Илиашев Рымбек туралы естелік
Аса рахымды, ерекше мейрімді, Алланың атымен бастаймын.
Аса жоғары қызмет атқармасамда Алла нәсіп қылып жоғары лауазымды жұмыстар атқарған, уақытында елдің тізгініне ие болған ағаларымызбен бірге болып солардың салиқалы сөздерін естідім. Солардың бірі, уақытында Ақтөбе, Алматы облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Сауда министрі, Қазақстан тұтынушылар қоғамының басқарма бастығы қызметтерін атқарған, Илиашев Рымбек Жезқазғанға іс-сапармен келді. Ол жылдары мен облыстық тұтынушылар қоғамының бастығының бірінші орынбасары қызметінде едім. Кеңсе аралық телефонмен бастығым Изтелеуов Ғалым, Ауданбай маған келші деген соң кірсем, Рекең отыр екен. Кіріп сәлемдескеннен кейін, Ғалекең: «Ауданбай, Рекеңді танушы ма едің?» деп бетіме қарады. Ол кісіні жақын танымағанмен Тұтынушылар одағын басқарған кезінде басқарма жиналысына қатысып түрін танитынмын. Мен секілді аудандық тұтынушылар қоғамының бас есепшілері Қазақстан тұтынушылар одағының басқарма жиналысына қатыспайды. Ондай жағдай ілуде бірде ғана кездеседі. Менің Қазақстан тұтынушылар одағының басқарма жиынына қатысуыма себепкер аса мадақтайтын жай еместін. Өткен ғасырдың алпыс бесінші жылдары Жеңіс тұтынушылар қоғамының төрт сатушысынан алпыс мыңға тарта мүлік кем шығып, мәселенің егжей-тегжейін саралауға, Казпотребсоюздың тексеруші тексерді. Алпыс мың деген кәзіргі алпыс мың доллармен пара пар. Ол жылдардағы бір доллардың теңгеге шаққандағы құны тоқсан сегіз тиінді құрайтын. Мұнша көп қаржының жетіспеуі республика бойынша төтенше жағдай болып саналып, сауда орындарының басшыларының жауапкершілігін казпотребсоюздың басқарма жиналысының отырысында қаралып, мүлік жетіспеген сауда мекемесінің басшыларына, егер олардың тарапынан тікелей ішіп жеген фактісі орын алмаса да, жүктелген жұмысты басқаруда кемшілік жіберілді деп айыпталып жұмысынан босап, кейде ісі «жауапкерсіздік» деп танылса заң орындарына беріліп, істі де болатын жағдайларға әкелетін. Міне мүліктің өте үлкен мөлшерде жетіспеуінің салдары Казпотрепсоюзда қаралатын болып, соған облпотребсоюздың басқарма бастыға, бас есепшісі, Жеңіс тұтынушылар қоғамының бастығы және мен бардым.
Басқарма жиылсын жүргізген Рекең болатын. Шақырылғандардың ішінен түсінік беруге облпотребсоюздың бастығы Б. М.Алберт көтерді, сонан соң мені мінберге шақырды. Дәл сол кезде аудандық тұтынушылар одағының бұрынғы басшысы Досмағанбетов Алтынбек Ұлытауға жұмыс ауыстырып, Базаров Бейсенбайдың келген кезі еді. Аудандық тұтынушылар қоғамының басшыларының ішінен бұрыннан істеп жүрген мен ғана болған соң, барлық сұраққа жауапты маған беруге тура келді. Мүліктің аса жоғары көлемде жетіспеушілігі анықталғаннан кейін мен Жеңіс кеңшарына арнайы іс сапармен барып, сол кездегі ауылдық кеңестің бастығы Қирабаев Жаманға кіріп елдің бас көтерлерін жинатып жилыс өткіздік. Марқұм Жамкең елге силы, қандай жағдай болмасын елдің татулығы мен бірлігіне жұмыс атқаратын адам еді. Ол кісіні осы қасиетінен ел «оның қолында ұзын шуда жіпке сабақталған тебен инесі бірге жүреді» дейтін, бұл марқұмның