18.11.2021
  682


Автор: Ғибратты әңгімелер

Алла сендерді жарылқасын!

Жамандық қылғандарға кешіріммен қарау және жақсылықпен қайтару – шынайы мұсылманға тән сипат. Бұл жөнінде Құран Кәрімде келген ең керемет мысалдың бірі – Жүсіп (ғ.с.) пайғамбардың өз бауырларына көрсеткен мәмілесі.


Хазіреті Яқуб (ғ.с.) пайғамбар он екі ұлының ішіндегі Жүсіпті қатты жақсы көретін. Бұл оның басқа ұлдарының жүрегінде қызғаныш сезімін тудырған еді. Қызғаныш пен көре алмаушылықтың өршігені соншалық бауырлары бала жастағы Жүсіпті өлтірмек болып, айдаладағы құдықтың ішіне тастап кетеді.


Бірақ, Алла Тағаланың қалауымен Жүсіпті сол маңнан өтіп бара жатқан керуеннің адамдары шығарып алып, Мысырға апарып құлдыққа сатады.


Алланың қалауымен хазіреті Жүсіп көптеген ауыр сынақтарды басынан кешіргеннен кейін Мысыр билеушісіне дейін көтеріледі.


Сол жылдары қатты қуаңшылықтан қысылған бауырлары Мысыр билеушісіне азық сұрауға келеді. Бірақ, олар Мысыр билеушісінің бауырлары Жүсіп екенін білмейді. Хазіреті Жүсіп кек алудың керемет сәті түсіп тұрса да, өзіне тән пайғамбар сипатымен оларға көп жақсылық жасайды.


Тіпті оларды көрген кезде, қаншама жылғы сағыныш жүрегін елжіретіп, кек алу былай тұрсын, оңаша бөлмеге барып егіліп жылап алатын. Олар бұл билеушінің көрсеткен кең пейіліне қатты риза болады. Артынан бұл мейірбанның баяғыда өздері зұлымдық қылған інілері Жүсіп екендігін білгенде олар: «Сен Жүсіп екенсің ғой! Алла шын мәнінде сені бізден артық қылып жаратқан екен», – деуге мәжбүр болып жүректері езіліп, жылаған еді.


Сонда Жүсіп (ғ.с.) пайғамбардың берген жауабы: «Бүгін сендерге кектену жоқАлла сендерді жарылқасын. Ол мейірімділердің ең мейірімдісі!» («Юсуф» сүресі 92-аят).


Бауырларының ұяттан жерге кіріп бара жатқанын сезген Жүсіп олардың көңілін көтеру үшін: «Ол кездері арамызға шайтан кірді» деп, кішіпейілдік танытып, өзінің ізгі әдебін тағы да көрсете білді.


Мінеки, шынайы мұсылманға тән көркем мінездің сипаты. Жазалауға күші жетіп тұрса да ақыретте сауап алу мақсатымен бауырларын кешіре білді.





Пікір жазу