11.11.2021
  288


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Көктемгі қара жаңбырлар, қашан жауасыңдар

Көктемгі қара жаңбырлар, қашан жауасыңдар,
Қырлардың көгін өсіріп, көңілін ашар дауасыңдар.
Қара жер қатаяр еді, аспанның нұры
Жасыл шалғындарменен жасауламасаңдар.
Сіркесі су көтермей сонар даламыз,
Сендер сіркірегенше алаң боламыз.
Ұлан далаға көк, жасыл шалғындар шықпаса,
Қайрақ қырларға қажалып, тәмамдаламыз.
Беу, аспан,
Жердің әділ жанары, жылап тынасың сұстансаң,
Жалқы тақиям, қиналам апшып, қысқарсаң.
Жердің әділ жанары, сен жыламас та едің,
Көзіңе түспесе табанымнан ұшқан шаң.
Айлап жаумадыңдар, айлап жоқ болдыңдар,
Аңсап сағындық, қай
жаққа тоқталдыңдар?
Жерден ұшқан шаң аспанның көзін ашытқанда
Жерге ыршып төгіліп, қаймақ боп қондыңдар.
Жарықтық тамшылар жерге сүйсініп жеткесін,
Топырақ қалай түрленіп тіршілік етпесін.
Ақын аспанымыз иіп тұрғанда,
Абай болайық, исініп кетпесін.





Пікір жазу