ылғи бітімшілік, татулық жағында, араздасқан ағайындардың арасын жағыстырып жүруді әдетке айналдырған жақсы әдетінен ел арасында, кемпірдің жыртылған матаны шуда жіппен көктеп тікеніне теңеген. Яғни реті келген барлық жерде ел арасын біріктіріп, көктеп елдің тұтастығына жұмыс істейді деген мағынаны меңзеген тұспалмен айтылған сөз. Ауылдың бас көтерерлерінің алдында жағдайды айтып, жиналғандарды таныстырған соң, мүліктің жетіспеушілігіне кінәлілердің сотталмай құтылатын бір ғана жолы бар, ол жетіспейтін мүліктің орнын толтыру деп, сөзім қуатты болу үшін, соның алданда ғана қабылданған, ССРО орталық комитетінің мүлікті талан-таражға салғандар, келтірілген шығынды төлесе жауапкершілік жеңілдетілсін делінген қаулысын алға тартым. Мен сөзімді аяқтаған соң Жәкең (жатқан жері жайлы болсын), «Міне, тұрақты сөз айтылды, енді ағайын жауапкершілік бізде қалды. Мына төрт туысымызды абақтыға жаптырып, істі қыламыз ба, әлде елдік танытып, бұларға көмек қолын созып, айдаудан аман алып қаламызба. Жетпеген мүлікке тікелей жауапкерлерден басқа кінәліні іздеп таба алмаймыз. Бауырымызға жанымыз ашыса қазір елден жылу (көмек) жинауға жауапты, ел арасында қадыры бар деген ағайындарымыздың аттарын атап олардан қаржы жинаумен айналысуын сұрайық. «Кәне осы жұмысқа лайықты арамызда кім бар, олар не дейді» деді. Қалай деседе Жеңістің азаматтары кең қолтық мейрімді жандар ғой, Жәкеңнің ұсынысын бәрі қолдап, елден қаржы жинайтын сенімді азаматтардың аттарын атап, олардың келісімін алды. Осы істі ұйымдастырып, басы қасында бір ай бойы болуыма тура келді. Жиналған қаржымен жетпейтін мүліктің құны жабылды. Мен мінберге шығып, «жайуаттыққа жол берілгендігін, кінәлі екендігімізді мойындап, басқарма мүшелерінен мына жағдайға көңіл аударуын өтіндім, рас жетіспеушіліктің көлемі өте үлкен, бірақ бұның бәрі жетпеді, желінген деуге болмас. Олай деуге себеп, бізде ел арасында, бірге тұрып бірге өскен ағайын, бірінен бірі керек затын бүгін алып, ертең қолына қаржы түскенде қайтарып береді. Міне бұл жетпеген мүліктің негізгі бөлігі осындай жолмен, еңбек ақыңды алған соң әкелерсін мен қарызға берілген мүліктің құны. Ауыл шаруашылық мекемелерінде кейде екі-үш айлап жалақы төленбейтін жағдайлар жиі кездеседі. Міне осы уақытта қарыз беріп, уақтылы жинай алмағандықтан болған жағдай. Сіздер шешім шығарарда осыны ескерулеріңіді сұраймын» деп сөзімді аяқтадым.
Міне, содан Рекеңнің түсі таныс болатын. Ғалекеңнің сұрағына «танимын ғой» деп әдеп сақтап қысқа жауап қайырдым. Екінші кезекте, Ғалекең мені Рекеңе таныстырып, Рекеңнің іссапармен келгеніне мені хабардар етті. Сөз кезегінде Рекең Ғалекеңе қарап, «Ғалым, сенің жұмысың көп қой және обкомның рұқсатынсыз ұзап шыға да алмайтының белгі. Кезінде, Борис Моисеевич Альберт Қарағанды Облпотребсоюзының бастығы, «Реке Ұлытау қашық, жолды көтере алмайсыз, бармай-ақ қойыңыз» дегеннен соң жолым түсіп Ұлытау өңірінде бола алмадым. Енді, бұл өңірге қайта келуді Алла жаза ма, жазбай ма кім білсін, осы сапарымда бірді-екілі күн Ұлытауды аралап қайтайын. Қасыма бір қызметкеріңді қосып машина бер» деді.
