі дәрумендер жазып беріп кетті. Жедел жәрдемді көрген көрші кемпір жағдай сұрауға үйге кірді. Мән-жайға қанық болған соң аз-маз ойланып отырды да, әлгі сөмке есіне түсті. Дымын білдірмей сытылып шығып кетті де үйді сырт айнала барып қараса қорада әлгі қара сөмке әле ілініп тұр екен. Бар ойы бәле-жала осы сөмкеде ме екен деп Айнакүл апаны шақырып келді.
- Қой құрсын, келінім ұрысса шапылдап ұрсатын шығар, өтірік сөйлесе сөйлейтін шығар, бірақ мұндай харам іске қолы бармайды,- деді Айнакүл апа.
- Көрейік те ішін. Маған беріп кетіп еді. Ішінде осы үйдің заттары бар, шатасып алып кетіппін деп еді.
- Қане, бері әкелші,- деп Айнакүл апа сөмкенің ішін ашты. Ешқандай да ішкиім жоқ. Қиқымдалып қиылған кәдімгі адамның шашы тола.
- Мынау не пәле, Алла сақтасын,- деп апа қоқысқа апарды да өртеп жіберді. Дәрет алып, іштей дұғаларын оқып, бәле-жаладн қорғанды. Көрші кемпір өз ойымен өзі болып үйіне қайтты. О, тоба, әлгі келін мені де алдағаны ма сонда? Алла сақтай гөр деп жағасын ұстаған күйі үйіне кіріп кетті.
  Санат та, Сағындық ақсақал да жағдайы жақсарып қайта жұмысқа шықты. Бірақ, Санаттың денесін бір ауырлық басып тұрғандай сезінеді.
Санат күні бойы жұмыста жүргенде ұмытып кетеді. Ал, кешкісін үйіне келгенде денесін бір ауырлық басып тұрғандай сезінеді. Шаршау шығар деп жатып дем алады. Бір күні жұмыстан қайтып жатқанда телефонына смс хабарлама келді. Асығыста оқыған жоқ. Көлік айдап келе жатқан соң  телефонды қолына алмады. Сол бойы ұмытып кетті. Үйге келіп кешкі ас ішіп болып жайласып отырып телефонын іздеді. Сол кезде әлгі смс есіне түсті. Кім екен деп телефонды ашып еді:

- Сәлем, қал қалай? Менсіз күнің қалай өтуде? Балаларыңды сағынбадың ба? Кеткеніме шүкірлік айтқандайсың, мүлде хабарласпадың. Ал мен сені сағынып жүрмін...- деген әйелінің сөздері жазылыпты. Біраз ойланып отырды да:
- Сағынсаң үйге қайт!- деп қысқа қайырды. Бірақ жауап келмеді. Санат та артық ештеңе жазбады. Бірақ шәй үстінде келіндері хабарласқанын айтты. Әкесі мен анасы қуанғаны соншалық дереу барып келінді алып кел деді. Бірақ Санат қарсы болды. Әбден шекесіне тисін. Қатесін сезінсін. Өзі-ақ келеді кейін деді. Осы кезде тағы да телефонына смс келді:
- Егер балаларыңмен бірге отбасы болып тұрғың келсе, бөлек шығамыз! Немесе үй мен көлікті менің атыма аударасың, болмаса балаларыңды да мені де көрмейсің!- деді. Ашуланып орнынан атып тұрған Санат:
- Көрдіңдер ме құрақ ұшып әкеле ғой деген келіндеріңді. Міне, нағыз оның бет-бейнесі. Оқыңыз!-  деп әкесінің алдына телефонды тастай салды. Сағындық аға мен Айнакүл апа үнсіз іштей тынып қала берді. Санат пен Сағындық аға өз жұмыстарына кетті. Сол баяғы Айнакүл апа ғана үйде жалғыз қалды. Ой үстінде отырғанына екі сағаттан асты. Орнынан қозғалған жоқ. Түс болғанда бір-ақ тұрды. Үйді реттегенсіп, кешкі астың қамына кірісті.
   Күнделікті өмір өтіп жатыр... Келін сол күйі хабарласпады. Санат та қайта сөйлесуге құлқы жоқ. Соңғы смсінен кейін қатты көңілі қалған. Ал Сағындық аға мен Айнакүл апа немерелерін көрмегелі 5 айдың жүзі болды. Санаттың құлақ етін жеп бітіретін болды. Бар айтатындары:
- Келін не десе де келісеміз, алып келші,- дейді.
Бірақ Санат келіншегін алып келмеймін деді. Үй мен көлікті соның атына аударып, оның үстіне жалғыз ұл бола тұра ата-анамды қалай жалғыз тастап бөлек тұрамын. Одан да өмірден қатынсыз өткенім жақсы емес пе деп ойлады. Бірақ, баяғы еңсесін басып тұратын қара күштен арылар емес. Ата-анасы амалсыз, баласы әкелмеймін, бірге тұрмаймын деген соң келіндеріне бара алмай отыр. Бірақ, күнде Санатқа жалынады. Қартайғанда немересіз қу бас болып қалай отырамыз деп жылайды Айнакүл апа...

Ал, сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Сіздің әрқайсысыңыздың пікірлеріңіз маңызды. Санаттың іс-әрекетін дұрыс деп ойлайсыз ба? Қарттардың арман-тілегі ше? Келіннің қылығын қалай бағалайсыз?

 







Пікір жазу