19.11.2021
  2556


Автор: Сайын Назарбекұлы

Киiз үй туралы мақал - мәтелдер

Киiз үй халықтың дәстүрлi наным-сенiмiнде


Түндігіне қарылғаш ұя салған үй – қасиетті үй.


Үйге дәуіт кірсе – үйге құт, береке орнайды.


Қазанның күйесі жанса қой басы өседі.


Ошақтағы отты үрлеп сөндіру – өз үмітін өшіру.


Бас киімді босағаға ілу – басыңның бағасын кетіру.


Аяқ киіммен төрге шығу – үй иесін менсінбеу.


Қонақтан бұрын астан ауыз тиіу – үй иесінің міндеті.


 


Киiз үй туралы мақалдар мен мәтелдер



  • Келіні жақсы үйдің – керегесі алтыннан.

  • Есіктен орын тапсаң төрге ұмтылма.

  • Үйде шешен – дауға жоқ, Үйде батыр – жауға жоқ.

  • Үйің жаман болса, күйің жаман.

  • Босағаң төрдей болсын.

  • Сыйырға су көрсетпе, Жаманға сый көрсетпе.

  • Жыртық үйдi жел табар, Өтiрiк сөздi шын табар.

  • Тату үйдiң бақыты тасыр, Жанжалды үйдiң ырысы қашар.

  • Төрде отырып теріс сөйлегеннен без, Есікте отырып керіс сөйлегеннен без.

  • Кедейді тер қысса, Керегесін арқалап тауға шығады.

  • Қуыс үйден құр шықпа.

  • Бұраудың да сұрауы бар.

  • Тар бесік, тар босаға.

  • Азансыз молда болса да, Қазансыз қатын болмайды.

  • Жауға барса ат ойнатқан Есет, Үйге келсе құрт қайнатқан Есет.

  • Жаман үйден қосым артық, Ақсақ ошақтан мосым артық.

  • Орман аралаған үйші болар, Ел аралаған сыншы болар.

  • Ағаш бесіктен шыққан, жер бесікке түспей қоймайды.

  • Ергенек кетсе, есіктен береке кетер.

  • Есік көргенді алма, Бесік көргенді ал.

  • Баланың тентек болмағы үйінен, жігіттің тентек болмағы биінен.

  • Салқын үй – салулы төсек.

  • Ұлы жол үйiңнiң табалдырығынан басталады.

  • Кiлемге бергiсiз алаша бар, Ханға бергiсiз қараша бар.

  • Балалы үй – базар, Баласыз үй – мазар.

  • Үйде оңбаған, Түзде де оңбайды.

  • Астың дәмiн тұз келтiрер, Ауыл сәнiн қыз келтiрер.

  • Атыңнан айрылсаң да, Ер-тоқымыңнан айырылма.

  • Қатыныңнан айырылсаң да, Қазан-ошағыңнан айырылма.

  • Қазан-ошағыңнан айырылсаң да, Халқыңнан айырылма.

  • Көршiң қолайлы болса, қораң кең.


·        Көршiңмен ұрыспай айырылыссаң, Ұялмай табысарсың.



  • Жақсының күнде бiр үйi кеңидi, Жаманның күнде бiр үйi кемидi.

  • Аталастан ауылдас жақын.

  • Үйге кiрген жыланға да ақ құйып шығарады.

  • Жақсы қатын үй дәулеті, Жақсы шапан той дәулеті

  • Жақсы көршi тапқаның – Мол олжаға батқаның.

  • Қонағын сыйлаған төрге шық дер.

  • Қазаннан қара нәрсе жоқ, Ассаң қарын тойдырар.


Қардан аппақ нәрсе жоқ, Ұстаса қолды тоңдырар.



  • Бiреудiң үйiн жыға бiлгенмен тiге бiлмейсiң.

  • Қонағын сыйламаған – Не баласын ұрады, Не үйiн сыпырады.

  • Киіз үйдің жақсы болмағы ағашынан, Ер жігіттің жақсы болмағы нағашыдан.

  • Қазаннан қақпақ кетсе, Иттен ұят кетедi.

  • Жауда да бiр үйiң болсын.

  • Қонағым өз үйiңдi де ойлай отыр.

  • Үйдiң жылы-суығын, Қыс түскенде бiлерсiң.


Кiмнiң алыс-жақынын, Iс түскенде бiлерсiң.



  • Ерте тұрған әйелдiң Бiр iсi артық.


Ерте тұрған еркектiң Ырысы артық.



  • Үй болғанда көсеу де керек.

  • Үзіксіз үй болмас.

  • Қазанға түскен қайтып қапқа түспейдi.

  • Арық атқа қамшы жау, Жыртық үйге тамшы жау.

  • Ит арық болса ауылдың намысы.

  • Қонақ келсе ет пiсер, ет пiспесе бет пiсер.

  • Ошақ сәнi – сыйластық, Достық сәнi – қимастық.

  • Үйi жаманның күйi жаман.

  • Үйдiң көркi – әйел.

  • Алғашқы қонақ соңғы қонаққа орын босатар.

  • Қонаққа кел демек бар, кет демек жоқ.

  • Өнерлi қонақ босағада қалмас.

  • Жаман үйдiң қонағы билейдi.

  • Құдайым би қылмасаңда би түсетiн үй қыл.

  • Бүлiнген ауылдан бүлдiргi алма.

  • Көсеу ұзын болса қол күймес.

  • Жолға шықпас бұрын серiгiңдi дайында,


Қонбас бұрын көршiңдi ойла.



  • От жағылмаған үй – қора, Кiсi келмеген үй – мола.

  • Үй менiкi демеңiз, Үй артында бiреу бар.

  • Ақ жаулықсыз үй – жетiм үй.

  • Атасыз үй – батасыз, Анасыз үй – панасыз.

  • Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледi.

  • Келгенше қонақ үялар, Келгесiн үй иесi ұялар.

  • Құс жеткен жерiне қонады, Қонақ қалаған үйiне қонады.

  • Тату үйдiң тамағы тәттi.

  • Қазан қайнап тұрса, ақыл сайрап тұрады.

  • Асы бар аяқ әдемi.

  • Құр аяққа бата жүрмес.

  • Кiсi кiрмеген үй көрмен тең, Iшiлмеген ас умен тең.

  • Тоқпағы күштi болса киiз қазық жерге кiрер.

  • Қайтып кiрер есiктi қатты жаппа.

  • Қонақ ырзығымен.

  • Көрпеңе қарай көсiл.

  • Есiктен орын тапсаң, төрге озба.

  • Өз үйiнде ою оймаған, Кiсi үйiнде сызу сызады.

  • Жаман өз үйiне өзi қонақ.

  • Көрмегенге көсеу таң.

  • Баласы атқа шапса, Анасы үйiнде отырып тақымын қысады.


Сайын Назарбекұлының «Қазақтың киіз үйі» (2005 жылы Елорда) атты кітабынан алынған киіз үйге байланысты ұғымдар кітабынан





Пікір жазу