18.11.2021
  161


Автор: Ғалым Жайлыбай

Алматыға Арқадан көшіп келгем

Қалса да өлең ауылға, бауырға ұнап,
Сан шағылды тірлікте тауым бірақ...
Көк зеңгірдің айналып ақ бұлтына,
Туған жерге нөсер боп жауу мұрат.
Зымыран күн зуласа, жалғасып таң,
Армандарым ақберен алға асыққан.
Сарыарқаның мен де бір ойлы өзені
Жетісудан арна іздеп жолға шыққан.
Аққу арлы жігітпін, бесік көрген,
Өміріме өлеңді несіп көргем.
Жырларымның жұлдызын жандырам деп
Алматыға Арқадан көшіп келгем.
Жүк түсірер жүрекке шаттық аса,
Жеті өзенім жарады жатсымаса.
Тай бәйгеде танылып қалған жүйрік
Аламанда айып па бақ сынаса?
Өліараның алдында жел тұрған-ды,
Отың болса үрлет те,
серпіл мәңгі.
Бойға сіңген ақ сүтпен Адалдықтан
Өтем деген айнымай сертім бар-ды.
– Қуып өскен қарғам-ай жалқындарды,
Айырбастай алмайсың алтынға Арды.
Жақсылармен жанас, – деп бата беріп,
Тобықтай боп тоқсанда қартым қалды.
Жүрекжарды жырымды танырсыздар,
Пенделікті көргенде жаным сыздар.
Жүзге бөліп жігітті жүзі күйіп,
Жерге бөліп
жер болған – дарынсыздар.
Тартып туса атаға асыл ұлан,
Айырады асылды жасығынан.
Артықпын ба,
жайлы орын іздейтіндей,
«Аманжол Рақымжанның Қасымынан?»
Алтын айым көгіме дара қонар,
Жарқырайын...
жырым да бағаланар.
Көңілімнің көгілдір айдынынан
Ұшса бақыт әр таңда шағалалар.
Ай-хай, өмір!
Арманға асықтырдың.
Ғашық қылдың...
содан да тасып күлдім.
Пәтер емес, сенсеңіз...
Келіп тұр ғой
Жыр-орданың есігін ашып кіргім.
Қондым, рас, шалғайлау ағайыннан,
Бар тілегім – айырма бал айымнан.
Алматыға ауылдан көшіп келдім,
Ендігісін көрейін талайымнан.





Пікір жазу