18.11.2021
  130


Автор: Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы

Қисса Мансұр әл-Халаж - 2

Несіп тағы келмеді көпке дейін,


Сұрады балалардан оның жайын.


– Отынымен балшықта аунап жатыр,


Деп едің, – деді, – тақсыр, не қылайын.


 


Балшық, су қып артынан Несіп келді,


Молда алып қолынан пешке салды.


Дүр етіп жанып кетті шөптей болып,


“Керемет мұнда екен” деп молда білді.


 


Несіптің білді ме ер екенін,


Хақиқат ғашықтардың бірі екенін.


“Хақиқат ғашық ер” деп білді молда,


Қазірде жасы жетпей жүр екенін.


 


Алланың қойған аты сәйід Насим,


Көбінен әулиенің болды басым.


Әуел аты – Несіби, соңғы аты – Насими,


Енді барып молдадан сабақ алсын.


 


Молдадан сәйід Насим сабақ алды,


Алдына әптиегін жайып салды.


“Инна фатахнаға” келгенде молдасына,


“Мағынасы не, – деп, – тақсыр” тұра қалды.


 


Молда айтты: – Мағынасын не қыласың,


Өзің білмей, мағынасын сөз қыласың.


Ашуланып бір салды шапалақпен,–


Оқымай сұрама, – деп, – сөз мағынасын.


 


Шапалақ жеді Насим молдасынан,


Құдай оған білгізген о басынан.


Жылап тұрып аятқа мағына берді,


Жауһар тамды жылаған көз жасынан.


 


– Сөз сұрасам  ұрасыз, тақсыр, – деді,


Қара қылып кеудеңнен басқыр, – деді.


Түрегеліп ізінен топырақ алып,


Жүзіңе мұны, молдам, жапсыр, – деді.


 


Шашты да топырақты шығып кетті,


Молданы тірі жерге тығып кетті.


Мағынасын бастан-аяқ өзі айтып,


Молданы ұрмай-соқпай сығып кетті.


 


“һуа – Хақ” деп тысқа шықты сәйід Насим,


Айдады жапан түзге жалғыз басын.


Елсіз күн, сыз далада жалғыз жүрді,


һәркімді Тәңірім өзі асырасын.


 


Диуана болды Насим хақиқат шын,


Рахат қылып бір жатпады күні мен түн.


Құлан менен киікпен бір жүреді,


Мысалы, түзде жүрген пері мен жын.


 


Құлан менен киікті бағып жүрді,


Дертті болса, ем қылып қағып жүрді.


Алланың ақиқат шын мағшұқ ері,


Болмаса түзде бұлай нағып жүрді.


 


Сәйід Насим диуана


Жапанда жалғыз жүреді.


Тағам, ұйқы ойламай,


Алланың сүйген құлы еді.


Құлан, киік ішінде


Жайылып бірге түнеді.


Жаралы, соны бағады,


Құрттаса, дәрі жағады.


Құлан, киік емізіп,


Тәңірі қуат береді.


Жалаң аяқ, жалаң бас,


Екі көзден төгіп жас,


Хақ зікіріне енеді.


 


Үстінде женде кигені,


Бір Алладан басқа жоқ


Көңілінде һәр кез сүйгені.


Егесіне ғашық боп,


Бұ дүниені тәрк қылып,


Іші оттай күйгені.


Ғазал айтып тілімен,


Аллаға ғашық ділімен,


Кеудеге сыймай иманы.


Кейде ақылын біледі,


Кейде ақылын білмейді,


Бір Аллаға ғашық боп,


һешкімді көзге ілмейді.


Ақиқат ер дейді оларды,


Мас адамша жүреді,


Кісімен ойнап-күлмейді.


Отаны – тау, тас, шұқыры,


Ел маңына келмейді.


Нұрға толған іші-тысы,


Татпағанмен тағамды,


Аштан тіпті өлмейді.


Күні-түні бір тынбай,


“һуа Алла – хақ” деп жылайды.


Ақылын білмес өзі мас,


Алладан не сұрайды.


Айтқаны Хақ зікір,


Химмат қорын байланып,


Белін бекем қынайды.


Он бес жыл жүрді жапанда,


Жад қылып Жаппар Құдайды.


 


Он бес жылдың ішінде


Көрген жоқ, тіпті, ел бетін.


Танымас болды көрген жан


Сәйід Насим келбетін.