Рекеңнің жетпіс асып, Казпотрепсоюздың құрлыс тресінің бастығының орынбасары қызметіндегі кезі. Ғалекең: «Бірге жүрмедің деп ренжімесеңіз, Ауданбай, Рекеңмен бірге барсаң қалай болады» деп маған қарады. Ғалекеңнің өте кішіпейіл, мәдениеттілігі ғой, қарамағындағы қызметкер маған барасын демей, барсаң қалай болады деп сыпайылық танытты. Рекең жарайды, деген соң, менде өзімнің келсімімді беріп Ұлытауға жолға аттандық.
Уақыт күз айы, ол жаққа келгендер негізінен Кенгір өзенінің бойында орналасқан Алашаханның, Жошыханның, Дүзеннің, Домбауылдың кесенелерін аралаудан бастайды да Ұлатауға құлап, Ұлытаудың шыңына шығуға қуаты барлар аты аңызға айналған Едігенің қабіріне зиярат жасап, төмендеу, таудың баурында орналасқан, ел «қыз емшек» атап кеткен, егіздердей, бірінен бірі биікте, аласа да, үлкенде кішіде емес, егер екеуін тұрған жерден кесіп алып таразының екі басына салатындай жағдай болса, таразының екі басы тең тартар еді дейтіндей таза тас төбелерге соғады. Екеуінің біріне бірінің ұқсастығы мен көлеміне таңданып, Аллаһ тағала өзінің құдыретімен, жаратқандарын бір келкі қылмай түрлі-түрлі жаратуымен пендесіне ой салып, өзінің құдыретін мойындап, бас исін дегендей. Бір сабақтан өсіп тұрған гүлге қарасаң, гүлдің ортасынан шетіне дейін әртүрлі түспен боялған. Және ол бояулардың түс-түрі бірін-бірі ашып, бірін-бірі толықтырып тұрғанының өзі қандай жарасымды десейші. Егер, сол гүлдегі, бояудың біреуінің түрін басқа бір түрмен ауыстырғың келсе, баяудың басқа түрлерінен ондай үндестік, жарасымдылық табатын бояудың түрін, жүз ойланып, мың толғансаң да таба алмас едің. Бір жапырақтағы гүлге салынған өрнекті жапырақтың, өсуімен жетілуіне жағдай жасауға себепші тамыры мен сабағы десек, осынша күрделі, әсем, гүлдердің басқа түрінде кездеспейтін көркемдіктің суретшісі тамыры мен сабағы деп айта алмаймыз ғой. Өйткені, гүл біткеннің сабақтарының бірінен бірінің айырмасы жоқ, өскен жеріндегі оларға жасалған жағдай бірдей. Әрбір гүл өзіне керекті бояудың түсін таңдап, алсын деп, бояудың түрін түзетін затпен бояудың басталыуын, аяқталуын, минут, секунт сайын қадағалап, бояудың қажетті түсімен қоректендіретін, арнайы жаратылған көзге көрініп, реттеп тұрған зат жоқ. Олай болса, Құдыреті күшті Алланың бол деуімен болған, көркемдік. Міне, пендем, құдеретімді көзімен көріп сүйсініп, тамашалап, қызықтасын да, ақылымен менің құдыретіме бас иіп, танысын деген Алланың бізге көрсеткен бағдары. Қасиетті Құран кәримнің Жәсия с. 2-5 а. «Бұл кітап аса үстем, хикмет иесі Алладан түсірілген. Ақиқатында, аспанда және жерде имандылар үшін (Алла мен пайғамбарына жүрегімен сенген құлдарына) белгі-ғибраттар бар. Сендердің жаратылуларыңда және (Алланың жержүзінде) өрбіткен мақұлықтарында-жаратқандарында қауым үшін дәлелдер бар. Түн мен күндіздің ауысуында, сондай-ақ Алланың көктен жаңбыр жаудырып, өлген жерді қайта көгертуінде, желдің бағытын өзгертіп тұруында, ақыл иелері үшін дәлелдер бар» делінген. Бұл жерде адам тұрғызғаннан, Алланың жаратқандарының мыңдаған есе кереметтігін сезгендер, жағдайы мен уақыты барлар алдымен Алланың жаратқандарын тамашалауға, сонан соң, адамның жасағандарын қызықтауға барады.
