Адамның бар ғой іштегі ала-құласы
Адамның бар ғой іштегі ала-құласы,
Санаға тиген өмір – сабақтың кінәсы.
Әйтпесе сәби арамдық ойлап тумайды,
Таза ғой адам табиғатында туасы.
Таза ғой адам табиғатында, тумыста,
Көнбіс қой адам көндіге берер тұрмысқа.
...Бірте де бірте көз үйренеді сұқтанып,
Сұғанақ неме, қол үйренеді қылмысқа.
Бірте де бірте ой үйренеді ұрланып,
Бой үйренеді бой тасалауға қуланып.
Бой үйренеді, бой үйренеді бәріне
Бой үйренеді ушығып, ұйып, уланып.
Санаға ерік, денеге желік бітеді,
Желөкпе әсер жүйкені жүндей түтеді.
Сыртында мін жоқ, ішінде дым жоқ, көз күйік,
Пайда болады жараның нағыз бітеуі.
Көлеңкеге ұқсап, көлбеңдеп қоғам соңынан,
Қоғамды бұрыс тартады түзу жолынан.
Сынайды дағы, салады қоғам тезіне,
Өз баласы ғой, өлтіре алмайды қолынан.
Өз баласымыз, өз перзентіміз қоғамның,
Тездерге түсіп көрерміз талай топ алдын.
О, Отан-ана, «Баланы бастан»деуші еді,
Қолыңнан бізді, қолыңнан бізді алар кім?!