Мұрты мен шықты сақалы,


Күнә жоқ һәр кез оларда,


Арттырды Алла һимматын,


Өзіне ғашық болған соң,


Көтерді Алла мойнынан


Қарыз, уәжіп, сүннетін.


Сәйід Насим бір күні


Ашты руай көзіні,


Ақылы келіп басына,


Білді сонда өзіні.


Ойлады тұрып тағы да


Әмірге айтқан сөзіні.


Өз-өзінен ерсінді


“Не қылад  Әмір маған” деп.


Қаңғып жүр өзі базарда,


Өзі тазша жаман деп.


Есегімен отын сатады,


Күндік ауқат табам деп,


Шаһарға келді сонан соң,


Жүрем бе түзде һәман деп.


Сол уақыттың кезінде


Патшасы өлді Бағдаттың,


Ел-жұрты қалды қайғы жеп.


 


Жұрт рәсімі сол еді,


Қоймаушы еді тағында


Інісі менен ағасын,


Асыранды бір құс бар еді,


Дәулет құсы дер еді.


Ұшырмаққа сол құсты


Жиып алды қаласын,


“Ұшырамыз құсты” деп,


Жұртқа хабар салады.


Жиылған соң барша халық,


Сарайдан құсты алады.


“Қайсымызға қонар” деп,


Жиылған жұрттың һәммасы


Үмітті болып барады.


Тілек қылып көп адам,


Малдарын айтып шалады.


Құсты алып шықты жапанға,


Үмітті болып халайық,


Қайдан білсін адамзат,


Құдайым кімді қалады.


 


Әмір тазша сол уақта


Есегінде отын бар,


Соры ағып басынан,


Кім алар деп отынын,


Базарда жүрген қылып зар.


Сата алмай жүр отынын,


Үстінде жыртық бір тон бар.


Дәулет құсын ұстап тұр,


Қазы, мүфти, уәзірлер,


Шаһ алдында бектері


Үмітті болып тұр ойлап.


Бисмилла деп құсты ұшырды,


Халық ішінен қашырды,


Жабыла келіп қудылар.


Әмір тазша базарда


Он тиынға отынын


Сатып еді азарға,


Сол уақытта басына


Дәулет құс келіп қондылар.


 


Әмір таздың сол халде,


Дәулет құс қонды басына,


Рахматы түскен Алланың


Көзінен аққан жасына.


Шошып қалды Әмір таз,


“Не қылған құс, – деп, – бұл өзі”.


Аяқ бауын ұстады,


“Қонғаны не, – деп, – менің басыма”.


Құсты қуған көп адам,


Жасауыл менен бектері


Әмірдің келді қасына.


 


Іздеген құсын тапты бектер келіп,


Әмірден құсты алды танып көріп.


Тамам елден тазға кеп қонғанына,


Бекзаттар өле жазды ыза болып.


 


Бектер айтты: – Ғұссат боп заман азды,


Заман азған белгісі – құс та жазды.


Әгарда заманымыз түзік болса,


Құс келіп қайдан тапты мына тазды.


 


Құсты алып бектер сонда кейін қайтты,


“Жиылыңдар ертең”  деп хабар айтты.


Бәрі де патшалыққа үміт етіп,


Халайық үйді-үйіне барып жатты.


 


Тағы жұрт ертең ерте тұрды дейді,


Жиылып айтқан жерге жүрді дейді.


Ел әбден жиылған соң тағы ұшырды,


Құс қашты, жұрт артынан ерді дейді.


 


Құс ұшып шаһарға кетті топ ішінен,


Бірін де жаратқан жоқ бұл кісіден.


Соңынан бектер шауып қуып келсе,


Баяғы Әмірде тұр тап тұсынан.


Бектер келсе, тазша тұр құсын ұстап,


Жиіркеніп құсын алды жіп ұшынан.


 


Патшалыққа тазды тұр Тәңірім қалап,


Ел тұрған жоқ адамға оны балап.


Тамам жұрттан тазға кеп қонғанына,


Бектердің іші болды әлеп-жалап.


 


Жиіркеніп құсты бектер әрең алды,


“Бұ қандай іс болды” деп қайран қалды.


Патшалықты тазшаға қимаған соң,


“Тағы ертең ұшырайық” деп хабар салды.


 


“Жиылып тағы ертең келгін” десті,


“Құсты ұшырып көзбенен көргіл” десті.