Міне, Рекеңнің де бүкіл дүние жүзін аралап, талай таңғажайыптарды көрсе де, Ұлытауды көруге құмартуы осыдан да болар. Алғашқы барғанымыз Жошыханның мазары, аласалау төбешіктің үстіне салынған, жалпы көлемі жиырм-жиырма бес шаршы метрдей, тең төрт қабырғалы, күмбезделген аса биік емес, формасы 30х30 см шаршы көлеміндегі қызыл кірпіштен қаланған. Жошыханды, аң аулап жүргенінде құлан талап өлтірген деген аңыз бар. Жошының мазары жақсы сақталған. Әрі қарай Жошыханның мазарынан, 20-25 шақырым жердегі, Алашаханның кесенсіне бардақ. Алашаханның, мазарының маңдайшасның үстіне, қабырға мен күмбездің астасқан жері арқылы, қабырғаны бойлап, бір адам еркін жүріп көтерілетін, баспалдақ пен шығатын мінбар жасалған. Мен көрген кезде мінбардың қалқаны құлағанымен өзі жақсы сақталған-тын. Біз шығып, мінбарден жан жаққа көз салдық.
Аңыздың айтуынша Алашахан баласы Жошыханның мазарын көріп тұруды қалап, мазарды биік төбеге салдырған дейді. Көзі өткір адамның ешқандай үлкейткіш құралсыз жиырма-жиырмабес шақырымдағы құрлысты анық көруі, ақиқаттан алыс емес. Жалпы аумағы елу шаршы метірдей, тең төрт қабырғалы (көз мөлшерімен), биіктігі күмбезімен қоса жеті-сегіз метір шамасында, өйткені қабырғаның биіктігі, ұзындығына қарағанда биіктеу ме деп топшыладым. Қабырғаға кірпішті әр қыйлы түрлі қалап өрнек салған. Қабырғаның күмбезге жалғасқан жеріндегі бір қатар жалпағынан қаланған кірпіштің қабырғасына шыны жапсырып, шыныны көк түске боялғанба деген түйсікте боласын. Өйткені, кірпіштің қабырғасының көк түсті бояуы күнге шыныдан артық болмаса кем шағылыспайды және шыныдан да жылтыр. Кірпіштің тоқсан пайызға жуығының бояуы сақталған. Кірпіштің бояуы күнге желініп, сумен желдің әсерінен оңбай, алғашқы түсін неше ғасырдан бері жоғалтпаған. «Уақытқа бағынбайтын мұндай бояу, әлі еш жерде шығарылмаған» дейді білем деушілер. Алашаханның қабырын архиеолог ғалым, Әлкей Марғұлан ашып зерттеген. Қабырды ашқанда бірге болғандардың айтуынша, Алашаханның сүйектері бір-бірінен ажырамай буындары тұтас ажырамаған қалпында сақталыпты. Ханның бас сүйегі, басқа пенделердің бас сүйектерінен ана ғұрлым үлкендігін байқаған Әлекең, басты мойын омыртқадан пышақпен ажыратып алғанда, пышақтың дүзіне темірдің датындай қызарған жұққан дейді. Осыны көрген жергілікті тұрғындар «Ханның басын денесінен ажыратқанда қан ақты» деп те айтады. Қалай дегенде де, берісі ондаған ғасыр жер астында жатқан мүрденің сүйектерінің бірінен бірі ажырамай, қанға түстес заттың пышақтың дүзіне жұғуы таң қаларлық құбылыс. Ислам: «шейіттердің, Құранды жатқа білген тақуалардың, яғни «Құран адамның» тәнінің шірімейтіндігін растайды. Бұл өмірдің өзінде бұндай жағдайлардың көптеп кездескендігі туралы бірнеше дәлелдер тарихтан белгілі. Мүмкін Алашаханның да былайғы пенделерден Алланың алдында артықшылығы бар шығар, анығын Алла біледі.
