16.11.2021
  181


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Мұқағалимен кездесулер

(ақын диалогтары)
М. Мақатаевқа ескерткіш

Вокзалда

Алматының вокзалы ығы-жығы
Вокзалдардың сәні ғой шуыл үні.
Вокзалдардың сәні ғой мың-сан киім,
Мың-сан бояу құлпырып құбылуы.
Біз вокзалда жүр едік. Жүрегіміз
Қуанышқа күпті еді, нұрлы өңіміз.
Алыс кетіп барады бір ағамыз,
Айрылғымыз келмейді бір елі біз.
Вокзал деген – жолбасы. Жол басында
Ырым болып жатады болмашың да.
Шампанымыз бар еді, Мұқаш аға:
– Әкел, – деді, – ішеміз, болды осында!
– Әбес емес, ағасы, жол жүрерде
Жол шетінде ішті деп ел күлер ме?
Жер бетінде сапар көп, жолаушысын
Жазсын лайым кәусардай мөлдіреуге...
Ақынбыз ғой...Халықтың нөпір жерін,
Көрген жақсы күлгенін, өкінгенін.
Адамдардың қуаныш, мұңы арқылы
Кеудемдегі жанады отым менің.
Ал, кәнеки, ағасы, осы вокзал,
Толы адамды соларға қосу абзал, –
Деп қалғанда, тығыны аспанға атып,
Көгершіндей дүр етті көрші қыздар.
Тарту күштің қарамай әй-шайына,
Тартатындай аспанның айдауына.
Шампан сіңген тығының тулап келіп,
Біреуінің сарт етті маңдайына.
– Қап,– деп қалды ол, – ағасы-ай, көздегендей...
Жалт қарадық. Ересек өзгелерден
Отыздағы ойнақы от келіншек
Сыңайы жоқ қашатын сөз дегеннен.
– Біз сияқты даланың қазағы да,
Ақындардың түскені-ау назарына.
«Шарфыңды бер дерсіз бір, шарфыңды бер»
Тағы да бір келсеңіз Қазалыға.
«Шарфыңды бер, қарындас, шарфыңды бер,
Сырдың желі мойнымды қарпып жүрер...»
Өз өлеңін қайталап қалған-ды ақын,
(Ақиқат пен әзілдің нарқын білер).
– Қазағымнан айналдым, Қазалымнан,
Мә, қарындас, шампанды тартып жібер!

Алып па «Аққуымды?..»

Ақынға артық не бар самал ойдан,
Кезі екен даладай кең, даладай паң.
Кезігіп ұстай алды Мұқаш аға:
– Сары бала, бір сөзім бар, саған айтам...
Сен біздің Қарасазда болыпсың ғой,
Еркіннің үйіне кеп қоныпсың ғой,
Алып па Еркін менің «Аққуымды»,
Ел – қорық, Еркін менің қорықшым ғой.
Сондағы оқып па екен бір өлеңді? –
Деді де дегбірсіздеу түрегелді.
– Оқыған, иә, оқыпты! – деп едім мен,
Орнына түскендей боп жүрегі енді:
– Ә, бәсе, бәсе, солай болса керек,
Ақынға ақын жақсы ғой болса медет.
Сен, бала, білмейсің ғой, сол өлеңді
Жазам деп болғанымды қаншама әлек.
Мен үшін қонатын да, ұшатын да,
Сол Еркін кейде ренжіп, құшатын да.
Санаулы кітабымның бір-екеуі
«Қарлығаш», «Аққу» деген құс атында.
Ақынды құс демесе жала сөз ғой,
Қорығы – Қарасаздар... Қарасаз ғой.
Өлеңмен бірге туған біздің қазақ,
Өлеңді түсінбейтін баласы аз ғой.
Сары бала, саған айтам деген сөзім:
Өлең деп ұқпа барлық сен ел сөзін.
Бірақ та Қарасаз бар, Еркіндер бар,
Бар болса адамзатта егер сезім!





Пікір жазу