Тағы да ұшырмақ боп тарқасады,


Құп көріп жиылған жұрт бұ кеңесті.


 


Ертең жиылып келеді жұрт,


Садақа-құдайысын береді жұрт.


Күнде мал айтып сойып, қырып жатыр,


Бәрі де патшалықтан қылып үміт.


 


Құсты тағы ұшырды жиылған соң,


Келетін жұрт аяғы сұйылған соң.


Әмірге тағы барып қонады құс,


Бар Құдай “бар” деп өзі бұйырған соң.


 


Бектер келіп артынан құсын көрді,


Алланың шын бұйырған ісін көрді.


Жиіркеніп таздан халық қашса дағы,


Тәңірі лайық қылған соң мүсін көрді.


 


Дереу тазды моншаға салды дейді,


Шаштараздар шашы-мұртын алды дейді.


Киінген соң күндей боп толықсиды,


Көрген халық сонда қайран қалды дейді.


 


Сонсоң Әмір патша таққа мінді,


Қимай жүрген бектері мойынсұнды.


Есегімен отын сатқан тазша еді,


Бір уа Бар құдіретімен патша қылды.


 


Сол кезде сәйід Насим шаһарға келді,


Аралап көрді сонда шаһар-елді.


“Ташақ” деді көрінген молдаларды,


Есіткен молдалардың қаһары келді.


 


Бір тауға сәйід Насим барып жатты,


Ғибадат Хаққа, тағат қылып жатты.


Тауда жүрген бір-екі диуаналар


Насимді жатқан жерде келіп тапты.


 


Насим онан жүрді де пірге келді,


Анау екі диуана бірге келді.


Қол беріп шейх Атард әулиеге,


Алдында қызмет қылып үш жыл тұрды.


 


Сұрады пірден рұқсат Насим бір күн,


Екеуі де тіледі дүркін-дүркін.


“Сахараға шығайық деп ойлаймыз,


Біздерге, – деді, – тақсыр, рұқсат бергін”.


 


Сонда пірі қойнына қолын салды,


Бір күлше қойнынан нанды алды.


Оңды-солды шапалақпен нанды ұрып,


Біріне берді оны, бірі қалды.


 


Екінші қойнына қолын салып,


Біріне берді қызыл алма алып.


Енді құры қалғаны сәйід Насим,


Жауапсыз тұрды бұлар қайран қалып.


 


Тағы қызыл алма алды қойынынан,


Ұстады салбыратып мойынынан.


Ол алманың қабығын бітеу сойып,


Баланың қызық қылды ойынынан.


 


Ол қабықты үрледі тағы пірі,


Насимнің сол уақта қашты түрі.


Насимге берді онан соң ол қабықты,


Тағзымдап алды Насим тасып нұры.


 


Пірі фатиха береді қол көтеріп,


“Әмин, тақсыр” деп тұрды бұл үш ғаріп.


Пірінен рұқсат алып шыққаннан соң,


Баяғы отанына тұрды барып.


 


Сәйід Насим айтады жолдастарға:


– Оның алма бергенін білдіңдер ме?


Екі жолдас айтады: – Біле алмадық,


Насим айтты: – Құлақ сал бұ хабарға.


 


Жеті күннен соң ұстар патша сізді,


Тәңірінің ажал уақты болұр изні.


Жерге көміп қойдырып беліңізден,


Атқылатып өлтірер өзіңізді.


 


Нан ұрғанның мәнісі осы, – деді,


Біздер болдық Тәңірінің досы, – деді.


Сіздің жайды айтайын алма берген,


Дүрмен қаның ағар жосы, – деді.


 


Өз жайымды, құлақ сал, айтайын мен,


Алланың пендесіне рахматы кең.


Терімді бітеу сойдырар патша менің,


Білмеймін падишаға жақпайды нем.


 


Дарға асар теріме сабан тығып,


Үш күн тұрар терімнен әуез шығып.


Осылай деп айтты ғой жайларымызды,


Пірадарлар, бұ сөзді алғын ұғып.


 


Бұлай деп диуаналар мұңдасады,


Ақырет қайғысын жиып жыласады.


“Не болса Хақ тағдыры пендеге деп,


Разымыз” деп бой ұсынып ұнасады.


 


Не қылса, Хақ әміріне разы болды,


Жүрді де ол жерінен шаһарға келді.


Баршасын рухы көріп сәйід Насим,


Айтады мінәжат қып бұ ғазалды.