Алашаханның мүрдесін қазуға қатысқан екі-үш адамның көп кешікпей өмірден озғанын, жерлестері олардың өліміне себепші Аллашаханның әруағы, «Әруақ аттыға» дейтіндер де бар. Әрине бұны айтылған қалпында қуаттау дінге қайшылау. Мүмкін, қабір жақсы сақталған соң өлі тәннен бөлінетін «өлексенің уы» қабірде сақталып, қабыр ашылған сәтте түскендерді уландыруы ғажап емес. Сол удың бойға жайылуы ажалға себеп болуы мүмкін. Ислам шариғаты, тазалық сақтау мақсатында, тіріге кесірін тигізуден сақтандыру үшін, өлген адамның денесін бүліндірмей, тез жерлеуді бұйыратындығы, өліктің, денесінен бөлінетін тірі ағзаға зиянды удан сақтандыру шарасы болуы да мүмкін. Ислам діні, оның шариғаты, амалдардың, адамның жеке басына, от басына, жалпы қоғамға кесірін тигізетін теріс әсерін Алланың білдіруімен, пендені одан харам деп тыюмен сақтандырған.
Өкінішке орай, бүгінгі кезде өмір сүретін, жалпы, өмірдің заңдарынан қабары аздар, не шала-шарпы дейді-дейдімен білетіндер, Алланың ақ жолы, Құран аяттары мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерін мүлтіксіз орындаудың орнына, неше түрлі сылтау, дәстүр, ата-баба жолы дегендерді алға тартып орындамауға жөн санайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде. «Өлікті жерлеуге асық» десе, жоқ ата бабамыз, үш күн ұстамай жерлемеген дегенді алға тартып, кей жағдайда жаназаның тәнін бүліне (иістеніп, бұзыла) бастауына дейін апарамыз. Солардың ата бабасы, малдың жағдайын күйттеп, бір жерде екі-үш күннен артық еру болмай көшіп жүргенде өлген адамның мүрдесін, артып жүріппе. Кейде, ел ерекше сыйлаған адамын, қастерлеп, атақты адамдардың қабірінің маңайына жерлесе, көптің бірі болғандарды, қорымы жақын болса қорымына, әйтпесе «топырақ бұйырған жер» деп ажал жеткен жерде жерлеп, шамасы келгендер, мәйіттің жатқан жерінен жаңылмас үшін, там не бесікше тұрғызған. Осыдан болар біздің салтымызда, өлгеннің басына бейт тұрғызылудың қалыптасуы. Әйтпесе көршілес, тілі бір, діні бір, салт-дәстүрі жақын халықтардың ешқайсының жерінде дәл біздің жердегідей көп мазарды көрмейсін. Ана жерде бір мазар, мына жерге бір мазар тұрғызу, Алла, ысырап қылмай, көзіңнің қарашығындай сақтап, ақылмен пайдалан деп жаратқан нығыметі, Алладан соңғы асыраушымыз, «жер ананы», ысырап қылып, қорлау екенін түсінгіміз келмей. Егер ата-бабамыз өмір сүрген замандағы жағдайды еске алсақ, өлгенін, арқалап көшіп жүрген қай ата бабамызды біледі екенбіз. Өлікті алып жүруге, бірден жағдайы келмейді, екіден жүгін, өгізге, түйеге артып жүргендер жансыз мүрдені қайда артпақшы. Осы талассыз өмір шындығына сылтау тауып, шариғат үкімін орындамайтын біздерден не сұрап не күтуге болары бұлынғыр.
