21.11.2021
  141


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Қара тақыр

Бір жаңбырдан қақ тұрған қара тақыр,
Лайыңды ылғалға жарата тұр!
Тез кеберсің, шөлдеуге төзген ерсің,
Жаңбыр жауса жарылқап, өзгерерсің.
Бір жаңбырдан қақ тұрған қара тақыр,
Бір жаңбырың келеді, қара да тұр!
Жаңбырың бар шөліңнен қанағаттар,
Жазылады өңіңнен жара-дақтар.
Тұзға піскен балықтың бауырындай
Түзде қалған бір уыс қара мақпал.
Құның төмен қай құмнан, қасиетің кем,
Әлі ісің жоқ әспетпен, әсіре күймен.
Бояуы бар боркемік таңсық маған,
Беу, беу, мақпал, табанға басып жүріп,
Бас иетін бе ем мен саған, бас иетін бе ем?





Пікір жазу