 


Ғазал сәйід Насим:


 


Ғалымдықтың белгісі –


Хақтың әмірін білгені.


һидаят, һиммат қанжармен


Жүрек-бағырын тілгені.


Аллаға іңкәр келтірер,


Дәруіштерге күлгені.


Біз де келдік дүниеге,


Аралап төрін көргелі.


Халаб шаһардан пана болып,


Бағдатқа келдік кіргелі.


Үшбу-дүр әл-пәниден


Бақиға тұрмыз жүргелі.


Барсам екен кешікпей


Атам Мансұр қасына.


Қазы, мүфти, молдалар


Көңілін басып жәһілдік,


Хақты батил қылдылар,


Жамандық қылып басына.


Рақым етпес Бір уа Бар


Олардың көзі жасына.


Қайтіп сохан қылмаймын


Ібілістің лағини лашына.


“Сөзле” деді Хақ маған,


Текрар етіп сөздерім.


Надан сопы, молдалар


Күпір айтып иманға,


Қар етеді өздерін.


Көргенсін қайтіп айтпайын,


Имандығын көздерім.


Қазы, мүфти, молдалар


Ақаидты білмеш,


Жетеген халге жәһілдер


Бәрі іңкәр Тәңіріге,


Қара қылып жүздерін.


Насимнің сояр бір күні


Қанжарменен терісін.


Бізді есіткен дін қардаш


Сүйегі мұздай ерісін.


Алланың біз де құлымыз,


Аллаға пенде болғандар


Бізден неге жерісін.


Насимның тәнін көрсетіп,


Лағынет, азар еттірер


Молданың бәрісін.


Ей, Насим, аслан, қам жеме,


Жаннатул мин, уай, ішінде


Хор ғұлман, сірә, сен.


Дүние саған не керек,


Пенде кежман болсаң да.


 


Мұнан соң неше күндер өтті дейді,


Шаһарға тағы жүріп кепті дейді.


Молдаларды көрген соң һәр қайсына


“Бәрің де ташақсыздар” депті дейді.


 


Молдалар естігені кейіді енді,


Бір-бірлеп ғалғилаға жиылды енді.


Молда көрсе бәрін де “ташақ” дейді,


Насимнің бұ сөзіне күйінді енді.


 


Бір күні жиылады бес жүз молда,


Келмей молда қалған жоқ оң мен солда.


“Бір диуана біздерді қор қылды” деп,


Патшаға арыз айта барды сонда.


 


Сол күнде Әмір еді падишасы,


Асып тұр Бағдат шаһардан мәртебесі.


Бес жүз молда патшаға арыз айтты,


Бәрінің бір диуана – дұшпан-қасы.


 


Патша айтты: – Жиылған молдаларым,


Не іске сасып келдің мұнша бәрің.


Арызыңды айтыңдар, есітейін,


Баян қыл енді бізге ахуалдарың.


 


Молдалар айтты: – Тақсыр, көп жыл болды,


Бір диуана қор қылды тамам елді.


“Ташақ” дейді көрінген молдаларды,


Ішіміз құса болып дертке толды.


 


Ол диуана қорлайды бәрімізді,


Беттен ұят қоймады арымызды.


Ташағына теңейді молда көрсе,


Жасы түгіл, сыйламас кәрімізді.


 


Көрсетті шариғат деп риуаятын,


“Діннен шықты” деп берді жазып хатын.


Патша молдалардың сөзін естіп,


Көтере алмас болдылар көптің датын.


 


– Бәріңнің осы болса айтқан сөзің,


Ұстап ал жүрген жерден барып өзін.


Дарға асып өлтіріп тастаңыздар,


Обалы өздеріңе, жоғалтып көзін.


 


Патшадан рұқсат алып кетті дейді,


Көп молдалар Насимге жетті дейді.


– Өз тіліңнен, диуана, діннен шықтың,


Сені енді дарға асамыз, – депті дейді.


 


Сәйід Насим тағы айтты “ташақтар” деп,


Молдалар ұстап алды жабылып кеп.


“Ташақ деуін қорықпастан бәрімізді,


Бұ сорлы ойламайды-ау өлемін” деп.


 


Молдалар ашуланып күле алмайды,


Мағынасын ташақ сөздің біле алмайды.


“Тысы ақ, іші қара” дегені екен,


һеш адам әулиеден тіл алмайды.


