18.11.2021
  179


Автор: Ауданбай Ахметжанұлы

Әкем асыл жан еді

Әкем, Ибраһим баласы Ахметжанның саналы ғұмырының бәрі Кеңес үкіметінің тұсына тура келді. «Заманына қарай амалы» демекші, сол жылдары өмір сүрген барлық пенделер сияқты халыққа қызмет атқарып, адал еңбектің нәтижесінде ел тұрмысын жақсартамыз деген сеніммен көп жылдар ұжымдық шаруашылықты басқарып, жергілікті жердің кеңесіне депутат болып сайланды. Ал түсінігі біржақты болып көрген емес. Бірыңғай патшалық тұрмысты, әйтпесе кеңестік үкіметтің кезеңін жамандап, не мақтамайтын. Әр құрылымның өзінің дұрыс та, бұрыс жақтары бар. Оған белгіленген заңдылықты сақтамай бұра тартып, арандатуға дейін апаратын іс басындағылардың қателіктері мен кемшіліктері өте көп әсерін тигізеді. Кеңестің үлкен жетістігі – тегін білім беру мен медицина саласында өте зор. Бірақ, адамның рухани тәрбиесіне өте аз көңіл бөлінгендіктен, алған білім өз орнына жұмсалмай, кейде пайда келтіргеннің орнына, елге зиянын тигізетін жақтары көп. «Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек, Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген озық ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің ұлағатты сөзі ойға оралады. Халықтың көпшілігі бір Жаратушыдан қорықпай, көз алдарындағы, іс басындағы пенделерге сеніп, солардан қорқып, солардың ығында кетті. Ал олар әр уақытта халқының алдында адал бола алмай, сөздері мен іс-амалдары қабыспады. Бір-ақ мысал: «тәрбиеші ұстаз арақ пен темекінің зиянын шәкірттеріне сабақ үстінде айта отырып, үзіліс кезінде өзі солардың көз алдында арақ та ішті, темекі де тартты. Кейбір заңдылықты сақтауға жауапты тұлғалар, ел алдында заң бұзбау керектігі жөнінде үгіт-насихат айтқанымен, өздері айтқанының бәріне қарама-қарсы амалдар жасады.


Әкей діни өте сауатты болатын. Олай дейтінім – әлдеқалай үлкен үйге бара қалғанда сол ауылдың ақсақалдары үйге жиі жиналып, ол кісіден шариғат сұрап отыратын. Ол кісі «Мұхтасарды тауыстым, наху оқыдым» дегенін естігенім бар, сонымен қатар жаңаша да хат танитын, немерелеріне мектеп пәндерін оқытып, түсіндіре алатын. Бес уақыт намазын қаза қылмай, өмірден өткенше ораза тұтты, малының зекетін беретін, жоқ-жітікке, кемтарларға қайырым жасауға, жалпы, көмек сұрағанға қол ұшын беруге дайын болатын.Қашан үйге келсем әкейді «пәленшеекең үйіне алып кетті, біреуі сырқаттанып қалған екен, не болмаса үйге келіп, «баламыз сырқаттанып қалып еді, соған ішірткі жазып беріңізші» деп келіп отырған ауылдың үлкенді-кішілі әйелдерін кездестіретінмін. Ол кезде мен аудан орталығы Атасу кентінде, әкей мен інім Төлеубай аудан орталығынан он сегіз шақырым жердегі «Жиын қорасы», қазіргі Байдалы-би аулында тұратын.


