Жабырқамай, таңырқамай тағдырыма
*****
Жабырқамай, таңырқамай тағдырыма,
Мойынсұнып Жаратқанның жарлығына.
Үйлестіріп кірбің, кикіл, күлкі, шатты,
Бойды үйреттім ептеп шақтың барлығына.
Үйренбеске амал да жоқ өзге мүлдем,
Жүрек тулап, буырқанып жүргеніңмен..
Перзент болып туғаннан соң адамзаттан,
Тайталасқа түседі екен жеке мүддең.
Дүние жалған болғанымен бұл да тұрақ,
Әрбір адам өмір сүрер мүдде құрап.
Жер бетіне уақытшаға келгеніңмен,
Мазалайды, мазаңды алып мың бір сұрақ.
Жауап іздеп әрнемеге ерер пенде,
Мұңға батар сор қалауын шегергенде.
Шанышқыға түйрелгендей шыбын жаны,
Кейде өксір..
..кейде асар кемерден де.
Адамзатқа түрлі қызық керек екен,
Қызықтардың жетегіне ереді екен.
Пейіліне қарап Құдай пендесіне,
Не берсе де,сәйкес етіп береді екен.
Табаныма талай сұғып шөңгелерін,
Көрдім тағдыр ой-санамды өңдегенін.
Енді үйрендім қалай-қайтып жүргізуді,
Түрлі жолда ғұмырымның дөңгелегін..
Жанар Ешназар
30/10/2021