Ертеде кісілердің бірді айтып бірге кетемін дегенін жиі естуші едім, сонда сөзді сөз түртіп, арасына кіріп кететінін меңзейді екен ғой. Келесі күні сәскеде Жошының, Алашаханның, Дүзеннің, таза тастан күмбездеп қаланған, сұлабасы қосты еске түсіретін, биіктігі алты-жеті метр шамасы Домбауылдың мазарларына зиарат жасап, жолай кездескен бірлі жарым елді мекендердің жағдайы мен танысып Ұлтауға келдік. Бір байқағаным Алашаханның кесенесі, Дүзеннің кесенесінен көп ерте салынса да, Дүзеннің кесенесінен ана құрлы жақсы сақталған. Оған себеп, Адашаханның мазарының, Дүзеннің бейіті салынған жерден гөрі биіктеу, қатты, тастақ төбеге салынуы ма деп топшыладым. Бірден, биік жерге су жиналмайды, су жиналып, қақ тұрмаған соң, мазарлардың жермен астасқан жеріне су сіңіп, қабырғаның астын жұмсартпайды, жер табаны қатты, құрғақ болған соң, қабырға да жерге шөкпей сақталады. Дүзеннің мазары Алашаханның мазарынан бірнеше ғасыр кеш салынғаны мен қабырғасының орта кезі шермиіп, бөшкенің қабырғасына ұқсап тұр. Көп ұзамай күмбездің салмағына шыдамай, төбесі ортасына құлайтын сыяқты.
Елдің айтуынша, Дүзеннің ұрпақтары, сәулетші Күдеріні, айғыр үйір жылқыға жалдап, Алашаханның мазарынан аунытпай, егіздің сыңарындай қылып саласын деген шарт қойыпты. Сәулетші, ұшқыр екі атты, кермеге байлатып, мазардың бір қатарын қалап, Алашаханның мазарына барып, келесі қатарға қаланатын кірпіштердің қаланылғанын көріп келесі қатарын көтерген. Қабырғаның биіктігі адамның төсіне жеткен кезде, әрі қарай қалағанда, қабырғаның өрнегі дұрыс шықпай, әлде неше бұзып қайта қалап, өзі де өзгені де, әурелепті. Сәулетшінің бұл ісіне шамданған, өлік иелері, сен қолыңнан келмеске ұмтылып, әуреге салдың, енді сенен басқа сәулетшіге салдырамын, атқарған ісіңді аяқтамандықтан, ақыда алмайсын деп ренжіпті. Уақыт, түскі үзіліс кезі болса керек, бастаған жұмысынан абыройсыз қалып, орындалғанына, ақы ала алмайтынына ренжіп, басқалар түскі ас ішуге кеткенде, сәулетші бармай, тамның қабырғасына арқасын сүйеп отырып қалыпты. Қанше дегенмен жұмыстан шаршап жүрген ол отырған бетінде көзі ілініп, мызғап кетсе, әкесі түсіне кіріп, «шырағым бір кірпішті дұрыс қаламай, қате содан болып тұр. Оны былайынан қойып басқасын өзің қалағандай қалай бер» деп аян беріпті. Көзін аша салып, жұмыс берушіге барып, мен қатемді түсіндім, енді әрі қарай жалғастырамын деп салып шығыпты.
Бұл, Алланың, шын жылаған пендесіне қайрымының молдығының көрінісі ғой. Аллаһ тағала, пендесін еңбегімен тапқан нәпақасынан айырмайын деп, әкесінің кейпінде аян берген шығар. Анығын Аллаһ біледі. Ұлытауда бізді аудандық дайындау мекемесінің басшысы Кәдірбек Ерзақовтің үйіне түстік. Ол бұрын кеңшар директоры, ұжымшар басқармасы қызметтерін атқарған, халыққа сыйлы азаматтардың бірі және бізді жолдан тосып алып, жол басшы болып бізбен бірге жүрген. Түскен үйімізден жақсылап, қымыз, шәй ішіп, жайланған соң тамаққа дейін бой жазып, «Қыз емшек» аталатын, таза тастан түзілген Ұлытаудың етегіне қарай орналасқан екі төбеге бет алдық. Рекеңің сүйікті мақалы «Балта шапқанша дөңбек жол табады». Осы сөзінен оптимис пе деп қалдым. Қандай бір қиындық