«Жиын қорасының» жыры


Тарихи шындық болған соң айта кеткенді жөн санадым. Байдалы би аулының тұрған жері осыдан екі, екі жарым ғасыр бұрын ел жазғытұры жайлап көшіп кететін бос иен дала болатын. Сарысу өзенінің суы кермек, кейде қыс қарсыз, жаз жаңбырсыз, құрғақшылық жылдары суы ашып, адам түгілі мал ішуге жарамайды. Сайдалы руының ішінде болған қожалардың қазіргілерінің алтыншы-жетінші атасы Жиын бабамыз алғашқы рет сол жерге үй салып қоныстаныпты. Бұны көрген тұстастары «Жиын есінен адасқан шығар, суы ащы Сарысу адам түгілі мал да ішуге жарамайды. Тұрақты қоныс болатын жер емес, бос әурешілік» дегендерін тыңдамай «Сулы жер – нулы жер» деп текке айтылмайды, әлі сендер көрмесеңдер, ұрпақтарың көрер. Болашақта бұл жерге ел қоныстанып, қала тұрады» деп өзі үйін салып, мешіт ашқан. Мешіттің 1940 жылдарға дейін құламай сақталғанын көрген кісілер әлі де баршылық. Одақ тарап, бұрынғы «Дружба» аталған кеңшардың атын өзгерту туралы сөз қозғалғанда, кәрі көз ақсақалдардың бірі – Қалмағанбет баласы Сағадулла, «Ағайын, бұл жердің алғашқы атауы «Жиын қорасы» еді ғой. Сол атамыздың үйі мен мешітінің орны әлі бар. Тарихқа қиянат жасамайық. Ол бауырларымыздың да біздің ұрпағымызға сіңірген еңбегі аз емес еді ғой. Сырқатымызды емдеді, жеткіншектерімізге Аллаһтың кәләмін үйретті, тірілеріміз бен өлілерімізге Аллаһтан жақсылық тілеп дұға етті. Аруаққа қиянат болмасын, сол «Жиын қорасы» атын қалдырайық» деген салиқалы кеңесіне, «атамыз Байдалы Абылай ханның билерінің бірі болған, ұрпақтары біз осында тұрып жатырмыз, Байдалы бидің атын беру керек» деп Өмірқан қарсы пікір айтты. «Көп қорқытады, терең батырады» демекші, жиынға қатысқандардың көпшілігі Әлібек-Қалібек руының азаматтары болатын. Байдекең осы рудан еді, дауысқа салғанда солар көпшілік болып, ауыл Байдалы бабамыздың атына берілді.


Ішірткісі ем болатын


Әкеймен тұрған жерлеріміз онша қашық болмаған соң, қысы-жазы күнде болмаса да екі-үш күннен кешіктірмей жағдайларын біліп қатынасып тұратынмын. Сондай бір келгенімде біздің кенже баламыз Абзалдың тісі ауырып жылап, өзінің де, біздің де берекемізді алды. Тәтем тілдей қағазға қасиетті Құраннан аят жазып баланың тісіне тістетіп, «кішкене шыда, қазір басылады» деді. Айтқанындай, бала қағазды ауырған тісіне тістеп, аз уақыт отырғаннан соң, тынышталып ұйықтап қалды. Оянған соң тісінің ауырғанына шағымданған жоқ. Осыдан кейін Тәтеме бірнеше ішірткі жаздырып алып үйде сақтап қоятын болдық. Әлдеқалай Абзалдың тісі ауыра қалса, «Тәтемнің ішірткісі қайда» деп таптырып алып, ауырған тісімен тістеп жатып, көз шырымын алып тұратын. Сол ішірткілердің біразы үйде әлі сақтаулы. Балалар ер жетіп кетті, үйде жас бала болмаса да, пайдаланбасақ та, тастауға қимай сақтап жүрміз. Себебі не екенін білмеймін, осы күнгі жоғары дін оқуын бітіргендердің, Құран Кәрімді жатқа білетіндердің ешқайсысының Қасиетті Құран кәрімнен аят жазып, ем-дом ретінде ауруға бергенін, не Құраннан аят оқып, үшкіріп емдегенін білмеймін. Әлде мен олармен жақын араласып жүрмегендіктен біле бермеймін бе, әйтеуір олар емшілікпен айналыспайтын сияқты көрінеді маған.


