16.11.2021
  151


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Шөпке барғанда

(ағам Төлеуге)
Салыңқы, салқы, сары күз
Айдау жол. Арба. Кер өгіз.
Шалғынның иісі – дәмеміз,
Сарыөзек жаққа келеміз.
Сыздана салып салмағын
Тобықтан түскен боз қырау.
Аяздың жақын қалғанын
Айтпадық...
Іштей сездік-ау.
Қамысы көлдің қау болып,
Сыбыры, сазы сиреген.
Саяқ жел қырда сау желіп
Сыңайын салқын билеген.
Сәскеде жалпақ жон үсті
Ақтылы тұяқ – құт дарып.
Қара оты қалған өрістің
Қайызғақ шаңы бұрқ та бұрқ.
Көрінді көздің ұшында
Ескі бір қыстау, кейпін көр.
Сен айттың: «Соның тұсында
Сандықбидайық дейтін жер».
Содан соң өзің үнсіз қап,
Ойға бір баттың шамалы.
Көк аспан жүзі мұң сыздап,
Көмкеріп тұрды даланы.
– Әнеки, «Бурылбидайық»,
– Әнеки, «Сандықбидайық».
Ойдым да ойдым шалғынға
Отар да отар қой жайып,
Сұйылды шөбі деп жүр ғой,
Сөлі де суға айналып.
– Жә, – дедің, – жә, сен көрмедің,
Менің де бала шағымда
Осынау ойпаң шеңберін
Су қаптап жазға салымда,
Содан соң жарты ай өткенде
Бұла бидайық түрленіп...
Ішіне сүңгіп кеткенде
Құлын-тай тұрар күрмеліп.
Қылпылдап шалғы, орақтар
Түсетін ойнап жасындай.
Шалғышы біткен – бәрі атпал
Жігіттер сайдың тасындай.
Сәріде салған шалғыны
Сәскеде бір-ақ суытып,
Саяға келіп барлығы
Шаршағандарын ұмытып:
– Жарықтық, – дейтін, – жерді бір
Жарылқап нұрдың сіңуі-ай.
Қимылдайық ал енді бір
Ет-қызуымыз суымай.
Ат тырма жегіп, жұтынып,
Келуші ек біз де түсте де.
Аузын ашып құтының
Дейтінбіз: «Сусын іш, көке!»
Көк шөпке белден көміліп
Жатқанда көкке сүйсіне.
Шалғыннан шырын төгіліп,
Мас болушы едік иісіне.
Қол орақ, шалғы, тырманы
Көрдің ғой сен де, дегенмен
Анау бір, анау жылдары
Көбірек көрдім сенен мен.
Совхозда көп қой машина
Сұрасаң білем берерін.
Арбамен ертіп қасыма
Шөпке алып шыққан себебім:
Сондай бір шалғын иісін
Иіскеп қайтсаң деп едім...
Байқамадыңыз сіз, тегі,
– Ағажан, тоқта, – деп қалғам, –
Жаз емес қазір, күз соңы,
Шалғынның бәрі шөп болған.
Сонда сен маған қарадың,
Қарадым сонда мен саған.
Қабарып тұрды қабағың
Қыруар сұрақ самсаған.
Салыңқы, салқы, сары күз,
Айдау жол. Арба. Кер өгіз.
Шалғынның иісі – дәмеміз,
Шөп тиеп алып келеміз.





Пікір жазу