20.11.2021
  184


Автор: Нұрбол Құдайберген

Оянбады

(Гүлнәр апамның рухына)

Өмір өлім арпалысып тұрғалы,
Бес күн өтті жанымды үміт тырнады.
Жансауғалап жансақтауда жатыр ол,
Кеудесінде айтылмаған сырлары,
Айтылмаған мұңдары,
Жүрігінің соққысында тұр бәрі...
Жүрек тілін кімдер ұғып, тыңдады?!
Енді оны бақи ғұмыр ұрлады.
Тіршіліктен алған нәрі құрғады...
Тар дүниенің тарылмасын демі деп,
Бұл хәлімде көрмесе ешкім мені деп,
Күліп қана кете барды сол бір жан,
Биіктерден көргім келет сені деп...
Айналасын шуағымен көмкерген,
Жаны сұлу жаны еді ол ел көрген.
Қара бастың қайғысына жат болып,
Қара жұрттың азабын да өңгерген.
Жан еді ол, жан еді ол ең ізгі,
Ал мен соған ұқсатамын теңізді.
Көңілі де гүл көктеген көктемдей,
Өлімі де жұпар шашып кеткендей
Енді оны жоқтап жатыр жер үсті.
Жер көтерер ауырлықтың салмағын,
Жел көтерер қалғанын...
Қаламымның құдіреті болса егер,
Сызғым келет тіршіліктің заңдарын,
Бұзғым келет жалғанын.
Жанға батпас у себілген жарам қай?!
Мына жалған жайсаңдарға сараңдай.
Сол бір жанның ұмытылмас жылуын,
Жоқтап жүрмін болғаннан соң анамдай!





Пікір жазу