Кейін жұмысым Жезқазғанға ауысып сонда жұмыс атқарып жүргенде де Аллаһтың әмірімен үлкен үйге жиі қатынап тұруға мүмкіндігім болды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Қазақстан үкіметі орталық Қазақстанның халық сирек орналасқан қуаңшылық жерлерін игеру мақсатында Қарағанды облысының жеті ауданы мен төрт қаласы және төрт кентін бөліп, Жезқазған облысы құрылды. Жаңа құрылған облыстың бес ауданына жол Жаңаарқа ауданын басып өтетіндіктен сол аудандарға іссапармен барарда да, кері қайтарда да үлкен үйге соғып, амандықтарын біліп кететінмін. Сондай бір іссапарда жүріп, үлкен үйге соғып, қонып қалдым. Шамасы түнгі бір-екінің кезінде есікті қағып, ауылдың бір азаматы келіп, «Аха, балам сырқаттанып қалды. Есік алдында көлік тұр, жүріп дем салып беріңізші» деп жалынғандай болды. Келген адамның көңілін қимай, жатқан жерінен тұрып, қалталақтап киініп жүріп «Ой, Алла-ай, ауылда бисмилләһ білетін адам жоқ, бармасаң елден ұят, барайын десең жүріп-тұруың қиямет, енді не істеймін?» – деп қиналды. Ол кезде Тәтем тоқсанды алқымдап қалған кезі болатын. Оның үстіне өзі Ұлы отан соғысының мүгедегі. Соғыста оң қолының шынтағына тиген оқ екі жіліктің басын быт-шыт сындырып, сіңірін үзген, осыдан оң қолы тіреуге жарамайды. Жасы келгеннен соң ба, әлде сырқаттан ба, екі тізесін баса алмай жүруі қиындап кеткен. Екі жыл бұрын екі аяғын баса алмай сал болып, төсек тартып жатып қалған болатын. Дәрігерлерден көмек болмады, олар нервісінен рак болған деген шешімге келіп, өздерінің шарасыздығын мойындаған соң, емшіге жүгінуге тура келді. Жаңаарқаның тұрғыны, бір баласы математика ғылымының кандидаты, екіншісі белгілі экономист, Қаппас (Аллаһтың рақымы болсын) ақсақал сал болып қалғандардың құяңын үзіп емдейді дегенді естіп, сол кісіні шақырып, үш мәрте құяң үздірдік. Аллаһ шипасын салып, осыдан кейін Тәтем аяғын басып, өзі жүретін халге келген болатын. Келген кісінің бетін қайтара алмай, тез киініп, лып етіп тұрып кете алмай, қиналуының осындай себептері болатын. Сонда да ауылдастарын сыйлағандықтан әзер кетті. Міне, осындай қиындыққа қарамай ауылдастарының көңілін қалдырмай, күн-түн демей, ауылдастарының сұрауы бойынша, ауру-сырқауға ұшыраған жерлестеріне барып дұға оқып, Аллаһтан  жақсылық-жарылқау тілеп, көмегін аямаушы еді.


Бұрын Тәтемдермен бір ауылда тұрған Мұсабек баласы Алпыс, кейін балалары Астанаға ауысып, солардың қасына қоныс аударды. Қалада бір елдің азаматтары болған соң, анда-санда болса да шақырысып, араласып тұрамыз. Рамазан айында, Алпыстың үлкен ұлы Қайрат үйіне ауыз ашарға шақырды. Ауылдастар жиналған соң ауылды, ондағы ауылдастарды еске алып отыру әдет қой. Сөз арасында Қайрат ауылдың балалары «Ахаң әкеміздің емінің арқасында ер жеттік қой. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса болды әкем мен шешем Ахаңа жүгіретін. Содан ол кісі келіп дұға оқып, дем салады, немесе ішірткі жазып беріп жібереді, соны суға езіп ішетінбіз, содан кейін тәуір болып жазылып кететінбіз» деп жылы лебізбен еске алды. Бұл жерде мен әкейдің өмірінің кейбір кезеңдерін еске алуым, ол кісіні мақтау ниеті емес, осы кісінің іс-әрекетін еске алу арқылы солардың замандастарының қайырымды, ілтипатты, ешбір ақы-пұлсыз қолынан келген жақсылығын өзгелерден аямайтынын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде жеткізу.


Олай дейтінім – бізден бұрынғы ұрпақ, яғни өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейінгі туғандар имандылыққа тәрбиеленіп, Аллаһтың шынайы діні – исламның негіздерімен сусындап, Аллаһты бір, Пайғамбарды хақ деп танып, Аллаһтың кәләмі Құран кәрімнің бұйрығын, пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа (с.ғ.у) сүннетін бұлжытпай орындаушылардан болатын. Бұлай деп сенімді түрде айтуыма себеп – әкем қатарлы кісілердің бәрі де қайырымды, мейірбан, адамға жақсылық жасауға жақын тұрушы, әр уақытта әділдік жағында болғандарына өзім талай рет куә болдым. Тәтем, анамыз Несіп он баланың дүниеге келуіне себепші болып, жас кезінде шетінген төртеуінен басқа алтауын тәрбиелі, білімді азамат пен азаматшалар болып өсіп, жетілуіне қатты көңіл бөлді. Мен, Рымтай, Ғайша, Қадишалар жоғары білімді маман болсақ, Орекең – он екі тәрбиелі, жоғарғы білімді бала тәрбиелеген батыр ана. Үлкен отбасының анасы, ақылшысы, ардақты бағдаршамы. Балаларының барлығы бүгінгі күні әртүрлі салада еліне қызмет көрсетуде.