 


Молдалар ер Насимді дарға асты,


Сонда да ташақ дерін қоймас әсті.


Дар менен сәйід Насим бәрі зарда,


Наласы көкке барып араласты.


 


Жеті күн сәйід Насим дарда тұрды,


“һуа Хақ”  деп бір Тәңірге нала ұрды.


Дар Насимге һеш зиян қылмағанын,


Молдалар күнде-күнде келіп көрді.


 


Насимнің ол дардан фаруайы жоқ,


Жаратқан Егесі бар көңіліне тоқ.


Дарға Жаппар Егем пәрмен қылды,


“Ғашық құлға һеш зиян қылмағыл” деп.


 


Бұ сырды көрді көп молдалар,


Өлмегенге тамаша болды анлар.


Дарға тартқан тұрмайды жарым сағат,


Насимге қайран болды барша жандар.


 


Молдалар патшаға және барды,


Сөйлейді диуанадан бұ хабарды.


– Және бір хүкім қылғыл, тақсыр, – деді,


Өлмеді, амалменен, қойғыл дарды.


 


Патша айтты: – Олай болса, түсіріңдер,


Тағы да бір алуан іс қылыңдар.


Терісін бітеу сойып, сабан тығып,


Терісін қайта дарға астырыңдар.


 


Молдалар шығып кетіп, дарға келді,


Қазысы жаллад алып бірге келді.


Насимді дардан түсіріп алып,


“Сойғыл” деп жалладтарға әмір қылды.


 


Екі дөңбек ап келіп ағаш салды,


Насимнің қол-аяғын махкам таңды.


Етпеттен ағашқа таңып қойып,


Насимге жалладтар кеп пышақ салды.


 


Сол уақта сәйід Насим ашты көзін,


Тажалы нұр ішінде көрді өзін.


Араққа мас болғандай бойы балқып,


Сөйлейді сонда Насим шаттық сөзін.


 


–Ей, ақымақтар, тезірек сойғыл, – деді,


Қанымды жалап ішіп, тойғыл, – деді.


Тезірек Дост уәсілін табайын мен,


Бұ пәниден көзімді жойғыл, – деді.


 


Ғазал Насими:


 


Қазы, мүфти, жалладтар,


Тезірек сойғыл, кетейін.


Шаһид болып жазықсыз,


Достыма шапшаң жетейін.


һеш қызығы жоқ маған


Бұ жалғанды нетейін.


Табанымнан жарыңдар,


Төбеме …* сойындер,


Тезірек жолдан өтейін.


Тапсам талап уисалын,


Сүйерімнің жамалын,


Борышымның камалын,


Досларға медет айтайын.


 


Сонда тұрып жалладтар


Табанынан жарады.


Кегі бітіп молдалар,


Тамаша қылып қарады.


Терісін бітеу сойдырып,


Төбесіне барады.


Сыпырып алды терісін,


Тәннәсі жерде қалады.


Дарға қайта асады,


Сабан тығып пұстына,


Қандары ағып тәнінен,


Жүгіріп барды рухтары


Ақиқат ғашық Достына.


Диуананы өлтіріп,


Дегеніне келтіріп,


Молдалар жетті қастына.


Дарда тұрып терісі,


Нала қылып сөйлейді


Разы боп Тәңірі Достына.


 


Мінәжат қылды Аллаға


Дарда тұрып терісі.


Қайран болды бұ іске,


Көрген жанның бәрісі.


“Бекер кісі емес” деп,


Көрген жандар жылайды.


Жасы менен кәрісі


Құлақ салып тыңдаса,


Хаққа сәна айтады.


Сәйід Насим өлгелі,


Арадан үш күн өтеді.


Ауға шығып сол күні


Қасынан патша өтеді.


Сөйлеп тұр дарда адам,


Есітіп тұрып кетеді.


 


Дар басында тірі тұр,


Мінәжат қылып Тәңіріге,


Құлақ салып тыңдаса,


Разы-дүр Хақтың әміріне.


Қысасы бар аз-ақ


Молдалар қылған жәбіріне.


– Арманы айтқан жол, – деді,


Кірмедім қабіріне деп,


Көзімнен ағар қанды жас.


Датыма һәр кез жетпедім,


Ит-құс жеп жатыр етімді.


Рухым ғарышқа кетпеді,


Арманым менің сол болды,


Қабірге кіріп жатпадым.


