15.11.2021
  186


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Сұрарсыңдар

– Өмірбаян жазып бер, – деді маған,
(Өміріңді сұрай ма тегін адам?..)
Өміріме аз емес өкпе-назым
Соны еске алу – өш ету мені маған.
Мені маған айдап сап, өш еткенмен,
Өртенбеймін...Шоғымды көсеп көргем.
Өзімді өзім саламын отқа күнде
Өкінішін өткеннің есептеумен.
Серігім ғой өкпе-наз, нала-мұңым,
Өмір бақи қалғытпас қарауылым.
Қарауылым – қорғаным, әділ қазым
Жүрегімнің қақ бөлсін қара қылын.
Мені маған сонда ешкім өш ете алмас,
Өмірімді зая да, еш ете алмас.
– Өмірбаян жазып бер, – деді маған,
Өмірімді жаздырар, жасата алмас.
Жазып берем...
Жазамын өмірбаян,
Жазған өмірбаяным бәріңе аян.
Аян емес жерлерін сұрарсыңдар
Тағдыр деген тақуа қариядан.





Пікір жазу