21.11.2021
  158


Автор:  Жанар Ешназар

СУЫҚТЫҒЫҢДЫ ЖЕК КӨРЕМ

Ел-жұртың сені мақтайды,
Мінезі асыл жігіт!- деп.
Достарың көп сатпайтын,
Қалдырмас басың бүлікте.
Ісіңді берік ақтайсың,
Шапқылап жүрсің күліктей.
Сенімін жұрттың сақтайсың,
Қиыннан, қамнан үрікпей.
Алайда уақыт таппайсың,
Бір маған нағыз "Жігіттей"!
Жылы жүзбенен бақпайсың,
Болсам да жұмсақ түбіттей.
Сезімді сенген таптайсың,
Жүрегің мұзын жібітпей.
Сыртқа адам,үйге заттайсың,
Аялап, қабақ қақпайсың,
Ынтымақ, ырыс кірітпей.
Бір үйде жүріп жаттай-сың,
Сондықтан жаным бірікпей,
Білмедім сорды, шат қайсы,
Сәтім аз жүрер, күліп те!
Сыйлаймын, бірақ жақпайсың,
Сезерсің, жүрсің біліп те.
Өзің айт жалған, хақ қайсы,
Әйелдің жаны "Мүлік"- пе?!

Не керек маған ептеген,
Жылуың, жұртқа шашылған?
Жанымда жүріп төкпеген,
Рахымың, менен жасырған?
Не үшін жүрмін жаныңда,
Бір басың екеу етем деп,
Көрмесем мейір тасынған?
Пайымың сені шеттеген,
Әйелді "зат"- деп басынған.
Суықтығыңды жек көрем,
Жаратылсаң да асылдан!..

Бақ емес маған жұбайлық,
Жаныңда жүріп жат болсам.
Емес бұл әсте Құдайлық,
Ашымас жаның зат болсам.
Суықтық ессең ұдайы,
Көркеймек қалай көңілім?
Жайнамақ қайтіп шырайым,
Жүрекке қаяу, тат толса?!
Әйелдің жаны шынайы,
Қуанар жұбы шаттанса.
Қалады терең мұңайып,
Қабағы ердің қақтанса..

Құдай да Ерді сынайды,
Жақсы жар беріп, жаман да.
Мәңгіде сенен сұрайды,
Қайттің?-деп мынау ғаламда.
Жаныңа берген жұбайды,
Қор етсең, көңілін қалдырып,
Болмайды нығмет саған да!

Тамағын тапсам жетер деп,
Ойлама қысқа адамзат,
Әйелдің көңілін бағамда!
Жан-жарың жүрсе күлімдеп,
Тірлігің, үйің, балаң да,
Жүреді есен-аманда!
Жарыңа көңіл бөлмесең:
Шаруаға жетпей шамаң да,
Жарымай тәтті тағамға,
Пайдаң да тимей қоғамға,
Айналып үркек, сараңға,
Қу бастың қамын күйіттеп,
Жуылмас жөндеп жағаң да!.
Суықтық жақпас әйелге,
Ақылың болса, амалда.
Жөн-жосық мінез көрсетіп,
Көңілін салма алаңға.
Қабырғаң ғана құрайды,
Бір бастан "Елді" әмәнда!

Жанар Ешназар
2/11/2021ж





Пікір жазу