16.11.2021
  200


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Адал әйел – ақ періште...Барлық еркек арманда

Адал әйел – ақ періште...Барлық еркек арманда,
Кездесетін пәк пейіште, о дүниеге барғанда.
Армандайды бірақ бекер арман емес дүниені,
Махаббатқа бас тікпейтін әйел бар ма жалғанда?
Махаббатқа басын тіксе, барлық әйел періште,
Махаббатқа жасын төксе – адалдығы, теріс пе?!
Бас тіккен жан, жас төккен жан әміріне жүректің,
Ол жүрегін сала алмайды одан кейін бөліске.
Бір-ақ Өмір, бір-ақ Тағдыр, бір-ақ Уақыт, бір-ақ Дәм,
Болашағы болжаусыз ғой, болжамына сұрақ тән.
Қаталдығын суырады қатігез бір қынаптан,
Адал әйел айрылады пейіштен де, жұмақтан.
Кім кінәлі, кім кінәлі, кім күнәһар, кім, кім, кім?
Адам, сенің өзіңде ғой күллі еркің, күллі ырқың.
Бір жасыннан бір жазымды тастай салар тосыннан,
Бір басыңнан айналатын тағдыр деген бір бұлтың...





Пікір жазу