15.11.2021
249
Аян берген өзің бе едің
Аян берген өзің бе едің,
Көрдім сені түсімде.
Жүзіңде әжім, көзіңде мұң,
Сұп-сұр сұлық пішінде.
Маған қаяу қабағыңмен
Салыңқылау қарайсың.
Айтпағымды жанарыңмен
Айтқызбай-ақ орайсың.
Үнсіз-түнсіз түсінісіп,
Үнсыз-түнсіз ұғысып.
Үнсіз сүйіп, үнсіз құшып,
Үнсіз-түнсіз суысып.
Судырлаған жібекке ұқсап,
Сыбдырлаған желге ұқсап,
Қолға ұстатпай жоқ боп кеттің
Жаһұттайын жалғыз сәт.
Жалғыз-ақ сәт!
О, тобасы,
Оның өзі түс қандай?!
Осынау дүние шекарасы
Көзден бұл-бұл ұшқандай.
Кеңшілік Мырзабеков Кеңшілік Мырзабеков өлеңдері аян түс көру дүние Бұлбұл Кеңшілік Мырзабеков шығармашылығы