Тәнімді көзім қимайды,


Хор уа ғұлман ішінде


Рахатқа қызық батпадым.


Қазы, мүфти, молдалар


Пышақ ұрдылар.


Жүрегім менің дерт болды,


Шат болып олар тұрдылар.


Жалладтарға сойдырып,


Масаллахын құрдылар,


Жерде, көкте періште


Наласына Насимнің,


Баршасы фариад ұрдылар.


 


Риазатсыз пендеге,


Аслан, рахат болмайды.


Молдалардан қаныңыз,


Ғарасатқа барғанша,


Ажырап, сірә, қалмайды.


Әмірге арызым жеткенше,


Сөйлеуден рухым танбайды.


Пірлерінің рухтары


Не болды екен, иә, Алла,


Медетін неге салмайды?!


Ауға өтіп кетеді,


Бұ сөздерін падиша


Ілтипатқа алмады.


 


Кешке тағы падиша


Шекардан үйге қайтады.


Дарға жақын келгенде,


Әруағын Насим шайқады:


– Айа, Әмір падиша,


Арызымды тыңда, – деп,


Дауыстап қатты айтады.


Шақырғанын дарда терінің,


Дауыстап қатты айтқан соң,


Патша аңлап байқады.


Құлағын салып “не айтар” деп,


Атының басын тартады.


Қасында көп бектері


Бәрі тұра қалады.


Дардағы тері сөзіне


Баршасы құлақ салады.


 


Дардағы тері сөйлейді


Аллаға қылып наланы.


– Бағдаттың Әмір тазшасы,


Уағдаң кәне айтқан, – деп,


Патшаға салды жаланы.


Хаққа уәсіл мен болдым,


Уағдаңды естен шығарып,


Арқалап қалдың бәлені.


Айтып едім баста сырымды,


Уағда қылдың, ұмыттың.


Таһаратсыз соолыларға


Хүкіміңменен сойдырып,


Көңілімді менің суыттың.


Шаһимардан Әлидің


Әулетін шаһид қылдырып,


Махшар күні қан жұттың.


һәм шариғат, һәм тариқат аулалакум,


Өлдім деп арман қылмаймын,


Мүнкәр болды бұ фақиһтар.


Ахуалы қандай, білмеймін,


Өзім шаһид, қамым жоқ,


Шақырсаң да келмеймін.


Сәйід Насим – өз атым,


Шаһимардан әулеті.


Нақақ мені өлтіріп,


Сіздерді шайтан баулады.


Әмір патша сөзге азып,


Інісін неге жаулады?!


 


Әмір патша сол халде,


Бұ сөзді естіп аңлады.


“Уай, бауырым” деп зар жылап,


Көзінен жасы саулады.


Есіне түсіп сол халде


Дат, фариад әйлады.


“Қарағым, Насимбісің” деп,


Атынан түсе жүгірді,


Үш жығылып, [үш] тұрып,


“Уай, бауырым” деп өкірді.


“Қарағым, бауырым, сіз бе ең” деп,


“Білмедім” деп аһ ұрды.


 


– Айналайын, жігерім,


Өзім жалғыз ділгірім,


Сіздің үшін дүниеден


Көп қасіретті шегерім.


Неше мәрте жығылып,


Қасына келді зорғалап,


Баса алмай екі аяғын,


Тізесіменен жорғалап.


“Жалғыз інім, бауырым” деп,


Бажылдайды патша “аһ” ұрып.


Көзінен жасы сорғалап,


Дал-дал қылды жағасын.


“Не болар енді күнім?!”  деп,


Құшақтады аяғын.


“Қарағым, жалғыз інім” деп,


Табанынан сүйеді,


“Қарағым, жаным, тәнім” деп.


“Патшалық Алла бергенде,


Дерегін һешкім айтпады-ау


Пәлен жерде білдім” деп,


Бір-бірлеп жұлды сақалын.


“Қасымда біраз тұрмадың,


Жайқалған қызыл гүлім” деп,


Аңырай берді падиша,


Өксігін аслан баспады.


“От болып жанып барам” деп,


Киімін жұлып тастады.


“Қайда жүр едің, бауырым” деп,


Құшақтап тұрып қақсады.


“Жүзіқара қылдың, қалқам” деп,


Ғажайып сөздер бастады.


 


– Бес жыл болды, Насимжан,


Мен падиша болғалы.


Сонан бері атырапқа


Қоймастан кісі жібердім,


Сізді іздеп хабар алғалы.


