Куә қайда?
Есімде жоқ ең алғаш жылағаным,
Айды әпер деп аспаннан сұрағаным.
Бақыт деген сол шығар – жылағанда
Білмеу шығар жанында куә барын.
Одан кейін есімде жылағаным,
Естен танып, жер сүзе құлағаным.
Жер ұшықтап, ұрысып әлдекімге
Білем, әжем біреуді сыбағанын.
Тайға міндім одан соң, шын құладым,
Бас айналып, көз алдым бұлдырады.
Қай жерімнің білмеймін ауырғанын,
Бұрап мені ызаның қыл бұрауы.
Шын жыладым, қайнады зығырданым,
– Қап, қап! – дедім, құлағым шыңылдады.
Езу тартып күлді әжем, ұнады ма
Баласының жыламай жығылғаны?
Қайдан күлсін, күлген тек сыңайы ғой,
Сырт күлгені іші айтқан «құдайы» ғой!
Шын құлаудың ойлады-ау басы осы-ау деп,
Құлау, тұру ұдайы, ұдайы ғой...
Жығылғанда үйрендік жыламауға,
Көз жасы тек кеудеге мұң орауда.
Жығылған кім,
Жыққан кім,
Жылаған кім?
Әже, сендей араша – куә қайда?!