кездеспесін, тығырықтан шығатын жол бар дегенді меңзейді. Қас қағым мезеттің өзінде, қиын жағдайдан жол табуға болатындығын меңзеген, адамды жігерлендіретін нақыл. Әрине бұны Аллаһ қаласа. Былайша ісі оңдыны, Алла әрқашан қолдаушы, бейшаралыққа бой алдырмауға жігерлендіру. Екінші бір байқағаным, Рекеңіңнің кешегі пәленмін деп маңғазданып, шіреніп, бір сөзін бес минут ыңыранып, күшеніп отыратын әдеті жоқтығы. Жаспен жастың тілімен, кәрімен шаутартқан кісініңнің тілімен сөйлесіп, араласып маңайындағылармен тез тіл табысатын көңілділігі. Ұлытау ауданының орталығы, таудың қойнауына кіре орналасқан. Соданда, бет алған жерімізге қиналмай тез жеттік. «Қыз емшек» аталған егіз қозыдай тас төбеге қарай бәріміз жапатармағай өрмелеп кетіппіз, діттеген жерге жетіп, жан жағыма қарасам, Рекең көрінбейді. Енді есіме түсті менің міндетім, бұрынғы Қазақстан республикасының, басшысы, бүгінгі күні кейінгілердің бәрінің қамқор ағасы, Рекеңнің маңайында болып, орыстар айтпақшы «сыйластық үшін» бір күн жарым қабағын аңдауым керек еді ғой, жоқ мен оның орнына қасымдағылармен тауға бірге өрмелеп кетіппін. Онымен қоймай, Рекең көтерілгенде «қайда жүрсіз?» деп қоямын. Ол кісі: «жас уақыт емес, жүрек ауыр салмақты көтермей қалуы ықтимал, мен тіке шықпай, жайлап қиалап келдім», дегенде «е, менікі білімсіздік болған екен, көп тобырға ілеспей-ақ, үлкен кісінің маңайында болсам да ештеңеден құр қалмайтын едім ғой» деген ой сонда ғана басыма оралды. Көп көргені, түйгені мол байыпты адам ғой, маған сен алды-артыңа қарамай неге кеттің демеді. Жолда сөз арасында, «Реке, кәзіргі Алматыдағы Республика, бұрынғы Ленин сарайын Казпотребсоюз салды деген сөз бар, шындығы солай ма» дегеніме, Рекең: «мен Димаш Ахметович Қонаевпен, жақсы сыйластым, сен деп сөйлесетінбіз. Кабинетінде отырғанда Димекең: «Рымбек, экономика, өскен сайын, қызмет атқаратындардың саны артып келеді. Ел басқару үшін, жергілікті басшылармен жиналып, олардың да ақыл кеңесін тыңдап, жергілікті жердегі жағдайдан хабардар болмасаң, олардың мұң-мұқтажын бірге көтеріспесең, шаруашылықтан шеттеп, құр қара дүрсінге айналасың. Бүгінгі жағдайда ондай басшыларға орын жоқ. Сен бір жиылыс өткізетін орын салып берсейші» деді. Димекең айтқан соң олай-бұлай бұлтақтамай жарайды деуім мұң екен, Сарайдың тұрған жерін қаптаған жер қазатын техникалар қазып, қопарып, құрлыс жұмысы басталып кетті. Әлі қолымда ешқандай проекті, смета дегендерден ештеңе жоқ. Жобамен бес милион деген соң оның бір жөні болар деген оймен Кеңес одағының тұтынушылар одағының басшыларын да хабардар етіп қояйын деген ой келді. Бірінші басшыға телефонмен шығу ыңғайсыз болар, және ол не деп қалады деген күдікте бар, Орталық тұтынушылар қоғамының бастығының бірінші орынбасары Супотницкиге қоңырау шалып, «сіз жолдас Климовқа жайлап түсіндіріп, құлақдар қыларсыз. Бірінші хатшының тапсырысымен жиылыс өткізетін зал салуға кірістім, жобамен сметалық құны бес миллион» дегеніме, «мынау тым көп қаржы екен, қалай айтарымды білмей отырмын деседе мен бір ретін тауып жеткізерсіз» деп сұраған соң жарайды дегендей болды. Құрлыс жұмысы жүре келе құрлыстың құны он миллионға