Жүзіқара қылмақ па ең


Қасыңда жалғыз ағаңды,


Жаһаннамға салғалы,


Қайда жүрдің білінбей,


Шерменде мені қылғалы.


Неге қаштың осынша,


Қарағым, сәйід Насим-ау.


 


Мұны айтып падиша,


Етпетінен құлады.


Қасындағы бектері


Матам тұтып олар да


Қосыла шулап жылады.


Қасындағы бір бегі


Бауырына көтеріп,


Басын сүйеп тұрады.


Есін жиып падиша,


Тағы да фариад қылады.


– Қарағым, сәйід Насим-ау,


Әли Арыслан қамқор болған үмбетке,


Хақ Расул бабаң бар,


Таңда сұраса не деймін,


Басымда үлкен қатам бар.


Дерегіңді білгізбей,


Осынша мені қылғаның.


Қайғылы қатты матамдар,


Шаһид болып өзіңе


Ақыреттен жол таптың.


“Қанымды бер” деп сұрасаң,


Сонда не деп жол таптым.


Қашып жүріп, шырағым,


Ақыры мені зарлаттың.


Жүрегімді қан қылып,


Көңілімді қайран таң қылып,


Басыма қайғы, қан жаптым.


 


Мұны айтып падиша,


Қайғысын қайта сөйледі.


– Қата қылдым, иә, Алла,


Насимнің қанын жүктедім,


Кешірерсің не қылсам?!


Жәһілдер сөзін құптадым,


Йаумул махшар болғанда,


“Қанымды бер” деп сұраса,


Не айтарға жауап таппадым.


Айтып едің жасыңда-ақ,


Уағдама неге жетпедім?!


Мен жазықты құлыңды


Алдыма келтір дегізбей,


Ақылым алдың, Иләһим.


Тексеріп жауап сұраман,


Менмендікпен отырып,


Басымнан асты күнәһым.


Інімнен тағы айырылдым,


Қаныңа өзім себеп боп,


Көкке жетер бұ аһым.


 

Таһаратсыз фақиһтар


Насимді алдап өлтірді,


Сұм рақибтар сөздері


Маған залал келтірді.


Хұндар болдым әләйка,


Мұдам мені жылатып,


Көзіме жасты толтырды.


Шапағат қылса үмбетке


Хақ Расулы махшарда


Қатардан мені қалдырды.


 


Осылай екен әзелде


Жаратқан Тәңірі жазуы.


Кешулер күні болар ма,


Пәруардигар Иләһим,


Мен құлыңның жазығы,


Молдаларменен маң болдым.


Та жаннатқа барғанша,


Сәйід Насим азығы


Қанша жанға іздеттім.


Жүрді екен қайда сол уақта,


Көрінген адам “жоқ” деді


Ініңіз сіздің бұл жақта.


Жаратқан Жаппар Иләһим,


Інімді өзіме өлтіртіп,


Салдың ба екен сынаққа?!


Көтерілмес мойнымнан


Ол дүниеде азабың,


Не айтамын алса сұраққа.


Екі қайғың бірікті,


Шапағаттан ноумид қып,


Кеттің бе, бауырым, жыраққа?!


 


Дүниеде аз күн бір жүрмей,


Насимжан, сізден айырылдым.


һәм ағайын менде жоқ,


Жалғыз қалдым адасып,


Қанатымнан қайырылдым.


Інім бар деп, әйтеуір,


Тіріңде қуат қылушы ем,


Мұныңа тағы қайғырдым.


Қаныңды артып мойныма,


Даулы боп кетіп өзіммен,


Шапағатыңа зар қылдың.


Мұны айтып падиша,


Сабыр қылды ақыры,


Тағдырың һәмма деп білдім.


 


Патша айтты: – Құдай-а, тәубе қылдым,


Құдіретің күшті екен, анық білдім.


“Әт-тақдир лә табдил” деген хадис,


Тәубе қылып құдіретіңе, қарар қылдым.


 


Деді де орнынан түрегелді,


Дар ағаштан терісін түсірді енді.


Терісіне сүйегін жиып салып,


Жаназасын оқытып дәфін қылды.


 


Жеті күн мұныменен тұрды дейді,


Жеті күнде жетісін берді дейді.


“Бұ диуана патшаның інісі екен”


Деп, бектер көзіменен көрді дейді.


