15.11.2021
  168


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Аңыз

Ең ертеде ең алғашқы, ең тұңғыш,
Бар екен бір ең ерке құс, еркін құс.
Еркін-ерке ұшады екен әрқалай,
Қонады екен,
Болады екен әр түрлі іс.
Тойлайды екен,
Сайрайды екен әр түрлі ән.
Аспандайды,
Аттамайды ар-иман.
Сиқырлы екен қанатына нұр сіңген,
Сүйкімді екен басы айналған бір сүйген.
Бір өзінде
Жер мен аспан – екі ана,
Жер мен көкте болмапты оған шекара.
«Осындай бір еркіндік бар екен» деп,
Сұқтанды жұрт «Тоқта, тоқта, о, тоба!»
Сол ерке құс күндерінің бір күні
Көз тигендей болды тордың «тұрғыны».
Тор ішінде шырылдапты шыңғырып:
– Шығарсаңдар, шығарам, – деп, – бір бүлік.
Құс сайрапты шыбын жаны шырқырап,
Жұрт таң қапты сай-сүйегі сырқырап.
Еркіндіктің есесіне торды ойлап,
Тапқан Адам,
Ал сол Адам
Сұм бірақ!





Пікір жазу