шығып кетті, бұндай қаржыны Казпотребсоюздың мүлкіне адамдарын қосып сатсаң таба алмайсың. Бұл екі арада Илиашев өзіне ескерткіш салдырып жатыр деген арыздарда түсе бастады. Супотницкиге қайта шығып «құрлыстың құны шарықтап кетті, әнеукүнгі өтінішімді бірінші басшыға айта алдыңыз ба» десем, «айтқаным жоқ енді тіпті айталмаймын» десін. Ол кезде құрлыс салуға жұмсалатын қаржыны орталық қадағалап шешетін. Сасқанымнан Димекеңе кіріп, жағдайымды айтып едім, «жарайды қиналмай-ақ қой, мәдениет министрлігіне айтып жұмсаған ақшаңды қайтартып беремін» деп қуантты. Кейін сарайдың құны он сегіз миллионға жетіп бітті. Елдің алып-қашпасы осы ғой деп күлді. Бір әңгімелесіп отырған кезімізде неден шыққаны ойымда жоқ, «Соғыс кезінде Ақтөбенің обкомының бірінші хатшысымын, туған жалғыз ағамды әскерге шақыртып, шақыру қағазын жіберіпті. Қағазын қолына ұстап ағай келді, әскерге шақырту қағазын алдым» деп маған қарады. Ішім сезеді, әскерге жібертпей алып қалама деген ниетпен келгенін. Мен біраз отырғаннан кейін «елдің бәрі барып жатыр, барасың да» дедім. Ағай соғыстан қайтпады. Соным дұрыс болмады-ау деген ой кейде болсада мазалайды» деп сырын айтқандай болды. Адамның бір мінезі, ішінде бұғып жатқан қуанышын ба әлде әттеген-ай өкінішін бе, кез келгенге айта бере алмайды. Егер жақын ағайыныңа, не болмаса бірге жүрген дос жараның мен құрбы-құрдасыңа, ағыңнан жарылсаң, олар жеңіл желпі болса да, бір жағына кінә артып, кейін дабыра қылып жібереді. Адам өз істеген амалының, байыбына бара алмай жүргенде, оның жан дүниесін толық түсініп біле бермейтін, сол шешім қабылданған мезеттегі жәйтті толық білмейтін басқалар қалай дұрыс байлам жасасын. Ал құр долбармен кейіннен сөйту керек еді дегеннен кімге пайда бар. Болар іс болды, бояуы сіңді енді ештеңе өзгермейді. Ал әлгі ішіңдегі сырды еш кімге айтпай сақтай да алмайсын. Сондықтан да болар, бейтарап пендеге айтсаң жеңілденіп қаласын. Аңызда, Ескендір Зұлқарнайынның мүйізі бар екен, оны басқаға көрсетпес үшін, Ескендір шашын бірақ адамға алғызып, көргеніңді біреу-міреуге айтып қойсаң басыңды аламын деп, қатты ескертіпті. Шаштараз көргенін айтайын десе, өлтіретіндігі есіне түсіп, ешкімге тіс жармайды. Айтпайын десе ішіне сыймайды. Бірде жалғыз өзі елден жырақ, тау арасына барып, «Ескендірдің мүйізі бар, Ескендірдің мүйізі бар» деп айғайлап, ішіне бізше қадалған бәледен жеңілдепті. Міне Рекең де маған, ішінде бұғып жатқан, жалғыз ағамды әскерге жібертпей алып қалу қолымнан келе тұра, бекер әскерден қалуына амал жасамадым-ау деген өзін анда санда болса да кінәлі сезімнен, ішін бір сәтке босатуды саналы түрде ойлап айтпасада, өзінің еркінен тыс айтты ма деймін. Мен өз тарапымнан: «Сіз халықтың көз алдындасыз, егер сол сәтте ағаңызды әскерден қалдырсаңыз, ел арасына сізді кінәлаған өсек тарауы сөзсіз ғой. Қанша ауыр болған мен сіздің қызметтік міндетіңіз, арыңызбен жауапкершілігіңіз оған жібермеді ғой» дедім.
Әрине, ол кісімен бірге жүргенде талай ұлағатты, ойлар мен атқарылған іс амалдары жөнінде сөз қозғалды, алайда бірден, оның бәрін тізбелеудің ешқандай қажетсіз ғой деп Рекең туралы сөзді қысқартуды жөн көрдім.