 


Әмір патша тағы бір пікір қылды,


Алланың бергеніне шүкір қылды.


Ішінен “молдаларды қырсам” деді,


Өзімді қарап жүрмей кәпір қылды.


 


Ойлады “диірменге тартайын”  деп,


“Обалдарын мойнына артайын”  деп.


“Молдаларды тарттырып диірменге,


Сөйтіп ашу-құмарым тарқайын”  деп.


 


Шақырды молдаларды “келсін” деді,


“Біздерден инғам-ихсан алсын” деді.


“Диірменге тарттырып молдаларды,


Қысасым көңілдегі қансын” деді.


 


Неше күндей жиылды сансыз молда,


Алмақ боп падишадан бәрі олжа.


Бір молданың есегі ақсақ еді,


Жете алмай ақсақ молда қалды жолда.


 


Молдаларды сарайға қаматтырды,


Диірменге он құлақ су ақтырды.


Диірменге тарттырып молдаларды,


Қашан жаны шыққанша шулаттырды.


 


Қан болды диірменнен шыққан ұны,


Біткенше қарап жатыр түні-күні.


Бір-бірлеп тастап тұрды диірменге,


Бәрінің бір күнде екен ажал күні.


 


Қырылып келген молда кетті дейді,


Қысасы Әмір шаһтың бітті дейді.


Есегі ақсақ еді бір молданың,


Үш күннен соң ол дағы жетті дейді.


 


Шаһардан қайтқан біреу кез болды оған,


– Тақсыр, – деп тұра қалып сөз қылды оған.


Молдалар бәрі инғам алып болды,


Инғам жоқ енді берер, – деді, – саған.


 


Инғамды осы жерде алдың, – деді,


Олжа алмаққа анталап салдың, – деді.


Осы жерден қайтыңыз, жаның олжа,


Ажалдан Құдай сақтап қалдың, – деді.


 


Ол молда кейін қайтты сол арадан,


Қалған ғалым сол болды бір фардан.


“Патша білсе, мені де өлтірер” деп,


Қашып кеп мекен қылды Бұхарадан.


 


Саламат ақсақ молда қалды жаны,


Хикаят кітабынан көрдім оны.


Сол молда себебінен болды дейді


“Бұхарада, – деген сөздер, – ғылым кәні?”


 


Бихамдулла, бұ қисса болды тамам,


Жазғаным осы, қабылда, келіп шамам.


Қариб қалған уақытымда тәсниф еттім,


Айыптама, оқыған, болса жаман.


 


Бұйырды “жазыңыз” деп Ахмет Кәрім,


Оны жақсы жаратқан Самад, Кәрім.


Жас уақытта жалған сөздер көп жазып ем,


Кешіргей фазылы бірлән Бір уа Барым.


 


Айтқасын Ахмет Кәрім тәсниф еттім,


Мұны да қисса жазбақ кәсіп еттім.


Қисса жазған һәр жерде адамдар бар,


Баршасын, иншалла, басып кеттім.


 


Жүсіпбек һәрбір түрлі қисса жазды,


Жасында тағат қылмай жолдан азды.


Иә, Алла, фазылың бірлән ғафу әйла,


Тамұқтан өзіне-өзі құдық қазды.


 


Көп жаздым қызық қылып жалған сөзді,


Азапты, бекер іске салып көзді.


Жас уақта күнәһ істен тартынбадық,


Жарылқар күн бола ма Тәңірім бізді.


 


Жарылқа біз құлыңды, Кәрім, Ахад,


Көп жазып күнә істер қылдым бейхад.


Құда “пендем”, Мұхаммед “үмбет” десе,


Хашрул йаум болады көңілім шат.


 


Қартайдық, жастық кетіп, шаш ағарып,


Қызық деп жалған сөзге болдым ғаріп.


Не айтамын Құдайыма солар үшін,


Тамұққа салса әгар мені апарып.


 


Жарандар, мұның үшін қыламын зар,


Разы емес күнәһыма Пәруардигар.


Көп мұсылман “рахмат” деп дұға қылса,


Мүміндер дұғасынан үмітім бар.


 


 


Қайтпадым күнәһ істен жаста бұрын,


Не қылса Тәңірім білер пенде сырын.


Мұсылмандар, дұғаңнан үміт қылам,


Иншалла, қабыл қылар көптің бірін.


 


Қолжазбадан аударып дайындаған; Сейіт Омар Саттарұлы





Пікір жазу