11.11.2021
  167


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Әуе портында

Боз жусанның түбірі әлі кетпеген,
Көк бетонды илеп әлі төкпеген,
Туған жердің құйттай әуе портынан
Қазір, қазір көтерілем көкке мен.
Қазір, қазір көтерілем көкке мен,
Қарлығаштай құйттай самолетпенен.
Туған жерім төбесіне көтеріп,
Қала берер менен төмен...төп-төмен.
Қала берер менен төмен...төп-төмен,
Жүрегімді жылытып бір отпенен.
Мен ұшамын, мен кетемін дәм айдап,
Тағдыр жазған сапарымды шектемен.
Тағдыр жазған сапарымды шектемен,
О, туған жер, келем бірақ, көп келем.
Кейде налып, кейде талып келермін,
Қарлығаштай самолетпен, көкпенен
Қарлығаштай самолетпен, көкпенен,
Сағынған сәт жаңылыспай деп келем.
Алақандай құйттай әуе портыңмен
Қағып алсаң,
Басқа бақыт жоқ дер ем.





Пікір жазу