Өзім туралы


 


Мен жоғарғы білімді экономист мамандығын меңгеріп, аудандық, облыстық мекемелердің басқарушысы, аудан әкімінің экономика жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып зейнеткерлікке шықтым. Ақындар Әбілдин Қалиакпар, Нәкенов Сайлаухан, Пазылов Сейдіғали өз өлеңдерін арнады. Әртүрлі басылымдарда мақалалар жазылды. Елге сіңірген еңбек бағаланып, кезінде кеңес орнына депутаттыққа сайланып, медальдармен, Одақтық тұтынушылар қоғамының үздігі белгісімен, бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталдым. Әкеміз мемлекет мүлкіне, біреудің меншігіне қол сұғудан үнемі сақтандырып отыратын. Мен көп жылдар сауда орындарында басқарушы қызмет атқардым. Сол кездерде бірлі-жарым сауда қызметкерлерінің артық пайда іздеп, істі болу фактілері кездесіп тұратын, содан ба, әлде мен дүниеге қызығып бір пәлеге ұрына ма дей ме, әкем өле-өлгенінше «Балам, мені сатсаң да үкімет мүлкіне қол сұғып, біреудің мүлкіне қиянат жасаушы болма» деуден жалықпайтын. Аллаһтың еркіндегі шаруа ғой, әкемнің сөзі себеп болған шығар, қанша жыл қызмет атқарып жүріп, тергеу орындарының алдына болып көрмеппін. Осы жағдайға жетуіме жарым Қалимаш пен бала-шағамның да барға қанағатшыл, көрсеқызар болмағанының көп септігі тиді. Егер олар, анау жоқ, мынау жетіспейді, ананы кием, мынаны ішем деп ертеден кешке ызыңдай берсе, кім біледі, бірдемеге ұрынып қалар ма едім. Сол кездегі облыстық прокурордың бірінші орынбасары, М.Кәпенов мүліктің талан-таражыға түсуіне байланысты үлкен жиын өткізіп, жиылыс соңында «адал, таза бала екенсің» – дегені әлі есімде. Олар әрбір басқару орнында отырғандардың іс-әрекеттерін саралап, талдай ма, кім білсін, ол кісіні өте қатал адам дегенді сыртынан естіп, аты-жөнін қызметтік тізім арқылы білгенім болмаса, мен ол кісімен ешқашан араласып, сыралғы болған жандар емеспіз. Қауырт жұмыстардан қол босап, зейнеткерлікке шыққаннан соң, өткен өмірден азды-көпті түйгендеріммен, ел аузындағы бұрынғы дуалы ауыз, ел жақсыларының іс-амалдары мен ұлағатты сөздерін кейінгі ұрпаққа үлгі, нұсқа болсын, жастарға ой салсын деген ниетпен мақалалар жазумен айналысамын. Он беске тарта көлемді мақалаларым мерзімдік баспалар бетінде жарық көріп, оқырмандар арасында қолдау тапты. Алланың бергеніне шүкіршілік, барлығымыз да ешкімнің ала жібін аттамай, өмір өткізіп келеміз. Ғайша салық органдарында жұмыс атқарғанымен заңға қайшы, күнәлі істерге бармай, кейін басқа тыныштау жұмысқа ауысты. Рымтай отыз жылға тарта бүлдіршіндер тәрбиесі, ұстаздықпен айналысты Жолдасы Көпбайұлы Сәмәт екеуінен үш ұл өрбіп өсті. Алланың жазуы ғой, Сәмәт ол дүниелік болғанда балаларының алды жетіде, арты екіде болатын. Рымтай Алланың бергенінің арқасында балаларын тәрбиелеп, ел қатарына қосты, бәрі білімді азаматтар. Теміржаны бірінші Аллаһтың бергені, сосын өзінің талап-талантымен Атырауда облыстық банктің басқарушысы қызметін атқарады. Төлеубай техника саласын жетік меңгеріп, ұзақ жылдар кеңшарда механизаторларды басқару ісімен айналысты. Қадиша көп жылдар денсаулық саласында қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықса да, жұмыс орны бағалап, әріптестері мен пациенттерінің құрметіне бөленіп, әлі жұмыс атқарып жүр.





Пікір жазу